Джек Лондон─ Кармен екі күнге де бармайды.Мэйсон кесек мұзды түкіріп тастады да, байғұс мақұлық...
Бақытбек ҚАДЫР: Интеллектуалды бестселлер
Біздің қазіргі «мынау» деп жүрген дүниеміздің (әдебиет, кино т.б салада) көбі жарымжан, жартыкеш екенін мойындауға мәжбүрміз.
Бодандықта болған кешегілер (бір ғана мысал): «Қыз Жібек» фильміндей ұлы шығарма (рух) қалдырды, ал бүгінгі азат біздің жасағанымыз белгілі. Кейбіреулер әлгі жарымжан нәрсені жаңашылдық дейді. Мойындау керек, руханиятқа модернизациялау кештеу келді. Жаңа деп айдар тағып жүргеніміздің сыртқы формасы ғана. Онымен өзімізді алдарқатып жүрміз.
Неге мұндай халге душар болдық? Бұл бәлкім рухтың дағдарысы емес пе екен?
Осы Рух мәселесі ақын Ықылас Ожайұлының «Қалам ұшына тұнған сыр...» атты жаңа кітабының алтын өзегіне біршама арқау болған. «Отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын» Алпамыс алыптыкі не панқу деп басы қатқан автор, олжасыз оралмаған. Ерте ерлік дәуірден тамыр тартқан эпиканың асқақ рухын жаңғыртады. Ықылас Ожайұлының жалпы тематикасы – Рух. Және жинақта Адамтану дейтін іргелі ілімнің арагідік қылаң беретіні бар...
Еңбектің басым бөлігі публицисткалық жазбалар. Ықылас Ожайұлы ақындығымен қатар «парадоксальді ойлаудың» шебері. Баяғы айқай-сүрең көпірме сөзден ада, – публицистикалық жазбаларының өзін философиялық-көркем, психоэтют түрінде биік эстетикалық талғаммен жаңа бір белеске көтерген туындыгер.
Бұл жинағында ақын мейілінше метефизикаға өткен. Поэзиясы – мөлдір, ойы – қамырықты... Ықылас Ожайұлының шығармашылығында біз сүйсінетін тағы бір асылзат бар, ол – жалтақтаудан оқшау.
Модернизм бізден басталған жоқ. Өмір болған жерде жаңару мен көнеру бар. Ақынның соңғы топтамасы кәдімгі мөлт еткен модерн өлеңдер. Ақын мұнда өлеңнің сыртқы формасын жаңартпаған, айтар ой мен емеурін тұспалын – сананың жаңаруын меңзеген. Өлеңдер ұлттық қайнардан бүршік атқан. Баяғы Абай, Шәкәрім, Мағжан, Мұқағалидың сүре сүрлеуі.
«Интеллектуалды бестселлер» деген ұғым қалыптаса бастағанына көп бола қойған жоқ. «Қалам ұшына тұнған сыр...» секілді еңбектер баспадан арт-артынан бұрқырып шығып жатса, нағыз «интеллектуалды бестселлер» болар еді. Еңбекте бұрынғы және бүгінгі қазақтың кейіп-кеспірі, «өзгермейтін шындық» секілді тақырыптарды қамтығын. «Голлограмма», Sleep paralysis, «Рингельман эффектісі», «Рух дағдарысы», «Ресентимент», «Кәпір мен кәуір», «Хинсайт қателігі» қатарлы (бізге әлі де бейтаныстау) соны ұғымдардың тігісін жатқыза тәпсірлеген.
Қысқасы, рух және адамтанудан басқа да бүгінгі қазақ социмның суретін шебер бәдіздеген еңбек.
***
Біздегі баспалардың көбі мемлекетік тапсырысқа қарап, сарылып отырады. Ол болмаса пенсиядағы шал-шауқаның ру жайлы «мифін» басып күнелтеді. Бізде оқырман жоқ, кітап оқылмай қалды деген өтіріктің көкесі. Бізде кітап нарығы тоқырады. Маркетинг жоқ. Баспалар қазіргі елдің сұранысын білмейді. Үкіметке жалтақтап отырмай, қазіргі елге аты білініп қалған біздің алдымызда бір буын тұр; көбінде бір-екі том жақсы еңбектері бар. Алматы мен Астанадан тыс ауыл-ауылға кітап жетсе, баспалар көлкөсір болмаса да әжәптәуір олжаға кенелер ме еді. Ұлт руханияты солай жанданып, жұрт арзан сериал мен есер эстрадан ес жияр еді де рухы ояндар еді. Құдай біледі.
Кейбір өзіміз қатарлы азаматтар «қандай кітап оқуға болады?» деп жар салып жатады. Осындайда әдебиет білгірі Әмірхан Балқыбек айтыпты деген тәмсіл еске түседі: «керек кітап өзі іздеп табады» деген. Біздің де қолға осындай бір керемет кітап түскен-ді...