ҚоналқаСтудент кезім. Үзіліс кезінде біреу маған:– Сені ақын Кеңшілік Мырзабеков шақырып тұр,...
Бақытгүл СӘРМЕКОВА. Редактор
Филологияның төртінші курсында оқитын Қалықыз қолтығына кішкентай блокнотын қыстырып алып, желкілдеп осы жиынға жеткен. Теледидардан анда-санда қарасын көріп, жиналыстарда төрдегі трибуналардан ғана байқайтын, газеттің бетін ашса қара күйелеш суреті өзіне телміріп қарап тұратын ел ағаларының бәрі осында жүр екен. Жазушысы, кітап ақыны, домбыралы ақыны, ойшылы, тойшылы, жыршысы...
Тершіген кең маңдайын қағаз салфеткамен сүртіп қойып, маңғазданып отырған бұл атақты адам биыл бітпейтін даудың етегінен ұстап алып, әбден ығыры шықты. Айтып отырғандары алғашқы адамның дамуынан басталып еді, бүгінгі қыздардың жалаңаштанып бара жатқан тәніне дейін жетіп қалды.
Қалықыз қолтаңба сұрағысы келіп, батылы жетпей қобалжып отырғанына біраз болды. Ақыры «Ағаааай» деп сызылып шынтағынан түртіп еді, даудан жеңіліп бар жатқан тұсына дәл келіп қалған екен: «Шай керек емес!» деп шаңқ ете түсті. Даяшы қыздардың біреуімен шатастырғанын білді де: «Қолтаңба бересіз бе? Сізді өзімізге үлгі тұтамыз» деді.
-Менің газетімді оқып па едің?-деді.
-Пәленшиев туралы құнды материалды алғаш жариялаған біз болатынбыз. Ана жылы болған оқиғаның кейіпкері туралы да жан-жақты талқылаған біз болатынбыз,-деп даудан басы босап, басқа әңгімеге ауысты. Ру сұрасып, ауылының түп тамырын қозғай келе Қалықызды құдаша етіп алды. Оқуды әлі бітірмеген студент қызға мынадай атақты құдасын тауып алу деген оңайлықпен келе қоймайтын олжа екені белгілі. Той тарқай бере «құда»:
— Құдаша, үйге жүр! Таныс адамды үйден дәм татқызбай жібермеймін. Кітабымды беріп жіберейін,-деген соң Қалықыз ойланып тұрмады. Осындай атақты адаммен жарты сағат дидарлас болып, дастархандас болу деген үлкен мәртебе екенін біледі.
Әдемі тастармен өрілген қос қабатты үйдің алдына келді. Дарбазаның есігін ашып, қош келдің дегендей ишарат жасап әуелі Қалықызды кіргізді. Екі қабатты еңселі үйге беттеп бара жатқан Қалқыздың жеңінен тартып тоқтатып:
— Құдаша, былай жүріңіз,-деп екі қабатты зәулім үйдің жанында терең күрсінсе қирап кетердей шөгіп тұрған ескілеу кішкене үйге қарай жетеледі. Сым шынжырынан босап кетердей долдана үріп тұрған ауызы алты қарыс алабай итке «Тыссс… ақырын» деді. Шамасы үй иелерін оятып алмайын деген сақтығы болар.
Атағы дүл-дүл газет-бастығың біреудің шалашын жалдап тұрады екен. Сыры кеткен ағаш есік еріне ыңырсып ашылды. Үй іші жұтаң… Кіріп келіп аяқ киім шеше салысымен екі аттап барып, тамақ іше салуыңа болады. Үш аттап, барып төсекке жантая кетуіңе болады сосын.
Кішкене жер үстелде шала кемірілген, еті кеберсіп қата бастаған сіңірі сарғыш қойдың омыртқасы, жартысы тістелген кәмпит, қара шайдың бояуы сіңген үлкен кесе, көтенін күйе шалған шәйнек… Үйге ертіп әкелгеніне енді өзі де ыңғайсызданғандай, көзі жасаурап, ебедейсіз күліп:
— Төрге шық,- деді «атақты құда». Мына көріністен кейін Қалықызда батылдық пайда болды. Аяқ киімін шеше сала бес аттап төріне отырып алды. Газет бастығының бойындағы паңдық, маңғаздық үйге кіре салысымен сыртта қалып қойғандай екен.
— Ееее, өмір солай, - деді күрсініп.
— Бір жылу іздеп жүрмін...-деді сосын тағы да күрісініп. Қалықыздың иығынан құшақтап өзіне тартқандай болды.
—Таңертең ерте сабаққа баруым керек, үйге қайтайын,-деп бұл жолы адымын кең ашып, үш аттап барып аяқ киімін киді де, кірге тойып тұрған ағашы ауыр есікті ыңқ еткізіп жауып, шығып кетті Қалықыз. Есік жабылғанда үйдің қабырғасы қозғалып, төбедегі ілулі тұрған өлмелі шам дір етті. Үйдің бұрышына торын құрып алған өрмекші жер сілкінісін бастан өткергендей жыбыр-жыбыр етіп жанұшыра жүгірді. Шынжырда абалай бастаған итке жерден кесек алып лақтырды да, аула ішін азан-қазан шуға толтырып, Қалықыз үйіне кетті.