Семей қаласының мәдениет сарайында «Наурыз нақыштары» деген атаумен XXVll дәстүрлі айтыс...
Бақытжан Бұқарбай: «Ахмет Кенесарыұлының кітабы өзіміздің қазақ тілінде жазылған»
Күні кеше Бақытжан Бұқарбай жетекшілік ететін AmalBooks баспасынан Ахмет сұлтан Кенесары хан ұлының «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» кітабы жақында жарық көретіні жайлы хабар тарады. Аудармашы – тарих ғылымдарының кандидаты, Амантай Исин ағамыз. Әрине, бұл жаңалық кіл қазақ оқырмандарын қуантқаны рас. Бірақ осы бір қуанышпен қоса, әбігерге салғанын да жасырмаймыз. Себебі бұған дейін аталмыш кітаптың Ербол Алшынбай нұсқасындағы аудармасы жарық көрген болатын. Атауы «Насаб наме сұлтан Сыдық». Заты бір болғанымен аты бөлек қос шығарманың бір-бірінен қандай ерекшеліктері бар? Айналасы үш айдың ішінде екі нұсқаның шығуына не түрткі болды? Осы және өзге де сұрақтар бойынша «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» кітабын шығарушы, кітап продюсері, жоба жетекшісі Бақытжан Бұқарбаймен сұхбаттасқан едік. Мархабат!
Ассалаумағалейкум, Бақытжан мырза! Сөз бастамас бұрын «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» атты шығарманың қазақ тілді оқырман қауымға жол тартқаны үшін қуанышты екенімізді айтып өткім келеді. Осы бір кітап шығар-шықпас оқырмандар арасында үлкен резонанс туғызды. Мұның сыры неде?
Уағалейкумассалам! Көңіл мен ниетіңізге алғысым шексіз. Әуелі Кенесары ханның ұлы жазған шығарма онсыз да резонанс туғызатын тақырып екенін ескергеніміз жөн. Бірақ біздегі резонанстың сәл күштірек болған себебі, Facebook әлеуметтік желісінде кітап жайлы анонсты дұрыс жеткізбеуімнің салдары болды. Өйткені бұған дейін біз ақпаратты Instagram желісінде жариялаған едік. Жариялаған сәтте Ербол Алшынбай мырзаның аудармасымен танысқан немесе сол туралы жаңалықтардан оқыған көп оқырман біздің бұл кітапты неге қайта шығарып жатқанымызды, бір шығарманың қос нұсқасында нендей ерекшеліктер орын алатынын, екінші рет шығарудың қандай қажеттіліктері бар екенін сұрай бастады. Аталған сұрақтарға жекелей жауап беруге уақыт тапшы болғандықтан, барлығына бір-ақ Facebook әлеуметтік желісінде жауап бергенді жөн санадым. Нәтижесінде Instagram-да болған әңгімені білмейтін аудитория бұл процесті басқаша қабылдап қалды. Әйтпесе ешқандай арам ойым яки жаман ниетім болған жоқ. Өзім де ғылымнан шыққан адаммын. Қазақстан ғылымының мәз емес екенін, оның ең алдымен ғалымдардың жаны ашып жүргені үшін ғана өмір сүріп отырғанынан хабарым бар. Сөйте тұра, ғалымдар қауымына қынабынан қылышымды суырып, жауға шабатын адамдар қатарынан емеспін.
Бұл кітапты шығаруға не түрткі болды сізге? Неге дәл осы кітапты шығарғыңыз келді?
Менің Асхат Нұрмашев деген досым бар. Asar-ume қоғамдық қорының президенті. Екеуіміз екі салада қызмет етіп жүрсек те, бірлесіп кей жұмыстарды бірге атқарамыз. Асхат өзі тарихшы. Бірде шай үстінде Асхат маған Кенесары ханның соңғы күндері туралы әңгімелеп берді. Ханның қалай көз жұмғаны, қалай болғанын, қалай өткенін барлығын бейне бір кеше ғана көзбен көріп келгендей әсер қалдырды. Міне, сол кезде Асхат маған Кенесары ханның ұлы жазған кітап жайлы айтты. Оған дейін бұл кітап жайлы естімеген кезім. Алғашқы нұсқасы орыс тілінде 1889 жылы басылып шыққан, сосын 1992 жылы Тәуелсіздік алған жылдарымызда сол 1889 жылғы нұсқаға келтіріп қайта басқан екен. Осы 1992 жылғы басылған кітапты Асхаттан оқуға сұрап алдым. Мұның барлығы былтыр желтоқсан айында болып жатқан әңгіме.
Жалпы кез келген ғалым адам үнемі ақпараттың бастау көзін іздейді ғой. Мен де кітапты оқу барысында «1889 жылға дейін бұл кітап қайда болды? Егер шығарма орыс тілінде жазылмаса неге екінші рет те, 1992 жылы орыс тілінде басылды? Оған дейін не болды?» деген сұрақтармен кітаптың түпнұсқасын іздей басталдым. Себебі, айтқанымдай, қолымдағы аударма кітап болатын. Осылайша сұрақтардың жетегінде жүріп аталмыш кітаптың қолжазбасы 2004 жылы Ресей ғалымы Илья Зайцев тарапынан табылғанын оқыдым. Кейіннен 2016 жылы орыс ғалымы аударманы өңдеген болып 1889 жылғы нұсқаны қайта басып шыққан екен.
Қаңтар айының басында Илья Владимировичпен сөйлесудің сәті түсті. Екеуара келісілген кейін, мен қолжазбаның көшірмесін Ресейдің Мемлекеттік тарихи музейдің қорынан арнайылап сатып алдым. Содан не керек, қолжазбаны оқи алатын ғалым іздей бастадым. Себебі өзім ескі жазуды оқи алмаймын. Бұл рас. Әуел баста Қытайдан келген кез келген бауырымыз бұл жазуды оқи беретін шығар деген де ой болды. Сөйтсем қолжазба төте емес, қадым жазуы екен. Мұнымен қоса көп адам секілді мен де мұны шағатай тілі деп ойлағанымды жасырмаймын. Бірақ бұл ойым да теріске шықты. Себебі бұл жазуды оқи алатын тарихшы ғалым Амантай Исин ағамыз қолжазбаның ешқандай шағатай тілі болмағанын айтты. Бұл өзіміздің ХІХ ғасырда қолданылған қазақ тілі. Әрине, парсы тілінен енген кірме сөздер де жетерлік.
Ал бұл кітапты аударуға түрткі болған дүние – менің кітапты орыс тілінде оқығым келмегені болды. Себебі 1992 жылғы нұсқаға қатысты ішімде үлкен күдіктер орын алды. Орысша аударылған кезде цензураға ұшаған, әрісі патша үкіметі кей жерлерін орысшаға аудартқызбай тастаған болуы бек мүмкін деп ойладым. Кейін менің бұл күдіктерім аударма барысында расталды да. Аударылмай қалған тұстары, өзгертілген жерлері анықталды. Біз осылардың барлығын толықтырып, қолжазбаны, яғни тұпнұсқаны кирилл әліпбесіне түсірдік. Аударма барысында барынша сол заманғы тілдік ерекшеліктерді сақтауға тырыстық. Ербол мырзаның аудармасымен салыстырғанда бұл өзгешелік қаттырақ байқалады. Мұнымен қоса, сол заманғы, бірақ қазір өзгеріске ұшыраған яки қолданыстан шыққан сөздерге кітап соңында түсініктеме жаздық. Есімдер, географиялық және басқа да атаулар көрсеткіштерінің тізімін енгіздік. Біздің аударманың ең басты ерекшеліктердің бірі деп осыларды айта аламын.
Кітаптың басылуына, дизайнына тоқталып өтсеңіз...
Жалпы біздің айналысып жүрген ісіміз баспагерлік болғандықтан материалды қалай және қандай жолмен жеткізу керек екенін жақсы білеміз. Сондықтан шығарған кітабымыздың сапасына толық кепілдік бере аламын. Мысалы, бір ғана мұқабаның өзін екі ай жасадық. Таңдалынып алынған осы нұсқаға дейін 23 эскиз алдымыздан өтті. Нәтижесінде осыған келіп тоқтадық. Мұқабадағы суреттерді алу үшін де Алматыдағы Сирек қолжазбалар музейінің басшылығына хат жазып, 1889 жылғы кітапты алып, сондағы суреттердің өте сапалы скандерін жасадық. Осы жерде музейдің ұжымына алғысымды айтамын.
Ахмет сұлтан мен Сыдық сұлтандардың портреттерін кітап жас оқырмандарға жақынырақ болсын деген ниетпен академедиялық суретшіге емес, комикс салатын жігітке салғыздым. Мен өзіміздің баспадан шыққан кез келген кітапты ескірген сәнде жасағым келмейді. Себебі бұл қазіргі оқырмандарға эстетикалық ляззат сыйламайды. Мәтіннің сапалы болуымен бірге, оның сыртқы мұқабасы, парағы, суреті, бәрі-бәрі біз үшін өте маңызды.
Ал толыққанды жұмыс қашан басталды? Ербол Алшынбай мырзаның аудармасы жайлы білетін бе едіңіз?
Жұмыс Амантай ағамен бірлесе отырып қаңтар айының соңында басталды. Ал бұл уақытта біздің жұмыспен параллель Ербол мырзаның қолжазбаны аударып жатқанынан хабарым жоқ болатын. Тіпті ол кісінің өзін де танымаймын ол уақытта.
Ербол Алшынбай мырзаның нұсқасындағы шығарманың наурыз айының соңында жарыққа шыққанын естігенде біздің аударманы бітіргенімізге екі күн болған еді. Біз расында қатты қуандық. Тіпті өзіміздің жобаны тоқтатамыз ба деп те ойладық. Себебі бұл жерде ең маңыздысы – кім шығарса да, құнды еңбектің оқырманға жетуі. Қуанғанымызды кітаптың алғы сөзінде де жаздым. Әрине, бірінші бола алмай қалдық. Бірақ біз біріншілікке талпынған жоқпыз. Себебі бұл кітап атақ пен даңқтан әлдеқайда биік тұрады. Егер де мен біріншілікті, амбицияны қуалайтын болсам әңгіме бөлек. Бірақ мұндай дүние менің болмысымда жоқ. Мен өз ісімнен ляззат алатын баспагерлік саласында жүрген адаммын.
«Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» кітабына дейін баспамыздан 2017 жылдан бері жиырмадан астам кітап шықты. Жоспар бойынша баспамыздан сериялы кітаптың шыққанын қалап жүрмін. Ал «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» сол серияның алғашқы кітабы. Ең қызығы, осы шығарманы шығару барысында тағы бір құнды қолжазбаға қол жеткіздік. Ол әлі еш жерде жарияланбаған. Алдағы уақытта үлкен жаңалық болайын деп тұр. Әзірге толық хабарлай алмаймын, бірақ жақсы жаңалықтар күтіңіздер дегім келеді.
Ербол Алшынбайдың нұсқасындағы аударма шыққаннан кейін өз жобаңызды тоқтату туралы ойландық дедіңіз. Жалғастыруға не себеп болды?
Ербол мырзаның кітабы тұсаукересінен кейін дереу қолымызға түсті. Кітапты оқу барысында Амантай аға аударма ішінде бірлі жарым қателіктер бар екенін көрсетті. Ғылымда қателіктерді толтықтыру әр ғалымның парызы. Бірақ мұны алдыңғы шығарманы қаралау деп ұқпағанымыз жөн. Солайша Ербол Алшынбай мырзаның аудармасындағы олқылықтарды көріп, жобаны жүзеге асыруды жалғастырдық.
Ол нендей олқылықтар?
Амантай Исин кіріспе сөзінде Ербол Алшынбай жасаған нұсқаларға жекелей тоқталып өтеді. Мен сізге қазір үзіндісін оқып берейін. Мысалы, «әкесі Кенесарының Ресей империясымен тіресу тарихы жеке үлкен толықтырып, көлемді қылып жазылуға лайық («баршасын айтса бір кеміндебір жыл отырып жазса керек») деген ескертпесін қадым жазуынан Ербол Алшынбай қате оқып, «мұның бәрін бір кемел [?] ғалым [?] бір жыл отырып жазса жөн» деп (аталған кітаптың 33-беті) қолжазба мазмұнынан алшақ кеткен. «Қырғыз манаптары Жантай, Орманның не іс қылып жүргендігі» деген сөйлем бөлігі түсініксіз де, қате «Қара қырғыз манаптары Жантай мен Орманның соғыс қылып өлгені [?]» деп аударылыпты (37-б.).
... Жер аттарын, кісі есімдерін, хандықтардағы қызмет атауларын келтіргенде ағат кеткен тұстары бар. Кейбір қателері «өрескел» сипатында. Мысалы, қолжазбада «Бұхараға» деп жазылса, Ербол Алшынбай «Самарқандқа» деп жаңылыс жасайды (203-б.). Бір тұстарда жер атауларының бірі аталмай (қолжазбада «Ұлытау, Кішітау» болса, аудармасында Кішітау жоқ 33-б.), бірі жаңылыс берілген («Қарақима аудармасында «Қарақұм», 45-б.). Осындай және жеке сөздерді аударудағы кемшіліктері жетерлік».
Енді кітаптың атауына келсек. Неге кітапты «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» деп алдыңыздар?
Амантай Исин бұл туралы мынандай уәж айтады: «Ахмет Кенесарыұлы қолжазбаның соңындағы сөйлемде: «Үшбу насабнаманы» сұлтан Сыдықтың өзінен сұрап, алдыңғы уақиғаларды өз білгенімше жазып, түзеттім», – дейді. Жазбалары бұл атауға лайық шежіре тарату болмағандықтан, бұл қолжазба осы күнге дейін жарық көрген азын-аулақ зерттеу әдебиетінде «Тауарих-и Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» деп аталуы тиіс». Яғни, насабнама – шежіре мәселесі. Бірақ бұл кітап шежіреден бұрын, саяси оқиғалар мен шайқастарды бейнелейтін шығарма дегім келеді. Сондықтан кітаптың атауын «Кенесары хан уа сұлтан Сыдық» деп жариялағанды жөн көрдік.
«Мәдениет порталы» редакторлары сіздің кітабыңыз шыққаннан кейін Ербол Алшынбай мырзаға да жазған еді. Мақсатымыз – қазақ тілді оқырманға оқиғаның ақ-қарасын ажыратып беру болатын. Ербол мырза кез келген тікелей эфирде дебатқа түсуге дайын екенін де жасырмады. Яғни, өз аудармасы жөнінде айтары бар. Егер «Мәдениет порталы» қос аударма жайлы арнайы онлайн дебат ұйымдастырса қалай қарайсыз?
Жалпы Ербол мырза менімен емес, Амантай Исинмен дебатқа түскені дұрыс шығар. Себебі мен қадым жазуын оқи алмаймын. Менімен тек баспагерлік тұрғысынан тікелей эфирге шыққысы келсе құба-құп. Ал кітапты толықтай жасап шыққан продюсер, жоба жетекшісі ретінде мен шығарманы аударған Амантай Исинге толықтай сенемін. Тікелей эфирге шығу-шықпау мәселелі екеуіне қалған іс. Мен Амантай ағаға тікелей эфирге шығыңыз, мына тарапты жақтаңыз деп айта алмаймын. Бұл жеке бастың шаруасы. Егер Амантай ағамыз Ербол Алшынбай мырзамен дебатқа түсуге ниет білдіріп жатса, менің еш қарсылығым жоқ.
Сұхбаттасушы: madeniportal.kz
P.S. Егер "Кенесары хан уа сұлтан Сыдық" кітабын сатып алғыңыз келсе +7 777 233 20 20 нөміріне жазсаңыз болады (WhatsApp).