Атырауда көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған апталық қорытындыланды, деп хабар...
Ақын Олжас Сәндібектің 7 өлеңі
4355
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал Жұмабай, Тоқтарәлі Таңжарық, Ұларбек Нұрғалымұлы, Ықылас Ожайұлы, Мирас Асан, Төлеген Меллат, Ерлан Жүніс, Ерғали Бақаш, Асылбек Жаңбырбай, Серікбай Әбілмәжінұлы, Ырысбек Дәбей, Ахат Расул секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Олжас Сәндібек! Мархабат!
Елеңде, көңілім, елеңде, Байланбай тірлік көгенге. Өлместей қылып жазуға Уәде бергем өлеңге. Алаңда, көңілім, алаңда, Бұл бес күн – сынақ саған да. Алаңдамасқа шама жоқ, Дүбірге толы заманда. Арудың сүйген керімін, Бірі едім мен де серінің. Елеңдеп әлі қоясың Беу, менің дүлдүл көңілім. Алаңда көңілім, алаңда, Жыр жазу керек әмәнда. Былғамай ағын парақтың, Қиянат қылмай қаламға. Елеңде көңілім, елеңде, Бір уәде берген едім өлеңге. Көк те, жер де куә де, Сол уәдем – уәде. ЕЛЕҢДЕ, КӨҢІЛІМ...* * * Ештеңе ұға алған жоқпын, Шырмаудан шыға алған жоқпын. Ешкімді сағынған жоқпын, Мұңайып, қуанған жоқпын. Уақыттан кеш қалдым ба екен? Бәрінен бос қалдым ба екен. Көмейім өксікке толды, Өткенді еске алдым ба екен? Жайсыз бір түс көрдім бе екен? Жаралы құс көрдім бе екен? Біреуді мұңайттым ба екен? Біреуге тістендім бе екен? Бүгін күн ауыр күн бе екен? Мен әлде ауырдым ба екен? Көктемде күзді ойладым, Өзіңді сағындым ба екен?.. БӘРІ БАР МЕНДЕ Бәрі бар менде, Періште де бар, жын да бар, Қуаныш та бар, мұң да бар, Жайым жоқ, бірақ, бұлданар. Бәрі бар менде, Жұмысым да бар, үй де бар, Туысым да бар, ұл да бар, Түсінбейді бірақ, кейде олар. Бәрі бар менде, Әкем де аман, (Анам да), Дәл менен өткен бақытты жан жоқ ғаламда. Соларға кейде бір сыйлық сыйлай алмаймын Бірі бар мына заманда. Бәрі бар менде, Бар болып жүрген қандайды, Бір жұтым сумен жібітіп кепкен таңдайды Бәрі бар деймін. Бәрі бар менде расында, Жоқ деуге аузым бармайды. * * * Құдай мені сүйеді, сынайды көп, Сынағаны – сенгені шыдайды деп. Бергеніне ырза боп, алғанына, Сүйген құлы болған соң шыдау керек. Сына, Құдай, көтерем сынағыңды, Бабам маған сабырын мұра қылды. Бір күндері болмаса, бір күндері, Жарылқайын дейсің ғой мына құлды. Сынақты күн дегенің, жауапты күн, Бірегейі болайын тағаттының. Жарылқайын дейсің ғой, бір күндері, Жарылқауға мұқтажбын, бірақ бүгін. Құдай мені сүйеді, сынайды көп, Сынағаны – сенгені, шыдайды деп. Мен Құдайды сүйемін жүрегіммен, Ол да мені сүйеді... Құдай білед(і). АЛҒЫС Алдымен мейірімді Аллама алғыс, Содан соң мейірбан анама алғыс, Кешке де алғыс, таңға да алғыс, Жоққа да алғыс, барға да алғыс. Көрсем деп төрден, Естіртпей қарғыс. Тәрбие берген Әкеме алғыс. Жеңілге де алғыс, Ауырға да алғыс. Бір емшек емген Бауырларға алғыс. Батпандап қонған Бағыма алғыс. Мен үшін құрбан Жарыма алғыс. Есімде қалған Күндерге алғыс, Есімді алған Түндерге алғыс. Өріліп келген Жырларыма алғыс. Тебініп келген, Ұлдарыма алғыс. Қандай да болсын, Қоғамға алғыс, Саған да алғыс, Оған да алғыс. Жасыңа алғыс, Кәріңе алғыс. Айтатын көп еді Әлі де алғыс, Бәріңе алғыс, бәріңе алғыс! * * * Қара екен өңі. Қап-қара екен киімі, Ұзын бойлы екен, кең екен деймін иығы. Көппенен үйге, бейтаныс біреу кірді де, Төсекте жатқан анама түсті қиығы. Біздің әулетке келмейді мүлдем түр-түсі, «Кім екен?» дедік. «Кім екен?» дестік бұл кісі. Кім екендігін айыра алмай тұрғанда, «Ажал ғой» деді бірі кісі. Оянып кеттім. Түс екен, әлі түн екен, Апыр-ай дедім, ...Кім екен? ................................... Көп ұзамай-ақ, анама жоқтау арнадым, Ажал келгені шын екен. *** Досым, сенің апаң бар, қандай бақыт, Ал, мені, «сабыр ет» деп алдайды уақыт. «Балам шаршап келді» деп жұмысынан, Күйбеңдеп жүр сен үшін шәй қайнатып. Досым, сенің апаң бар жанған бағың, Алдыңа әкеп тосады бал-қаймағын. Көргенде жаны жомарт қарт анаңды, Менің де анам болса деп армандадым. Менің апам келмеске атанған-ды, О дүниеден орынын тапқан мәңгі. Перзенті үшін күйбеңдеп жүре-тұғын, Көңілімнен кетпейтін сәттер қалды. Досым, сенің апаң бар, қандай бақыт Ал, мені, «сабыр ет» деп алдайды уақыт.