Жалпы, сөз өнерінде, әдебиеттану тарихында тұлғалар үндестігі, түрлі сипаттағы үйлесімділік уақыт ал...
Жошы хан туралы тұңғыш тарихи роман жарық көрді
Фото интернеттен
20 сәуір күні сағат 11.00-де жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды madeniportal.kz. Бұл шығарма Қазақ және әлем әдебиетінде Жошы хан жайлы жазылған тұңғыш роман екеніне баса назар аударғымыз келеді.
Автор төрт жылға созылған зерттеу еңбектерінің негізінде Шыңғыс заманы мен оның тұңғыш ұлы Жошы хан жайлы терең және тың деректердің ізіне түскен. Сол арқылы Жошының қым-қиғаш күндерде ғұмыр есігін ашуы, өскен ортасы мен жастық шағы, жорықтары мен өмірінің соңына дейінгі оқиғаларды барынша толық баяндайды.
Сонымен қатар, жазушы дәйекті зерттеулеріне сүйене отырып, дәуірлер көшін, қым-қуыт жорық іздерін қазақы көркем тілмен төгілте жазған. Бұрын беймәлім болған тарихи деректерді аршып, осыған дейінгі қалыптасқан таптаурын тұжырымдарды талқандап, тың көзқараспен ұсынады.
«Романның құндылығы сол дәуірге қатысты жазылған, ең сенімді деген дерек көздерін пайдалана отырып, оқиғалар өрісін шынайы фактілермен түйіндеуге тырыстық. Таңғұт, шүршіт соғыстары, ғалам тарихында елеулі орны бар Хорезм жорықтары жыл-айы, шайқас орындары, адам аттары сол қалпымен көркем тілде хатқа түсірілді. Жошы хан 1221 жылы Үргеніш түбіндегі ауыр шайқастан кейін Хорезм жорығынан қайтып, Ұлытауға келіп ірге тебеді. 1223 жылы «Құланбасыда» өткен құрылтайдан соң, Шыңғыс қағанның арнайы жарлығымен Дешті-Қыпшақ даласында «Жошы ұлысын» құрады. Бүгінгі Қазақ Елі сол «Жошы ұлысының» жерінде, Алтын Орданың қара шаңырағын ұстап отыр»,- дейді жазушы Ұларбек Дәлейұлы романның ерекшелігі туралы.
Тұсаукесер рәсімі 17-21 сәуір Астанадағы кітап көрмесі аясында өтеді. Автормен тікелей сұхбаттасып, қолтаңбасы қойылған кітапты алу мүмкіндігіне ие болыңыз.
Өтетін орны: Астана қаласы, Гейдар Әлиев к., 12 Конгресс орталығы, Форум, Стенд В8.