Бертольт Брехт. Кураж шешей және оның балалары

ӘДЕБИЕТ
5105

Отыз жылдық соғыс дәуірінен тарих

ҚАТЫСУШЫЛАР: 

Кураж шешей.

Катрин, оның мылқау қызы.

Эйлиф, оның үлкен ұлы.

Швейцеркас, оның кіші ұлы.

Соғысқа кісі жинаушы. 

Фельдфебель.

Аспаз.

Қолбасшы.

Полк священнигі.

Интендант. (Әскер бөлімдері мен мекемелерінің жабдықтау ісін басқарушы адам). 

Иветта Потье.

Басын таңған адам.

Басқа фельдфебель.

Кәрі полковник.

Кеңсе хатшысы.

Жас солдат.

Егде солдат.

Шаруа.

Шаруа әйел.

Жас жігіт.

Кемпір.

Басқа шаруа.

Басқа шаруа әйел.

Жас шаруа.

Прапорщик.

Солдаттар.

Дауыс.

1642 жылдың көктемі. Оксеншерннің бас қолбасшысы Польшаға жорық жасау үшін Даларнеде әскер жинайды. Маркитант әйел (Маркитант – бұрынғы уақыттарда әскермен бірге жүріп, азық-түлік сататын саудагер) Анна Фирлинг, лақап аты Кураж шешей, бір ұлын жоғалтады.

Қалаға таяу үлкен жолда фельдфебель мен әскерге кісі тартушы адам екеуі тоңып тұрады. 

Әскерге кісі жинаушы. Мұнда отряд жинап алу мүмкін болар деймісің, фельдфебель? Қылқынып қалсаң да солай. Он екісіне дейін мен қолбасыға төрт эскадрон жеткізіп беруім керек, ал мұндағылар кілең қаскүнемдер, тіпті түн ұйқыдан қалдым. Біреуіне бұғалық тастағандай болып едім, оның төс сүйегі құстікі құсап, күре тамыры адырайып тұрған дімкәс екенін байқамай қалыппын, өзіне арақ ішкіздім, ол тіпті қолын қойды, мен болсам арақ үшін төлейін деп жатқамын, ол аулаға сұранды. Іс оңып тұрмағанын сезіп, соңынан ере шықтым. Тырнақ астынан кеткен бит сияқты сусып жоқ болды. Оларда шын сөз де, адалдық та, парыз сезімі де атымен жоқ. Мен бұл жерде адамзат нәсіліне сенімді жоғалттым, фельфебель.

Фельдфебель. Бұл жерде бағзы заманнан бері соғыс болмаған – бірден көрініп тұр. Өнеге-ғибрат қайдан болсын? Бейбіт уақыт – бұл деген жаппай бейқамдық, темірдей тәртіп орнататын тек соғыс қана. Тыныштықта адамзат жапырақтай жайқалып, тамырланып өсе береді. Адамдар мен малдарды қидай шашады. Әркім білгенін жейді, айталық, ірімшік қосып, ақ нан, оның үстіне шошқаның кесек майын қояды. Міне, мына қалада қанша жас жігіттер мен жақсы аттар бар – мұны-дағы тірі жан білмейді, ешкім санамаған. Мен шамасы жетпіс жыл соғыс көрмеген жерлерде болдым, ондағы адамдардың фамилиясы да жоқ, олар өздерін өздері білмейді. Ал қай жерде соғыс болса – сол жерде саған тізімдер де, мәліметтер де, тіркеулер де дап-даяр, тең-тең аяқ киім, қап-қап астық, онда әрбір адамды есепке алып, әрбір малдың басын түгендейді де алып кетеді. Белгілі нәрсе ғой: тәртіп болмаса – соғыса да алмайсың. 

Әскерге кісі жинаушы. Бұл өзі дұрыс екен!

Фельдфебель. Барлық жақсы нәрсе сияқты, соғысты да бастау қиын. Есесіне ол қалай бұрқ етеді – тоқтата алмайсың; адамдар әлемнен қорқа бастайды –ойыншылар ойын соңында нәумез қалғаны сияқты. Өйткені ойын біткенде, ұтылысты санау керек. Бірақ әуелгіде соғыстың сүреңінен жұрт шошиды. Ол ел үшін беймағлұм дүние.

Әскерге кісі жинаушы. Қара, мұнда үсті жабық жүк арба келе жатыр. Екі әйел мен екі жігіт. Кемпірді тоқтат, фельдфебель. Егер бұл жолы да бекер болса, онда мен мынау сәуірдің жел өтінде бүрсеңдемеймін, мұны біліп қой.

Ауызбен тартатын сырнайдың дыбысы. Екі жас жігіт сахнаға жабық арбаны жылдам дөңгелентіп алып шығады. Онда Кураж шешей мен оның мылқау қызы Катрин отыр. 

Кураж шешей. Қайырлы таң, фельдфебель мырза!

Фельдфебель. (Жолды кес-кестеп тұра қалады). Қайырлы таң, адал топ! Сіздер кімсіздер? 

Кураж шешей. Іскер адамдармыз. (Ән салады). 

Ей, командир, аялдайтын жердің белгісін бер,

Өз солдаттарыңды сақта!

Ұрысқа үлгересің, әуелі 

Жаяу әскер етігін ауыстырып алсын.


Зеңбіректің гуілі астында битке таланып

Өмір сүру және топыраққа айналу –

Адамдарға сол ұнайды, егер олардың

 аяғында тым құрыса жаңа етік болса.


Ей, христиандар, мұз еріді,

Өліктер көрде тас қараңғы ұйқыда.

Тұрыңдар! Баршаңа жорыққа атанар мезгіл жетті,

Жер бетінде өмір сүріп жүргендер!


Шұжықсыз, шарап, сырасыз,

Әскерлер шырайлы көрінбес.

Ал қоректенсе болғаны –

Жан мен тәннің азабын тез ұмытар.


Аухаттан соң, әскер ішпей ме,

Сонда оған ең зұлым жау бұйым емес.

Қандай ақымақ аш қарынға

Тозақ отында жанғысы келер екен!


Ей, христиандар, мұз еріді,

Өліктер көрде тас қараңғы ұйқыда.

Тұрыңдар! Баршаңа жорыққа атанар мезгіл жетті,

Жер бетінде өмір сүріп жүргендер!

Фельдфебель.  Тоқта, жүк тасушылар. Сіздер кімдікі боласыздар?

Үлкен ұл. Екінші Финляндия полкі.

Фельдфебель. Қағаздарыңыз қайда?

Кураж шешейҚағаздар? 

Кіші ұл. Бұл Кураж шешей емес пе!

Фельдфебель. Бірінші рет естіп тұрмын. Неге оны Кураж атайды?

Кураж шешей. Мені Кураж деп атайтын себебі, фельдфебель, мен қайыршыланып қалудан қорқып, зеңбірек оғының астымен Ригадан елу кесек нан алып шықтым. Нан болса көгере бастады, қара да тұр, біржола құрыр ма еді, басқа жол қалмады. 

Фельдфебель. Қалжыңды доғар. Қағаздар қайда? 

Кураж шешей. (Қаңылтыр сауыттан бір буда қағаз алып шығып, жабық арбадан түсіп жатып). Міне, менің барлық қағаздарым, фельдфебель. Міне, тұтас бір құрбандық шалу жөніндегі дұғалықтар кітабы – бұған қияр орауға болады, мұны Альтентингтен алдым, ал мынау Моравияның картасы, онда енді барамын ба, жоқ па, құдай біледі, – егер бармасам, бұл карта маған текке керек емес, итке бесінші аяқ сияқты; ал міне, мұнда, көріп тұрсыз ба, мөр басылған, ақбоз атым – аусылмен ауырған емес, ол бізде, өкінішке орай, арам қатты, ал құны он бес гульден тұратын, маған емес, құдайға тәубе. Ал, немене, бұл қағаздар жетпей ме? 

Фельдфебель. Сен не, менің басымды қатырғың келе ме? Мен сені бетпақтықтан арылтамын. Сен қолыңда шетелден тауар әкелуге рұқсат қағаз болуы тиіс екенін тамаша білесің.

Кураж шешей. Тіліңізді тарта сөйлеңіз, менің жас балаларымның көзінше мен сіздің басыңызды айналдырғым келеді дегенді айтпаңыз, бұл әбестік болады, біз екеуміз бейтаныспыз. Адал әйелдің бет жүзі – міне менің екінші полктегі рұқсат қағазым, егер сіз мұндай лицензияны оқи алмасаңыз, бұған мен кінәлі емеспін. Ал өз бетіне мөр қойғызатын адамың мен емес.

Әскерге кісі жинаушы. Фельдфебель, бұл кісінің бағына қоймайтын мінезі ұрып тұр. Лагерьде тәртіп керек.

Кураж шешей. Мен шұжық керек деп ойласам.

Фельдфебель. Есіміңіз.

Кураж шешей. Анна Фирлинг.

Фельдфебель. Демек, барлықтарыңыз Фирлинг болдыңыздар ғой?

Кураж шешей. Неге барлығы? Фирлинг – менің фамилиям. Олардікі емес.

Фельдфебель. Олардың баршасы да сенің балаларың емес пе?

Кураж шешей. Иә, бірақ сондықтан да олардың бәрінің ата тегі бір болуы керек пе екен? (Үлкен ұлын көрсетеді). Міне, мынаның есімі, мысалы, Эйлиф Нойоцкий. Оның әкесі қашанда ол Койоцкий немесе Мойоцкий деп сендіретін. Баланың жадында ол жақсы сақталған. Алайда, оның есінде басқа біреу, шоқша сақал француз қалды. Әйткенмен, тегінде оның зеректігі әкесіне тартқан;  әкесі, шаруаның бұтынан дамбалын шешіп алатыны болады, анау болса соны байқамай да қалады. Міне, сөйтіп, әр қайсысымыздың өз фамилиямыз бар. 

Фельдфебель. Не, әрқайсысынікі бөлек пе?

Кураж шешей. Сіз түк түсінбей тұрғандай түр танытасыз ғой. Таппадыңыз. Швейцарлық.

Фельдфебель. Француздан соң? 

Кураж шешей. Қандай француздан соң? Сіз қандай французды айтқаныңызды білмедім. Шатастырмаңыз, әйтпесе біз осы жерде түнге шейін тұрамыз. Ол швейцарлық, бірақ оның ата тегі Фейош және бұл фамилияның оның әкесіне тағы түк қатысы жоқ. Әлгінің фамилиясы мүлде басқа болатын, ол бекініс салды, оның үстіне ішіп кетті.

Швейцеркас басын шұлғиды, ол мәз-мейрам, мылқау Катрин де өте көңілді.

Фельдфебель. Сонымен оның фамилиясы неге Фейош?

Кураж шешей. Сізді ренжіткім келмей тұр, бірақ қиялыңыз бай емес екен. Ол туғанда мен бір мадьярмен таныс-біліс едім – міне, оның Фейош атануы содан. Ал мадьярға бәрібір болатын, оның сол кезде бүйрегі семіп қалған еді, ішімдікті татып алмаса да сүйтті. Өте адал адам болатын. Балақай содан аумайды.

Фельдфебель. Ол оның тіптен әкесі емес қой! 

Кураж шешей. Алайда бала оған тартып кетті. Мен оны Швейцеркас, Швейцар ірімшігі деп атаймын. Ол жабық арбаны жақсы сүйрейді. (Қызын нұсқап). Ал оны Катрин Гаупт деп атайды, ол жартылай неміс.

Фельдфебель. Сүйкімді әулет, несін айтасың.

Кураж шешей. Иә, мен өзімнің жабық арбаммен күллі әлемді араладым. 

Фельдфебель. Біз мұның бәрін жазып аламыз. (Жазады). Сен Бавариядан, Бамбергтен емессің бе, мұнда қалай тап болдың?

Кураж шешей. Соғыс Бамбергке қашан келеді екен деп күтіп отыра алмаймын ғой. 

Әскерге кісі жинаушы. Сендерге Иаков Өгіз және Исав Өгіз деген есімдер дөп, өйткені арба сүйреп жүрсіздер ғой. Бәлкім, мойындарың қамыттан босамайтын да болар?

Эйлиф.  Анашым, мүмкін, оны тұмсықтан бір соғайын ба? Қолым қышып тұр.

Кураж шешей. Болмайды, тыныш тұр. Ал енді, офицер мырзалар, сіздерге жақсы пистолеттер немесе, мысалы, айылбастар қажет емес пе? Фельдфебель мырза, сіздікінің тозығы шығып кетіпті. 

Фельдфебель. Маған басқа нәрсе керек. Балаларың бойшаң екенін көріп тұрмын, кеуделері доңғалақтай, аяқтары бөренедей. Олар неге әскери қызметтен жалтаратынын білгім келеді. 

Кураж шешей. (Шапшаң). Түк істей алмайсың, фельдфебель. Солдат кәсібі менің ұлдарыма арналмаған.

Әскерге кісі жинаушы. Ал неліктен олар үшін болмайды? Бұл кәсіп табыс әкеледі, даңқ әкеледі. Етік сату қатынның ісі. (Эйлифке). Кәнекей, бері кел, көрсет, бұлшық еттеріңді, әлде сен судан шыққан тауықтай біреусің бе. 

Кураж шешей. Ол сүмірейген тауық. Егер оған қатаң кейіппен қарасаң, ол тұрған орнында талып құлайды.

Әскерге кісі жинаушы. Егер ол бұзаудың үстіне құласа, оны жаншып өлтіреді. (Эйлифті бұрып әкеткісі келеді). 

Кураж шешей. Оны жайына қалдыр. Мұндай сізге жарамайды.

Әскерге кісі жинаушы. Ол маған тіл тигізді, менің мұрнымды тұмсық деді. Біз қазір бір шетке барып, еркекпен еркек болып сөйлесеміз.

Эйлиф. Мазасызданба, ана. Ол сазайын тартады. 

Кураж шешей. Қозғалма, қыстырылыспа, оңбаған! Мен сені білемін, тек төбелесе кеткің келіп тұратынын. Оның қонышында пышағы бар, өлтіре салады. 

Әскерге кісі жинаушы. Мен оның пышағын сүт тісі тәрізді суырып аламын. Кеттік, балақай.

Кураж шешей. Фельдфебель мырза, мен полковниккке шағым айтамын. Ол сізді қамап қояды. Лейтенант – менің қызымның жігіті. 

Фельдфебель. (Әскерге кісі жинаушыға). Күштеудің керегі жоқ, бауырым. (Кураж шешейге). Саған әскери қызмет неліктен ұнамайды? Оның әкесі солдат болмап па еді? Ол адал адам құсап қаза таппап па еді? Сен өзің мұны айтқан. 

Кураж шешей. Ол әлі бала ғой. Сіз оны қан қасапқа жібергіңіз келеді, мен сізді білемін. Сіз ол үшін бес гульден аласыз.

Әскерге кісі жинаушы. Ол әуелі тамаша қалпақ пен саптама етік алады. 

Эйлиф. Аламын, бірақ сенен емес. 

Кураж шешей. Балықшы құртқа жүрші, балық аулайық депті. (Швейцеркасқа). Жүгір де айқай сал, сенің ағаңды ұрлап әкетпекші. (Пышағын суырады). Кәнекей, оны әкетіп көріңіз. Мен сендерді жарып тастаймын, сұмырайлар. Мен сендерге оның қандай солдат екенін көрсетейін. Біздер іш киімдер мен сүрленген шошқа етін адал саудалаймыз, біздер бейбіт жандармыз.

Фельдфебель. Иә, пышағыңнан көрініп-ақ тұр, қандай бейбіт жандар екендерің. Тегінде сенің ұятың жоқ. Әкел пышақты, салдақы! Сен өзің мойындадың емес пе, соғыстан тамақ асырап жүргеніңді, әрі саған басқа қорек қайдан табылсын? Ал солдатсыз қандай соғыс болады?

Кураж шешей. Менің балаларым солдат болмай-ақ қойсын.

Фельдфебель. Демек, сенің соғысың тұқылын жесін де, ал алмасын түкіріп тастасын, солай ма! Соғыс сенің төліңді жемдесін – бұған жарайды дейсің де, ал соғысқа алым төлеуге келгенде, тәйт дейсің, сеніңше бұлай болмайды екен ғой. Соғыс өз істерін өзі-ақ шешсін-мыс демексің ғой? Есімің Әжуа ғой, тағы? Ал соғыстан, өзіңнің асыраушыңнан қорқады екенсің ғой? Сенің ұлдарың соғыстан үрікпейді, мен олар туралы білемін. 

Эйлиф. Мен соғыстан қорықпаймын.

Фельдфебель. Одан не үшін қорқу керек? Маған қарасаңдаршы: солдат өмірі пайдаға асқан жоқ па? Мен он жеті жасымнан әскери қызметтемін.

Кураж шешей. Жетпіске дейін саған әлі алыс. 

Фельдфебель. Мейлі ғой, күтемін.

Кураж шешей. Көрде жатып күтуге тура келмесін. 

Фельдфебель. Мен өледі деп шамыма тию үшін айтып тұрсың ба?

Кураж шешей. Ал бәлкім, бұл шындық болып шығады? Мүмкін, мен сенің жарық дүниенің тұрғыны емес екеніңді көріп тұрған шығармын? Ал бәлкім сен демалыста жүрген өлікке құсайтын шығарсың, а?

Швейцеркас. Ол көріпкел, бәрі солай дейді. Ол болашақты болжап айта алады.

Әскерге кісі жинаушы. Ендеше, фельдфебель мырзаға келешекті болжап айтшы. Оған шамасы, мұны есту қызықты болар. 

Фельдфебель. Ендігі қалғаны әртүрлі шатпақты тыңдау еді.

 Кураж шешей. Дулығаңды берші. 

Фельдфебель. (Оған дулығасын береді). Осы бір сәуегейлік, бал ашудың бәрі боққа тұрмайды. Тек күлкі үшін болмаса. 

Кураж шешей. (Пергамент қағазын алып оны бірнеше бөлікке бөледі). Эйлиф, Швейцеркас және Катрин, егер біз соғысқа сондай елігіп, құмартып кетсек, бізді де осылай жайратып тастасын. (Фельдфебельге). Ерекшелік ретінде мен сізге мұны тегін жасаймын. Мынау алақандай қағазға қара крест суретін саламын. Қара айқыш – өлім. 

Швейцеркас. Ал басқа қиындылар – таза, түсінесің бе? 

Кураж шешей. Қазір мен оларды қосамын да араластырып жіберемін. Біздің бәріміз де ананың құрсағында дөңгеленіп жаттық. Мінекей, ал, кәне, тарт, өз тағдырыңды білесің. 

 Фельдфебель баяу. 

Әскерге кісі жинаушы. (Эйлифке). Мен бірінші кездескен қаймана адамды ала бермеймін, менің талғағыш кісі екенімді бәрі біледі, бірақ сен оты бар жігітсің, сен маған ұнайсың.

Фельдфебель. (Дулығаның ішін қолымен шарлап). Бос сөз! Алдамшы, басқа түк те емес. 

Швейцеркас. Ол қара крест алып шықты. Тірі қалмайды енді.

Әскерге кісі жинаушы. Қорықпа, баршасын бірдей жер қаптыратын оқ әлі жоқ.

Фельдфебель. (Қарлығыңқы). Сен мені алдап соқтың. 

Кураж шешей. Сен солдат болған күні өзіңді өзің алдап соқтың. Ал қазір біз қозғалайық, соғыс күн сайын болмайды, мен асығыспын.

Фельдфебель. Жоқ, шешеңді...сен мені алдай алмассың. Сенің құлыныңды біз алып кетеміз, біз одан солдат жасаймыз. 

Эйлиф. Солдат болғым келеді, ана.

Кураж шешей. Жап аузыңды, топас финн.

Эйлиф. Швейцеркас та солдат болғысы келеді.

Кураж шешей. Іс табылды! Сендердің бәріңе де, үшеуіңе бірдей жеребе суыруға тура келеді. (Сахнаның түпкіріне кетеді де пергамент бөліктеріне крест салады).

Әскерге кісі жинаушы. (Эйлифке). Швед лагерінде кілең екі жүзді мүттәйімдер дейді, бірақ бұл біздің дұшпандардың пасық жаласы. Бізде жексенбі сайын ғана ән салады, бір шумақ, онда да тек кімнің дауысы бар, солар. 

Кураж шешей. (Фельдфебельдің дулығасымен оралады). Анасынан қашып кеткісі бар, сайтандар, бұзаулар тұз жалағысы кеп ұмтылғандай соғысқа омыраулайды. Міне, қазір жоримыз, саған «Жүр, балам, сен офицер боласың» десе, соған сене қалудың керегі жоқ, олар мұны көреді. Зәрем ұшады, фельдфебель, балаларым соғыстан аман қалмайды. Олардың мінездері жаман, үшеуінің де. (Эйлифке дулығаны ұсынады). Мә, өз жазмышыңды тарт. 

 Эйлиф дулығадан суырып алады да пергаменттің үзігін ашады. 

(Оның қолынан жұлып алады). Міне, саған крест! Ох, мен бейшара ана, сормаңдай шешемін. Шынымен ол қаза табады ма? Жас шыбықтай шағында көктей сола ма? Егер ол солдат болса, тірі қалмайды, бұл анық. Ол тым батыл, әкесінен аусашы. Егер ақылды болмаса, ол жер бетіндегі дүниенің тағдырын табады, жорамал мұны дәлелдеп тұр. (Оның дауысы әмірлі шығады). Есті боласың ба? 

Эйлиф. Ал неге болмасын? 

Кураж шешей. Міне, былай, сен анаңмен қалатын болсаң естісің және олар саған күле берсін, судан шыққан тауықтай сүмірейген дей берсін, түкіргенің бар. 

Әскерге кісі жинаушы. Егер ол ендігі бұтына жіберіп қойса, онда мен сенің ініңмен айналысайын.

Кураж шешей. Мен саған айттым ғой, түкіргенің бар деп. Түкір деймін! Ал қазір жеребені сен тарт, Швейцеркас. Мен сен үшін соншалық қорықпаймын, сен адал жігітсің. 

 Швейцеркас дулығаның ішіне қолын жүгіртеді.  

Ох, сен немене бір жапырақ қағазға біртүрлі қарайсың? Сен ғой, әрине, тап-тазасын суырып алдың. Оның таңбалы болуы мүмкін емес. Сені жоғалта қоймаспын енді. (Ол қағазды алады). Крест? Оған да шықты! Бәлкім, ол сондай аңқау болғандықтан шығар? Ох, сен-дағы құрисың ғой, егер адал болмасаң, жөргегіңнен солай үйренгенсің, нан сатып алғанда қалдығын жымқырсаң дегенім ғой. Сені тек адалдық құтқара алады. Қарашы, фельдфебель, мынау қара таңба емес пе?

Фельдфебель. Дәл рас, крест. Мен неліктен кенеттен крест алып шыққанымды түсіне алмай тұрмын. Мен ешқашанда алға өңмеңдемеймін. (Әскерге кісі жинаушыға). Ол әйел алдап тұрған жоқ. Өзінің ұлдарына да сондайды болжады. 

Швейцеркас. Маған да жаман айтты.Бірақ мен қорықпаймын.

Кураж шешей. (Катринге). Енді тек сен үшін ғана шошынбаймын, сенің өзің крестсің: сенің жүрегің мейірімді. (Оған дулығаны ұсынып, бірақ қағазды өзі алып шығады). Естен тануға болады. Мүмкін емес, мен тегі, араластырғанда қателестім, білем. Қара, Катрин, тым рақымды болма, сенің жолыңда да крест тұр. Өзіңді тыныш ұста, саған бұл қиынға соқпайды, сен мылқаусың ғой. Мінекей, енді сендер бәрін білесіңдер. Барлығың да сақ болыңдар, сендерге ол қажет. Ал енді – өз орындарыңа барыңдар, кеттік. (Ол фельдфебельге дулығасын қайтарып береді де жабық арбаға тырмысып шығады). 

Әскерге кісі жинаушы. (Фельдфебельге). Бірдеңе ойлап тап.

Фельдфебель. Мазам болмай тұр. 

Әскерге кісі жинаушы. Шамасы, дулығасыз жел өтінде тоңып қалған шығарсың. Онымен саудалас. (Дауыстап). Сен тым құрыса айылбасқа қарасаңшы, фельдфебель. Мынау қайырымды адамдар өздерінің саудасымен күн көреді, солай емес пе? Эй, сіз, фельдфебель айылбас сатып алғысы келеді. 

Кураж шешей. Жарты гульден. Бұл айылбастың бағасы екі гульден, күміс ақша болатын. (Жабық арбадан түседі).

Фельдфебель. Айылбас жаңа емес. Мұнда жел ұйытқып тұр, оны дұрыстап көріп алу керек. (Айылбасты алады да жабық арбаның артына кетеді). 

Кураж шешей. Меніңше, мүлдем жел үрлеп тұрған жоқ. 

Фельдфебель. Сірә, бұл зат жарты гульден де тұрмауы мүмін, қанша айтқанмен күміс қой.

Кураж шешей. (Оған қарай жабық арбаның артына барады). Мұнда тұтас алты унция бар. 

Әскерге кісі жинаушы. (Эйлифке). Ал сосын біздер бір стаканнан ішеміз, екеуміз еркекпіз ғой. Кепілақы менде, кеттік.

 Эйлиф екі ойлы. 

Кураж шешей. Мейлі, жарты күміс болсын. 

Фельдфебель. Түсінбеймін. Мен әрдайым арт жақта болуға тырысамын. Фельдфебель болудан қауіпсіз не бар? Әрқашанда өзгелерді алдыға жіберуге болады, олар сені даңққа бөлейді. Тіптен түскі ас ішкім келмей қалды. Мен өзімді білемін ғой, енді тамағыма ас батпайды. 

Кураж шешей. Астан жеритіндей бұған бола сонша құса шегудің қажеті жоқ. Алға сұғынба, бар болғаны сол. Мә, саған, бір жұтым арақты жұтып жібер, бауырым. (Оған арақ береді). 

Әскерге кісі жинаушы. (Эйлифті қолтықтап, өзімен бірге сахнаның түпкіріне тартады). Саған он таза күміс ақша береді, сен қаһармансың, сен король үшін шайқасасың, ал қатындар сен үшін шайқасады. Мен сені балағаттасам, тұмсығымды бұзуыңа болады. (Екеуі кетеді).

Мылқау Катрин жабық арбадан секіріп түсіп, ұғынықсыз дыбыстар шығарады. 

Кураж шешей. Қазір, Катрин, қазір. Фельдфебель мырза әлі төлеп болған жоқ. (Тісімен жарты гульденді тексеріп көреді). Мен кез келген монетаны тексеріп көргенді сүйемін. Менің, фельдфебель, шекеме тиді. Жоқ, күміс ақша дұрыс екен. Ал енді жолға кетейік. Эйлиф қайда?

Швейцаркас. Ол әскер жинаушымен бірге кетті. 

Кураж шешей. (Үнсіз қалған соң). Ех, сен, ашық ауызым-ай! (Катринге). Білемін, сен айта алмайсың, сенің кінәң жоқ.

Фельдфебель. Сен де арақтан бір жұтым іш, шешей. Міне, солай. Солдат – бұл соншалық жаман емес. Сен болсаң соғыстан нәпахаңды тауып жүріп, ал өзің болсаң балаларыңмен бір шетте бұғып, бас сауғалап қалуды ойлайсың ғой? 

Кураж шешей. Енді саған ағаңмен бірге жабық арбаны сүйретуге тура келеді, Катрин.

 Қарындасы мен ағасы жабық арбаға жегіліп, орындарынан қозғалады. Кураж шешей жанында келеді. Жабық арба ары қарай дөңгелеп барады.

Фельдфебель. (Олардың соңынан қарап қалып). Соғыс асыраса екен дейді, бұл үшін ақы төлеу керек-ақ. 


2. 

1625-1626 жылдарда Кураж шешей швед армиясының жүк тиеген керуенімен Польшаны шарлайды. Вальгаф қамалының маңында ол өз ұлын кездестіреді. Семіз қоразды табысты сату және ержүрек ұлының даңқты сәті.  

 Қолбасшының шатыры. Оның қасында ас үй. Бірнеше зеңбіректің үздіксіз атуы естіледі. Аспаз қоразды сатқысы келген Кураж шешеймен саудаласады. 

Аспаз. Мынау кішкентай қотыраш құс үшін алпыс геллер? 

Кураж шешей. Құртымдай қотыраш құс? Бұл ғой бордақы мал! Мынау мешкей қолбасшы шынымен ол үшін байғұс алпыс геллерді шығара алмай ма? Егер сіз оны түскі ассыз қалдырсаңыз, өзіңізге сор болар. 

Аспаз. Мен он геллерге қайдан болмасын мұндайдың он екісін сатып ала аламын.

Кураж шешей. Немене, мұндай семіз қоразды қайдан болмасын табам дейсіз бе? Қоршауда, аштықтан бәрінің көзі шығардай жалақтап отырғанда ма? Даланың егеуқұйрығын сіз, бәлкім, табарсыз, мен «бәлкім» дедім, өйткені барша дала тышқандарын жеп қойды және де бір аш тышқанның соңынан жарты күн бес адам қуып жүр. Қоршау уақытында дәу қораз үшін елу геллер!  

Аспаз. Бізді қамап тұрған жоқ қой, біз оларды қоршадық. Миыңызға құйып алыңыз, біз қоршап алдық.

Кураж шешей. Бірақ тамақ сендерде де жоқ, тіпті, оларға, қаладағыларға қарағанда әлдеқайда аз. Әлбетте, олар қор жинап алды. Олар онда жаман тұрып жатпаған деседі. Ал біз ше! Мен шаруаларда болдым, түгі жоқ.

Аспаз.  Оларда бар. Олар тығып алған.

Кураж шешей. (Салтанатты). Олардың дәнемесі жоқ. Олар қайыршыланды, шындық. Олар таза тақыр, жүдеп-жадап отыр. Көрмегенім жоқ, жерден тамырларды қазып алып жейді, былғары белдікті қайнатып жеп, саусақтарын жалайды. Міне, солай. Ал мен қоразды қырық геллерге беремін!

Аспаз. Отыз, қырық емес. Мен айттым: отызға деп.

Кураж шешей. Тыңдаңызшы, бұл ерекше қораз. Қандай талантты жануар болды десеңізші! Ол тек музыка ойнаса қоректенді деседі, оның өзінің сүйікті маршы болыпты. Ол санай алатын, сондай зерек болды. Сіз ол үшін қырық геллерді қимай тұрсыз ба? Егер үстелге түк қоймасаңыз, қолбасшы басыңызды жұлып алады. 

Аспаз. Көріп тұрсыз ба, мен не істеп жатырмын? (Сиырдың кесек етін алып шығып, оны кесуге дайындалады). Менде бір кесек сиыр еті бар, мен оны қуырып пісіремін. Сізге соңғы мәрте ойлануға мұрсат беремін. 

Кураж шешей. Кәнекей, қуырыңыз. Былтырғы жылғы ет. 

Аспаз. Кеше кешкісін бұл өгіз серуендеп жүрді, өз көзіммен көргенмін.

Кураж шешей. Ендеше, ол тірі кезінде сасып-мүңкіді. 

Аспаз. Ал, мейлі, бес сағат қайнатамын, қатты болмас. (Кесек етті кеседі). 

Кураж шешей. Көбірек бұрыш салыңыз, қолбасшы мүңкіген сасық иісті сезбей қалсын. 

 Шатырға қолбасшы, полк священнигі және Эйлиф кіреді. 

Қолбасшы. (Эйлифті иығынан қағып). Ал, ұлым, өзіңнің қолбасшыңа кіріп, менің оң жағыма жайғас. Сен ерлік жасадың, сен нағыз тақуа жауынгерсің. Сен оны құдай жолында жасадың, сенім үшін соғыста жасадың, мұны мен ерекше бағалаймын, мен қалай қаланы аламын, сен солай алтын білезік аласың.Біз олардың жанын құтқаруға келдік, олар ше, арам, нас, тұрпайы мұжықтар! Олар біздің малдарымызды айдап әкетеді! Есесіне олар өз поптарын қарны жарылғанша тойдырады. Дегенмен сен оларға жақсылап сабақ бердің. Мен саған қызыл шараптан құяйын, сөйтіп, екеуміз тартып кеп жіберейік. (Ішеді). Священникке түк бермейміз, ол өзі мүттайым. Түстікке не жегің келеді, жаным? 

Эйлиф. Бір кесек еттен бас тартпас едім. 

Қолбасшы. Аспаз, ет әкел!

Аспаз. Жарымай отырып, ол өзі қонақ әкеледі. 

 Кураж шешей оған үндеме деген белгі береді, өйткені ол шатырдағы әңгімеге құлақ түреді. 

Эйлиф. Шаруалармен айналысып, оларды ұрған соң бірден қарның шұрылдайды.

Кураж шешей. Иисусе, мынау менің Эйлифім ғой. 

Аспаз. Кім? 

Кураж шешей. Менің үлкен балам. Мен оны екі жыл көрмедім. Менен оны жолда ұрлап кетті. Ол мұнда, сірә, арқа тұтып жүр ғой, егер қолбасшының өзі оны түскі асқа шақырса, ал сен не дайындап жатырсың? Жапа! Боқ! Сен естисің бе, мейман нені қалағанын: ет жейді! Тыңда мені, қоразды ала ғой, ол бір гульден тұрады. 

Қолбасшы. (Эйлифпен және полк священнигімен үстел басына отырады да айқайлайды). Түстікті әкел, Ламб, әйтпесе сені өлтіремін, сайтанның аспазы!

Аспаз. Мұнда бер, өз обалың өзіңе, озбыр әйел. 

Кураж шешей. Ал мен мұны қотыраш құйттай құс деп ойладым.

Аспаз. Мейлі, оны бермен әкел, сенің бағаң құтырған, елу геллер дейсің.

Кураж шешей. Мен айттым, бір гульден. Менің тұңғыш ұлым үшін, қолбасшы мырзаның қымбатты қонағы үшін түк аямаймын. 

Аспаз. (Оған ақша береді). Тым болмаса, оның жүнін жұлып бер,  мен от жаға берейін. 

Кураж шешей. (Отырады, қораздың жүнін жұла бастайды). Ол мені көргенде жүзі қалай құбыларын білгім келер еді. Бұл менің батыл да ақылды ұлым. Менің ақымақтау ұлым да бар, бірақ ол адал ақымақ. Қызым – әншейін бос қуыс. Әйткенмен, ол қыз, қалай десе де үндемейді, мұның өзі де жаман емес. 

Қолбасшы. Тағы да ішіп жібер, балам, бұл менің сүйікті фалерн шарабым, менде әлі бір бөшке, ең көп болса – екі бөшкесі қалды, бірақ мен оны өз солдаттарымда нағыз дін бар екенін көріп тұрсам аямаймын. Ал шіркеу қызметшісі бізге тағы да солай қарай берсін, ол тек уағыз айтады, ал іс қалай жасалады, мұны ол білмейді. Ал, енді, Эйлиф, ұлым менің, бізге сен қалай шаруаларды алдап соғып, жиырма өгізді тартып алғаныңды толығырақ мәлімдеп бер. Олар ұзамай осында болады деп үміттенемін. 

Эйлиф. Бір күннен соң, тіпті болмаса, екі күннен соң. 

Кураж шешей. Менің Эйлифім тарапынан неткен көрегендік, өгіздерді ертең ғана айдап әкеледі. Әйтпесе сіз менің қоразыма қарамай да қалар едіңіз. 

Эйлиф. Демек, іс былай болды. Мен білдім, шаруалар, жасырын, түн ішінде, тұтас орманда бізден тығып ұстаған өгіздерді бір жерге иіреді екен. Сол жерден өгіздерді қалаға айдауы керек болатын. Мен шаруаларға бөгет жасамадым. Мейлі, өз малдарын жинай берсін, менен ғөрі олардың өздеріне оларды тауып алу оңайға түседі дедім. Ал өз адамдарымды мен тек еттен басқа ештеңе ойлай алмайтын халге жеткіздім. Екі күн мен онсыз да мардымсыз мөлшерлеп берілетін азықты кесіп тастадым. Олар бір сөз естісе сілекейі шұбырды. 

Қолбасшы. Сен ақылмен іс қылдың. 

Эйлиф. Мүмкін. Қалғаны ұсақ-түйек. Шаруалардың қолдарында жуан таяқ, әрі өздері бізден үш есе көп болғаны болмаса. Олар бізге айуанша бас салды. Мені төрт мұжық бұтаға қуып тықты, қолымнан семсерімді қағып түсіріп: «Беріл!» деп айқайлады. Не істеу керек, олар мені паршалап тастайды ғой деп ойладым.

Қолбасшы. Тығырықтан қалай шықтың? 

Эйлиф. Мен күле бастадым. 

Қолбасшы. Немене? 

Эйлиф. Күле бастадым. Әңгіме басталды. Мен саудаласа бастадым. Бір өгіз үшін жиырма гульден, мұны менің қалтам көтермейді деймін. Он бес ұсынамын. Тап бір төлейтін сияқтандым. Олар болса абдырап қалып, желкесін қасиды. Сол жерде мен еңкейіп, семсерімді бас салдым да, мұжықтарды бөлшектеп тастадым. Мұқтаждыққа тап болсаң, өсиетті ұмытады екенсің, рас па? 

Қолбасшы. Діндар, сен бұған не айтар едің?

Полк священнигі. Дәлме-дәл айтқанда,ондай сөз Тауратта жоқ, бірақ Жаратқан құдайға бес наннан бес жүзін жасау түкке тұрған жоқ, ендеше мұқтаждық, дұрысын  айтқанда, болған жоқ, әрі ол жақыныңа махаббатты әбден талап ете алар еді; әлбетте, баршасы тоқ болады. Қазір басқа уақыт. 

Қолбасшы. (Күледі). Мүлдем басқа уақыт.Бәлкім, осы жолы саған да тиіп қалар, жағымпаз. (Эйлифке). Демек, сен оларды кескілеп тастадың. Болса ше, сен дұрыс жасадың, менің ержүрек солдаттарыма қаужайтын бірдеңе табылды. «Сен менің ең мүсәпір бауырларыма не жаратсаң, маған да соны жараттың»? – деп Кітапта айтылған жоқ па еді. Ал сен оларға не өндірдің? Сен оларға сиыр етінен жасалған тамаша түстік жасап бердің, олар көгерген нан жеуге ғадеттенбеген ғой. Бұрын, олар әуелі дулығасына шарап құйып, оған тоқаш үгіп салатын, содан кейін ғана дін үшін ұрысқа кірісетіні болушы еді. 

Эйлиф. Иә, мен ілезде еңкейіп, семсерімді шап бердім де оларды турап тастадым. 

Қолбасшы. Сенде жас цезарь отыр. Сен корольды көрер ме едің. 

Эйлиф. Мен оны алыстан көрдім. Онда бір жарқындық бар. Мен оған бар жағынан еліктегім келеді.

Қолбасшы. Сенде қазірдің өзінде оған бір ұқсастық бар. Мен сен сияқты батыл, ер солдаттарды бағалаймын. Олар мен үшін туған балаларым сияқты. (Эйлифті картаға алып барады). Жағдаймен таныс, Эйлиф, мұнда әлі көп күш жұмсауға тура келеді.

Кураж шешей. (Ол шатырдағы әңгімені естиді де енді қораздың жүнін ашуланып жұлады). Бұл, шамасы, өте жаман қолбасшы. 

Аспаз. Қомағай екені рас, бірақ неге жаман?

Кураж шешей. Өйткені оған ержүрек солдаттар керек, міне неліктен. Егер оның жауды талқандайтын жақсы жоспарға миы жетіп тұрса, онда оған даусыз батыл солдаттар неліктен керек? Кәдімгілері де жетіп артылар еді. Жалпы, биік ізгілік қолданысқа енсе – демек іс қараң деген сөз.

Аспаз. Ал мен ойладым, бұл жақсы белгі деп. 

Кураж шешей. Жоқ, жаман. Егер әлдебір қолбасшы немесе король, барып тұрған ақымақ өз адамдарын тіке көң үйіндісіне бастаса, мұнда, әрине, адамдар өлімнен қорықпауы керек, ал бұл қалай болғанда да ізгілік. Егер ол сараң және тым аз солдат алса, онда әскерлер шетінен алып геркулестер болуы керек. Ал егер ол еңбек етпейтін жалқау болып, миын қатырғысы келмесе, онда олар жыландай дана болуы керек, әйтпесе мүрдем қатады. Және де оған ерекше берілгендік керек, өйткені ол олардан әрқашанда көп нәрсені талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, адал елде, жақсы король немесе бас қолбасшы басқарса, жаппай ізгіліктің ешкімге керегі жоқ. Дұрыс елде ізгіліктер керек емес, онда кәдімгі адамдар болуға болады, шыли ақылды емес, меніңше, тіпті, қорқақ та болуға болады.

Қолбасшы. Бәс тіге аламын, сенің әкең солдат болатын.

Эйлиф. Қандай солдат болған деседі. Анам менің әрқашан сақтандыратын еді... Мен бір ән білемін. 

Қолбасшы. Бізге ән салсаңшы! (Айқайлайды). Түстік ас тез бола ма? 

Эйлиф. Ән «Солдат пен қатын туралы ән» деп аталады. (Ән салады, қолында қылыш, әскери би билеп жүріп). 

Біреулердің ажалы мылтықтан, біреулерді найза түйреп өлтіреді.

Ал өзеннің түбі – неге көр болмасын?

Жазғытұрым мұз қатерлі, менімен қалсаңшы – 

Солдатқа әйелі айтыпты. 

Бірақ даңғыра дүбірі мен соғыс гүрсілі

Солдатқа әйелінің сөздерінен ғөрі ұнамдырақ.

Жорық шаңын иіскейміз!

Біздер шақырымдарды адымдап басып өтеміз,

Найзаны ұшып келе жатқанда қағып ала аламыз – 

Солдаттар жауапқа айтқаны.


Игі кеңес береді – сен оған құлақ сал, қымбаттым,

Батылдықта емес, күш – даналықта.

Бәріне түкіріп қою – жақсылықтан жұрдай болу – 

Солдатқа әйелі айтыпты. 


Біз қатындарға сенбейміз – сужурек халық.

Жолай өзен кездессе – оны кешіп өтеміз.

Мундирімізді шаңнан жуамыз.

Шатырдың үстінде жұлдыз туса,

Сенің күйеуің саған біржола оралады – 

Солдаттар әйеліне айтыпты.

Кураж шешей. (Ас үйде әнге ілесе кетеді, қасықпен қыш құмыраны ырғаққа келтіріп). 

Ах, оның ерліктері ешкімді жылытпайды,

Ерліктерден бізге қуаныш аз.

Менің күйеуім жоғалды, құдай оны сақта –

Әйелі солдат туралы айтты.

Эйлиф. Бұл не?

Кураж шешей. (Ән салуын жалғастырып). 

Мундирде, қолынан тастамайтын найзасы бар

Солдат өзен сарқырамасына түсіп кетті.

Мұздар оны құрсады.

Шатырдың дәл үстінде жұлдыз жанды,

Бірақ нені, нені, бірақ нені сонда

Солдаттар әйеліне айтты екен?

Ах, оның ерліктері ешкімді жылытқан жоқ,

Және өзен түбі – ол дағы бір қабір.

Бәріне де түкіру – жақсылықтан құр қалу – 

Солдатқа әйелі айтты. 

Қолбасшы. Ас үйдегілер мүлдем жүгенсіз кетті. 

Эйлиф. (Ас үйге барады. Анасын құшақтайды). Міне, кездесу! Ал басқалары қайда?

Кураж шешей. (Ұлының құшағында). Бәрі аман-сау. Швейцеркас қазір Екінші Финляндскийдің қазынашысы. Тым құрыса оны шайқасқа жібермейді. Оны атымен алшақ ұстаудың сәті түспеді.

Эйлиф. Ал сенің аяғың қалай?

Кураж шешей. Тәңертеңгілік бәтеңкемді зорға киемін.

Қолбасшы. (Оларға жақындап кеп). Сен, сірә, оның анасысың. Сенің мен үшін тағы да тап осындай ұлдарың бар шығар деп үміттенемін. 

Эйлиф. Менің жолым болған жоқ па! Сен мұнда ас үйде отырып, өз балаңды қалай құптағанын естіп отырдың!

Кураж шешей. Иә, мен естідім. (Оның жағынан шапалақпен тартады). 

Эйлиф. (Бетін ұстай алып). Бұл менің өгіздерді тартып алғаным үшін бе?

Кураж шешей. Жоқ, бұл сен өзіңе төртеу жабылғанда, сені кескілеп тастағысы келгенде берілмегенің үшін! Мен саған өзіңді де ойла деп үйретпедім бе? Эх, сен, топас финн!

 Қолбасшы мен полк священнигі есікте тұрып күледі. 


3

Тағы бір үш жылдан соң Кураж шешей Финляндия полкінің қалдықтарымен тұтқынға түседі. Ол қызы мен жабық арбасын аман сақтап қалады, бірақ оның адал ұлы қаза табады.

Әскерлердің ашық далада жасайтын дамылы. Түстен кейінгі мезгіл. Сырықта – полк жалауы байланған. Фургон-жабық арбаның үсті толы ілінген әртүрлі тауарлар, арба мен дәу зеңбіректің арасында арқан тартылған. Кураж шешей арқаннан кір жинап алып, Катринмен бірге оны лафет - артеллериялық қару орнағына бүктеп қоюда. Бір мезгілде ол интендантпен (әскери бөлімдері мен мекемелерінің жабдықтау ісін басқарушы адам) бір қап оқ үшін саудаласуда. Швейцеркас, әскери қазынашының киімінде, оларды бақылып тұр. Иветта Потье есімді сұлу әйелшұбар қалпаққа бірдеңені жапсырып тігіп жатыр. Оның алдында бір стакан арақ. Ол шөлки киген. Оның өкшелі қызық туфлиі қасында тұр. 

Интендант.  Мен сізге бір қап оқ үшін екі гульден беремін. Бұл арзан, бірақ маған ақша керек, өйткені полковник екі күн болды офицерлермен бірге ішіп кетті, бүкіл спиртті ішімдік таусылды. 

Кураж шешей. Бұл ату жарақтары. Егер менен оларды тауып алса, мені әскери-дала соты соттайды.  Сіз оқтарды сатасыз, ал солдаттардың жауға  ататын оқтары жоқ.  

Интендант. Рақым етіңіз, адамның күні адаммен.

Кураж шешей. Әскери мүлікті мен алмаймын. Мынандай бағамен.

Интендант. Сіз бүгін кешкісін-ақ осы қапты төртіншінің жабдықтаушысына бес гульденге ақырын ғана сата аласыз, тіпті сегіз гульденге алады, егер оған он екіге алдым деп қолхат берсеңіз. Онда ату жарақтары атымен қалған жоқ.

Кураж шешей. Неліктен сіз оған өзіңіз сатпайсыз?

Интендант. Өйткені мен оған сенбеймін, екеуміз достармыз.

Кураж шешей. (Қапты алады). Ал, бер. (Катринге). Қапты алып кетіп, оған біржарым гульден бер. (Интенданттың қарсылығына жауап ретінде). Мен біржарым гульден деп айттым. 

Катрин сахнаның түбіне қапты алып кетеді, интендант оның соңынан кетеді. (Швейцеркасқа). Мә, өзіңнің тобыққа дейін түсетін ішкиіміңді ал. Байқа, ие бол, қазан айы тиіп тұр, көр де тұр, күз түсетін шығар, мен саналы түрде түсетін шығар дедім, түседі дегемін жоқ, мен бір түсінгенім, ештеңеге сеніп болмайды, тіпті жыл мезгілдеріне де. Не болып жатса да, сенің полк кассаң дұрыс болуы керек. Касса орнында ма? 

Швейцеркас. Орнында, ана. 

Кураж шешей. Жадыңда тұт, сені адал болған соң және ағаң сияқты батыл емессің, сол үшін бағалы заттарды, ақшаны сақтаушы қазынашы етіп тағайындады. Ал ең бастысы – сен аңқау болған соң. Сенің басыңа ғой, ақша сақтайтын темір сандықты алып зытып кету әсте келмейді. Бұл мені тыныштандырады. Байқа, ішкиіміңді жоғалтып алма.

Швейцеркас. Жоғалтпаймын, ана, мен оларды матрацтың астына тығамын.  (Кеткісі келеді). 

Интендант. Бірге кетейік, қазынашы.

Кураж шешей. Тек оны өз әдістеріңізге үйретпеңіз.

Интендант қоштаспастан Швейцеркаспен бірге кетеді.

Иветта. (Соңдарынан). Қоштассаң да болар еді, жабдықтаушы! 

Кураж шешей. (Иветтаға). Олардың бірге жүргенін сүймеймін. Менің Швейцеркасым үшін нашар серіктес. Ал соғыс болса керемет өріс алуда. Ол, сүйкімді, оған барлық елдер киліккенше әлі де он жылға созылады. Біраз көрегендік, біраз сақтық және менің ісім алға озады, саулық берсін. Сен не, өзіңнің дертіңмен аш қарынға ішуге болмайтынын білмейсің бе?

Иветта. Мені ауру деп кім айтты?

Кураж шешей. Бәрі айтады. 

Иветта. Бәрі өтірікші. Кураж шешей, мен сондай түңіліп кеттім, өйткені осы бір өтірік үшін баршасы менен борсыған астан мұрын шүйіргендей бас тартуда. Не үшін мына қалпағыммен әуреленіп отырмын! (Ашуланып кішкентай қалпағын лақтырып жібереді). Міне, таңсәріден ішіп отырмын, бұрын мұндайым жоқ болатын, осыдан әжімдер пайда болады, бірақ маған енді бәрібір. Екінші Финдянд әскерінде мені бәрі біледі. Одан да мен алғашқы жігітім тастап кеткенде үйде қалуым керек еді. Біздің қауымға паңдық жараспайды. Былғанбасаң – жарып шыға алмайсың. 

Кураж шешей. Қазір тағы да бәрі қайта басталады – Питер қандай еді, сондай-ақ қалай болып өтті. Тым құрыса менің бейкүнә қызымды ая.

Иветта. Оған әрбірден соң мұны тыңдау пайдалы, пісіп-қатады, махаббат сергелдеңге салмайды. 

Кураж шешей. Бұл жерде әйелге ешқандай шынықтыру көмектеспейді. 

Иветта. Мен бәрібір айтамын, өйткені айтсам жеңілдеп қаламын. Өзімнің тамаша Фландрияда өскенімнен бастайын.Өйтпегенде мен онымен жолықпас едім ғой, дәл қазір мұнда, Польшада ербиіп отырмас едім ғой. Өйткені ол әскери аспаз болатын, ақ жүзді, голланд, бірақ арық. Катрин, арықтардан сақтан, ал мен болсам ол кезде мұның сырын әлі білгемін жоқ әрі оның тағы басқа біреуі болғанын да білгемін жоқ, оны жалпы «Мүштікті Питер» деп атайтын еді, себебі ол тіпті аймаласып жатып та аузынан мүштігін тастамайтын, ол үшін бұл сондай әншейін нәрсе болатын. 

 («Бауырласу туралы әнді» салады). 

Менің жасым он жетіде болатын,

Біздің қала гүл көктемде берілді.

Маған деген дос пейілін,

Дұшпан мейлінше танытты.


Таң мөлдіреп атқанда

Полк төртбұрышты сап құрды,

Айнала тегіс қалтырайды.

Ал ымырт қоюланған сәтте

Орманда, бұта менен шөпте

Біз дұшпанмен бауырластық.


Менің жауым аспаз еді,

Бірақ сор қайда десейші:

Ол маған тек күндіз жеккөрінішті болса да,

Ал түн баласы – ешқашан.


Таң сәріде, күн туғанда,

Полк төртбұрышты сапқа тұрды,

Айнала абыржып кеткен.

Ал түн ішінде, тоғайда, 

шөп жастанып, бұта жамылып,

Дұшпаныммен құшақтастым. 


Адамзаттың заңдарынан күштірек,

Махаббаттың қасиетті билігі.

Қарсыласым менің, шіркін-ай,

Жаулық емес,

Құштарлық туғызды. 


Бір жолы таң сәріде,

Салқын қазан айында,

Бәрі астаң-кестең болғаны.

Дағыра дабыл қағылып, 

Полкпен бірге менің сүйіктім кете барды,

Мен дұшпанымнан айрылдым...

Бақытсыз байғұс мен оны соңынан қуып кеттім. Оны ешбір жерде кездестірген емеспін, міне, бес жыл зулап өте шықты.

Кураж шешей.  Қалпағыңды көтерсеңші. 

Иветта. Кім алғысы келсе, сол алсын. 

Кураж шешей. Міне саған сабақ, Катрин. Солдат бықсықтармен әуейі болма. Махаббат көктен бұйырады, тылсым күштердің еркінде, осыны біл. Тіпті әскерде жүрмегендермен де сүйіспеншілік – шекер емес. Басында ол сенің басып өткен іздеріңді сүюге әзірмін дейді – айтпақшы, сен кеше аяғыңды жудың ба? – ал сосын сен оның қызметшісі болып шығасың да қоясың. Сенің тілсіздігің бағың, саған өз сөзіңнен танып кетуге қажеті болмайды және өз тіліңді шындықты айтты деп қарғап та жатпайсың. Мылқаулық – бұл құдайдың сыйы. Ал міне, қолбасшының аспазы келді, бұған не керек болды?

 Аспаз бен полк священнигі кіреді.

Полк священнигі. Мен сізге өз ұлыңыз Эйлифтің тапсырмасымен келдім, ал аспаз маған ілесе келді, сіз оған әсер қалдырдыңыз.

Аспаз. Мен оған таза ауамен тыныстап келейін деп ердім.

Кураж шешей. Қанша ауа жұтамын десеңіз де еркіңіз, тек өзіңізді дұрыс ұстаңыз. Ал олай болмаса, мен бәрібір сізді жеңіп шығамын. Оған менен не керек? Артық ақша менде жоқ.

Полк священнигі. Мен тегінде оның ағасымен сөйлесуім керек, қазынашы мырзамен.

Кураж шешей. Ол мұнда жоқ және жалпы ол ешқайда жоқ. Швейцеркас өзінің ағасына қазынашы емес. Және де ол ағасын азғырмай-ақ қойсын, жаман іске араластырмасын. (Полк священнигіне иығында ілінген сөмкесінен ақша алып береді). Оған мынаны беріңіз. Ана махаббатын әдейі пайдалану күнә, ұялса етті.

Аспаз. Ұзамай бұл бітеді, ол полкпен кетеді. Кім білсін, мүмкін, ажалына бара жатқан шығар. Ең дұрысы үстемелеңіз, әйтпесе сосын өкініп қаларсыз. Сіздер, қатындар, әуелі қырсығасыздар, сосын опынасыздар. Бір стакан арақ – бұл дәнеңе емес, бірақ, ол қажет болғанда, сіздер оны әкеліп бермейсіздер, ал сосын, көресің, адам шөпке көміліп жатады, ал сіздер оны топырақтан қазып алмайсыздар. 

Полк священнигі. Көңіліңіз бұзылмасын, аспаз. Соғыста мерт болу – бұл жағымсыздық емес, бақыт. Бұл қасиетті соғыс қой. Кәдімгі соғыс емес, ерекше, сенім үшін, дін жолындағы күрес, яғни, құдайға жағатын соғыс. 

Аспаз. Бұл рас. Бір жағынан, бұл соғыс, мұнда өртейді, кескілейді, тонайды және ақырындап зорлайды, дегенмен, екінші жағынан, ол басқа соғыстардан айырмасы, дін атымен жүргізіліп жатыр. Алайда сіз мойындауыңыз керек, мұндай соғыста да адамға тамағын шайып алатын ішімдік керек.

Полк священнигі. (Кураж шешейге, аспазды нұсқап). Мен оны бөгейін деп едім, бірақ ол айтады, сіз оны баурап алған екенсіз, сізді қиялдай береді. 

Аспаз. (Кішкентай мүштігін тартып). Менің басымда ешбір жаман ой жоқ. Мен әдемі қолдан бір стакан арақ алғым келді – болғаны сол-ақ. Бірақ мен бұл үшін жаза тарттым: жол бойы священник тұздығы күшті әзілдерді ағытты дерсің, әлі де қызарып тұрған болармын. 

Кураж шешей. Пастор киімін киіп алып па! Ішімдік беруге тура келеді, әйтпесе, іштеріңіз пысып, маған пасық ұсыныс жасап, жабысып жүрмеңіздер.

Полк священнигі. Бұл азғыру, сарай маңындағы бір священник төзе алмай кеткенде айтқаны. (Кетіп бара жатып, Катринге бұрылып). Ал мынау сүйкімді кісі кім болады? 

Кураж шешей. Ол сүйкімді кісі емес, әдепті, өнегелі қыз. 

Полк священнигі мен аспаз Кураж шешеймен жабық арбаның ар жағына кетеді. Катрин олардың соңдарынан қарап тұрады, киімдерді тастай сала, қалпаққа жақындайды. Ол оны жерден алады да, басына киеді, отырып, қызыл туфлиді де киеді. Жабық арбаның сыртында Кураж шешей полк священнигі және аспазбен саясат туралы айтып жатқаны естіліп тұрады. 

Кураж шешей. Мына поляктарға, осында, Польшада тұрып жатқан, килігудің текке қажеті жоқ еді. Шындығында біздің король оларға жаяу әскер және атты әскермен басып кірді. Алайда бейбітшілікті сақтаудың орнына поляктар өзіне меншікті істеріне қатысып әрі өздеріне тиіспесе де корольге шабуыл жасады. Демек, тыныштықты бұзған олардың өзі және төгілген қан түгел солардың мойнында. 

Полк священнигі. Біздің король тек бостандық туралы ойлады. Император бәрін езгіде ұстады – поляктарды да, немістерді де. Ал король оларды азат етуге міндетті болатын. 

Аспаз. Рас, сіздің арағыңыз тамаша, сіздің жүзіңіз мені алдаған жоқ, ал корольге келсек, ол Германияға енгізгісі келген бостандық оған қымбатқа түсті. Швецияда ол тұзға салық енгізді, ал бұл болса, мен айтқандай,кедейлерді жұтатты. Сосын ол немістермен көп әуреге түсті. Оларды торға қамап, аяқ-қолдарын шауып жазалау керек, өйткені олар императордың құлдары болып көндігіп алды. Әлбетте, кім азат болғысы келмесе, солармен король азап шегер еді. Әуелде ол тек Польшаны зұлымдардан қорғағысы келді, әсіресе, императордан, бірақ тәбет ас үстінде келмеуші ме еді, сөйтіп, ол күллі Германияны қорғады. Ал Германия  болса қарсылық жасауға көшті. Демек мейірбан король қайырымдылығы мен шығындары үшін кілең кеселге ұрынды, ал шығындарын ол, әрине, салықтармен жаба бастады, бұл наразылық тудырды, бірақ бұған оның түкіргені бар. Оның жағында қалай болғанымен құдай сөзі. Әйтпегенде ол мұны пайдакүнемдіктен жасап жатыр деген ой кетер еді. Яғни оның ар-ұяты әрқашан таза, бұл ол үшін ең басты нәрсе. 

Кураж шешей. Сіздің швед емес екеніңіз бірден көрініп тұр, әйтпесе қаһарман король туралы бұлай сөйлемеген болар едіңіз.

 Полк священнигі. Әрбірден соң сіз оның нанын жеп отырсыз. 

Аспаз. Мен оның нанын жеп отырған жоқпын, мен оған нан пісіріп беріп отырмын.

Кураж шешей. Оны жеңу мүмкін емес, жоқ, халық оған сенеді. (Байсалды). 

Үлкен бастықтарды тыңдасаң, олар жақсы әрі тамаша іс үшін тек құдайдан қорыққанынан соғысып жүр. Ал үңіле қарасаң – олар тіптен де ақымақ емес, олар өз пайдасы үшін соғысып жүр. Мен сияқты кішкентай адамдар ғой бұған қатыспай-ақ та қояр еді.

Аспаз. Рас.

Полк священнигі.  Сізге, голланд болғандықтан, Польшада жүрген соң, әуелі қандай жалау желбіреп тұр, соған қарап алып барып, өз пікіріңізді айтсаңыз болар еді. 

Кураж шешей. Біз мұнда бәріміз де, құдайға шүкір, інжілдік діндеміз. Аман болыңыздар!

Қалпақты басына киіп алып, Катрин Иветтаның қылымсыған жүрісіне еліктейді. Кенеттен бірнеше зеңбіректің үздіксіз атуы мен мылтық атыстары естіледі. Даңғыра соғылады. Кураж шешей, аспаз және полк священнигі жабық арбаның ар жағынан жүгіріп кетеді, екі еркектің қолдарында стакандары бар. Интендант пен солдат шығады. Олар зеңбіректі бас салып, оны тасаға сүйреп апаруға тырысады. 

Кураж шешей. Не болды? Маған әуелі кірлерді жинап алуға мұрсат беріңдер, ақымақтар. (Өзінің кірлерін сақтап қалуға ұмтылады).

Интендант. Католиктер! Тұтқиыл шабуыл. Кетіп үлгере алмайтын да шығармыз. (Солдатқа). Бұл жерден қаруды алып таста! (Жүгіріп кетеді). 

Аспаз. Құдайым-ай, маған бас қолбасшыға бару керек. Кураж, жуықта мен тағы келемін, сонда біз сөйлесерміз! (Зыта жөнеледі). 

Кураж шешей. Тоқтай тұрыңыз, сіз мүштігіңізді ұмытып барасыз.

Аспаз(Алыстан). Оны сақтап қойыңыз! Ол маған қажеті болады.

Кураж шешей. Қарашы, қас қылғандай, біз табыс таба бастап едік.

Полк священнигі.  Иә, мен де кетейін. Әлбетте, дұшпан тақап қалса, бұл қауіпті. Бейбітшілікті сақтаушылар диуана – міне соғыстың ережесі. Егер мен жадағай жамылып алсам...

Кураж шешей. Мен жадағайды жалға бемеймін, тіпті бұл өмір мен өлім туралы болса да. Менің аузым әбден күйген. 

Полк священнигі.  Бірақ менің дінім мені айрықша қатерге душар етті.

Кураж шешей. (Оған плащ алып шығады). Мен өз ожданыма қарсы шығып тұрмын. Жүгіріңіз.

Полк священнигі. Құлдығыңыз болайын, сіз өте кеңпейілсіз, алайда, бәлкім, маған осында отырған дұрыс шығар, мен сірә, қаша жөнелсем, жаудың күдігін өзіме аударып алармын.

Кураж шешей. (Солдатқа). Зеңбіректі жайына қалдыр, есек, бұл үшін кім саған ақша төлейді? Мен оны сенен сақтауға қабылдап аламын, сен әйтпесе сол үшін құрисың ғой. 

Солдат. (Жүгіріп бара жатып). Сіз растайсыз ғой, мен тырыстым...

Кураж шешей. Растаймын, ант етейін. (Қызының қалпақ киіп алғанын байқайды). Сен неге қалпақ киіп алдың, сен не, салдақы ма едің? Қазір көзін құрт, сен немене, есіңнен ауысқанбысың? Жау жағадан алғанда! (Катриннің басынан қалпақты жұлып алады). Олар сені байқап қалып, бұзылған, азғын әйел жасағанын қалайсың ба? Өзі туфлиді де киіп алғанын қара, мынау Вавилон зинақорының! Туфлиіңді сайтан алсын! (Оның аяғынан шешіп алғысы бар). Иисусе, көмектес маған, священник мырза, оны аяғынан шешіп тастауға мәжбүрлеңіз. Мен қазір келемін. (Жабық арбаға жүгіреді).

Иветта. (Бетіне опа жағып шығады). Сіздерге бұл ұнай ма, католиктер шабуылдауда? Менің кішкентай қалпағым қайда? Оны кім жаншып тастаған? Әне-міне католиктер келгенде мен мынау түріммен қала алмаймын ғой. Олар мен туралы не ойлайды? Қолымда айнам да жоқ. (Священникке). 

Қалай көрінемін? Опаны баттап жібергем жоқ па? 

Полк священнигі.  Жоқ, мөлшері тура. 

Иветта. Ал қызыл кебістерім қайда? (Оны таппайды, өйткені Катрин аяғын юбкасының астына тығып алған). Мен аяқ киімді осында қалдырғамын. Маған өз шатырыма кетуге тура келеді. Жалаңаяқ! Масқара! (Кетеді). 

 Швейцеркас қолында шағын қобдишасы бар, жүгіріп жетеді. 

Кураж шешей. (Бір уыс күл ұстап оралады. Катринге). Міне, күл. (Швейцеркасқа) .Сен немене алып келдің?

Швейцеркас. Полктың кассасын. 

Кураж шешей. Оны таста! Қазынашы болып біттің.

Швейцеркас. Оны маған сеніп тапсырды. (Сахнаның түпкіріне кетеді). 

Кураж шешей. (Полк священнигіне). Пасторлық ұзын етек сүртігіңді шешіп тастағаның жөн болар, әйтпесе жадағай да көмектеспейді. (Катриннің бетіне күл жағады). Тыныш тұр. Міне, былай, біраз кір-қожалақ, сонда қауіптен тыссың. Міне, сор! Бүкіл күзет қорғауында мас болмаған біреу жоқ. Енді барыңды көрсетпе, бұғып қал. Солдат, әсіресе, католик, жүзің айдай жарқырап тұрса болғаны – жер бетінде бір салдақының саны артты дей бер. Олар бір апта бойы ас ішпей жүреді, ал тойынып алса-ақ, қатындарға бас салады. Ал, енді жарап тұр. Кәнекей, қарашы. Жаман емес. Тура кірге аунап тұрғандай. Қалтырама. Енді саған түк те болмайды. (Швейцеркасқа). Сен кассаңды қайда тықтың?

Швейцеркас. Мен оны жабық арбаға жасырдым, немене?

Кураж шешей. ( Ашу кернеп). Не, менің жабық арбама ма? Қандай құдайға қылмысты ақымақтық! Бұрылып та үлгермедім – ал, саған. Олар біздің үшеумізді де асып қояды!

Швейцеркас. Мен онда басқа жерге тығайын, болмаса оны алып қашайын! 

Кураж шешей. Сен осында қаласың, ендігің кеш.

Полк священнигі. (Ол сахнаның түпкірінде киімін ауыстырады). Ту, құдай үшін, ту! 

Кураж шешей. (Полктың туын түсіреді). Құдай ана! Маған көз алдымнан өте шықты. Жиырма бес жыл ол менде. 

 Зеңбіректердің үздіксіз атуы қаттырақ естіледі. 

Таң, үш күн өткен соң. Зеңбірек жоқ. Кураж шешей, Катрин, полк священнигі және Швейцеркас таңғы асын ішіп отыр. Бәрінің жүзі абыржулы. 

Швейцеркас. Мен міне, үшінші күн түк бітірмей қарап отырмын, ал фельдфебель мырза, – ол маған әрдайым мейірбан, – фельдфебель мырза, сірә, біздің Швейцеркас солдаттардың жалақысымен бірге қайда жоғалып кетті деп сұрап жатқан болар?

Кураж шешей. Сенің ізіңе түспегені үшін қуансаңшы.

Полк священнигі.  Ал мен ше? Мен-дағы осында дін жорасын өтей алмай жатырмын, өйткені қорқамын. Жүректе не бар, тіл соны айтады делінген, бірақ менің тілім соны айтса, онда сорым қайнайды! 

Кураж шешей. Міне, осындай шаруалар басты! Біреуі менің мойныма дінін артып қойды, ал екіншісі – өзінің кассасын артып қойды. Мұның қайсысы қатерлі екенін білмедім.

Полк священнигі. Енді біздер шынтуайтында құдайдың қолындамыз. Кураж шешей. Біздің шаруамыз соншалық жаман деп те ойламаймын, бірақ түн баласында мен көз іле алмай жүрмін. Сенсіз, Швейцеркас, жеңілірек болар еді. Мен, шамасы, олармен жарастыққа келдім. Мен оларға айттым, мен антихрист-шведке қарсымын, оның, мүйіздері бар дегендей, мен өзім көрдім – сол шекесіндегі мүйіз біраз мұқалған. Тергеу кезінде мен месса – католик дін жорасы үшін шырағдандар туралы сөзді қыстырдым; оларды қайдан лайықты бағаға сатып алуға болады? Менің айтуым жақсы шықты, себебі Швейцеркастың әкесі католик болатын әрі ол шырағдан туралы әзілдеуді сүйетін. Олар маған аса бір сене қоймайды, бірақ олардың полкында саудагерлер жоқ. Сондықтан маған немқұрайды қарайды. 

Полк священнигі.  Сүт жақсы екен. Ал санға келер болсақ, ендеше бізге өзіміздің шведтік тәбетімізді басуға тура келеді. Біз қалай дегенмен жеңілдік.

Кураж шешей. Кім жеңілген? Үлкен бастықтардың жеңістері мен жеңілістері кішкентай адамдардың жеңістері мен жеңілістерімен әрқашан бірдей түсе бермейді. Кішкентай адамдарға жеңіліс пайдалы болатыны болады. Тек абырой жоғалады, ал қалғаны бәрі қалыпты. Лифляндияда, есімде, жау біздің қолбасшыны қатты соқты, маған астан-кестен қарбаласта тіпті жүк тиеген арбадан кішкентай ат тиді. Бақандай жеті ай ол менің жабық арбамды тартты, ал сосын біз жеңдік, тексеріс басталды. Жалпылай алғанда, мына бізге, қарапайым адамдарға, жеңістер де, жеңілістер де қымбатқа түседі деп айтуға болады. Біз үшін бәрінен жақсысы, саясат тұралап тұрса. (Швейцеркасқа). Же!

Швейцеркас. Аузыма кесек батпай отыр. Фельдфебель қалайша әскерлерге жалақы төлейді енді?

Кураж шешей. Қашып кетіп жатса, қайдағы жалақы.

Швейцеркас. Бәрібір, олардың құқығы. Тегіннен тегін зытып кетпесін. Олар бір қадам да тегін жасауға міндетті емес.

Кураж шешей. Швейцеркас, сенің ақ ниеттілігің мені шошытып отыр. Мен сені адал болуға үйреттім, ақылың керемет емес сенің, бірақ адалдықтың да өзінің шегі болады. Ал енді біз қазір священникпен бірге католик жалауын және ет сатып алуға барамыз. Етті дәл ол сияқты таңдай алатын ешкім жоқ. Ол мұны қатесіз жасайды, тура айкезбе сияқты. Мен ойлаймын, ол сүбелі кесектерді көргенде сілекейі шұбырып кетеді, содан жаңылыспай таңдайды. Құдайға шүкір, олар маған сауда жасауға рұқсат берді. Саудагерден дін туралы емес, баға туралы сұрайды. Ал лютерандық дамбалдар оларды да жылытады.

Полк священнигі.  Біреу лютерандар бәрін – қалалар мен ауылдарды төңкеріп тастайды десе, қайыршы монах бұған: дәнеңе етпейді, қайыршылар қашанда керек болады деп жауап беріпті. 

Кураж шешей жабық арбаға еніп жоқ болады. 

Полк священнигі.  Қобдишаға бола ол маза таппай жүр. Бұл уақытқа дейін бізге зейін салмай келді, біздер тап бір жабық арбада тұратындай, алайда, бұл ұзаққа созылар ма екен?

Швейцеркас. Мен оны алып кете аламын.

Полк священнигі.  Бұл тегі тіпті қауіптірек. Тұтқиылдан біреу көріп қойса! Олардың тыңшылары өріп жүр. Кеше таңертең менің алдымнан біреуі тура ордан шыға келгені, дәретке отыруға барғанмын. Шошынғаннан дұға айтып жібере жаздадым. Дұғам мені ұстап берер еді. Олар тіпті нәжісіңді де иіскеп көруге бар, лютерандықты иісінен танып білу үшін. Мынау жансыз – көзіне таңғыш байлаған кішкентай қортық біреу.

Кураж шешей. (Жабық арбадан қолында кәрзеңке ұстап түсіп жатып). 

Менің не тапқанымды қара, сенің ұятың жоқ! (Салтанатты түрде қызыл туфлиді жоғары көтереді). Иветтаның қызыл туфлиі! Ол жайынша иемденіп алыпты. Өйткені, сіздер оған тартымдысың деп сендірдіңдер. (Туфлиді кәрзеңкеге қояды). Мен оны қайтарамын. Иветтадан туфли ұрлау! Ол өзін ақша үшін құртып жүр, мен оны түсінемін. Ал сен болсаң өзіңді текке құртқың келеді, қызық үшін. Мен саған айтқанмын: бейбітшілікке қол қоймайынша күте тұру керек деп. Тек солдатқа шығудың қажеті жоқ! Бейбіт кезді күт, сосын барып өзің туралы қиялда!

Полк священнигі.  Меніңше, ол қиялдамайды.

Кураж шешей. Қиялдағанда қандай! Даларнедағы тас сияқты елеусіз болғаны жақсы, ол жерде тек тастар ғана, «Бұл жарымжан көрінбейді. естілмейді» деп адамдар айтса айта берсін. Есесіне оған ештеңе болмайды. (Швейцеркасқа). Қобдишаны қозғама, естимісің? Және қарындасыңды байқап жүр, оны бақылап жүру керек. Сендер мені тіптен көрге тығарсыңдар. Бүргелердің табынын баққан жақсы шығар, сендермен әуре болғаннан. (Полк священнигімен бірге кетеді). 

 Катрин ыдыстарды жинастырады. 

Швейцеркас. Ұзамай күнде бір көйлекпен отыруға болмайды.

 Катрин ағаштарды нұсқайды. 

Швейцеркас. Иә, жапырақтар сарғайды. 

 Катрин ымдап одан ішкің келе ме деп сұрайды. 

Швейцеркас. Жоқ ішкім келмейді.Мен ойлап отырмын. 

 Үнсіздік. 

Швейцеркас. Ол ұйқымды жоғалттым деп айтты. Мен бәрібір қобдиды алып кетуім керек, ол үшін құпия орын таптым. Сірә де маған бір стакан құйып жібер. 

 Катрин жабық арбаны айналып кетеді. 

Швейцеркас. Мен оны өзендегі көртышқанның ініне тығайын, ал сосын сол жерден алып кетемін. Бәлкім, бүгін түнде, таңға жақын, мен оны сол жерден алып, полкке апарайын. Үш күнде олар алысқа ұзап қашып кетпейді. Фельдфебель мырза таңданғаннан көзін бақырайтады. «Сен мені жағымды қайран қалдырдың, Швейцеркас, – міне ол солай дейді. – Мен саған кассаны сеніп тапсырдым, сен оны қайтарып беріп тұрсың».

Жабық арбаның сыртынан толтырылған стаканмен шығып, Катрин тап алдынан екі еркекті көреді. Олардың біреуі фельдфебель мундирінде. Екіншісі сыпайы түрде қыздың алдында қалпағын бұлғайды. Оның бір көзінде таңғыш бар.

Көзіне таңғыш таққан адам. Амансыз ба, сүйкімді бойжеткен! Сіз бұл жерден Екінші Финлянд ордасының жігітін көрмедіңіз бе?

 Қорқып кеткен Катрин арақты төгіп алып, шымылдықтың алдындағы сахнаға жүгіреді. Швейцеркасты байқап, бейтаныс адамдар бір-біріне қарасады да алшақтайды. 

Швейцеркас. (Ойға батудан шығып). Жартысын төгіп алдың. Сен не қисаңдайсың? Көзіңді ұрып алдың ба, немене? Мен сені түсінбеймін. Маған кету керек, солай деп шештім, бұл ең дұрысы. (Ол тұрады. Катрин барынша оны қауіп туралы сақтандырғысы келеді. Ол оған қолын бір сілтейді). Басыңда не бар екенін білгім келер еді. Әрине, сенің ойыңда тек жақсылық қана бар, байғұс, сен сөйлей алмайсың енді. Арақты шайқап төгіп алғаның дәнеңе етпес, әлі талай ішермін, бұған қарап қалған түк жоқ. (Жабық арбадан қобдиды алады да, оны қойнына тығады). Мен қазір ораламын. Жоқ, сен мені бөгеме, әйтпесе, мен ашуланамын. Әлбетте, сенің ойыңда тек жақсылық. Тілің болғанда ғой...

  Катрин оны жібермей ұстап қалғысы келеді, бірақ Швейцеркас оны сүйеді де, бұлқынып шығып кетеді. Катрин қапаланып, арлы-берлі жүгіреді, түсініксіз дыбыстар шығарады. Полк священнигі мен Кураж шешей кері оралады. Катрин анасын бас салады. 

Кураж шешей. Не болды, не болып қалды? Өңің қашып кетіпті ғой. Біреу тиісті ме? Швейцеркас қайда? Маған дұрыстап айтшы, Катрин. Анаң сені түсінеді. Немене, мынау кеще қоймай қобдиды алып кетті ме? Мен оның тұмсығына қобдишамен соғамын, жексұрынды. Тыныштал, шырылдай бермеші, қолыңмен көрсет, сенің ит сияқты қыңсылағаныңды жақсы көрмеймін, священник не ойлайды? Ол үрейден естен танады. Мұнда жалғызкөз болды ма?

Полк священнигі.  Жалғызкөз – бұл жансыз. Олар Швейцеркасты алып кетті ме?

 Катрин басын шайқайды, иығын қисаңдатады. 

Полк священнигі.  Біз құрыдық.

Кураж шешей. (Кәрзеңкеден католиктік туды алып шығып, полк священнигі оны тутұғырға бекітеді). Жаңа туды көтеріңдер! 

Полк священнигі. (Құсалы). Біздің баршамыз, құдайға шүкір, католик дініндеміз.

 Сахнаның түбінде дауыстар естіледі. Фельдфебель мен жалғызкөз Швейцеркасты жетектеп әкеледі.

Фельдфебель. Бұлардың бәрі бір топ. Сендер бір-біріңді білесіңдер.

Кураж шешей. Біз? Қайдан?

Швейцеркас. Мен оларды білмеймін. Бұлар кім екені маған неге керек, оларда менің шаруам қанша. Мен бұлардан түстік ас жедім, он геллер төледім. Бәлкім, сіздер мені сонда көрген боларсыздар, ал түскі астың тұзын ащы қылып жіберіпті.

Фельдфебель. Демек, сіз бұларды білмейтін түр танытып тұрсыз ғой?

Кураж шешей. Оны мен қайдан білейін? Мен бәрін біле бермеймін ғой. Мен есімі кім, пұт құдайға табына ма екен деп әрқайсысынан сұрап жатпаймын ғой. Ақша төлейді, демек, пұтқа табынбайды. Сен пұтқа табынушы емес шығарсың?

Швейцеркас. Атымен жоқ.

Полк священнигі.  Ол өзін мұнда әдепті ұстады әрі тамақ ішкенде болмаса, аузын ашқан да жоқ. Ал мұнда басқаша бола да қоймайды.

Фельдфебель. Ал өзің кімсің?

Кураж шешей. Бұл бар болғаны менің буфетшім. Ал, сіздер болсаңыздар, тамақ жібітуге қарсы емес шығарсыздар, мен сіздерге бір-бір стаканнан құяйын, сіздер, әрине, жүгіргенде терлеп те кеттіңіздер.

Фельдфебель. Біз қызметте жүргенде ішпейміз. (Швейцеркасқа). Сен бірдеңені алып кеттің. Сен жағада бірдеңені жасырып тығып қойдың. Сен бұл жерден кеткенде күртең торсиып тұрды.

Кураж шешей. Ал ол сол адам ба екен?

Швейцеркас. Сіз, шамасы, басқа біреуді айтып тұрсыз. Мен осында біреуді көрдім, оның күртесі расымен  қампиып тұрды. Мен ол емеспін.

Кураж шешей. Мұнда, меніңше, бір жаңсақтық тұрған сияқты, несі бар, бола береді. Мен ғой кісі танимын, мен – Куражбын, өздеріңіз білесіздер, мені бәрі де  біледі, ендеше мен айтсам, оның түрі адал адамдікі.

Фельдфебель. Біз Екінші Финлянд полк кассасын іздеп жүрміз және бізге оны тығып сақтаушы жігіттің нышандары белгілі . Біз оны екі күн іздедік. Бұл сенсің.

Швейцеркас. Жоқ, ол мен емеспін.  

Фельдфебель. Егер оны бізге бермесең, онда саудаң бітті дей бер, соны біл. Касса қайда?

Кураж шешей. (Лапылдап). Ол, әрине, оны бере салар еді, әйтпесе, басы кетпей ме.  Ол бірден айта салар еді ғой, ақша менде, сіздер күштісіздер, мінекей алыңдар. Ол соншалық ақымақ емес шығар. Айтсаңшы, фельдфебель мырза саған құтылуға мүмкіндік беріп тұр ғой, барып тұрған нақұрыс екенсің.

Швейцеркас. Ал ол менде болмаса қайтемін?!

Фельдфебель. Онда бізбен бірге жүресің. Біз сенің тіліңді шешеміз.

 Оны алып кетеді. 

Кураж шешей. (Арттарынан айқайлайды). Ол айтар еді. Ол сондай бір мақұлық емес қой. Оның қолын қайырмаңдар деймін! (Соңдарынан жүгіреді). 

 Сол бір кеш. Полк священнигі мен мылқау Катрин стакандарды шайып, пышақтарды тазалайды. 

Полк священнигі.  Біреу қазаға ұшырайтын жағдайлар дін тарихы үшін жаңалық емес. Христостың қасіретін еске салайын. Бұл туралы баяғыда жыр туған. («Сағаттар» әнін салады).

Кісі өлтіруші және сұм ретінде,

Біздің құдайды кезінде

Понтий Пилаттың сарайына

Алып келген болатын.


Иисус жауыз емес,

Алдамшы іске ұста да емес,

Түс ауған шақта

 Айдан айқын болып шыққаны.


Понтий, қу түлкі,

Ережені бұзбаған.

Ол Иисусты сағат үште

Иродқа аттандырып жіберді.


Құдай ұлын қамшымен сабап ұрды,

Арқасын қан жоса қылды.

Тасжүрек адамдар

Біздің Тәңіріге түкірді.


Ол ауыр адымдайды,

Арқада зіл батпан жүгі бар,

Шаршаған маңдайын, 

Тікенек шір күйдіріп барады.


Сағат алтыда оны айқышқа керді

Қара тобыр мазағында.

Христостың бар киімі –

Тікенектен шоғыр ғана.


Күлкі үшін оның аузына,

Сірке суы мен өт тамызды,

Қағылған-соғылғандар қараңғы түскенше құтырды. 

Ол бәрін үнсіз көтерді.


Сағат тоғызда ұлың өлді, құдай,

Жаны қиналып, ыңырсып.

Иисустың бүйірін, 

Найзамен адамдар түйреді.


Жартастарды күн күркіреп жоқ қылды,

Көк аспанның орнына – тұңғиық,

Және қақпа ашылды,

Көк Тәңірінің патшалығына.


Ал жарадан – қан аралас су,

Иә, ақпай қайдан қалады?

Міне, сөйтіп адам нәсілі

Адамзат ұлымен не істеді десеңші.

Кураж шешей. (Толқып жүгіріп келеді). Іс насырға шапты, не өмір, не өлім. Алайда, фельдфебельмен келісуге болады. Тек олар атымен бұл біздің Швейцеркас екенін білмеуі керек, әйтпесе, біз оны жасырып, бүркемелеген болып шығамыз. Іс тек ақшаға тіреліп тұр. Ақшаны қайдан тапсақ екен? Иветта мұнда келген жоқ па? Мен оны кездестірдім. Ол полковникті икемдеп алды, бәлкім, ол оған саудагердің жабық арбасын сатып әперетін болар.

Полк священнигі.  Сіз оны шынымен сатпақсыз ба? 

Кураж шешей. Фельдфебель үшін ақшаны қайдан аламын?

Полк священнигі.  Сонда қалай күн көрмексіз?

Кураж шешей. Дәл солай.

 Иветта Потье кәп-кәрі полковникпен бірге кіреді.

Иветта. (Кураж шешейді құшақтайды). Кураж, қымбаттым, міне, біздер тездеп қайта кездестік! (Сыбырлап). Ол қарсы емес. (Қатты). Бұл менің жақын досым, ол маған тыңғылықты кеңестер береді. Мен кездейсоқ білдім, жағдайға байланысты сіз жабық арбаны сатады дейді. Мен тегі, сіздің ұсынысыңыз туралы ойладым.

Кураж шешей. Сатпаймын, тек кепілге бергім келеді, асығыс қимылдамау керек, соғыс уақытында мұндай жабық арбаны қайтадан сатып ала қою оңай емес.

Иветта. (Көңілсіз).Ах, тек кепілге ме, ал мен сатады екен деп ойладым. Бұл маған қызықты ма, оны білмеймін. (Полковникке). Сен қалай ойлайсың?

Полковник. Мен толығымен сенің пікіріңе қосыламын, сүйіктім.

Кураж шешей. Иә, тек кепілге ғана.

Иветта. Мен сізге ақша керек шығар деп ойладым.

Кураж шешей. (Нық). Иә, маған ақша керек, бірақ табанымнан таусылсам да маған кепілзатқа қаржы беретін адамды іздеп сабылайын және жабық арбаны сатамын. Солай бола ма десеңші, ол бізді асыраушы ғой. Сәтті жіберіп алма, Иветта, кім біледі, енді мұндай мүмкіндік қашан туарын әрі оның үстіне оң ақыл беретін жақсы досың қасыңда. Солай емес пе?

Иветта. Иә, менің досым ойлайды, маған келісу керек, дегенмен өзім де біліп тұрғамын жоқ. Тек кепілге болмаса... Сен де бізге бірден сатып алу керек деп санайсың ба?

Полковник. Мен де солай ойлаймын.

Кураж шешей. Онда саған қайда сатыларын іздеу керек. Мүмкін, табарсың да; егер сенің досың апталап немесе екі апта біраз жүрсе, сірә, қолайлы бірдеңе табылып та қалар.

Иветта. Иә, шамалы уақыт жүреміз, іздейміз, мен жүріп іздегенді ұнатамын, екеуміз бірге жүреміз, Польди, сенімен бірге жүру рахат емес пе, шындық қой? Бұл тіпті екі аптаға созылса да! Ал егер ақша алсаңыз, сіз оны қашан қайтарар едіңіз?

Кураж шешей. Екі аптадан соң, әйтпесе бір аптадан соң.

Иветта. Мен шешім жасай алмай отырмын, Польди, cheri, ақыл қос, қалай болады. (Полковникті бұрып алып кетеді). Білемін, ол сатуы керек, маған бұған мазасызданудың қажеті жоқ. Және прапорщик, анау ақсары жігіт, маған қарызға ақша ұсынып отыр. Ол маған естен тана ғашық болып қалды, біреуді есіне салатын көрінемін, солай дейді. Маған қандай кеңес бересің?

Полковник. Мен одан сені сақтандырамын. Ол жаман адам. Ол мұны пайдаланады. Мен саған әлдене сатып әперемін деп уәде еттім ғой, солай ма, сүйкімдім?

Иветта. Мен сенен ондай сыйлықты қабылдай алмаймын. Алайда сен прапорщик мұны пайдаланғысы келеді деп санасаң...Польди, мен мұны сенен алайын.

Полковник. Әлбетте.

Иветта. Сен ақыл бердің ғой?

Полковник. Мен ақыл қосамын.

Иветта. (Куражға қарап). Досым ақыл қосып отыр. Қолхат жазып, екі апта өткен соң жабық арба ішіндегі барлық заттарымен менің меншігіме өтеді деп көрсетіңіз. Оның заттарын біз қазір тексеріп көреміз, ал екі жүз гульденді мен сосын әкелемін. (Полковникке). Саған лагерьге жалғыз кетуге тура келеді, мен кешірек келемін, мен бәрін дұрыстап қарауым керек, менің жабық арбамнан ештеңе жоғалмауы керек. (Оны сүйеді. Иветта жабық арбаға шығады). Ал, мұнда етіктер көп емес.

Кураж шешей. Иветта, егер жабық арба сенікі болса, өз мүлкіңді қазір тексеріп қарайтын уақыт емес. Сен маған фельдфебельмен менің Швейцеркасым туралы сөйлесемін деп уәде бердің, бір минут та жоғалтуға болмайды, бір сағаттан соң оны әскери сот соттайды дейді. 

Иветта. Маған тек кенеп жейделерді санауға мұрсат берші.

Кураж шешей. (Юбкасынан оны жабық арбадан бері тартады). Ех, сен, жаны ашымас шибөрі, Швейцеркастың өмірі қыл үстінде тұр. Байқа, бұл ақша қайдан екенін айтушы болма, өзіңнің сүйіктіңнің қамын ойлайтын сияқты түр таныт, әйтпесе, біздер бәріміз де оның сыбайластары ретінде құримыз.

Иветта. Мен жалғызкөзге тоғайға келуді бұйырдым; тегінде ол қазір сол жерде.

Полк священнигі.  Және оған бірден барлық екі жүзді ұсынудың керегі жоқ, жүз елуге тоқта, оған сол да жетеді.

Кураж шешей. Ол сіздің ақшаңыз ба еді? Сізден өтінемін, кіріспеңіз. Өзіңіздің пияз сорпаңызды былай да аласыз. Жүгір де саудаласпа, әңгіме Швейцеркастың өмірі туралы болып жатыр. (Иветтаны итеріп шығарады). 

Полк священнигі.   Менің араласқым келмейді, бірақ біз қайтіп күн көреміз? Сіздің мойныңызда еңбекке жарамсыз қызыңыз бар.

Кураж шешей. Сіз полк кассасы туралы ұмыттыңыз, а тағы да данышпансисыз. Ал шығындарды олар оған кешіруі керек.

Полк священнигі.   Ал мына әйел бүлдірмей ме? 

Кураж шешей. Ол мен оның екі жүз ақшасын ұстап жібергеніме мүдделі болып тұрған жоқ па, оған жабық арба бұйырмай ма. Аузын ашып жүрмейді, кім біледі, полковнигі қай жерге дейін жетерін. Катрин, егер сен пышақтарды тазаласаң, онда кеуектасты ал. Сіз де тұрмаңыз, Иисус Елеон тауында тұрғандай, қимылдаңыздар, стакандарды жуыңыздар, әйтпесе, кешкісін елуге тарта атты әскер келеді, ал сіз тағы да әндетесіз: «Ах, мен жүгіріп ғадеттенбедім, аяқтарым-ай, шіркеу қызметі кезінде жүгірудің керегі жоқ». Мен ойлаймын, олар оны босатып жібереді. Құдайға шүкір, олар пара алады. 

Олар аңдар емес қой, адамдар ақша десе құлап түседі. Адамға тән сатылғыштық пен құдайдың мейірім-шапағаты – бұл екеуі бір нәрсе. Тек сатылғыштыққа біздер үміт арта аламыз. Аламандық жер бетінде барда соттар әне-міне деп жұмсақ үкімдер шығара береді, тіптен айыптыны да қарасаң, ақтап жатады. 

Иветта. (Ентігіп жүгіріп келеді). Олар тек екі жүзге келіседі. Және кешеуілдетуге болмайды. Онда іс тез жасалады. Бәрінен дұрысы, маған жалғызкөзбен менің полковнигіме дәл қазір бару керек. Ол қобдиша өзінде болғанын мойындады, олар оның саусақтарын қысқышпен қысты. Бірақ ол соңына аңду түскенін көргенде қобдишаны суға лақтырып тастады. Қобдиша құрыды. Енді не, маған ақша алып келуге полковникке жүгіру керек пе? 

Кураж шешей. Қобдиша жоқ па? Екі жүзді мен қайдан аламын?

Иветта. Ах, сіз ақшаны қобдидан аламын деп ойладыңыз ба? Айтары жоқ, жағдайға ұрындым. Үміттенбей-ақ қойыңыз. Швейцеркасты құтқарғыңыз келсе, ақша салуға тура келеді, болмаса, бәлкім,  жабық арбаңызды аман сақтау үшін менің бұл іске түкіруім керек пе?

Кураж шешей. Бұған мен есеп қылмаймын. Қысым жасама, сен онсыз да жабық арбаны аласың, ол ендігі менде жоқ, ол маған он жеті жыл қызмет атқарды. Тек бір минут ойлануға мұрсат бер, мұның бәрі тұтқиылдан басыма түсті, не істеуім керек, екі жүзді мен бере алмаймын, сен саудалассаңшы. Мен өзіме бірдеңе қалдыруым керек, әйтпесе алғашқы кездескен біреу мені орға итере салады. Бар да айт, мен жүз жиырма гульден беремін, болмаса іс жүзеге аспайды, жабық арбаны мен онсыз да жоғалттым. 

Иветта. Олар келіспейді. Жалғызкөз сондай асықты, ол ұдайы беймазаланып айналасына қарағыштайды. Маған оларға бірден екі жүзді бере салған жақсы емес пе?

Кураж шешей. (Ашынып). Мен бұл ақшаны бере алмаймын. Отыз жыл жұмыс істедім. Оның жасы жиырма бесте, ал күйеуі әлі жоқ. Ол да менің мойнымда. Мені үгіттеме, мен не істейтінімді білемін. Оларға айт: жүз жиырма, болмаса істі қоялық. 

Иветта. Өзіңіз білесіз ғой. (Жылдам кетеді). 

 Кураж шешей, полк священнигіне де, қызына да қарамастан, Катриннің қатарына отырып, оған пышақтарды тазалауға көмектеседі. 

Кураж шешей. Стакандарды сындырып алмаңдар, олар біздікі емес. Не істеп отырғаныңа қара, әйтпесе, қолыңды кесесің. Швейцеркас оралады, егер қажет болса, мен екі жүзді де беремін. Сенің ағаң сенімен бірге болады. Сексен гульденге біз бір кәрзеңке сатып аламыз да, бәрін де басынан бастаймыз. Қалай десе де қарап қалмаймыз.

Полк священнигі. Қасиетті Жазуда айтылғандай, Құдай бәрін игілікке айналдырады. 

Кураж шешей. Құрғақ қылып сүртіңдер. 

  Олар үнсіз пышақтарды тазалауда. Катрин, кенет қыстыға жылап, жабық арбаны айналып жүгіріп кетеді. 

Иветта. (Жүгіріп келеді). Олар келіспеді. Мен сізге ескерттім. Жалғызкөз сол жерде кеткісі келді, өйткені құритын іс. Ол әр минут сайын дабыл қағылуын күтуде, ал бұл, ол айтты, демек, үкім шықты деген сөз. Мен жүз елу ұсындым. Ол қабағын да қозғаған жоқ. Оны орнында қала тұруға зорға көндірдім, сізбен тағы да келісіп алу үшін.

Кураж шешей. Оған айт. Мен екі жүз беремін. 

 Иветта жүгіріп кетеді. Олар үнсіз отыр. Полк священнигі стакандарды жууды доғарады. 

Кураж шешей. Шамасы, мен тым ұзақ саудаластым. 

 Алыстан даңғыраның жиі қағылған дыбысы естіледі. Священник тұрып, сахнаның төріне кетеді. Кураж шешей орнынан қозғалмайды. Жарық сөнеді. Барабан дыбысы тоқтайды. Жарық қайта жанады. Кураж шешей сол қалпында отыр.

Иветта. (Өңі сұмдық бозарып оралады). Ал, міне саудаласып біттік, жабық арба өзіңізде қалады. Оған бір оқ тиді, бар болғаны сол. Сіз жалпы қамқор болуға тұрмайсыз. Бірақ мен бірдеңені астыртын біліп келдім. Олар касса шынында өзенде дегенге сенбейді. Олар, ақша осында, жалпы, сіз олармен байланысты деп күдіктенеді. Олар оны осында алып келгісі келеді: кенеттен сіз, оны көріп, өзіңізді ұстап бересіз. Сізді алдын-ала сақтандырып қояйын, оны білмейтін түр танытыңыз, әйтпесе, барлығыңыз тегіс құрисыз. Олар мұнда келеді, бірден айтайын. Катринді алып кетейін бе?

 Кураж шешей басын шайқайды. 

Иветта. Ол осында ма? Мүмкін, ол қыз дабыраларды естімеген шығар немесе түсінбеген болар?

Кураж шешей. Ол біледі. Оны ертіп әкел.

  Иветта Катринді ертіп әкеледі, ол анасына келеді. Кураж шешей оның қолынан ұстайды. Зембіл көтерген екі солдат пайда болады, жамылғының астында әлдене жатыр. Қасында фельдфебель адымдап келеді. Олар зембілді жерге қояды. 

Фельдфебель. Мынау адам, оның аты бізге беймәлім. Бірақ тәртіп үшін есімін хаттамаға жазып қою керек. Ол сенен түстенді. Қараңыз, мүмкін, сен оны білесің. (Жамылғыны көтереді). Оны білесің бе?

     Кураж шешей басын шайқайды.  

Фельдфебель. Сен немене, оны өзіңнен ас ішкенге шейін бір мәрте де көрмедің бе?

 Кураж шешей басын шайқайды. 

Фельдфебель. Көтеріңдер оны. Оны қоқысқа тастай салыңдар. Оны ешкім білмейді.

 Солдаттар өлікті алып кетеді. 


4

 Кураж шешей «Ұлы жеңіліс туралы жыр» әнін салады. 

Офицер шатырының алдында. Кураж шешей күтіп отыр. Шатырдан кеңсе хатшысы шығады. 

Кеңсе хатшысы. Мен сізді білемін. Сіз лютеран қазынашысын жасырып бақтыңыз. Шағым айтпай-ақ қойыңыз.

Кураж шешей. Жоқ, шағымданбаймын. Мен ешнәрсеге айыпты емеспін, ал мұны осылай қалдырсам, менің ар-ұятым таза емес деп ойлап қалады. Менің жабық арбамда болған заттың бәрін олар өздерінің семсерімен кескілеп турап тастады да, қараптан қарап маған бес талер айып салды. 

Кеңсе хатшысы. Оң ақылды тыңдаңыз, тісіңізден шығармаңыз. Бізде майдан саудагерлері көп емес, біз сізге сауда жасауға рұқсат етеміз, егерде әсіресе, ұятыңыз таза болмаса және кейде айып төлеп тұрсаңыз.

Кураж шешей. Жоқ, мен арызданбаймын. 

Кеңсе хатшысы. Өз шаруаңыз. Онда күтіңіз, ротмистр мырза босағанша. (Шатырға еніп кетеді). 

Жас солдат. (Шатақ шығарып кіреді). Bougue la Madonne! Қайда әлгі жексұрын ротмистр, менің марапатымды иемденіп кетіп, оны өзінің салдақыларымен ішіп жатқан? Өлтіремін!

Егде солдат. (Оның соңынан жүгіріп жетеді). Үндеме. Сені отырғызып қояды!

Жас солдат. Ей, шық бері, ұры сұм! Мен сені турап тастаймын! Менің награда ақшамды қысып қалып, маған тіпті сыра ішуге қалдырмадың, барша эскадроннан жалғыз өзім өзенге сүңгігенде істегенің осы ма? Жоқ, мен мұны бұлай қалдырмаймын. Шық кәне, мен сені жапырақтап турап тастайын!

Егде солдат. Иосиф пен Мария, адам өзін-өзі құртады.

Кураж шешей. Оған немене, бірдеңе үшін араққа бермеген бе?

Егде солдат. Ол полковниктің атын құтқарды, ал оған араққа берген жоқ. Ол әлі жас және қызметке көндіккен жоқ.

Кураж шешей. Жібер оны, ол шынжырда ұстайтын ит емес қой. Бұл әбден дұрыс тілек – арақ үшін алу. Неліктен ол тағы да тырысуы керек?

Жас солдат. Ол болса әлі де ішіп жатыр. Сендер бәрің де бұттарыңа жібересіңдер, ал мен дараландым және лайықты марапат талап етемін!

Кураж шешей. Жас жігіт, маған айқайламаңыз. Менің өзімнің уайымым жетеді. Жалпы алғанда, өз дауысыңды сақта. Ол ротмистр келгенде әлі керек болады. Әйтпесе, ротмистр келсе, ал сіз, қара да тұр, дауысыңды құртып алдыңыз, балықтай мылқаусыз, және де ол сізді отырғызып, түрмеде шіріте алмайды. Кім бақырса, сонікі азға ғана шыдайды, жарты сағаттан көп емес. Ал сосын оны әлдилеп ұйқыға жатқызатын мерзім келеді, ол соншалық қалжырап шаршайды. 

Жас солдат. Мен шаршаған жоқпын, қайдағы ұйқы, мен ашпын. Нанды сіз емен жаңғақтарынан және қарасорадан пісіресіз, содан сіз үнемдейсіз. Анау қатынжанды менің награда ақшамды ішіп қойып жатыр, ал мен ашпын. Өлтіремін!

Кураж шешей. Түсінемін, сіз ашсыз. Өткен жылы сіздің қолбасшыңыз нанды таптап тастау үшін жолдармен емес, егістіктерді басып жүруді бұйырды, мен сонда бір етік үшін он гульден ала алатын едім, егер сіздердің біреуіңізде он гульден болса, ал менде етіктер болды. Ол биыл осы жерлерде бола қоймаспын деп ойлады, ал мінекей, ол әлі осында, айнала аштық жайлаған. Мен ұқтым, сізді ашу қысып тұр.

Кураж шешей. Дұрыс, бірақ осыншалық ұзақ? Сіз ұзақ уақыт әділетсіздікті көтере бересіз бе? Бір сағат немесе екі сағат? Міне, көрдіңіз бе, мұндай сауалды сіз өзіңізге қоймадыңыз, ал ең бастысы, сізге түрмеде күйінішті болады, егер басқа түсе қалса, сіз сонда әділетсіздікпен ымыраласуға даяр болып тұрасыз. 

Жас солдат. Білмеймін, сізді неге тыңдап тұрғанымды. Bougue la Madonne, ротмистр қайда? 

Кураж шешей. Сіз мені тыңдап тұрғаныңыз, өзіңіз де білесіз, ашуыңыз басылды, бұл қысқа өшігу болатын, ал сізге ашу ұзаққа керек. Ал оны қайдан аласыз?

Жас солдат. Сіз араққа ақша талап етуге болмайды деп айтқыңыз келе ме?

Кураж шешей. Керісінше. Мен тек сіздің ашуыңыз ұзаққа жетпейді, мұндай өштікпен түкке де жете алмайсыз дегім келді. Өкінішті-ақ. Егер сіз ұзаққа ашулансаңыз, мен ғой сізді ерегестіріп, айдап салар едім. Бұл итті кескілеп тастаңыз – міне, сонда мен ақыл берер едім, әй, қайдам, сіз оны шауып тастамайсыз, құйыршықтарыңды қысқандарыңды өздерің де біле қоясыңдар ғой. Мен әлі сіздер үшін ротмистрдің алдында жауап беретін боламын.

Егде солдат. Нағыз шындық, әншейін жамандық басқа шапқан ғой.

Жас солдат. Оны кескілеймін бе, жоқ па, көрейік. (Қынынан семсерін шығарады). Ол келген кезде, мен оны шауып тастаймын.

Кеңсе хатшысы. (Басын қылқитады). Ротмистр мырза қазір келеді. Отыр!

 Жас солдат отырады. 

Кураж шешей. Ол отыра қалды. Көрдіңдер ме, мен не айттым. Сіз міне отырсыз. Иә, олар бізді біледі және қалай әрекет қылуды біледі. Отыр! Ал біз болсақ отыра қаламыз. Ал кім отырса, сол бүлік шығармайды. Ең жақсысы тұрмаңыздар, өзіңіз тұрған кейіпке ендігәрі енбеңіз. Менің алдымда сіз ұялмай-ақ қойыңыз, мен де артық емеспін, қайдағы артықтық. Олар біздің баршамыздан батылдығымызды алып алған. Әлбетте, егер мен бірдеңе деп күңкілдесем болды, онда саудама зияным тиеді. Мен сіздерге қазір Ұлы тізе бүгу туралы кей нәрсені айтып беремін. («Ұлы жеңіліс туралы жыр» атты әнді салады).

Бір уақыт болған – мен бейкүнә едім,

«Ымыра» деген сөзді білмеуші ем.

Мені сырт келбетіммен, талантыммен, биікке ұмтылысыммен басқа бір байғұс ауыл қызымен теңестіруге бола ма!

Мен жарты деген не екенін білмедім,

«Мәміле» деген сөзді білмеуші ем.

Бәрі болмаса ештеңе, қандай жағдайда болса да, бірінші кездескен емес, адам өз бақытын өзі құяды, мені үйретпеңдер, жарай ма!

Ал қараторғай ән салады:

Бір жыл шыдай тұр!

Арманыңды ішке бүгіп,

Барлығымен бір сапта қатар түзейсің.

Әттең, адымдап жүре беруге тура келеді

Және күтуге, күтуге, күтуге!

Сәт соғады, мерзім келеді!

Сен өйткені құдай емес, адамсың ғой –

Ең дұрысы үнсіз қалу!


Алайда бір жыл деген – бұл дағы аз екен!

Кей нәрседен өз еркіммен бас тартуға тура келді. 

Мойнымда екі бала, нанға баға және бар, біресе анау керек, біресе мынау керек!

Тізерлеп те тұрыппын, бір қарасаң,

Шалқасынан жатыппын, 

Адамдармен жараса білу керек, адамның күні адаммен, қабырғаны баспен сүзе алмайсың. 

Ал қараторғай ән салады:

Бір жылға шыдап бақ!

Арманыңды ішке бүгіп,

Барлығымен бір сапта қатар түзейсің.

Әттең, адымдап жүре беруге тура келеді

Және күтуге, күтуге, күтуге!

Сәт соғады, мерзім келеді!

Сен өйткені құдай емес, адамсың ғой –

Ең дұрысы үнсіз қалу!

Кей біреу тау қопаруға тырысты,

Көктен жұлдыз алып, түтінді уысымен ұстамақ еді.

Күштіге бәрі түк емес, сабыр түбі сары алтын, төзіп бағамыз.

Бірақ сондайлар көп кешікпей көздері жетті,

Бұл күш салудың бекер екенін.

Көрпеңе қарай көсіл. 

Ал қараторғай ән салады:

Бір жылға шыдап бақ!

Арманыңды ішке бүгіп,

Барлығымен бір сапта қатар түзейсің.

Әттең, адымдап жүре беруге тура келеді

Және күтуге, күтуге, күтуге!

Сәт соғады, мерзім келеді!

Сен өйткені құдай емес, адамсың ғой –

Ең дұрысы үнсіз қалу!

(Жас солдатқа). Ал мен ойлаймын, егер саған шынымен төзуге мүмкіншілік жоқ болса, кегің зор болса, онда семсеріңді көтеріп, соғыс ашып мұнда тұр, егер сенің ашулануға барлық негізің болса, онда не деуге болар, бірақ сенің ашуың шоп-шолақ болса, онда бұл жерден тайып тұр!

Жас солдат. Құйрығымнан сүй мені. (Ілбіп, ол сахнадан кетеді, егде солдат оның артынан ілеседі). 

Кеңсе хатшысы. (Басын қылқитады). Ротмистр мырза келді. Енді арыз айтуға болады.

Кураж шешей. Мен айнып қалдым. Арыз айтпаймын. (Кетеді). 


5

 Арада екі жыл өтті. Соғыс барған сайын жаңа кеңістіктерді шарпиды. Демалыс дегенді білмей, Кураж шешей өзінің кішкентай жабық арбасымен Польша, Моравия, Бавария, Италияны жүріп өтеді де, қайтадан Баварияға оралады. 1631 жыл. Магдебург маңындағы Тилли жеңісі Кураж шешейге төрт офицер жейдесіне түседі. 

 Кураж шешейдің арбасы қираған деревняда тұр. Алыстан әлсіз соғыс әуені естіледі. Үстелшеде – екі солдат отыр, оларға Кураж шешей мен Катрин қызмет көрсетіп жатыр. Бір солдаттың иығында әйелдің аң терісінен жасалған ішігі.

Кураж шешей. Немене, төлеуге дәнеңе жоқ па? Ақша жоқ – арақ та жоқ. Жеңіс маршын ойнауға олар шебер, ал солдаттарға жалақы беруге жоқ.

Солдат. Арақ керек. Мен тым кеш тонай бастадым. Қолбасшы бізді алдап соғып, қаланы тонауға бар жоғы бір сағат берді. Мен дейді, аң емеспін; шамасы, қаладан пара алса керек.

Полк священнигі. (Ақсаңдап кіреді). Аулада тағы бірнеше адам жатыр. Шаруа әулеті. Маған біреулерің көмектесіңдер. Маған таңғыш үшін бір кесек кенеп мата керек. 

         Екінші солдат онымен бірге кетеді.

  ерекше беймазаланып, анасынан дәке үшін кенеп мата сұрап алуға тырысады. 

Кураж шешей. Менде ештеңе жоқ. Дәкелерді мен полкте түгел сатып жібердім. Офицер жейделерін мен сол үшін жыртпаймын.

Полк священнигі. (Түпкірден айқайлайды). Айттым ғой сізге, маған кенеп мата керек деп.

Кураж шешей. ( Баспалдаққа отырып алады, Катрин жабық арбаға кірмеуі үшін). Бермеймін, олар төлемейді, оларда түк те жоқ.

Полк священнигі. (Өзі көтеріп әкелген әйелге еңкейіп). Зеңбірек атысы басталғанда сіз неге кетпедіңіз?

Шаруа әйел. (Әлсіз дауыспен). Шаруашылық.

Кураж шешей. Бұл адамдар бірдеңені тастаушы ма еді! Ал мен шынымды айттым. Жоқ, бермеймін.

Бірінші солдат. Бұлар лютерандар. Бұл не себепті лютерандар?

Кураж шешей. Олардың дінге түкіргені бар. Олардың шаруашылығы құрыды. 

Екінші солдат.  Олар ешқандай лютерандар емес. Олардың өздері католиктер.

Бірінші солдат. Атыс жүріп жатқанда, бұларды қалай сұрыптап бөлесің.

Шаруа. (Оны священник алып келеді). Менің қолым құрыды.

Полк священнигі. Кенеп қайда? 

Бәрі Кураж шешейге қарайды, ол қозғалмайды. 

Кураж шешей. Түк те бере алмаймын. Әртүрлі салықтар, баж салықтары, үстеме өсімдер, паралар!

         Катрин тамағынан түсініксіз дыбыстарды шығарып, жерден тақтайды алып, анасына сермейді. 

Кураж шешей. Есің ауысқан ба? Дереу тақтайды қой жерге, сен түкке алғысыз жамансың, әйтпесе сабап тастаймын! Бермеймін, бере алмаймын, мен өзім туралы да ойлауға тиіспін. 

  Полк священнигі Куражды басқыштан түсіреді де, жерге отырғызады; сосын ол жейделерді алып, оларды жіңішкелеп жырта бастайды. 

Кураж шешей. Менің жейделерім! Әрқайсысы жарты гульден! Мені қайыршы қылды! 

         Лашықтан аянышты баланың дауысы естіледі. 

Шаруа. Онда сәби бар. 

Катрин лашыққа жүгіреді. 

Полк священнигі. (Шаруа әйелге). Жат! Сенсіз де алып шығады. 

Кураж шешей. Оны тоқтатыңдар, шатыр опырылып құлап түсуі мүмкін.

Полк священнигі. Мен онда енді кірмеймін.

Кураж шешей. (Сенделіп, абыржи ерсілі-қарсылы жүріп). Қымбат іш киімді лақтырмаңдар! 

 Екінші солдат оны ұстап қалады. Катрин емшектегі баламен келеді, ол оны қирандыдан алып шықты. 

Кураж шешей. Тағы да бағып-қағу үшін емшек баласын тауып алдың ба? Тап қазір оны анасына бер, естисің бе, әйтпесе қолыңнан жұлып алғанша маған сенімен бір сағат жұлқысуға тура келеді! (Екінші солдатқа). Көзіңді қадап тесірейме, одан ғөрі бар да оларға айт, музыканы тоқтатсын, олардың жеңгенін онсыз да көріп тұрмын. Сендердің жеңістерінен мен тек шығынға батып жатырмын.

Полк священнигі. (Таңғышты тартып). Қан өтіп кетті. 

Катрин нәрестені тербетіп жүр, әлдиге ұқсайтын бірдеңені күбірлейді. 

Кураж шешей. Оған қараңдаршы, бұл қыз осынау барлық қайғының арасында бақытты. Табанда баланы бер кәне, анасы өзіне-өзі келді. (Бірінші солдат араққа жабысып, шөлмекті ала қашқысы келгенін байқайды). Иттің баласы! Ах, хайуан, сен ары қарай да жеңе бергің келе ме? Төле!

Бірінші солдат. Менде дәнеңе жоқ. 

Кураж шешей. (Одан ішікті жұлып алады). Ендеше ішікті бер, ол бәрібір ұрланған. 

Полк священнигі. Анда қирандының астында тағы біреуі бар. 


6

 Бавариядағы Ингольштад қаласының маңында Кураж император әскерлерінің бас қолбасшысы Тилидің жерлеуіне қатысады.Соғыс қаһармандары мен соғыстың ұзақтығы туралы әңгімелер жүреді. Полк священнигі өзінің қабілеттері текке кетіп жатқанына қынжылады, мылқау Катрин қызыл туфлиді алады. 

1632 жыл. Маркитант шатырының ішінде артқы қабырғада ішетін үстел. Жаңбыр. Алыста – барабан ұрылып, қаралы әуен ойнауда. Полк священнигі мен кеңсе хатшысы дойбы ойнап отыр. Кураж шешей мен Катрин заттарды тізімге алумен айналысуда.

Полк священнигі. Қазір жерлеу шеруі қозғалады.

Кураж шешей. Бас қолбасшыға обал – жиырма екі жұп шұлық, – ол жазым болған дейді. Бәріне кінәлі көк шалғындағы тұман. Бас қолбасшы өлімнен қорықпай тағы бір полкты шайқасуға шақырады, ал сосын кейін шапқылайды, бірақ тұманның әсерінен бағытынан жаңылған екен: ол сөйтсе, артқа емес, алға шапса керек, ұрыстың қайнаған ортасына тап болған, сонда оққа ұшқан – тек төрт шырағдан қалыпты. 

 Сахнаның төрінде ысқырған дыбыстар. 

(Үстелге барады). Масқара,сіз өзіңіздің бас қолбасшыңыздың жерлеуінен жалтардыңыз! (Стакандарды толтырады). 

Кеңсе хатшысы. Жерлеуге дейін жалақы төлемеу керек еді. Қазір олар жерлеуге барудың орнына араққа салынуда. 

Полк священнигі. Ал сізге жерлеуге барудың қажеті жоқ па еді?

Кеңсе хатшысы. Мен жаңбыр болған соң қаштым. 

Кураж шешей. Сіз – бұл басқа шаруа, жауын мундиріңізді бүлдіруі мүмкін. Оның құрметіне, әрине, қоңырау соққылары келген екен, бірақ та оның өзінің бұйрығымен шіркеулер снарядтармен бұзылыпты деседі, демек, бейшара бас қолбасшы көрінде жатып қоңырау зыңылын естімейді. Есесіне қарудан үш дүркін атады, мүлдем дағдылы жағдай болмауы үшін – он жеті белдік. 

Үстел басынан дауыстар. Қожайын! Арақ!

Кураж шешей. Әуелі ақша! Жоқ, шатырға мен сендерді лас дәу етіктеріңмен жібермеймін! Өздерің көшеде іше беріңдер, жауын болса қайтейін. (Кеңсе хатшысына). Мен тек командирлерді кіргіземін! Соңғы уақытта бас қолбасшыда жұмыстары болған деседі. Екінші полкте тәртіпсіздіктер орын алған сияқты, өйткені ол әлгілерге жалақы бермеген екен, соғыс дін үшін жүріп жатыр және олар тегін соғысуы керек депті. 

 Жерлеу маршы. Бәрі сахнаның түпкіріне қарасады. 

Полк священнигі. Қазір олар жоғарғы өліктің алдында салтанатты маршпен жүріп өтеді.

Кураж шешей. Мен міне мұндай қолбасшыны немесе императорды аяймын, ол, бәлкім, ерлік жасадым, ол туралы өзі өлген соң айтады және сол үшін оған ескерткіш орнатады деп ойлайды, мысалы, ол күллі әлемді жаулап алады, қолбасшы үшін бұл ұлы мақсат, оның пайымдауынша, бұдан асқан артық нәрсе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ол жанталасады, ал сосын бәрі де қара халық үшін жоқ болады, қалың бұқараға, бәлкім, тек бір саптыаяқ сыра мен шағын топ қана керек шығар, оған бір ұлы нәрсе керек емес. Ең тамаша жоспарлар соны орындауға тиіс адамдардың пасықтығынан, таяздығынан бұзылады, император өзі түк те істей алмайды ғой, оған солдат пен халықтың қолдауы керек, солардың арасына ол кездейсоқ тап болды, мен дұрыс айтып отырған жоқпын ба? 

Полк священнигі. (Күліп). Кураж, мен сізбен бар жағынан келісемін, тек солдаттар туралы дұрыс айтпадыңыз. Олар қолынан келгеннің бәрін істейді. Мысалы, қазір жаңбыр астында арақ ішіп отырған солдаттармен, мен жүз жыл бойына бір соғыстан соң екінші соғысты жүргізуге бармын, тіптен, қажет болса, екі соғысты, ал мен білімім бойынша ешқандай қолбасшы емеспін ғой. 

Кураж шешей. Демек, сіз соғыс бітпейді деп ойлайсыз ба?

Полк священнигі. Бас қолбасшының өліміне бола? Бала болмасаңызшы. Ондайлар жетіп жатыр, қаһармандар ешқашанда аз болмайды.

Кураж шешей. Тыңдаңызшы, бұл жай зымиян сауал емес, мен ойлаймын, маған тағы да тауарды топтап сатып алу керек пе, әлде оның керегі жоқ па, қазір деген арзанға алуға болатын кез, бірақ, егер соғыс бітсе, маған басы артық қордың текке қажеті болмайды. 

Полк священнигі.  Сіз шынымен сұрап отырғаныңызды түсінемін. «Әйтеуір соғыс аяқталады» дейтін адамдарды әрдайым көруге болады. Ал мен айтамын: соғыс бір уақыттарда аяқталады деген ешқайда айтылмаған. Әрине, бір кішкене үзіліс болады. Мүмкін, соғыс аптығын басып, демін алады немесе оның жолы болмайды десе де дұрыс болар. Соғыс мұндайдан сақтандырылмаған, бұл әлемде ештеңе кемел емес қой. Тегінде, мүлтіксіз, мінсіз, сондай ілінісе кетерлік ештеңе таппастай соғыс, ол да ешуақытта атымен болмайды. Қарасаң, күтпеген бірдеңеден ол кенет тоқталып қалады, бәрін адам есептей алмайды. Айталық, әлдебір қырсыздық, қараудың кемдігінен барша әуен бүлінеді. Сосын бар да мелдектеп батып кеткен боқ-бықсықтан соғысты тартып алып көр! Бірақ императорлар, корольдер мен папа оған көмекке келеді, олар соғысты бәлеге қалдырмайды. Ендеше, жалпылай айтқанда, соғысқа ешқандай байсалды қауіп-қатерлер төнбейді, және оның алдағы ғұмыры ұзақ болады. 

Солдат. (Үстелдің басында ән салады).

Қожайын, арақтан бір ұрттат:

Солдат алыс жолға асығады.

Дін үшін соғысамыз!

Мереке үшін еселеп құй!

Кураж шешей. Егер сендерге сенуге болса...

Полк священнигі. Өзіңіз ойлаңыз. Соғысқа не бөгет болады?

Солдат. (Ән салады).

                                      Ей, қатын, кеудеңді сипайын,

                            Біз Моравияға жол жүреміз,

                                      Бізге асығу керек.

Кеңсе хатшысы. (Күтпеген жерден). Ал тыныштық, дүние не болады? Мен Богемиядан сонымен қабат үйге оралғым келер еді.

Полк священнигі. Міне, қалай? Иә, берекет! Ірімшікті жеп қойса, шұқанақтары қайда қалады? 

Солдат. (Сахнаның түбінде ән салады).

                                      Достым, қол көтеріп сәлемдесетін мерзіл жетті.

                                      Солдат алыс жолға асығады.

Ол офицерге сенеді.

Ей, поп, дұғаңды ұмытпа.

Солдат алыс жолға асығады.

Дін жолында өлуге.

Кеңсе хатшысы. Бейбіт өмірсіз ұзақ өмір сүруге болмайды. 

Полк священнигі. Мен айтар едім, тыныштық соғыс кезінде де болады деп, соғыстың да өзінің алаңсыз жерлері бар. Соғыс барша мұқтаждықтарды қанағаттандырады, соның ішінде бейбіт қажеттіліктерді де, оған қам қылған-ды, әйтпегенде соғыс ұзаққа созылмас та еді. Соғыс кезінде де ішіп-жеп жүргенің, тап бір бейбіт уақыттағы сияқты, екі шайқастың арасында бір аяқ сыраңды ішуге болады, ал тіпті шабуыл басталған сәтте де көз шырымын алуға неге болмасын, бір ордың ішіне зорға тығылысып. Әрине, шабуыл уақытында карта ойнай алмайсың, толық бейбіт күнде жер айдап жүргенде де карта ойнап отырмайсың ғой, есесіне жеңістен соң бұлай етуге әбден болады.  Сенің, айталық, аяғыңды жұлып түседі, сен әуелі бақырасың, тап бір нәрсе болғандай, ал сосын сен тынышталасың, немесе саған арақ береді, ақыр соңында сен әйтеуір ақсай басып ілбисің, ал соғыс бұған бола қайғырмайды. Ал кім саған осынау қырғын-жойқын қантөгістің арасында көбеймеуге бөгет жасайды, сарайдың артында немесе бір таса жерде, бұған да шыдамйсың ғой. Жоқ, соғыс өзіне шығар жолды әрқашан табады, қандай жол десеңші. Неліктен ол тоқтауы керек? 

         Катрин жұмысын доғарып, полк священнигіне қадалып, көз айырмай қарап қалады. 

Кураж шешей. Демек, мен тауарды толтыра сатып аламын. Сізге сүйенемін.

 Катрин кенет жерге кәрзеңкені шөлмектерімен лақтыра салады да шатырдан жүгіріп шығады. 

Кураж шешей. Катрин! (Күледі). Құдайым-ай, ол тыныштықты күтеді. Мен оған бейбіт өмір туса, оның күйеуі болады деп уәде бергемін. (Соңынан жүгіреді).

Кеңсе хатшысы. (Орнынан тұрып). Мен ұттым, өйткені сіз әңгімеледіңіз. Сіз төлейсіз.

Кураж шешей. (Катринмен бірге кіреді). Ақылды бол, соғыс енді біраз созылады, ал біз біраз ақша жинаймыз, ал дүние бұдан тек жақсара түседі. Сен қазір қалаға барып кел, бұл жерден он минут жаяу жүресің және «Алтын арыстан» трактирінен тауар ал, ең бағалысын өзіңмен алып келесің, ал қалғанына біз сосын арбамен барамыз, мен бәрі туралы келістім, сені кеңсе хатшысы мырза шығарып салады. Жалпы бәрі дерлік бас қолбасшының жерлеуіне кетті, демек, саған ешкімнен қауіптенудің қажеті жоқ. Ал, құдай жолыңды қылсын, қара, сені тонап кетпесін, өзіңнің жасауың туралы ойла!

         Катрин басына кенептің кесегін салады да, кеңсе хатшысымен бірге кетеді.

Полк священнигі. Сіз оны кеңсе хатшысымен бірге жіберуге қорықпайсыз ба?

Кураж шешей. Ол қыз сондай сұлу емес, оны бүлдіруге ешкім қызықпайды.

Полк священнигі. Мен талай мәрте сіздің іс жүргізе алатын іскерлігіңізге әрі кез келген жағдайдан шыға алатыныңызға тәнті болдым. Неліктен сізді Кураж деп атағанын түсінемін.

Кураж шешей. Кураж, батылдық – кедей адамдарға керегі осы. Әйтпесе олардың ісі оңбайды. Олардың жағдайларында таңертеңгілік тұру үшін-ақ жүректілік керек. Немесе егіске жер жырту үшін және соғыс уақытында! Бір ғана нәрсе, олардың өмірге ұрпақ әкелгенінің өзі табандылықтарын танытпай ма, өйткені олардың алдында дәнеңе де жоқ. Олар бір-біріне жендет болуы керек, бір-бірін өлтіруі керек, бір-бірінің көзіне қарағысы келгенде, бұл үшін, әрине, батылдық керек, кураж керек. Және олар император мен папаға төзіп бағады, бұл-дағы олардың сұмдық табандылығын айғақтайды, себебі осы бір мырзалар үшін олар өмірін береді. (Отырады да қалтасынан кішкентай мүштігін алып, тартады). Сіз отын жарып тастасаңыз қайтеді.

Полк священнигі. (Кейістікпен күртесін шешеді, отын жаруға дайындалып). Мен, шынында, жанға тәрбие берушімін, отын кесуші емен.

Кураж шешей. Менде жан жоқ. Ал маған отын керек-ақ.

Полк священнигі. Сіздікі қандай түтік өзі?

Кураж шешей. Кәдімгі түтік. 

Полк священнигі. Жоқ, «кәдімгі» емес, әбден нақты.

Кураж шешей. Солай ма?

Полк священнигі. Бұл Оксеншерн әскерінің аспазының түтігі.

Кураж шешей. Егер білсеңіз, онда несіне монтаны түр танытып, сұрағансып отырсыз?

Полк священнигі. Өйткені мен сіз нақ бұл түтікті саналы түрде тартасыз ба, соны білмедім. Сіз бір заттарды ақтарғанда тауып алып, әншейін ұмытшақтықтан ала салуыңыз мүмкін ғой. 

Кураж шешей. Бәлкім, ол солай болған да шығар?

Полк священнигі. Жоқ, олай емес. Сіз оны саналы түрде тартасыз.

Кураж шешей. Ал, әдейі тартсам ше?

Полк священнигі. Кураж, мен сізді сақтандырамын. Бұл менің қарызым. Бұл заттың иесін енгігәрі көруіңіз екіталай, бірақ бұл қырсық емес, бұл сіздің бақытыңыз. Ол маған жағымды адамның әсерін тудырған жоқ. Керісінше.

Кураж шешей. Солай ма? Ол маған тамаша адам болып көрінді.

Полк священнигі. Ах, міне қандай адамдар сізге керемет көрінеді? Маған олай емес. Мен оған жамандық тілемеймін, алайда оны тамаша жан деп әсте айта алмаймын. Мен оны дәлірегі Дон Жуан деп атар едім, оның үстіне нағыз бұзылған. Одан да оның мүштігіне жақсылап қараңыз, егер маған сенбесеңіз. Сіз бұл зат оның мінезін танытарын мойындауға тиіссіз.

Кураж шешей. Ештеңе көріп тұрған жоқпын. Ескі түтік, болғаны сол. 

Полк священнигі. Ол оны жартылай тістеп тесіпті. Құлданушы. Бұл мүштік ымырасыз құлдыққа салушыныкі, міне одан не оқуға болады, егер тұтастай ақыл-есіңізден айырылмасаңыз. 

Кураж шешей. Байқаңыз, менің томарымды шағып тастамаңыз. 

Полк священнигі. Мен сізге айтпадым ба, білімім бойынша отын кесуші емеспін. Мені отын жаруға емес, жанға тәлім беруге үйретті. Мұнда менің дарыным мен қабілетімді керек қылмайды, қара жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Маған құдай берген таланттарым, жалпы көрінбей қалды. Бұл күнә. Сіз менің уағыздарымды тыңдаған жоқсыз. Бір сөзіммен ғана мен тұтас полкты жау әскерін бір отар қойға қарағандай көретін көңіл-күйге келтіре аламын. Солдаттар түпкілікті жеңіс туралы ой меңдесе өз өмірлерін еден сүртетін тамтық, сасық, ескі шүберектей лақтырып тастауға дайын болар еді. Құдай маған сөз өнерін дарытты. Менің уағызым сізді соқыр қылып, есеңгіретіп, абдыратып, талдырып тастар еді.

Кураж шешей. Мен оны атымен қаламаймын. Соқыр, саңырау болсам не істеймін? 

Полк священнигі. Кураж, осы сіздің есті сөздеріңіздің астарында ыстық жүрек жасырынып жатқан жоқ па деп мен жиі ойладым. Сіз де адамсыз ғой әрі сізге де жылу керек.

Кураж шешей. Шатырдың іші жылы болсын десеңіз, жетерліктей отын даярлау керек.

Полк священнигі. Сіз әңгімені басқа жаққа бұрып жібересіз. Шын айтамын, Кураж, мен өзімнен жиі сұраймын, егер біздің қарым-қатынасымыз біраз жақынырақ болса деп. Соғыс дауылы біздің тағдырымызды сондай қызық түйістірді ғой.

Кураж шешей. Мен ойлаймын, біздің арамыз жеткілікті түрде жақын деп. Мен сізге ас пісіремін, ал сіз болсаңыз жұмыс істейсіз, мысалы, отын жарасыз.

Полк священнигі. (Оған тым тақап келеді). Сіз менің қандай жақындық туралы айтып тұрғанымды білесіз; бұл жерде ас пісіру және сол сияқты төменгі мұхтаждықтардың қанша орны бар. Жүрегіңіз сөйлесінші, оның үнін тұншықтырмаңыз.

Кураж шешей. Маған балта ұстап таянып келмеңіз. Бұл тым жақын қарым-қатынас болар еді.

Полк священнигі. Мұны әзілге айналдырмаңыз. Мен байсалды адаммын, мен сөзімді ойлап айтамын.

Кураж шешей. Священник, ақылға келіңіз. Сіз маған ұнайсыз, сізге ұрсуды қаламас едім. Менің жалғыз қалауым – бұл өзімді және балаларымды арбаның көмегімен асырау. Мен оны өзімдікі санаймын, ал маған қазір жеке басымның қуаныштарын ойлап отыратын уақ емес. Дәл қазір мен бас қолбасшы өлтірілгеніне әрі айнала тыныштық орнайды дескеніне қарамастан тәуекелге бел буып, тауар сатып аламын. Егер мен қайыршылансам, сіз қайда кетесіз? Көріп тұрсыз ба, өзіңіз де білмейсіз. Бізге отын жарып тастаңыз, сонда кешкілік бізде жылы болады, ал мұның өзі біздің заманда аз игілік емес.

  Катрин кіреді, ол әрең демалып тұр, маңдайы жара, көзінің алды жара. Ол әртүрлі заттарды арқалап әкелді, орамалар, былғары бұйымдары, барабан және т.б.

Кураж шешей. Не болды, саған біреу тап берді ме? Қайтар жолда? Оған қайтар жолда соқтықты! Сірә, бұл атты әскер, осында жаланып тұрған! Маған сені жібермеу керек еді. Мына заттарды таста! Қорқатын дәнеңе жоқ, сүйегің сау. Мен жараңды таңып беремін, бір аптадан соң бәрі жазылады. Олар аңнан жаман. (Жарасын таңады).

Полк священнигі. Мен оларды түк жазғыра алмаймын. Олар өз үйінде зорлық-зомбылық жасамады. Кім соғысты бастады, солар айыпты, олар адам баласының бойындағы ең төменгі, жаман, тексіздікті, қара нәрсені сыртқа алып шығады. 

Кураж шешей. Кеңсе хатшысы сені кері шығарып салмады ма? Сен көргенді қызсың, міне, сондықтан да олар саған жабыспайды. Жара терең емес, ізі де қалмайды. Мінекей, таңдым. Түк етпейді, қазір сыйлық аласың. Мен саған бірдеңені сақтап қойдым, қазір көресің. (Қаптан Иветта Потьенің қызыл туфлиін алып шығады). Көріп тұрмысың? Бұл саған әрқашан ұнайды. Өзің ала қой. Тезірек киіп алшы, мен тегі айнып қалармын. (Оған туфлиді киюге көмектеседі). Ізі де қалмайды, ал маған салса, қала берсін. Оларға ұнағандарды қырсық шалады. Ондайлар қолдан қолға өтеді де құриды. Кім олардың талғамына татымаса, соларға өмір сүруге мұрсат береді. Мен сүйкімділерді көп көрдім, оларды жылдам сондай бір кепке түсіреді, бөрінің өзі шошып кетерліктей. Әр бұтаның түбінде оларды қауіп тосады, олардың тіршілігі сорақы. Мінекей ағаштар да солай – тік-тік, сымбаттыларын итарқаға жығады, ал қисықтары қала береді де, өсіп тұрғаны. Демек сенің жолың болды дей бер. Бәтіңкелер әлі мықты, тығып қоймас бұрын мен оларды майладым. 

         Катрин туфлиді жерге қояды да, жабық арбаға шығып кетеді.

Полк священнигі. Жара оның кескінін бүлдірмейді деп үміттену керек.

Кураж шешей. Тыртық қалады. Енді оған тыныштықты күтерлік түк те қалмады.

Полк священнигі. Заттарды ол бермеді. 

Кураж шешей. Сірә, маған мұны оған қасарыса қайталап айта бермеу керек еді. Егер мен білсем ғой, оның басында не барын? Тек бір рет қана ол әлдеқайда бір түнге жоғалып кетті, осы жылдарда жалғыз мәрте ғана. Мен ол басынан не кешкенін солайынша біле алмадым. Мен басымды ұзақ қатырдым. (Ашуланып Катрин әкелген заттарды жинастырады). Міне, бұл соғыс! Керемет кіріс көзі, айтары жоқ!

         Зеңбіректердің дүркін-дүркін атуы естіліп тұр.

Полк священнигі. Қазір бас қолбасшыны молаға түсіреді. Бұл тарихи мезет.

Кураж шешей. Мен үшін бұл тарихи мезет, өйткені менің қызымның сиқын бұзды. Ол қыз енді жартылай біткен адам, күйеуді ол енді таппайды, ал ол болса, балаларды сондай сүйеді, ол мылқау болса соғыстың кесірінен: мүлдем кішкентай кезінде бір солдат бірдеңемен аузын нығыздап толтырды. Өзімнің Швейцеркасымды мен енді көрмеймін, ал Эйлиф қазір қайда, бір құдай біледі. Қарғыс атсын соғысты.


7

Кураж шешей іскерлік табыстың шыңында. 

Село аралық жол. Кураж шешей, Катрин және полк священнигі жаңа тауарлар тиелген жабық арбаны сүйреп келеді. Кураж шешейдің мойнында күміс талерлердің тізбегі. 

Кураж шешей. Сіздер мені соғыс – бұл боқтық деп сендіре алмайсыздар. Рас, ол әлсіздерді жояды, бірақ дәрменсіздер бейбіт кезде де қаза табады. Соғыс есесіне өз адамдарын жақсылап қоректендіреді. (Ән салады). 

Кімге соғыста ерік жетпейді,

Соған жеңісті көру жоқ.

Егер сауда қылсаң, бәрібір ғой,

Қорғасын болмаса ірімшік пе?

Ал отыра беруден не шығады? Кім бұғып қалады, сол бірінші болып қазаға ұшырайды.

Кейбіреу қулық қылады, жалтарады, әуреге түседі,

Тағдырға мейлінше қарсыласады,

 Өзіне ін қазып алғысы келеді,

Онысы көр болып шығады.


Кім ұрыстың шуынан

Бар күшімен тығылып қалғысы келеді.

Сол мәңгі тыныштық патшалығында

 Түсіне берсін, қайда асықты екен.

Олар жолда кетіп бара жатыр. 


8

 Сол жылы Лютцен маңында швед королі Густав-Адольф қаза табады. Тыныштық Кураж шешейді кедейшілікке ұрыну қаупін тудырады. Кураж шешейдің батыл ұлы бір ерлікті артық жасаймын деп абыройсыздықпен өз өмірін қияды.

 Әскерлердің ашық далада жасайтын дамылы. Жазғы таң. Жабық арбаның алдында кемпір мен оның ұлы тұрады. Ұлында төсек-орын салынған үлкен қап.

Кураж шешейдің дауысы. (Жабық арбаның ішінен). Бұл не шаруа өзі, ақ таңнан сол үшін жұртты мазалайтындай?

Жас жігіт. Біз бір түнде жиырма миль жаяу жүріп өттік әрі бізге бүгін қайта оралу керек. 

Кураж шешейдің дауысы. Сендердің құсжастықтарыңды мен не істеймін? Адамдардың үйлері жоқ.

Жас жігіт. Сіз әуелі қараңыз. 

Кемпір. Мұнда да түк шықпайды. Кеттік!

Жас жігіт. Онда бізде баспана болмайды, салық есебінде үйді алып қояды. Бәлкім, ол әйел үш гульден төлейді, егер сен оған крестик қосып берерсің.

Қоңырау соғылады. 

Тыңдашы, ана!

Дауыстар. (Сахнаның төрінде). Тыныштық! Швед королі өлтірілді!

Кураж шешей. (Басын арбадан қылқитады. Шашы таралмаған). Апта ортасында бұл не дабыл?

Полк священнигі. (Жабық арбаның астынан шығады). Олар не деп айқайлап жатыр?

Кураж шешей. Мен тауар жаңа тобын сатып алған сәтте тыныштық жарияласа, жетпегені сол еді.

Полк священнигі. (Сахнаның түпкіріне айқайлайды). Расымен тыныштық орнады ма? 

Дауыс. Үш апта өткен дейді, қол қойылғанына, ал біз білмедік.

Полк священнигі. (Куражға). Әйтпесе қоңырау соғып несі бар?

Дауыс. Қалада лютерандар толып жүр, жүк арбалармен келіпті, солардан естіп білдік.

Жас жігіт. Ана, естисің бе, бейбітшілік! Саған не болды?

Кемпір талып жығылады. 

Кураж шешей. (Арбаға тығылып). Иосиф-Мария! Катрин, тыныштық! Қара киін! Біз шіркеуге барамыз. Бұл біздің Швейцеркас алдындағы қарызымыз. Расымен шындық болғаны ма?

Жас жігіт. Адамдар солай десіп жүр. Демек, бейбітшілік. Сен тұра аласың ба?

Кемпір есеңгіреп орнынан тұрады.

Енді менің қайыс бұйым шеберханам қайта жұмыс істейді. Уәде беремін. Бәрі қалпына түседі. Әкеме оның төсегін қайтарамыз. Сен жүре аласың ба? (Полк священнигіне). Құлап қала жаздады. Жаңалықтарды естіген соң. Оның тыныштық орнайды дегенге сенімі жоғалған болатын. Ал әкем әрдайым айтатын, орнайды деп. Үйге кеттік.

Кетеді.

Кураж шешейдің дауысы. Оған арақ беріңдер!

Полк священнигі. Олар кетіп қалды. 

Кураж шешейдің дауысы. Ол жақта не болып жатыр, лагерьде?

Полк священнигі. Бәрі жүгірісіп келіп жатыр. Қазір қарайын. Мен пастор киімін киіп алсам ба екен?

Кураж шешейдің дауысы. Әуелі бәрін дұрыстап анықтап алыңдар, ал сосын антихрист болып жария боларсыз. Мен бейбіт күнге қуаныштымын, сол үшін қайыршылансам да. Тым құрығанда, менің екі балам соғыстан аман шықты. Енді мен өзімнің Эйлифімді көремін.

Полк священнигі. Мұнда лагерьден келе жатқан кім екен? Ант ішейін, бұл қолбасшының аспазы!

Аспаз. (Оның түрі ұйпа-тұйпа, қалжыраңқы, қолында түйіншек). Кімді көріп тұрмын? Мәртебелі священник!

Полк священнигі. Кураж, бізге қонақ келді. 

Кураж шешей арбадан түседі.

Аспаз. Мен қалай уақытым болады, солай әңгімелесуге келемін деп уәде бергенмін. Мен сіздің арағыңызды ұмытқан жоқпын, Фирлинг ханым.

Кураж шешей. Иисусе, қолбасшының аспазы? Қанша жыл өтті! Эйлиф қайда, менің үлкен ұлым?

Аспаз. Ол мұнда әлі жоқ па? Ол менен ерте шықты, осында келмекші болатын.

Полк священнигі. Мен пастор киімімді киейін, қазір. (Арбаның артына кетеді).

Кураж шешей. Демек, ол әне-міне келіп қалады. (Арбаға айқайлайды). Катрин, қазір Эйлиф келеді! Аспазға бір стакан арақ алып шық, Катрин!

  Катрин көрінбейді. 

Шашыңды біраз сипала, жарайды! Ламб мырза өз адамымыз. (Өзі арақ алып шығады). Ол шыққысы келмейді. Тыныштықты тым ұзақ күтуге тура келді. Оның маңдайын бұзып, қан жалатып жіберді, ендігі байқалмастай дерлік, бірақ оған бәрі көзін адырайтып қарап тұрғандай көрінеді.

Аспаз. Иә, соғыс! 

  Аспаз бен Кураж шешей отырады. 

Кураж шешей. Аспаз, сіз мені қырсық шалғанда келдіңіз. Мен жұтадым.

Аспаз. Не? Міне, сәтсіздік.

Кураж шешей. Тыныштықта сүріндім. Священниктің кеңесімен мен жақында тауарды топтап сатып алдым. Енді бәрі жан-жаққа бытырап, тарап кетеді, мен болсам өз тауарыммен омалып отырып қаламын.

Аспаз. Священникті қалай тыңдауға болады? Егер сол кезде менде уақыт болғанда – католиктер жылдам сап ете түсті, – мен сізді одан сақтандырған болар едім. Бұл сірке. Солай, демек, ол сіздің бас кеңесшіңіз. 

Кураж шешей. Ол ыдыс жуып, жабық арбаны сүйреуге көмектесті.

Аспаз. Ол ма арба сүйрейтін?! Ол, шамасы, өзінің сүйікті анекдоттарын сізге айтып та берген болар, оның әйелдерге қарым-қатынасы лас, мен оған түк ықпал жасай алмадым. Ол байсалды адам емес.

Кураж шешей. Ал сіз ұстамды адамсыз ба?

Аспаз. Мен ешкім болмай-ақ қояйын, бірақ мен байсалды адаммын. Сіздің денсаулығыңыз үшін!

Кураж шешей. Байсалдылық – қабағат керек еді. Менде, құдайға тәубе, тек бір ұстамды адам болды. Мен ешқашанда соншалық жұмысқа жегілген емеспін, ал көктемде ол балалардың жамылғысын сатады. Ол менің сырнайымды жабайы дейтін. Меніңше, егер сіз өзіңізді байсалды адам деп атасаңыз, сіз онда өзіңізді нашар көрсетесіз.

Аспаз. Сіздің бұрынғысынша тіліңіз өткір, бірақ мен сізді осыңыз үшін сыйлаймын.

Кураж шешей. Енді келіп маған менің тіліме оралғыңыз келді дей көрмеңіз!

Аспаз. Иә, сондай бір шаруалар, біз тағы бірге отырмыз және бейбіт қоңырау үні, сіздің әйгілі арағыңыз, ешкімнен мұны таппайсыз...

Кураж шешей. Бейбіт қоңырау дауысына мен үшін қуаныш аз. Енді солдаттарға өткен үшін төлей бастады деп ойламаймын, мен өзімнің атақты арағыммен қалай болар екемін. Сізге шынында жалақыңызды түгел төлеп берді ме? 

Аспаз. (Солқылдақ). Дәл солай емес. Өйткені біз бытырап кеттік. Сондай жағдайды көріп, мен ойладым: одан да осында болайын, ең дұрысы достарымды барып білейін. Сөйтіп міне сіздің қасыңызда отырмын.

Кураж шешей. Демек, сізде түк те жоқ. 

Аспаз.  Олар барлық қоңырауларды соғып, даң-дұң еткенін доғарса жақсы болар еді. Бұл шындық, қоңыраулатты, сол жетер. Мен, сірә, әлдебір саудамен айналысар едім. Олардың аспазы болудан жалықтым. Оларға түскі асты етіктің былғарысынан, тамыршалардан жасайсың, ал сосын олар ыстық сорпаны өзіңнің бетіңе шашады. Аспаздардың ендігі өмірі итшілік. Одан да сапқа тұрған жақсы, солай болмас игі еді, қазір тыныштық орнады ғой.

Полк священнигі келеді. Оның үстінде бұрынғы киімі.

Полк священнигі. Біраз қара күйе жеп қойғаны болмаса, әлі де киіледі.

Аспаз. Меніңше, бекер тырысасыз. Енді сіз орын алмайсыз, адал қызмет атқарып, окопта жер жастану керек деп сіз енді кімді сендіресіз? Жалпы маған сіз жауап беруіңіз керек, өйткені сіз маған кеңес бергенсіз...

Полк священнигі. (Қызынып). Ал сіздің шаруаңыз қанша?

Аспаз. Бұл ұятсыздық қой! Сіз қалай бөгденің ісіне кірісесіз және ешкімге қажеті жоқ ақылдарыңызды бересіз?

Полк священнигі. Кім бөтеннің ісіне араласады? (Кураж шешейге). Мынау мырзаның тым жақын құрбысы екеніңізді және оның алдында есеп беруге міндетті екеніңізді мен білмедім.  

Кураж шешей. Уайымдамаңыз, аспаз тек өзінің жеке пікірін айтты, ал сіз сіздің соғысыңыз – бұл бос нәрсе екенін мойындамай көріңіз.

Полк священнигі. Тыныштыққа қуанбау – күнә, Кураж! Сіз майдан даласында тіміскіленіп жүрген шибөрісіз.

Кураж шешей. Мен кіммін?

Аспаз. Сіз менің досымды қорладыңыз, енді менің ісім сізбен болады.

Полк священнигі. Мен сізбен сөйлескім келмейді. Сіздің пиғылыңыз айқын. (Кураж шешейге). Бірақ сіз бейбіт өмірге жиіркенішпен қарағаныңызды көргенде – сіңбіріп тастаған ескі орамал сияқты екі саусағыңызбен іліп алып – адамшылықпен күйзелемін; сіздің тыныштықты жаныңыз қаламайтыныңызды, сізге соғыс керек екенін мен көремін ғой, өйткені сіз одан қор жинап, пайда табасыз. Алайда ескі мақалды ұмытпағайсыз: «Сайтанмен таңғы ас ішкің келсе – онда қасығың ұзын болсын!».

Кураж шешей. Мен соғысты сүймеймін, ол да мені жарата қоймайды. Қандай жағдайда болса да мен өзімді шибөрі дегізбеймін, біздің арамызда бәрі бітті.

 Полк священнигі. Сіз неге тыныштыққа налисыз, барша басқа адамдар демін алғанда? Сіздің жабық арбаңыздағы әлдеқандай көр-жер бықсық дүние үшін бе? 

Кураж шешей. Менің тауарым – бұл ескі-құсқы емес, ол мені асырайды, осы кезге дейін сізді де асырады.

Полк священнигі. Демек, соғыс сізді асыраушы! Ехе! 

Аспаз. (Священникке). Сіз ересек адамсыз, өзіңіздің ақыл-кеңесіңмен кірісе бермеңіз. (Куражға). Қазір ең жақсысы тезірек тым құрыса бір бөлігін сатып жіберу, әзір бағалар құлдиламай тұрғанда, ары қарай болмайды. Киініңіз және әрекет жасаңыз, бір минутты да жоғалтуға болмайды!

Аспаз. Міне оң ақыл. Мен тегі солай жасаймын.

Полк священнигі. Өйткені мұны аспаз айтты!

Кураж шешей. Ал сізге солай айтуға кім бөгет болды? Ол дұрыс айтады, ең дұрысы – базарға бару. (Арбаға кіріп кетеді).

Аспаз. Менің пайдама бір ұтыс, священник. Сіз тапқыр емессіз. Сіз былай деуіңіз керек болатын: «Мен сізге ақыл бермедім бе? Мен бар болғаны саясат туралы толғандым!». Сізге ең дұрысы менімен таласпау керек. Сіздің киіміңізге қораз таластыру жараспайды!

Полк священнигі. Егер сіз аузыңызды жаппасаңыз, мен сізді өлтіремін, маған жараса ма, жоқ па. 

Аспаз. (Етігін шешіп және шұлғауын тарқатып жатып). Егер сіз осыншама құдайсыз төмендесемеңіз, тыныштық орнағанда сіз оңай шіркеуден қауым алар едіңіз. Аспаздар керегі болмайды, пісіретін түк жоқ, ал құдайға әлі де сене беретін болады, мұнда түк өзгерген жоқ.

Полк священнигі. Ламб мырза, мені бұл жерден қуып шықпауды сізден өтінемін. Мен қалайша төмен түстім, адам ретінде жақсардым. Енді мен уағыз да айта алмайтындаймын.

Иветта Потье кіреді, үстінде қара көйлек, өте сәнді, қолында жіңішке таяғы бар. Ол кәртайған, толысқан, қою опа жаққан. Оның артында қызметшісі бар.

Иветта. Оля-ля, адал топқа сәлем! Бұл Кураж шешейдің жабық арбасы емес пе екен?

Полк священнигі. Дәл солай. Кімді көріп тұрмыз? 

Иветта. Полковник Штархембергтің зайыбы, қайырымды жандар. Кураж қайда?

Кураж шешейдің дауысы. Қазір шығамын!

Иветта. Мен Иветтамын!

Кураж шешейдің дауысы. Ах, Иветта!

Иветта. Мен сіздердің қалай тұрып жатқандарыңызды көруге келдім! 

Аспаз зәресі ұшып теріс бұрылады. 

Иветта. Питер! 

Аспаз. Иветта! 

Иветта. Міне, сюрприз! Сен мұнда қалай тап келдің?

Аспаз. Жүк арбамен. 

Полк священнигі. Ах, сіздер бір-біріңізбен таныссыздар ма? Және жақын?

Иветта. Мүмкін. (Ол аспазға қарап қалады). Қандай семіз!

Аспаз. Иә, сен де бұрынғыдай талшыбықтай бұралып тұрған жоқсың.

Иветта. Сені кездестірдім,бұл бәрібір жақсы, жалаңаяқ. Енді мен саған сен туралы не ойлайтынымды түгел айта аламын. 

Полк священнигі. Бәрін-бәрін айтыңыздаршы, жарай ма, тек әзірше Кураж шыққанша тоса тұрыңыздар.

Кураж шешей. (Тауар көтеріп шығады). Иветта! 

 Олар құшақтасады. 

Сен неге қаралысың?

Иветта. Немене, маған жарасып тұрған жоқ па? Менің күйеуім, полковник, бірнеше жыл бұрын қайтыс болды.

Кураж шешей. Менің жабық арбамды сатып ала жаздаған шал ма?

Иветта. Жоқ, оның үлкен ағасы.

Кураж шешей. Саған сондай жарасады.Тым құрыса бір адам соғыстан жетістікке жетті.

Иветта. Бәрі бастан өтті: әуелі жақсы, сосын жаман, сосын тағы жақсы.

Кураж шешей. Полковниктерді жамандамайық, олардың ақшасы сайға сыймайды.

Полк священнигі. (Аспазға). Сіздің орныңызда мен қайтадан аяқ киімімді киер едім. (Иветтаға). Сіз мына мырза туралы не ойлайтыныңызды тегіс айтуға уәде еттіңіз, полковник ханым.

Аспаз. Иветта, бұл жерде өсектеме.

Кураж шешей. Бұл менің досым, Иветта.

Иветта. Бұл мүштікті Питердің дәл өзі.

Аспаз. Лақап ат құрысын! Менің фамилиям Ламб.

Кураж шешей. (Күледі). Мүштікті Питер! Әйелдер есі кеткен еркек! Білесіз бе, мен сіздің түтігіңізді сақтап қойдым.

Полк священнигі. Әрі онымен аздап шегіп қоямын де! 

Иветта. Менің сізді сақтандыра алатыным қандай бақыт. Бұл Фландрия жағалауында қыдырыстап жүретіндердің ішіндегі ең бір жексұрыны. Ол бақытсыз қылған әйелдердің санына өзінің саусақтары жетпес еді. 

Аспаз. Бұл баяғыда болған. Қазір оның бәрі өткеннің еншісінде.

Иветта. Сенімен әйел заты сөйлесіп тұрғанда орныңнан тұр! Бұл адамды мен қалай құлай сүйдім десеңші! Ал оның сол кезде тағы бір қараторысы бар болатын – сондай қамыт аяқ, ол әйелді де ол, әрине, бақытсыз қылды.

Аспаз. Ал, мен сені расында бақытты қылған шығармын, көзім көріп тұр.

Иветта. Жап аузыңды, қақпас, бейбақ! Одан сақтаныңыз, мұндайлар сүйегі саудырап, қаусап тұрса да қауіпті! 

Кураж шешей. (Иветтаға). Менімен жүр, маған баға құламай тұрғанда мына заттарды өткізу керек. Бәлкім, сенің маған полкте себің тиер, байланысың бар ғой. (Арбаға айқайлайды). Катрин, шіркеуге бармаймыз, мен базарға барамын. Егер қазір Эйлиф келсе, ішімдік бер. (Иветтамен кетеді).

Иветта. (Кетіп бара жатып). Осы бір адам үшін ғой, менің бұрын жолдан тайғаным ақылға сыймайды! Тек бақ жұлдызым жарқырағанының арқасында, қайта көтерілдім. Бірақ сенің қитұрқы қылықтарыңа нүкте қойдым, бұл маған о дүниеде есептеледі, мүштікті Питер.

Полк священнигі. Біздің әңгімеміздің негізінде, меніңше, мына нақыл жатыр: «Құдай асықпайды, бірақ сазайыңды тартасың». Ал сіз мені өткір тілді дегіңіз келмейді!

Аспаз. Жолым болмай қойды. Шынымды айтсам, ыстық ас ішкім келген. Мен ашығып қалдым, ал олар мені айтып жатыр, сондықтан ол мен туралы теріс ойлайды. Ол қайтып оралғанша, көзімді жоғалтып кетіп қалғаным дұрыс шығар. 

Полк священнигі. Мен де солай ойлаймын. 

Аспаз. Дүние маған қайыра жат болды. Адамзат от мен семсерден құруы тиіс, ол жөргегінен-ақ күнәһар. Қолбасшыға бордақыланған қораздан ас даярлап берер ме едім – оның қайда жүргенін құдай біледі, ал қораз етіне қышадан ащы тұздық пен кішкене сәбіз қосса ғой. 

Полк священнигі. Қызыл капуста. Семіз қоразға – қызыл капуста. 

Аспаз. Бұл рас. Бірақ ол сәбізді жақсы көретін. 

Полк священнигі. Ол түк те білмейтін.

Аспаз. Сіз оның үстелінде асап-асап жейтінсіз.

Полк священнигі. Жирене.

Аспаз. Бәрібір, мойындаңыз, ол уақыт сондай бір жаман болмайтын.

Полк священнигі. Мүмкін, мойындауға да тура келер.

Аспаз. Сіз оны шибөрі деп атағаннан соң, мұнда сізге жақсы заман туа қоймайды. Қайда қадалып қалдыңыз?

Полк священнигі. Эйлиф!

 Эйлиф кіреді, оның артында айдауылдар. Эйлифтің қолы бұғауда, өңі қудай. 

Полк священнигі. Саған не болған?

Эйлиф. Анам қайда?

Полк священнигі. Қалаға кетті.

Эйлиф. Мен ол осында деп естідім. Маған онымен жүздесуге рұқсат берді.

Аспаз. (Солдаттарға). Оны қайда апара жатырсыңдар?

Солдат. Ол жаққа оның бармай-ақ қойғаны жақсы еді.

Полк священнигі. Ол не істеп қойды?

Солдат. Шаруаның үйіне баса-көктеп кірді. Үй иесі әйел өлді. 

Полк священнигі. Қалайша сен соны істедің?

Эйлиф. Мен бұған дейін басқа не істеп едім.

Аспаз. Қазір бейбіт күн туған жоқ па.

Эйлиф. Сөйлеме. Ол келгенше, отыра тұрсам бола ма?

Солдат. Біздің уақытымыз жоқ. 

Полк священнигі. Соғыс уақытында оны бұл үшін көкке көтерді, ол қолбасшының оң жағында отырды. Сол кезде бұл ержүректік саналды! Профоспен сөйлесуге болмас па екен, үкім шығаратын сол ғой.

Солдат. Бекер. Шаруаның малын тартып алу – мұнда қандай батылдық бар?

Аспаз. Бұл ақымақтық болатын!

Эйлиф. Егер мен ақымақ болсам, онда баяғыда аштан қатар едім, естимісің сен, бықсыған ақылдысымақ.

Аспаз. Ал сенің ақылды болғаның үшін басың иығыңнан ұшып түседі.

Полк священнигі. Тым құрыса Катринді шақыру керек.

Эйлиф. Жабық арбасында отыра берсін! Одан да бір ұрттам арақ берші. 

Солдат. Мұрша жоқ, кеттік!

Полк священнигі. Біз сенің анаңа не айтуымыз керек?

Эйлиф. Оған айт, басқа дәнеңе де болған жоқ, оған айт, мен осылай өмір сүрдім. Болмаса түк те атпай-ақ қой.

 Солдаттар оны алға итеріп қалады.

Полк священнигі.  Мен сенімен барамын, мен сені осы ауыр жолда жалғыз қалдырмаймын.

Эйлиф. Маған діндар керек емес.

Полк священнигі. Мұны сен әлі білмейсің. (Оның артынан ереді).

Аспаз. (Олардың соңдарынан айқайлайды). Маған анасына айтуға тура келеді, ол оны көргісі келеді!

Полк священнигі. Дұрысы, ештеңе айтпаңыз. Тек оның мұнда болғанын және бәлкім, ертең тағы келерін болмаса. Сол уақытта мен ораламын да, оған естіртуге қам жасаймын.

 Аспаз олардың соңынан қарап, басын шайқап қалады, сосын ол беймаза әрлі-берлі адымдап жүре бастайды. Ақырында ол жабық арбаға келеді.

Аспаз. Эгей! Шықпас па екенсіз? Мен түсінемін, сіз жарық дүниеден тығылып отырсыз. Мен де бой тасалаудан бас тартпас едім. Мен бас қолбасшының аспазымын, сіз мені ұмытқан жоқсыз ба? Сізде анаңызды күтіп отырған мезетте тіске басар ештеңе табылмас па екен? Мен, тегі, бір тілім шошқа майы мен тіпті нанды жер едім, тек уақытты қысқарту үшін ғана. (Жабық арбаға сығалап қарайды). Басын тығып алыпты.

         Сахнаның төрінен зеңбіректердің дүрсілі естіледі.

Кураж шешей. (Алқынып жүгіріп келеді, тауары қолында). Аспаз, тыныштық қайта бітті! Соғыс жүріп жатқанына үш күн. Мен мұны ертерек, тауарды жібергенше білдім. Құдайға тәубе! Қалада – лютерандармен атысып жатыр. Жабық арбамен бірге тайып тұру керек! Катрин, заттарды жиыстыр! Сіз неге абыржыдыңыз? Не болып қалды?

Аспаз. Ештеңе.

Кураж шешей. Жо-жоқ, бірдеңе болды. Мен жүзіңізден көріп тұрмын.

Аспаз. Бәлкім, бұл қайтадан соғыс болып жатқандықтан болар. Енді маған, шамасы, ертеңгі күнге шейін ыстық ас бұйырмайды.

Кураж шешей. Өтірік айтасыз, аспаз.

Аспаз. Мұнда Эйлиф болды. Бірақ ол өте асықты.

Кураж шешей. Эйлиф осында болды? Ал, біз оны шеруде көреміз. Енді мен біздікілермен барамын. Ол қалай екен?

Аспаз. Бұрынғыдай. 

Кураж шешей. Ол ешқашан өзгермейді. Оны менен соғыс тартып ала алмады. Ол ақымақ емес. Сіз маған заттарымды жинауға көмектесесіз бе? (Тауарларын жинастыра бастайды). Ол не айтты? Оның қолбасшымен қарым-қатынасы бұрыншысынша жақсы ма екен? Ол өзінің ерліктері туралы ештеңе айтқан жоқ па?

Аспаз. (Көңілсіз). Ол өзінің бір ерліктерін, мен ұққанымдай, қайталапты.

Кураж шешей. Сосын айтасыз, қозғалайық.

         Катрин келеді. 

Катрин, тыныштық қайтадан бұзылды. Біз бұл жерден кетеміз. (Аспазға). Ал сіз қайда жылжисыз?

Аспаз. Мен әскерге өз ықтиярыммен жазыламын.

Кураж шешей. Мен сізге ұсынамын...священник қайда?

Аспаз. Ол қалаға Эйлифпен бірге кетті.

Кураж шешей. Онда бізді біршама жерге шығарып салыңыз, Ламб. Маған жәрдем керек.

Аспаз. Иветтамен болған оқиға...

Кураж шешей. Ол сізді маған жаман қылып көрсеткен жоқ. Керісінше. От қайда болса, сонда қоңырсыған түтін болады демекші. Сонымен, бізбен бірге барасыз ба?

Аспаз. Мен бас тартпаймын.

Кураж шешей. Он екінші ендігі кірісті. Тертенің қасына тұрыңыз. Міне, сізге нанның кесегі. Біз ақырындап лютерандарға орнығамыз. Бәлкім, мен кешкісін Эйлифті көріп те қалармын. Ол менің сүйікті ұлым. Қып-қысқа тыныштық орнады, енді міне қайта басталды.

         (Ән салады). 

Ульмадан Мецке, Мецтен чехтарға!

Бір өлкеден екінші өлкеге алға, Кураж!

Соғыс бізді табыспен асырайды, 

Оған егер қорғасын мен мылтық берсең.

Бірақ тек қорғасынмен тоқ болмайсың,

Тек мылтықтар оған аз:

Соғысқа ол аз болса адамдар қажет,

Ол адамдарсыз арам қатады!

Аспаз бен Катрин жабық арбаға жегіледі. 


9

Міне, дін үшін болған ұлы соғыс он алты жылға созылды. Германия халқының тең жартысынан айрылды. Қырғыннан аман қалғандар эпидемия, індеттен өлуде. Бұрын гүлденіп тұрған жерлерді қазір аштық жайлап алған. Өртелген қалаларда қасқырлар жортып жүр. 1634 жылдың күзінде біз Куражды Германияда, Қарағайлы тауда, соғыс жолынан тыс кездестіреміз, ол жолмен швед әскерлері қозғалып келеді. Қыс бұл жылы ерте түсті әрі қатал. Іс оңбай тұр, қайыршылануға тура келді. Аспаз Утрехттен хат алады, оған отставка береді.

Приход священнигінің жартылай бұзылған үйі. Қыс басындағы жабыңқы таңы. Өкпек жел. Кураж шешей мен аспаз ескі қой терісімен жабық арбада әзер деп орналасты.

Аспаз. Әлі қараңғы, бәрі ұйқыда. 

Кураж шешей. Қалай дегенмен священниктің үйі. Ұзамай қоңырау соғылады, ол құстөсектен тұрады. Түк етпейді, ыстық сорпа ішеді. 

Аспаз. Қайдағы священник, біз бүкіл деревня түгі қалмай жанып кеткенін көрдік емес пе.

Кураж шешей. Жоқ, мұнда тұрғындар бар, ит текке үрмейді ғой.

Аспаз. Поптың бірдеңесі болған күннің өзінде, ол бәрібір түк бермейді.

Кураж шешей. Мүмкін, егер ән салсақ...

Аспаз. Осы ән мені жалықтырды. (Кенет). Мен Утрехттен хат алдым, менің анам, тырысқақ ауруынан өлді деп жазады, трактир енді менікі. Міне хат, егер сенбесең. Мен оны саған оқуға беремін, тәтемнің менің өмір салтым туралы шатпағы саған қатысы жоқ болса да. 

Кураж шешей. (Хатты оқиды). Ламб, кезіп қаңғыра беру мені де жалықтырды. Мен қасапшының иті сияқтымын, сатып алушыларға ет апарады, ал өзі жемейді. Менің саудалайтын да түгім жоқ, ал адамдардың сатып алатындай еш ақшасы жоқ. Саксонияда бір алба-жұлба біреу маған екі жұмыртқа үшін бір құлаш жарғақ қағазға басылған кітаптарды алдап беріп жібергісі келді, ал Вюртембергте бір қапшық тұз үшін маған соқа берді. Жер жыртудың қажеті қанша? Тек ошаған өсіп шығады. Померанияда деревняларда барша нәрестелерді жеп қойған деседі, ал монах әйелдер үлкен жолдарда кісілерді тонайды екен.

Аспаз. Бәрі өледі.

Кураж шешей. Кей сәтте маған жабық арбаммен тозақта жүріп, қарамай саудалайтын немесе көкте адасқан жандарға тіске басар тамақ сататын сияқты көрініп кетеді. Егер мен өзімде қалған балаларыммен, атыс жоқ бір кішкентай жерді тапсам, тағы да жайынша бірнеше жыл өмір сүрер ме едім.

Аспаз. Біз трактир ашқан болар едік. Бұл туралы ойлан, Анна. Мен бүгін нақты шештім, Утрехтге кетемін, сенімен немесе сенсіз және бүгіннен қалдырмай.

Кураж шешей. Мен Катринмен сөйлесуім керек. Өзі бәрі де тым қапылыс, маған бой жылытпай және аш қарынға шешімге келу қиын. Катрин!

         Катрин арбадан шығады. 

Катрин, мен саған бірдеңе айтуым керек. Біз аспаз екеуміз Утрехтке жиналамыз. Ол онда мұраға трактир алды. Сен бір жерде өмір сүріп, танысқан болар едің. Орныққан адам құрметке лайық, сырт келбет – бұл түгел шешпейді. Мен де бұл шешімді қабылдадым. Аспазбен біз сыйысып тұрып кетеміз. Ол істің мәнін біледі, мұны айту керек. Ішер аспен біз қамтамасыз болған болар едік, жаман ба? Сенің өзіңнің төсегің болар еді, бұл саған ұнайды ғой, рас па? Әрдайым көшеде тұра беруге болмайды! Солайша азып кетуге болады. Сен ғой түгіл биттеп кеттің. Бізге шешімге келу керек, біз шведтермен солтүстікке барар едік, олар, сірә, сонда. (Сол жақты көрсетеді). Мен біз бұған барамыз деп ойлаймын. 

Аспаз. Анна, мен саған оңашада екі сөз айтуым керек.

Кураж шешей. Арбаға кір, Катрин.

         Катрин арбаға кіреді. 

Аспаз. Мен сенің сөзіңді үздім, көріп тұрмын, мені сен түсінбедің. Мен ойладым, бұл туралы айтудың да керегі жоқ, онсыз да түсінікті дегендей. Алайда олай болмаса, айтайын: оны өзіңмен бірге алудың түк қажеті жоқ. Мен сен мені түсінеді деп ойлаймын.

         Катрин олардың артынан басын арбадан шығарып, тыңдайды.

Кураж шешей. Сен мен Катринді қалдырып кетуім керек деп ойлайсың ба?

Аспаз. Ал сен қалай ойлайсың? Трактирде орын жоқ. Бұл саған үш залы бар трактир емес. Егер біз тырыссақ, онда екеулеп қорек табамыз, бірақ үшеулеп, үшеулеп болу мүмкін емес. Жабық арба Катринге қала берсін.

Кураж шешей. Мен ойладым, Утрехтте ол өзіне күйеу табады деп.

Аспаз. Мені күлдірмеші! Мұндай қыз күйеуді қайдан табады? Мылқау, ол аз десең тыртығы бар. Жасы болса да келіп қалды.

Кураж шешей. Ақырын сөйле!

Аспаз. Қатты айтыла ма, ақырын айтыла ма, шындықтың аты шындық. Мен оны трактирде ұстай алмайтыныма бұл да бір себеп. Меймандарға көз алдарында көлбеңдеп ұсқынсыз біреу жүргені жақпайды. Және бұл үшін оларға ренжуге де болмайды.

Кураж шешей. Үндеме. Саған айтамын, қатты дауыстап айтпа деп.

Аспаз. Священниктің үйінде жарық жанды. Ал әндетейік.

Кураж шешей. Аспаз, ол қалай жалғыз өзі арбамен кетеді? Ол соғыстан қорқады. Ол соғысты жек көреді. Шамасы, оның көретін түстері сондай қорқынышты! Мен ол түн баласында қалай өкситінін естимін. Әсіресе, ұрыстан кейін. Ол түсінде не көреді, оны білмедім. Ол жаны ашығыш, содан қиналады. Жақында мен одан біз басып кеткен кірпіні таптым. Ол оны тығып қойыпты.

Аспаз. Трактир тым кішкентай. (Айқайлайды). Ей, құрметті қожайын, қызметшілер мен үй тұрғындары! Біз сіздерге Сүлеймен, Юлий Цезарь және басқа ұлы адамдар, оларға биік ақыл-ойы пайдаға жарамағаны туралы ән саламыз. Сонда сіздер біздің де дұрыс адамдар екенімізді және бізге де өмір сүру оңай емесін, әсіресе, осы қыста, түсінесіздер. (Ән салады).

Сіздерге данышпан Сүлеймен таныс па,

Оның ақыры таныс па?

 Ол өзінің туған күнін

Бақытсыз күн деп атаған. 

Ол айтты, дүниеде ештеңе жоқ,

Бәрі де әуре-сарсаң тек.

Сүлеймен үлкен данышпан болатын,

Және бізге өсиет анық:

Оның ақырына даналық кінәлі!

Кімде даналық жоқ болса, сол олжалы.

Бұл дүниеде барша ізгіліктер қатерлі, мұны біздің тамаша әніміз айғақтап тұрған жоқ па, оларсыз да өмір сүруге болады және жақсы өмір кешуге болады, айталық, таңғы асқа ыстық сорпа ішкен қандай ғанибет. Менде, мысалы, ыстық сорпа жоқ, ал мен одан бас тартпас едім ғой, мен солдатпын, бірақ менің шайқаста батыл болғанымнан не қайыр, не пайда? Дәнеңе де, мен ашығып жүрмін. Одан да мен бұтыма жіберіп қойып, үйімде қалғаным жақсы еді. Ал неліктен? 

Цезарьдың соңы жаман болғаны

Көп нәрсені ұқтырды.

Юлий Цезарь батыл һәм ержүрек еді,

Ал міне, қараңдар, оны өлтірді.

Ол ең жоғары билікті аңсады,

Әрі оның дәмін толығымен татты. 

«Ал сен, менің ұлым», – деп айқайлады қаһарман.

Ендеше, өсиет айқын ғой,

Ержүректігі жер құштырды оны!

Батылдық кімге жат болса, ол соның бағы.

(Баяу үнмен). Тым құрыса, тұмсығын көрсетсе ғой. (Қатты). Ей, құрметті қожайын, қызмтешілер мен үй тұрғындары! Мүмкін, сіздер қарсы айтарсыздар, батылдық емес, адалдық адамды асырайды деп. Мүмкін, сіз адал адам тоқ немесе барынша есті деп айтқыңыз келер? Көрейік, адалдықпен іс қалай боларын.

Сізге ежелгі грек Сократ таныс па?

Ол ешқашан өтірік айтпайтын.

Ол бәрінен жүз есе адал болатын,

Бірақ оны да қырсық шалды.

Оған у ішуге бұйырды,

Ол ыдысты басына бірақ көтеген.

Жұрттың үкімі солай болды.

Енді сізге өсиет анық шығар:

Оның өліміне адалдығы кінәлі!

Кімге адалдық жат, сол бақытты.

Енді маған момын және жанкешті болу керек, жақыныңмен бөлісу керек деп айтатын шығар, ал, егер, бөлісетін түгің болмаса ше, онда қайтесің? Жарылқаушы болу, қайыр қылу, мүмкін, ол да оңайға соқпайтын шығар, мұнымен де санасуға тура келеді, өзіңе де бірдеңелер керек емес пе. Иә, жанқиярлық – бұл сирек қасиет, сирек болатыны, оның орны толмайды.

Әулие Мартин бөгденің сорына,

Әрдайым жәрдем қылуға даяр тұратын.

Ол кедеймен жамылғы-жадағайымен бөлісті,

Екеуі де сол түні тоңып шықты.

Жер бетіне тән емес ұлы махаббатқа

Оның жаны толы болатын.

Уағыз сыры сізге мәлім,

Момындық оның түбіне жетті!

Кімге бұл қасиет жат, сол жан бақытты!

Бізбен де іс осылай болып тұр! Біз адал адамдармыз, бір-бірімізге тірекпіз, ұрлық қылмаймыз, кісі өлтірмейміз, өртеп кетпейміз, біз барған сайын құлдилап бара жатырмыз, біздің тағдырымыз салған әнімізді растайды, сорпа бізде сирек болады, ал егер біз басқа болсақ, тонап, өлтірсек, бәлкім, біз тоқ болар ма едік! Ізгі қасиеттер құрметтелмейді, тек кемістік, кесел, көргенсіздік сый алады, дүние сондай, ол дәл сондай болмағанда жақсы болар еді-ау!

Біз он өсиетті қастерлейміз,

Құдайдан қорқамыз.

Бірақ бұл бізге көмектескен жоқ,

Бізге тамақ пен жылу керек,

Біз дорба асынып кеттік қой.

Біз қайыршымыз, бізге қайыр керек,

Және біздің жолымыз – түгелдей қасіретті жол.

Ендеше, уағыз сыры мәлім ғой:

Құдайдан қорқушылық бәріне кінәлі!

Кімге ол жат, сол бақытты емес пе!

Дауыс. Ей, сіздер! Мұнда көтеріліңіздер! Сорпа береміз.

Кураж шешей. Ламб, менің қазір тамағымнан ас өтпейді. Мен сен сандырақ сөз айтты демейін, шынымен бұл сенің соңғы сөзің бе?

Аспаз. Соңғы. Ойлан.

Кураж шешей. Маған ойланудың керегі жоқ. Мен оны мұнда қалдырмаймын.

Аспаз. Ақымақтық қыласың, бірақ мен ештеңе істей алмаймын. Мен аң емеспін, бірақ трактир шағын. Ал қазір көтерілейік, әйтпесе, біз мұнда да түк алмасақ, суықта текке ән салған болып шығамыз.

Кураж шешей. Мен Катринді шақырайын.

Аспаз. Одан да ол жерден бірдеңе алып шық. Егер біз үшеуміз бірдей бассақ, олар қорқып кетеді. 

         Екеуі кетеді.

Жабық арбадан қолында түйіншегі бар Катрин шығады. Ол қарағыштайды, олар кетіп қалды ма, соны біледі. Сосын ол арбаның дөңгелегіне аспаздың ескі шалбары мен анасының юбкасын іледі. Оларды көрнекі жерге қатар іліп, ол өзінің түйіншегімен кеткісі келеді. Осы уақытта Кураж шешей оралады. 

Кураж шешей. (Сорпа құйылған тәрелкемен). Катрин! Тоқта! Катрин! Сен түйіншек ұстап, қайда жиналдың? Сенің есің дұрыс па? (Түйіншекті шешеді). Ол өз заттарын жинап алыпты! Сен не, тың тыңдадың ба? Мен оған айттым, менің Утрехтке түкіргенім бар, оның жаман трактиріне де, біз онда не жоғалтыппыз? Сен екеуміз трактирге жарамаймыз. Соғыста біз үшін жұмыс табылады. (Шалбар мен юбканы көріп). Ақымақсың сен. Ал егер мен осыны көргенде, сен бұл жерде болмасаң ше? (Жұлқынып тұрған Катринді ұстап тұрады). Мен оғансен үшін тойтарыс бердім деп ойлама. Жабық арба үшін, міне, не үшін. Мен өзім бауыр басқан жабық арбадан кетпеймін, сол арбаға бола мен оған жоқ дедім, сен үшін емес. Біз басқа жаққа кетеміз, ал аспазға біз заттарын тастап кетеміз, өзі тауып ала берсін, қызық адам. (Арбаға шығып, шалбарды лақтырған жерге тағы бірнеше затты лақтырап тастайды). Ал мінекей, ол біздің шаруадан шығып қалды, ал ендігәрі мен оған ешкімді де қабылдамаймын. Ары қарай екеулеп тартамыз. Түк етпейді, бұл қыс та бітер. Жегіл, әйтпесе, қар жауып кетер. 

                   Екеуі арбаға жегіліп, оны бұрып алады да, алып кетеді. Аспаз оралады да, өз заттарына абдырап қарап қалады. 


10

1635 жыл бойына Кураж шешей мен оның қызы Катрин барған сайын жырымдалып, қожырай түскен әскердің артынан ерумен Орталық Германияның жолдарында өткізеді. 

         Жол. Кураж шешей мен Катрин арбаны сүйреп келеді. Олар біреу ән салып жатқан шаруа үйінің қасынан өтеді. 

Дауыс. 

Біз райхан гүлдерінотырғыздық, 

Ең көзге түсетін тұсқа. 

Гүлдер шешек атады,

Біздерге сыйақы дайын,

Жерді жыртқанымыз үшін.

Райхан гүлі хош аңқыған,

Бақта отыру қандай ғанибет!


Қыс маусымы түскен соң,

Жер бетін тегіс сыпырып кетті.

Ал біз қайғы шекпейміз,

Қабырғалар қап-қалың, 

Отын маздап жанады.

Жылы жерде отырған,

Қыс түскенде қандай ғанибет.

Кураж шешей мен Катрин тоқтап қалады да, тыңдайды. Сосын олар өз жолын жалғастырады. 


11

1636 жылдың қаңтары. Императорлық әскер протестанттық қала Галлеге қатер төндіреді. Тасқа тіл бітті. Кураж шешей қызын жоғалтып алады да, ол жалғыз кетеді. Соғыс біткенге дейін әлі алыс. 

         Ескірген, жыртық жабық арба үлкен қамыс шатыры бар үйдің қасында тұр. Түн. Тоғайдан прапорщик пен үш солдат ауыр көк сауыт киіп шығады.

Прапорщик.  Тек шу шығармаңдар. Егер біреу шыңғырса, найзамен түйреп тастаңдар.

Бірінші солдат. Жол бастаушы алу үшін оларға әуелі есік қағуымыз керек қой. 

Прапорщик.   Не болушы еді, тарсыл – бұл табиғи шу. Сиыр мал  қабырғасына сүйкеніп жатыр деп ойлайды.

         Солдаттар үйдің есігін қағады. Есікті шаруа әйел ашады. Олар оның аузын басады. Екі солдат үйге кіреді.

Үйдің ішінен еркек дауысы.  Бұл не?

         Солдаттар үйден шаруа мен оның ұлын алып шығады. 

Прапорщик. (Катрин көрінген жабық арба жаққа басын изеп). Міне тағы біреуі.

         Солдаттар Катринді сүйрелейді. 

Осында тұратындардың бәрі осы ма?

Шаруа әйел. Бұл біздің ұлымыз. Ал мынау мылқау қыз... оның анасы қалаға тауар сатып әкелуге кетті...Өзінің дүкені үшін...Себебі қазір көп ел бұл жерден қашып жатыр және бәрін су тегінге береді...Бұл адамдар көшпелі, саудагерлер. 

Прапорщик.  Ескертіп қояйын, тыныш отырыңыздар, кім дыбыс шығарса – сол найзадан өледі. Сіздердің біреуіңіз бізге қалаға баратын соқпақты көрсетеді. (Жас шаруаға нұсқайды). Ей, сен бері кел!

Жас шаруа. Мен сүрлеу жолды білмеймін.

Екінші солдат. (Мысқылдап). Ол жалғыз аяқ сүрлеуді білмейді. 

Жас шаруа. Мен католиктерге қызмет етпеймін.

Прапорщик. (Екінші солдатқа). Оның бүйірінен найза түйре! 

Жас шаруа. (Оны тізерлетіп отырғызып, найза кезейді). Мені өлтіріңдер, көрсетпеймін.

Бірінші солдат. Қазір біз онымен келісімге келеміз. (Мал қораға келеді). Екі сиыр мен бір өгіз.  Егер сен ақылға келмесең, мен малды турап тастаймын. 

Жас шаруа. Тек малға тиіспе.

Шаруа әйел. (Жылап). Капитан мырза, біздің малдарға тиіспеңіз, біз аштан өлеміз ғой.

Прапорщик.  Егер ол қасарысса, хайуандарың құрыды дей бер. 

Бірінші солдат. Мен өгізден бастайын.

Жас шаруа. (Үлкеніне). Келісейін бе?

         Шаруа әйел басын изейді. 

Солай болсын.

Шаруа әйел. Рахмет, капитан мырза, сіз бізді мүсіркеп, мәңгі рақым еттіңіз, әмин!

         Шаруа әйелін ары қарай алғыс айтудан бөгеп қалады.

Бірінші солдат. Мен оларға өгіз жер бетінде бәрінен қымбат екенін бірден ұқтым!

         Жас шаруа прапорщик және солдаттармен кетеді.

Шаруа. Олардың не ойластырғанын білгім келеді. Жақсылық емес. 

Шаруа әйел. Мүмкін, бұл әншейін барлаушылар... Сен немене?

Шаруа. (Ол шатырға тіреп қойған баспалдаққа өрмелеп шығып). Қарайын, олар мұнда жалғыз ба екен. (Шатырдан). Тоғайда бірдеңе қозғалады. Ары қарай тас жарғышқа дейін. Және орман соқпағында сауыт киген солдаттар жүр. Әне, зеңбірек тұр. Иә, онда полктен көп. Құдайым-ай, қалаға, сонда қалған барша халыққа рақым ете ғөр. 

Шаруа әйел. Ал қалада жарық жанып тұр ма?

Шаруа. Қап-қараңғы. Ұйқыда жатыр.  (Төмен түседі). Егер олар қалаға кірсе, онда бәрін тегіс бауыздайды. 

Шаруа әйел. Күзет орны оларды байқайды. 

Шаруа. Тау беткейіндегі мұнарадағы сақшыларды олар, шамасы, өлтірген болар, әйтпегенде олар керней тартып, дабыл қағар еді. 

Шаруа әйел. Егер біздер көп болғанда ғой.

Шаруа. Ал біз тек екеуміз, мына бір жарымжан тағы бар...

Шаруа әйел. Түк істей алмаймыз деп ойлайсың ба...

Шаруа. Дәнеңе.

Шаруа әйел. Біз түнде төмен түсе алмаймыз.

Шаруа. Қия беткейдің етегінде олар толып жүр. Біз тіпті белгі де бере алмаймыз.

Шаруа әйел. О не дегенің, олар бізді өлтіріп тастайды.

Шаруа. Иә, қолдан келер түк қайран жоқ.

Шаруа әйел. (Катринге). Дұға қыл, бейшара мақұлық, жалбарын! Бізге оларды қанды қасаптан құтқару мүмкін емес. Сөйлей алмайсың, тым құрыса ғибадат қыл. Сені ешкім естімейді, ал құдай естиді. Мен саған көмектесемін.

Бәрі тізерлейді, Катрин – шаруалардың артында. 

Шаруа әйел. Көктегі біздің әкеміз, біздің ғибадатымызды ести ғөр, қаланы құрып кетуден сақтай ғөр, ондағы ештеңе білмей, ұйқыда жатқандарды жоя көрме. Оларды оят, ұйқыларынан тұрсын, қабырғаға шықсын, түн ортасында өздеріне бара жатқан солдаттарды көрсін, олар шалғын шөпке жасырынып, тау беткейінен түсіп келеді. (Катринге бұрылып). Біздің анамызды сақтай ғөр, қарауылды ұйықтатпа, оянсын, әйтпесе кеш болады. Және біздің күйеу баламызға көмектес, ол онда төрт баламен, оларды ажалдан арашала, олар кінәсіз ғой, олар дәнеңе де түсінбейді. (Катрин ыңырсиды). Ұлдың жасы екіге толмаған, ал үлкен қызы жетіде.

         Катрин орнынан тұрады, ол күйзелісте.

Жарылқаушы әкеміз, бізді ести ғөр, тек сен ғана жәрдемдесе аласың, бізге құрып кету оңай, біз әлсіз жандармыз, бізде ұзын сапты найза да, сүңгі де жоқ, оның үстіне бізде батылдық та жоқ, біз сенің ырқыңдамыз, және біздің бар малымыз, біздің бар шаруашылығымыз; сондай-ақ қала да сенің билігіңде, ал дұшпан оған сарқылмайтын қыруар күшпен тақап келді. 

         Катрин елеусіз арбаға лып етіп өтіп кетті, одан бірдеңе алды, алжапқышының астына тықты да, басқышпен өрмелеп, шатырға шықты.

Кішкентай балақайларды, қауқарсыз кәрілерді, тірі мақұлық атаулыны жаманшылыққа қалдырма. 

Шаруа. Және бізге қарыздарымызды кешір, біз қарызда болғандарды қалай кешірсек. Әмин.

       Катрин шатырда отырып, барабан қаға бастайды, ол оның алжапқышының астында тығулы болатын.

Шаруа әйел. Иисусе, мына қыз не істеп жатыр?

Шаруа. Ол қыз ақылынан адасты.

Шаруа әйел. Оны тез төменге сүйреп түсір! 

         Шаруа басқышқа тұра жүгіреді, бірақ Катрин басқышты шатырға көтеріп ала қояды.

Шаруа әйел. Бұл біздің түбімізге жетеді. 

Шаруа. Дереу даңғыра қаққанды доғар, кеспірсіз албасты! 

Шаруа әйел. Католиктер мұнда келеді!

Шаруа. (Тас іздейді). Мен саған тас атамын!

Шаруа әйел. Шынымен де сенің жүрегің жоқ па? Шынымен аямайсың ба? егер олар келсе, біз құрыдық! Олар бізді бауыздайды!

Катрин, мойын бұрмайды, алысқа, қала жаққа көз тігіп, үздіксіз даңғыра ұра береді. 

Шаруа әйел. (Шалға). Мен саған бірден айтқанмын, мынау қаңғыбастарды аулаға кіргізбе деп. Егер біздің малымызды тұяқ қалдырмай айдап әкетсе, бұлардың несі кетіпті.

Прапорщик солдаттармен және жас шаруамен жүгіріп кіреді.

Прапорщик. Кескілеп өлтіремін! 

Шаруа әйел. Офицер мырза, біз кінәлі емеспіз, біз түк істей алмаймыз. Ол қыз қалай шығып кеткенін байқамай да қалдық. Ол бізге бөтен.

Прапорщик. Басқыш қайда?

Шаруа. Шатырда.

Прапорщик. (Басын шалқайтып). Бұйырамын саған, дереу мұнда даңғыраны таста!

Катрин барабанды соға береді. 

Прапорщик. Барлығың бірсіңдер. Енді сендерге өмір жоқ.

Шаруа. Орманда қарағайларды құлатқан. Егер бөрене алып келіп, ол қызды төбеден итеріп жіберсе...

Бірінші солдат. (Прапорщикке). Маған ұсыныс айтуға рұқсат етіңіз? (Прапорщиктің құлағына бірдеңе деп сыбырлайды. Ол келісіп басын изейді). Ей, сен, саған жақсылықпен келісімге келуді ұсынамыз. Түс, бізбен бірге қалаға барасың, біздің алдымызда жүресің. Бізге өзіңнің анаңды көрсетесің, ал біз оған тиіспейміз.

        Катрин барабанды соға беруін тоқтатпайды.      

Прапорщик. (Солдатты дөкір итеріп жібереді). Ол саған сенбейді, солай ғой, мынау түріңмен... (Катринге айқайлайды). Ал менің сөзіме сенесің бе? Мен офицермін, мен шын айтудың не екенін білемін. 

  Катрин барабанды қаттырақ соққылайды.

Прапорщик. Бұл қыз үшін қасиетті ештеңе жоқ екен.

Жас шаруа. Офицер мырза, ол мұны тек анасы үшін ғана жасамайды!

Бірінші солдат. Енді уақыт жоғалтудың мәнісі жоқ. Қаладағылар естиді. 

Прапорщик. Оның даңғырасынан да қаттырақ шу жасау керек. Шуды немен жасаймыз?

Бірінші солдат. Бізге шу шығаруға болмайды ғой.

Прапорщик. Әншейін шу, миғұла. Соғыс дабылы емес. 

Шаруа. Мен балтамен отын жарайын.

Прапорщик. Кәне.

Шаруа балта алып келіп, бөренені жара бастайды. 

Прапорщик. Жиілет! Жиірек! Іс сенің өміріңе тіреліп тұр!

Катрин тыңдай қалады ды, ақырын ұрады. Беймаза қарғыштап, ол енді бұрынғы күшпен даңғыраны соққылайды.

Прапорщик. Жарамайды, әлсіз. (Бірінші солдатқа). Сен де кес.

Шаруа. Менде тек бір балта. (Кескілеуін қояды). 

Прапорщик. Үйге өрт қою керек. Ол қызды түтінмен ыстап түсіру керек.

Шаруа. Көмектеспейді, капитан мырза. Егер қалада отты көрсе, олар бәрін түсініп қояды.

 Катрин тағы тыңдай қалады, даңғырасын соға береді. Енді ол күледі.

Прапорщик. Қараңдар, ол бізге күліп отыр... Мен төзе алмаймын. Мен оны атып тастаймын, бәрін де сайтан алсын, қараң қалсын! 

                   Екі солдат жүгіріп кетеді. Катрин дабылын қаға береді. 

Шаруа әйел. Мен ойлап таптым, бастық мырза! Әне олардың жабық арбасы. Егер біз оны қиратсақ, ол доғарады. Олардың жабық арбадан басқа түгі де жоқ.

Прапорщик. (Жас шаруаға). Оны жаңқалап таста. (Катринге). Біз сенің жүк арбаңның быт-шытын шығарамыз, егер доғармасаң.

 Жас шаруа жабық арбаға бірнеше әлсіз соққы жасайды. 

Шаруа әйел. Тоқтат, хайуан!

  Жабық арбаға қинала қарап, Катрин аянышты дыбыстар шығарады, бірақ даңғырасын қаға береді.

Прапорщик. Анау мылтығы бар сұмырайлар қайда? 

Бірінші солдат. Қалада, шамасы, әлі естіген жоқ. Әйтпесе, олардың қаруы атар еді. 

Прапорщик. (Катринге). Олар сені естімейді. Ал қазір біз сені атып тастаймыз. Ең соңғы рет айтамын. Даңғыраны таста! 

Жас шаруа. (Кенет тақтайды тастайды). Соқ даңғыраны, соқ! Әйтпесе бәрі қаза табады! Ұр, ұр...

Солдат оны жерге алып соғып, найзамен ұрады. Катрин жылайды, бірақ дабыл соға береді. 

Шаруа әйел. Оның арқасына ұрмаңыз! Құдайым-ай, сіз оны өлтіресіз!

Ауыр мылтықты солдаттар жүгіріп келеді.

Екінші солдат. Прапорщик, полковник бұрқан-талқан болып жатыр. Бізді далалық әскери сотқа тартпақшы.

Прапорщик. Қой! Қой!

Солдаттар мылтықты тіреуішке қояды. 

(Катринге айқайлайды). Соңғы мәрте: даңғыра қағуды доғар!

 Катрин жылап отырып барша күшімен даңғыра қағады.

Отал! 

 Солдаттар атады. Катрин тағы бірнеше соққы жасайды да, ақырын құлайды.

Міне, шу тоқтады! 

Бірақ Катриннің соңғы соққысынан соң қалалық зеңбіректердің тарсылы естіледі. Алыстан безектеп дабыл қаққан қоңыраулардың үні мен зеңбіректердің үздіксіз дүрсілі естіледі.

Бірінші солдат. Ол қыз дегеніне жетті. 


12

Таңсәрі. Даңғыра дабылы мен ысқырық естіледі, соның астында алыстап кетіп бара жатқан лектердің адымы. Кураж шешей жабық арбаның алдында қызының қасында жүрелеп отыр. Шаруалар қасында тұр.

Шаруалар. Сізге қозғалу керек, сударыня. Қазір соңғы полк өтеді. Сізге жалғыз баруға болмайды.

Кураж шешей. Мүмкін, ол ұйықтап қалады. (Ән салады).

Сабан сыбдырлайды,

Әлди, әлди, әлди-ай.

Көршінің балалары,

Қыңқылдай берсін.

Көршінікі – шоқпыт кисе,

Менің қызым – жібектен киді.

Оған періштенің көйлегін

Қайта тіктім.

Көршінікі нанның қабығы жесе,

Бізде бәліш бар. 

Егер дәмі ұнамаса,

Айта ғой, жарығым.

Әлди, әлди, әлди-ай,

Ұйықта, балапаным менің.

Біреуі Польшада қалды,

Екіншісі қайда екен?

Оған күйеу балаңыздың сәбилері туралы айтпаған жөн еді. 

Шаруа. Егер сіз олжа табу үшін қалаға кетпегеніңізде түк те болмас еді.

Кураж шешей. Ол енді ұйқыда. 

Шаруа әйел. Ол ұйықтап жатқан жоқ, түсініңіз, ол тірі емес.

Шаруа. Сізге кететін кез келді. Жолда бөрілер жортады, бұдан да жаманы, жол торыған тонаушылар тіміскіленіп жүреді.

Кураж шешей. (Орнынан тұрады). Иә. (Жабық арбадан өлікті жабу үшін кенеп мата алып шығады). 

Шаруа әйел. Сіздің енді ешкіміңіз жоқ па? Кімге бара аласыз? 

Кураж шешей. Бар. Эйлиф.

Шаруа. (Кураж шешей өлікті жауып жатқанда). Оны сізге іздеп табу керек. Бұл қызды біз дұрыстап жерлейміз. Мазасызданбаңыз. 

Кураж шешей. Міне, сізге шығынға керек ақша. (Ақшаны санап, оны шаруаға береді). 

  Шаруа мен оның ұлы Кураждың қолын қысып, Катринді көтеріп алып кетеді. Шаруа әйел де тағзым етіп, оның қолын қысады. 

Шаруа әйел. (Кетіп бара жатып). Асығыңыз! 

Кураж шешей. (Арбаға жегіледі). Арбаны жалғыз тартамын деп үміттенемін. Дәнеңе етпейді, онда заттар көп емес. Тағы да саудаға бас қою керек. 

Ысқырықпен және даңғыраның дабылымен тағы бір полк өтеді.

(Орнынан қозғалады). Ей, мені де ала кетіңдер!

 Сахна түпкірінен ән естіледі.

Соғыс аумалы-соқпалы табыспен

Жүз жыл мейлінше жүреді. 

Кәдуілгі адам соғыстан

Ешбір рахат таппаса да.

Оның қорегі нәрсіз, ол жаман киінген,

Ол өз жендеттеріне күлкілі.

Бірақ ол кереметке сенеді,

Жорық әлі біткенше.

Ей, христиандар, мұз ериді!

Өліктер қараңғы көрде көз жұмады.

Жер бетінде кім тірі, 

Тұрыңдар, баршасы жорыққа аттанар кез келді! 

Шымылдық. 

Ескертпелер: 

Оксеншерннің бас қолбасшысы Аксель (1583-1654) – швед қолбасшысы және мемлекет қайраткері.

Император бәрін езді...– Қасиетті Рим империясының императоры Матвей. 

Король – яғни, швед императоры Густав II Адольф. 

4. 10./5. 10./ 12.10 / 22.10 /23.10. / 24. 10/ 30. 10./ 21.11. /23.11. / 14.12. / 19.12. / 24.12. / 25.12. /26.12. /27.12 / 28.12. / 2017.

07.01.2018. / 8. 01. / 9.01. / 10.01. 2018. 

Орыс тіліне Сергей Апт тәржімалаған нұсқасынан қазақшаға аударған Айгүл Кемелбаева

author

Айгүл Кемелбаева

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...