Биологиялық тағдыр немесе ерік-жігер

ӘДЕБИЕТ
1497

Сапар ағам өткен ғасырдың жетпісінші жылдары трактордың астына түсіп, бір аяғынан айырылған-тұғын. Шомбалдай, неше тонна шығатын көлік ол кісінің аяғын мылжа-мылжа етіп, оң аяғы қара санынан төмен кесіліп қалған. Ағамыз тура сол уақытта қандай азап көрді, бейнет шекті? Оны мен білмеймін. Өйткені ол уақытта өмір есігін енді ашқан сәби болдым. Есейе келе сылтып басатын Сапар ағамыздың бір аяғына протез салдырғанын естідім. Кейде үйде адам жоқ уақытта протезін ауыстырып отырғанын да әредік көріп қалатынмын. Ол кісі өзі де протезін ауыстырған кезін ешкімге көрсеткісі келмейтін, намысшыл, мінезді кісі болды.

Сапар ағамыз ағаштан түйін түйіп, теріден түрлі өрім өретін нағыз шебер, алымды ұста болды. Ауылдың шаруашылыққа керек құрал-жабдықтарын жасап, арқан-жібін де дайындап беретін. Қазақтың әйгілі ақыны Қадыр Мырза-Әлі:  

«Мүгедектер тән саулығын аңсаған,

Біреуге аяқ, ал біреуге қол қайғы.

Өз борышын сезінуден қалса адам,

Бұдан асқан мүгедектік болмайды», – деп жырлағанындай Сапар ағамыз бір аяқтан айырылып, азап шегіп жүрсе де өз борышын әсте ұмытпайтын.

Жақында философиялық-психологиялық бір кітап қолыма түсті. Бастан-аяқ әрбір бетін парақтап, ден қойып оқып шықтым. Сол кітапта адамның түрлі тағдырын негізінен үлкен үш бөлекке бөліп қарастырыпты. Біріншісі – биологиялық тағдыр, екіншісі – психологиялық тағдыр, ал үшіншісі – әлеуметтік тағдыр делінеді екен. Мұндағы биологиялық тағдыр деген биологиялық кемдікке бағынбай, мақсат-мұратына ұмтыла алатын жандардың ғұмырын меңзепті. Қайтпас қажыры мен позициясының арқасында биологиялық жазмышқа бой бермей, өмір сүруге, тіпті жетістікке жетуге икемделе алатын тұлғалар өмірін мысал етіп алыпты. Сонда бір тұлғаның бойындағы кемдікке қарсы күресін мысалға келтіріпті. «Бір сәби өмірге келер алдында анасының құрсағында жатып миы зақымданады. Ол бала туған соң аяқтары істемей, өмір бойы мүгедектер арбасына таңылуға мәжбүр болады. Елдің бәрі оны ақыл-есі кем адам санайды. Осы сөз, түрлі кемсітушіліктен ол сауатсыз болып өседі. Бір күні оған ғалым кісі жолығып, тәрбиелеп, оны дұрыстап оқытуды қолға алады. Ол бала мектеп деңгейінде ғана білім алып қоймай, университетке де түседі. Көптеген танымал ғалымдар мен профессорлар бір-бірімен бәсекелесіп, оған тақырып ұсынып, ғылыми жетекші болуға таласып та қалады. Ол пәтерін әдеби ортаға айналдырады. Атағы шыққан ақын-жазушының біразы сонда жиналатын болыпты. Ол туралы қоғамда үлкен әңгіме болып, жұрттың көргісі, әңгімелескісі келетін тұлғаға айналып шыға келеді. Небір арулар оны айналсоқтап, тіпті кейбірі ғашықтық дертінен өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Ал ол жігітіміз – арбаға таңылған, дұрыстап сөйлей де алмайтын, сөйлесе беті қисайып, әрбір сөзін зорға айтатын кем-салиқа жан еді. Бірақ кісі қызығатын, ғашық болатын ондай өмірді сомдап шығуға ол жігіт қаншама күш-қайрат, ерік-жігер жұмсағанын өзіңіз елестетіп көріңіз...».

Сапар ағамыздың жағдайы, әрине, мұның (мысал кейіпкерінің) жағдайына қарағанда мүшкіл деп айтуға келмес. Дегенмен де «Құдайдың басқа салғаны осы» деп жатып алмай, қолынан келгенше өнер үйреніп, елге көмектескенін үлгі қып айтуға болатын шығар деп ойлаймын. Ең бастысы – «биологиялық тағдырын» кім, қалай сомдап шығады? Маңыздысы сол. Ол – Сапар ағамыз секілді ауылдың қарапайым адамы болуы мүмкін. Немесе Паралимпиада үлкен нәтижеге жеткен, болмаса басқа салада табысқа жеткен жанкешті жан болуы мүмкін.


Тонбек ҚОЗЫБАЙ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...