­Рахметолла Райымқұлов. Оқ тескен билет (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
9164

Бүгін қазақтың көрнекті жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері ­Рахметолла Райымқұловтың қызы  Ақтоты Райымқұлова ҚР Мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды. Ақтоты Райымқұлованың әкесі Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы, мамыр айының 11 күні, қазіргі Өзбекстанға қарасты Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келген. 1929 жылы Ташкент қаласындағы Қазақтың педагогикалық техникумына түскен. Оны 1933 жылы бітіріп, Ташкент облысының Жоғарғы Шыршық ауданында өзі оқыған мектепке мұғалім болып барады. Одан кейін аупарткомның ұйғаруымен аудандық «Алға» атты газеттің редакторы болып тағайындалады. 1935-36 жылы Ташкенттің педагогикалық институтында оқиды. 1937 жылы Алматыдағы Қазақтың Коммунистік журналистер институтына ауысып, оны 1939 жылы бітіріп шығады да, «Сталин жолы» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналына жауапты хатшы болады. 1941 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке ауысады. Сол жылы майданға кетіп, 1946 жылдың қаңтарына дейін әскер қатарында болды. Майданнан оралысымен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетінде сабақ береді.
Полиграфия және баспасөз қызмет­керлері кәсіподағы Республикалық Коми­тетінің төрағасы болды. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиетінде» жұмыс істеді. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем әдебиетті насихаттау бюросы дирек­торының орынбасары қызметін атқарды.

Р.Райымқұловтың қаламынан шыққан драмалық шығармалар әр жылдары Алматы, Қарағанды, Шымкент театр­ларында қойылды. Қаламгердің «Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Бұрылыстар», «Балдақты адам», «Қара жорға» секілді хикаяттарын, романдарын жұртшылық жылы қабылдады. Ол аударма саласында да жемісті еңбек етті.

Қаламгер 1978 жылы өмірден озды. Біз төменде жазушының «Оқ тескен билет» атты әңгімесін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.


Біздің полк жанындағы барлаушылар взводының старшинасы Маликов серейген ұзын бойлы, жіп-жіңішке, ат жақты келген аққұба, ақ көңілді жігіт еді. Адамға қиылған қасы мен қалың кірпігі астынан дөңгелене қарайтын аласы мол көкшіл көздері әрқашан жылы және күлімдеп тұратын. Бұл сипат оның жұмсақ мінезді, адал жанды екеніне айғақ іспетті болатын.
Сол страшина взводтың соңғы күндері жатын үйіне айналған уақытша жертөлеге кіріп келсем қалың қайғыға шомып отыр екен. Ол тіпті мені байқамады да.
– Старшина, бұл не отырыс?
Маликов маған жалт қарады да, әлдене есіне түскендей, орнынан лып көтеріліп әскери тәртіппен сыптай боп тартыла қап, оң қолын самай тұсына дейін көтеріп:
– Сәламатсыз ба, жолдас аға лейтенант, – деп сәлем берді.
– Вольно!
Оның бетіне бағдарлай назар аудардым. Етсіз жұқа қабағы салбырап кетіпті. Кәдімгі жайдары, жылы шырайға толы көздерде қайғы табы тұр екен.
– Алексей Мироныч, сізге не болған? – дедім.
– Жақсы емес, жолдас аға лейтенант.
– Сезіп тұрмын. Түрің қалмапты. Немене, үйіңнен нашар хат алдың ба?
Старшина қалтасына қолын салды.
— Мына сұмдықты қараңыз? – деді ол жіңішке, бірақ салалы саусақтары дірілдей үн қатып. – Жанпейісовтің билеті.
– Билет! Жанпейісовтің? Қандай билет?
– Комсомолдық.
Жүрегім бүлк ете түсті. Құлағым шыңыл­дап, көз алдым қарауытып кеткендей. Бір сәт үнсіз қалдым. Осы екі ортада Маликов те билетті қолыма ұстата берді.
– Сержант Жанпейісов бүгін осы сапарға шықпай-ақ қойсам қайтеді деп сұрағаны есіңізде ме?
– А… Не дедіңіз?
Маликов маған үнсіз сүзіле қарады.
– Иә, старшина, есімде. Немене, әлдебір жаман хабар бар ма?
– Бар, жолдас аға лейтенант. Әттең…
Старшина түнде дұшпан тылынан барлауға кеткен үш жігіт туралы айта бастады. Жау шебінен бәрі аман өтіпті.
– Дұрыс. Содан кейін? – деп оның сөзін бөлдім. Өз білгенін старшина Маликов түгел айтып болды. Ең соңында билет жайына тоқталды.
– Мына билетті маған Куликов тапсырды. Гаврин екеуі де аман… Сөйтіп, олар құр қол қайтыпты.
– Серікте бұл билет қайдан жүрген? Сен оның документтерін алып қалған жоқ па едің?
– Бұдан басқаларының бәрі менде. Ордендері де түгел. Комсомолдық билетін ол ешқашан тапсырмайтын. Оқ дәл жүрегінен тиіпті. Билеті ішінде сүйген қызының суреті жүретін. Оны да оқ тесіп кеткен.
Маликов бұдан басқа да білетіндерін түгел баяндап болды да:
– Айтпақшы, – деп сәл кідірді. – Сізді жаңа әзірде майор Шораев шақырып жатыр деп байланысшы солдат келіп кетіп еді. Қазір барасыз ба? Бірақ ендігінің бәрінен не пайда, есіл ер қаза тапқан соң…
Менің де үнім бітіп, ұнжырғам түсіп кетті. Страшинаның жерден желкек тапқандай есіктен кіріп келер-келместен жатып, арыстай азаматтың қанға боялған, ортасынан оқ тесіп өткен ком­сомолдық билетін қолыма ұстата қоюы, тап жүрегімнен қадалған шаншудай болған еді. Оның үстіне полк командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары Байділдә Шораевтың мені іздеп жатқаны мүлде есеңгіретіп тастады. Құдды бір қадақ ауруына ұшыраған адамдай тынысым тарылып қысылып барамын. Ақырын сүйретіліп барып анадай жерде орындық орнына қойылған дөнбек үстіне отыра кеттім.
– Жолдас аға лейтенант, Сіз?.. – деп, Маликов жік-жыпар боп жатыр. –Бір нәрсе ішіп-жейсіз бе? Әуелі суық су жұтып жіберіңізші?
Қолыма солдаттың темір тостағаны тигенін сездім. Аузымды толтыра бір жұттым. Сұп-суық екен. Старшинаға қарап:
– Бұны қой. Ана мықтының өзінен бар ма еді? – деп сұрадым.
– Әкелейін бе?
– Әкел!
Старшина келгенше жаңағы бір жұтым судан кейін өзім де есімді жинап қал­ғандаймын. Көз алдымда Серік Жанпейісов. Иықты, жалпақ сом денелі жігіт. Кең маңдайына лайық бұрала біткен қасы қиылып тұратын. Өткір көзі оттай жайнап: «Ағасы, Сізді кейде дәрежеңізді, әскери атағыңызды қоя тұрып, осылай «ағасы» дегенді жаным жақсы көреді. Ұрыспайсыз ба?» деп еркелей күлетін. Өзі батыр тұлғалы атпал жігіт бола тұра, кейбір мінезі бала сияқты еді. Сен тұр, мен атайын деп сұғынуды білмейтін. Қап, боздағым-ай!..
Қолыма тағы да жаңағы тостаған тиді.
Түнде арнаулы тапсырмамен үш жігітті жау тылына өткізіп жібере сала өзім де дивизия штабына кетіп едім. Онымды ­майор Байділдә Шораев біледі. Бүгін барып, бүгін қайтасың деген де өзі. Ал менің не үшін керек боп қалғанымды сұрағанымда: «Мүмкін қызмет бабыңды жоғарылататын шығар. Полк­тан гөрі дивизия штабында істеу әлдеқайда беделдірек емес пе?» деп жымия күлген еді.
Қазір сол командировкадан оралғаным да осы еді. Алдымда суық хабар күтіп тұр екен. «Рас-ау, Серік Жанпейісов полктың ең ба­тыр, айлакер барлаушысы бола тұра өткен түнде бір осалдық көрсетіп еді. Дәл өз сөзімен айтқанда: «Жолдас аға лейтенант, бүгін осы жорықтан мені қалдырыңызшы?» деген. «Себебі не?» деп мен жақтырмай қарадым. Жанпейісов қайтып жауап қатқан жоқ. Орден және медальдарымен басқа да документтерін старшинаға тапсырып жатқанын көзім шалды. Бірақ бұрын нарттай жайнап тұратын оның қызыл шырайлы жүзі қазір қанын ішіне тартып аппақ боп кеткен екен. Жүрегім зу еткендей бір сезім бойымды қарып өтті. Дереу Жанпейісовке қарай бұрыла бергенімде: «Жолдас аға лейтенант, сізді телефонға шақырып жатыр» деген дауыс жаққа бұрылып барсам, майор Шораев екен. «Сен дивизияға барасың. Келсін дейді. Да­­йындалып тұр. Қашан жүретініңді тағы айтамын» деді.
Телефон трубкасын қоя салып жолға шық­­қалы тұрған жігіттерге келдім. Әр­қай­сы­сының жүздеріне зейін сала сынай қарап күлімсірей үн қаттым. Олар кәдімгі үйреншікті әдеттерімен жадырай сөйлеп, жарқын жауап беріп тұр.
– Бәрекелді, арыстандарым!
Сығырайған пілте шам жарығында сер­жант Жанпейісовтің көзіне көзім түсті. Әшейінде оттай жайнап тұратын көз сәл мұңайыңқы сияқты көрінді.
– Бір нәрсе дегің кеп тұр ма?
– Не деймін. Бәрін айтып біттік қой, – деп ол қасындағы екі жолдасына бұрылды. – Сендер болдыңдар ма?
– Ұшпақ болсаң зымыра деп, өзің айтатын ең ғой, жолдас сержант. Кәне, жүрейік? – деді Куликов деген барлаушы. О да тапалтақ келген мы­ғым денелі, қақпақтай жауырынды жігіт еді. Өзі Новосибирлік. Соғыстан бұрын спортсмен болған.
Куликовтың пікірін үшінші барлаушы Анисим Гаврин де қостады…
Үшеуін сапарға шығарып бара жаттым. Барлаушы топтың бастығы Серіктің өзі. Түн тастай қараңғы. Күні бұрын әбден оқып миымызда жатталған бағытпен келеміз. Пароль белгілі. Өз шекарамыздан өткенге дейін талай жерде тоқтадық. Түнгі тыныштық өмірді қорғап жүрген қарауылдар. Олар бізді, біз оларды білеміз. Дегенмен, бір полктың адамдары бола тұрсақ та, бірінші рет көрген адамдай анықтап қарап, ежіктеп сұраймыз. Өйткені соғыс заңы солай. Кім біледі, залымның беті емес, іші қара деген. Мүмкін!..
Ақыры жау шебіне жеттік. Сол жерде біраз аңысын аңдып, дыбыс тыңдадық. Айнала құлаққа ұрған танадай жым-жырт. Біздің жақта да, жаулар жағында да селт еткен дыбыс естілмейді.
– Ал жігіттер, жолдарың болсын. Табыспен қайтуларыңа тілектеспін, – дедім. Кезекпен қолдарын қысып-қысып қойдым. Кенет бір түрлі жүрегім елжіреп кетті. Неге десең, мен бұлардың командирімін ғой. Ал әрбір командир қарамағындағы әрбір жауынгердің әскер қызметіндегі әкесі. Олардың осы күнгі өмірі сол командирдің қолында. Иә, дәл солай.
– Сау болыңыз, жолдас аға лейтенант!
– Саламат бол, аға?
Соңғысы Серік Жанпейісовтің дауысы. Жігіттің қашанда сенімді, тіпті қатқыл үнінен дір еткен жарқыншақ дыбыс бірге естілді. Содан кейін олар менен лездің арасында-ақ алыстай берді. Осы кезде тыныш жатқан жерінен біреу түртіп оятқандай елп еткен қоңыр күз желі қозғалып, бетке ұрды. Айналадағы қураған, әбден кеуіп біткен қалың шөптер сылдырап, сыбдырлай кетті. Барлаушылар үшін тып-тыныш бейбіт дүниеден гөрі жан-жағың осылай қозғалып, аласұра тулап, арпалысып тұрғаны жақсы. Дауылдан туған менің үш ұлым ондай кезде еркін қозғалып, жау тылына терең сүңги түседі…
Қайтып келе жатырмын. Енді жал­ғызбын. Бар ойым үш барлаушы азамат туралы. «Абыройлы боп табыспен қайтып келгей-дағы. Біздің взвод барлаушылары полк басшыларының мұндай-мұндай тапсырмаларының талайын ойдағыдай орындаған. Бұл жолы да сенімді ақтап келсе екен!» деймін күбірлеп. Іштей оған күмәнданбаймын да. Кеше түнде шекарадан қайтып келе жатып солай ойлаған едім.
…Міне, қазір мен полк командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасарына бара жатырмын. Оның шақырғаны, әрине, полковник Березиннің бұйрығы. Ол майорға: «Мына істің анық-қанығын біл. Масқара-ай, бұл не сұмдық? Қандай жақсы барлаушылардан айырылып қалғансың деп көзіне шұқы. Осы полкта қанша уақыт басшылық жұмыста жүріп адамның ішкі сезіміндегі, психикасындағы кенеттен пайда болатын ғажап өзгерістерді со замат ажырата білмегенің ұят. Оны ескермегенің барлаушы офицер үшін қылмыс. Адам өміріне қауіп төнгенін сезбегенің барып тұрған надандығың деп ұрыс. Сөйт те, бұл Барлыбаевты полк командирінен босат, тіпті иығындағы жұлдыздарын жұлып таста» дегені ғой деп өзімше тон пішіп келемін.
Расында Барлыбаевтың өзі туралы бұл жорамалы айна-қатесіз дұрыс. Мұндай-мұндай қиын тапсырмалардың сан қилысын басынан өткізген Серік Жанпейісов осы жолы бір сыр берген-ді. Қауіп-қатері мол әрбір жорықтан ол табыспен қайтып жүрген барлау­шы еді. Қорқу да, жүрегі шайлығып бұғу да тірі жанға тән қасиет. Сержант Серіктің кеше түндегі кескін-келбеті, оның аппақ қудай боп кеткен өңі: «Иә, бұл жолғы жорық маған қолайсыз тиейін деп тұр. Қалдырыңыз. Ертең бұдан да қиын міндетті атқаруға дайынмын» дегендей болатын. «Соны сезбеген офицер мен нағыз ақымақпын. Адам жанының ондай аян берер айғағын, білгіштігін бұл соғыс тәжірибесі үйретіп біткен жоқ па еді, ә? Мен ғана емес, бұл сырды старшина Маликов та аңғарған екен. Туу, жауапкершілікті ұмытқан ақымақ басым! Егер со замат оның өтінішін орындай қойсам ғой, сержант Серік Жан­пейісов тірі қалар еді. Қап! Адам психи­­касындағы соғыстың өзі үйреткен бұл ғажап ғылымды біле тұра ескермегенім зор қылмыс!»
Аға лейтенант Базарбек Барлыбаев өзін-өзі осылай жеп келеді. «Мен кінәлімін. Серіктің қаны менің мойнымда. Ол үшін орнымнан алып, иығымдағы офицерлік белгілерді жұлып тастау аз!» дейді ол өкіне күбірлеп.
Құлағына біресе Серік Жанпейісовтің, біресе старшина Маликовтың сөздері кезекпе-кезек әлдеқандай бір күшпен естіле бастады. Енді бір сәтте поста тұрған неміс қарауылын соншалық шапшаңдықпен жерге алып ұрып, аузына орамал тығып көтере жөнелген Серік елестеді. Жан-жағын қоршаған екі барлаушы жауынгер. Олар келген ізімен кейін қарай зытып отырды…
Серік Жанпейісов пен Куликов алғы жақта қараңдаған Анисим Гавриннің соңынан жүгірді. Тағы да сол бір жатып, бір тұрып жан ұшырған барлаушылар болжалды жерге жетсек деп ұмтылды. Анисим Гаврин бұларды етпеттеп жатып қарсы алды.
Тарта бер алға. Енді біраз жүрсек қауіпсіз боламыз! – деп жолдастарына қуат бере сөйледі Серік. – Куликов, амансың ба?
Аманмын, жолдас сержант. Екеуіңді оқтан қорғауға жарасам болды деп келемін.
Куликовтың бұл жайшылық кезінде де айтатын сөзі. Қашан да: «Мен жолдастарымның оққағарымын ғой» деп ойын-шыны аралас соғып жүреді.
– Жігітсің, достым, – деді Серік.
Немістер әлі оқ жаудырып тұр. Аспанда айдай жарық ракета бірінен соң бірі қарауылдап тұрған сияқты. Мұндай кездерде жау шебінен қалай қашып, аман шығудың талай тәсіл-теориясын білетін барлаушылар қазір соны іс жүзінде бастарынан өткеріп келеді. Шіркін теория-ай, басыңа қауіп төніп, көз алдыңда өлім мен өмір тайталасқан кезде сынға түсесің-ау, деуге де жігітттердің шамалары жетер емес.
Жалп етіп сөнген ракета енді қайтіп көрінгенше құстай ұшып алға ұмтылған Куликов те сылқ құлады. Жай емес дөңбекшіп, төңкеріліп кетті. Соны көзі шалған Серік Жанпейісовтің денесі дір етті.
– Куликов, Костя! – деп қалды. Іле, дауыс болмағасын өзі орнынан атып тұрып Куликовқа қарай қатты секірді. Бірақ кеудесінен біреу итеріп жібергендей, анадай жерге ұшып барып жалп ете құлады.
– Костя, Куликов! – деді ол ышқына үн қатып.
– Сержант, саған не болды, жараландың ба? – деп ентіге жауап берген Куликов қасына екі аттап жетті.
– Білмеймін, өзің амансың ба?
– Аманмын. Сендердің оққағарларыңа не болатын еді!
Әттең-ай, жолдасының бұл әзіл аралас жауап лебізін Серік естіп жарымады. Ал Куликов жөн сұрап жатпады. Оған мүмкіндік те жоқ еді. Сержантты көтере алға ұмтылды.
Анисим, Гаврин! – деп айғай салды Куликов.
Енді бір мезетте екеуі Серік Жанпейі­сов­ті құшақтай көтеріп бара жатты. Әлдеқандай бір ояздау жерге жетіп тоқтады.
Сержант, қалың қалай?
Жараң қай жерде? Қане? — деп Куликов командирінің о жер, бұ жерін сипалап қарай бастады.
Жанпейісов өзінің халі бітіп, демі үзілуге жақын екенін сезді. Оң қолын ақырын көтеріп сол жақ төсіне қойды да жылымшы бір нәрсенің өз қаны екенін сезінуге халі жетпеді. Жолдастарына бір сөніп, бір жанып қарап жатып, бір заматта тіпті әлсірей берген жанарын тастап сұлқ жатты. Енді бір кезде:
– Алыңдар, мына жүрегім тұсында ком­сомолдық билетім бар еді, – дегенді тұтыға, күрмеле зорға айтты.
Содан кейін Серік Жанпейісов тілге келген жоқ. Жау оғы да дәл жүректен кеп қадалған екен. Екі жолдасы оның жансыз денесін содан тастамай совет әскерлері шебіне дейін көтеріп жетіпті.
Барлыбаев сержант Жанпейісовтің билетін тағы да ашып қарады. Оқ дәл ортасынан тесіп өтіпті. Қанға боялған парақтар арасынан қызыл қанға боялған сүп-сүйкімді қыз суретіне көзі түсті. «Бұл кім екен. Мүмкін жанындай жақсы көретін қарындасы немесе болашақ өмірлік серігі шығар», – деп ойлады.
Ендігі минутта аға лейтенант Барлыбаев өзін шақырған майор Байділдә Шораевтың жертөледегі кабинетіне кіріп бара жатты.

Рахметолла Райымқұлов

author

Рахметолла Райымқұлов

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...