2019 ж. 1 наурызда Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінде Алғыс айту күні аталып өтті. Іс-...
Чарльз Диккенс Алматыға қалай келген?
…1906 жыл. Лондон. Осындағы бай әрі беделді «Чепмен және Хол» баспасының алқасы жазушы Чарльз Диккенстің ешкімге ұқсамайтын, жаңа сипаттағы полиграфиялық сапаға ие 40 томдық жинағын сувенир ретінде шығаруға шешім қабылдайды. Олардың мұндай ұйғарымға келуіне ұлы қаламгер туындыларының басынан аяғына дейін өздерінде үзбей басылып келе жатқанына 70 жыл толғаны себеп болған еді.
Иә, 1836 жылы есімі әдеби ортаға мүлдем белгісіз Чарльз Диккенс атты бұйрабас бозбала тырнақалды туындысын еш жерге бастыра алмай, «Чепмен және Хол» баспасының есігін келіп қағады. Ондағылар «Тәуекел!» деп оның шығармасын жарыққа шығарған кезде бұл кітап оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, банкроттықтың аз-ақ алдында тұрған баспа мол табысқа кенеледі. Сонда бастап Чаврльз Диккенс өзінің жаңадан жазған роман, повесінің бәрін басқа жерге бермей, «Чепмен және Хол» баспасына ғана әкеліп отырған. Ұлы жазушының осындай қасиетіне риза болған әрі оның шығармаларының өтімділігі арқасында тасы өрге домалап, байыған баспа қаламгер рухына тағзым ретінде 1906 жылы оның толық шығармалар жинағын басып шығаруға ұйғарым жасаған.
Содан Лондонда аталмыш 40 томдық 750 дана ғана болып жарық көрді. Оның сапасы, полиграфиялық тұрғыдан безендірілуі жұртты таңғалдырды. Мұқабасында «Тек қана коллекционерлер үшін» деп белгі соғылған бұл жинақ көзді ашып-жұмғанша сатылып кетеді де, уақыт өте келе ешкімге таптырмас өте құнды әрі сирек рухани қазынаға айналады.
Ал ол Алматыға қалай келген дейсіздер ғой. 1941-1943 жылдар аралығында Ленинград қаласының неміс әскерлері құрсауына түскені белгілі. Сол кезде оның тұрғындарының бір бөлігі эвакуациямен Қазақстан астанасы – Алматыға келіп орын тепкен. Олардың арасында ата-бабасынан бері ақсүйектіктің тіні үзілмеген көптеген зиялылар бар еді. Міне солардың ішіндегі бір орыс әжей тұрмыстан қатты тарыққан болуы керек, Ленинградтан алып келген жоғарыдағы 40 томдықты «Букинистке» 2 мың сомға сатады. Бұл сол кездегі бағамен есептегенде 8 бөлке нанның құны еді. Ал одан соң ол қазына аталмыш дүкен сөресінде тұрып-тұрып, өтпеген соң подвалға түсіріледі. Кейін ҚазМУ кітапханасынан келіп бір-ақ шығады…
Жанболат ӘЛИХАНҰЛЫның «Автограф» кітабынан үзінді