Дархан Аманжолұлы. Таң сәрі, Түсте, Асрда, әрбір Кеш, Түнде...⠀

ӘДЕБИЕТ
4690

Бүгін жексенбі. Сәуір айының кезекті жексенбі күні яки кезексіз жексенбі күні. Француз ойшылы һәм жазушысы Жан Поль Сартр "Айну" романында "Жексенбі күні молаға немесе туған-туыстарға баратын күн" дейді. Ия, бүгін сондай тамаша күн. Тамаша екендігі сондай, Чехов тілімен айтсақ "шай ішуге яки шәйі орамалды өруге болатын" күндердің бірі. "Мәдениет порталы" дәл осындай мезгілсіз келген уақытқа қазақ ақыны Дархан Аманжолұлының өлеңдер топтамасын ұсынады. Мархаббат!

Дархан Аманжолұлы, ақын

* * *
Шындық көрсем, қос қолымды созар ем!
Тек сол бар да жүрек — жүрек, таза — әлем!
Қандай қиын, қолдан келсе, қоспасыз
қарапайым ғана өлең жазар ем!

Ереже ғой: бір сөзімен жоғары ер!
Шындық жоқ па, жүрек те жоқ, жоқ әлем! 
Кісі өлтірген оңай шығар, әйтпесе,
бүлк етпестен өтірікті соғар ем!

Арға салмай айтсақ сөздің нөпірін,
мынау әлем кетер ме еді көпіріп?!
Жаным, сүйсең, сөз дәметпе ешкімнен,
сөз дегенің — шындық яки өтірік...


* * *
Жеңіл ауыр бола ма, ауыр — жеңіл?! 
Көбелектің ғұмыры дәуір ме бұл?!
Қара қарға — тәулік пе қанат қаққан?!
Бәйтерек боп өсердей сәуірде гүл...

Қамшы сабы — келте ме, келте ме — сөз?!
Ертегі ме, сиқыр ма, ерке ме сөз?! 
Ажал — ажал емес-ау, ажал — у сөз, 
өрте, күйдір, сүй, өлтір, еркеле, Сөз!

Адам деген — жан емес, көңіл дедім! 
Бір шешілмес сырым ғой өмір менің...
...Көңілін суытқанша жақсылардың
өлтіріп тастағанды жеңіл дедім...


* * *
...сонар сөзден, сөз қысқасы — үлгілі.
Сөз сүйкімі — үнсіздікте: сөйлемен!
Бір жалғыз сөз миығынан тұр күліп, 
сыбыр-күбір ғайбаттарға гөйлеген.
Есімшенің заттанғаны сыңайлы,
қаншама өсек айналмады «расқа»?! 
Әрбір расқа құлай көрме, шырайлым,
шын ақиқат — басқа!
Қыдыр емес әрбір кісі көлденең,
сене кетіп талай рет шоқ бастым.
Жан біткенге жарым ойлап көрмеген, 
әулиедей, қайран, көңіл жықпастық...
Шынайылық керек етпес қошемет,
әртіссінген сөз — дәмелі, әттеген! 
Сағди — Сағди күйде жүрер көшеде,
есек — есек боп оралар Меккеден...


* * *
Ол, сірә, айна сынды көңіл шығар,
бір сынса шөлмек емес, көңіл сынар.
Көз көрер, ақыл сезер десе дағы, 
құдай-ау, пенде деген көңіл сұрар.
Жанға дәт болар ма екен сөз дегенің?
Кімді іздесе сол болар көздегені:
дөп тиері, қиысы — жан жұмбағы, 
жоқшыға ылғи табылмас іздегені. 
Жолықса — бақыттан бас айналар ма?
Жақсы жан серттен, сірә, тайғанар ма?
Көңілін күзетер ем мен бәрінің,
тек біреуі мен жайлы ойланар ма?!
Ол сонда хаттай таныр, шын ойласа,
жанарда ұяң ғана нұр ойнаса. 
Шіркін-ай, көңіл деген — пайғамбар ма,
оңаша қалған сәтте мұңаймаса!?


* * *⠀
Жаңылып кетіп "Сәлем..." деп жазсам саған мен...⠀
Махаббат барын өлеңмен, армен, ғаламмен⠀
жүрек біткенді сендіргім келді соған мен!⠀
Сен бірақ оған сенгің келмеді, меһрибан!⠀
⠀
Таң сәрі, Түсте, Асрда, әрбір Кеш, Түнде⠀
Пайғамбар сынды дәме сый күтпей ешкімнен⠀
жүректің сырын білдіргім келді бес күнге! ⠀
Сен бірақ оны білгің келмеді, меһрибан!⠀
⠀
Жол кешіп жүріп мыңжылдықтардан, ғасырдан⠀
ғашықтар хәлін тұратын іңкәр ғасылдан⠀
жүрекке әкеп бәрін де, бәрін жасырғам!⠀
Сен бірақ неден жүрексіз болдың, меһрибан?! ⠀


* * *⠀
Кімдер жайлы сөйлемедік — сөз еттік,⠀
тоғыз қабат торқаны да бөз еттік,⠀
ереулі атты ердің өзін ез еттік,⠀
көбік еттік, дүниені мезі еттік!⠀
Адам — оның сөз бен сүйек — дерегі.⠀
Менің кейде үнсіз жүргім келеді! ⠀
Сөз тірілтіп алмас еді ешкімді, ⠀
ауыр сөзден өлсе — кісі өледі.⠀
Шіркін, көмей кенезеден төгіліп,⠀
былғамады дейсің құсық небірін?! ⠀
Кісі жаны — қағба, кеуіл — құбыла, ⠀
сақтаңдаршы жолаушының көңілін... ⠀


* * *⠀
Таулар жайлы толғанар ем, әттең, тауды көрмедім, ⠀
кіп-кішкентай қыраттарым — Гималайым ол менің.⠀
Қырқа төбе, бұйрат құмдар — солар біздің өлкенің⠀
бейне Нұқтың кемесінің діңгегі мен желкені.⠀
Тау бітпеген, теңіз қайтқан, ақсораң шөл бұл қырды, ⠀
неге тастап кете алмаймыз құрғырды?⠀
Анау кеме — жатқан жаңқа, жүзгендігі — ертегі,⠀
не құдірет сонда-дағы сүйеміз бұл өлкені!⠀
"Туған жерді сүйемін!" деу — тост тілегі емес қой,⠀
осы бір сөз — сенімсіздеу һәм буалдыр, көмескі ой.⠀
Паң мұзарты һәм тәкаппар таулары жоқ өлкеде, ⠀
моп-момақан төмпешік боп жатқан қандай мәртебе! ⠀
Тектоника ғылымы да, геологтар кәнігі,⠀
біздің қырды ойыс дейді, ойпат дейді анығы.⠀
Биіктік пен тереңдіктің өлшемі тау болып па? ⠀
Сол тауларды, заңғарларды туа алады халық та! ⠀
Сүйейікші туған жерді, ал қалғаны — бос егес, ⠀
түк етпейді, дәнеңе емес — климаты, сөз емес⠀
жер бедері, биіктігі, төмендігі ол да аса,⠀
тек әйтеуір, кейбіреудің ойы аласа болмаса...⠀
⠀

ОҚ
Қорықпаңдар, жат ырымға басты деп.
Тіл кеспек жоқ, кесер болсаң, бас — міне!
Бұл әдебиет көрме ме, әлде, мүсін бе?!
Мойындашы, өлең — сауық үшін деп.
Елдің назы қозғалар ма, әй, тегі,
қыртылым-ай, соны білсең қайтеді?! 
Күшенесің тындырам деп "ұлы өнім", 
қанша ойнайсың классиктің рөлін? 
Жарылып та кетер едім ызадан,
өсіп келе жатқан ұлдан қызарам...
Алда-жалда сөлкебайға ентелеп 
бұғып қалсам, өз обалым, сол керек: 
өлең — куә, сенің арың — жоғары, 
мені сонда шауып кетсең болады.
Қуаныштан жылағанша жарлы көз, 
сенсің — барым, шын Әдебиет, арлы Сөз!
Қазақ — жадау, су — сызашық, әлсіз — от.
Тар ұңғыдан сығалап тұр жансыз оқ! 


* * *
Қараңғылық жоқ расында — бұл ғылым,
ол — жарықтың жетіспеуі, шындығы.
Қайғым емес, қалғы, мейлі, есіне, 
тек жарықта менің ризық, несібем! 
Кім сірә да сүйер дейсің түнекті,
түнек десе менің жаным дір етті.
Жыр тәсілі — метафора десе де, 
Құдай жаққан шам тәрізді — пешене.
Кісі өлмейді, оның шамы сөнеді. 
Әжем мұнда* от болады деп еді.
Мұндағы от кейде ертерек өшеді, 
бірақ оны кісі білмес деседі.
Оты өшкеннің бәлкім "кісі" — кейіпі, 
сонда оның қараңғылық — бейіті.
Аз ғұмырда жақсылық пен ағат — тең,
мұндағы от сөнбесе екен, тек әттең!

(*Мұнда сөзі — жүрек тұсы)


* * *
Ұйқас құрау, жоқ-бар шату қиын ба, 
желік барда сөз ойнату бұйым ба?
Маниғасы, мән, мақсұты — өз алды.
Біздің шайыр жыр оқуға сөз алды: 
жыр оқыды, мақам кетті мыңқылдақ,
жұрт отырды қызылөңеш "жыр" тыңдап.
Зәуде мәнге қарамады пысқырып,
байғұс өлең қала берді қыстығып.
Күш түсірмеу ақыл болар өңешке,
күшеншектеу — өнерге жат емес пе?
Бәлкім, мұным қата шығар былайғы,
жыр оқу да вокализм сыңайлы
болды ма екен, болған шығар сол сірә,
ол әйтпесе тұрмас еді болбырап.
Өңеш, көмей қырағаттап, қыраттап,
миға қайда, әрі аспайтын құлақтан
жыр оқыды жыртылғанша өңеші... 
"Есенин"-ау, сөйтетінің не осы?!


* * * ⠀
Сенен гөрі ⠀
тас — жұмсақ, ⠀
түн — жарық,⠀
тікен — мамық... ⠀
Жыл аунады, Жер Күнді шыр айналып.⠀
Сені ғана айыбым ұға алмадым, ⠀
әйтпесе, ғайып — анық, сыр да — анық, Құдай да — анық!⠀
Бәрі — мәлім: су неден тұратыны,⠀
от құрамы, халықтың лұғаты мың,⠀
жарық түсі, түнектің табиғаты,⠀
сөз жұлыны, күллі әлем — ұғатыным.
Ең қиыны — жан екен, жұмбақ екен, ⠀
адам тәні — бір зерлі құндақ екен, ⠀
көңілі оның дем суыр сәтке дейін⠀
ергежейлі, әйтпесе, сұңғақ екен... ⠀
Мен кім болдым, сен кімсің, білер ме екем?!
Адам ретсіз өкпелеп жүрер ме екен?! ⠀
Есендігім — ол сенің дұғаң шығар,⠀
саған, жаным, қол бұлғап күлер ме екем?!
Білмеймін...


* * *
Ол жайлы сөз айту — десе де ұят-ты,⠀
ғұмыр ғой — айтпағым, айтпағым — жастық шақ!⠀
Мен тіпті сезбеген балалық сияқты,⠀
жастық та өтті ме, жарқ етіп, жалтқа ұқсап?! ⠀
О, сонда жастықтың тәкаппар кескіні⠀
бар еді! Сұп-сұлу жастыққа кінә артпан!⠀
Бар еді: өзінше әлемі, Құдайы, өз тілі!⠀
Ақ басын бұлт шалмас мұзартқа⠀
ұмтылған "тентек" бас тым күйкі⠀
тұрмысқа, тірлікке бүгінде байланды...⠀
Әжемді, шешемді аядым, шын сүйдім,⠀
иілдім, ойладым, — ойшылға айналдым!⠀


* * *
"Октябрь — месяц грусти и простуд" ⠀
(И.Бродский)⠀
⠀
Қазан — суық тию мен мұңның айы... ⠀
Айдың реңі, жер өңі, күннің райы,⠀
жел уілі, дірілі жапырақтың —⠀
суық, суық... Біз сынды — күз сыңайы. ⠀
Айтылмаған сөз қанша, айта алмаған, ⠀
суыл қанат құс көңіл жай табар ма?!⠀
Ең арлы сөз, ойлы сөз, әулие сөз —⠀
үнсіздікте! Тек соны байқар ма адам?⠀
Күз — қауышар, қош айтар кезең бе еді?! ⠀
Беймәлім, не өшем бе, төзем бе енді?! ⠀
Салқын ғана, қайтейін, жанарыңды ⠀
суып қалған шай сынды кесеңдегі...⠀


* * *⠀
Жылдың қайбір жұмасы, қай сағаты, ⠀
қай жұлдызы, бәрі де — аңсағаным, ⠀
күткенім, сағынғаным, көзім талып⠀
өзіме қайтқан сәтте шаршағаным,⠀
шалдыққаным, жол қарап сарылғаным —⠀
бәрі-бәрі басымнан арылмады. ⠀
Батыс бардым, шарладым Шығысты да, ⠀
сол бір жоғым, қайтейін, табылмады.⠀
Таба алмадым, таппадым, бар ма амалым?! ⠀
Жалғыз жанның жоқ іздеу — қарманары.⠀
Бәрін де айтқым келеді, айтар бірақ⠀
білсем ғой ешнәрсенің қалмағанын...⠀
Уақыт — төре болғанда, дәуір — қаған.⠀
Қалам ба жауында есен, дауылда аман?!⠀
Мені қойшы, тек сенің үнсіз ғана⠀
бәрін сезіп жүргенің ауыр маған... ⠀


* * *
Қыркүйек — қоңыр,
жасыл,
қошқыл қызыл... 
Жәйіз бе жазды аңсау, бар ма үзір? 
Суылы қайтқан құстың — кәрі әженің
ұқсайды қыз күніне.
Іште — қыжыл, 
тоңғаным болар, бәлкім, торыққаным. 
Саған, құрбым, осы жаз жолыққаным —
ең ауыр күнәм шығар, жаза басқан, 
жаңылған, 
жаңылысқан жорықтамын.
Жорық бұл — майдан да емес, ойран да емес, 
кеттім бе санадан тыс, ойдан дөңес? 
Көрген түстей құбылған құрбы артынан, 
жаз да өтті "сайран!" демес, "қайран!" демес. 
Сұр-қара қосындысы — реңдер түгел 
жәукемдер жаздың өңін, ел-жерді де.
Он төртінен ауған ай сықылданып, 
жылыстап өте берген сендерді ме... 


* * *⠀
...айтпақшы,⠀
білсең ғой, сенсең ғой, мен сені, ⠀
шәкіртті, дәрісті, кеңсені*,⠀
дәл жаңа жазылған өлеңді,⠀
тартылыс күші бар әлемді,⠀
белдеулік ыстықты, салқынды,⠀
шай үсті бас қосқан әр күнді, ⠀
әжені — ғасырдың мысалы,⠀
жолдарды — даланың құшағы, ⠀
бар күзді, көктемкөз сәуірді, ⠀
ең ұлы сөз туған дәуірді, ⠀
сөйлемді — көбіне құрмалас, ⠀
өмірді — өн бойы қарбалас,⠀
тәпсірі тұтас ой "Асрды", ⠀
құрлықтар, ондағы нәсілді,⠀
кітапты — әулие ар құны, ⠀
көп енді, барлығын, барлығын,⠀
сезім ғой етпейді дәнеңе, ⠀
құстарды, гүлдерді және де, ⠀
жидені, жүзімді, шиені —⠀
бәрін де, бәрін де сүйемін!⠀

(*Кеңсе – мұғалімдер бөлмесі)


* * *
Жарығым, 
Тәңірдің сүріп тағдырлы мынау әлемін,
адамзат күткен бір өлең іздеп келемін...
...Мен сонда сенің жанарыңа мөп-мөлдір
 оқысам нәркес Ерлан Жүністің өлеңін
 жүзіңнен, жаным, жұмақтың өзін көремін!
 Періштелер мен перілер кезген ғаламда
 мен саған, қалқам, өзімнен артық сенемін!
 Есімің сенің — киелі ойлар тұмасы;
 О, сені сүймеу — әлемнің ауыр күнәсі;
 Тәңірден менің сұрап алғаным — Сөз және
 жарығым, сенсің — жанымның ғасыл дұғасы...


* * *⠀
... қоңыр еді: ⠀
Жер шары, Ай жарығы, Күннің реңі,⠀
керуендей жөңкіген күннің легі,⠀
жапырақтың дірілі, құс дауысы,⠀
шие дәмі, жаз иісі, ... ⠀
бір білері — ⠀
біреу тұғын, білмесі – тоқсан тұғын,⠀
ықтияры, басының бостандығы,⠀
ден қойысы, назары, сом жүрегі,⠀
ашылмаған құрлықтай күнделігі⠀
қоңыр еді, қоп-қоңыр һәм күз еді,⠀
есіл-дерті қоңырқай бір қыз еді,⠀
қызды қойшы, өлеңі, оһ, өлеңі,⠀
өлең еді жалғанда тек сенері,⠀
авторы да өзі еді оқырманы, ⠀
кей-кейде өз-өзінен опынғаны, ⠀
жұрт алды жыр оқуға қызарғаны,⠀
миллион ой, мың қиял, жүз арманы –⠀
бәрі, бәрі қоңыр-ды, қоңыр еді,⠀
өмірі — өмір емес, көңіл еді,⠀
қызыл-жасыл фәниді білмеді ол, ⠀
білмеді оны, ⠀
содан ба, төңірегі...


* * *
Қалқайған бір шаршы тамның, шағын ғана жер үйдің⠀
есі бар-ды масыл да емес, бірі де емес генийдің⠀
бір анығы: оны тұрмыс, оны күйбең жыққаны,⠀
шай бұрқылы, нан иісі, сәл тұтаған сүт қағы,⠀
және жары шаруақор, үй ісіне тым мығым,⠀
оны кейде аяйтыны, сүйетіні шындығы,⠀
қызыл иек бала шуы, есік, еден сықыры,⠀
кереуетте жатқан дәуір кәрі шеше шүкірі, ⠀
жан баласын жолатпайтын жеке жазу үстелі,⠀
бәрі де оны жыққан, кірген санасына ішкері.⠀
Көп әріптер, ой кешулер — оның ерек ғадеті,⠀
емес тіпті шимайлары қатын, бала қажеті. ⠀
Әке салған шаршы тамның, шағын ғана жер үйдің⠀
есі бар-ды масыл да емес, бірі де емес генийдің⠀
сол жазуы, сол бір үйдің күйбең күйі — бар мәні,⠀
ал қалғаны — қалғаны...⠀
⠀

* * *⠀
Оның қызық⠀
сүйгені, жек көргені, бір білгенім:⠀
қоспасыз жылағаны, һәм күлгені,⠀
тынысы, дем алысы, өкшелеген ⠀
секундтан кешіккені, үлгергені,⠀
сенгені, сөйлегені, сезінгені,⠀
ойлап жатып әрнені көз ілгені, ⠀
оянғаны, һәм қайта ойланғаны, ⠀
ойының бір нүктеге байланғаны, ⠀
қарағаны, ләм дерге оқталғаны,⠀
үзілісі, сөз күтіп тоқтағаны,⠀
тым сиректеу ашуы, ашынғаны, ⠀
сағынғаны, күткені, басылғаны⠀
ынтызары өзіне аян, іштей үнсіз ⠀
қатар жүріп құштарын жасырғаны, ⠀
ұнатқаны, суыған, жалыққаны, ⠀
тым-тырысы, кей-кейде торыққаны, ⠀
қуанғаны, қымсынған, ұялғаны,⠀
есіне шайырларды жиі алғаны,⠀
қылығы — бәрі ерек сол бір жанның! ⠀
Бірақ, ол өзін-өзі жиі алдады...⠀


* * *
Аятты, дұғаны киелі,
бітігті, сынаны жүйелі,
хәфизді, хәкімді тым терең,
шәйірді, ақынды еркелеу,
әулиені, ғашықты құмарлы,
гүлдерді, құшақты жұпарлы,
маңдайды, даланы жап-жазық,
ойларды, сананы нәп-нәзік,
уақытты, дәуірді тағдырлы,
маусымды, сәуірді жаңбырлы,
аспанды, сезімді алғадай,
мінезді, төзімді толағай,
тауларды, арманды еңсегей,
теңізді, үмітті телегей,
қиялды, құстарды қанатты,
сенімді, құштарды набатты,
жүздерді, жүректі күнәсіз,
көздерді, тілекті кінәсіз,
кеңістік, Тақтаны, Ғаршыны,
бойына сыйдырған бар сырын,
сыйдырған иманды, ұятты,
бәрі де бір сөзде сияқты!
Білдім мен сол сөздің дерегін — 
Ананың:
"Әй, ұлым!" - дегенін!


ТЕҢІЗ
Көрсем деймін шалқар, заңғар теңізді
әжем айтқан: " - Жан теңізбен егіз-ді!"
Теңіз! Теңіз! Сенің тереңдігіңдей
жанарларды көрсем деймін ең ізгі..!

Алып-ұшып жағаңа мен үш бардым,
шарқ ұрғанын естісем деп құстардың!
Теңіз! Теңіз! Сенің ұлылығыңдай
жүректерге есім шыға құштармын..!

Батсам деймін толқыныңа, киелім,
шығып қалсын, мейлі, мейлі, сүйегім!
Теңіз! Теңіз! Сенің дарқандығыңдай
мен өлеңді сүйемін..!


* * *⠀⠀
 Сен мені алдама, сұрарым — бір тілек!
 Жарылып кетеді, әйтпесе, бұл жүрек!

Сатқындық жасама, кешпеймін өйткені,
Пенделік еткенше, өлтіріп кет мені!

Сен шексіз маған сен, сенгендей мен саған,
Риза боп ғұмырда өтейін мен соған!

Сүйсең тек шын сүйгін, болмасын бүкірлік!
Жарығым, шын сүймеу — Құдайға күпірлік!


ПУНКТУАЦИЯ
Үтір, нүкте қоя алмайтын, шайырым,
мәз боласың ұйқасқанға қайырым.
Ойқы-шойқы өлеңіңнің сықпытын
жазба әдебиет ашып берді-ау, тәйірі!
Жазу-сызу (айтпағанда есепті)
келгеніне талай ғасыр, кез өтті...
Өз еркің ғой қалай жазсаң, бірақ та
қате жолдар көз сүрінтіп мезі етті.
(Талғамсыз жұрт "жырға" лықа жаттанды,
Қою керек "... - жыр елі" дер мақтанды).
Түсін, достым, сен шығарып жүрсің ғой
өлкеміздің, өлілердің ат-даңқын.
Керек өзі қанша грамм, неше ми?!
Қырт бұған да қайыра айтып бөседі, ей!
Бірдеңе бар, сен де, шайыр, жоқ емес,
Үтір, нүкте меңгер, бірақ, Есенин!


ЖОЛҒА ТҮСУ
Осы бар ғой әдебиет дегенің —
білдім бірде әңгімесі екенін
менің екі ғасыр көрген әжемнің,
ескерткіші жиырмасыншы кезеңнің!
Сөрелердің белін иген "шалдардың",
алыптардың, даңғайыр мен заңғардың
қырық нарға артқан ойын о, тоба-ай,
шай үстінде айтқан сайын оп-оңай,
таң қаламын! Осыншама далалық
ақыл мен ой қалай біткен даралық?!
Жалпы, "Әдебиет бастау алды о, неден?"
- деген сұрақ келе жатыр көнеден...
Мен білетін әдебиеттің жанры,
фольклор да — сөз біткеннің тамыры —
я жиынның, яки оттың басында
әңгімемен басталған-ды расында.
Міне, тарау жолдар жатыр алдымда,
қайда мені апарары беймәлім...
Бірге жомарт, бірге сараң тағдыр да
тосар екен маған қандай "сыйларын?!"
Ар жолына қарға адым қозғалсам,
тыншытпайды ой-санамды секем мың!
Ал, әдебиет — әжем айтқан сөз болса,
адаспаған екенмін!


МЕТАМОРФОЗА
Тобыр қайтсін тым күрделі өнерді?! 
(Ұйқас құрау әлдеқашан көнерді...) 
Үш ұйықтасаң түсіңе енбес стиль мен
мұрыныңа иісі бармас мәнерді

һәм генийді — шын гений ғой түсінген!
Сенің атың мәңгі қалу үшін мен
жарты-ақ сағат сұхбат қылсам, соңыра
бір Сальери қылп етер ед ішіңнен...

Тағдыр еткен жөнің — анау, жол — мынау,
Құдай ісі — әзіз басқа қорлық-ау!
Лажың болса, жақындама, әйтпесе
Мені өлтіріп кетер едің, сорлым-ау...

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...