* Жолықтық бақ үшін бе, мұң үшін бе? Білмеймін, кімбіз екеу, тірі сүлде... Жария оқырмансың жұрт ал...
О.Хенри. Рождество тартуы, күйеу, қар, жаңа жыл,
1 доллар, 87 цент. Бар болғаны осы ғана. Ол әр күні дүкендерге барғанда бар ақшасын үнемдеп, арзан ет пен көкөністер ғана сатып алатын. Тіпті, дүкен біткеннен арзан азық-түлік іздеп қатты қалжырап кететін. Солай болса да ыждаһатпен тиын-тебен жинап жүрді.
Дела ақшасын тағы бір рет санады. Еш өзгеріссіз сол азғантай тиындар. Тұп-тура 1 доллар 87 цент. Бар болғаны осы ғана. Келесі күні Рождество мерекесі. Ештеңе істеуге зауқы соғар емес. Қолдан келері отырып алып егіліп жылау. Көріксіз әрі қуықтай ғана бөлмеде ол жападан-жалғыз егіліп жылай берді.
Дела күйеуі Джеймс Дилиңһам Йаңмен бірге Нью-Йорктегі шағын үйде тұрады. Шағын үйде бір жатын бөлме, аядай ас үй және жуынатын жер ғана бар еді. Джеймс Дилиңһам Йаңды бағы бар жан деуге де болады. Себебі ол осы қаладан өзіне лайық жұмыс тапқан. Бірақ тым «шіркін-ай!» деуге татымайтындай жұмыс. Осы қуықтай бөлмеге оның қолда бар ақшасы кеткен. Дела да екі қолға бір күрек табуға құлшынып еді, жөнді жұмыс табыла қоймады. Тек күйеуі жұмыстан шаршап келгенде, «Джим» деп еркелетіп, мойнына асыла кететін.
Сол сәтте бар көңілсіздік жас жұбайлардың назды күлкісімен жуылып-шайылып кететін.
Дела жылауын тоқтатып, бетін жуды. Терезе алдына келіп, сұр қабырғаның ар жағындағы сұрғылт жолда тұрған сұр мысыққа көз салды. Күні ертең Рождество мерекесі, күйеуіне тарту алайын десе қолында 1 доллар 87 цент қана бар. Ол серігін қуантатындай, әрі оны қаншалықты сүйетінін дәлелдейтіндей тарту алғысы келді. Кенет артына бұрылып, қабырғадағы айнаға қарады. Қуанғанынан көзі жайнап кетті. Джеймс Дилиңһам Йаңда екі қымбат бұйым бар еді. Бірі, өзінің арғы аталарынан мұраға қалған алтын сағаты. Екіншісі, әйелі Деланың ұзын шашы.
Дела асқан жылдамдықпен ұзын шашын тарқатып қоя берді. Тоқпақтай болып оралған ұзын шаш тізесін соғып, құдды арқасына біреу жібек шәлі жаба салғандай әсер берді. Екі ойдың жетегінде тұрған ол шашын тез жинап, сосын қайта тарқатып көрді де, отыра қалып көз жасына тағы ерік берді.
Осыдан соң ширақ қимылдап, көнетоз пальтосы мен қоңыр қалпағын киіп, асығыс
сыртқа шыға жөнелді. Жылаудан домбыққан көзімен көшедегі у-шу көрініске қызыға әрі құныға қараумен келеді.
Дүкендерді аралап келе жатып, «Әйелдердің шашын сатып аламыз» деген жазуы бар есіктің алдына кілт тоқтады. Етжеңді дүкен қожайынына Дела төтесінен сұрақ қойды:
– Шашымды сатып аласыз ба?
– Әрине, қалпағыңызды шешіңіз, шашыңызды көрейін, – деді дүкен иесі.
Қалың әрі ұзын қоңыр түсті бұрым жыланша ирелеңдеп тарқатыла кетті.
– 20 доллар, – деді сатып алушы Деланың шашын ұстап көріп.
– Тезірек кесіңіз де,ақшасын беріңіз, – деп жауап қатты Дела.
Келесі бірнеше сағат лезде өте шықты. Дела күйеуіне тарту іздеп дүкен біткеннің табалдырығын тоздырғанымен, шаршамады, тым көңілді. Ақыры ол лайықты тартуды да тапты. Джимнің алтын сағатына алтын бау. Джим үнемі сағатын таққысы келгенімен, бауы жоқ еді. Дела сағатқа бау көрген сәтте-ақ күйеуіне ұнайтынын, мұны сөзсіз алуы керегін түсінді.
Сағат бауы тұп-тура 21 доллар тұрады екен. Деланың қалтасында тек 87 цент қалды. Үйіне оралған соң, айна алдына келіп қысқа шашына қарады. «Енді не істесем екен?» деген өкініш араласқан ой жетегінде қалған уақытын уайыммен әрі тым қарбалас өткізді.
Ол айнаға тағы қарады. Бұрынғы ұзын әрі бұйра шашы көзден ғайып болған. «Оу, қазіргі кейпім құдды орта мектеп оқушысы секілді», – деді күбірлеп. «Бұл түрімді Джим көрсе, не дер екен?».
Сағат жетіге таяғанда,Дела кешкі асты дайындап болып, күйеуін күтіп отырды. «Оның көзіне бәз-баяғыдай әдемі көрінсем екен?», – деп оңаша ойға шомды.
Есік еппен ашылып, Джим үйге кірді. Жүдеген кейпі, суыққа тоңған денесі оған жылы киім керек екенін еске салып тұрғандай. Кенет оның көзі Делаға қадалды. Күйеуінің бұл қарасын түсіне алмағандай қолайсызданған Дела манағы әрекетін ойлап әбіржи бастады. Джимнің осы сәттегі кескінінен қуаныштың немесе қапалықтың белгісін аңғару қиын еді. Ол жанарын әйелінен алмастан қалшиып тұрып қалды. Дела жүгіріп оның қасына барды.
«Сүйіктім…» деп жылап жіберді Дела. «Маған мұндай кейіппен қарамашы, мен шашымды сатып, саған Рождество мерекесіне тарту алдым. Шашым әлі-ақ өсіп кетеді. Тек көңілді болшы! Қане, мереке құтты болсын десеңші! Саған керемет тартуым бар!»
– Шашымды саттым дейсің бе?
– Иә, солай. Бірақ маған бәз-баяғыдай көңіл бөлетін шығарсың? Шашымды айтпағанда,мен баяғы Деламын.
Джим не істерін білмеген жандай аядай үй ішіне әлсін-әлі көз жүгіртумен болды.
– Шашымды саттым деймісің… Шынымен ақымақтық жасапсың, – деді ол.
– Солай болды. Себебі, мен сені шынайы сүйемін, кешкі асты ыңғайлайын ба? – деді Дела шыдамы таусылып.
Кенет Джим Деланың иығына қолын асып, қалтасынан әлдене алды да,үстелдің үстіне қойды.
– Сені сүйемін, Дела, шашыңның ұзын-қысқалығы ештеңе етпес, бірақ сен бұл тартуды ашып көрген соң, әлгінде есіктен кіргенімде неге көңілсіз болғанымды түсінетін боласың, – деді Джим.
Қатты толқыған Дела саусақтары дірілдеп қағаз қорапты ашты да,қуанғанынан айқайлап жіберді. Бұл қуаныш көпке созылған жоқ. Көп өтпей Деланың ботадай көзінен бұршақтаған жас тамшылары кеудесіне құйылып жатты. Деланың қолында мереке тартуы ретінде тарақ тұр еді. Ол бұл тарақты сауда сарайдан алғаш көргенде қатты қызыққан. Оның бұған дейін қолы жетпеген әдемі әрі қымбат тарағы, міне, бүгін алдында жатыр. Өкініштісі, қазір оның ұзын шашы жоқ.
Дела тартуды жылы қабылдап, бауырына басты. Осы сәтте қос жанары шырадай жайнап кетті.
– Менің шашым көп өтпей ұзын болып өседі, Джим, – деді ол аузына басқа сөз түспей. Сосын ол жүгіріп барып күйеуіне алған мерекелік тартуын әкелді де,Джимнің қолына ұстатты.
– Әдемі шығар ә? Дүкен біткенді аралап жүріп, осыны қаладым. Бұдан кейін сағатыңа күніне жүз рет қарасаң да болады. Қане, сағатыңды әкелші, оған жаңа бауын тағып көрейік.
Джим міз бақпастан үнсіз отыра берді, тіпті, не істерін білмегендей күле бастады.
– Дела, екеуміздің де мерекелік тартуымыз есте қаларлықтай екен, оларды біраз уақытқа дейін сақтап қоялық. Мен алтын сағатымды сатып, саған тарақ алдым. Қане, енді кешкі ас ішелік.
Міне, бұл алып шаһарда өмір кешкен, бір-бірін құлай сүйетін екі жастың махаббат хикаясының бір тарауы еді.
Ағылшын тілінен аударған
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН