МЕН СОРЛЫЛЫҚҚА КӨНБЕЙМІН!Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық мәдениетке деген немқұрайлығы, ас...
Ұлықбек Есдәулет: «Тәуелсіздік іргесі шайқалмас үшін жанын қиған боздақтарға басымызды иеміз» – #КүшімізБірлікте
Осынау қиын-қыстау кезеңде табандылық пен өзінің ұстанымын көрсетіп, халықты бірлікке бастап, билікті қолына алып, үкіметті оставкаға жіберіп, басқа да өзгерістерді қолға алып еңсеріп жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, жасап жатқан жұмыстарына демеу көрсетіп, маңайына жұмылуымыз керек. Мұндай пікірді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулет "Мәдениет порталы" тілшісіне телефон арқылы білдірді. Пікірдің толық нұсқасы төмендегідей:
Қазақтың көрнекті жазушысы Асқар Сүлейменов ағамыздың «Бесатар» романы «16-шы жыл келін болып емес, кесір болып аттады» деген сөйлеммен басталушы еді. Биылғы барыс жылы да дәл солай болды-ау деп ойлаймын. Жаңа жылды жұрт атап-өтіп болмай жатып, мынадай аласапыранға тап болдық.
Шынтуайтына келгенде, алғашында бейбіт шеруден басталған-тын. Сұйытылған газға, әрісі жұмысшылардың жалақысына байланысты орынды талап-тілек қойған Жаңаөзенге бәріміз тілектес болдық. Бірақ оны «әжептеуір ән еді, пұшық, шіркін, қор қылды» демекші, арандатушылардың күл-талқанын шығаратынын кім білген?! Үкімет, билік, Президенттің өзі араласып, Жаңаөзендіктердің талабын түгел орындап берді. Алайда әлгі бір қандықол қарақшылар, арамза арандатушылар бейбіт шерудің сипатын өзгертіп, басқа арнаға бұрып жіберді. Соның салдарынан көз көріп, құлақ естімеген оқиғалар орын алды.
Қазір көріп отырғаныыздай, бұл оқиғаға сырттан келген үлкен бір ұйымдасқан күштің араласқаны, қылмыстық топтардың әрекеті екені белгілі болды. Өздері ғана қаруланып қоймай, соларға ерген жастарды да қаруландырып жіберді. Барлығы жоспарлы түрде іске асып жатқандай болды және солай екенін де кейіннен білдік. Әйтпесе дәл мұндай лаңкестік һәм қарақшылық әрекеттер қазақ қоғамының табиғатына келмейтін жауыздықтар. Адамдарды ату, тонау, тіпті басын кесіп алу деген біздің қазақ салтында жоқ. Бұл жоғарыда айтып отырған содырлардың, шетелден келген, экстемистік, халықаралық террорлық әрекеттердің нышаны, кәнігі баскесерлер пиғылының белгісі.
Жасыратыны жоқ, жап-жас сарбаздардың, онымен қоса алданған жастардың, тіпті бейсауыт жүрген бейбіт тұрғындардың оққа ұшуы біздің қоғамды тітіркендіріп жіберді. Барлығымыздың қабырғамыз қайысып отыр. Қаза тапқандардың жаны жаннатта болсын, жатқан жерлері жаннаттың бақшасына айналсын. Қаһармандардың артында қалған ата-аналарына, туған-туыс, бала-шағасына қайғырып көңіл айтамыз.
Осы орайда Мемлекет басшысының «Жалпыұлттық аза тұту күнін» жариялау, оларға деген бүкілхалықтық тағзым ету деп есептеу керек. Кіл Қазақстан қара жамылып, жоқтап үстінде. «Өліге құрмет, тіріге міндет» деген қазақта аталы сөз бар. Біз тәуелсіздік іргесі шайқалмас үшін және егемендігімізді, елдігімізді сақтап қалу үшін жанын қиған боздақтарға басымызды иеміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Сөз соңында, осынау қиын-қыстау кезеңде табандылық пен өзінің ұстанымын көрсетіп, халықты бірлікке бастап, билікті қолына алып, үкіметті оставкаға жіберіп, басқа да өзгерістерді қолға алып, еңсеріп жатқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап, жасап жатқан жұмыстарына демеу көрсетіп, оның маңайына жұмылуымыз керек деп есептейміз.
Ұлықбек Есдәулет,
Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы