Digital-әдебиет – уақыт талабы

ӘДЕБИЕТ
886

Тұрлаусыз-тұрақсыз жаһан жағдайындағы бүгінгі Қазақстан жастары алдында экологиялық апат, экономикалық ахуал, әлеуметтік-қоғами өзгерістер, саяси трансформациялар секілді сын-қатерлер тұр. Осынау сипаттағы құбылыстар көркем әдебиетте, сондай-ақ әдебиеттану бағытындағы зерттеулерде де көрініс табатыны заңдылық деп ұққан жөн. Елімізде талантты да талаптты жастардың жаңа буыны қалыптасуда. Солардың бірі ‒ PhD доктор, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (қазіргі ҚР ҒЖБМ) «Дарынды жас ғалымдар – 2017» стипендиясының, «Үздік оқытушы – 2021» медалінің иегері, Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты ‒ Сабирова Дина Алтайқызы.

Сабирова Дина АлтайқызыСабирова Дина Алтайқызы 1984-жылдың 20-наурызында дүниегекелген. Ал, 2005 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалықуниверситетін (қазіргі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті) тамамдаған. Мұнымен қатар, 2013 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «6D011800 – Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша докторантураға қабылданып, 2016 жылы ф.ғ.д., профессор, әдебиеттанушы, поэтолог, мұқағалитанушы, ұстаз Әбішева Сәуле Жүнісқызының жетекшілігімен сәтті қорғап, 2019 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институты Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында қызмет етеді.

Дина Алтайқызы ‒ «AP13067661 – Қазақстанның интернет-әдебиеті: негізгі көркемдік үрдістер мен қасиеттер» атты ғылыми жобаның жетекшісі. Аталмыш жобаның өзектілігі сонда, ғаламтор кеңістігіндегі төл әдеби туындыларымыз әлі зерделенген жоқ. Желілік әдебиет ‒ нақтылы жанрларға негізделген арнаулы сала және ғаламторда жарияланған белгілі бір шығармалар топтамасы. Қазіргі кезде интернет әдебиеті мәселесіне арналған іргелі академиялық зерттеулердің жетіспеушілігі сезіледі. Бұл бағыт әзірге қалыптасу сатысында ғана, ал желілік әдебиетті зерделеу, талдау, оның эстетикасын ашу, түсіну жағы енді-енді қолға алынып жатыр. Мамандар желілік материалды саралау барысында көбіне-көп бұрыннан қалыптасқан әдістерді қолдануда. Сондай-ақ, интернет әрқилы ғылым саласының зерттеу нысанына айналғанына қарамастан, желілік әдебиет біздің елде зерттелмегенін баса айтуға тиіспіз. Жоғарыдағы ғылыми жобаның мұраты – негізгі көркемдік тенденциялар мен қасиеттерді есепке ала отыра, интернет-әдебиетті зерттеудің теориялық және әдіснамалық аппаратын жасақтау. Заманауи желілік көркем мәтіннің негізгі ерекшелігі ‒ «автор-оқырман» коммуникациясының өзгеруі.

Осы күнге шейін Қазақстанның желілік әдебиеті заңды даму сатысын, қилы-қилы үрдістерді басынан өткерді. Десек те, оның ғылыми бағасы әлі де берілмей келе жатқаны қынжылтады. Сол себепті де, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әдебиеттанушы-ғалым Дина Алтайқызы ғаламтор кеңістігіндегі отандық әдеби туындыларға шолу жасап, талдауға бел шеше кірісті. Интернеттегі әдебиеттің түрлеріне: желілік журналдар, порталдар, сайттар, альманахтар енеді. Сетератураның айырмашылығы ‒ автор өз шығармасын кез келген уақытта, әлемнің кез келген нүктесінде отырып жариялауында, сол арқылы оның туындысын тұтас әлем оқуға мүмкіндік алады. Бүгіндері ғаламтор кеңістігіндегі әдеби контент қалыптастырушы бірқатар факторлар бар: әдеби порталдар, әдеби журналдар, дербес сайттар, әдеби қауымдастықтар, Қазақстан контенті бар шетелдік порталдар.

Қазіргі кезде Қазақстанның digital-әдебиеті даму үстінде, сондықтан Дина Алтайқызы секілді әдебиеттанушы-ғалымдар негізгі тенденцияларды, қаламгер мен оқырман арасындағы байланысты зерттеуде. Сандық технология қарқын алған қарбалас дәуірде өнер түрлері бір-бірімен ғаламат интеграцияға түсуде. «Автор-мәтін-оқырман» арасындағы күрделі құрылым айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны аңғарылады. Бүгіндері ғалымдар алдында интернет әдебиеттің тезаурусын түзу, осы саланы тереңірек зерттеу, рецептивті эстетика мәселесіне мән беру, ғаламтордағы көркем мәтінді саралау, оның құрылу ерекшелігіне назар аудару, басты бағыттарын айқындау, классификациясын жасау секілді міндеттер тұрғаны анық. Digital-әдебиеттің қолжетімділігі оның формасы мен мазмұнына тікелей байланысты екенін ерекше атап өтуге тиіспіз.

Дина Сабирова – «Әлемдік әдеби кеңістіктегі Жапония: посткеңестік елдердегі әдеби білім беру үрдісі» (Жапония), «Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдыларын қалыптастыратын және оны анықтайтын факторларды зерттеу» (Ресей), «Эразмус + KAZDUAL»: Қазақстанда дуалды оқыту жүйесін енгізу мәселесі» сияқты халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асырған маман, Польша, Жапония, Қытай, АҚШ, Ресей, Түркия оқу ордаларында тағылымдамадан өткен аса білікті ғалым.

Подкаст ‒ өнерді, соның ішінде «сөз өнерін» насихаттаудың бір формасы, уақыты талабы. PhD, постдокторант Дина Алтайқызы Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы аясындағы Джордж Вашингтон университетінде (АҚШ, THE GEORGE WASHINGTON UNIVERSITY) 1 жылдық тағылымдамадан өткенде мынадай бір қызықты идея туған-ды.Бұл – қазақ әдебиетін шетелге таныту бағытындағы ағылшын тіліндегі әдеби подкаст. Подкасттар соңғы жылдары жұртқа кеңінен насихатталып, өміріміздің, мәдениеттің бір бөлшегіне айналды. Оларды тыңдау өте ыңғайлы және тыңдарман әркезде өзіне ұнаған, жанына жақын тақырыпты таңдай алады. Тұңғыш жоба болғандықтан 10 автордың туындысы таңдалды. Бұлардың қатарында Жүсіпбек Аймауытұлының «Ақбілек», Мағжан Жұмабайдың «Шолпанның күнәсі», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Мұхтар Әуездің «Көксерек», Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы», Әнуар Әлімжановтың «Соңғы Мадамар», Сәтімжан Санбайдың «Ақ аруана», Мұхтар Мағауинның «Тазының өлімі», Роллан Сейсенбаевтың «Әлем күйреген күн» сияқты көркем шығармалар бар. Ғалымға шығармашылық табыс, амандық және денсаулық тілей отыра, Алла жазса аталмыш жоба ары қарай да жалғасады деп үміттенеміз!..  


Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар 
одағының мүшесі, Абай атындағы 
ҚазҰПУ докторанты, жазушы-драматург, 
әдебиетанушы, сыншы. 
author

Әлiбек Байбол

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...