Баянауылға арнауАрмысың, Бұқар бабам, бұқарасы,Ұлтымның құрсағы алтын құт анасы.Ғажайыпқа толы бұл ж...
Дүйсенәлі Әлімақын. Кенияның көз жасы
* * *
Кения жазушысы Нгуги Уатиңгоның паспортына айналған шығармасының бірі «Жылама, балақай» атты роман. Бұл жазушының тырнақалды туындысы, аталған шығарма сонау 1964 жылы баспадан шыққаннан кейін оқырманның қолынан әлі түскен жоқ.
Әдебиеттанушылар бұл романды ағылшын тіліне аударылған шығыс африкалық тұңғыш кітап ретінде бағалайды. Жазушы осы шығармасында африкалықтар мен колониялық Кенияға қоныстанған ақ нәсілділер арасындағы қарым-қатынасты, тұрмыстық һәм ұлттық араздықты, олардың бір-біріне деген жеккөру, кектену сезімдерін сөз ете отырып, шынайы оқиғаларды, яғни Кения жерінде болған әртүрлі қақтығыстарды тілге тиек етеді. Сол үшін біз оның әр шығармасында шындықтың өзі сөйлейді дегіміз келеді.
«Жылама, балақай» қаламгердің студент кезінде жазған туындысы. Екі бөлім, он сегіз тараудан тұратын бұл романның негізгі оқиғасы қарапайым ауылдағы екі-үш отбасы арасында өрбиді, бірақ оның көтерген жүгі ауыр. Тұтас ұлттың өзін іздеуі, жоғалып, құрып кетпеу үшін өмірмен, айналадағы топтармен, үлкен ұлыстармен күрес те осы шығарманың негізгі идеясы деуге болады. Автор өзі жақсы білетін тақырыпты көркем шындық арқылы өрбітіп, оның астарында үлкен мағына жатқанын сездіргісі келеді.
Нжороге есімді баладан анасы мектепке баруын өтінеді. Ол отбасында мектепке баруға тиісті бірден-бір адам. Олар ақ нәсілділер қоныстанған африкалық Жакобо деген жерде тұрады. Нжорогенің ағасы Камау ағаш ұстасының шәкірті, ал Нгото – Нжорогенің әкесі, ол ауылына құрметті адам, сол үшін ол ақ нәсілдінің атыздығында жұмыс істейді. Бірақ ол кірменің қолында емес, өз ата-бабасының жерін қорғау үшін жұмыс істеп жүрмін деген ұлы сезімге сенеді.
Оқиға әрі қарай өрбіп, өзара қақтығыстар мен жантүршігерлік оқиғаларға ұласады. Отбасындағы жалғыз оқушы қоғамдық жағдайлар мен әртүрлі себептердің салдарынан оқуын жалғастыра алмайды әрі өмірге деген сенімін жоғалтады, сосын одан аман шығудың жолын іздейді. Қай кейіпкер үшін де отаны Кенияның, сосын анасының алдындағы міндетін, жауапкершілігін ұмытпау идеясы басты орында тұрады. Нжороге мекенін тастап кетуге шешім қабылдап, өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасайды, бірақ анасы оны құтқарып қалады. Роман Нжорогенің үмітсіздігімен, сәтсіздігімен аяқталады.
Жазушы Нгуги Уатиңго үшін Кенияның аспаны – бостандық тұрағы, Кенияның даласы – жұмақ мекен. Сол үшін ол Кения халқы да басқа халықтар секілді бостандық, еркіндік аясында өмір сүруге құқылы дегісі келеді.
Байқап көрсеңіз, Африка әдебиеті үш үлкен ағыннан құралады: астарлы, астарсыз һәм ашық және ауызша таралған миф. Ол жақтағы талантты жазушылар өмірдегі шындық пен ауызша таралған әдеби дәстүрді сәтті ұштастырып, тамаша туындылар жазып жатыр. Еуропа мен Батыс оқырманына өздеріне бейтаныс дүниелер қызықты болып көрінеді. Астарлап баяндау Африка әдебиетінің негізгі ұстанымы болса керек, шығарманың өн бойында мифтің өмір сүруі, мифтің әлеуметтік шындыққа қарсы келуі сияқты тәсілдер көркем шығарманың шырайын келтіріп, оқырманға ой салуға жетелейді.
Амос Тутуоланың «Пальма шарабын ішуші», Чинуа Ачебенің «Құрандылар», Воле Соинканың «Патшаның шабандозы», Камара Лэйдің «Африка баласы» романдары бұл сөзімізге айқын мысал бола алады. Бұларда африкалық үлгідегі миф пен халықтық сипатқа ие ертегілер жиі кездеседі. Тіпті африкалық сананы қалыптастыратын аңыздар мен жырлар да осындай сүйекті шығармаларда салтанат құрады. Ал өз халқының мұңын күллі әлемдегі оқырманға, қоғамға, ашық ойлы адамдарға жеткізгісі келген Уатиңго «Жылама, балақайын» үлкен ойдың салмағымен, шексіз үміттің күшімен жазғанын түсіне аламыз. Бір сөзбен айтқанда, Уатиңгоның «Жылама, балақайы» Кения халқының азаттыққа деген жанайқайы, үні, ал сол елден шыққан талантты жазушының кітапқа сіңірген сиясы Кения халқының көз жасы дер едік.
egemen.kz