Ұларбек Нұрғалымұлы. Ескерткіш сөз

ӘДЕБИЕТ
5792


Ағыны арна бұзған...

(Ілияс Жансүргіровке)

Білмеймін, не керемет теңдеседі,
Білмеймін, не ғажайып шендеседі.
Сол ақын «домбыра» деп жыр бастаса,
Бойынан екі ішектің ел көшеді.

Қосылып ұшқан құстың тізбегіне,
Білмейсің жан құмарың іздеді не?
Балқытар жігіт бойын жырдағы күй,
Қағыстан қашып шыққан қыз деміне.

Бар сірә не құдірет, жырында күш,
Сөйлейді үні бар аң, тілі бар құс.
Бойыңды боз биедей идіреді,
Қағаздан қалқып шыққан құлын дауыс.

Қусырып, қуа соғып аршындайды.
Қанжардай қаламы онда жарқылдайды.
Қамаған жартасқа әкеп мың жылқыдай,
Қалың сөз қара тер боп қалшылдайды.

Сағым ба, жел ме тиген өртке жанай,
Ұшынан қаламының көшкен арай.
Жүз ұйқас, ақ қағазға тоқсан теңеу,
Қозыдай жамырайды кешке қарай.

Желкеуір, көкемарал, жалбыз, құлмақ,
Құстаңдай, құлынембес, раң, шырғанақ.
Мыңтамыр, айылқияқ, қызсаумалдық,
Жер түгін Жетісудың түгел жырлап...

Құладын, балтажұтар, лашын, бүркіт,
Шапшақай, маубасбұқа, шөже, шымшық.
Аң мен құс, туған жердің сай-саласын,
Қалдырмай қаламымен қағып-сілкіп...

Құласа құла тасқын жыры селдей,
Ағыны арна бұзған бөгеу бермей.
Қазақта қара сөзді қан сидірген,
Қайтадан туар ма ақын енді сендей.

Қымыз – жыр өн-бойыңды тегіс алар,
Сені де ақындықтың демі шалар.
Өзені Жетісудың бақсыға емес,
Жырына Ілиястың теріс ағар.

Бірде ән, бірде күй боп төкпелеген,
Осы ма жан дертіңе жетпеген ем.
Құйғытып, құлагердей кісінеді,
Арқаға Жетісудан жеткен өлең.

Ханы да қан жылардай қарасы да,
Жетті өлең саяздың да санасына.
Қамысы Қусақкөлдің күбірлейді,
Дұға оқып қылқұйрықтың моласына.

Сол дұға күбірлеген құбабел-дүр,
Құлагер – ақын жазған құлагер – жыр.
Мерт кетті екеуі де, дала қалды,
Сөз қалды көз жасындай тұма мөлдір.

Мерт кеткен құлагер ме орта жолда?
Ақынды азаптаған шер де сонда.
Астына қабырғаның қан иленіп,
Қазақ та құлады ғой қазған орға.

Айтты ақын құшса да ажал, арман құшпай,
Шыдар ма қыран жаны заңғарға ұшпай...
Жасынша көкті тілген ғайып болды,
Қанатын өртке шарпып алған құстай.

Жүргізген өктемдігін жойт пен кәуір,
Қазақтың даласының қайғысы ауыр.
Сіркіреп сол далаға соғып өткен,
Ілияс – сен бір нөсер, сен бір дауыл.

Қасым – сөз, Қасым – тағдыр.

(Қасым Аманжоловқа)

Не дейді, міншіл кәрі, сыншыл жасым,
Сөйлесін, ақын жайлы, қымсынбасын.
Туған жер кеудесінен қайнап шыққан,
Жыр едің қандай мөлдір, шіркін Қасым!

Аунатсын араға әлі бір ғасырды,
Тағы да байқап көрсін бұл Қасымды.
Жарқ етіп шыға келер алтын өлең,
Қырқадан қыз жоғалтқан сырға сынды.

Сол Қасым, сол өр Қасым жыры да өктем,
Қасқырдай қақпан сүйреп тірі кеткен.
Үстінде сұр шинелі, сылти басып,
Келеді кескілесіп қызыл өртпен.

Арпалыс.
-өмір?
-өлім?
-аттан!
-аттан!
Шашылып жердің миы жатса да оқтан.
"Дәриға-ай сол қыз" болып жыр келеді,
Алқадай ағытылып ақ тамақтан.

Өлеңнен сұм соғыстың өзін көрдік,
Ананың талаураған көзін көрдік,
Қан кешіп шудасынан көкжиекте,
Көзінен боталаған бозінген бұлт:

Үстінен Қарқаралы желіп өтіп,
Қаралы сөз айтардай еңіретіп...
Өр ақын өрт ішінен тірі жетті,
Теңгедей болған шақта темір етік.

Құндыз тон кимесе де жең-жағалы,
Еліне жырын сыйлар ең бағалы.
Кеудесін жарып ұшқан жалқы құстай,
Жүрегі кетті шарлап кең даланы.

Зәредей көңілінде шаң тұрмаған,
Ақынды сүйеді жұрт жарқылдаған.
Болғанда өзі қандай, жыры сондай,
Арқаның даласы еді ол аңқылдаған.

Қондырып адамдықтан қосын алшақ,
"Ақынмен" деген аз ба бос ұран сап.
Алматыда аласұрды Мұқағали,
Қасымның дауылы мен десін аңсап.

Қасым жоқ, Мұқаң да жоқ, ел не байқар?
Көңіл тек сол баяғы кезге қайтар.
Қасымның дауылы бар, ауылы бар,
Қауымы бар ма бірақ...
Өздері айтар...

Таппаған қайғы бар ма Қасымды кеп,
Ешкімге мұң шақпады ол жасып, жүдеп.
Берді елге "өмірінен өлең жасап",
Өз жайын өзіне айтқан ақын жүрек.

Жарасар Қасым кешкен күйге ғана,
Қасым-сөз, Қасым-тағдыр мүлде дара.
Дауылы, бұрқасыны, жауыны бар,
Әрине сыймайды ғой үйге дала...

Өлеңнің оты маздап үдегенде,
Жырымен жылу берер жүдегенге.
Жадағай жалғандыққа түсін бермес,
Шынайы жаныңмен шын өлеңге.

Қайран жыр, қайран Қасым шарпысы ерен,
Өткелсіз өмірінің тартысы - өлең.
Көбейді бұл күндері тыраш ақын,
Бояған қасы-көзін әртіс өлең.

Сөзінің тұзсыз астай татымы жоқ,
Алаштың аты шыққан ақыны көп.
Қазақта қара өлеңнен дес кетті ме?
Дауылдай өртке тиген Қасымы жоқ.

Талайды әлі талай толғандырсын,
Тағы да келер ұрпақ шөл қандырсын.
"Аттанған жыр майданға адам болса",
Қасымдай өлмейтұғын сөз қалдырсын!


Қатпар да қатпар, қатпар сөз


(Әбіш Кекілбайұлына)

Баурыңда тарпып бақытты кешетін жылдар болады,
Өртеңге шыққан өндірдей өсетін жылдар болады.
Сағымдай бәрі басыңнан көшетін жылдар болады,
Шойындай жаншып жаныңды өтетін жылдар болады.

Қанжыға жолдай қусырылып, салқар көш асқан кезеңдер,
Танабы тұздай қуырылып тартылады екен өзендер.
Күрек бойына көміліп, келмеске кете салады,
Керішті құмның кеудесін кеңіте туған кемеңгер.

«Кешегі өткен ер Әбіш...», Абай да солай күйзелген,
Кекілбайұлын жоқтатты айналып өтпей біздерден.
Жанымызды езе жаншыған, сонау бір жылдың жарасы,
Жазылмайды екен қаншама, гүл ұстап келген күндермен.

Соғысқа кеткен әкенің ізіне қазан төңкеріп,
Көкірегін сонда басатын сағынған кезде өртеніп.
Өскен бір ұлдар еді ғой, құлазып жатқан далада,
Жесір де қалған ананың омырауынан өрт еміп...

Дерттенген сөзбен өрт ұлға әкенің қанша зары өтті,
Әңгіме айтар ма екен деп, жолаушы көрсе дәметті.
Табылған кітап таусылса, бір әрпін қоймай оқыды,
Қараған, бұтаға ілінген қуалап жүріп газетті.

Қарақияның желіндей суырып құмды таңдайы,
Алматы келді жарқырап, Маңғыстау сынды маңдайы.
Мінбеге шығып сөйлесе, қаймығып тұрды қандайы,
Батыс пен шығыс шарпысып, шалдардан тартқан шалғайы.

Әуезов тұрды алдында арғыдан қалған асылдай,
Толқыды көңілі өзінің сексеуілбұйра шашындай.
Есенберлин енжайлап «Көшпенділердің» даласын,
Мағауин тұрды қасқайып, қайтадан келген ғасырдай.

Телегей теңіз шабыты кеудесін қысып толғақтай,
Қалтасындағы қаламнан сорғақтай берді, сорғақтай.
Қияға салса қырандай, жолына салса жорға аттай,
Алысқа салса жеткізбей, тереңге салса бойлатпай...

Кесімін айтса көсемдей, бекімін айтса билердей,
Тарихқа тартса тамырдай, тылсымға тартса күйлердей.
Сөйледі Әбіш, сөйледі, алты да қанат ақбоз үй,
Иіген нардай еміреніп, іргесін желге түргендей.

Қатпар да қатпар, қатпар сөз, қазған да сайын қалыңдап,
Жақпар да жақпар, жақпар сөз, жазған да сайын жалындап.
Қайыру бермей қара сөз, шапқан да сайын арындап,
Дәуірлей берді дара сөз даңқы артқан сайын дауылдап.

Толқын да толқын уақытқа омыраулатқан қаламның,
Қылдан да нәзік ұшына салмағы түсті заманның.
Қаламның ұшы қайысып назарын бұрды ғаламның,
Хаюаннан бетер халіне санасы мәңгүрт адамның.

Қаламның күшін қуатты, қайталай алмас найзағай,
Көрсетер басқа жоқ айла адамның жанын айнадай.
«Сегіз де қырлы өткір сөз» заманаларды түйрейді,
Тоғыз да қабат торғайкөз сауыттан өткен найзадай.

Қанжыға жолдай қусырылып, салқар көш асқан кезеңдер,
Танабы тұздай қуырылып тартылады екен өзендер.
Күрек бойына көміліп, келмеске кете береді,
Даланың даңқын асырып артық бір туған кемеңгер.

Дәуірдің теріс дауылы бүйірден тиген соққыдай,
Қаншама асыл ерлерді құрбанға шалды тоқтыдай.
Заманаларды ақтарып, ар менен ұятты адақтап,
Не керек болса қазаққа соны іздеп жүріп жоқшыдай...

Жалғаннан өтті ер Әбіш, ел қалай қалар еңіренбей,
Лебізі жұпар аңқыса тұра алмас еді-ау тебіренбей.
Маңғаз да басып маң басып, өзі бір көшкен керуендей,
Маң дала төсін мыңғыртып сөзі бір көшкен керуендей...

author

Ілияс Жансүгіров

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...