Нұрбек Кеңесбай. Сары емшінің баласы

ӘДЕБИЕТ
4332

повесть

Есімде қалуынша жеті жасым болса керек, Сары емші жуас өгізді өзі ерттеп мініп, мені асау тайыншаға жайдақтай мінгізеді де, ауыл арасындағы табыннан ұзап шыққанша жетектеп алады. Кең өріске шыға салысымызбен өңкілдеген өгізімен мені алдына салады да қуа жөнеледі. Көкке тойынып, арқасы майлана бастаған тайыншаның қолтығына аяғымды тығып алайын десем, қысқа бұт жетпейді, жеткен күнде де, жаңа бас біліп жүрген тайынша мөңкіп-мөңкіп жығып кетеді. Өмір көрген өгіз болмаса да, кіп-кішкентай тайыншаның өзіндік қулығы көп. 



Оның үстіне кептірілген аршадан иіп жасалған шүлік мұрынын ауыртса керек. Желіп бара жатқан тайынша шорт тұра қалады да, үстіндегі мені мойнынан асырып қалпақтай ұшырады. Бастырмалатып қуып келе жатқан Сары емші мұны көріп қарқылдап кеп күледі. Сары емшінің бұл оспадарлығын әжеме айтып келем. Сонда әжем оған:

– Әй, тұқымың өскір Кенен (әжем Сары емшіні осылай атайды), “сиыр мүйізін төсейді, жылқы жалын төсейді” дейді, Зеңгі Баба түлігінен жығылған баланың бір жері сынса қайтесің, - деп зекіп жатады.

Оның үстіне жалынан ұстай қалатын тай емес, тайыншаның шоқтығы тайдікіндей де биік болмайды ғой! Жай жүріп келе жатып шорт тұра қалса да, мойынынан асып түсесің. 

Қалай да бір амалын табу керек, Сары емшіге күлкі болмаудың қамын ойлай бастадым. Өйткені ол екі күнде бір жылқы көздеуге шығады, шыққан сайын мені ертіп алады. Жоқ, дұрысы, мен одан қалмай қоям. Жолда көп жығылып, оның күлкісіне қалғанда, “енді саған ермеспін” деп ызалансам да, Сары емші өгізін ерттей бастағанда, мен де арқандаулы тайыншама қарай жүгіре басып бара жатам...

Ия, Сары емшіге күлкі болмау керек... Жаман тайыншаға өзімнің кім екенімді дәлелдеуім керек...

Бір күні қандай құдыретті күштің маған көмектескенін білмеймін, сол амал ойыма орала кеткенде “әй өзім-ай” деп, өз өзіме риза болғаным бар. 

Қара Кәтәйда, жылқы жалы мен құйрығының қылын қой жүніне қосып, жұмсақтау қылып ескен бұзау бұйдалары көп болатын. Қысқалау біреуін алдым да екі ұшын біріктіре түйіп, тұйықтап қойдым, алдымен тайыншаның құйрығына құйысқан етіп тағып, өзім мінген соң тұйықталған бір жағын басымнан асырып әкеліп, қарыныма бекіттім де қойдым. 

Ал енді Сары емші, бастырмалата қуалап қөр! Жаман тайынша шорт тоқтап көр, шолақ құйрығың желкеңе дейін сылынып түспесе, мені енді мойыныңнан асырып түсіре алмассың! Ал бәлем!...

Сол күні, Сары емші менің тапқырлығыма іштей қатты риза болса керек, көк темекісін жайлап бұрқыратып, күлімсірей қарайды. Менде басқа күндегідей алаңдаушылық жоқ. Ішімнен “әй, Сары емші! Мықты болсаң енді қуалашы” дегім келді. Әрине өкінішті, сол күннен бастап, жылқы көздеуге шыққан Сары емші, тайыншаға мінген мені алдына салып қуаламайтын болды.

Мен енді Сары емшіге тиісе бастайтын болдым. 

– Әй, Сары емші! Сен неге жылқыларды көздеуге атпен шықпай, өгізбен шығасың? Өткенде жауыннан ширыққан жылқыларға өгізіңмен жете алмай қалып, соңынан соқыр тұманға ұрынып, көз алдыңдағы үйірден көз жазып қалған жоқсың ба? 

– Е, Қартай! (Сары емші мені осылай атайды) Үйірдегі жылқының бәрі буаз, жалғыз айғырды ұстап мініп алсам, үйірге сен ие боласың ба? Торы бие биыл еркек құлын туады, сол ат болғанша өгізбен жүре тұрамыз да?... - деп қабағын шытып, көк темекісін үсті-үстіне бұрқырататын. 

– Е, құдай-ау! Тумаған торы биенің іштегі құлыны ат болғанша, Сары емшің шал болады ғой, - деймін де қоямын.

Сол Сары емшімен бірге жылқы көздеп жүрген күннің бірі. Жауын жауып, артынан күн шайдай ашылған. Ауа тұп-тұнық еді. Кенет аспан жақтан гүрілдеген үн естілді. Мен басымды көтеріп, аспанның шығыс жағына қараймын, сөйтсем Сары емші батыс жақты нұсқап: 

– Әй, Қаратай, әне, ана жаққа қара - дейді.

 Кәдімгі ұшақ. Біздің төбемізден, менің ғана тақ төбемнен тым жақын ұшып өтіп барады... 

Қарайып бір ноқатқа айналғанша көз алмай қарап тұрып, әпекем Сарышұнаққа ілесіп жаттап алған:

«Самолет-ау, самолет,

Мені өзіңмен ала кет.

Орман тауды көрейін,

Жер аралап келейін.

Төбем көкке тиіп мен,

Теңесейін биікпен» – деп келетін өлеңді қайталап тұрмын.

Сары емші болса, ұшақ тек жақсы оқитын, көп тақпақ білетін баланың ғана басынан ұшып өтетінін, ал «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырларын жатқа білетін, Андерсеннің ертегілерін оқыған балалардың үйіне келіп, сол баланы алып кетіп, дүниедегі ең көркем жерлерді саяхаттатады деп сендірді. Ал мен болсам оның бірін де жаттаған, оқыған емеспін, керек десең, хат танымаймын, өз атымды қалай жазу керек екенін Сарышұнақтан үйреніп алғаным болмаса, көп әріп білмеймін. Сан санау жағына келсек, бір қора қойдың жүзін ғана санай алам... Арманым да сол жүздің айналасында. Мысалы, «Қара Кәтәй жүзге келсін; Сары емшінің жылқысы жүзге жетсін; Сарышұнақ емтиханынан жүз алсын; өзімнің ойынға мінетін тайыншаларым жүз болсын» дегендей, дүниенің шегі тек жүзбен шектелетін. Кейіндеп білдім ғой, көп дүниенің жүзге де жетпейтінін, немесе керісінше, жүзден кейін де сан мыңдаған жүз барын. 

«Жүз тайыншам болсын» деп армандайтын себебім де бар. Біз Шегір, Жұман, Дәутай, Бозым бастаған балалар бір-бір тайыншаға мініп, топырақ салынған қалтаны көкпар қылып тартып жүргенде, немесе ит жетектеп тайыншамен көлге түскенде, Анық, Құлыш, Дәурен, Ерхан, Сабырлар басбармақтарын сорған күйі бізге қарап тұрады. Байқұстардың мініске жарайтын тайыншалары жоқ. Сауынның бұзаулары бұт көтермейді. Шегір екеуіміз Ерхан мен Сабырға талай рет тайыншамызды кезектесіп беріп жүрдік. Егер сол жүз тайыншам болса, бәріне үлестіріп беріп, Төребайдың елден тартып алып, жинап қойған шөмелесін сүздіріп ойнаушы едік...     Әттең, кейбір армандар тек қиялда ғана қалып қоятыны өкінішті.

Ал Сары емші болса көп армандаған жақсы дейді. Өзі де жылқы бағуды көп армандамады ғой деймін. Мен сегіз жасқа толған жылы өзінің өгізіне, менімен әбден дос болып кеткен жалғыз тайыншамды қосып, саудагерге сатып жіберіпті.

Тайыншам сатылған күні мен үйде жоқпын. Нағашы ағам Жөшен келіп, “ертең бие байлаймыз, құлынға шалма ұрасың” деп, мені ертіп кеткен. Үш күннен соң үйге қайтып оралсам, Қара Кәтәй айтты. Отыра қалып жер текпілеп жыладым-ай келіп.

– Мен енді қаңғығанға не мінем? Сары емшің маған тайынша бола ма? - деп тұрып өкірем.

Қара Кәтәй да зар заманы тақап қалғандай таусыла сөйлеп:

– Әй, Құдайдың батасы тигір! Үніңді өшір! Университетте оқитын ағаң мен қалада мектеп оқитын әпекеңе ақша керек. Бар малды сатпасақ, сені сатамыз ба? Сары емші биыл сені де ауданнан оқытам дейді. Одан да жазу жазып үйрен. Сен тайыншамен қаңғырғалы екі жаз өтті. Қане сонда саған шыққан мүйіз? – деп бір қора қайтарма соққысын маған қарай бұрқыратады.

Ия, Қара Кәтәй бекер айтпаған. Сол жылы күзде мені аудан орталығындағы қазақ тілді емес мектепке бермекші болды.       Ауылдағы мектептен қазақша оқи берейін десем, Сары емшің көнер емес. Не көздегенін білмеймін. Бір білерім ағам мен әпекем де қазақша оқыпты. Мен енді басқа тілде оқып, медицина ғалымы болуым керек екен... 

- Әй, Сары емші, мен сонда сен айтқан батырлар жырын, Андерсеннің ертегілерін оқи алмай қалам ғой, - деймін.

- Сен өзге тілді мектепте оқысаң да, оның бәрін оқуға тиістісің. Мен саған барлығын үйретем, батырлардың суреті басылған кітаптарды да апарып берем, - дейді. 

Мен Сары емшінің өтірік айтпайтынын білем. Сол жылы өгізі сатылған соң, жылқы бағуды да қойды. Сүйтсем, ол жылқы үйірі біздікі де емес болып шықты. Ауылдағы Қамар байдың жылқысы екен. Сары емшіге ат туып беретін торы бие ғана біздікі екен.

 Үстінде қызыл қосу белгісі бар дәрі-дәрмек салатын сомкасын иығына асып алып, ауыл арасында елдердің ауырған малын емдеп жүрген Сары емшіні көресің. Қозы пішеді, тентек қойлардың бас сүйегін ашып, жылауық құртын алады, үлкейіп кетсе де, жанасып еміп қоятын құнажындардың мұрынына сірге өткізеді дегендей. Ауылда кім қарбалас, осы Сары емші қарбалас. Ал кеш бойы сығырайған шамның түбінде кітап оқып жатады. Ол кітабын қолға алғанда, Қара Кәтәй да артық әңгімесін доғарып, пыш-пыш етіп, кергішке керіп алған барқытына имекбізін торыс-торыс сұққылап, тұзды суға малынған иіс сабынмен сызып алған өрнектерін қуалай отырып тігіп жатады. Мен де артық қиғылық салмай, жаман-жұтық қағаздарға өзімше сурет салып жатып, ұйықтап қалам.

Кейде оянып кетсем, Қара Кәтәй: 

- Ойби байқұс, таутекемен бірге жардан ұшып кетер ме екен?...   - Сауырық... Тазабек... үзеңгіге жағылған удан қайтыс болған екен ғой, жарықтық батыр бабаларым-ай, - деп күрсініп, Сары емшіге бірдемелерді күбірлеп жатады. 

Сөйтсем, Сары емші кітабын дауыстап оқығанда, кесте тігіп отырған Қара Кәтәй сол кітаптағы кейіпкерлермен бірге жылап, бірге күліп отырады екен. Мен де аз тыңдап жатып, қайтадан ұйықтап қалам.

Мен ауданға кететін кезде, Қара Кәтәй көршілерді шақырып, бір шәугім шай берді. Онысы мені алыс сапарға шығарып салу үшін үлкендерден бата алу екен. Мен тіпті армияға баратындай, елдің бәрі кеп бетімнен сүйеді. Ақша береді. Ал сыбызғышы Самақай Қадыр құлағымды тістеп, ауызыма былш еткізіп түкіріп кеп жіберген. Жүрегімнің айнығаны сонша, лоқсып жүріп, ішкен-жегенімді бірақ құсып тастадым. Сөйтсем әжем:

- Қап, балам, бекер құстың, жасы жүзге жетіп отырған Самақай Қадыр ауызыңа құтырғанынан түкірген жоқ. Өнерін беріп кеткісі келген шығар?...- деп налыды.

Мейлі, не оймен түкірсе де, сол Қадырды ауыл балалары түгел жек көреміз. Қолына түсіп қалсаң “шүметайыңды көрсет” деп жібермей қояды, болмаса сол, құлақ шайнайды. 

Әй, дегенмен, құдай да бізді бір кез жақсы көреді ғой... Самақай Қадыр, мен ауданға кететіннен бірер жыл бұрын мұзға тайып жығылып, жамбасын сындырып алды. Оның жығылғанын сырғанақ ойнап жүрген Шегір екеуіміз өз көзімізбен көріп, үйге қарай қуана айқайлап:

- Алақай, алақай! Қадыр өлді, - деп Сары емшіге жүгіріп келгеніміз бар. 

Содан кейін Самақай Қадыр үйінен ұзап шыққан жоқ. Бар болғаны есігінің алдына шығып алып, қуыс қурайын сұңқылдатып қана отыратын. Сөйтсек, онысы сыбызғы дейтін аспап екен. 

Сол сыбызғышы шалды менің кетуіме орай, ақ батасын берсін деп, ат арбамен арнайы алдырыпты. Батасын ғой ұзағынан қайырып, небір тәтті де ұйқасты сөздермен әдемілеп берді. Батаның не үшін керек екенін түсініп кетпесем де, жаман нәрсе айтып жатпағанын біліп, ел қатарлы қол жайып, бет сыйпадым. Ал ауызыма түкіртіп, оны ары қарай жұтып жіберу деген менің қолымнан келмеді.

Міне осылайша, Самақай Қадырдың түкірігінен ұшынып қала жаздап жүргенде, ауданға жүретін күн де таяды.

Біз барған үй - Сары емшінің көкесі болып келетін, Әлім атамның үйі. Кемпірінің аты Ұрқия. Бойы ұзын сымбатты жігіт, ол - Сәлімжан дейтін осы үйдегі көкем екен. Әлім атамның ауласы толған жеміс. Тағы да неше түрлі состиған бұйра-бұйра шашағы бар, тағы да қалпақ бас бірдемелер тұр. 

Біздің ауылға тек, еріні үнемі тілім-тілім болып жарылып жүретін, онысына газеттің жыртығын жабыстырып алатын Еркінжан деген сарт саудагер есек арбасына тиеп, алма, өрік, дарбыз сатып баратын. Мен сол Әлім атамның үйіне келгенше, жеміс атаулыдан көргенім солар еді. Ал Әлім атамның шағын ауласындағы жемістің түр-түрін көріп таңғалдым. Қарақат, таңқурай, долана, рауғаш дегендерді жеп келдік қой. Мына шалдың ауласында мен жеп көрмеген нәрселер көп екен. “Асықпай жейтін шығармыз”, - деп, бірден бас салмадым. Себебі, Сары емші жол бойы айтып келді:

- Қырда қыр баласы болдың, енді қала болмаса да, аудан орталығына бара жатсың. Көп нәрсеге таңғала берме, Ұрқия апаң жабайы деп жүрер деп ескертті.

Сосын қанша таңғалсам да ана-мынаны сұрап жалмаңдамай, бәрін көрген адам құсап, өзімше “сабыр сақтап” отырдым.

 Ұрқияң қасы-көзі қап-қара, қабағы түксиген, көзі шүңірейіп қалған қатпа кемпір екен. Пісте шағуға ғана лайықталған, екі-ақ тал қасқа тісі бар. Онысы қатты күлгенде ғана көрінеді. Әлімің қою мұртын ширатып, көк темекісін бұрқырата отырып, көп сөйлейтін адам екен. Ал ана Сәлімжан көп сөйлемейтін, кітап оқып қана отыра беретін оқымысты біреу көрінді. “Е, сен де Сары емшінің біреуі екенсің ғой” деп ойладым.

Ертесі күні Сары емші ауылға кетті. Әлім ата екеуіміз шығарып салдық.

Дәл сол сәтте, мені тірідей тозаққа тастап кетіп бара жатқанын сезген жоқпын... 

Түнімен ойладағы жемістің көбінен дәм таттық. Әлгі бұйра шашағы бар нәрсенің жүгері екенін тұңғыш біліп, оны да тойғанша асағам. Жалпы жаман емес көрінді.

Ұрқия апам мені “ой, Нүке-тайлап” жүрді. Өзге тілді мектебіңе де бардық. Олардың бір ауыз сөзін түсінбесем де, көп өтпей үйреніп алатыныма сендім. Өйткені мен естіген дүниемді қалт жібермей қағып алатын бала болғам. Ия, сондай зерек болдым деп мақтана алам.

Сәлімжан көкем сабағыма көптеп көмектесіп жүрген. Көп өтпей басқа ауданға жұмыс ауыстырды да, тек сенбі, жексенбі күндері ғана үйге келіп жүрді. Әлім атам ғой керемет әңгімешіл, өте жақсы адам екен. Сары емшінің білетін әңгімесі оның қасында түкке тұрмайтын болып шықты. Ол тек қазақ батырларының ерлігін көп айтатын. Ал мына Әлім ата “дүниеге әйгілі адамдардың бірі” деп бастап, менің тілім келмейтін біраз адамдардың батырлығы мен тапқырлығын айтады. 

Мысалы, басына құлаған алмадан қызықты ой туып, жер шарының тартылыс заңын ашқан Ньютон деген шал бар дейді; күндегі дақты, юпитердің төрт серігін, сатурнның сақинасы дейтіндерді өзі жасаған телескоппен байқаған Галилей дейтін шал бар дейді; қазаққа, оның ішінде бізге туыс боп келеді дей ма, Әбу Насыр Әл-Фараби деген шал да жетпіс өнер игерген дейді. Әйтеу, Ұрқия апам жоқ кезде ауызы бір тынбайды. Ал Ұрқия барда Әлімнен жуас ешкім жоқ, қой ауызынан шөп алмас, моп-момақан біреу болады да қалады.

Сөйтсем, Ұрқияңның сұрқиялығын мен білмей жүріптім. 

Бір күні мектептен тарап үйге келсем, Ұрқия апам жараған бурадай қолды аяққа тұрмай, ауызынан көбік шашып, Әлім атамды сыбап жатыр:

- Әй, жерге кіргір, Қотыран! Ет таусылса не дейсің енді маған, борбай етімді кесіп қуырдақ жасап берем бе саған? Ана Сары мысық та бар тапқанын үйге әкелмейді, өңкей қаншықтармен ылығып... - деп ойбайлап жатыр. 

Әншейінде, “Нүке-тайлап” тұратын Ұрқия апамның онша жақсы адам емес екенін ішім сезсе де, мұншалық дойыр деп ойламағам. Ал ана “Қотыран”, “Сары мысық” дегені несі?!...

Кейін білдім, Ұрқия апам жан пендесін өз атымен атамайды екен. “Қотыран” дегені - Әлім атам, өзінің шалы. Ал “Сары мысығың” - Сәлімжан көкем. Ал менің шын атым - Нұртай болғанымен, оны қалай атау Ұрқияның көңіл күйіне байланысты. Ол жайдары кезде Нүке-таймын да, қабағынан қар жауса - қотыр итпін. Әкем аты - Кеңесжан. Оны Сары емші дейтін де осы апам. Шешем - Күлдәр. Бірақ бәрібір Ұрқияның қойған атымен - Қара Кәтәй деуге тура келеді.

Мен қараңқыдан қорқам. Әуелі түн баласы есіктен аттап, далаға жалғыз шыға алмаймын. Әлім атам темекі шеккелі шыққанда ғана ілесе шығып, үйге жақын соғылған қораның тамына сүйеніп тұрып, кіші дәретті өтей салам. Ал түн жарымда үлкен дәретке жалғыз барғаннан гөрі, жайлаудағы күнгейдің улы жыланын желкеден басқан әлде қайда жеңілірек. 

Бір күні таңғы шайда Ұрқия:

- Әй, Қотыран! Сен ана қораның түбіне сарыи бермесеңші, күндіз сасығанымен қоймай, тамды тесуге айналыпсың? - деп қойып қалмасы бар ма? Бетімнен отым шықты. Атам да мырс етті. Оның Қотыран дегені - қотыр ит екені айдан анық қой...

Ауылдағы өз үйімде жүрсем ғой деймін. Қара Кәтәй түнімен далаға он рет шықсаң да қабақ шытпайды. Қасымда тұрады. Ол жоқ кезде, әрине, есікке қарсы жел соқпаса болғаны, табалдырыққа талтайып тұра қаласың... Қара Кәтәй мен Сары емші бұл қылығымды ұнатпайды. Сонда әжем “әй, тимеңдер, періштенікі ғой” деп мені ақтап алатын. Ал Ұрқияның қорасының тамын тесіп өтіп кете сақтаған “періштенікі” емес, қотыр иттікі еді.

Ия, қалыпты адам баласы ретінде, кез келген уақытта физиологиялық қажеттіліктерін өтеу құқығы өз қолындағы адам баласы ретінде, мен де кез келген уақытта, қажеттілігімді өтеуге тиісті кішкентай адаммын ғой?! Ал бірақ, Ұрқияның үйінде, Әлім атам сыртқа шығып темекі шекпей қалса, немесе үйде болмай қалса, онда менің мүгедек адамнан ешқандай айырмашылығым жоқ. Ұрқияға далаға ертіп шық деуге батылым жетпейді. Ол да ертіп шығайын демейді. Қысқасы, көз байланып, кеш кірген уақыттан бастап, менің үрейім де қоса кіреді. 

Тағы сол Әлім атам жоқ бір күн еді. Мектептен келсем, Ұрқияң жүгері “пісіріп” қойыпты. Үстелге шашақ бастан екеуін тастай салды да, кірдің суы сияқты бір кесе жылыман шайын алдыма итере салды. Әлгі шашақ бас жүгерісі толық та піспеген екен. Қап қатты. Жемеймін деп айтуға келмейді. Мендегі ондай батылдықты тек Қара Кәтәй көтере алады ғой? Амал не, шикі жүгеріні “тамсанып тұрып соғып” алдым. Шикі әрине шикілігін көрсетеді, көрсетпесе шиқаныңды шығарады ғой... Мені де аяған жоқ. Не болса да даладағы әжетханаға үлгеру керек.

Есіктен ытқып шықтым да, өзіме тозақтай сезілетін түн қойнына ендім де кеттім. “Таяқ тисе сорлыға тиеді” дейді ғой. Сол сорлы мен шығармын? Қорқынышым жайында қалып, даладағы әжетхананың есігін әрең тауып, кіре бергенімде, ішінен бір мақұлық атып шыққаны ғана есімде... 

Оянсам, аудандық ауруханада жатыр екенмін. Әлім ата отыр қасымда. Түнде мен есіктен кіре бергенде атып шыққан жабайы мысық екен. Мен сол орында талып қалғам. Бір сағат бойы үйге кірмегенімнен секем алған Ұрқия, тысқа шығып, талып жатқанымды көріпті. Жедел жәрдем көлігін шақырып, мені ауруханаға жеткізген сол екен. 

Сегіз жастамын ғой, қатты қорқып қалсам керек.

Үйге кеткім келді. Келгелі бес ай болған. Сабағыңа ғой ілесіп кеттік. Тек үй тапсырманы толық орындай алмай жүрдім. Сәлімжан көкем жоқ. Әлім атам қаладағы үлкен ұлының үйіне емделуге кетті. Үйде Ұрқия апам екеуіміз ғанамыз. Кешкі астан кейін, апам отырып алып шай ішуге кіріседі. Мен енді үй тапсырмасына отырайын десем, Ұрқия апам:

- Әй, Нүке-тай, менің әңгімемді тыңда. Тапсырмаңа сосын өзім көмектесем... Үлкендер әңгіме айтқанда, бала үндемей тыңдау керек қой, - дейді де бұрқырай жөнеледі. 

“Мен баяғыда” деп бастайтын “аңыздары” көп әйтеу. Сол баяғыда, атқа мініп, ерлермен бірге көкпар тартыпты; бай әкесінің жылқысына келген барымташылармен жалғыз айқасыпты; соқаны асау атқа жегіп, бір өзі бір ауылдың егістік жерін жыртыпты; кез-келген ауыруды емдеп жазатын тәуіптігім де бар дейді. Тыңдап отырып, кей әңгімесіне күлкім келсе де, кейбір айтқандарынан қорқа бастаймын. 

Мені ауызына қаратып қойып, бозғылт шайын сораптап ішетін түннің бір еді, кенет, Ұрқия:

- Әй, Нүке-тай! Бүгін бейсенбі ма, жұма ма? - дейді.

Мен:

- Жоқ апа, бүгін жексенбі, - деймін.

- Ана, қабырғаға қарашы, жылтыраған нәрсені көрдің бе? - дейді.

Қарасам, көзге ұрып тұрған бөтен ештеме жоқ.

- Жоқ апа, көрмедім, - деймін.

- Әй, саған айтқан мен де ақымақпын ғой, ол сенің көзіңе қалай көрінсін!... Менің иелерім ғой, олар тек бейсенбі, жұма күндері келеді, тек маған ғана көрінеді, - дейді. 

Ал мен дәл сол күннің жексенбі екенін оның есіне қайта салғаннан қорқам. Кім біледі, оның “иелері” де күннен жаңылып, байқамай келіп алған шығар?

Әрине, көзіме ештеме көрініп тұрмаса да, қорқа бастаймын. Кейіндеп байқадым, апамның қабырғадағы “иесін”, анықтап қараған адамның бәрі көре алады екен. Онысы - терезедегі айнаға түскен лампочка жарығының, қабырғаға түскен әлсіз сағымы екен.          Менің қорқып отырғанымды сезетін апам, әңгімесін одан ары өршіте түседі. Айтып болдым-ау дегенде, отырған орынынан атып тұрып, ілулі тұрған жайнамазын жазып жіберіп:

- Пыссымылда, рақымнан рақым. Ләйләха ей Алла. Құлқуалла қуахат... деп намаз оқуға кіріседі.

Ауылдағы әжем де намаз оқиды ғой. Ол кісі оқығанда, құран сөздерін әдемілеп, жағымды әуезбен, қазақ сөздеріне ұқсай бермейтін басқаша бір дыбыстаулармен оқиды. Ал мына Ұрқияңның айтып отырған “құран сөздері” де тым тұрпайы, әуезінен ат үркеді десе де болады. Тіпті күлкің келеді. Әжем намаз оқығанда, ала мысық табақтағы піскен сүтке бас қойса да, намазын оқып болмай тұрмайтын. Ал, мына апам ондай емес. 

Сәлімжан көкем үйге келген сенбінің бірі болатын. Ұрқия апам намаз оқып жатқан. Көкем оның алдынан өтіп барып, тарағы мен айнасын алғалы жатқан. Намазға “ұйып тұрған” апам:

- Ей, Сары мысық, намаз оқып тұрғанымды көрмедің ба? Алдыма неге тұрасың? Құдайдан қорықпайтын Қотыранның күшігі-ай, тым болмаса сен қорықпайсың ба? - деп бұрқырай жөнелді.

Сонда көкем:

- Әй, апа! Сен намаз оқымай-ақ қойшы. Бәрібір қабыл болмайды ғой? - деп, мырс етіп бір күліп алып шығып кеткен. 

- Ой, жерге кіргір кәпір! Құдай өзің кеше гөр мына бейбақты! - дейді де, “Рақымнан рақымын” жалғастыра береді. 

Намаз оқып жатқанда үй телефон шырылдамасын дейсің. Әгәрәки, шырылдай қалса: “Әй, мынау қайсы ит бас, сиыр аяқ болды екен?” деп атып тұрады да, телефонмен әбден сөйлесіп алып барып, жайнамазына қайта шоқшияды. 

Ал үйге өз төркін жағынан емес басқа біреу келсе, төргі бөлмеге кіріп кетіп, жайнамаздың үстінде ұзағынан сұңқылдайды-ай кеп. Келгендерге де кемпірдің бұл қылығы түсінікті болса керек, атам жоқ болса көп бөгелмей тайып тұрады. 

Әлім атам қалада ай жатып емделіп келген кез болатын. Қалада оқитын әпекем Сарышұнақ (Ұрқияның атауы бойынша, әсілгі аты Бисара) пен әкемнің ауылдағы туған інісінің қызы Айғаным екеуі, демалыс күндерінен пайдаланып, “апасының кір қолын жуып беру үшін” келген ғой. Ия, айтылуда осылай ғой әрине, алай да, ол екеуі мен деп келеді ғой! Мен байқұсқа әдемі тамақ істеп беріп, бір тойдырып, жыртылған киімдерімді жамап дегендей. 

Ол екеуі келгенде, мен оларды жеке шақырып алып, бұл үйде нені айтпау керек, нені істемеу керек екенін құлақтарына құям. Әйтпесе қатпа кемпір оңдырмайтынын қайта-қайта естеріне салам.   Ия, ол үйдегі “тәртіп” біткен тек қана Ұрқияның талабына сай болу керек, кез келген іс әрекет, барлық мақтаулар мен мадақтаулар тек Ұрқияның көңілін көтеруге бағышталмаса, көңілді отырып қара су ішудің өзі қиын.

Құдай қырсығына басайын десе оңай екен ғой... 

Екі әпекем менің “қатаң ескертулерімді” бұлжытпай орындап, әдемілеп лағман істеді, оны тоя жеп алғанбыз. Әрине, Ұрқия күліп жүрген соң, біз де мәзбіз. 

Тамақтан кейін екі қыз тандырға нан пісіреміз деп жатты. Әлім ата екеуіміз құрғаған шырпы жинап, тандырды қыздырып қойдық. Екі қыз пісірген тәтті тандыр нанның алды пісіп қалған. “Бесін намазының уақытын байқамай өткізіп алыптым” деген Ұрқия апамыз, етегіне сүріне жығыла жаздап, үлкен әйнек терезесі аулаға қараған кең бөлмеге, жайнамазын қолтығына қыса салып кіріп кеткен болатын. Мен отын жарып жатқан атамның қасында тұрғам. 

Қып-қызыл боп піскен нанның иісі мұрынды жарып барады. Қайта-қайта тандыр жаққа қарап қоям. Ұрқияға ұжымақтың күйін сыйлаған екі әпекеме ризамын. “Нанды үйге алып кірген соң, Қара Кәтәй берген қозы қарын майдың ауызын ашып, ыстық нанға сары май жағып жейміз” деп Ұрқияның өзі айтқан. Қалай қуанбайсың! Қатпа кемпірдің екі езуін құлағына іліп берген қос әпекеме іштей, “байларың бай болсын!” деген ізгі тілегімді жаудырып мәзбін.

Ойлашы, мен ыстық нанға сары май жағып жемегелі қашан?! Қара Кәтәйдан кеткелі жемедім ғой! Сол бақытты шақтың көп өтпей қайта оралатынын ойлаған сайын, мына өмірге келгеніме риза болам. Қос әпекемнің қасына барып тұрғым келеді. Бірақ, “ер бала тандырға қарамайды” деген тағы сол Ұрқияның жазылмаған заңы бар. Баруға болмайды. Ал атам байқұс та қыздар жаққа қарағыштай береді. Сонымызды Сұңғыла Айғаным сезсе керек, нан тасыған табаққа екі тоқашты салды да, бізге әкеп бере салды. 

Қырсықтың басы осы екі тоқаштан басталарын кім білген. Әлгі “бесін намазын оқығалы” кеткен апамыз, үйдің дәу терезесінен екі қыздың әрекетін бағып тұрған екен. Екі тоқашты қолға ала бергеніміз сол еді, Ұрқия апам аюдай ақырып, үйден шыға келмесі бар ма?

- Ей, Бөлешкенің жалмауызы! (Бөлешке дегені - әкемнің туған інісі Кеңесберді, Айғанымның әкесі) Бағана не дедім сендерге? Жаңа піскен нанды алдымен Қотыран мен қотыр итке беретіндей, ол екеуі кімнің әулиесі еді? Ауызымда иманым, қойынымда құраным бар мен алдымен ауыз тимей тұрып, оларға неге бересің? - деп бажылдап тұр. 

“Бөлешкенің жалмауызында” жан жоқ, біресе бізге, біресе апасына жалтақ-жалтақ қарайды. Атамнан бір құтқару тілеп тұрғаны көрініп тұр. Істің оңайлықпен біте қоймайтынын сездім. Атам да ұяттан жер болып, жүзі бозарып, тісі тісіне тимей сақылдап тұр. Өйткені Ұрқияның ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып боқтап жатыр. Жалпы жеті атамыздан төмен қарай сыбады-ай келіп. Оның айтқанына сенсек, аталарымыздың бәрі оңбаған адамдар екен. Біреуі ұры, біреу қарақшы, біреуі соқыр, біреу төкір дегендей... “Кезінде атаң Ерхан да, өлігін маған артып кетіп еді...” дейді. 

Менің өз атамның аты Ерхан болатын. Оны әжем айтқан. Сол атам менің екі жасымда қайтыс болған деген... 

Балағат сөзі сүйектен өтті. Әлім атам шыдамай кетті білем. Тандырдың қасында жатқан көсеуді ала салып, шәбелеңдеп тұрған кемпірін құлақ шекеден қойды да кетті. Кемпірі серең ете түсіп, қимылсыз жатты. “Мынауың өле қоймайды” дедім. Екі әпекем жылап тұр. Мен жыламадым. Не үшін жылауым керек, өйткені дәл осы Ұрқия апамның қырық жаны бар. Мұндай “сұлап түсудің” талайын көрдік. Ол тіпті қып-қызыл боп тұрған шоқты тілімен жалағанда да түк болмаған, тілі күймеген. Талып жатып, атып тұра салып, шай ішіп отыра беретін кереметі бар. 

Екі қыз ғой тұңғыш рет көріп тұрған соң, шошып-ақ қалды. Одан әрі бұл үйге екеуінің сыймасы анық еді. Екеуіне кетіңдер дедім. Апаларың “оянбай тұрып” тайып тұрыңдар дедім. Олар да түсіне қойса керек, киімдерін жинап алды да, қаласына жөнелді. Кетерде Айғанымға қарап:

- Әй, Бөлешкенің жалмауызы, екі тоқашыңды қалаға апарып же, - деп күлем. Оның күлуге шамасы жоқ:

- Сорлым-ау, сен шынымен де иттің күнін көріп жүр екенсің ғой? - деп, мені құшақтап ап жылайды. Қайтсін енді, жақсы көретін інілері аюдың апанында жүрсе?...

         Ыстық нанды, өз шешемнің берген сары майына жағып жеу арманым орындалмаған соң, мені қайбір жетіскен бала дерің бар? Апам “оянғанша”, мен піскен нандарды үйге тасып болдым. Ол да көп ұзамай орнынан тұрып, үсті-басының топырағын қағып-қағып жіберіп, “ой жерге кіргір Қотыран-ай! Өстіп жүріп бір күні өлтіресің ғой” деді де, әпекелерім пісірген тәтті нанын ұзақтау шайнап, жалғыз өзі қаймақтап шай ішіп жатты. Мен ол кезде тандырдың күлімен бірге шыққан, піскен нанның қабыршақ қалдығын тазалап отырдым...

         Нанның қалдығы демекші, шешелері тандырға нан пісіретін балалардың бәрі білуі керек. Піскен нанның тандырда қалып қойған қабыршық бөлігін біз - қытырлақ дейміз де, шешеміз нанын алып болған соң, сол қытырлақты таласа-тармаса жейміз. Дүниеде, Қара Кәтәйдің тандырының қытырлағына жететін дәмді тағам жоқ шығар-ау деймін!? Ұрқияның тандырынан оны жеу бақыты бұйырмады. Себебі, оның тандырының ішіне үңілуге де болмайды.

         Күлін тазартып алған қытырлақсымағымды жеп отырып ойға батам: Мына кемпірдің өте жауыз екенін әкем мен шешем білмейді емес, біледі, біле тұра мені неге осында әкеп тастады екен? Мүмкін мен олардың туған баласы емес шығармын деймін. Өздерінің екі баласына ақшаларын жеткізе алмай жүргенде, мені бағуға шамалары келмей, осы бір жалмауыз кемпірге бере салды ма? Бұл ой мені қатты мазалайтын. Күн өткен сайын Ұрқияның да қорлығы өтіп барады. 

Мен оларды әкем, шешем деуіме болады ғой? Алайда, мені осы бір жалмауыз кемпірге сеніп тапсырып кеткен қылықтарын ойлап, оларды жек көрем. Сондықтан, Ұрқия қалай атайды, мен де солай атаймын. Сары емші. Қара Кәтәй.

         Қарашаның соңғы күндерінің бір болса керек. Әлім атамның ішкен жегені бойына тарамай, тағы да ауырып қалды. Қаладағы баласының үйіне барып, тағы да емделіп келуі керек болды. Ол ауырмай қайтсін, түн асқан тамақ түгіл, үш те төрт күн болып кеткен, көгере бастаған қалдық тамақтарды, ыстық пісте майға бір аунататын қатпа кемпір, онысын Әлім атам екеуімізге жегізеді.

        Жемей көр! Желкеңнен бірақ шығарады. Бұрқыраған буының өзі жүректі айнытады. Мен тез-тез жеп алам да, үйден шыға салып, әжетханаға барған бойы құсып тастаймын. Құспай қалсам, ертесінен бастап мен де ауырамын. Ал Ұрқияның үйінде ауырған баланың күні қараң дей бер. Әлім ата болмаса дәрі ішуің де қиын. 

         Осындай тамақтардан әр рет құсқан сайын, Самақай Қадырдың ауызыма түкіргені есіме түседі. Неге деймін, елдің бәрі неге мені құстыруға әуес?

“Әлім атам да мен сияқты құсып тастаса ғой” деймін. Бірақ, ол кісі құспайды. Жылы жерде тұрып өздігінен ұйып қалған іріген сүтті:

- Мына айранның ветнамы (витамині дегені) жоғары, ішіп алыңдар!” деп, Әлім ата екеуімізге екі кесеге құйып бере салады. Мен онысын іше алғам жоқ. Ішем деп, далаға шығуға үлгермей, табалдырыққа құсқанымды кемпір біледі. Сондықтан мұндай “ветнамы жоғары” тамақтарға мені көп қысамайтын болған. Ал атам байқұс терлеп-тепшіп отырып ішіп алады. 

Асқазаның - тас қазан екен Әлім деймін ішімнен.

         Ауыл айрансыз бола ма? Қара Кәтәй ұйытқан айранды айтсаңшы, пах, шіркін! Ол піскен сүтке сұқ саусағын малғанда, қолы күймейтіндей болған кезде, ұйытқы деп аталатын бір кесе сары суы көптеу айранды сүтке құяды да, әбден араластырып болып, жылылап жауып қояды. Тәңертең ұйытса, кешке қарай бірақ ашады. Сен сол ұйыған айранды өз көзіңмен көрсең ғой! Беті теп-тегіс болып, іркілдеп тұрады. Қасықпен ойып алсаң, ойып алған жерің сол күйі шұңқыр болып қалады. Ал араластырып жіберсең, қоймалжың боп шыға келеді. Енді оған ақ шекер сеуіп ішіп көр, дәмі таңдайыңда қалмаса маған кел. Міне, айран деп соны айт.

         Ұрқияның үйіндегі сияқты, Қара Кәтәйдің де кей кезде сүті өздігінен іріп, ұйып қалатын кезі болады. Сонда Қара Кәтәй, қолын малып, жұғынын екі иығы мен маңдайына кезек жағып, “ақ киесі ұрмасын, дәм атпасын!” деп күбірлеп жүріп, адам баспайтын шұңқыр жерге төге салады. 

Жетім бұзауға берсеңші? - десем:

         - Құдай кесірінен сақтасын, мұндай сүтті төгуден басқа амал жоқ. Бұзаудың ішін өткізеді, - дейтін. Ал Ұрқияның үйінде, іріген сүттің өзі сондай қадірлі! 

         Міне, осындай ішпек-жемектен мен дәм татқалы жарты жылдай болса, Әлім ата жегелі кем жегенде елу жыл болған шығар? Асқазаны сыр беріп, ауырғыштап жүргені содан.

Ол кезде атамның қорасында 30-ға жуық қой, екі бұзаулы сиыр бар. Күндіз дала жайылысында бағылады. Бақташы - сол атам. Дәу қара велосипедін мінгенінен жетектегені көп, ағаш арасын аралай қашатын, сұмырай қара сиырын қуалайды да жүреді. Далада жайылыс барда, малды ешкім қорада ұстамайды. Ауылдағы Сары емші де сүйтіп жүретін. 

         Десе де, атам қалаға кетерде, Ұрқияға да, маған да айтып кетті. Малды өріске шығармай, жинаулы шөптен салып, түсте бір уақ суғарсаңдар болды деген. Оның түк те қиындығы жоқ. Түстен кейін, мектептен келе саламын да, қой мен сиырдың алдындағы науасына су құйып, ақырын толтырып шөп салып тастаймын. Кешке қарай қораны тазалап болып үйге кірем.

         Бір күні мектептен келсем, қатпа кемпір қатуланып алған:

- Айдың күннің аманында, даланың шөбі бұрқырап, буынып өлуге болатындай болып жатса, малды қорада ұстау деген сұмдық қой!Әй, қотыр ит, арқаңдағы боқшаңды ана молаға лақтыр да шық! Мына мандымағырдың малын өріске жай бұдан кейін. Ерте күзден малды қолға қаратса, қыс соңында Қотыран қылшығын шөп қылып бере ме екен? Биыл қыс ұзақ болады...”, - деп бұрқырай жөнелсін.

Ұрқия айтса болды ғой! Ақылдасуға келмейді. Орындау шарт. Сонымен не керек, 30 қой мен екі бұзаулы сиырды алдыма салып алдым да, өрісті бетке алдым. Енді бірер сағатта мал қамайтын көршілер, менің уақытсыз уақытта малды жаңадан өріске айдап бара жатқанымды көріп таңғалған болу керек. Үдірейе қарайды. 

Қарасан келгір қара сиыр-ай! Маған көрсетпеген сенің қорлығың қалып еді енді!? Қорадан шығарарда мүйізіндегі байлаулы жіппен, басын алдыңғы мінер жақ аяғына тұқыртып байлап шықсам да, атша қарғып қашады. Ағаш арасына кіргенде сиыр емес аң дерсің. Аңдып тұрып қашады. Екі өкпемді қолға алып қуып келем, қойлар мен басқа сиырлар жол жиегінде қалған. Бар мұратым қара сиырды қайырып алу. Ақ терек арасында қанша қуалағанымды білмеймін. Бір кезде адастым да қалдым. Енді не істеу керек? Қуып бара жатқан қара сиырдан айырылып қалғаныма көзім жетті. Енді таба алмасымды біліп, келген ізіммен кері қайтуға асығам. Өйткені, қалғаны жол жиегінде дедім ғой. 

Сорың қайнағыр қотыр ит-ай! Бесіктен белің шықпай жатып құлдыққа жегіліп жүрсің! Пенде баласының жаны аши ма саған? Жаны ашыса, қалың көршіңнің бірі атып шығып, сұмпайы сиырыңды қайырысар еді ғой? Сорға бола туылған тірі жетім-ай! Заманың үркін де қорқыннан аман, туған әке-шешең бола тұра, ел есігінде иттің күнін көріп жүрсің! Енді не болды? Жол жиегінде қалған малдың да қарасы жоқ.

 Ұрқияға не бетімді айттым, ақ таяғымды ұстап, құры барсам, ол мені тірі қоя ма құрсын! Сәлімжаның да, Әлімің де жоқ. Қызыл отты тілімен жалаған жалмауыз кемпір үшін, мына мен немін? Бір шайнап бүріккенінен аспаймын ғой!?

         Құрыса қара сиыр құрысын, қалғанын тауып алайын деген ой келді. Ол кезде қас қарайып, көз байланып кеткен. Көше шамдарының жарығымен, өзім келген жолды бойлап, қаз-қатар үйлердің ауласына көз жүгіртем. Қанша үйдің есігін қағып, қаншама үйдің ауласын қарап шықтым. Жоқ. Жер жұтып кеткен. 

Баяғы ала көлеңке мезгіл, енді көзге түртсе көрінбейтін қара түнге ұласты. Көше шамдарының жарығынан ұзай алмаймын. Ұзайын десем қолымда фонарик жоқ. Болған күннің өзінде де, қою қара түнде, ақ теректі аралап, жоқ іздейтіндей жүрек бітпеген кез ғой. Амалым таусылып, жол жиегіне отыра кеттім. Қанша отырғанымды білмеймін, бір кезде, қураған терек жапырақтарының сытыры естілгендей болды. Құлағымды салып, тағы да тыңдап көрсем. Ия, сол дыбыс. Жол жиегіндегі ақ теректің ішінде қараңдаған қойларды көріп қалдым. 

         Қуанғанымды айтып сұрама, тойынып алған қойлар бір-бірлеп терек арасынан шығып жатыр. Үлкен бір сиыр мен екі бұзау да қойлардың соңында келе жатыр екен. Жол жиегіне толық шығып болды-ау дегенде, алдыма салып айдадым да, үйге қарай тартып отырдым. Келсем ауланың жарығы сөнген. Тіршіліктің нышаны байқалмайды. Ұрқияң баяғыда ұйқыға кеткен сияқты. Алдымдағы малымды қамадым да, қара сиыр өзі кеп қалар деген оймен, қақпаны ашып, аулада күтіп отырдым. Көп отырдым. Қасқырға жем болғыр келмеді.

         Қара сиырдың жоғалғанын, Ұрқияға таңғы шайда “естіріттім”.

         Екі ауыз сөзге келген жоқ:

         - Сабағыңа бармайсың, қайдан тапсаң одан тап. Бүгін түске дейін тауып келмейтін болсаң, өзің де үйге келуші бола”, - деп қана түйді. 

         Ауданға оқимын деп келіп, Ұрқияның жалшысы болам деп ойлап па едім? Сары емші бәлкім көкесіне сенген шығар, мені үйіне әкелгенде... Ал ол сенген Әлім көкесінің де қалі мүшкіл екенін қайдан білсін. Бүйткен оқуың құрсын деймін. Ауылға қашайын десем, жолын білмеймін. Білген күнде де, жаяу адам бір күнде жететін жерде емес екені анық. Түнге қалсам, ит пен құсқа жем болам да қалам деген сөз. Өйткені, біздің ауылға асатын асуда жабайы аңдар көп болатынын білем. Амал жоқ. Қаша алмайсың. Ал қашпайды екенсің, қара сиырды тап. 

         Көп іздедім, табылмады. Сосын ойлаймын: Ұрқия әдетте “дүниенің сырын білем, болжай берем, алысты көрем” деуші еді ғой? Сол құдіреті жаман сиырын табуға жарамай ма екен деймін ғой? Бірақ оның бетін бақырайтып қойып айта алатын мен бе? Жоқ, мүмкін емес. Қалай да өз күшіммен табуым керек болады бәрі бір.

         Сиыр табылмай сабаққа бару қайда?! Апайға бір ебін тауып түсіндірермін. Ол онсыз да менің жағдайымды біледі ғой... Мені ұрысқан емес. Көңіліме көп қарайтын, мейірімді адам еді. Сондықтан, сабақтан қалу, оған сылтау айту түк емес. Ұрқияның дегенін жасамау кешірілмес күнә.

Сол күні күндіз кезбеген жерім жоқ. Бәрі бір таба алмадым.

Тағы сол көше шырағының астында отырмын. Неге келдім екен деймін бұл үйге. Тағы сол көзім жетпес, арпалысқан ойларға иек артам. Андерсеннің “Сіріңке сатушы қыз” дейтін ертегісіндегі жалаң аяқ қыз бен Мұхтар Әуезовтың “Қорғансыздың күні” дейтін шығармасындағы Ғазизаның көрген қорлықтарын ойлаймын да, өзімді олармен салыстырып көрем: “мысалы менің олардан қай жерім артық?” деп ойлап алам да, осы ойымнан өзім шошып кетем.  Жоқ, мен оларға түк те ұқсамаймын. Жарайды, мені Ұрқия құл қып жүрген шығар? Ең әуелі мен жігітпін ғой, ал аналар - қыз. Міне, басты айырмашылық. “Жігіт адам болған соң, бәріне көну керек” деймін. Бұл - Сары емшінің үнемі айтатыны. 

Құм болған жігерімді қайта жанып, сан түрлі оймен арпалысып отырып, сонаға таланғыр қара сиырдың мөңіреген дауысын естідім. Қуанғанда көзімнен жас бұрқ ете түсті. Дауысы шыққан жаққа жүгіре басып барам. Сөйтсем, бұзауы еміп жүрген неменің желіні сыздап, бұзауын іздеп мөңіресе керек. Сорлы болғанда, біреудің ауласында, мүйізіне байланған аяғын алма ағашқа қойып алып, пісіп тұрған алмадан асап тұр. Неде болса, тапқаныма қуанып, әлгі үйдің қақпасын тарсылдаттым. Тірі пенде шығып ашады деген не. Адам жоқ сияқты. Қайткен күнде де сиырды алып кету керек. Қақпасы биік болғанымен, қорғаны аласа екен. Жабысып жүріп, қорғанына шықтым да, ішіне секіріп түстім. Сонда сол жақ, ортан терек саусағым мен сұқ саусағымдың арасы жып-жылы боп кеткендей болды. Ары таман жүріп, сиырды баспалап барып ұстап алайын деп, ауланың жарық жағынан тез-тез өтіп кетпекші болғанымда, аяғыма тамшылап келе жатқан қанды көрдім. Сөйтсем, жаңағы жыли кеткен екі саусақтың ортасына арақ құмырасының сынық әйнегі қадалып қалған. Дереу жұлып алдым. Қан тоқтар емес. Неде болса, иесі оянбай тұрып, қара сиырды айдап шығу керек болды. 

Өмірдегі қулық пен сұмдықтың бәрін көрген қара сиыр, бұл жолы тағы да алдап кетті. Ауланың жарығы бар жағынан жүгіріп өткенімді көре қалып, мен өзім ыршып түскен қорғанның қарсы жағындағы, бір аласалау жерінен ытқыған бойы қашып шықты. Қолымның қанын тамшылатып, мен де тұра жүгірдім. Құдай бақ бергенде, қара сиыр тура үйге қарай зытып барады. Желіні шатынап, атылып кетеуге шақ қалған. Басы тұқырылып, аяғына байлаулы тұрса да, атыңнан жүйрік. Басын жерге изектеген күйі зытады.

Жоқты тауып, үйге еңсемді тіктеген күйі кіріп келдім. Келсем Әлім атам қаладағы Мейір дейтін екі жастағы немересін алып, үйге жаңа ғана кірген екен. Сыртқы шапанын да шешпеген. Қолымнан тамшылаған қанымды көріп, шошып кетті білем. Ләм деместен, құрым киіз күйдіріп, жарама күлін септі де, қаны тоқтаған соң спиртті ақ дәкіге сеуіп, қолымды таңып берді.

Бұдан кейінгі күндер де жеңіл болды деп айта алмаймын. Мейірдің шешесі Гүлім - мерйірбике, әкесі Дархан - полиция қызметкері. Үлкен қалада жұмыс істейді. Екі жастағы балаларын бала бақшаға беруге өте ерте. Сосын не керек, Әлім атам ауруханадан сауығып шыққан соң, Ұрқияға беріп жіберіпті. “Қазірше баға тұрсын, бала қарасатын біреу шықса, соны да қоса жібереміз” деп сәлем айтып жіберіпті.

Қаладағы баласы мен келінінің жолай сәлемін естіген Ұрқия апам:

- Әлгі Болысқан (Мейірдің әкесі Дарханды осылай атайды. Болысқан деген кіші дәретіне ие бола алмайтын, ақыл-есі кемдеу біреу болған екен кезінде) мен Шымшық (Мейірдің шешесі Гүлімнің мәртебелі лақабы осы енді) өзі неге келмейді екен? - деді.

         - Өздері, сенің бір жағыңа шығысатын, бала бағушы біреуді тауып бірақ келер? - деді де қойды атам. 

         Мейір өте сүйкімді бала болды. Маған жабысады да қалады. Тапсырма жазып отырсам да келіп алады. Бір қуанарлығы айтқаныңды ұғады. Қаламдарымды жұла қашып, дәптерлерімді жыртпайды. Бірақ енді түн баласы көп ұйықтай бермейтін мазасыз болды. 

         Мені әдетте көкем жатқан үйге жатқызатын Ұрқия, Мейір келгелі өз қасына жат дейтін болған. Бір жағы Мейір мені шынымен іздейді, екінші жағынан, түнде оны тосу, сүтін беру, деген сияқты күтімі бар. Соған қазірше менен қолайлы ешкім жоқ. “Ана үйде жатсаң қорқасың Нүке-тай” деп қояды. Мейір келмей тұрғанда неге ойламадың деймін іштей.

         Біз жатқан үйдің жарығы жіпті тарту арқылы қосылатын еді. Бір тартсаң жанады, тағы бір тартсаң сөнеді. Мен жатарда сол жіпке тағы бір ұзын жіп жалғап, ұшына Мейірдің көне нәскиін байлап қоям да, оны астыма басып жатам. Мейір шыр ете түскендегі менің атқарар ең алғашқы бұлжымас міндетім: ұзын жіпті дереу тартып қалып, жарықты қосу. Одан әрі сол... керек десең таңға дейін ойнатып отыру керек. 

Ең маңыздысы менің ертеңгі сабағым, Мейірдің неге мазасызданатыны емес, Ұрқияның ұйқысы тыныш болу керек. Сол күлсе әлем күлетін еді ғой шіркін! Менің бірнеше түндік шала ұйқым, оның көтеріңкі көңіл күйінің қасында түкке тұрғысыз болып қалады. 

Әй, Ұрқиям, сен күліп жүрші әйтеу!

Сегіз жастық баламын ғой, мұрын боғым енді ғана тыйылған. Ал енді бала бағып жүрмін. Құдайға шүкір деймін, түнімен ұйықтатпаса да, күндіз сабаққа жібереді. Ал мүлдем жібермей қоюға да оның “құдыреті” жетуші еді ғой...

Тағы да құдайдың маған жаны ашитын жерлері бар дегенмен. Мысалы, құдай маған көп ми берген сияқты. Жаттауға тиісті үй тапсырмаларын сабақтан соң жаттай салам. Ал елдің балалары сағат аралық демалыста асық ойнап жүрсе, мен сол уақытта үй тапсырмаларын жазып үлгеремін. “Олар немене жетісіп асық ойнайды екен?” деймін. Шындап келгенде, сол мектеп бойынша менің алдыма түсер асықшы жоқ. Өздерінен бір асықты қарызға ала тұрам да, үш тапан, хан талапай немесе шеңберден атып шығару ойындарының бәрінде ағалап алға шығып, бар асықтарын ұтып алам. Қарызға алғандарымды қайтарамын да, қалғанын өздеріне сатып берем. Кейіндеп, маған тең келетін қарсылас шықпаған соң, мені бәрі ойынға қатыстырмайтын болды. 

Мен сондағы достарымның бәрін жек көріп кеттім. Бәрі менен сырт айналды. Неге екенін де білмей жүргем жоқ. Барлығы өз үйлерінде, емін-еркін, мен көрген қорлықтың бірін де көрмей жүрсе де, сабақ үлгерімдері маған жетпейді. Асық ойнаса ұтылып қала береді. Дене шынықтыру сабағында жүгіріп жете алмайды, күрессе жығылады, ағылшын тілі сабағында мен құсап сөз құрай алатын, жеке сөздерді жатқа жазып беретін ешкім жоқ. Сондықтан, олардың көздеріне шыққан сүйел мен болмай қайтем. Сөйтіп, олар менімен бірге жүруді де қойды.

Мейлі деймін. “Жігіт адам бәріне төзе білу керек”. Олардікі Ұрқияның маған қылғанының қасында неге тұрады. Ал менің олардан алшақтай бастағаным, үйдегі көретін қорлығымды айтып, шерімді тарқатайын десем, тыңдайтын бірі жоқ. Тіпті табалап күлетін сыңай байқататын сияқты. Сондықтан, еш кластасыма тіс жарып айтқан емеспін. Ал бар сырды ақтарып тастайтын ауылдағы Шегір жоқ екен бұл арада. Шіркін, ол нағыз дос болуға лайықты жігіт қой. Сабағы да жақсы. Маған қарағанда көп ертегі біледі. Көп өлең біледі. Мен ауылымдағы соларды сағындым.

Ал кішкентай Мейірді мен де жақсы көрдім. Түнімен ұйықтатпай қойса да ұрыспаймын. Себебі, Ұрқия мүмкін білмес, білсе де білмеске салынатын шығар? Бірақ Мейірдің іші ауыра береді. Мен арқасын сыйпалап берсем, ішін нұсқап мазасызданады. Байқұсқа жаным ашып, арқа басын сыйпалаумен болам. Шынтағыма басын қойып жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Тәтті ұйқысын бұзғым келмей, оянғанша тырп етпей жата берем. Суық тер баса береді байқұсты.

Сүйтіп жүрген күннің бірінде, Мейірдің әкесі Дархан, Айшам дейтін ұйғырдың қызын ертіп жетіп келді. Қазақшаны аздап білетін Айшам, Мейірді бағады деді. Ол өте сұлу қыз еді. Өте пысық әрі зерек. Ұрқияның айтарын емеурінінен танитын сұңғыла боп шыға келді, бір аптаның ішінде. Әлгі “байлары бай болғыр” екі әпкемнің “шуынан” кейін, үйге келген қонақ болса да, қатпа кемпірге ұнаса екен деп тұратын болған. Мына Айшамың, мен ойлағаннан да артық болып шықты. Өзі мейірімді, әңгімешіл, білмейтіні жоқ. Жасы менен үш жас үлкен.

Бір күні, Айшам кешкі тамақтың қамымен жүрген. Мен шала қалған үй тапсырмасын орындап отырғам. Мейірді Ұрқия өзі қарайтын болып, бармағынан бал тамған Айшамды тамақ істеуге жұмсаған болатын. Кенет Мейіріміз шыр ете қалды. Картоп аршып отырған Айшам да, мен де жалт қарасақ, жалаң бұт жүрген Мейіріміз, құйрығын қызып тұрған пештің шынтақ кернейіне қарып алыпты. “Ай қарап, жұлдыз санап отырсың ба, не қарап отырсың?” деп Ұрқияға ұрсатын адам жоқ әттең. Айшам екеуіміз бір-бірімізге қарап, состидық та қалдық. 

Бар кінә Ұрқияда тұр. Оған енді Айшам екеуіміз де куәміз. “Баланы мен қарай тұрайын” деген өзі. Бала болса қолды аяққа тұрмай шыр-шыр етеді. Сыртта мал жайлап жүрген атам да үйге жүгіріп кірді. Сол-ақ екен апамыз бұрқырап ала жөнелді дейсің:

- Жерге кіргір! Ит бас, сиыр аяқ, қаңғыбас Сары шайтан, жарымаған сарттың қызы! Саған кім картоп аршысын деді? Міндетің бала бағу болған соң, басқа жұмыста шаруаң қанша? Ал енді мынаның көтін емде”, - деп, шырылдап тұрған Мейірді, зәресі ұшып кеткен Айшамға ұстата салды. Атам маған қарайды. Мен не дей алам, Айшам да қарсы жауап бере алмай, қыстығып жылай берген. Құдай оңдағанда, май құйрығының сыртқы терісі ғана қарылыпты. Бірнеше күн мазасызданды. Ол мазасызданған сайын Ұрқия Айшамды тілдеп ала жөнеледі:

- Әй, сары шайтан! Тұқымың құрығыр қаңғыбас сарт, қарашы, баланың көтін күйдіріп?...

Міне, әуел баста Айшамды ғана өз атымен атағанын тұңғыш өз көзіммен көріп, ет құлағыммен естіп, “Ұрқияға ес кірейін деген екен” деп ойлай бастағам. Қайдам, сол Айшам енді - сары шайтан деген қалпақ киді.

Ұрқия жоқта Айшам маған мұңын шағып:

- А, Мейірнің хоңы күйгәншә, мэніңкі куйуп қалсы чү? (Мейірдің құйрығы күйгенше, менікі күйіп қалсашы дегені ғой.) - дейді. 

- Олай деме Айшам әде (ұйғырша әпеке деген сөз), сенің кінәң жоқ, - деп жұбатқан болам. 

- А, апам мэні немұшқа сериқ шайтан дэйдү? (Апам мені не үшін сары шайтан дейді дегені)

Айшам әдеме басқа не айтам. Өзімнің қотыр ит екенімді айтқанымда, ішін басып тұрып күлді-ай келіп. Содан кейін ол да түсінді ғой деймін, апамыздың ат қойып, айдар тақпаса жүре алмайтынын. 

Айшам екеуіміздің тіліміз бір. Ұрқияның тұтқиыл шабуылынан екеуіміз бірдей сақтанамыз. Ол келгелі менің де түнгі ұйқым тынышталып, Мейір де Айшамға бауыр басып қалған. Сәлімжанның көп кітабын ақтарып жүріп, өзіме қызықты дейтін кітаптарды оқуға да уақыт тауып жүрдім. 

Құдай бағыңды ашқыр Айшам әдем! “Сенің де байың бай болсын!” деймін іштей. 

Ол да мені жақсы көреді. Сабақ қарауыма, кітап оқуыма көп орай жаратып беруші еді. Мейір кеп жабыса кетсе, оны дереу менен бөліп әкетеді. Ал кемпір тойға кеткенде, Айшам екеуімізде де той болады. Оның дауысы да сондай әдемі. Ән айтып береді. Өзі үшінші сыныптан кейін мектеп бетін көрмесе де, хат танитын болған соң көп кітап оқыған екен. Тіпті ол басына төрт кесені қабаттап қойып алып, бұрала биге басады. Қолы мен аяғы қимылдап жүрсе де, басындағы төрт кесені қозғалтпай билейді. “Кесені құлатып, Ұрқияның бәлесіне қалып, сорың қайнар ма екен?” деп алаңдаймын. Жоқ, Айшам кеселерді құлатқан емес. Мен Айшамның мұндай өнеріне сүйініп мәз болам. Ол мен естіп көрмеген әдемі ертектерді біледі. Мейірді де сондай жақсы көреді. Екеуімізге тең еркелеген алтын баланы ойнатудан біз де жалықпаймыз. 

Ұрқиясы жоқ сол бір әлемді екеуіміз де іштей аңсаймыз... Мүмкіндігінше есте қаларлықтай етіп, бағалауға тырысамыз. Еркіндік, азаттық деген болса, сол кездегі Айшам екеуіміз үшін, сол үйде - Ұрқия апамыздың бой көрсетпеуі болушы еді.

Е, қайран Айшам әдем! Адамның асылы едің ғой шіркін, қазір қайда жүр екенсің? Бағың ашылды ма екен, мейірімді жан! 

“Мен дадам (ұйғырша әке деген сөз) сияқты адамға тұрмысқа шықпаймын деуші еді. Сөйтсем, оның дадасы араққа салынып, жуас шешесін сабай беретін адам болған екен. Соған шыдамаған шешесі, осы Айшамды алып, үйінен шығып кеткен. Екеуіне де күн көріс керек. Шешесі тағы бір ауылдағы шаруа қожалығында сауыншы болса, Айшам Ұрқияның немересін бағуға келген беті екен сонда.

Мейір өзі “нәмнәм жейім”, “ішә дейім”, “боқа дейімді” айта алатын болғанда, Айшам әдем “боқ саси бастады”. Отырса опақ, тұрса сопақ дегендей. Ұрқия оған күніне бір тиіспесе, басының сақинасы ұстайтын дәрежеге жетті. Айшам ақылды еді ғой, көп нәрсені айтуды қажет етпейтін. Елдің қабағынан бәрін түсініп отыратын.

 Не керек, түртпектеген Ұрқия ақыры дегеніне жетті. Айшам киім-кешегін жинастырып алып кетті де қалды. Кетерінде маған:

- Үкәм (інім) жақсы оқы деді. 

- Мақұл, - дедім. 

Ия, не көрмеген Айшам еді. Ол, Мейір құйрығын қарып алған кезде-ақ кетуге оқталып еді, бірақ, мен оның кетуін қаламадым. Мейір де оған әбден бауыр басып алған. Қысқасы, ол мені де, Мейірді де қимады. Мынау, қара бұлт үйіріліп тұратын аядай үйге өзінің қаншалық сән кіргізе алатынын сезсе керек... Ұрқияның боқауыз сөзінің бәрін өткізе салды да, баяғыдай жайраңдап жүре берген. 

Ал, енді кетпесе болмайтынын мен де сезгем. Амал жоқ. 

- Әде, мен жігіт болғанда сені іздеп тауып алам, - дедім, оны қақпа алдына шығарып салып тұрып. Әлім атам да жақсы адам ғой, оның маңдайынан иіскеп, шығарып салды.

Одан кейінгі менің көрген күнім тіпті де қиындай түсті. 

Қыс кезі. Бір күні мектептен келсем. Ұрқия екі шешекке суды құйып, есіктің алдына қойыпты.

- Әй, қотыр ит! Сенің шешең жасаған ана көрпеңнен бит шықты. Оныңа мен қолымды тигізіп, періштемді шошытатын жағдайым жоқ. Әне, су жылытып қойдым. Өзің жу, - деді.

Артық не дейсің. “Мақұл” дедім. 

Енді жумағаным көрпенің сейсебі еді. Амал жоқ, “жылытып қойдым” деген тастай суына жуып тастадым.

О, құдай деймін, бүйтіп жүріп оқыған оқуың құрып кетсін! Қара Кәтәйдің қасында бір пар нәски жуып көрмеген басым, енді міне көрпенің сейсебін жуып жүрмін. Ол ол ма, Әлім атам жоқта Ұрқияның қыстық киімдерін де жуатын болғам. Оны жылы суға жусаң тағы бір сәрі. Ақпанның ақ аязында, мұздай сумен далаға жудырып қоятынын қайтерсің? 

Ол кезде менің анда-санда бір айтылатын Нүке-тай деген атым мүлде ұмытылып, “қотыр ит” деген мәртебелі атым аталып жүретін. Кейде бір “әй, ит бала” деп қалады. Оған да кәдімгідей мәз боп қаласың. Өйткені “ит бала” деген сөзінің өзінен мейірім аңқығандай болады. 

Қорлықтың неше түрі бар болса, Ұрқия маған соның барлығын көрсетіп бағуға тырысты. Онысын өзі “сен білсін” деймін, “үйренгенің өзіңе жақсы...” деп қояды. “Істегенім саған жақсы” деп, шала айтылған мақалын жалғастыруға батылым жетсе ғой деймін?! 

Жарайды, оны қойшы, “ер жігіт бәріне төзу керек”. 

Ал енді аяқ киімімді пештің түбіне жайып қоя алмауым, бала жүрегімді тіпті де мұздата түсті. Күндіз су болып келген аяқ киімді түнде жылы жерге қоймасаң, қоқияды да қалады. Ал оны пештің түбіне жайып қойсаң ғана ертесі таңға дейін кеуіп, жып-жылы боп тұрады. Мен байқұс, пештің түбіне жайып қоймай-ақ қояйын. Жылы үйге кіргізіп қойсам да арманым жоқ еді. Амал нешік, түнде сүйретпемен далаға шығып, есіктің алдына аяғымды жуамын да, үйге кіріп кетем. Аяқ киімім сол күйі есіктің алдында қалады. Тәңертең қоқиған күйінде, зорлап кием де, мектепке барам. Бір тәуірі мектептен от үзілмейді. Демалыс аралығында маздаған отқа қақтап, қоқиып тұрған аяқ киімді жібітіп алам. 

Сондай кездерде, апамның бізге, өз қолымен қылшықсыз қара қойдың күзем жүнінен басып беретін пимасы есіме түседі. Қандай жылы еді! Сыртынан галош киіп аласың. Қонышыңнан қар кешсең де, аяғыңды жауратпайтын. Ауылдағы пимамды сағынам. Оны ойласам, “Қара пима” деген поэма есіме түседі. Сондағы кейіпкер бала, ақырында пимасының жоқтығынан аяғы үсіп, тізесінен кесілетін жері бар емес пе еді? Мен де соның аяғын құшпайын деп қорқып жүрем. Шіркін, Қара Кәтәйға жетсем ғой деймін.

Бір күні мектептен тарап үйге келсем. Есіктің алдында, ауылдағы Оралбек дәрігердің бақырауық түйесі қомымен байлаулы тұр. Күрең атын да тани кеттім. Үйге кіріп келсем Оралбек дәрігер шай ішіп отыр екен. Дастархан жайнап тұр. Ұрқия намаз оқымапты... Қонақпен бірге жайраңдап шай ішіп отыр. Сөйтсем, ауылда бізге көрші отыратын бұл дәрігеріміз, Ұрқия апамның төркіні болып келеді екен. Ауданнан малына жем әкетуге келіпті. Ертесі күні қайтам деді.

Мен түнде Қара Кәтәйға арнап хат жаздым. 

Құрметті шешем Күлдәр:

Мені мына үйге әкеліп тастадыңдар да жоқ болдыңдар! Менің бұл жерде көрмегенім жоқ. Қорлығына шыдай алатын емеспін. Егер мен сендердің туған балаларың болсам, онда мені мына үйден алып кетіңдер. Қазір біздегі қыс қатты. Аяғым тоңып жүр. Түнде жатқанда, от боп қызып шығады. 

Сендер мені неге мұнда әкелдіңдер, бүйткен оқуың құрсын. Өтінем, алып кетіңдер!

Деп, балаларың мен.

Қысқа да нұсқа хатты бүктеп, Оралбек дәрігерден беріп жібердім. 

Хат уақытында, деген жеріне жетсе керек. Бір күні мектептен келсем, түлкі тымағын киіп алып Сары емші тұр. Жүгіріп барып бас салайын десем, қасында Ұрқия апам да тұр. Оның көзінше өз әкемді де құшақтауға дәрменім жетпейді екен. Іштей қатты қорландым. Жарты жылда әрең көрген әкемнің мойынына асыла алмайтын жағдайға жетіптім. Жоқ, мен әкемді құшақтағым келеді. Бірақ, Ұрқияның көзінше ондай “артық әрекетке бару”, кешпес күнә деп ойладым. Ұрқияға да сол керек болса керек. Сары емшімен суықтау амандасқанымды өз көзімен көріп, екі тал қасқа тісін жылтыңдатып күле берген. 

Сары емші қара пимамды ала келіпті. Оны көріп қуандым. “Бірақ, мені алып кететін адам, пимамды ала келіп не істейді?” дегенді ойлап, бар үмітім селге кетті. Қанша дегенмен баламын ғой, үлкендердің айласына құрық бойласын ба? 

Ертесі күні демалыс. Сары емші мені қалаға ертіп келіп, бастан аяқ бір құры киіндірді. Балалар кітап дүкеніне де соғып, суреті көп ертегі кітаптар алып берді. Әлгі “байлары бай болғыр” екі қызға да кездестік. Ұрқиядан көрген қорлығымды, екі әпкемнің қасына барған соң, екеуін куәгер қылып отырып Сары емшіге айтармын деп ойлағам... Жоқ, сәті келгенде көрген қорлығымды екі қыздың көзінше айтып, жылап отырғанды намыс санадым. 

Ал жеке жерде айтуға тағы қорындым. Өйткені ағам да, әпекем де әкемізге айтар кейбір сөздерін шешеміз арқылы айтқызатын. Ойлап көрсем мен де сондай екенмін. Айтайын деп қанша оқталсам да, айта алмадым. Сары емшінің орнында Қара Кәтәй болса ғой деймін, онда көзімнен қан аққанша жылап отырып, Ұрқияның көрсеткен қорлығын айтып беретін едім. Мына Сары емшіге айтқаныммен бәрі бір, “жігіт адам бәріне төзе білу керек” дей салайын деп тұр.

Қалаға бір күн түнеп, Ұрқияға барған күннің ертесі күні, Сары емшің кетті де қалды. Баяғы жылқы көздеуге шыққандағыдай артынан қалмай қоятын емес, Ұрқия тірі тұрғанда ондай оқыс қимыл жасау қайда? Амал жоқ, жасымды ішке жұтып қала бердім.

Пима бар. Аяқ жылынды. Бірақ “түк көрмеген” кластастарым осы пимамды да мазақ қып күлді ғой!? Күлсе күле жетсін. Маған ондай мазақтаулар әсер етпейтін болған. Бастысы не? Бастысы - сол Ұрқияның тұтқиыл шабуылынан сақтану.

Ұрқия - мысық, мен - тышқан. Баяғы сол бір-бірімізді аңдысқан күндер өтіп жатты. 

Ұрқия бірде, үйге құда келеді деді. Қалада бір қызым бар деп жүретін. Сонысы күйеуге шықпақшы екен. Оның аты - Сая. Ал Ұрқия Айшахан дейді. (Айшахан деген - кезінде желаяқ ана деп те аталатын бақсы кемпір екен. Кезбе боп жүріп жоғалып кеткен дейді. Оны Әлім атам айтқан.)

Бір күні құдасы да келді. Олар үш адам екен. Болашақ жездеміздің әкесі - Тұрсын деген домаланған шал. Бұты қып-қысқа, қарыны шелектей. Оның қасында тағы екі адам болды. Не айтқандарын білмеймін. Екі жақ ұзақ ырғасқаны есімде. 

Бір кезде құдалармен бірге Әлім атам да сыртқа шығып, темекі шегіп тұрған. Мен Әлім атама таяу жерде, қолдарына су құюға дайындалып, иығыма сүлгіні іліп, құманмен жылы су дайындап тұрғам. Бас құда өзінде екі ұл бар екенін, бізге жезде болатын баласы екіншісі екенін, ал бірінші баласының әйелі дұрыс адам болмағанын айтып:

- Құдеке, бірінші келін жайсыз болды, қазір оларды бөліп шығардық. Құдай қаласа сіздің қызыңыз қара шаңыраққа ие болады”, - деді. 

Атам үндемей тұрды да, сәлден кейін:

- Әй, құда, бетіңе айтайын, келіннен тәлейің жоқ адам екенсің” - деді. 

Ана үшеуі не дерін білмей атамның ауызына аңқиған күйі қалды. 

Атамның шыншылдығына риза болдым. Ия, мен осы үйге келгелі ол қызы бір рет те келіп көрген жоқ. Бірақ Ұрқия екі күннің бірінде сол қызымен телефонда керілдеседі де жатады. Ұрқияның талай рет “намазын бұзған”, “ит бас, сиыр аяқ” сол болушы еді көбінде.

Сол Айшаханның тойы боларда, Әлім атам әулеттегі ең үлкеніміз деп, біздің ауылға көршілес ауылда тұратын 90-ға келген Мұрабай атамызды да үйге шақыртып алған. 

Мұрабай - марқұм өз атам Ерханға тете, туған ағасы еді. Соғысқа қатысқан, әскери шапаны толған медал. 

Ұрқия қызының тойын қаладағы қымбат мейрамханаға жасап берді. Той күні мен Мейірді бағып үйде қалғам. 

Сол мен бармаған тойдың арты топалаңға ұласыпты... 

Енесінің Айшаханға салған алтын сырғасы Ұрқияға ұнамай қалған дейді, соған шыдамаған апамыз, құдағиының бетін тырнапты. Елдің бәріне ұятты болған туыстар, оны бір тоқтатса, жасы үлкен Мұрабай атам тоқтатар деп, сол атама жүгінген екен. Қаны қарайып алған Ұрқия, сол атаны да аямапты.    

Жасы жетіп, дәрі-дәрмектің көмегімен қалт-құлт етіп әрең отырған аяулы қария, ешкім бетінен алып көрмеген сыйлы ақсақал, от пен оқтың арасынан да аман оралған күрескер қарт, дүйім жұрттың алдында бетінен алып, төсіне шапқан келіні Ұрқияның ауыр сөзін көтере алмаса керек... Бір жағы намыстан күйіп кеткен шығар? Сол той залынан шыға беріп талып түскен де, қайталай оянбаған күйі арғы дүниеге аттанып кете барыпты. 

Ұрқияның әлгі бірде “Кезінде атаң Ерхан да, өлігін маған артып кетіп еді...” дегені бар еді ғой, екі тоқаш оқиғасы кезінде айтылған. Сөйтсем, өз атам Ерхан да сол Ұрқияның үйіне барып, барған күні түнде тоқтамай іші өтіпті. Сонда атам марқұм:

- Ұрқия келін, болса қатығыңнан ез, шекер салып жеп алсам болды сауығып кетем. Бұл бірінші рет емес, ішімнен жел қарысса болды өстіп қалам, - депді.

Оған Ұрқия қоя ма:

- Тауда жүріп әбден тағы боп кеткенсіздер, аурудың бірін тұмау деп жүре бересіздер қашан көрсе. Жүріңіз, ауруханаға барайық деп, - қояр да қоймай жүріп, аудандық ауруханаға алып барыпты. Өмірі денесіне ине шаншытып көрмеген атама, сауатсыз мейірбикенің салған уколы кері әсер беріп, жансақтау бөлімінде он күн ес-тұссыз жатып, көз жұмған екен.

Енді міне, Мұрабай атам да “өлігін Ұрқияға артып кетті”.

Мен осы тойдан кейін, Мұрабай атамды жерлеген күннің ертесі, Ұрқияның үйінен бір жолата кеттім. Ол үйге енді бармайтыныма көзім жетті. 

Мен ол кезде ұйқымнан көбінде жылап оянатын болғам. Сөзден де қалғам. Тек әжеме айтам бар сырымды. Әкем мен шешеме көп жолағым келмейтін. 

Мен ұйқымнан жылап оянған сайын әжем, Сары емші мен Қара Кәтәйға ұрысып жатады:

- Құдай сүйер қай қылықтарың бар а осы сендердің? Жалмауыз кемпір баланың да басын жеуге айналыпты, - деп жатады.

Мен сол дерттен бір жыл дегенде әрең айықтым. Онда да аяулы да асыл әжемнің арқасында. 

Өзіме өзім келіп, баяғы арманшыл Нұртайды тапқандай болдым. Сары емші қаладан үй жалдап, екі әпекем, мен және әжемді қосып әкеліп тастады. 

Ия, құдай деймін, бақытты балалық шақ, бастауыш мектеп өмірі әсілі осылай болу керек еді ғой деймін. Үйге келсем, “байлары бай болғыр” екі әпекем дәмділеп тамақ істеп қояды. Әжем болса ұршығын иіріп, әңгімесін айтып, екі қызымен шүйіркелеседі. 

Аралас тілді мектепте бөтен тілде оқысам да, қазақ тілді мектептердің әдеби іс-шараларынан қалмаймын. Өйткені мен батырлар жырының талайын жаттап алғам. Андерсеннің “Бақытты отбасы”, “Бәйшешек”, “Ескі үй”, “Бір ананың өмірі” деген сияқты ертегілерін жаңылмай айта алам. Маған елдің бәрі қызыға қарайды. Әжем “мақтаншақ болма” деген соң ғана әрең шыдап жүрем. Әйтпесе бар ғой, мектептің барлық баласын жинап алып мақтанушы едім.

“Армандар алдамайды, адам көп армандауы керек!” деп Сары емші бекер айтпайды екен. Өз мектебімнен жыр жаттаудан үздік боп шықтым да, облыстағы өзім теңдестерді шаң қаптырдым. Сонымен не керек, республикалық жарысқа жолдама алдым. Оқып жатқан мектебім ұшаққа билет алып, жетекшім Майра апайдың қасына қосып берді.

Ұшақ биікке көтерілді. Бұлттардың үстімен ұшып барам. Ұшып бара жатқан ұшақ емес, маған қанат біткен екен деймін.

“Самолет-ау, самолет,

Мені өзіңмен ала кет.

Орман тауды көрейін,

Жер аралап келейін.

Төбем көкке тиіп мен,

Теңесейін биікпен.”

Ауылда, асау тайынша жуастырып жүріп күбірлейтін өлеңім еді ғой, бұл?! Міне, ұшақ терезесінен орман тауларды көріп келем. Жерде жүрсең алып көрінетін заңғар таулар, асау өзендер, таусылмас жолдар, биіктен қарағанда ілікке алғысыз болып көрінетініне көзім жетті. Соған қарағанда, менің қазіргі білетінім, жаттап алған көп жырларым, менен мықты біреу үшін түкке тұрғысыз дүние болуы мүмкін деймін. Сондықтан, азғантай жетістікке бола кеуде керіп мақтанбау керек екен деймін іштей. 

Ия, армандар алдамады. Талай байқаулардан бас жүлде алдым. Шетел көрдім. Бірнеше шет тілін меңгердім. Өзім армандаған университетке түстім.

Ал Ұрқия апам өмірінің соңында құтырық дейтін ауыруға шалдығып, қол-аяғы шынжырда жатып қайтыс болды. Әлім атам асқазан жарасы асқынып өмірден өтті. Мейір інім өте жақсы бала болды. 

Айшам әдемнен сол күйі хабар жоқ. Оны іздеп таба алмадым...

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...