Поэзия - әуелде ғұмырлық сананың бір атауы еді. Сөз қозғалысқа, ой ырғаққа айналған сәтте өлі сөздер...
Думан Рамазан. У (әңгіме)
Әйнегі шытынай сынған терезеден кеу-кеулеген суықтан үй iшi азынап тұр. Бойы тоңазып, көрпе астында бүрiсе түскен Нұрбек көрер таңды көзiмен атырды. Шырмауықтай шырмаған ауыр ойдан арыла алар емес. Басы мең-зең. Әйелi мен қыздары алаңсыз ұйқы құшағында. Денесі қышып, дуылдатып әкетіп барады.
– Ой, жаным-ай! Жаным-ай!..
Ащы дауыстан оянып кеткен Гүлжан орнынан атып тұрып, күйеуінің жанына жақындады. Қабағы кіртиіп, жүзі солыңқы тартқан. Көзі шүңірейіп, жағы солған. Қолдарын асқастыра денесін сипалап жатыр.
– Ту, әбден мазаң қашты-ау!
Үн қатпады.
– Аузын ашып, тырналай бермесеңшi! – деді Гүлжан қанталаған жараға көз қадап.
– Жаным көзiме көрiнiп жатса, қәйт дейсiң ендi, – дедi Нұрбек тiстенiп. – Біресе қышиды, біресе ашиды, біресе солқылдатады...
– Қазір... Дәрі жағайын.
– Дәрің құрысын, қайта солар ғой деймін жетілдірмей жатқан. Ананы бір, мынаны бір жағасың! Түк пайдасы жоқ. – Ауыр күрсінді, – Анар мен Жанардың үстiн жапшы. Салқын тиiп қалмасын. Құлындарым-ау, сол!.. – Дауысынан діріл білінді, – Түнi бойы ұйқы бермей, мазаларын алдым-ау!.. Басқа бөлмеге жатыңдар десем, көнбейсiңдер!..
- Қалай жалғыз жатқызамыз?!
- Арам қатады деп ойлайсың ба?
- Қойшы, қайдағыны айтпай! – Көмейiне өксiк тығылған Гүлжан терiс айналды. Қыздарының көрпесiн қымтап жапты да, сүлесоқ күйде киiне бастады.
– Сиыр сауып келейiн. – Күйеуіне жәутеңдей қарады.
Нұрбек үнсіз ғана басын изеді.
Қолына шелегін іліп, қалың ұлтарақ салынған галошына аяғын сұға салып сыртқа шықты.
Таң ағарып атқан. Ауада ызғар бар. Маңайдағы тал-теректердiң сарғыш тартқан жапырақтары жыландай ысылдаған өкпек желге қосыла уiлдейдi.
Гүлжан сиырын сауып, табынға қосты. Қайтар жолда үстіне қара камзол киіп, басына түбіт шәлі тартқан Қаншайым қариямен ұшырасып қалды:
– Есенсiз бе, апа?
– Шүкiршiлiк, қарағым! Өздерің қалайсыңдар?
– Сол баяғы күйбеңмен күн өткізіп жатырмыз.
– Нұрбек баламның денсаулығы қалай?
– Бірқалыпты, апа! – Ақ жүзін мұң торлады.
– Біздің де кенже немеремiз ауырып, берекемiздi қашырып жіберді. Күні-түнi жағы сембей шырылдап жылай бередi. – Кемпірдің аузы кемиектеніп, ысылдай сөйлейді. Сиреп қалған тістерінің арасынан «Мені көрдің бе?» дегендей, қызыл тілі сумаң-сумаң етеді.
– Күнi құрғыр да бұзылып тұр ғой. Салқын тиiп қалған болар, – дедi Гүлжан жаны ашып.
– Жоға, құдай! Ол ауырғалы қаш-а-ан... Бөбешiгi қақ айырылып, танауының тесiгi таңдайынан шығып, жарымжан болып туды ғой, байғұс бала. Аузымен дем алады. Кейде ауа жетпей қала ма, әйтеуiр, бiреу буындырып жатқандай тыпырлап, қызара iсiнiп кетедi, – дедi қарт ана жанарына iркiлген жасты жаулығының ұшымен сүртiп. – Адам бола ма, болмай ма, бiлмеймiн!..
– Осының бәрi ана ай сайын жер-дүниенi дүр сілкінтіп, алып шар сияқты аспанға атылып, ауаға жайылып жатқан улы жарылыстардың кесірi ғой.
– Иә, жарқыным, адамзатты аздырып-тоздырар кесапат болды ғой!.. Мәдидiң қызы биыл жетiге шықты дегенге кiм сенеді. Әлi тұсауын кеспеген сәби секiлдi, былқ-сылқ етiп жүре де алмайды.
– Нұрбектiң де дертi содан болды-ау!..
– Қалай?
– Тірі жанға айтпап ем! Не деп айтамын?!. Ана жылы шөпшiлер бригадасында iстегенде “Дегелең” тауының маңынан трактірмен шөп шапқан едi... Ыстықтаған соң салқындап алайын деп көлге шомылыпты. Содан ертеңiнде жауырын тұсына бітеужара шығып, iрiңдей бастады. «Дәрiгерге көрiнсеңшi!» дегенiме құлақ асты ма?! “Қазiр науқан кезi. Онсыз да жұмыс бастан асады. Сыздауық қой, ештеңе етпес” деп елемедi ғой!..
– Қазақ «Елемеген ауру жаман!» деп тегін айтпайды ғой!
– Иә, апа, соны айтсаңызшы! Жара күннен күнге ұлғайып, қыс түсе Нұрбектiң өне бойына түгел қаптады. Сонан қаратпаған дәрiгерiміз жоқ, ішкізбеген, жақпаған дәріміз жоқ, халық емінің де неше түрін жасадық. Тіпті адыраспан, қара жусан сияқты емдік қасиеті бар шөптердің қайнатылған суымен де жуып-шайып көрдік. Өкінішке орай, ем қонар емес. Уақыт өткен сайын аяқ-қолы семiп, қозғалудың өзi күшке айналып барады. Шашы жидiп, денесінің бiр қабат терiсi қураған теректiң қабығы секiлдi қабыршақтанып түсіп жатыр, – дедi Гүлжан көзiне жас алып. – Тіпті не жара екенін де ешкім білмейді. Адам баласында бұрын-соңды кездеспеген көрінеді!
– Мұңайма, қызым! Әрине, қажисың, түсінемін! Дегенмен, Құдайдан күдеріңді үзбе, шипа берейін десе оп-оңай! Ем-домыңды жасай бер! Көресің, ертең-ақ жазылып кетеді!
– Соған сенгім-ақ келеді! Аянып жатқан жоқпын! Не ем болады десе, соның бәрін жасап жатырмын!
– Уды у қайтарады. Улы жыланның басын қайнатып iшкiздiңдер ме? Сол сумен жараны жуса тез жетіледі дейді. Мына тұрған “Ақбұлақта” бiреу дәл осылай ауырған екен, содан жазылыпты.
– Соны менің де құлағым шалған! Бірақ онша сене қоймап едім! – деді Гүлжан шын-өтірігін білгісі келіп. – Кім екенін нақты білесіз бе?
– Ой, ана… тілімнің ұшында тұрғанын қарашы… Ол да Нұрбек құралпы жас жігіт… – Азырақ ойланып тұрып қалды да, есіне әлдене түскендей көзі күлімдеп қоя берді, – Алпысбай… Әкесінің аты Тоқан…
– Ол жігітті мен де білемін ғой! Кезінде Нұрбектермен бірге Дегелеңнің маңынан шөп шапқан…
– Иә… иә… дәл өзі!
Гүлжанның жүзінде күлкі ойнады. Кеудесінде үміт оты жылт етті. Бірақ, ештеңе сездіргісі келмеді.
– Сиырың туды ма?
– Иә, апа! Нұрбекті ешкінің сүтіне шомылдыру керек деген соң, екі-үшеуін сатып алғанбыз. Олар да лақтады.
– Иә, «ешкінің сүті – тоқсан тоғыз ауруға ем» деп жатады ғой! – Қаншайым әже әлдене есіне түскендей, сұраулы жүзбен көз қадады, – Жем-шөп түсіре алдың ба, өзі?
– Жоқ, апа!.. “Жатқанға жан жуымас” дегендей, бiздi адам санатына қосып, елеп-ескеретiн пенде бар ма бұл күнде?! Тек құлын-тайдай тебiсiп, тел өскен құрдастары ғана көңiлiн сұрап, қарайласып тұратын. Азын-аулақ малдың жылдағы жем-шөбi де солардың мойнында едi... Биыл, өзiңiз бiлесiз, әлгi Қанат ауырмай-сырқамай асылып өлдi. Серiк кенеттен жабысқан қылтамақтан қайтыс болды. Ал Жайсаң Жетiсу бойына қоныс аударды. Ендi шөп түсiру де қияметке айналды. Сау жүргенде еркектiң қадiрiн бiлмейдi екенбiз ғой!..
– Қарағым, қиналсаң тұп-тура бастыққа бар, жұмысшыларына жем-шөп түсiрiп беруге мiндеттi емес пе?
– Әй, қайдам? Бүгiн бе, ертең бе, төбесi ортасына түскелi тұрған қожырамыздың сықпыты анау. Жөнi түзу баспана сұрағалы қашан. Берсе, бермей ме! Сол бастығыңыз осының бәрiн көрмей-бiлмей отыр дейсiз бе?!
Қаншайым әже үйінің жанына келгенде кілт тоқтады.
– Жүр, ішке кір, дәм ауыз ти, қарағым! Шай демдеп жіберейін!
– Рахмет, апа! Нұрбек алаңдап қалар… Тамағын берейiн...
Қаншайым әжей ауыр күрсінді. Қыстай қойған жоқ. Тек күйгелектеп қалды.
– Олай болса, бір-екі минут аялдай тұршы, айналайы. Мен қазір… қазір… – Бүкшеңдеп басып үйіне кіріп кетті де, сәлден соң бауырсақ, шелпек, кәмпит-печенье салынған пакетті көтере шығып, Гүлжанның қолына ұстатты.
– Дәм ғой, қарағым, балапандар ауыз тисін!
– Ой, апа, несіне әуре болдыңыз? – десе де іші жылып қалды.
– Оның несі әуре, жаным-ау! Нұрбек балама сәлем айт!
– Рахмет, апа, сәлеміңізді жеткіземін!
Бiр құшақ отын ала кiрген Гүлжан пешке от жақты. Бөлмелердi жиыстырып, Нұрбектiң жанына келдi. Қолына су құйып, сүлгi ұсынды. Ол шүңiрейген көздерiн ашып-жұмып, ыңқылдап жатыр. Бiр уақытта ерiндерiн жиыра түсiп:
– Жылы сүт бар ма? – дедi ыңырана.
– Бар... қазiр... – Әйелі үлкен тостағанды толтыра сүт әкелiп бердi. – Түннен қалған еттi де ысыттым...
Нұрбек сүтті сыздықтата жұтты. Қолдары дір-дір етеді. Екі езуінен сүт сорғалап, кеудесіне қарай сырғи жөнелді.
– Гүлжан, – деді Нұрбек бос тостағанды қайыра ұсынып жатып, – төсекке таңылып жатқаныма жылдан асып барады. “Жаман айтпай, жақсы жоқ”. Бұл дерттен құлан таза айығып, қатарға қосылуым екiталай. Осы бiр аяқ астынан жабысқан ауруы болмаса, саған табыстырған тағдырға өкпем жоқ. Шын сүйдім!
– Иә, бақытты едік!
– Бақытсыздыққа душар еттім!
– Сенің не кінәң бар?! Ауруды тілеп алған жоқсың ғой!
– Біріншіден, терлеп-тепшіп тұрып суға түсіп нем бар десеңші! Екіншіден, сенің тіліңді алып, дер кезінде дәрігерге қаралуым керек еді. Өзімнен де бар, асқындырып алдым. Саржалдағы емші дұрыс айтады, ірің қанға араласып кетті ғой!
– Мен бәрібір бақыттымын! Сүйгеніме қосылдым, бірге тұрдым... бала сүйдім... Бағалағанға осының өзі де шын бақыт қой!
– Жаным!.. – Қинала тіл қатты.
– Ау!..
– Анарым мен Жанарымды қатарларынан кем қылмай өсiргейсiң. Қос қарашығ-ғымм-ды адам сан-нат-ына қо-су өз-iңе аман-на-ат!.. – Нұрбек қыстығып, сөзiн аяқтай алмады. Жанары жасаурады. – Жаным қиналып кетті, – Дауысы дірілдеді, – Төзімім таусылды!
– Олай демеші, Нұрбек! Мықты едің ғой!
– Қанша алыссам да, қанша күрессем де, бұл ауруды жеңе алар емеспін!
– Көр де тұр, әлі-ақ жазылып кетесің. Балалардың қызық-қуанышын бірге көреміз!
– Солай деп өзімді-өзім алдағым келеді. Жұбатқым келеді... Бірақ, мына дерт жұбанбақ түгілі, алдануға да мүмкіндік берер емес!
Гүлжан iштей егiлiп тұрса да, ештеңе сездiргiсi келмедi. Кеудесін өксік қысып, теріс бұрылып кеттi. Қыздары қаннен қаперсіз әлі ұйықтап жатыр. Оятқысы келмеді. Жалғыз отырып, бір кесе шай ішті де, асыға басып қайтадан тысқа шықты: “Қаншайым әжей дұрыс айтады, – дедi iштей. – Бұл совхозға Нұрбектiң де еңбегi сiңдi ғой. Директор да адам баласы. Жағдайымды айтсам, бәлкім, түсiнер, көмектесер!”
Осы ойдың қамшылауымен кеңсеге қарай жүрдi.
Директор үстелiнiң үстiнде шашылып жатқан қағаздарды ақтарыстырып отыр екен. Қабағы қатулы, өңi суық.
– Сәлеметсiз бе? – деп кiрiп келген Гүлжанға көзiнiң астымен сүзе қарап:
– Жай келдiң бе? – дедi гүр етіп.
– Аға, жалғыз сиырға жем-шөп керек едi...
Қисайып кеткен галстугiн дұрыстаған директор кеудесiн кере шалқая түстi.
– Биыл жауын жаумай, құрғақшылық болғанын бiлесiң...
– Нұрбектің жайы өзiңiзге мәлiм... Лажсыздан келiп тұрмын, аға!
– Сендер түгiл, совхоздың малына шөп жинай алмай жатырмыз. Зейнетақысы бар емес пе? Сатып алыңдар.
– Зейнетақысы неге жетеді, аға! Ішіп-жеміміз бар емес пе?! Мен жұмыс істемеймін. Ағымызды сол қасқа сиыр айырып отыр ғой!
– Сүтін сат та, соның ақшасына шөп ал!
– Аға!..
– Ағаламай-ақ қой, бәрібір көмектесе алмаймын!
Салғыласып тұра бергенмен, қайыр болмасын сезген Гүлжан кемсеңдей керi бұрылды. “Дәрiгерлер Нұрбекке ақты көбiрек iшсiн дейдi. Қасқа сиыр аштан өлсе сүттi қайдан алмақпыз, – дедi өзiне-өзi тысқа шыққан соң. – Жақын маңда екеумiздiң де емешесi үзiлер ағайынымыз жоқ... Құдай-ау, мұнша сорлататындай не жазып едiк”.
Көңілі босап, жанарына жас іркілді. Өксік қысты: “Қой, бұл түрiмдi Нұрбек көрсе жасып, басқаша жорып қалар”. Ол ауыл iргесiндегi өзенге қарай тура тартты. Қаншайым әжейдің: «Ақбұлақта біреу осы аурудан улы жыланның басын қайнатып ішіп жазылыпты ғой!» деген сөзі санасында жаңғыра берді: «Қалайда бүгін улы жылан тауып, басын қайнатып, суын ішкізіп, жарасын сүртуім керек! Алла шипасын беріп, жазылып кетер. Тезірек аяғынан тұрып кетсе екен! Қандай жақсы болар еді, ә! Қайтадан бақытты өміріміз басталар еді. Ешқашан ұрыспайтын боламыз. Бір-бірімізді мәңгібақи сыйлап өтеміз».
Айналадағы шөп-шалам сарғайып, қурай бастаған. Ойы он сақта, өзен жағасымен асыға басып келе жатқан Гүлжан су бетiнде қалқып жүрген өлi шабақтарды көргенде әрi-сәрi күйге түстi: “Қайран, “Шаған” бiр кездерi көздiң жауын алатындай мөлдiреп, арнаңа симай асып-тасып жататын арынды өзен емес пе едiң! Суың тартылып, тұнығың лайланып, сен де мен сияқты бейшара күйге түстің-ау!”
Жоқ жоғалтқандай жан-жағына жалтақтай қарағыштап келе жатқан. Кенет көзі күлімдеп кетті. Анадай жерде ұзын сырық жатыр екен. Жүгіріп барып қолына алды. Есіне әлдене түскендей аз-кем ойланып тұрып қалды: «Өзеннің маңынан іздемей-ақ қояйын, ұстағаным су жыланы болып шықпасын. Су жыландары шақпаушы еді ғой! Ендеше уы да болмайтын шығар?! Одан да тау жақтан іздейін. «Улы жыланның басы үшбұрыштанып, көзінің қарашығы бір сызық болып келеді» деп жатушы еді көне көз қариялар».
Осындай ойлармен тауға қарай жүрді. Аяғын асыға басып келеді. Ойы – жыланды тезірек тауып, үйіне мейлінше жылдамырақ қайту.
Тау беткейінен құмырсқаның илеуін көрді. Азырақ көз тоқтатты. Құжынаған құмырсқалар ерсілі-қарсылы зырылдап жүр. Илеуге бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Қайнаған тіршілік. Қылдырықтай кішкене құмырсқаға көзі түсті. Өзінен үлкен жіңішке жаңқаны мықшыңдап сүйретіп барады. Әрқайысы өз керегін тасып жүргендей көрінді. Бала кезі ойына оралды. Құмырсқаның илеуін көрсе, быт-шытын шығаруға құмартып тұрушы еді: «Балалық-ай, бұл да бір тірі жан иесі ғой! Сонша неге қиратып-бүлдіруге құштар болдық екен? Қарашы, тіпті адамдар сияқты тіршілік етіп жатыр. Илеуді тас-талқан етіп талқандау – бір ауылдың ойран-асырын шығарып кеткенмен бірдей екен ғой!»
Көп аялдауға мұршасы болмай, бұрыла бергенде анадай жерде әлдененi жұлмалап жатқан үш құзғынды көзi шалды. Бастарын көтеріп, жан-жақтарына жалтақтап қарап қояды. Бұны көре салып дүркiрей көкке көтерiлді. Жерде жүнi жұлмаланып, iшек-қарны ақтарылған ақ көгершiн жатты.
Оған көз тоқтатып қараған да жоқ. Шарқ ұрып, тау-тасты ұзақ кезді. Төплиі аяғын қажаса да, дамыл таппады. Жан-жағына тінтіне көз тастап, таяғымен қараған-тобылғылардың арасын түртпектеп келеді. Үсті-басы терлеп-тепшіп, шаршайын деді. Азырақ демін басып алмақ болып жақпар тастың үстіне тізе бүкті.
Оңашалықты пайдаланып көзінің жасын көлдетіп, ағыл-тегіл жылады. Тәмпіш мұрны қорс-қорс етіп, су аға берді. Халатының етегімен сүртіп қояды. Бір кезде дір-дір еткен қолымен қаттырақ тартып қалып еді, дар етіп айрылды. Іші удай ашыды. Бір киері еді: «Енді қайттім?! – деп ойланды, – Құдайдың бір жарытпай-ақ қойғаны-ай! Азаматым сау болса, бүйтіп сорламас едім-ау!»
Кенет, төмеңгі жақта сәбидің білегіндей сұр жыланның оратылып жатқанын көрді. Денесі дір ете қалды. Тұла бойы тітіреніп, иықтары қозғалақтап кетті: «Үлкендеу екен!» деді бірден жетіп баруға жүрексініп. Күйеуінің қиналып жатқаны есіне түсіп, орнынан жаймен көтерілді: «Қалайда ұстап алуым керек! Дәл төбесінен түсіргеніне қарағанда Құдай сәтін салып тұрған шығар!»
Қолына таяғын қыса ұстаған күйі баспалап жақындай түскен. Аяқ тықырын сезіп қалды ма, жылан басын қақшаң еткізіп бір қарады да, жалт беріп, ирелеңдеп қаша жөнелді. Гүлжан бойындағы бар қорқынышын жеңіп, соңынан тұра жүгірді. Таяғы жетер жерге жеткенде бар күшімен ұрып қалды. Тигізе алмады. Жыланға да жан керек екен, жанын сала жорғалап барады. Қимыл-қозғалысы сондай жылдам. Зу-зу етеді. Гүлжан да қалысар емес. Жақындап келіп тағы ұрды. Аударылып түскен сұр жылан шақша басын қақшитып тұра қалды. Айыр тілін сумаңдата ысылдап, айбат шеге бастады. Гүлжанның зәресі зәр түбіне жетті. Әншейінде болса, таяғын тастай қашар еді. Бірақ Нұрбекті ойлап, бойына бар батылдығын жиып алды. Бір-екі басып, тақай түсті. Қол-аяғы дір-дір етеді. Маңдайынан суық тер бұрқ ете түсті.
Жылан жалт беріп, ирелеңдей зыта жөнелді. Гүлжан қуып жетіп, таяғымен салып жіберді. Жылан қашып құтыла алмамасын сезді ме, шиыршықталып иіріле берді. Гүлжан тоқтаған жоқ. Жалма-жан қолындағы таяғын қайыра сілтеп кеп қалды. Сумаң қаққан сұр жылан көз ілеспес жылдамдықпен атылып келіп, Гүлжанның білегінен дыз еткізіп шағып алды. Шымшуырмен шымшып алғандай жанын көзіне көрсете солқылдатып жіберді.
Жыланнан бұндай шапшаңдық пен оқыс қимылды күтпеген Гүлжан шошына кейін серпілді. Таяғы ұшып кетті. Қолы шымылдай ашып, ісіне бастады. Ақ білегіндегі күре тамырдың тұсында кішкене қос ноқат пайда болып, қан жылтырады.
Теңселе басып, бір-екі аттауға ғана мұршасы келді. Жыланның ирелеңдеп қашып бара жатқанын көзі шалып қалды. Өкініш өзегін өртеп, жалыны кеудесін шарпып өткендей болды. Көзі қарауытып, басы айналды. Жүрегі қысып, өз денесіне ие бола алмай етпетінен құлады. Аяқ-қолы тыпырлап, жанымен жатты. Іші бүріп, бүктетіле түсті. Аузы-мұрнынан ақ көбік аға бастады.
Күйеуі мен қыздары көз алдына елес берді. Жаны шырқырап, мұрнының ұшына келсе де, соларды ойлап: «Кешіріңдерші!..» – деді күбірлеп. Жанарынан ыстық жас тамшылады.
Ауа жетпей, тынысы тарылып, әлі құрып, көзі жұмыла берді.
Кенет, аспанды қара бұлт торлап, жаңбыр селдетіп қоя берді. Көз жасын көлдеткен Табиғат-Ана Гүлжанның кеберзіген ерніне дем суын тамызып, денесін жуып-шайып жатты.
1988 жыл.
Қыркүйек.
Думан Рамазан