«Тұрмысың аман-есен Шолақ қала,Мұңлыға біз секілді қарап қана».«Сауда Ишан»...
Ғалымбек Елубай. Алып әтештің әсем құйрығы немесе жаяу ұстаз
– Қытай картасының бедері бүкіл шығысты қамтып жатқан алып қоразға ұқсайды. Шинжияң яғни біздің табанымыздағы жер сол алып әтештің әсем күлтелі құйрығы спетті. Егер осы қораздың сұлу құйрығы болмаса, еліміз қайтеді? Мұғалім қабырғадағы картаның батыс бөлігін кітабымен жабады. Балалар хор айтып жатқандай біркелкі дауыспен:
– Сымпиып қалады!
– Қайтеді?
– Сүртиіп қалады!
– Өте дұрыс айтасыңдар! Онда болмай қалады балалар, оңбай қалады!
Қасым мұғалым көнетоз көк шапанының жеңін түсіріп, қалтасынан бет орамалын шығарады. Әжімді жүзін, қарағай қабығындай қатпарлы мойын тұсын айналдыра сүртеді.
– Бүгін сыныптың пешін кім жақты?
– Тасқын.
Боз қырау шалған иегін сәл көтеріп жымияды.
– Қолың дерт көрмесін! Сабақтың сарығын баспасаң да, пешті көрігін қыздырыпсың. Жарайсың балам!
Артқы қатардағы қызыл бет қазанбас бала жөткірініп мардымсып қалады.
– Айтпақшы, менің атыма салатын шөп кезегі кімде?
– Менде...
– Ал неге әкелмедің?
– Ұмытып кетіппін.
Күрсінеді.
– Мейлі бұршақ жармасын жібітіп берейін бүгінше. Қыс іші бір шөкім шөп зерден қымбат....
Қасым көрші ауылдың адамы. Қыстың көзі қырауда біздің ауылға қойторысымен қатынайды. Әр күні Алтайдың бөрі бораны тапалап, сорабын суытып тастайтын жолдың жалғыз өрнекшісі еді.
Тоқсаныншы жылдардың басы. Тууға тиым салу заңы әлі тегеурін танытпаған кезең. Сексен түтіні бар ауылдың өз алдына қазақ тілді бастауыш мектебі бар. Жыл сайын бірінші сынып табалдырығын кемі жирма бала аттайды. Қасымнан өзге ауылдың өзінен шыққан үш-төрт мұғалімі бар.
Ең қызығы қыста атпен, жазда белсебетімен тепеңдеп жүретін Қасым мұғалім штатта жоқ еді. «Бар жоғы бірнеше жүз сомға практикант есебінде айлық алады» дейтін. Егсітік жері аз, бала-шағасы көп адам. Ал жеке басы осы өңірде жоқ инабатты кісі. Кеудесіне қолын қойып немесе бас киімін алып амандасып жататыны болушы еді. Мұғалімін сырттай, болмаса бет екі әжуәлай беретін басбұзарлардың көзімен: «Өзін ордадан шалғай ауылға қуылған ақсүйек зиялы секілді ұстайтын».
Ол кездің сыныбын пешін кезекшілікпен жағып, жерін шаңдатып өзіміз сыпырып жататын едік. Бізден екі жыл жоғары сыныпты оқытатын Қасымнан өзге мұғалімдер тым қатал еді. талдан қиып алған көкөрім шыбық, тамызық жаңқа, жарты кірпіш деген жазалау құралдары ыңғайына қарай өз кереметін көрсетіп жататын. Әр сыныптың әке-шешеден қаймықпайтын дауасыздарын інінен суырып алған суырдай шаңқылдатып сабап жататын. Әр сотанақ мұрнының қанын сүртіп жатып: «Шіркін» Қасымның сыныбында оқысаң
ғой!», – деп армандайтын.
Сөйткен Қасымның қадірі тағы болған жоқ. Өз сөзімен айтқанда «өмір аямаған қасымды өзгелер де аяған жоқ!». Алтайы сүрі қар ақсақ ойылып, сарыалақаз ерте келген көкөзек шақта Қасымның жалғыз бұт артары төрт аяғы көктен келіп, арам қатты. Біздің білумізше айына бір әкелетін жалғыз құшақ шөпті ауырсынған бір оқушысы шөбіне дәрі сепкен. Болмаса еті де керекке жарамады.
Жаны қиналған жануарды қорқырата бауыздап жіберіп, пышағын тастай салған Қасым сол күні мектеп ауласындағы отындық бөренелердің үстінде отырып былай депті:
– Иттің ғана баласы Ибағат емтихан сайын менен көшіріп жүріп білім бөлімінің басшысы болды. Менен артық жалғыз жері әкесі қызыл шұнақ кедей екен. Білімсіз қайыршының ұрпағы басқарған сол бөлім маған әлі штат бермей отыр. Арам өлген торы атым обалың соларға болсын!
Қасым одан кейінгі жылдары қыс сайын жаяушылық тартты. Ақбурыл ұзын қасы мен үкідей көздерін қырау көміп, қар теңізін кешіп келе жататын.... қашанғы дағдысы қатты ауырып болмаса, шұғыл шаруасы шығып қалмаса жұмысынан қалмайтын. Әр күні түскі үзілісте қабағы ашық, дастарханы жомарт үйлердің баласын мақтай келіп шай ішетіні болушы еді. Ешкім Қасым үшін қазан көтермесе де қонақ келсе ит көрген теке көзденіп қалатын кей үйлерге аттап баспайтын. Ал көңілі қалаған әр төрде отырып айтатыны «одасы да» алуан.
– Сіздің балаңыз тамаша бала! Сабақ үлгерімі ғой орташа, бірақ тәртібі жақсы. Тәртіп- тәрбие мен тектен келетінін ескерсек сіздердің әулет жалпы өнегелі ғой...
Немесе:
– Сіздің балаңыздың сабақ үлгерімі үздік! Тәртібі сәл нелеу... тентек енді. Бір есептен олай болмаса тағы болмайды. Адамға аздаған асаулық та керек шығар.
Сол жуастық қой бізге ерін арқалатып жүрген......
Сарқарын Бижамал айтатын «осы кісі бір өң бермейтін адам. Мен келін болып түскен жылы түрі тура осындай еді». Қасым айтатын: «жаяу жүру жарлылықтан болса да жанға шипа».
Қасым жылдарды қартайтты. Ол әуелі менің бақилық болған ағаларымды, мені, соңында қарындасымды оқытты.
Алайда.....
Айналасы он жылдың ішінде тууға тиым заңы өз жемісін бере бастады. Жас отауларға шүлендей үлестірілген дорба-дорба дәрі, қисапсыз ер күйегі партия алдындағы өз міндетін толығымен орындады. Алдымен бала саны қысқарды. Соңынан адасқан жетім шөжедей үш-төрт балаға қараған қазақ мектептері жабылып тынды. Ақыры оншақты ауылдың баласы қытай тілді мектепке барып бірақ тоғытылды.
Аяқ асты еріген мыңжылдық мұздықтай Қасым да тез шөгіп кетті.
Ел іргесі сөгіліп, қазақ еліне қопарыла көшіп жатқан кейбір шәкірттеріне айтады екен: «сен дұрыс жасап жатсың балам! Ең кемі балаң қазақ мектебіне барады ғой. Жолың болсын!»
Әуелі қоян бағатын қораға айналып, соңынан иесіз қалып, құлап тынған мектеп сынды қарт ұстаз алдымен жаңа мектептің қарауылы, соңынан отын-сушысы болып жүріп көз жұмды.
Біздің білетініміз енді ешкім Қасым сияқты бозала таңда бозқырау жамылып келіп, қазақ мектебінің мұздаған құлпын ашу үшін газет парағын өртеп тұрмайтыны еді.