Ит үргізген қобыз

ӘДЕБИЕТ
2175

Этнографиялық әңгіме

Бұл әңгімені бірнеше жыл бұрын теміртаулық журналист, арғы тегі Моңғолия қазағы марқұм Аманжол Ақынұлының аузынан естіп едім. Шамамен өткен ғасырдың 60-шы жылдары болуы керек. Ел жайлауға көшіп, Екіаша сайын аяғынан өрлете ақбоз үйлерін тігіп, басы сонау мәңгі мұздақтан құлайтын жіңішке суды жағалай қоныс алған. Салқын төске қой-ешкісін қаптатып, желіге құлын байлап жайғасқан елде айта қояр ермек те жоқ. Қариялар топ-топ болып қыдырады, қыстан қалған сыбағаларын жейді, желпінтіп әңгіме айтады. Олардың етегінде биттей жабысып бір-бір немересі жүреді. Ересектері қой-қозының қамымен әлек. Кешкі сауыннан кейін ағытқан биелерді таң бозымен жиып келуге тісқақты бозбала болмаса болбырлар шыдамайды. Кейбір жауынды күндері сақа айғырлар үйірді ықтата айдап кетіп, табылмай қинарын қайтесіз...

Кешке биені ағытып, қой мен қозыны жамыратып ел орынға отырған соң тірі жанның бәрі радиодан «тоғыздың хабарын» тыңдайды. Жайлаудағы елді сыртқы дүниемен байланыстырып тұрған осы ғана. Сығырайған май шамының жарығы... төрде отырған төбедей қарттар... оң жақта жамбастап жатқан жігіттер... кешкі сүтті қазанға асып онысы тасып кетпесін деп телмірген жеңгелер... жантайып жатқан ағаларын жастанып қалғыған балалар... бәрі сағат кешкі 9-да ғалам жаңалығын айтып, арасында ән-күй тыңдататын радиоға телміреді.

Бір күні радиодан қобызшы Ықылас Дүкенұлы жайлы шағын сюжет берілді. Соңында Жаппас Қаламбаев болуы керек қобызшының «Қасқыр» күйін ойнады. Жүргізуші «бұл күйді ойнағанда иттер үреді» деп айтып та үлгерген жоқ, күйдің бөрі боп ұлитын екінші қайырымына келгенде күллі ауылдың иті шулап қоя берді. Тіпті күйдің үйірлі қасқырды ұлытатын тұсына келгенде қаншықтар шебеленіп, күшіктердің құмыға қыңсылағаны мен маң төбеттердің қораға қасқыр шапқандай арпылдағынан көрсеңіз ғой... Сайдың іші азан-қазан. Тіпті күй тоқтаса да, иттердің тоқтайтын түрі жоқ. «Ауыл иті ала болса да, бөрі көрсе бірігеді» дегендей ата жауы қасқырдың дәл құлақ түбінен ұлығаны оларды үрейлендірсе керек. Иттер таң атқанша тыным таппады. Сайды құлдай қонған ел де сол түні ұйықтаған жоқ. Көрдіңіз бе күйдің құдіретін.

Бекен Қайратұлы

egemen.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...