Иван Буниннің «Соңғы күн» атты әңгімесі

ӘДЕБИЕТ
3492

Иван БунинБәрін де бітірді: сатылған малдан құтылды, сатқан көліктерді, жүген-ноқта, жиһаз біткенді алып кетті, сарай, амбар, атқораның қақпалары аңқиып ашық жатыр: қара орманның төртбұрышы түгел бос, аулада құмалақ та қалған жоқ.

Жаңа қожайын, мещанин Ростовцев сәуірдің жиырмасында кешқұрым келермін деген. Дәл сол күні сағат үште Воейков та кетпек, отбасын қалаға он екісінде аттандырып жіберген.

Жұмысшылардан қалғаны екеу-ақ: солдат Петр мен Сашка. Екеуі иен ас үйдің сәкісінде жатып алып шылым шекті, кейде күлкімен, кейде өкінішпен бұрынғы қожайынды еске алысты. Ал қожайын қалаша киініп, үстінде қоңыр пенжак, басында сары жиекті картуз, бір қолында балдақ, бір қолына орындық ұстап үй ішін аралап жүр. Жалаңаш қабырғалар тіпті жарқырап кетіпті. Бөлме біткеннің есіктерін ашып, орындыққа шығады да шыбын шұбарлап тастаған түсқағаздарды төбесінен төмен қарай дар-дар айырады: ақ балшық пен желімге сірескен қағаздың етектей-етектей жұлым жапырақтары еденге саудырап түсіп жатыр. Бұрыштағы үлкен бөлменің түсқағазы алтын бояулы көгілдір еді. Ептеп оңып, күлгін тартқаны болмаса әлі де әдемі суреттері көп: бұл бөлме қашанда ескілік ұсақ гравюралармен әшекейленетін де бұрыш-бұрышында құдай суреттері тұратын. Жыртып тастауға шамасы келмеді. Төрт бірдей үлкен терезелердің шаң басқан әйнектерінен жұп-жұмсақ күн сәулесі жыбырлайды. Осы бөлмеде өткен балалық шағы есіне түскенде Воейков балдағымен терезелерді бірінен соң бірін салып-салып жібергені... Шыны сынықтары салдыр-күлдір шіріген кәсекке, кеуіп қалған сарғыш паркетке саудырап түсті. Үңірейген жыртықтан көктемнің жылы желі есті, боз сиреннің бір топ шоғы көрінді.

Воейков орындыққа отырып алып, тағы да істейтін не қалды деп ойланды. Картузын шешіп ұзақ отырды, ескі дәстүрмен бір жағына қисайтып, оңнан солға қарай тараған дағардай басы салбырап кеткен, қос самайында қалдырған шолақ тұлымы ербейеді. Осы үйде, осы усадьбада өмір сүрген ата-бабаларын қайта-қайта есіне алды: Воейковтардың атағын шығарған аңшы иттердің аттары да есіне түсті... қазір аштықтан арықтап, әбден қартайған тазылардан бес-алты-ақ тұқым қалған... Әрине, кешікпей олар да өлетін шығар... Енді Гришка Ростовцевка тастап кете алмас! Воейков дағардай басын көтеріп алды. Қабарған бетінде сағал-сағал әжім, салбыраған мұрт, оны да қаракөк қылып бояп қойған. Осы сәт екі көзі шатынап шыға келді. Картузын киіп, балдағын тоқылдатып баспалдаққа шықты да ас үйге қарап айқай салды. Босағадан сорайып ұзын бойлы Петр көрінгенде:

- Иттер қайда? - деп сұрады.

- Бәрі де үйде болу керек, - деп Петр сеңкені, аула мен бақты көзімен шолып шықты.

- Тіпті жақсы болды! - деді Воейков қуанғаннан дауыстап жіберді. - Бәрін де асып өлтір, әрқайсысына төрт сомнан аласың.

Ыс басып кеткен қымбат мундштукке қадаған жұп-жуан быртық папиросын езуіне қыстырып баспалдақтың сатысына келіп отырды. Петр ас үйге сып берді де мырзаның бұйрығын айтып Сашканы қуантты, сәкінің астынан арқан тауып алып, қайтадан баспалдаққа атып шығып, қайсысынан бастасам екен деп ойланып тұрды.

Үш сұр ит аула ортасында күнге қақтанып жатыр. Екі ақ ит сарай іргесіндегі көлеңкеде. Біреуі шыршалы бытқылдан шығып, енді ғана гүлдей бастаған, жапырақсыз алма аллеясымен көктемгі тебіндеп келе жатқан сыз сүрлеумен жортып барады екен. Бәрі де лақса, мынау құлағының ұшында қара қылшығы бар, балақ жүні желпілдеген көк қаншық та кәртейіп біткен. Петр ысқырып алақанымен тізесін қақты. Қаншық ауланы қақ жара Петрге қарай тура шапты да қайқиған тоқпақтай құйрығын бұлғаңдатып келіп оның қолын жалап-жалап алды. Петр мойнына арқанды тастап жіберіп, етігін шиқылдатып ауламен баққа қарай жүгіре жөнелді. Сенкенің бұрышында заманнан ұмыт қалған темір күректі іле кеткен қотанаяқ Сашка да ыржалақтап барады.

Ит әуелде желе жөнеліп еді. Бірақ бақтың қақпасына жеткенде тыртысып, қыңсылап жатып алды. Соңынан жеткен Сашка алманың қу бұтағымен сауырының түлемеген ұйпалақ жүнін бұрқыратып салып-салып жіберді. Петр арқанды иығына асып сүйрей жөнелген, ит жұлқынып, оңды-солды секіріп, кейін қарай тырмысты, басын жіптен шығармақ болып жанұшыра тістелеп қыңсылады келіп. Ұйықтап жатқан төбеттер ояна салып жабыла бас салды. Баспалдақтан секіріп түскен Воейков:

- Жат былай! - деп айқай салды.

Сашка төбеттерді күрекпен жасқап қуалап тастады. Қаншықтың езуінен қан сорғалады, арпалысып арқанды шайнаған кезде қылғынып тілін тістеп алса керек. Бұрыштағы ырғайлы бұтаға жеткен кезде Петр жүрісін баяулатқан, қаншық әлі құрыған соң қарсылық жасағанын қойып, құйрығы солаңдап, артқы екі аяғын шалыс басып сенделіп қалды. Екі сүрлеудің түйісінде қурап тұрған үйеңкінің жуан бұтағына Петр арқанның ұшын лақтырып жіберіп тартып қалғанда ит байғұс алдыңғы екі аяғын бүгіп, артқы аяқтарымен ағаш түбіндегі топырақ үйіндісіне тіреп қалмақ еді, бірақ оған жете алмай аспанда салақтады да қалды. Қара тілі солаңдап, ырсиған езуінен сілекей ақты, күн сәулесінен бозарған көздері шарасынан шығып өшіп бара жатты.

- Тыныштал, енді шәуілдеуді қоясың! - деді арзан қалжыңды машық қылған Петр.

Сашка шіңкілдеген әйел даусымен әндетіп, жаңа ғана күшіктей бастаған сидам бұталардың арасынан шұңқыр қазып жатыр. Қашықта, кәрі ағаштардың қураған бұтағында ұзақтар шуласады. Маңайда дамылсыз ән салған қараторғайлар, шықылықтаған сауысқан, күн көзі бұта түбіндегі ескі жапырақтарды дегдітіп, Сашка борпылдаған жұмсақ топырақты шылаушынымен қоса қақ бөліп, жарқылдаған темір күректі екілене тепкілеуде. Иен бақта биесін оттатып жүрген Андрей келді, қашан да таза киінетін деревняның жас мұжығы еді.

- Қай жазығы үшін майып қылдыңдар? - деді күлімсіреп.

- Бұйрық солай болды ғой, - деді арқанды әлі жібермей тұрған Петр. - Қоштасқан түрі де. Бәрін де жаһаннамға жіберіңдер деді. Басқаға мал қалмасын дегені де.

- Қапалы ма?

- Енді қалай. Сен жылқыңды бөтеннің бағына семіртіп дәніккен екенсің. Байқа, кешке қарай жаңа қожайын келеді. Бауырым, ол сенің құдаң емес.

- Мен оған дейін айдап алып кетемін.

Андрей таяқпен иттің бөксесінен көтеріп еді, ішін тартып көзін ашты да ырылдаған болды.

- Жуырда мен де біреуін асып өлтірдім, - деп Андрей жайбарақат сөзін жалғастыра берді. -Кімдікі екенін білмеймін, бір апта жүрді, екі апта жүрді, ұру дегенді де білмейді... ойланып-ойланып, ақыры бас салдым да өлтіре салдым.

- Ит дейсің-ау, не түрлі маңғаз адамдарды да дарға асып жатқан жоқ па, бірін емес, бірталайын, - деді Петр.

- Сен көріп пе едің?

- Көруін көргенім жоқ. Оған ешкімді жібермейді, тіпті жақындарын да. Маған солдаттар айтқан. Түнде дар дайындайды, ертеңгісін әлгі құныкерді әкеледі де жендет басына мөшек кигізіп резеңке арқанды тарта салады. Доктор келеді де өлді ме, жоқ па, қашан өлгенін тексереді. Моласы да сол дардың астында.

- Сонда қалай, табытсыз көме сала ма?

- Немене, шыныға салады деп пе едің!

- Одан соң бірде-бір алхитекторың да таппайды, - деп бұтаның ішінен Сашка сықылықтап күлді.

Петр арқанды қоя беріп еді, өлген ит шоқынып отырды да қалды. Солдат асықпай темекісін тұтатты.

- Демек, станокті одан соң басқа жерге апаратын шығар? - деп сұрады Андрей.

- Қайда қажет болса сонда апарады да.

- Сонда не үшін дарға асады екен?

- Түсінікті ғой, жақсы қылығы үшін жазаламайтын болар. Әр түрлі сенімі үшін, басшыға жақпаса, қарақшы болса. Бүлік шығарма, ұрлық жасама...

- Әлгі жендет ше, ол неме жалақы ала ма екен?

- Әрине, дәмді тамақ, жақсы киім...

- Байқа, тіріліп кетіп жүрмесін, - деп қылжақтады да Андрей қураған шиенің ішінде қу бұтақтарды бытырлатып жүрген биесіне қарай кетті.

- Бітірген шығарсың? - деп Петр Сашкаға дауыстады.

Петр борсып кеткен сары жапырақтармен қоса итті дырылдатып орға сүйрей жөнелді. Орды топыраққа толтырып, буы бұрқыраған жас топырақты Сашка аяғымен таптап тастады.

- Жә, мәңгілік есте қал! - деді Сашка. - Бізге өмір сүру керек, тіршілік керек, саған шірігеннен басқа енді уайым жоқ, - деп күрегін иығына асып Петрдің соңынан үйге беттеді.

Петр ауланың ортасына келіп тоқтады да арқанын артына тығып Черкес деген бас терісі ағарып кеткен кәрі төбетті шақырып алды.

- Борис Борисыч, біреуін құртып көміп тастадық! - деді Сашка ыржалақтап әлі де баспалдақта тапжылмай отырған Воейковқа.

- Неменеге ыржалақтап тұрсың, дүңгәна! - деп Воейков айқай салды. - Көміп тастағаны несі? Кім саған көміп таста деген? Апарыңдар да ағашқа асып тастаңдар! Тұрсын солай! Естідің бе?

- Құлдық, мырзам! — деп Сашка Петрге көмектесуге жүгірді. — Бол, тезірек! - деп сыбырлады оған.

Сағат үште бүкіл иттердің үнін өшірді. Енді сәуірдің жып-жылы күнінде тым-тырс қалған көне усадьба тірі жансыз қаңырап шыға келді. Шаршап, қызара бөрткен жұмыскерлер аллеяда келе жатып қанша төлер екен деп тиын-тебендерін санасты.

- Саспа, бәрі жақсы, - деді Петр әдепкі әзіліне басып. - Он бес сом, ішімдігін қосқанда, қожайынның тие берсін асында аста-төк дастархан болады.

Воейков бас киімін шешіп баспалдақтың алдында қара орманымен қоштасып, шоқынып тұрған.

- Қош болыңдар! - деді қабарып, ыза кернеген жүзін екеуіне бұрды да: - Бітірдіңдер ме?

- Бітірдік! - деп жарыса жамыраған екеуі бас киімдерін сыпырды.

- Мінеки.

Ақшаны алып тұрып Сапшка оның саусағындағы жіңішкеріп кеткен неке сақиналы күнқақты қолынан сүйіп алды. Воейков кейпін өзгертпестен оны құшақтаған болды да Петрге бас изеді. Бір сәтке көз қиығы суланған секілді еді, бірақ картузын киген соң бұрынғыдан да түсі суып шыға келді.

- Енді боссындар! - деді қатқыл үнмен зіл тастап. - Миронға маған келмей-ақ қой дегенмін. Оған жолай өзім соғармын, одан ары бекетке де өзім жетермін. Мен арбаны қорсынып тұрған жоқпын, жай, әншейін зауқым соқпай...

Ол артына қарамастан қақпаға қарай тартты.

Сашка ләпкеге жүгірді, ләпкеші оған тот басқан балтамен табалдырыққа салып бір кесім шошқаның жыныға бастаған тұзды сүбесін шауып берді. Петр оны усадьба іргесіндегі шарап ләпкесінде күтіп тұрған. Екеуі әбден жырғап көктемгі қылтиып келе жатқан шөп үстінде ұзақ отырды. Қызыл күрен болып күн батты. Кештің ызғары келді. Бақ шетіндегі қуарған ағаштарға қонақтаған ұзақтардың шуылы құлақ тұндырғандай. Көкжиектен қылтиып жаңа айдың орағы көтерілді. Батыстағы батып кеткен күннің көкжиекте қалған қызыл мұнартынан өлік шыққандай тым-тырыс үрейлі йен усадьбаның далиып ашық жатқан есік-терезелерінен қызылды-жасылды сағым ойнады.

Ростовцев приказчигін ертіп жеңіл трәшпенкемен келгенде бүкіл деревня қалың ұйқыда еді. Құлақ кесті тыныштықта кешегі Воейковтардың ауласына кіргенде доңғалақтардың шиқылы ғана естілген. Ол баспалдақ алдына тоқтады да трәшпеңкеден зорға түсіп, божыны приказчигіне кері лақтырды. Ол көлікті шешуге атқораға кеткенде қожайын ұзақ жолдан ұйып қалған аяғын сылти басып жылы күртесі мен шелектей картузын шешпестен үйге кірді. Картузын шешіп үйге, ай жарығымен алакеуім сағым ойнаған бөлменің босағасына тағзым етіп бас иді. Еденде жырым-жырым түсқағаздың пұшпақтары үйіліп жатқан. Бөлме-бөлмені шарлап жүріп, әр қуысқа қожайынның көзімен қарап жүріп, аяққа оралған қоқыстарды тепкілеп жүріп, ызадан:

- Ойпырай, алаяқ-ай! Тас надан-ай! - деп күбірледі.

Бейуақыт күңгіртте бөлмелер таусылмайтындай көрінген. Тоналған ұядай бөтен баспананың иен де мылқау тыныштығынан төбе шашы тік тұрды, усадьбаны қаншама жыл мекен еткен бұрынғы қожайындардың тіршілігі Ростовцевтарға жұмбақ еді. Ол кері бұрылды да белі бүгіліп, түсі өрт сөндіргендей бұзылып баспалдаққа қайта шықты. Енді өзінің меншігі болған соң не бар, не жоғын тексеріп алу үшін асығып баққа кірді, алманың гүлін көргісі келген, биылғы жемістен үлкен үміті бар еді. Бірақ айдың күңгірт сағымында Ростовцевтің өткір жанары да ақшыл-қызғылт гүл бүршіктерін қуарған бұтақтардың кепкен түйіршіктерінен ажырата алмады. Біраз тұрды, иісінен аңғарар ма екенмін деп танауын тартты. Гүлдің иісі сезіледі, бірақ болар-болмас. Одан гөрі жердің ызғарлы сызы мен тебіндеп келе жатқан көктің иісі басым екен. Мылқау тыныштықта сайрауды алғаш бастаған бұлбұлдардың үні анық естілді. Түн сондай жұмсақ, айлы да жарық, сәл ғана тұманды кіреуке бар. Бақ біразға созылып, ағаш арасынан даланың саңылауы ағарды, Ростовцев шыршалы түкпірге бұрыла беріп картуз астынан шашының жыбыр еткенін сезді: қалың самырсынның ішінде бес бірдей сұрғылт елес сорайып өзін аңдып тұр екен. Зәресі кеткеннен не істерін білмей солай қарай беттеді... Бір минут өтпей жатып кері қайтты да қатты қобалжып:

- Ойпырай, алаяқ-ай! Ой тас надан-ай! - деп күбірледі.

- Үйде жатамыз ба деп едім, - деді аула ортасына шыққан соң әдейі жорта дауыстап. -Албасты бассын! Онда сайтанның өзі сирағын сындырғандай! Алжыған ақымақ түк қоймай жыртып, итіне дейін асып кетіпті... Лашыққа баралық, жеркенетін сонша текті мырза емеспіз ғой.

- Қызғаныштың құйрығы қысқа, - деп приказчик көңілді, даусын көтере жауап берді де қасына таяп келді. - Ит деген де сөз бе екен, қажет болса оны да табармыз...Жаңа қоныс құтты болсын, Григорий Кискентиныч! - деп картузын шешіп қолын ұсынды.

- Жә, жә, болды, болды! - деді Ростовцев өтірік реніш танытып. - Жүр, ұйықталық...

Шық басқан шөпте екі көлеңкесін ертіп екеуі ас үйге барды. Сонда, ай жарығында отырып ақ нанға қосып колбаса жесті, ара-тұра сөйлесіп, күртелерін жастанды да терезе алдындағы сәкіге жата кетісті. Ерте тұрып, қаладан келетін көліктерді күтіп алып, усадьбаны тәртіпке келтіру керек-ті.

Бірақ шыдамы қашқан Ростовцевқа таң атпайтындай көрінген. Ол қайта-қайта оянып, тізесінен жылжымай қойған ай сәулесіне мұңдана қарады. Ал көзі ілініп бара жатып шошып оянды: көз алдынан қара-көк шыршалардың жынысы, соның көлеңкесінде асылып тұрған иттердің нобайы кетпей қойғаны. Қайта-қайта әр жамбасына аунап түсіп, өзінің ұшқалақтығына ыза болды.

Капри. 01.11.1913.

author

Иван Бунин

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...