1985 жылдың алғашқы айларында қазақ жазушыларына бұрын-соңды болмаған зорлық жасалды. Одақтың бес жү...
Өзегі тар өмір-ай
Дүргінбайұлы Қызырбек 1990 жылы дүниеге келген. Халықаралық өнер фестивалінің поэзия аталымы бойынша лауреаты. Халықаралық, Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өскемен қаласындағы «Шабыт» жас ақындар мектебінің жетекшісі.
Автобустағы драма...
Драмасын көрсетіп қала не бір,
Жабырқайды жабығып нала көңіл.
Ығы-жығы ішінде автобустың,
Ырғатылып әнекей барады өмір.
Тағдыр жұртты тарта ма сотына көп?!
Айтушы еді өмірді сахна деп.
Тоқсан тиын тұратын драманың,
Кондукторда билетін сатып әлек.
Ескі автобус шығыпты-ау ыңыршағы.
Ескі таныс қолында құлыншағы.
Сығырайып қарайды сырттай оған,
Сырт көшеде ілбіген іңір шамы.
Қойылымның мұндағы мұңы басым.
Ыңғайына, ығына жығыласың.
Қайыршыны кіргізбей қойды әне,
Қалай-қалай дүние құбыласың.
Тәуба дейсің содан соң бұл күніңе.
Бақ пен сордың бұйырмақ кілті кімге.
Қалжыраған қарындас қалғып отыр,
Іліп алып бар мұңын кірпігіне.
Шеше алмадық тірліктің түйткіл, мұңын.
Икеміне келтірмей ит қылды мың.
Ит жетектеп кірді әне бір патшағар,
Мансұқ етіп өзгенің ит тірлігін.
Кетті жылжып автобус баяу ғана,
Ойысты екен драма қай арнаға.
Ауыстырды тағы бір актерін,
Автобустан мен түскен аялдама.
Туннелден алған газет...
Жаңалықтан деген соң құр қалмаңыз,
Туннелдегі газеттен бірді алғамыз.
Жетістікке жетеміз деп жазыпты,
Екі мың бірдеңенші жылдарда біз.
Күліп алдым жымиып миығымнан,
Бір қайыршы салып тұр қиылып ән,
Бірдеңенші жыл келмей қайдан білсін,
Тағдыр жүгі түспесін иығынан.
Орындалмас биліктің қай әмірі,
Жаңғыртамыз депті мыс баяғыны.
Түкпір жақтан зарылап қоя берді,
Туннел ішін жаңғыртып баян үні.
Баян шіркін үнінде тұратын мұң,
Баянсыз болсын десін мұратын кім.
Жетердей-ақ өмірін өрнектепті,
Жетпіс бесін тойлаған бір ақынның.
Қартайғанда осылай сый табасың.
Бұл туннелден сен қалай күй табасың.
Мойынсұнып тағдырға тұрса бірі,
Мойынына іліп ап гитарасын.
Мақаласы тағы жүр күшті ағамның,
Үш тіл қонған үстіне үш тағанның.
Шыдамым жетпеген соң ары оқуға,
Шиыршықтап қолыма ұстап алдым.
Айтқандайын шалдары баяғының,
Басы – шаттық, өмір-ай, аяғы – мұң.
Үмітімді үзбестен тыңдап барам,
Үзіліп бара жатқан баян үнін.
КІТАП-мІТАП
Кітабын кетті ұсынып бір ағамыз,
Көзіне түсіп бәлкім ұнағамыз.
Ұйқасына шалынып қалды тілім,
Мағына, мазмұн жайлы сұрамаңыз.
Бір апамыз ұсынды поэмасын,
Кем көресің қазақтың қай анасын.
Оқисың да адасып мазмұнынан,
Анда-санда есінеп оянасың.
Мен кеңестің деді шал тірегі едім.
Ішім жылап, амалсыз күледі өңім.
Умаж-умаж қағазын алып шығып,
У мүңкіген оқыды бір өлеңін.
Сындырып ап бір-бірден тіл бұтағын,
Ұстап апты-ау қолына құл құтаның.
Ғарышизм бір ақын беріп кетті,
Тіл келмейтін атына бір кітабын.
Жыр жазыпты бұл ақын милап қатты,
Батыстағы кешіпті ми батпақты..
Игере алмай измге илектеліп,
Модернизм сазына құйлап қапты.
Мүшәйраны бақ көрген, мақтан көрген.
Мықты ақынның ауылы жақтан келген,
Бір інісін көкесі тұрғызыпты,
Ұйқасына шалынып жатқан жерден.
Өлең осы, оқыған мІТАП осы.
Жетелі сөз мұнда деп жұқанасы.
«Жеті ғасыр-ды», ұсынып кетті бір қарт,
Мүжіліпті сәл ғана мұқабасы.
Вокзал сценарийі...
Өзегі тар өмір-ай арнасы кең,
Қашан көңіл пернесін дәл басып ең.
Барады әне арбакеш қос тағандап,
Бірге айналып азабы арбасымен.
Автобустың кешігіп кепті бірі,
Маңайында у да шу көп дүбірі,
Бір теңгеде тастамай қайыршыға,
Бір тең жүгін арқалап кетті бірі.
Бірі кетіп бірі кеп сабылысқан,
Таусылардай сендегі сабыр, ұстам.
Тұрды өмірге өшігіп бір жетімек,
Құшақтасып жатқанда ел сағынысқан.
Жанға сыйлар жоқ ешбір тағылымы,
Қайталанды қойылым тағы мұңлы.
Соңғы ақшасын биелтке төледі де,
Сапарына аттанды тағы бірі.
Жөндей алам, қай бірін, қылам игі.
Пендесіне неге көп сынақ үйді.
Жаратқаннан бір күнге сұрап алып,
Мен жазсам ғой ертеңгі сценарийді.
***
Жортуылға жетелеп үміт мені,
Арман алдап, қиялым үгіттеді.
Мен аңсаған бақыттың бірі де жоқ,
Қос өкпемді қабады күдік демі.
Жолдас болып алғанды мұңда маған.
Тағдыр қайбір бақ-сорын бұлдамаған.
Қол сілтегің келгенмен барлығына,
Қол бұлғайды бір үміт мұндалаған.
Қатыгездеу секілді ғасырымыз,
Иіліңіз дейді ылғи бас ұрыңыз.
Алақанында өмірдің шыр айналдық,
Алшы түсер деп бір күн асығымыз
Күндер өтіп өзіне ғашық еткен,
Жылдар келіп жайғасты қасыма еппен.
Бұрылмады артына өмір қайта,
Бұрылыста жол қалды басып өткен.
Не сыйлайды деп маған болашағым,
Оңашада ойланып бал ашамын,
Ең бақытты сәттерім екен менің,
Қалып қойған ауылда бала шағым.