Омарғазы Айтанұлы Омарғазы Айтанұлы 1931 жылы 20 қарашада Шынжаңның Тарбағатай аймағы, Толы ауданыны...
Кәмел Жүністегі. «ҚАРАКЕСЕК»
(Тебіреніс)
Жүргізуші Мәдидің әні «Қаракесек» деп хабарлаған. Иә, бұл әнді сонау алыста қалған шақтарды да сан естігенмін. Жүрекке жатталған ән. Жалғыз Мәди емес, бар сор мандай қазақтың басына түскен қасірет, азапты жол. Елдің басын біріктірер ханы жоқ, халқын көтеріп ұрандатып шыға келетін батырлары да Кеңесары мен бірге жоғалған. Жырымен елдің мұң-зарын айтып, жаудан қапыда жеңілсе де қазағын жауға рухын бермеуге шақырған Шортанбай жырауда дүниеден озған. Ел ішінде қалғаны Мәди сынды намысын таптатпаған бірер-саран ақын-әншілер. Әнде кетілмеген, сынбаған рух жатыр.
«Сұраса руым Қаракесек» дейді ер Мәди.
Иә, ойыма орала кетті. Шортанбай жыраудың да «Қаракесек» дастаны бар. Ірі дүние. Сол заманда айтылған шындық. Бүгінгі кейбір «данышпандардың» сасық рушылдыққа басып, бұра тартқанынан аулақ жатқан сөз. Қаракесек Болат қожаның анасының күң емес, қожаның әулетінен екенін көне көз қарияларынан естіген едік. Соны жырына қосқан екен Шортекең әулие.
Иә, бүгін мына Софының 80 жылдығына орай өнер сүйер қауыммен кездесуінде домбырасын аялап ұстаған Ерлан Төлеутай ортаға шықты. Асықпай бабына келтіріп, домбыраны шертіп, жұртты да іште жатқан бір шерін тарқатардай күйге түсіргендей. «Қаракесек» Ерланның орындауы бөлек болуш еді...
Сұрасаң…
Бұл қазақтың басынан кешпеген қияметі бар ма. Әкесі баласына көңіліне жаққан есімді де қоя алмадығой. Бәрі Иван, Сидор боп кете жаздаған жоқ па? Отызыншы жылдары елдің басына қан- шелегін төңкерген ГПУ іде үкметі де дүние есігін ашқан сәбиге «құранға қарап ат қоюға тиым салды». Ғасырлар бойы «құран», имандылыққа бағыштап, азан шақырып сәбидің атын атау пышақ кескендей тоқтады. Белсенді атаулы бұған білегін сыбанып ақ кіріскен. Чкалов, Буданов, Шапайов, Ким, Мельстер ер баланың атын жауласа, қыз біткен Света, Валя, Надя, Марина боп жөнелді. Түрі қазақ атауы теріс Чкалов, Будак, Мельстермен бір класста, бір партада отырып мектепте оқыдық. Соғыс жылы туған бүгінгі жазушы Сматаевтың есімі қалайша Софы аталды екен. Софының Мейрам деген ағасы бар. Соған ілестіріп арғы бабалары Мейрам Софыға ұйқастырып қойған десті. Жоқ бұл қате дедік біз. Софының әкесі жаппай қырып салдан көз жаздырып аман қалған, рухын жоғалтпаған бірен–саранның бірі.
Баланың есімін Софы деп қою құраннан бала атын қоюға тиым салған қанды көздердің ісіне тікелей қарсылық. Елді тізе бүкпеуге шақыру. Көксегені көп. Нағыз намысты азаматтың үндеуге шақырғандай ісі дедік біз. Тектілік жатыр мұнда. Сөнбеген көне арнаның ізі жатыр. Сөзімді жанымда отырған Софы да Бәкен – Бақанайда, Ұлықбек, Жағыпар, Серік, Өмірде үнсіз бас изей тындаған. Көрші столдағы Бауыржан иегін сүйеп ойланса, Абзал Нүкен бұрылып назарын салып отыр екен.
Жанымды тербеп барады мына ән. Ән сүйегіне сіңбей, санаңды жаулап алмай, қаның боп тасымай, мұндай шеберлікпен орындалу мүмкін емес. Ерланға көз қиығын тастап едім, әлде бір сұлу, әрі алапат дүние көз алдымда бұлдырап, тынық күнге сағым ойнаған дала боп, бір сәтте буырқанған теңіз боп жүре берді. Япыр-ай, Ерлан осындай шыңға шығарып қалай игерген мына әнді. Қазақ әнінің құпиясы мол, жатқан түпсіз иірім. Әр сөзі түгілі, әр буынында өзіндік ырғақ бар.
Жаным сүйсінгенде көзімді жұмып тындаушы едім. Иіріп әкетіп барад ғажайып толқын. Мұнау дүниеден баз кешіп кеттім бе, білмеймін. Қайда апарып соғарынан хабарсызбын. Құдай-ау, мынау лагер ғой саяси қылмыстылардың атақты №7 лагері. Сондағы бір әншінің мұңға толы әні енсемді жаулап алған. Иә, әнші Латыш жігіті Кнут қой ән салып тұрған. Неге сонау биікке шығып алған? Жапырлаған тоқ сымдары үстіне төніп тұр. «Кнут түс » деп айқайлағым келеді. Дауысым шығар емес. Ең болмаса қолымды да серпе алмаймын. Иә, осының бәрін сонау алыста қалған азапты жылдарды басымнан кешкенмін. Енді, міне өң мен түстей болып, мені билеп алды.
Иә, Кнутпен достасып кеткен едім. Көңіл бірлігін табудың да кілтипаты жетерлік. Оны алғаш рет бір ағаштың түбінде баяу ғана ән салып отырғанын көрдім. Сәл тербеліп, ырғағын соза түседі. Өзімен өзі болып, әлде бір мұңын шегіп, әнмен сырласқан кейпін бұзғым келмеді. Расы жақындауға да батпаған шығармын. Бөтен жұрт, бейтаныс жігіт. Бір кезде орнынан тұрып, дәл жанымнан өтіп бара жатқан.
– Әніңіз ұнамды екен, – деп қалғам.
– Солай ма? Ән салушы ма едің?
– Жоқ, – жақсы әнге жаным елжірейді.
– Ақын шығарсын?
– Сондайым бар.
– Қайдансын ?
– Қазақстаннан.
– Мен Латышпын. Кнут, деп қолын ұсынған.
– Жиі кездесіп жүрдік. Үнемі қапа болып жүретін. Өз еліндегі сан гастрольдерге қатысқан атақты әншінің бірі екен. Азаттықты ансаған. Германия жеңілген соң, Мәскеудің табан астында қалған. Латвия жеріне шовинизмге әбден уланған Мәскеу миллиондаған орысын төгіп жіберген. Қарсылық білдіргендер Тайгада Мәскеу үшін отын шауып жүр. Кнут міне сол топтан. Әншінің ән салуына лагерде рұқсат жоқ. Әнші әнмен бірге туған. Ән айтқызбау тұмылдырық кигізіп ауызын тығындап қойғанмен бірдей шара.
– Күн өткен сайын өзіме біткен өнердің сөніп баражатқанын сеземін, -деп қамығады ол.
Сонау Сібір түкпірінде,
Жасыма дос, сабыр қыл, – деп Пушкиннің өлеңімен жұбатамын.
– Сабыр… Алдағы он жылда…, деп басын шайқайды.
Өршіл талап өшпес мүлде,
Ауыр еңбек кетпес құр, – (әрине орысшасын айтамын)
– Сенде ғажайып сенім бар. Мұқалмайтындай қайрат, жігер бар. Сенде осыны жоғалтпа, – деп маған үңіле қарайды әнші Латыш жігіті.
Үнемі кездесе де бере алмаймыз. Бұл лагер заңына қайшы. Топтала беру бір бүлікті ойластыру болып көрінетіні бар. Надзератель біткен андушы. Бірақ, бәрібір жолығып жүрдік. Мен әсіресе ыңталы едім. Латыштарды да, кавказдық, не еврей, не украин тобымен араласып, кеңірек білгім келеді.
Тағы да бір жолықанымызда:
– Сендерде махаббат әндері бар ма? -деген.
– Иә, деп, тілім жеткенше тәржімелеп, Гаухар тас әнін, қоңыр әуенмен орындап бердім.
– Тамаша екен. Сүйдім, күйдім деп жалбарынбай ұлы сезімді осылай білдіру ұлылық қой. Мұндай түсінік аристократтарға, ақсүйектерге тән. Әнші-ақындардың шетінен ақсүйектік тәрбие алғандай, ал тындаушылары да онан кем емес екен, – деп Кнут таңқалды.
– Тағы,- деген латыш әншісі.
– Абай деген ұлы ақын болған. Міне мынау сол кісінің әні. «Көзімнің қарасы"
Көзімнің қарасы ай…
– Әнің мәтіннің тілім жетіп, ой – талғамым таусылғанша аударып түсіндіріп барып, орындаймын.
– Иә, – деген. Ол көп ойланды мына ақының философ екен. Әттең осындайлардан сендерде ешкім қалды ма екен. Тағдыр-ай.
Айнала қалың орман. Көк тіреген ағаштардан көгілдір аспаннан басқа ештеңе көрінбейді. Қалың орман мені тұнжыратады. Сағым ойнап жатқан шексіз даланы сағынамын. Қолымдағы балтаға сүйеніп отырған қалпымды.
– Мұңайып отырсың ғой, – деген дауыс бұзды, – жайшылық па?
– Тауға шығып, қиыры жоқ далаға қарап отырушы едім.
– Дала де… Мен сендердің далаларыңды көрген жоқпын. Әлі Абайдың әні көп тербеді мені. Ұрпақтары да сондай шығар.
Теріс қарап, бар күшімді салып, балтаның жүзін жуан қарағайға сіңірдім. Ненің өшін, кімнің өшін осылай алғанымды өзімде білмеймін. Ашу қысқан бір шақ та. Ұлы Абайдың бар тұқымын өзіміздің белсенділер қазақтар қырды деп қалай айта аламын. Тағы бір сондай уақыт туса сол уақиғаның қайталамасына сенім бар ма.
– Сендерді қырып бақты ғой. Аяусыз қырды. Өзі өздерінде есі түзу ешкім бар ма ? – деп қалды Кнут.
Бетіне жалт қарадым. Жүзіме ашу тепсініп шықса керек. Қолым дірілдеп кеткенін білемін.
– Кешір мені тым ауыр сөз айттым, – деп ол иіліп арқамнан қақты. – Мына лагерде екі жарым мың адам отыр. Жүз жүздеп татар, өзбек, түркімен жүр. Анау эстон, кавказ, украин, литва, латыштарда есеп жоқ. Осылардың ішінде екі –үш қазақтың жүруі еріксіз ойландырады. Қазақ тегіс тізе бүгіп, құл болып кеткен ба деген ой еріксіз көмейге тіреледі.
– Ол бүгін… Үшеу-ертең он, онымыз жүз, жүзіміз мың болып шығады ертең. Көрерсің.
– Сенемін. Сендердің ұлы халық болғандарынды тарихтан оқығанмын. Біз, қара басып, Едіге батырға да, Ахмет ханға да көмектеспедік. Соның жазасы, біз де сендер де орыстың табанына түстік. Тарих ақылсыздықты кешірмейді.
– Сәл тыныстадық. Ол темекісін сорады да ойланып қалып, сөнген шылымын қайта тұтатып әуре. Мен балтамен әлде бір ағашты жоңқалап отырмын. Әнші Латышым тамағын жиі жиі қырнап, маған қарай береді. Әлде нені сұрағысы келіп отырғанын сеземін.
Жылы ұшырай қарадым.
– Айтшы, осы сендерде ұранға шақырар ән бар ма?
– Не жауап айтарымды білмей күмілжідім. Ұят-ай деймін іштей. Гимнды жаттай беріппіз ғой. Ұят… кенет есіме «Қаракесек» әні түскені. Жадырадым.
– Бар! – деген үнім қаттырақ шығып кетті. Иман Жүсіп, Мәди деген Робен гудтар бізде де болға. «Қаракесек» әнінің әр жолын тәржімелеп, әбден қарлыққан дауысыммен орындап едім. Әнші досым, латыш жігіті қуанып қалды.
– Керемет екен. Қалай? Қалай? «Жатқаным қу қара жер болып төсек». Тап бүгінгінің тірі суреті ғой мынау. Қаншама мұң жатыр, соншама таусылмас жігер, қайрат дабыл қағып тұр. Совет кезінде шыққан осындай бір әнді айтшы, – деп өтінді ол. Үнсіз қалдым. Сонау алпысыншы –жетпісінші жылдары жоқ еді-ау ондай ән.
Мұнараға шығып алып табанға түскен елінің жоқтауын, ғұмырмен қоштасуын әнмен айтқан тұсқа жиналған жұртта шек жоқ. Алдыңғы қатарға тұрып алған латыш жігіттерінің бетін жуған жас, омырауларына төгілген. Карцерден анда-санда ғана шығатын Гунар жасын көрсеткісі келмей ме, жүзімен аспанды шолып, жұтқыншағы бүлк-бүлк етеді. Виктор Калныш, Скуинекс әнші Латыш азаматына қарап, белуарына дейін иілген.
Ақыра жеткен ондаған надзирательдердің дубинкалары да сатырлай жөнелген. Латыштар қозғалар емес. Таяқ жегені тәлтіректеп барып, қайта орындарын тапқан. Әлжуаздау біреуі құлап қалған еді, қолтықтап тұрғызып енді соққы тимейтіндей етіп бауырларына алған. Надзирателдер ешкімді аяп жатқан жоқ. Кавказдықтар да, татар, украиндықтар да соққының астында. Надзирателдер бір-бір ұрып өте береді.
– Ты … опять здесь, крамольник. – Еңкейіп қалдым көк желкеден сипай өтіп, қос жауырынға тиген соққы ауыр тиді. Надзиратель келесі азаматты сілейтіп өтіп, онан арғысын боқтап жатыр екен.
Екі көзім әншіде. Егіле жырлап, мынау қызығыда, қиянатты да мол әлеммен қоштасып тұр. Қанша қиын болса да мынау сұлу әлемді тастап кету деген… Тағы «Қаракесек» ойыма оралды. «Науқасым жанға батып жатқанымда, болмады…» Науқасы оның азат елін көру.
– Атыңдар! – оншақты солдат асыл азаматты көздей бастаған.
Орыстың оғынан өлгім келмейді. Қош! – деп қолын сермеген ол тоқтың сымын қармаған. Күйіп кетті. Қарауға жүзіміз шыдамады.
Әншінің дауысы әлі құлағымда. Оның әні енді міне Ерланның дауысымен қосарланып кетті. «Қаракесек» « соншама таусылмас жігер, қайрат, дабыл қағып тұр» деп еді-ау. Ерлан-ай сол шақта сенің әнің оған жетсе, оны ажалдан арашалап қалар ма еді.
«Болмады-ау жан ашитын…»