Иоганн ГөтеСоңғы айларда «ізденіс» атты кемеміздің басын Шығыс мұхитына бұрғамыз. Фирдоу...
КЕҢЕС ЮСҮП ЖӘНЕ «ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖАЛҒЫЗДЫҚ»
Бұл жазба мүмкін жазылмас та еді, егер қолыма бір әріптестерім арқылы Габриел Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» деген романы түспегенде. Ескі танысыма жолыққандай жылы ұшырап қолыма алып қарай бастадым.
Өткен жылы «Аударма» баспасынан шыққан екен. Сыртқы мұқабалардағы белгілерге қарағанда «Әлемдік классика» айдарымен «Нобель сыйлығына иегер» жазушылардың шығармалар тізбегі болар. Сол үрдісте, мұқабаның ең соңғы бетіне Колумбиялық атақты жазушының фото-бейнесі мен шығармашылық қысқаша өмірбаяны жазылыпты. Одан төмен анық жазулармен осы атақты романның түйіні іспетті болған «Торай құймышақ ұлдың дүниеге келуі» дейтін мәтінен үзінді беріліпті.
Енді, келесі кезекте осы әйгілі романды қазақша сөйлеткен шебер аудармашының дерегін іздеймін ғой. Сөйтсем, ішкі беттегі кітаптың әдепкі ресми хабарламалары берілетін тұсында жақша ішінде К. Юсүп деген белгі ғана тұр, тәржіме туралы басқа түйір нәрсе жоқ. Қашан, қалай аударылған, тәржімеші кім бұл жөнінде ештеңе де жазылмаған.
Көңілімде реніш туды, аудармашы атты бейнетқор жанның «ішкені сор, жегені тұз» болу деген осы екен ғой, деген.
Өйткені, бұл атақты аударма өткен ғасырдың сексенінші жылдары оқырман қауымды бір дүрліктіріп тастаған кітаптардың қатарына кіретін-ді. Советтік соцреализммен басымыз әбден форматталған біз пақырлар «Жүз жылдық жалғыздықты» қолға алып оқи бастағанда таң-тамаша қалғанбыз. Әрі, «коммунизм идеясымен тәрбиеленіп» келе жатқан біздей оқырман, бұл «тұрпайы капиталистік» шығарманың байыбына да онша жете алмай екіұшты ойда жүргенбіз.
Бірақ, кітаптың тілі, тіл болғанда төгіліп тұрған су жорға қазақшасы тәнті етпей қоймайтын еді. Бұл романда баяндалатын оқиғалар да, адамдар да, суреттемелер де біздің қазақи өмірге мүлде жат еді. Бірақ, солай бола тұра, сонау қиян қашық жердің арғы бетіндегі, Орталық Америка деп аталатын өлкеде тірлік кешетін бір түрлі қауымның тыныс-тіршілігі қазақша мүлтіксіз сайрап тұрғаны ғажап-ақ!
Содан, бұл жағдай аударманың артықшылығынан деген ойға келгем-ді. Соны тексеру үшін, орысша өз ана тіліндей білетін бір әріптес қаламгерден «Жүз жылдық жалғыздықтың орысша аудармасын оқыдың ба?» деп, сұраған едім. Ол «Иә, иә, оны орысшадан оқыдым» деген. «Аударма қалай?» дегеніме, «Жақсы» деп, қысқаша жауап қайтарған. Жауапқа қанағаттанбай «Өте керемет аударылған емес пе?» деп, анықтағанымда да, «Жо, қалыпты ғана» деген. (Ал, бұл романды аурамашы Кеңес марқұм меніңше испаншадан емес, орысшадан аударған болу керек)
Келесі кезекте өзім қазақшадай деңгейде түсіне, тұщына алатын «Зуун жилийн ганцаардал» деген моңғолша аудармамен салыстырып оқып көре бастадым. Бұл моңғол аудармашы да шет тілінен өз тіліне көптеген кітап тәржімалаған кәнігі аудармашы болатын. Оның осы аудармасын мына қазақшамен салыстырғанда мүлде қарыным ашып қалды. (Егер, қазақшаны оқымаған жағдайда, бәлкім бұған да қанағаттануым мүмкін еді)
Сөйтіп, «Жүз жылдық жалғыздық» романының қазақша аудармасы өте кемел, Қазақ әдебиеті аударма саласындағы тың жаңалық екеніне әбден иланғам. Содан да, егер ғайыптан-тайып Габриел Гарсиа қазақша білген болса, мына аударманы оқып қатты разы болып, «бұл түпнұсқадан да артық шығыпты!» деуі мүмкін-ау, деп қиялдағам-ды.
Иә, нақтылы өмірде ондай да болғанын біз, қазақ оқырмандары жақсы білеміз. Хакім Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт дел-сал ғып түн басады салбырап» дейтін атақты аудармасын кім білмейді? Немістің ақыны Гетеден орыс ақыны Лермантов арқылы осылай қазақшаланған. Ал, бұл өлең жолдары нағыз қазақы адам үшін еш жаттығы жоқ жібектей есілген үйлесімімен үйріп алады. Алайда, сол кездегі қазақтарға жаңалық болғаны анық.
Міне, осы атақты өлеңді үш тілді өз ана тіліндей меңгерген қазақстандық неміс қаламгері Геролд Бельгер ағамыз кезінде, «Қазақша аудармасы мен үшін неміс түпнұсқадан да жаныма жақын» деген пікір айтуы тегін емес еді. Дарын тегеуіріні тең түсіп жататын айтулы тұлғалар үшін бұл әдепкі жағдай дей аламыз.
Ал, расында әлемдік әдеби сыйлыққа ие болған «Жүз жылдық жалғыздық» та шашасына шаң жұқтырмайтын тұлпар болғаны даусыз шығар. Өйткені, оны қанша оқысаң да, «Е, мынау сондай екен ғой» дейтіндей қорытындыға келтірмейді, түсінікті де түсініксіз секілді, қызық та қым-қуыт оқиғалар тоқтамай бірін-бірі қуалап кете береді де, шым-шытырық болып қайта тұйықталады.
Бір қызығы кітаптың кез-келген жерінен оқи беруіңізге болады, қайдан бастасаңыз да оқиға сол тұстан өрбігендей болып, шарықтап келіп, басқа қиянға кетіп аяқталуға дәс қалғанда тағы да өрби жөнеледі. Иә, бұл біз ешқашан түсініп болмаған тағдыр дейтін тылсымның бір құпиясын суреттеген сөз өнер шеберлігі екені сөзсіз.
Міне, осындай өрен жүйрік, қазақ деген аудармашы бапкердің қолына түскенде бәлкім тіпті, бабына келген-ау дегізеді! Иә, біз де тәржіманың кез-келген тұсынан бір үзінді келтірейік:
«Дене бітімі тұтас қиыла салған тас балбаны еске салатын, күллі елге дөп басып айтылған Пілдей атымен әйгілі болған Камила Сагастуме деген әйел келіп жеткен сол бір сұмдық сенбіге дейін Екінші Аурелиано бұл мешкейлік тартыста жан шыдатпаған. Бұл сайыс сейсенбі күні таң атқанша созылды. Алғашқы тәулікте моника мен амстан жасалған жаймасымен, қуырылған бананмен қосып, бір бұзау жеп, бір жарым жәшік шампан ішкен Екінші Аурелиано жеңісіне күмән келтірмеген. Ол өзінің шабытына, ықыласына сенген, оның байсалды бәсекелесі бір қарағанда болбырлау көрінген, әрине тамақ жеу тәсілінде машық, дағды сезілген, сондықтан да үй ішіне толып кеткен, арасында неше түрлі адамдар бар көпшілікке онша ұнай қоймаған еді. Жеңісті көксеген Екінші Аурелиано әдепті ұмытыңқырап етті тісімен тартып жұлмалап жатқанда, әлгі пілдей болса да хирургке тән ептілікпен етті бұтарлап, рахаттанып, дәмдеп асықпай жеді. Ол обиған таудай денелі және күбідей жуан болатын, соған қарамастан Пілдейіңіз нәзік, майда мінезді, қолдары жұп-жұмыр, жұмсақ жүзінен нұры төгілген аса сүйкімді жан болып шықты, оның кіріп келе жатқанын көргенде Екінші Аурелиано күңкілдеп, онымен дастарқан басында емес, төсекте бәсеке өткізуді қалар едім, деуі содан. Ал енді Пілдейің сыпайгершіліктің қылауын бұзбай, ішкен-жегенін де сездірмей, көрегенділіктің ғажап үлгісін көрсете отырып, бір өзі қарынға салып пісірілген бір бұзаудың етін соғып алғанда, Екінші Аурелиано мынау әдепті, сүйкімді түпсіз мес, оны-мұнысын есепке алмағанда менікі-ақ болсын дейіндей әйел екен деп, ағынан жарылып айтқан»
Мынау сөз-сөйлемдегі төгіліп тұрған үйлесімнің түпкі мақсатқа қызмет етіп, қаншама бет шығындап суреттеп жеткізерліктей мешкейлер жарысындағы алып обырларды азғана қимыл, бейне, ой кестелерімен жұп-жұмыр етіп бейнелеуі, жанды қалге келтіруі сөз кереметін көрсетпей ме!
Бірақ, бұл менің оқырмандық жеке көзқарасым ғана. Қаламгер ретінде негізгі айтпағым аудармашы дегенді кәсіби маман секілді бағалап келген көзқарсымыздың онша дұрыс емес екенін айтайын деген едім. Нағызында, аудармашы деген де кәдімгі қаламгерлік қабілет секілді ерекше дарын деп бағалауға саятын құбылыс екендігін білсек дегем-ді.
Әсіресе, «Аударма» деген арнайы атаумен қызмет ететін баспагерлер қауымы, тәржімаланған кітаптың аудармашысын да оқырманға таныстыруға тікелей міндетті екенін ұмытпай, бұл үрдісті баяғы қалыптасқан немқұрайлы үрдістен алып шықса дегендік.
Яғни, шет тіліндегі кітаптың авторынан кейін міндетті түрде аудармашының дерегі берілуі шарт болса дейміз. Өйткені, қай бөгде тіл болса да қазақша сөйлеу арқылы ғана біздің оқырманмен қауышты, егер бұл кітап өзінің түп тілінде жата бергенде біздер ондай кітап бар екенін де білмес едік қой. Бұл тіпті, қарпайым аксиома. Мұндағы шығармашылық құқық мәселесіне келгенде аудармашының да автордан кем емес, құқы барлығында. Сол құқықтың ең бастысы аударма кітапта оның нақты таныстырылуы болмақ.
АБАЙ МАУҚАРАҰЛЫ, жазушы-журналист