ТАҚТАДАН ЖАСАЛҒАН АДАМтақтадан жасалған адамнәр тату дегеннің не екенінсөйлесу дегеннің не екенін бі...
Жүкел Хамай: АЛАТАУҒА АҚТАРЫЛДЫМ АҚ СӘУЛЕ БОП...
Өзіндік жыр сазымен ерекшеленетін ақын Жүкел Хамай - бүгін алпыс деген аға жасына келіп отыр. Ақынның еңбегі еленіп, елі танып, еңсесі биіктеген елеулі кезеңге аяқ басты.
Жүкел бауырымызды туған күнімен құттықтай отырып, оқырман қауымға бір топ өлең-толғаларын ұсынғанды жөн көрдік.
ТҮН КӨТЕРІП БӨТЕН ЕЛДЕ ЖҮРМІН, МЕН!
Түн жамылып
Бөтен елде жүрмін, мен!
Меруерт шығы мөлдіреп,
Майсалы көк құрағы
Өлі жандай көрінед!..
Тыныс алсам,
Туған елдің
Тұнық ауасы жетіспей,
Тұнғиыққа жоқ іздеп,
Тұла бойым көмілед.
Түн көтеріп,
Бөтен елде жүрмін, мен!
Түн жамылып
Шалғай елде жүрмін, мен!
Жан қайғысын арқалап,
Жатқан үнсіз көк тепсең,
Арманын әлсіз таспалап,
Шырмап мені қойғандай –
Тау қайғысын мен жүктеп,
Тау да әлсіз күрсінед,
Түн қалғыған шөптерден,
Көне бір үн естілед.
Түн көтеріп,
Шалғай елде жүрмін, мен!
Түн жамылып,
Алыс елде жүрмін, мен,
Тізілген көк жұлдызы
Жылуы өшіп, өлгендей,
Бәрін көріп қайғырам,
Үмітім түгел өшкендей.
Ат дүбірі жақындап,
Арқарлы елдің киесі,
Арқалы белден үн қатып,
Шақырғандай «Кел-кел!» - деп
Түн көтеріп
Алыс елде жүрмін, мен!
Түн жамылып,
Бөтен елде күрсінем, мен
Тұмар қылып тағатұғын
Топырағынан нәр алған,
Үзіп алса – өлетұғын
Талшық шөбі мен екем!
Туған елді сағындым,
Бөгде түнін жамылдым.
Шала өліктей-тағдырым
Айтшы, мені кім үзген?!..
Түн көтеріп,
Бөтен елде
Осылай деп, күрсіндім!
Түн өткеріп,
Бөтен елдің,
Топырағында күрсіндім
1992. сүмбіле. Қаратал өзені
АҚОРДА
Мына үй –
Мына Ақ Орда –
Атамның өзіндей,
Анамның көзіндей екен.
Түнгі аспанды тіреп,
Айбаттанған сұлбасы –
Жерді көтерген
Көк өгіздің күшіндей екен!..
Тынымсыз ескен –
Ақ бұрқасынды ұмытып,
Елбасының лебізін
Естігендей,
Қасында тұрып,
Еңсем өсті,
Мына Ақ Орданы көргенде!..
14.01. 2006,. 2:01. Астана – Қараөткел.
ОТАНДЫ СҮЮ
Өзгеден,
Сұңқар құс қалай ұшуды,
Сұры киік қалай жосуды,
Сұрамайтыны секілді,
Отанымды қалай сүюді
Сұрамадым, мен!
Өзгеден,
Ана баласын қалай тууды,
Ай аспанда қалай толуды,
Сұрамайтыны секілді,
Отанымды қалай сүюді,
Сұрамадым, мен!
Өзгеден,
Балық қалай жүзуді,
Бала қалай сөйлеуді,
Сұрамайтыны секілді,
Отанымды қалай сүюді,
Сұрамадым, мен!
Өзгеден,
Таулар қалай тұруды,
Тұлпар қалай тарпуды,
Сұрамайтыны секілді,
Отанымды қалай сүюді,
Сұрамадым, мен!
Өзгеден,
Жел қалай есуді,
Ел қалай көшуді,
Сұрамайтыны секілді,
Отанымды қалай сүюді,
Сұрамадым, мен!
Өзгеден,
Ағаштар қалай өсуді,
Адамдар қалай өлуді,
Сұрамайтыны секілді,
Отанымды қалай сүюді,
Сұрамадым, мен!
ХАЛЫҚ
Бір тау, бір сай
Байлығына қоныс бола алмай,
Бас-басына
Байтақты мекендеп кетсе де,
Баба ұраны естілген,
Баршалық күні
Бір тудың астына
Жиыла қалатын
Шеңгелі берік
Халқым менің.
Үш жүзге бөлініп,
Тегін сақтаған
Қалың ұрпағы,
Үрейлі күн туса,
Бір шапанның
Жеңі мен жағасына,
Сия қалатын –
Бірлігі берік
Елім менің!..
14 қазан 2006 ж., Сенбі, 22:19
ҰЛТ
Әй, Ұлтым!
Мен сені
Жақсы көремін!..
Көктемде кәрі саулық
Шаранаға тоймайтыны секілді
Баса алмай бойдағы күш екпінді
Жақсыңды да, мансұқ еткен
жаманыңды да
Күзгі жеміс ағашындай өн бойыма жинап ап
Қашан бір қайтарымы болар деп
Саздау жерден соқа тартқан өгіздей
Ұмтылып келемін,
Бір кәдеңе жетсем деп!..
Әй, Ұлтым!
Мен сені
Жақсы көремін!..
Өзге ұяға жұмыртқасын
Тастап кетсе де,
Көкектің көкек болып
Қалатыны секілді.
Өзегіме жат ұрығын сеуіп,
тепсең де,
Қара қыстаққа қаулап өсетін
Қалың қурайың секілді.
Қара орман ұрпағымды шулатып,
Қаз іңгеннің қабырғасын сөгілтіп,
Қара тіземді бүгілтіп,
Қияннан саған қайтып келемін.
Әй, Ұлтым!
Мен сені жақсы көремін!..
07.08.2006. 20:17. Қаратал
АЛАТАУҒА АҚТАРЫЛДЫМ АҚ СӘУЛЕ БОП...
І.
Тау – Тәңірім,
Аспаныңнан ақ сәуле боп келіп еді, құйылғым,
Амалым не, ақша бұлттай сұйылдым,
Гүлдей едім – тасты жарған, төзімімнен не қалды,
Қастерлім-ау, қарт Алатау өзіңе енді сиындым.
Сағыныш пен өлең-жырға – бал шәрбатты мас болып,
Түнек, түннен түс ұрлаған жампоз едім жас болып
Мәңгіліктің жиегінен ой жетелеп кеткен ем,
Содан бері маған бір мұң алған сыңды бас болып.
Ашық күнде ақша бұлтқа аспан болдым біртүрлі,
Доғар тағдыр,
Ащы жаспен бет-жүзімді сүртуді.
Иесі кім,
Күзгі бақта бір бұтаққа ілінген?..
Бір ұядан бір тал мамық сыр айтпақ боп іркілді.
Оралады кезбе түтін кілең мойын жағама,
Арқаның мен самал желін неге сонша сағынам?!.
Беу, Алатау,
Қоңыр шалдай мұңаймағын сен енді,
Күн қақтаған сұр тастардан талай сырға қанығам...
ІІ.
Түнде тұрып,
Таңда тынған жел менен тау секілді,
Түсімде өзге ойлар келіп жүрегіме бекінді.
Алатаудың бөктерінде ала гүлдер жайылып,
Ала таңнан оны біреу қайырып жүрген секілді.
Кең өрісте жыл – арқанды үзердей боп ұмтылған,
Кермек арман ұрттап алды аңдаусызда қыз – талғам.
Кезбе ойды мәңгілік деп өтірікші бола алман.
Алатаудың ащы жасын жұтып жатыр қу жалған,
Талай жылдар мені күтіп көз майынан тоналған!..
ІІІ.
Баурап алды көкіректі ғажап ой кеп бір тұстан,
Көзімді ашсам, құйылардай қара сәуле қуыстан.
Үн қатпақ ем, тар әлемге кеңістіктен үңіліп,
Өзге өмірге келдім бүгін – батысынан күн шыққан!..
Ән тамырлы – Алатаудың ырғағына елігіп,
Тәтті ойларым қалды адыра, көкіректе күрмеліп.
Ақ қыратқа тартып қойған алтыбақан – арманға,
Аспан қызы тұрды әлдимен тербеліп!..
Тәңірімдей – өлең мен жыр сарқылмастай ағылып,
Қиял – құсым өз ойынан, әлсін өзі жаңылып.
Ақ-сүйегі ақ қияда мұзға айналған адамдай,
Жазғы қарлы Алатауда тұрмын ойды жамылып.
Талай мұңлы көктемнің ән мен күйін жоғалтып,
Кетті арманым өткенге, ақ қардан оқ боратып.
Тәңір сызған тағдырым біртүрлі екен, біртүрлі,
Тек сақтасын дегеннен: «Түсінбеймін, тоба, түк!..».
Жалғандықтан жеңілмес, құдіретті ақ шуақ,
Жансыз бейне болсам да, жаныма кеп жақ шырақ.
Қателіктің көзі өткір, жарық дүние бізді де,
Ақ бөзге орап, содан соң сыйлар ма екен ақ қырат.
IV.
Жауған қардай бақиға ежелгі арман тіріліп,
Жан жүректің шуағы шыңға өрмелер, ілініп.
Тау басында білінбес мұз құрсаған жолдармен,
Пері қызы жүгірер зәмзәм алып сүрініп.
Жан алғыштың алдында шырылдаумен жатар жан,
Таусылғанын сезініп тірліктегі татар дәм.
Сосын суық көк Айдын мекеніне айналып,
Мың құбылған тамырға таң боп тәнім, қалар һәм.
Белгісіз бір әлемнің қуысына тығылып,
Ақын қазақ отырар өлеңіне жылынып.
V.
Жасыл шөптің бүрінен күн қылтиып ұрлана,
Жаймашуақ сыр шертер жапырақтар ырғала.
Өрмекшілер өрнекпен алуан түрлі тор құрып,
Өмірде жоқ ғажайып ойлар түсер жырға да.
Көлшік суға шомылып, көлбақалар қарық боп,
Құмырсқаны ермек қылар, ертек сүйгіш халық көп.
Алатаудың етегін аңдаусызда басып қап,
Ақша бұлттар шомылар көз жасына қарық боп.
Торы қыздың бетінен самал сүйер еркелеп,
Тобылғының бұтағын күн әжіммен кестелеп,
Сарыарқаның төсінде сапырылған қымызға,
Сағынышпен көз салар қарлы шыңдар қызыға...
VI.
Қыран қалқып, қасқыр ұлып, ала сауысқан құрысып,
Жел жүгірер, Алатаудың етек-жеңін түрісіп,
Жанарына тамшы ілген сұрша торғай шырылдап,
Әлдеқандай ақыл айтар ақынына бүрісіп!
Қызыл шақа көк бұталар жүрек мұңын сыбырлап,
Бей уақыт та бір келер шабан аттай қыбырлап...
Жер-әлемді кезіп жүрген бір әнім бар, ол да елес,
Үнім де әлсіз, әнім де әлсіз арасында болды егес!
Желіп келер Алатауым қар шудасы желкілдеп,
Боталаған жанарынан күміс тамшы мөлтілдеп.
Уақыт емген шоқ айдарлы боз бұтаның түбінде,
Жылы ұяға қоян ығар қос бүйірі бүлкілдеп.
VII.
Алма бақтан сұлу елік маған қарап қалғандай,
Алатауға жаз келіпті хас суретші салғандай.
Түрлі бояуға қанығып, төрт мезгілге куә боп,
Мәңгіліктің шырынын баяу жұтып алғандай...
Ұлы әмірмен өмірдемін, уақыт келсе, қайтармын
Ұлар таудың парызына белшемнен бір батармын.
Тірлік осы, тірлігімде қаншама әлі татар мұң?!.
Қар астынан жарып шыққан белгісіндей ұжмақтың
Қайсар гүлге қыбын тауып әйтеуір тіл қатармын.
VIII.
Алатаудың өзі де рас, желі де рас – бір ғашық,
Ақша бұлты гүлдерімен тұрар мәңгі сырласып.
Ала сауысқан шықылықтап, әлдеқайдан үн берсе,
Ақ бас шыңға төгілер қара өлеңім нұр шашып.
Жылау білмес, қатал көңіл ақ тамшыға көміліп,
Таң алдында ойға шомар гүл қауызы сөгіліп.
Қырау шалған кәрі күннің сақал-мұрты селдіреп,
Ақ тірлікке қайран қалар кезбе жел де егіліп.
Ұланғайыр әлемдегі ұлылыққа бас иген,
Ақындарды есіне алар бөктердегі жас изен.
Кеңістікке сіңіп кеткен ең ақырғы нүктеге
Көзін сүзер қарт Алатау, оған бөтен бас изеу!..
IX.
Тірлігі өшкін көне өмірдің тілін тістеп, тершігіп,
Тылсым сәтте көк тырналар ақ сәулеге тұншығып.
Тұлпар иісті ақ сүйектің қуысынан қуарған,
Тас қырандар самғап ұшар, кеңістікке күн құшып.
Алатаудың шудасына жел сүрінер жығылып,
Таңда ыққан ақ лақтай қара апанға тығылып.
Жалғыздықты мойындаған шоқ жұлдызға серік боп,
У жыланды тышқан жұтар зәһарына жерік боп.
Шетсіз, шексіз ұзақ өмір мәңгілікке жалғасып,
Мынау дүние тұра бермек тек адамы алмасып.
Тәңір – Таудың киесінен үміттен бе, үмітің –
Тас мүсінге айналады, жата берме жармасып!..
Сарысы мен аппақ гүлі сары уайымды ән қылып,
Қобыз үні естілер, ол да алыстан жаңғырып.
Кәрі тұлпардың көзі едім мен, өзі едім,
Етегіне Құдірет-Таудың жеттім аяқ талдырып!..
Х.
Қиял жұтқан дала төсін қазақы ою кестелеп,
Белгісіз бір қиырдан бір сазды әуен естілед.
Қаз дауысқа жүрегі ынтық бар еді бір бозбала,
Бозбаланы өзгертер ме бөтен әуен кескілеп.
Тау-үйіме талайлар кеп, талай адам дәм татар,
Тарғыл тасты бәрі емес, тек бірі ғана ұнатар...
Мәңгіліктен Тау, Мен, Жұлдыз үшеуіміз өшпейміз,
Туған жердің аспанынан алысқа енді кетпейміз.
Жаңбырдан соң нәзік гүлдің балтыр сызып өткені –
Бізді өзінше өпкені!..
ХІ.
Мәңгілікті Тәңірден күткен менің Жан-кием,
Үміті мол тағатыңның алдына кеп бас ием!
Арпалысқан, қызығы мол гүл-өмірден жалықтым,
Ұлылықты өзің алып, мені таны жарық күн!..
Шаршағанда сүртер терді, сүйенер тауым барында,
Өз елімнен ұзамаспын ғаламда!..
Бал шырыннан жұта-жұта, шалдықпасам дертке, мен,
Сағымға әсте бермес едім орын мен жай санамда.
Өрігінің дәмі де, бөлек келер өзгенің,
Өрге қадап кірпігімді өзгені де көп емдім.
Әз халқымның салтын, дауысын сағынып,
Сағынышпен қанша ғұмыр өтті-кетті, жөнелді?!
Тұмса үнді барлық шыңға сіңірем деу – жөн емес,
Туған жердің аспанында тұрады ылғи бір елес.
Тас кемірген көк шаянды бақыттырақ көруші ем,
Тар кеудемді тарыдайын жеген кезде бір егес!..
ХІІ.
Сахарада түйе қомдап, тұлпар мінген қайран ел,
Қайғы-мұңға қаншама жыл жатты сыңсып сайран бел.
Бақыт іздеп, баз кешкенін өзі үшін деп ойламан,
Сарыарқаның кең төсінде шәйіт болды қаншама ер?!.
Жанарымнан тамған жасқа мұз қатырды өгей жел,
Өз тауыма табан тиді,
О, Тәңірім, жебей көр!..[1]
1993, наурыз. Қаратал
БАЗЫНА
Маған әнеу жерден
Орын бере сал, Отаным!
Ешкім көзге елеп,
Жерсініп жатпайтын.
Қара шыбын, қоңызынан өзге
Иесі жоқ.
Ақкіс[2] салған
Жиектей иір жымнан өзге,
Адасарлық бұрысы жоқ...
Өлең жазарда әркім сығалап,
Мазамды алмайтын.
Қурай, тікенегі ұйысқан
Бұйығы жер екен.
Маған әнеу алаңқайдан
Орын бере сал, Отаным!..
11.08 - 12.08. 2006. 12:45. Қаратал.
***
Қазақ дегенің,
Жағасы ашық болғанымен,
Кеудесі құрыш,
Көкірегінің тереңіне ой жетпейтін.
Аяғы маймақ болғанымен,
Тарамысы күрмеу,
Шалғанын жықпай
кетпейтін.
Өзі жаяу болса да,
Өзгеге жалғыз атын түсіп беріп,
Айдалада жүгенін ұстап қала беретін.
Қаһарынан қаймықпай,
Қалыңға жалғыз кірсе де,
Кәрі шешесінің алдында,
Құрдай жорғалап,
Бала бола қалатын,
Қабағы – қыс,
Көңілі – жаз болатыны қайда?!
Мына бір қызтекеңнің
Мінезін, түсінбей – ақ қойдым!..
12.08. 2006. 12:39. Қаратал.
***
Келер күндердің сағымындай бұлдырап,
Отаным неге мұңды жандай көрінеді?!
Көктем желіне түріле,
Қой-қозыдай шұрқырап,
Жырға толып жататын,
Алыстап байырғы күндері,
Отаным неге аңызақ желдей сезіледі?!..
Жазғы жайсаң мезгілде
Күн сәулесі тотығып,
Ақбоз үйдің туырлығындай,
Төскейлерін кір шалып,
Жалғыз аққу аспанда
Көз жасындай мөлдіреп,
Иен түзде самал жортып,
Күзеу жұртқа күй төгіп,
Шөңгел кірген табандай
Жүрегімді сыздатып,
Отаным неге мұңды жандай сезіледі?!
11.09.2006. 13:28. Қаратал
***
Арғы беттен хат келіпті.
Әндетіп отырып жазғандай,
Көңілді баураған
Суының, жерінің иісін сіңіріп,
Үзік ойды жалғаған
Хат келіпті арғы беттен...
Талайдан мен естімеген,
Көркем сөзбен өрнектелген,
Әдемілеп төрт бүктелген,
Төске тағар тұмардай
Көзге жылы
Көптен күткен хат келіпті...
Бел асқан самалмен
Бірге ұшып келгендей,
Түсімде айтылған
Әдемі сөздерді тергендей,
Үміттің бедеріндей
Бір әдемі хат келіпті.
Арғы беттен
Әппақ самал ескендей...
5 қазан 2006 ж., Бейсенбі,. 16:30
ЫМЫРТТАҒЫ ӘУЕН
Ыдырап, шашылған сейіл бұлттар,
Көн тулақта сабалған жүндей көрініп.
Көпіріп ұшқан ақ қылшықтар,
Өлең туған түннің сәулесіндей сезіліп.
Түстіктің самалы шашымды тарап,
Түстікке қарай өлеңім ұшты.
Түстіктің құстары жүректе сайрап,
Түстіктің аңызы санамды құшты.
Шарапқа шалынып, масаң күйде,
Шымылдыққа көміліп,
Дүние иісі жанды билеп,
Қыз сырына күрмеліп,
Көгілдір көрпе, көгілдір шалғын,
Көгілдір сурет, көгілдір шарап,
Көгілдір жаңбыр, көгілдір ұйқы
Көгілдір бейнеге бой алдырып.
Керегенің басындағы өрмекші торының
Көрікті суретіне телміріп жатып,
«Шекара сызығына» белгіленген
Тақап қалыппын еліріп!..
Түстіктен ай шашымды өрді.
Түстіктен жаңбыр жастығымды көмді.
Түстіктен гүлдер жұпарын төгіп,
Түстіктен көркің көз алдыма келді!
ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ
«Тезек түтіні будақтаған малшының үйінде тудым, мен!..»
Ч. Чимид
1.
Қастерлі анамның құрсағына біте бере,
Ыстық қаныма сіңіп, денеме тараған.
(Қасиетті әкемнің босағасына түскенімде,
Қызыл шақа танауымды қытықтап...)
Тірліктің исін сездірген –
ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ
2.
ТӘҢІРІ демеп, шыр етіп жерге келгенде,
Даланың барша жұпарымен денеме сіңген.
Ауызыма алғаш ақ тиіп, уыз ішкенде,
Атажұрттың жусан исін сездірген,
Сезім, түйсігімнің бастауы –
ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!
3.
Қалың елімнің төрт түлігі қаптай өрістеп,
Құмалақтай шашылып.
Ұланғайыр байтағына,
Ұрпағым жалғасып жатқанда,
Төрімді жамандықтан аластап,
Төрткүл дүниеге иісін шашар –
ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!
4.
Киіз туырлығымды көтерген –
Қарынды уықтарым секілді,
Қағанатымның еңсесін түсірмес –
ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!
5.
Желіге тізілте байлаған,
Асау құлындарым секілді,
Алқапты даламның желкесінде
Желкілдеп жатар –
ТЕЗЕКТІҢ КӨК ТҮТІНІ!
14:44. Қырат
СЕКСЕНКӨЛ ӘУЕНДЕРІ
1. КӨКШЕ ҚЫЗЫ
Көкшеден келген інім аңыз айтты,
Қос ішекті домбыраның
Көмекейі талғанша,
Тамаша бір әнге басты.
Сол бір қыз туралы айтқанда,
Аспан құсы шаңырақтан
Кіріп келгендей болды.
Жүрек елжірегендей,
Сол сұлудың есімін айтқанда
Төр алдына кемпірқосақ
Түскендей болды.
Көкшеден келген інім аңыз айтты:
Көл жағасында екі үй болған
Батысындағы ақ үйде
Сол қыз толған – деді!
Төбедегі шоқ жұлдызға
Соның атын қойған – деді!
Гүл көбелегі кірпігіне
Шыр айналып қонар – деді!
Жанарын көрсе көгілдір құс
Айдыным деп қалар – деді!..
Көкшеден келген інім аңыз айтты
Түсімде көрмес сұлуды айтты!..
10. 01. 2006 ж,. 0:08. Қараталдың бойы
2. КӨКШЕДЕ
Көрген түстей көзге жылы көрінген,
Бұл өлке мен келмеген жер екен.
Көк бұлттар көк бояудай себілген,
Көгілдір таулардың шері екен.
Ала көйлектің бедеріндей төгілген,
Алау гүлдер Ақеркенің исі екен.
Мына бір ала қыналы тұғыр тасқа,
Егіз елік қай кезде келіп отырды екен,
Сүйір саусақтарының сүп-сүйкімді табы мен,
Бір сынық көз жасын қалдырып кетіпті!..
Тау деп көргенім тау емес, таңғажайып сөз екен
Тас қынамен оны кім қашап кетті екен!.
03.26.2006. 12:18. Қаратал
3. КӨКШЕНІҢ ҚЫЗЫ...
Көкшетаулық әнші апай Қапашқа
Көкшенің қызы отырған жерде,
Көйлек түстес гүлдер өсіп.
Көкшенің қызы түнеген көлге,
Көкала үйрек жүзеді деп пе еді?!.
Көкшенің қызы жүрген жерде
Самал жел де имене есіп.
Көкшенің қызы отырған жерде,
Марал жүні түлейді деп пе еді?!
Көкшенің қызы жатқан жерде,
Көк майсаның иісіне бөгіп,
Күміс түнде киіктің лағы,
Сәуле құшып ұйықтайды деп пе еді?!,
Көкшенің қызы жүріп өткен,
Сексен көлдің жағасы да,
Сұлулықтың буына солай,
Жасарып мәңгі жатады деп пе еді?!..
Көкшенің қызы отырып кеткен,
Көк жасаңға кейіннен,
Көкшіл бір торғай келіп,
Ұясын салады деп пе еді?!.
20.07.2006. 23:39. Қаратал
***
Кешқұрым Көкшенің жағасына
Көкшіл бір торғай келді де,
Көлдегі толқынға қарай
Күмбірлетіп бір әуен тартты.
Сол көкшіл торғайдың
Күмбірлеткен әуенінің ырғағына,
Көк жусан белін жазып,
Көлге түскен жұлдыздың
Көз-сәулесіне
Көңілдене үн қатты.
Солайша Көкшенің көк толқыны
Көктегі көп жұлдыздармен қосыла,
Арқаны әнге бөлеп,
Жаңа босанған жас келіндей
Бусанып жатты.
Кешқұрым Көкшенің көк толқыны,
Көк аспанмен осылайша,
Екеуіміздің алғашқы кездесуіміз сияқты
Көңілдене сырласты!..
1 қазан 2006 ж., Жексенбі,.16:35
***
Көкше десе –
Көз бастаудың суын жұтқандай
Сарайым кеңіп,
Сал серілердің салған әні
Көк аспанға шарықтағандай,
Дариға жүрек кетеді-ай, сусып
Кеңістік бойлап сайғақ бөкендей
Еркіндік аңсап,
Құлагердің шабысындай екпіндеп,
Бозбалаға да ырық бермей
Дүние дәурен-ай!..
Көкше десе –
Сен келетін жаққа асыққандай.
Көкше десе –
Түзден құралай шақырғандай.
Көкше десе –
Дүние дәурен-ай,
Бар қайғымды ұмыт етіп кетем-ай!..
15 қыркүйек 2006 ж., Жұма.,13:34
***
Көкшенің көк жусаны
Түсінде мені көреді-ау, деймін.
Сол мені түсінде көрген –
Көк жусанның жанына,
Көкшіл бір елік келіп,
Күзгі түнде түнейді-ау, деймін.
Абылай хан орда тіккен –
Көк жасаңның мөлдір шығын,
Кеудесіне жабыстырып,
Көп көк жұлдыздың астында,
Тәтті бір түс көреді-ау, деймін.
Көкшенің көк жусаны
Түсінде мені көреді-ау, деймін!..
5 қазан 2006 ж., Бейсенбі,. 16:40
***
Көкшенің көк айдынынан қаздың үні естіліп,
Гүл қауызында көз жасындай көгілдір тамшы мөлдірейді.
Көк жусанның бойынан қыз мұңындай жеңіл сәуле өріліп,
Көктен жұлдыз аққандай күміс әуен төгіледі.
Көк орманда кері марал ерсілі-қарсылы кезеді,
Күміс айдың бетінен көне ертегі естіледі.
Түнқатып жортқан күлік терлігінен әппақ тамшы мөлтілдеп,
Кермиықтың жәудіреген жанарына іркіледі.
Ақыл – ойым айнала тірліктен әлде нені күткендей,
Кері құлын жүйткиді енесін идіріп, сүт ембей.
Қоға қуған самалға көңіл жиегі сөгіліп,
Өбіп жатыр уақыт – тірлік дәнін білдіртпей!..
22 қазан 2006 ж., Жексенбі,. 13:14
ЕГІЗ ҮШ ӨЛЕҢ
1. СӘРЕ АШАР
Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!
Қолында бүркіті
Қанатын қоңыр шалған,
Үстінде барқыт қара шапаны
Мойнына дүрбі салған.
Астында баяғы көкжал құла,
Қамыс құлағын алды-артына
Қайшылаған!...
Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!
Бойы бұрынғыдан сәл ұзарып,
Қалған сияқты сақалы да бозарып.
Қызыл пұшпақ тымағындағы сарғылт үкі,
Көрінді ол да алыстан тым ағарып!..
Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!
Әлде нені айтқандай,
Ерінінен емеурін байқалып,
Ат үстінде жер аңысымен
Шайқалып,
Күміс белбеуінің бедеріне дейін
Ап – анық,
Тау бөктерлеп келе жатты
Күзеу жұртты бетке алып!..
Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!
Сөредегі жас құртты
Кезқұйрық іліп кетпесін деп,
Ақ құйрығын сарлықтың
Шешем ашаға байлап жатты.
Іргеде айран ұйып қапты,
Ағаш саптаяққа құйып ап,
Толтыра оны сапырып жатты!..
Түсімде әкемді көрдім-ау, деймін!
Теріскей толған қой екен,
Күнгей жақта қозы, лақ
Шұрқырайды маңырап,
Қазір жамырап кетердей-ақ!..
Шешем соған асықты ма,
Шала қалған ұшығын
Бітірместен,
Жинай салды төргі жүкке
Тігіп жатқан сырмағын!..
Түсімде...
Түсімде солай көрдім-ау, деймін!..
26.07.2006. 6:19. Қаратал
2. СӘСКЕДЕГІ КӨРІНІС...
Күнге таласып,
Екі қоңыз бір-бірін
түрткілеп,
Кеміреді қу тамырды
Еріндері шөпеңдеп...
Киіз үйде
Шай құйылған кесеге
Күн сәулесі төгіледі
мөлтілдеп!
Сағым ойнап сексеуілді
Қуаң шалған шағылда
Жүгіреді көлеңке іздеп
қақтағы сұры кесіртке...
Жерошақта тезек шоғы
Әлсіз ғана қызарып
Құрттай шалдың
Ақ шынтағы
Сіңіп барады жастыққа!...
3. БЕСІНДЕГІ КӨРІНІС...
Киіз үйдің артында
Қара домалақ «көбелек»,
Атасының шақшасын
Салып алып қалтаға,
Қорсылдайды өкпелеп,
Қара жерді өкшелеп!..
Күн сіңген кекілінен,
Иіскемек болса әжесі,
Жолатпайды кемсеңдеп.
Батып барады алау күн
Көкжиекте таласып,
Батқан күнмен жарысып,
Тау қойыны қарауытып!..
29.07. 2006. 7: 58. Қаратал
Кеш...
(Әжем Тоқанайдың рухына)
Күндіз мұнда жауған бұлт
Сіздер жаққа кетіпті...
Салқын желге тоңазып
Ағаштар басын бүгіпті.
Үстірт жер ғой
Сіздерде...
Қырбақ ерте шалатын.
Көрпе жетер үйімде
Қауқар жоқ қой жабатын!..
Аяғыңыз созылған
Жаурар ма екен,
Әжешім!..
"Тоңбайды" десе де,
Ол жақта
Сезеді бәрін қу ішім!..
РОНДА
1.ЖАЙЛАУ
Адам бұрын келген бе,
Бұл дүниеге?
Иәки, арман?!.
Көгалға қонса көбелек,
Ол – мезгілдік бір байлам!
Жақсы жар сүюің –
Бастамасы кәрліктің.
Көк толқыны теңіздің –
Тынысы титтей шабақтың!
Құдайы бар дүниеде,
Қорқамыз сонда неден біз?!.
Қораға біткен көп қой да,
Бірер жұттың азығы!..
Тойып жеген талқаныңды
Ұмытайын дедің бе?!
Қайда тығып қоямыз,
Мына шемен ішті біз,
Ел етекке түсерде?..
2. ҚҰМАРЛЫҚ
Әдемі,
Домалақ,
Қап-қатты.
Әппақ,
Қауындай
Тәп-тәтті!..
– Ұстама,
«Өліп» қалады!..
– Тиме,
Солып қалады!..
Әдемі,
Әппақ,
Домалақ,
Қап-қатты!..
3. ЕРТЕГІ
Ақ шымшықтың
Қосарлап салған ұясындай.
Алақанның әжімсіз қуысындай
Бір тамаша затты
Алғаш қайдан көріп едік?!..
15.08.2006. 00:1. Қаратал
ИІС
Тауда жұпар,
Таста тарғыл бедер бар.
Ақша қар!..
Ақша қарда –
Күзгі күреңсе исі бар.
Ел білмейтін
Ескі көпірдің маңында,
Есте жоқ еркеліктің исі бар.
Жайлауда жаздың,
Күзеуде күздің исі бар.
Тұлпарда жердің,
Тұғырда бүркіттің исі бар.
Бір кезде бала болған
Мына қалың жұрттың да,
Сүйегінде
Жөргегінің исі бар!
13.08. 2006. 12:08. Қаратал
[1] Аударған Жарас Сәрсек
[2] Ақкіс – тышқан тектес жәндік. Адам зиратына өте үйірсек.