Клара Қабылғазина. Шарасыз (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5285


Сенiскен досым да жоқ, асылым да,

 Ақыры өлең қылдым ,жасыдым да.

Көрмеген көп дүние көл көрінді,

 Кірлемеген көңілдің ашығында.

    Абай

Алла тағала бұл дүниеге келтiрiп, адам етiп жаратқан соң, маңдайға бiткен жолдың бақ па, әлде сор ма, әйтеуiр бiреуiмен өмiр кешедi. Бiрақ, неге сол ”сор” деген көбiрек жабысып, “бақ” дегенiң ойқастаңқырап, қашып, бейшара сормаңдайлар, бақытсыздар қатары молаяды екен? Сол сұрақтарға жауап таба алмаған сайын осынау бiр оқиға көз алдыма келе беретiн едi...

Мына бiр қаршадай баланың маңдайына бiткен сордың бiр себебi – арақ. Мөлдiреген қап-қара, тұнық көздерiнен үнемi мұң табы сезiлiп тұратын, нәзiк, ап-арық, күнәсiз сәбидiң көз қарасына тап келiп қалған сайын жерге қарап өтетiнмiн... Мұңдысын-ай... Қасiреттiң, шердiң, қайғының табы емес, балалықтың шаттығы, қуанышы, еркелiгi сезiлiп тұруға тиiстi жанарға түскен көлеңке сол бал дәуреннiң белгiлерiн қалқалап, көлегейлеп көрсетпей тұрғандай...

      “Осы бір арақ дегендi кiм ойлап тапты екен? Сол бәлекет болмаса қарным ашпас еді, менiң шешем де ана Арманның, Айдостың әке-шешелерiндей әйбат кісі боп, мен де сол балалар құсап қарыным тоқ болып, таза киiнiп, алаңсыз ойнап жүрмес пе едiм...” деген ойларды жиi ойлайтын да, сәби жүрек өзiнше қиналатын, өзiнше сан тарау сұраққа жауап iздеп сарсылатын. Осы тектес сауалды тосыннан маған қойғанында қатты тосылып қалғанмын. Әдеттегідей, күнделікті жұмысқа бет алған едім.Санаммен сәбиді іздеп келе жатқанмын, алдымнан шыға келді.

    -Сәлеметсіз бе,тәте! – деді мұң кіреукелеген көздері жасаурай. 

   - Сәлемет пе,қалқам? Ойнауға шықтың ба? – дедім сөз ретін таба алмай.

   - Айтыңызшы, менің мамам неге арақ ішеді? Ал, сіз неге ішпейсіз?

   - Арақ деген жаман нәрсе, сонан кейін ішпеймін... Ал мамаң жайына келсек, оның өзінен сұрау керек болар..,-дедім күмілжіп.

 - Маған ішпейтін мама тауып бересіз бе?                        

«Япырмай, мама деген біреу-ақ болады, кез келген адам ана бола бермейді дегенді қалай түсіндірем» -деп дал болдым.Сәби санасында сондай үлкендерге тән ой жүреді деп ойламаппын.Ішкілік дегенді кім ойлап тапқан бәлекет екеніне,адамдардың соған не үшін құмартатынына шынымен-ақ жауап таба алмадым.

Бұл баланың көзiн ашып көргенi шешесiнiң ащы суды iшiп алып, әлде кiмдермен керiлдесiп жатқаны, немесе өздерi сияқты бiр топ адамды жинап, айғайласып, ауыздарына келгенiн айтысып, орынсыз ыржыңдап, ия болмаса бір-бірлерінің кеңірдектеріне жармасып жүргендерi.Солармен таласып-тармасып бiрдеңенi iшiп-жеген бала босаған шөлмектердi солдат қып ойнағанды әдетке айналдырған. Ол өзінің кішкентай нәресте кезiнде анасының онша iшкiлiкке салына қоймағанын, күйеуi тастап кеткенiнше әжептәуiр әйел болғанын, өмiр деген алып теңiздiң толқынына қарсы тұра алмай, босбелбеу, ынжық мiнездi анасының осындай күйге душар болғанынан хабарсыз болатын. Бұл ащы судың не сиқыры барын нәресте сәби бiле алмайтын. Әйтеуiр, соны ұрттамаса бұны жазықсыз ұрып-соғып, әйтпесе ұрсып алатын анасы бiрер стаканды ұрттап жiберген соң керемет тамаша, жайдары мiнездi адам болып шыға келетiнiне қайран қалады. Оның ащы су екенiн ана бiр жолы татып көргенi бар.Отырған ағалардың бiрi:

- Әй, атың кiм едi? Кел, ағалардың мынандай да ащы нәрсенi iшетiнiн көр, еще, соны iштiң деп балалары ұрсатынын қайтесiң... Мә, татып көр... - деп Мәлiкке ұрттатып жiберген едi. Бұл сонда қақалып, шашалып, көзiнен жасы ағып, тұншыға жөтелген болатын. Олар оған қарқылдап күлiп: “Әне, көрдiң бе, бiрақ кейiн үйренiп кетесiң... Зәмзәм суы деген осы шығар деп ойлайсың... Бұнысыз тұра алмайтын халге жетесiң... бiз сияқты...” деген еді мәз-мәйрам болып.

Анадағы ағалар айтқандай, кейiн iшерiн, iшпесiн бiр Алла бiлер, бiрақ дәл қазiргi уақытта оның ащы суға тәбетi тартар емес.

Сәби жүрегi күндердi екiге бөлiп үйренген: жақсы күндер немесе жаман күндер. Жақсы күндер дегенi анасының үйде отырып, бөтелкелердiң түбiнде қалған бiрдеңелердi iшiп, басын, қабағын жазып алған соң, оны-пұныдан тамақ пiсiрiп беретiн күнi. Ал, жаман күндер... Ой-бой..., оның бетiн құдай ары қылсын, мамасы дала безiп кетiп, iшiп-iшiп, үйге қайта алмай, жолда құлап жататын күндерi. Ондай кездер Мәлiктiң басына қара күндер туды дей бер... Құлап жатқан шешесiнiң басын отырып алып, жалынады, жылайды: “Мама, мама, жүршi, үйге барайық, үйде ұйықтайықшы... Мама, мен қорқамын... Менi бiреу алып кетедi ғой... тұршы...”

Ал, оның тұрмақ түгiлi, көзiн ашып, кiрпiгiн қимылдатар шамасы жоқ. Аздан кейiн жылап-жылап көз жасы таусылған соң жұлқылап, сүйремекшi болады. Бiрақ жетi жасар баланың шамасы неменеге келсiн...

Алматының ақ жаңбыры бiрнеше күн бойы сiркiреп-сiркiреп тиылған болатын.Тоқталған, шалшық суларды ертемен тұра сап, кешiп ойнап жүрген Мәлiктi тағы кездестiрiп қалдым.

- Неғып ерте тұрдың? Ұйықтамадың ба?- дедiм.

- Ұйқым келмейдi... үйге де барғым келмейдi...

- Сұмдық-ай... Қаршадай сәбидiң көзiнiң айналасына да әжiм түседi екен-ау...

Талайдан берi күтiм көрмеген баланың үстi-басынан күлiмсi иiс шығады. Жұрегiм шым ете қалды. “Осы жақын күндерi бұл баланы күштеп балалар үйiне тапсыруға кiрiспесек болмас”, - деген ой ұшқыны тағы жалт еттi.

Анау топ-топ болып жүрген балаларға да қосыла алмайды бұл. Мәлік балаларға жақындаса-ақ олар бұдан қаша жөнеледi, тiптi болмаса келекелеп: “Алқаш, алқаш, алқаштың, ішкіштің баласы” деп бiрiгiп айқайласады. Шарасыздықтан отырып, отырып бұл ұйықтап кетедi.

Есi кiрiп, етегiн жабуға шамасы келсе, анасы тұрып, тәлтiректеп, үйге бет алады. Шамасы келмесе сол жатқаннан мол жатады. Өткен-кеткендердiң бiрi балағаттап, бiреуi теуiп те кетедi.Әйтеуiр, мұның ұғымынша, Мәлiктi емес, мамасын кiнәлайды. “Өй, ұятсыз неме!” деп теппек болып, аяғын көтере берген бөгде ағаның аяғына жабысып, ұстай алғаны бар... бiрде. Есесiне таяқ мұның өзiне тидi ұзақ жылады, егiлiп жылады... Не себептi анасы екеуiнiң осындай күйге түскендiктерiн ұға алмай дал болады. Бөгде бiреуден жеген таяғына емес-ау, сәби жүрек тағдырдың таяғының ащылығына жылады.

- Қарны да ашып, бiр ыстық тамақ жегiсi келдi. Көршiлерi, Арманның шешесi, бiр жақсы тәтей. Анада, екi-үш рет бұны шақырып алып, маңдайынан сипап: “Айналайын-ай... сенiң жазығың жоқ қой... ана құдай атқан, Айжан ғой жазықты. Сенi мәпелеп өсiрiп, тапқан таянғанын араққа емес, саған арнап отырса ғой, сенi сорлатпас едi-ау, - деп бiраз ұрсып алып, Мәлiктi жақсылап тамақтандырған болатын. Сол күнгi тамақтың дәмi аузына келiп, езуiнен сiлекейi ағып кеттi.

- Айтқандай, үлкен қара сөмкесi бар, жиі келiп жүретiн, кеше көршi подъезге кiрген сол апа келсе бiр жақсылықтың боларын сезедi, ол ақша бередi, яғни жақсы күндердiң бiрi. Ондай сәттер бiр мереке бұлар үшiн. Мамасының сөзiмен айтқанда: “Сенiң өлген әкең о дүниеден ақша салып қояды анда-санда”. Екеуi базарға барады ол күнi. Бұның сұрағанын әпереді сонда мамасы. Әрине, Мәлiк тәттi сұрайды, ойыншық сұрайды.Бірақ, бiр рет қана “аяғымдағы сандалым тесiлiп қалды, жүгiрсем тас кiредi” деп айтқаны есiнде. Сөйтiп, ес бiлгелi бiрiншi рет өзi болып киiм алдырған.Егер ол жақсы күнi мамасы базарға сау барса, үйге бiраз тамақтар, заттар алады. Соңында әрине, бiр-екi шөлмек алуды ешқашан ұмытпайды.

- Алмашы, мама, оны алмашы, - деп бiрер рет қолына жармасып едi, Мәлiк шапалақ жеп қалған-ды. Содан берi қарсылық жасамайды. Бәрiбiр алғысы келсе алады, ешкiмдi де тыңдамайды. Алса алсын тек үйге барып iшiп, ұйықтап қалса екен... Ең басты тiлегi – ешкiм келмесе екен... Әйтпесе, ана жолғы ұзын сары аға қасындағы кiсiмен айқайласып, ақыры оған лақтырылған шөлмек Армандардыкындей түрлi-түстi болмаса да әйбат көрсетiп тұрған телевизорды быт-шыт қылды. Содан берi не ”мультик”, не ”соғыс” көре алмаған ол iшi пысқан соң айналып келiп, сол шөлмектермен ойнайтын... Өмiр осылай өтiп, тiрi адамдар тiршiлiгi созыла берер ме едi... Егер осынау бiр оқиға дүниені дүр сiлкiндiрмегенде.

Ертемен кеткен анасы күнi бойы үйге оралмаған соң Мәлiк оны iздеп көшеге шыққан болатын. Үйге жақын маңайдағы базарда жиналатын едi әдетте мамасының жолдастары, сол жерде бiрiгiп, ақша жинап, арзан арақ сатып алып iшетiн. Ол жерден ешкiмдi таба алмады. Қайтып келе жатып, жол айырығында құлап жатқан әйелдi көрiп, солай бұрылды. Мамасының киiмдерiне де ұқсайды киiмдерi. Тезiрек жетiп жол шетiне шығармаса машина басады. Әне, бiр иномарка ағызып келедi. Оны жүргiзетiндердiң бәрi де ақшалары көп, ”блатной” ағалар. Олар басып кете бередi, Өйткенi олар ешкiмнен қорықпайды. Мамасының түсiндiруi бойынша ақшасы көп адамдар ештеңеден қорықпайды.

Тұра ұмтылып, санасында тек ”басады-ау” деген ой болған, жолға жүгiрiп шыққан ол өзiнiң тоқтатып үлгермеген машина астына қалай бүктетiле құлап түскендiгiн аңдауға шамасы келмедi. Баланың қай жақтан жүгiрiп шыққанын, қалай жүгiрiп шыққанын байқамай қалған машина иесi басын қос қолдап уыстаған күйi отырып қалды.

Жиналған жұрт баланы танып, анадайда мас болып құлап жатқан Айжанды көрiп iстiң мән-жайын айтпай-ақ ұққандай... Баланың өлi денесiн жедел жәрдем алып кеткенде, тiрi өлiк болып жатқан ананың денесiн милиция машинасы алып кеттi. “Шарасыз нәресте, қатыгез тағдырдың құрбаны болдың-ау...” деп баяғы Арманның мамасы көзiне жас алды.

Ана бiр жылы орыс, қазағы, басқасы бар балалар үйiне бермек болып едi осы баланы.Сонда àрақ iшудi қоямын, баламды өзiм бағып-қағамын деп уәде берiп Айжанның бермей қойғаны есiне түстi. Одан кейiн аумалы-төкпелi заман басталып кеттi. Кiмнiң өмiрiне кiм көңiл бөлдi дейсiң... Сөйтiп Мәлiктiң тағдыры да қарбалас тiрлiктiң тасасында қалып қойған едi...

Сол оқиғадан берi көкiрегiмде тұнып қалған мұңды аластай алмадым... Көз алдымда шарасыз, өмiрдiң дауыл-желiне қарсы тұрарлық қауқары жоқ сәби, еш жазығы жоқ, бiрақ өмiр сүруге құқы бар сарыауыз балапан мәңгі бақи тұрып қалғандай... Өмiр ме, тағдыр ма, iшкiш ана ма, қол ұшын беруге жарамаған айналадағы адамдар – бiздер ме, тiрi өлiк әке ме, әйтеуiр, кiнәлiнi ұстай алмадым...

Кiнәнiң бiр ұшын артып қояр мектеп те бар екен-ау! Күзде бiрiншi класқа оқуға Мәлiк те барған едi. Айжан да әжептәуiр киiндiрiп ұлын жетектеп апаруын апарған-ды. Екi-үш айдан кейiн мектеп те оны оқытудан бас тартты. Жүйелi тәрбие көрмеген, арнайы дайындықтан өтпеген бала әрине, басқаларға қарағанда ақыл-ойының өзгелерден кем көрiнуi, өмiрден қалыс қалуы шындық едi. Оның үстiне күнделiктi мектепке күтiп, мәпелеп апарар ана болмаған соң, бақыламағаннан кейiн ұзақ уақыт сабаққа келмеген баланы шығарып тастаған-ды. Мәселенi оңай шешудiң жолы құтылу болып шыққан ғой...

“Әй, Айжан, Айжан! Қол аяғы сап-сау, сүп-сүйкiмдi сәбиден айырылып қалдың-ау! Ертең-ақ бiр азамат болып шығар ма едi... Шiркiн-ай... уһ...” деп Арманның шешесi есiне түскен сайын күрсiнiп қояды.

Айжан болса сылтаудың жаңа түрi табылғанына бiр жағынан қуанғандай сыңай танытып, iшуiн үдете түскен. Бiрақ қап-қара көмiрдей шашының арасын аралаған тарау-тарау ақ iштен жеген күйiктi аңғартқандай... Қалай болса да, не десек те ана ғой...

Клара Қабылғазина

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...