Краустың «Ер Төстігі» қазақты адам етін жегіш ұлтқа айналдырмақ па?

ӘДЕБИЕТ
2802

Еліміздің кино саласы тұсалған аттай тұралап, мүлде дами алар емес. Әуесқой режиссерлер мен әнші-сайқымазақтар түсірген фильмдер әлемдік деңгейді қойып, елдегі есті көрерменнің көңілінен шықпайды. Ал 52 жылдық тарихы бар қазақ анимациясы жайлы айтудың өзі қиын. Бірен-саран тәуір өнімді айтпағанда көп сандысы баланың ойыны, бақсының жыны ғана...

Жақында «Azia animation» компаниясы «Ер Төстік» ертегісінің желісімен түсірген ертегі аттас мультфильмді көрдік. Өкініштісі, бұл мультфильм халық ертегісін қайта жаңғыртып, ұлықтау үшін емес масқаралау үшін түсірілгендей. Себебі, бұнда бізге жақсы таныс «Ер Төстік» мүлде жоқ. Бұл фильмді аталған компанияның иелері Игорь Краус, Артур Краус дегендер түсірген екен. Қазақтың тарихы мен салт-дәстүрінен хабары жоқ  бұндайларға халықтың құнды жәдігерін жұлмалауға кім рұқсат берді?!

«Azia animation» компаниясы Краус отбасының жобасы секілді. Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша, қазақ ертегілерінің желісімен мультфильм түсіріп жүргендеріне көп уақыт болыпты. Біз сөз етіп отырған «Ер Төстікті» де аталған мекеменің тапсырысы бойынша дайындаған. Демек, ағайынды Краустардың қазақ ертегілерін күстаналауына көмек беріп отырған дәл осы басқарма болса керек.

Қазақ халқы ауыз әдебиетін қайғысы мен қуанышын қатар артқан қара нарындай көрді. Сол қатарда ертегілердің арқалар жүгі де жеңіл емес. Есте жоқ ескі заманнан бері жалғасын тауып, халық арасында қадым заманғы қауым қиялынан сыр шертетін шежіре болып келе жатқан ауыз әдебиетінің әдемі бір саласы ертегілер еді. Мұнда адамдардың арманы мен тілегі, қиялы мен үміті, нанымы мен сенімі, танымы мен түсінігі көрініс табады. Қазақ халқы ертегіге бай елдердің бірі. Қазақ ертегілірі – тарих толқынынан сүрінбей өтіп, халық санасына сіңіп кеткен сюжеттер.

Ендеше бір ұлттың салт-санасы мен әдет-ғұрпының иісі сіңген тарихи жазбаларды өз білгенінше өзгертуге ешкімнің қақысы жоқ. Өзгерткенде де өзге елдің ерекшелгін сіңіріп, қазақы бояуын бұзуға тіптен болмайды. Ал мына «Ер Төстік» атын жамылған мультфильм біз бала жастан оқып өскен «Ер Төстікпен» үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны өкінтті. Тек кейіпкерлердің аты ғана бірдей.

«Ер Төстік» ертегісінің желісі әр қазаққа жақсы таныс болғандықтан оны бұл жерде қайталамаймыз. Тек сүйікті ертегіміздің сиқын қашырған сорақы мультфильм жайлы сөз етеміз. Фильм басталғанда экранда «Azia animation» ҰСЫНЫДЫ» ("ұсынады" деп дұрыс жазуға да шамалары келмеген) деген жазу шыққанда-ақ «қоянды көріп қалжасынан түңілгендей болғанбыз». Бұнымыз бекер емес екен. Мультфильмдегі кейіпкерлердің түрі адамнан гөрі албастыға жақынырақ. Аты шулы «Алдар көсе» анимациялық фильміндегі құбыжықтар мұнда да жүр. Айтпақшы,  «Алдар көсені» құбыжыққа айналдырып, өзімізге ұсынған тағы да осы ағайынды Краустар болатын. Бұлар неге әр фильмінде кейіпкерлерін құбыжық етіп көрсетеді. Әлде қазақты сұрықсыз халық ретінде суреттегісі келе ме?! Бұларға тапсырыс беріп, қаржылай қолдап отырған Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасы қайда қарап отыр, әлде олар үшін жоғарға беретін есеп-қисап «мұздай» болса болды ма?!

Кейіпкерлердің түрінің қорқыныштылығы өз алдына, фильмдегі сюжет пен сөз-сөйлемдер қазақы менталитетке мүлде жат. Алты ұлы бар топас әкенің  есімі Ерназар. Ұлдары қалаға қыз іздеп қаңғып кетеді, әке-шешесі малынан айырылып аш қалады. Ал біз білетін «Ер Төстікте» Ерназар байдың сегіз ұлы болады. Жұттан  малын аман алып қалу үшін елмен бірге отарға кетеді. Ал үйде қалған ата-ана шаңырата ілулі тұрған соңғы төстікті тауып жейді. Төстік жеген ана жүкті болып, Төстікті дүниеге әкеледі. Бұл жерде қызық құмар сәбилер қалай дүниеге келгенін сұрағанда айтылатын «атаңның ауызынан түстің» деген қазақы түсінік көрініс табады.

Ал біз көрген мультфильмде Төстікті ашқарақ Ерназар шал жалмауыз кемпір өртеген ауылдың жұртынан тауып алады. Баланы қолына алып «балпанақтай семіз екен» деп сілекейі шұбырған шал, әйеліне баладан тамақ дайындауды бұйырады. Баланың атын Төстік деп қойып, төстік ретінде жей бермекші. Баланың Төстік аталуына осы сөз себеп болады.

Ұшатын тәрелке мініп жүрген жалмауыз кемпірдің түрі тіптен қорқынышты. Жалмауыз кемпірдің көрікті болмайтыны шындық. Алайда дәл мынадай құбыжық болмас. Бала кезімізде қаншама ертегі оқыдық, сондағы жалмауыз немесе мыстан кемпірді дәл осындай құбыжық бейнеде елестетіп көрмеппін. Ол тағы «өкпесі сырылдап, тамағы қырылдап, күрек тісін жұлып алып» ертегідегі қаһарманды қуып жүретін жалмауыз емес, ұшпа тәрелкеге мініп алып, қолындағы таяғымен киіз үйлерді өртеп жүреді.

Балалары қалаға қыз іздеп кеткен соң «Ерназар» мен кемпірі ашығады. Аштыққа шыдамаған шал «ТІЗЕ қусырып (қол қусыратын қазақ едік) отыра алмаймын» деп аңға шығады. Қабан атып алып жемекші. Қай қазақ қабан етін жейтін еді. Кейіпкерге біресе баланың етін, біресе қабанның етін жегізбекші болған автордың мақсаты не? Болашақ ұрпаққа ата-бабасын қандай халық ретінде көрсетуді көздеп отыр. Бұған қоса, аңға шыққан шалдың әр қимылы сайқымазақ. Қарсы алдында отырған қоянды ата алмайды. Тіпті, қазақ қоян етін де тамақ деп санамағаны сөзсіз.

Біз білетін Ер Төстік Шалқұйрық атты тұлпарына мініп, Желаяқ, Көлтаусар сынды адал достарының арқасында жауларын жеңіп шығатын еді. Ал мына «Ер Төстік» жаяу. Жауларымен жаяу жүріп соғысады. Еуразия даласын ат тұяғының шаңына көмген қазақты тұлпарынан түсіріп, жаяу қалдырған автордың ойлағаны не? Егер өзі ертегі құрастырғысы келсе «Ер Төстік» деп атамай құрастыра берсін. Кейіпкерін төбесімен жүгіртем десе де өз еркі. Тек қазақпен, қазақтың фальклорымен қатысы жоқ етіп түсірсін.

Бұл фильмнің кейіпкерлері дұрыс сөйлеуді де білмейді. Жоғарыда шалдың «ТІЗЕ қусырып отыра алмаймын» дегенін жаздық. Сол секілді автордың балта мен балғаны айыра алмайтынын да байқадық. Жалмауыз кемпірдің арқасына өз балтасы қадалып, өледі. Ал «Төстік» оны достарына кемпірге «балға қадалып өлді» дейді. Демек, бұлар кішкентай көрермендеріне заттың дұрыс аталуын да үйрете алмайды деген сөз. Осы жерде фильмге тапсырыс берген Алматы қалалық Тілдерді дамыту басқармасын қайтара сынға алғымыз келеді. Әлде Тілдерді дамыту басқармасының міндетіне мемлекеттік тілді дамыту кірмей ме?...

Тура бір жарым сағаттан тұратын фильмнен іліп алатын ештеңе жоқ. мультфильм негізі кішкентай балаларға арналады. Сәбилер анимациялық кейіпкерлер арқылы тарихын танып, тәлім-тәрбие алуы керек. Ал ағайынды Краустардың қолынан шыққан мына фильмге ондай үміт арту мүмкін емес. Ендеше, не тарихи құны, не тәрбиелік мәні жоқ бұл дүниені «Ер Төстік» деп атаудың қажеті қанша?!

«Ер Төстік» ертегісінде - терең туыстық сүйіспеншілік, ата-анаға құрмет, адал достық, ержүректік сынды құндылықтар мен әдет-ғұрып керемет көрініс табатын. Ертегі дәл осы ерекшелімен ғасырлар бойы халық арасында сақталып келді. Ал біз сөз еткен мультфильмде мұның бірде-бірі жоқ. Бұрынғы кейіпкерлердің есімін, осы күнгі киноларда кездесетін оқиғаларға теліген қойыртпақ бірдеңе.

«Ер Төстік» ертегісі - қазақ ауыз әдебиетінің озық үлгісі. Алайда келесі ұрпақ  ұлт фальклорымен кітап оқу арқылы емес, осындай кино-фильмдер арқылы танысады. Демек, Краустардың «Ер Төстігін» көрген жас жеткіншектер қазақ фальклорының бары мен нәрі осы деп ойлауы мүмкін. Сөйтіп, ұлт әдебиеті мен мәдениетіне деген қате түсінік қалыптасады. Тіпті, ұлт болмысы мен менталитетіне қара күйе жағылуы мүмкін. Сол үшін бұл дүниені сәтсіз шыққан мультфильм деп ғана қарауға болмайды. Қайта ұлт фальклорын бұзу деп білген жөн.

Сол үшін біз фильм авторларынан бұл дүниені жоюды талап етеміз! Егер жойғысы келмесе,  «Ер Төстік» деген атауы мен кейіпкерлерінің атын өзгертсін. Және мемлекеттік мекемелер осындай жобаларға тапсырыс бергенде санға емес сапаға мән беруі керек. Әйтпесе, Алматы қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы «Azia animation» компаниясына тапсырыс беріп жасатқан «Алдар көсе» немесе біз сөз еткен «Ер Төстік» анимациялық фильмдері жеткіншектерге еш пайдасы жоқ өнімдер. Мемлекеттің қаржысы құмға құйған судай құрдымға кетті деген сөз...

Қазақты масқаралаған мультфильмді мына жерден көріп, өз ойыңызды қоссаңыз болады.

Қуаныш Қаппас 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...