БҰҰ-ның алты тіліне аудару жөніндегі «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы а...
Харуки МУРАКАМИ. Лексингтондағы елестер
Харуки Мураками 1949 жылы Жапонияның көне астанасы Киотодағы классикалық филология оқытушысының жанұясында дүниеге келген. 1971 жылы өзінің сыныптасы Екоға үйленген. 1974 жылы Токиодағы Кокубундзи ауданында «Питер Кэт» джаз-барын ашқан. Жазуды жиырма тоғыз жасында бастаған. Қаламды қолына кештеу алса да, Құдай берген таланты мен жанкешті еңбекқорлығының арқасында ең өнімді жұмыс істейтін кәсіби жазушыға тез айналды. Жылына бір роман жазады. Таңғы алтыда тұрады, кешкі онда жатады. Бұл - оның күнделікті дағдысы. Жазудан қол құрғатқан кезі болған емес, күн сайын жазу столында тапжылмастан сағаттап отырады. Соның нәтижесінде қазір әлемдегі ең танымал жазушылардың біріне айналды. Франц Кафка атындағы және Иерусалимдік әдеби сыйлықтар секілді өте абыройлы көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Ол «Атжалмандар трилогиясы», «Тежегішсіз Ғажайыптар елі немесе Ақырзаман», «Норвегия орманы», «Дэнс, Дэнс, Дэнс», «Шекарадан - оңтүстікке, күннен - батысқа», «Бұрандалы құстың хроникасы», «Жер асты жолы» тәрізді романдардың және көптеген әңгімелер жинағының авторы.
Ол ағылшын тілін өте жақсы меңгергендіктен, біраз жыл Америкада тұрып, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, лекциялар оқыды. Шығармалары ағылшын тіліне аударылды. Оның әлемге танылуына бұның да үлкен ықпалы болғаны анық. Десе де, тойған, тойынған жерінде жүре бермей, өз ісін тындырған соң Отанына қайтып келді. Қазір Жапонияның Оисо қаласындағы теңіз жағасында орналасқан үйінде тұрады.
Бұл ойдан шығарылған дүние емес. Шын мәнінде бірнеше жыл бұрын болған оқиға. Мен бар болғаны кейбір жағдайларға байланысты адам аттарын ғана өзгерттім, ал қалғанының бәрі – таза шындық.
Бірде маған Массачусетс штатындағы Кембриджде екі жыл уақыт өткізуге тура келді. Сол кезде елуге жаңа толған орта бойлы, мығым денелі, шашы жартылай ағарған келбетті бір еркек сәулетшімен таныстым. Ол суда жүзгенді жақсы көретін – күнде дерлік бассейнге баратын және теннис ойнайтын. Оны, айталық, Кейси деп атайтын.
Қала маңындағы Бостонда туып-өскен. Қабағынан қар жауып жүретін, томаға-тұйық, пианино баптағыш Джереми есімді біреумен Лексингтон поместьесінде бірге тұрды. Ал оның жас шамасы отыз бестерде болатын. Тал сияқты ұзын, әрі сымбатты. Қасқа басы айнадай жалтырап жүретін ол аспапты баптап қана қоймай, онда тәп-тәуір ойнайтын.
Менің бірқатар әңгімелерім американдық журналдарда аударылып басылған, соларды оқыған Кейси маған редакциялық алқа арқылы «Сіздің шығармаларыңыз мені қатты қызықтырды. Біз жүздесе алар ма екенбіз?» деген мазмұндағы хат жолдапты. Жалпы мен бұндай жағдайда ешкіммен кездеспеймін, өйткені өз тәжірибемнен білетінім, мұндай кездесулер ешқандай жақсылық әкелмейді. Дегенмен, Кейсиге «жоқ» деп айтудың ретін таппадым. Оның зиялылық стиліндегі хаты юморлық сезімталдықпен жазылған. Бұған шетелдік бейқам өмірді қосыңыз. Үйіміз жақын дегендей... Десе де бұның бәрі де сыртқы себептер. Ең басты мені қызықтырғаны – ондағы ескі джаз пластинкаларының ғажайып коллекциясы. «Бүкіл Американы сүзіп шықсаңыз да, барынша толық жеке коллекцияны таба қоюыңыз қиын. Мен Мураками мырзаның джазға керемет құмар екенін естідім. Мүмкін, менің жиғаным сіздің қызығушылығыңызды оятар» деп жазыпты ол. Тап солай! Иә, менің мен екенім рас болса, қалай қызығушылығым тумасын, хатты оқи сала, бұл коллекцияны тезірек көргім келді. Джаз пластинкаларының ескі коллекцияларына қатысты сөз болған кезде сыбызғы дауысына арбалған кобра құсап қарсы тұрар бар ерік-жігерімді жоғалтамын.
Кейсидің үй-жайы Лексингтон қалашығында орналасқан. Кембриджден машинамен отыз минуттық жол. Мен мән-жайды анықтап алғым кеп, телефон шалдым. Ол жауап ретінде факспен нақты жол картасын салып жіберді. Сонымен, сәуірдің бір түскі әлетінде жасыл «Фольксвагенге» отырдым да, сол үйге тартып кеттім. Мен оны тез таптым – үш қабатты үлкен поместье, жүз жыл бұрын салынған сияқты. Ол өзінің тарихы тәрізді Бостондағы адамдар тұратын кварталдардағы шұбатылған жолдардың қапталында ерекше көзге түседі. Тұрпат-тұрқы тап бір картинадағыдай.
Бау-бақшасы қалың тоғайға ұқсайды. Төрт жорғаторғай дауыстарын құбылта шықылықтап, бұтақтан бұтаққа ұшып-қонып жүр. Тас жолда жаңа БМВ микроавтобусы тұр. Мен БМВ-ның арт жағына машинамды қойып жатқан кезде кілемшеден көтерілген үлкен төбет ту сыртымнан абалап қоя берді. «Менің үргім келмейді, бірақ үрмесіме тағы болмайды» дейтін тәрізді.
Кейси шығып, сынағандай сыңаймен қолымды қатты қысты. Ол екінші қолымен жай ғана иығымнан қақты. Артынан білдім, бұл оның дағдысы екен. «Келгенің қандай жақсы болды! Сені көргеніме қуаныштымын», – дейді ол. Оның үстінде итальяндық үлгідегі әдемі ақ көйлек, жұмсақ матадан тігілген шалбар және ақшыл-қоңыр түсті кашемирлік кардиган болатын. Джордж Армани стиліндегі кішкене көзәйнекпен тым кербездене қарайды. Кейси мені үйге бастап кірді де, қонақ бөлмедегі диванға отырғызып, жаңа ғана қайнатылған кофе әкелді.
Кейси жақсы тәрбие мен білім алған ақ көңіл жан еді. Ол жас кезінде шарлаған жержүзілік сапарлары туралы қызықтыра әңгімелеп берді. Біз достасып кеттік, мен оған шамамен айына бір мәрте қонаққа барып тұрдым. Ондағы пластинкалардың ғажайып коллекциясы үшін баратынмын. Мен онда басқа еш жерден ести алмайтын, өте сирек кездесер музыкаларды қалауымша тыңдайтынмын. Аудио аппаратура пластинкалармен салыстырғанда дұрыс істей қоймайтын, бірақ бәрібір ескі лампалы күшейткіш жағымды, жылы дауыс шығарып тұратын.
Кейси көбіне жұмыс бөлмесіндегі кітапхананы пайдаланатын. Ондағы үлкен компьютерде ол архитектуралық сызбалар жасады, бірақ өз жұмысы туралы ештеңе айта қоймады. «Жай нәрселер...» – дейді ақталғандай әзілмен күлімсіреп. Оның не жобалағанын білмеймін, тіпті оны бірде-бір рет жұмыс үстінде көргенім жоқ. Білетінім, Кейси оларын қонақ бөлмедегі диванда кітап оқығанда немесе Джеремидің пианино ойнағанын тыңдағанда, өзімен бірге ала келетін. Маған ол жұмыспен шындап айналыса қоймайтын сияқты көрінетін.
Оның марқұм әкесі бүгіндері классика саналатын бес-алты кітап шығарған елге танымал психолог еді. Джазға құмарта табынатын ол «Престиж рекордс» дыбыс жазу фирмасының негізін қалаушы әрі продюсері Бобо Вайнстокомен жақын болатын. Сол себепті де ондағы 40-60-жылдардағы джаз пластинкаларының коллекциясы саны жағынан да, сапасы жағынан да жақсы сақталып қалғандығын Кейси өз хатында жазған болатын. Түпнұсқа басылымдардың барлығы дерлік сол қалпында: дискілер бүлінбеген, конверттер бүктетілмеген. Дискі деп айтпайсың, ғажайып дерсің! Менің ойымша, емшектегі сәбилерді жылы суға қалай еппен шомылдырса, оларды да солай ұқыппен пайдаланған және сақтаған.
Кейси жалғыз өсті, шешесінен бала кезінде айырылды. Әкесі қайтадан әйел алуды ойластырған жоқ, ал ол осыдан он бес жыл бұрын асқазан асты безінің қабынуынан қайтыс болған кезде Кейси үймен және басқа да мүліктермен қоса пластинкалардың осы коллекциясына да ие боп қалды. Кейси әкесін жақсы көретін әрі қатты сыйлайтын, сондықтан бірде-бір пластинканы шашау шығармай, коллекцияны сол қалпында сақтады. Ол джазды рахаттана тыңдайтын, бірақ әкесі сияқты ес-түссіз беріле қоймайтын. Ол классикалық музыканы ұнататын және Джеремиге қосылып алып, дирижер Одзава жетекшілік ететін Бостон симфоникалық оркестрінің бірде-бір концертін құр жібермейтін.
Шамамен біздің таныстығымызға жарты жыл толғанда Кейси менен үй-жайына қарай тұруымды өтінді. Ол жұмыспен бір аптаға Лондонға баратын болды. Әдетте Кейси жоқ кезде үйге Джереми қарайтын, бірақ бұл жолы ол болмады, бірнеше күн бұрын сырқат шешесінің халін білу үшін Батыс Вирджинияға кетіп қалған. Сонан кейін Кейси маған телефон шалды: «Кешір, сенен басқа ешкім ойыма келген жоқ, – деді ол. – Бар болғаны Майлзға күніне екі рет тамақ бересің (итін солай атайтын). Ал қалған уақытта музыканы қанша тыңдаймын десең де, өз еркің. Үйде азық-түлік пен ішімдік қоры жеткілікті. Ұялмай, пайдалана бер!»
Жаман ұсыныс емес. Себебі сол кездері қайта салынып жатқан көрші үй жақтан шығып жатқан күн сайынғы айғай-шу менің жалғызілікті өмірімнің берекесін қашырып-ақ жіберген.
Мен бар болғаны ауыстырып киер киім-кешектерді және бірнеше кітап пен макинтоштік ноутбукті ала салып, жұма күні түстен кейін Кейсидің үйіне тарттым. Ол жол жүктерін алып, такси шақырғалы тұр екен.
Мен оған Лондонға барар сапарының сәтті болуын тіледім. «Иә, әрине, – деп жауап берді ол күлімсірей, – сен де менің үйімде пластинкаларымды тыңдап, рахатқа бат. Үй жаман емес!»
Кейси кетіп қалды. Мен ас үйге келіп, кофе қайнатып іштім. Сонан кейін қонақ бөлмеге кіріп, компьютерімді үстелдің үстіне қойып, музыка тыңдай отырып, бір сағаттай жұмыс істедім. Қызыл ағаштан жасалған үлкен үстелдің астыңғы есіктері екі жағынан бірдей ашылып-жабылады – нағыз антиквариат. Бұл бөлмедегі жаңа зат салыстырмалы түрде менің «Магым» ғана. Жан-жағымдағының бәрі, қай жағынан болсын, есте жоқ ежелгі заманның дүние-мүліктерін толықтыра түсетіндей. Кейси әкесі қайтыс болғаннан кейін, тап бір храм немесе ғибадатхана болғандай-ақ, бұл музыкалық бөлмедегі ештеңеге тиіскен жоқ. Уақыт тасқынының тынысын сездірер бұл музыкалық бөлмеде сағат тілі баяғыда тоқтап қалған тәрізді. Бірақ бәрібір жақсы күтілген – сөреде ешқандай шаң жоқ, үстел жалтырап тұр.
Майлз менің аяқ жағыма келіп жатты. Басынан сипадым. Майлз – жабырқаңқы төбет. Жападан-жалғыз ұзақ шыдай алмайды. Ол тек ас үйдегі өз төсенішінде ғана ұйықтайды, ал қалған уақытын адамның қасында өткізгенді қалайды.
Қонақ және музыкалық бөлмелерді есіксіз биік ойық жалғап тұр. Қонақ бөлмеде алды ашық үлкен пеш, жайлы тері диван, үлкенді-кішлі төрт кресло мен әр түрлі қалыптағы кофелік үш кішкене үстел тұр. Еденге бір кездері қымбат болғаны сезілетін, бірақ қазір түсі оңа бастаған парсы кілемі төселген, төбеде ескі люстра салбырап тұр. Мен бөлмеге кіріп, диванға жайғастым да, жан-жағыма қарай бастадым. Терезені саусақпен тықылдатқандай тық-тық етіп, каминдік сағат уақытты санап тұр. Жоғарғы кітап сөрелерінде өнер және кәсіптік әдебиеттер жинақталған. Қабырғаның үш жағында теңіз жағалауының көріністері бедерленген үлкен және кіші майлы кенептер ілулі тұр. Картиналардан алар әсеріңіз шамамен бірдей – бірде-бір адам бейнесі жоқ, тек теңіздің мұңды жағалауы көрініс береді. Егер картиналарға құлағыңызды жақындатсаңыз, жаңа ғана соққан желдің гуілі мен буырқанған толқынның шуылын еститін сияқтысыз. Барлық бұрыштағы картиналардан ескі Монэ рухындағы салқындық сезіледі.
Музыкалық бөлменің бір жақ қабырғасын алып тұрған стеллажда алфавиттік тәртіп бойынша тізіліп қойылған ескі пластинкалар тұр, олардың нақты санын тіпті Кейси де біле бермейді. Ол бар болғаны шамалар: «Алты немесе жеті мың, шамамен осындай». Тағы да дәл осындайы картон жәшіктерде буылып, төбедегі шатырда жатыр. Қарасаңыз, ескі үй пластинкалардың ауырлығынан жақын арада Ашеровтардың үйі сияқты отырып кететін сыңайлы.
Мен Ли Корницаның ескі миньонын пластинка ойнатқышқа салып, оны қосып қойып, жұмыс істеп жатқан кезде төңірек тыныш болды. Өзім сиятын құтыға сүңгіп кеткендей-ақ жанға жайлы жылылықты сезіндім. Музыка дыбысы бөлменің бұрыш-бұрышына, қабырғаның кішкене жарықшақтарына, тіпті перденің бүктемелеріне дейін жайлап кіріп жатқан секілді.
Сол кеште мен Кейси әкеп қойған Мантеплучиано виносын аштым. Бірнеше бокалдан кейін диванға жайғасып, жаңа журналдағы хикаятты оқуға кірістім. Кейси нені алатынын білетін – жақсы вино! Мен мұздатқыштан «Бри» сырын алып, печеньеге қосып, кішкене жедім. Бұл уақыттарда айналада мүлгіген тыныштық орнады. Тек каминнің үстіндегі сағаттың тықылы мен анда-санда арлы-берлі өтіп жатқан машиналардың даусы ғана естіліп қалып тұрды. Жол тіке үйге келіп тірелетін, сондықтан онымен тек жергілікті тұрғындар ғана жүретін. Қараңғылықпен бірге төңіректі меңіреу тыныштық басты. Кембриждегі студенттік шуылдан келгендіктен мен өзімді бұнда теңіздің түбінде жатқандай сезіндім.
Түнгі он екіде әдеттегідей ұйықтағым келді. Кітапты сөреге, хрусталь бокалды жуғышқа қойып, Майлзға ұйқысының тыныш болуын тіледім. Ит айтқызбай-ақ ескі одеялдан жасалған төсенішіне барып бұйыға жатты да, көзін жыпылықтатты. Мен жарықты сөндірдім де, екінші қабаттағы қонақ жататын жайға көтерілдім. Пижамамды киіп, төсекке қисайдым да, ұйықтап қалдым.
Көзімді ашып қалғанда өзімді жайсыз сезіндім. Қайда жатқанымды біле алмай дал болдым. Кепкен жемістей қаттым да қалдым. Буфеттің жоғарғы сөресінде ұмыт қалдырылып, бұзылып кеткен жеміс секілдімін. Аздан соң барып Кейсидің үйіне қарап қалғаным есіме түсті.
Мен анық Лексингтонда екенмін. Жастықтың үстінде жатқан қолсағатымды сипалап, жарығының тетігін бастым. Екіге он бес минут қалыпты.
Төсенішімнен сәл жылжып, төсегімнің бас жағында орнатылған кішкентай шамды жақтым. Қосқышты таба алмай біраз әуреге түскенім де рас.
Күмбездің жалтыраған терезесінен лала гүл тәріздес сарғыш сәуле шашырады. Мен әйнекті алақаныммен сүртіп, терең дем ала, алакөлеңкелене бастаған бөлмені тінте шолып шықтым. Сонан кейін қабырғаға көз жүгірттім, кілемге назар аудардым, басымды көтеріп жоғары қарадым. Еденге шашылған бұршақты қалай жинаса, сол секілді санамды бір жерге жиып алып, қоршаған әлемге бойымды үйрете бастадым. Тезірек бар ынтамды дыбысқа аудардым. Толқынның жағаға ұрған шуылындай бұл дыбыс ұйқымды шайдай ашып жіберді.
Анда біреу-міреу бар!
Демімді ішіме тартып, ақырын басып есікке жақындадым. Жүрегім дүрсілдеп қоя берді. Бұл үйде менен басқа да адамдардың бар екені анық. Тіпті біреу-екеу емес. Кенет музыкаға ұқсайтын дыбыстар естілді. Түк түсінсем бұйырмасын, маңдайымнан суық тер шықты. Мен ұйықтап жатқанда мұнда бірдеңе болған сияқты.
Ең алдымен басыма келгені – бұның бәрі жақсы жоспарланған әзіл. Кейси мені сынап көру үшін Лондонға кеткен сияқты болып, ал өзі білдірмей түнгі отырыс ұйымдастырған. Жо-жоқ, Кейси бұндай арзан әзілге баратын адам емес. Онікі нәзік, әрі жеңіл юмормен астасып жатады.
"Болмаса, – деп ойымды жалғастырдым, – қабырғаға шынтағымен сүйеніп тұрғандар – мен білмейтін Кейсидің жора-жолдастары. Олар Кейсидің кететінін білген, бірақ жұмыстан кейін сау ете түсіп, өздерін таныстыра да алмаған, мүмкін, тіпті үйде менің бар екенімді білмейтін де шығар. Қалай болса да ұры-қарыға ұқсамайды. Ұрылар бөтен үйге жымын білдірмей кіреді, жоқ дегенде музыканы қатты қоймайды..."
Жылдамдата пижамамды шешіп, джинсиім мен аяқ киімімді киіп, майкамнің сыртынан жемпірімді жамыла салдым. Қандай жағдай болмасын, қолыма салмақтырық бірдеңе алғым келді. Бірақ бөлмені шолып шығып, лайықты ештеңе таппадым. Бейсболдың таяғы, тіпті көсеу де көзіме шалынбады. Бөлмеде бар болғаны төсек пен шкаф қана, қабырғада кішкене кітап сөресі мен табиғат көріністері салынған картина ілулі тұр.
Дәлізде дыбыстар айқын естіледі. Көңілді ескі мелодиялардың аккорды бу сияқты дәлізге тарап, төменнен жоғары қарай көтеріліп жатты. Бұрындары тыңдағым келген таныс ән, бірақ атын еске түсіре алмадым.
Сонымен бірге дауыстар шығады. Адамдардың даусы у-шуға араласып, олардың не сөйлеп жатқанын аңғару мүмкін болмады. Кейде күлгендері естіледі. Жағымды жарқын дауыспен. Былайша айтқанда, төменде көңілді отырыс болып жатыр. Нағыз қызған шағы. Шарап пен шампан бокалдарының соғыстырылғаны сияқты дыбыстар жамырай шығады. Біреулер билеп жүр, бөлмедегі адам аяқтарының ауырлығынан еден тақтайлар ырғақпен сықырлайды.
Мен қараңғы дәлізбен еппен басып, баспалдақтың жанындағы «би алаңына» жақындап келдім де, жақтауға жеңіл асыла төмен қарадым. Ауыз бөлменің ұзынша терезесінен түскен жарықтан болар-болмас бозғылт сәуле шашырайды. Бірде-бір адамның көлеңкесі көрінбейді. Ауызғы бөлмеден қонақ үйге апарар айқарма есіктің екі жағы да нығыздала жабылған. Мен оны ұйықтар алдында қалай ашқанымды жақсы білемін. Ешқандай күдік-күмәнсіз. Ендеше, мен екінші қабатқа көтеріліп, ұйықтап қалғаннан кейін оны біреулер жауып қойған. Не істеу керек, санам сансырай бастады. Ештеңе істемей, екінші қабаттағы жатын бөлмеге тығылып қалуға да болады. Есікті іштен кілттеп алып, төсекке қойып кету... Байыпты байлам жасау тұрғысынан алғанда, ең оңтайлы шешім осы. Бірақ мен баспалдақтың жоғарғы жағында тұрған кезде есіктің ар жағынан күлкі мен жағымды әуен естіліп тұрды. Тоғанға ұрған асау толқынның біртіндеп бәсеңситініндей, алғашқы қорқыныш жойыла бастады. Жалпы алғанда, бұлар дені дұрыс адамдар болуы керек деп ойладым. Терең дем алдым да, ескі еден тақтайшалармен аяғымды ақырын басып, баспалдақпен ауыз бөлмеге түстім. Ауыз бөлмеге жетіп, солға бұрылдым да, ас үйге кірдім. Жарықты қосып, үстелден ет турайтын үлкен пышақты алдым. Кейси немістің қымбат пышақтарымен тамақ әзірлегенді жақсы көретін. Олардың бәрі жақсы сақталған: шірімейтін болаттан жасалған өткір пышақтар жалт-жұлт етіп адамды еріксіз өзіне тартады.
Бірақ қызықты отырыс болып жатқан жерге үлкен пышақпен кіріп барған қалай болар екен деп ойладым. Бұным өрескелдеу көрінетін сияқты. Краннан бір стакан су құйып іштім де, пышақты өз орнына қайтадан қойдым.
Иттің қайда екенін білгім келді.
Сонда ғана иттің жер жұтқандай жоғалып кеткеніне көңіл аудардым. Әдеттегі орны – ескі одеялдың үстінде жоқ. Қайда кетті? Егер біреу-міреу үйге жасырын кірсе, ең болмаса үрмеуші ме еді? Мен еңкейіп, иттің жүндері жабысып қалған одеялды жайлап сипаладым. Онда ит денесінің жылылығы атымен жоқ. Майлз төсенішінен тұрып, басқа жаққа кетіп қалған.
Жатын бөлмеге қайтып келіп, кішкене орындыққа отырдым. Музыка басыла қоймады. Адамдардың сөйлескендері естіледі. Олардың дауыстары толқын сияқты бір сәтке де тыншымай, біресе қаттырақ шықса, біресе бәсеңси қалады. Қанша адам жиналған екен? Он бестен кем емес. Мүмкін, жиырмадан да асып жығылар. Олай болса, оларға үлкен қонақ бөлменің өзі тарлық етер еді. Мен «есікті ашып, бөлмеге кіріп барсам ба екен, жоқ, әлде соның қажеті бар ма» деп біраз бас қатырдым. Қиын, тіпті қисынсыз таңдау. Мен бұл үйге қарап қалдым, ендеше, ондағы бар жағдайға жауап беремін. Ал мені отырысқа ешкім шақырған жоқ. Шығып жатқан сөздерді анықтап есту үшін есіктің кішкене саңылауына құлағымды тостым. Бірақ бұнымнан да ештеңе шыға қоймады. Бір кезде сөздер анығырақ естілді, бірақ мен одан да бірде-бір сөз ұға алмадым. Адамдардың сөйлескені анық, бірақ оларды түсініксіз әрі құлаққа жағымсыз үндер бөліп тұрды. Олар мен бұзып-жарып өте алмайтын қабырғаның арғы жағында. Маған онда орын жоқ сияқты. Қолымды қалтама сұғып жіберіп, жиырма бес центтік монетті суырып алдым. Ешқандай мақсатсыз оны алақанымда ойнаттым, күміс монет объективтік шындықты сезінуіме жол ашты. Ағаш балғамен басымнан біреу түртіп қалғандай болды: "Бұл елес қой!"
Қонақ бөлмеге музыка тыңдап, көңіл көтеру үшін шындыққа сыйымсыз адамдар жиналған. Қолым қалтырап, маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Басым мең-зең. Қоршаған кеңістіктің жылдам жылжыған кезеңіндей болған қан қысымымның көтерілуінен құлағым шыңылдап кетті. Түкірігімді жұтайын десем, тамағым кеуіп қалыпты. Сонда ғана барып жан-жағыма жалтақтай монетті қайтадан қалтама салып қойдым. Жүрегім дүрсілдеп тұр. Мен бұған осы уақытқа дейін неге мән бермегенмін деп өзіме-өзім таңғалдым. Егер ойласаңыз, түн ішінде отырыс жасау кімнің миына келер дейсіз? Тіпті осылай болған күннің өзінде де, осыншама адамның машиналарын есік алдына қойғандарынан, үйге топырлап кіргендерінен мен қалайда оянар едім ғой. Онда ит те үрген болар еді. Ендеше, ешкім ешқайдан келген жоқ.
Эх, Майлз осындайда қасымда болсаң ғой. Үлкен төбеттің басынан сипап, исін иіскеп, денесіндегі жылылықты сезінгім келгені-ай. Өкінішке орай, ит көріне қоймады. Мен сиқырлап тастағандай, ауызғы бөлмедегі орындықта қаттым да қалдым. Шынында да қорқынышты болатын. Бірақ маған онда үрей тудырар ештеңе жоқтай көрінді. Сондай бір тұңғиық һәм түпсіз нәрсе. Демімді ішіме бір тартып, бір шығарып, таза аумен тыныстағандай болдым. Менің санамның түкпіріндегі кейбір қатпарларды біреу ақырын аударып-төңкеріп жібергендей, бойым да үйрене бастады.
Содан кейін жоғары көтеріліп, бөлмеге қайтып келдім де, төсегіме қисая кеттім. Адамдардың сөйлескендері мен музыканың дыбысы көпке дейін естіліп тұрды. Ұйқым қашып кетті, таң атқанша осыған шыдауға тура келді. Жарықты сөндірмей, тумбочкаға шынтағыммен сүйене қайта-қайта қабырғаға көз тігіп, бітпейтіндей көрінген отырыстың дабырасын тыңдап жата бердім. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіппін.
Көзімді ашсам, көшеде жаңбыр жауып тұр екен. Жердің шаңын басу үшін жай қана себелеп тұрған көктем жауыны. Терезенің сырт жағынан жорғаторғай шықылықтайды. Сағат тілі тоғызға жетіп қалыпты. Пижамамды да ауыстырмастан, бірден баспалдақпен төмен түстім. Ауызғы бөлмеден қонақ бөлмеге кірер есік кеше мен ашқан күйі тұр. Қонақ бөлмеде бүлінген ештеңе жоқ. Кітабым төңкерілген күйі диванда жатыр. Үстелдің үстінде печеньенің қоқымдары ғана көрінеді. Бұған қарап отырыстан ешқандай із қалмаған деп топшылауға болады. Майлз ас бөлмеде бүктетіліп ұйықтап жатыр. Төбетті оятып, тамақ бердім. Ол ештеңе болмағандай-ақ, құлақтарын қалқита асын ішіп, аяғын босатып қойды.
Кейсидің үйіндегі түсініксіз түнгі отырыс қайтып қайталанған жоқ. Содан беріде ерекше ештеңе бола қоймады. Тек Лексингтонның еш өзгешелігі жоқ тыныш түндері бірін-бірі алмастырып жатты. Бірақ мен сол үйде тұрғанымда күн сайын түнде оянып кетіп жүрдім. Және әрқашан бір мен екінің ортасында. Бөтен үйде жалғыз қалғандықтан ба, өзімді емін-еркін сезіне алмадым. Мүмкін, сол бір түсініксіз отырыс тағы да қайталанып қала ма деп алаңдаған шығармын.
Түнде оянған кездерімде демімді ішіме тартып, қараңғылық үндерін тыңдайтынмын. Бірақ заттық дыбыстарға ұқсас ештеңе естімедім. Тек анда-санда соққан желдің екпінінен ағаштардың жапырақтары сыбдырлайды. Бірде мен төменге түсіп, ас бөлмеден су іштім. Майлз қашанда бүрісіп еденде ұйықтап жататын. Бұл жолы ояу екен, қуана атып тұрып, құйрығын бұлғаңдатып, аяғыма орала кетті.
Қонақ бөлмеге итті ертіп келіп, жарықты қосып, жан-жағыма жалтақтай қарадым. Бірақ ешқандай елес байқалмады. Аласа диван мен кофе үстелі қозғалмастан әдеттегі орындарында тұр. Қабырғаға Жаңа Англияның табиғаты салынған майлы полотно ілінген. Көзімді жұмып, санамды салмақтай, ілгешек болар бірдеңе сезіліп қала ма деген үмітпен он-он бес минуттай диванда отырып қалдым. Мені тек қала маңындағы тұңғиық түн ғана қоршап тұрды. Егер терезені ашсаңыз, бақша жақтан бөлмеге көктем гүлдерінің хош исі келеді. Жел лебінен перделер жеңіл тербеліп, түкпірдегі тоғайдан үкінің даусы естіледі.
Бір аптадан кейін Лондоннан Кейси қайтып келді. Неге екенін өзім де білмеймін, оған алғашқы түндегі жағдайлар туралы айтудың қажеті жоқ деп шештім.
– Кәне, қалай, мен жоқта ештеңе болған жоқ па? – деп сұрады Кейси табалдырықтан аттай бере-ақ.
– Айтарлықтай ештеңе бола қойған жоқ. Бәрі тыныш болды. Жұмысым жүрді! – Бұл енді шындық еді.
– Онда жақсы! Ең бастысы осы, – деді Кейси көңілденіп. Содан кейін ол сумкасынан шотландық қымбат виски алып, маған берді. Қоштасарда қол қысыстық. Мен өзімнің "Фольксвагеніме" отырдым да, кембридждік пәтеріме қайтып келдім.
Содан жарты жыл бойы бір-бірімізбен кездесе алмадық. Кеиси кейде телефон шалатын, екеуміз осылай ғана хабарласып тұрдық. Джеремидің шешесі қайтыс болды да, бұл пианино баптағыш мұңлық өзінің Батыс Вирджиниясында қалып қойды. Мен сол уақытта шағындау бір роман жазып жатқандықтан ешқайда шықпадым, ешкіммен кездеспедім. Күніне он екі сағат жұмыс істегендіктен, үйден бір шақырым да ұзай алмадым.
Соңғы рет Кейсимен қайықтарды жалға беретін Чарлз көлінің маңындағы кафетерийде жүздестім. Мен оны қыдырып жүрген кезімде ойламаған жерден көріп қалдым, бірге барып, бір-бір шыныдан кофе іштік. Неге екенін білмеймін, екеуміздің соңғы кезіккен кездегіге қарағанда, Кейси қатты қартайып кеткен сияқты. Түріне қарағанда, Кейси өзінің жас шамасынан он жас үлкен көрінеді. Құлақтары ағарған шаштарымен жабылып, қолдары тарамыстанып кеткен. Көзінің алды күлбілтеленіп тұр. Бұл өзінің сыртқы кескін-келбетіне ерекше мән беретін Кейсиге онша жарасып тұрмағаны анық. Мүмкін, ол ауырды ма екен? Бірақ Кейси бұл туралы ештеңе дей қоймады, мен де одан қазбалап ештеңе сұрамадым.
– Джерами енді қайтып Лексингтонға келмейді, – деді жарықшақтау дауыспен ақырын ғана басын шайқап. – Анда-санда Батыс Вирджиниядан телефон соғады. Шешесі қайтыс болғаннан кейін мүлде өзгеріп кетті. Ол бұрынғы Джереми емес. Телефон соқса болды, қайдағы жоқ шоқжұлдыздар туралы айтады. Олар бүгін қалай орналасқан?.. Бәрінен бұрын не істеу қажет?.. Не істемеу керек?.. Міне, кілең осындай қысыр әңгімелер. Осында тұрған кезде ондай ештеңе айтпайтын.
– Өте өкінішті, – дедім мен. Бірақ бұл сөзді кімге қарата айтқанымды өзім де білмеймін.
– Шешем қайтыс болғанда он жаста едім, – деп бастады әңгімесін Кейси кофе ыдысына көзін қадай отырып. – Бауыр-қарындас жоқ, сондықтан шешем қайтыс болғаннан кейін әкем екеуміз ғана қалдық. Күздің соңында яхта соқтығысып қалды да, қатты жарақат алған шешем содан оңалмады. Әкем екеуміз оның өліміне дайын емес едік. Енді ше, әп-әдемі, жап-жас келіншек. Ол әкемнен он жастан аса кіші болатын. Шешеміз күндердің күнінде өліп қалады-ау деп ойламаппыз да. Міне, қарғыс атқан бір күні кенеттен бұл әлемді тастап кете барды. Түтін сияқты зым-зия жоқ боп кетті.
Шешем ажарлы әрі ақылды әйел еді, оны бәрі сыйлайтын. Ол серуендегенді жақсы көретін, жүрісінің әдемілігімен де ерекшеленетін. Бойын жазып, иегін сәл көтеріп, қолдарын арт жағына айқастырып, жаз күніндей жадырап бара жататыны есімде. Жүріп бара жатып та ән айтатын. Маған шешеммен қыдырған ұнайтын. Жазғы күннің шапағына малынып, Нью-Порт жағалауындағы жолды бойлай кетіп бара жататын сұлу сымбатын ылғи есіме аламын. Шет-шеті ұсақ гүлдермен көмкерілген жазғы көйлегінің ұзын жеңдерін жел желпіп тұратын. Осы көрініс менің басымда фотография сияқты басылып қалыпты.
Әкем шешемді қатты қадірледі, тіпті қолына көтеріп жүруге әзір еді. Оны өзінің туған ұлынан артық жақсы көрді деп ойлаймын. Әкем осындай адам болатын. Ол бәрін жақсы көретін. Маған өзінің табиғи ісінің нәтижесі ретінде қарайтын. Әрине, ол мені де жақсы көрді. Олай болмағанда ше – жалғыз ұлын! Бірақ шешемді жақсы көргендей жақсы көрген жоқ. Мен оны түсінемін. Әкем шешемнен артық ешкімді жақсы көрген емес. Сондықтан шешем өлгеннен кейін екінші рет үйленген жоқ.
Жерлегеннен кейін үш апта тұрмастан ұйықтады. Мен өтірік қомпитып отырғаным жоқ. Ол шынында да осы уақыт бойы ұйықтады. Кейде есіне түсіргендей, түнеріңкіреп төсектен тұрып, үн-түнсіз су ішетін. Ештеңе жеп те жарытпады. Аруақ немесе айкезбе сияқты. Бірақ содан кейін одеялын жамылып, ұйықтап қалатын. Терезені қымтай жауып, сиқырланған ханша сияқты ауасы тарыла бастаған қараңғы бөлмеде қозғалмастан ұйықтай беретін. Аунақшымақ түгіл, бет әлпетін де өзгертпейтін. Мен алаңдай бастадым. Өліп қалмады ма екен деп қасына барғыштай бердім. Бас жағына тақап келіп еңкейдім де, жүзіне қадала қарадым.
Бірақ ол өлмепті. Жерге тереңдеу көмілген тас секілді тырп етпестен ұйықтап жатыр. Бәрінен бұрын түс те көрмеген тәрізді. Тек қараңғы тыныш бөлмеде кенеттен ақырын пысыл естілді. Бұндай ұзақ әрі қатты ұйқыны ешқашан көргенім жоқ. Ол мүлде басқа әлемнен келген адам секілді. Әлі есімде, қатты шошыдым. Үлкен үйде отырып, бар дүниеден қол үзіп, ұмыт әрі жалғыз қалғандай сезіндім.
Осыдан он бес жыл бұрын әкем қайтыс болғанда, әрине, мен де қайғырдым, бірақ оның өлімі есімнен тандыра қойған жоқ. Ол өліп жатқанда да ұйықтап жатқандай көрінді. Мен тіпті «Сонда қалай?..» деп ойға баттым. Осы сәт санамда жаңғырған сияқты. «Бұл менің сағымды сындырып кетпей ме?» деп те қатты қорықтым. Отыз жылдай бұрынғы көріністі қайта көрдім. Тек қазір қорыл естілмейді. Мен бұл өмірде әкемнен артық ешкімді жақсы көрген емеспін. Әкемді қатты сыйладым, оған қай жағынан болсын шын жүрегіммен берілген едім. Қызық жайт, шешем жерленгеннен кейін әкем қалай өлі жандай ұйықтаса, мен де әкем қайтыс болған соң дәл солай ұйықтадым. Тап бір атадан қалған салт-сана секілді.
Бұл екі аптаға созылды-ау деймін. Осы уақыт бойы ұйықтадым, ұйықтадым, тағы ұйықтадым... Уақыт бұзылып, еріп, жоғалып кеткенше ұйықтай бердім. Мен тұрмай ұйықтай беретін едім. Бірақ қанша ұйықтасам да шошыған жоқпын. Осы бір ұйқы кезіндегі әлем жоғарғыдағы дүние мен бояудан арылған нағыз шынайы және қарапайымдау көрінді. Сонда маған енді өмір сүрудің қажеті жоқ деген де ой келді. Әкемнің шешем өлгеннен кейін нені сезінгенін сонда ғана түсіндім. Білесіз бе, мен не көрмедім?! Жалпы кейбір нәрселер кейде өзгеше қалыпта қабылданады. Сондықтан да оны қабылдамасқа шараң қалмайды.
Кейси үнсіз-түнсіз ойланып тұрып қалды. Күздің соңы. Анда-санда тас жолға құлаған емен жаңғақтарының дыбысы естіледі.
– Мен тек бір нәрсені ғана айтқым келеді, – деді кенет басын көтеріп алған Кейси өзінің жұмсақ күлкісімен күлімсіреп. – Тап қазір осында өлер болсам, бұл әлемде мен үшін ешкім қалың ұйқыға кетпейді.
Мен кейде Лексингтонның елестерін, Кейсидің үйінде түн ортасында шулы отырыс жасаған әлдекімдерді, бір кездері терезені тарс жауып алып, марқұмдардың қатарын толықтырар Кейси мен оның әкесі өліп ұйықтайтын екінші қабаттағы жатын бөлмені, адамдарға байланған Майлз төбетті, рухыңды көтерер пластинкалардың керемет коллекциясын, Джеремидің орындауындағы Шуберт пен есік алдында тұратын көк БМВ-ны еске аламын. Бірақ осының бәрі күні кеше ғана болса да, маған бір қиян шеттегі түкпірде ертеректе болған сықылды көрінеді де тұрады.
Бұл оқиғаны мен әлі күнге дейін ешкімге айтқан жоқпын. Егер ойласаңыз, бұл – өте қызық оқиға, бірақ оған уақыттың еш қатысы жоқ сияқты.
Аударған Думан РАМАЗАН