Күтпеген «келімсек» — Ахмет Салах әл-Мәһди

ӘДЕБИЕТ
1578

Ахмет Салах әл-Мәһди – мысырлық жазушы. Ғылыми-фантастика жанрының өкілі. Бұл бағытта 5 романы жарық көрген. Шығармалары өз елі Мысырмен қоса, Таяу Шығыс мемлекеттерінде де кең тараған. «Рим: Белгісіздікк сапар» деген кітабы ағылшын тіліне аударылып, бүкіл әлем бойынша сатылымда бар. Біз тәржімалап, назарыңызға ұсынған «Күтпеген «келімсек» әңгімесі үшін оған Мысырлық ғылыми-фантастика қоғамының сыйлығы берілген. 


Бәрі де Мысырда бір кісінің белгісіз ауруға шалдығуынан басталды. Кейін Нөлінші Науқас деген айдар тағылған оның қызуы көтеріліп, жөтеле берді. Жедел жәрдем қызметкерлері ауруханаға апара жатқанда, жағдайы тіпті нашарлап кетті. Бірнеше сағатта ішкі ағзалары істен шығып, ол қайтыс болды. Әлгі тұрғынның беймәлім сырқаттан көз жұмғанына қарамастан, дәрігерлерді бұл жәйт айтарлықтай алаңдата қойған жоқ. Бірақ көп ұзамай, олардың өзінен де осы аурудың белгілері біліне бастады. Дәрігерлер ғана емес, елдің әр түкпіріндегі жұрттың да жаппай белгісіз сырқатты жұқтырып жатқаны жайлы үрейлі хабарлар тарады. Мысырда ең қауіпті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, азаматтардың бір қаладан басқа шаһарға баруына тыйым салынды. Халықаралық әуе, теміржол және кеме рейстері де тоқтатылды. Алайда бұрын ешкім естіп-білмеген симптомдар көрші мемлекеттердің халқы арасында да кең етек жайып үлгерген еді. Бұл сұмдық ауруды жұқтырған әр адам бірнеше сағатта, әрі кетсе, бір тәулікте жан тапсырып жатты. Дәрігерлер мен зерттеушілер дерттің дауасын таба алмай, басы қатты. 

Ақыры әлемнің ең үздік вирусологтарынан құралған зерттеу тобындағы мысырлық бір маман беймәлім ауруға себепкер вирусты анықтады. Дүниедегі ең көне әрі кең тараған сырқаттардың бірі тұмау вирусына жататын вирустардың бірі екен. Әйтсе де, жаһандық медицинаға белгілі вирустардан басқашалау. Көптеген мутацияға тап болып, жұқпалылығы мен қуаты анағұрлым күшейген. Ешбір вирус аз уақыттың ішінде мұншалықты өзгеріске ұшырап үлгермес еді. Осындай тұжырымға келген соң, зерттеу тобының бір мүшесі мынадай қорқынышты ой айтты: «Бұл болашақтан келген вирус секілді!».   
Сандырақ болып көрінгенмен, ғалымдар бұл болжамның анық-қанығына жетуге шындап кірісті. Жердегі тіршілік жаратылғаннан бері, Адам мен шайтанның арпалысы секілді, адамның иммундық жүйесі мен вирус та үздіксіз күресіп келеді. Олай болса, иммундық жүйесі жетілген, әртүрлі мутацияланған вирустарды жеңіл көтере алатын адам тұмау тәрізді дертті жұқтырып, болашақтан келген болса ше? Қазіргі кісілердің иммунитеті келешектің вирусына қарсы тұруға бейімделмеген ғой. Онда өршіп бара жатқан ауру адамзат жаппай қырылатын эпидемияны тұтатпақ жуық арада.  
Бір нәрсе анық болатын: бұл күтпеген келімсек Нөлінші Науқастың тұрғынжайына жақын жерде болған және ол әлі де елде. Өйткені, карантиндік шектеу шаралары кей жауапты мамандардан басқа ешкімнің де Мысыр аумағынан шығып кетуіне мүмкіндік берген жоқ. Сөйтіп, полицейлер мен эпидемиологтар бірлесіп, болашақтан келген адамды іздеуге кірісті. Алайда бұл қалың шөп арасынан ине іздегендей өте қиын жұмыс еді. 

Іздеушілер әр азаматтың төлқұжатын тексеруге шешім қабылдады. Өйткені, келешектің кісісі, расында да, халық арасында жүрген болса, онда оның жеке куәлігі болмайды. Не болса да, қазіргі құжаттардан мүлде өзгеше екені сөзсіз. Бірдей болған күннің өзінде берілген күні мен жарамдылық мерзімі келер дәуірлерді көрсетіп тұрады. Мамандар бірнеше топқа бөлініп, Каирдің ең шеткі аудандарынан бастап, біртіндеп тексеруге кірісті. Сақтық үшін вирус өткізбейтін арнайы киім киіп, бетперде таққан олардың шеңбері бірте-бірте тарыла берді. Ақыры тексерілмеген санаулы шағын аудан қалды. Көшеге шығуға тыйым салынғандықтан, бұқара үйінде отырып, тәртіп сақшылары мен эпидемиологтарды күтті. Олар есікті қақса, тұрғындар лезде төлқұжатын көрсетіп жатты. Бүкіл ғаламшар халқының екі көзі төрт болып, көгілдір экранға телмірді, болашақтан келген беймәлім адамның табылуын нәзік үмітпен тағатсыздана күтті. 

Бұл кезде Каирдегі – әншейінде, тіршілік құмырсқаның илеуіндегідей қайнап жататын, бірақ қазір карантинге байланысты елестер мекені секілді босап қалған – ең көне шағын аудандардың бірінде бір ер адам айналасына жалтақ-жалтақ қарап, көлденең көзден жасырынып келе жатты. Не деген ирония! Ол өзі өмір сүретін уақыттан өткен шаққа осылай қашып-пысып, тығылу үшін келіпті! Келешектің кісісі өзі қонған жерге қарай келе жатыр еді. Өткенді көзімен көрді, енді болашаққа қайтпақ. Алайда кері оралмастан бұрын, бір шағын бөтелкеге қанын құйып кетуі тиіс. Өйткені, мамандар қажет етсе, сол қаннан оның иммундық жүйесін алады. Ал өзі ұсталмауы керек. Себебі зерттеушілердің тәжірибе жасайтын «жануарына» айналуға еш ықыласы жоқ еді. 
Күтпеген келімсек иесіз үйдің жертөлесіндегі әбден жетілдірілген машинасына жетті-ау, әйтеуір. Келесі сапарға шығу үшін бұл көліктің қайтадан қуат жинауы ұзақ уақытты қажет ететіндіктен, өткенде біраз жүріп қалды. Ол техникасына отырып, алдындағы күрделі құралдарына қарады. Бірнеше батырманы басып, қысқа металл иінтіректерді (рычак) тартқаны сол еді, кенет жарқыраған шамдары жанды да, бөлме іші жап-жарық болып кетті. Таңғажайып құбылыс мұнымен де тоқтамай, аппақ сәулеге түрлі-түсті өзге де жарықтар араласып, көзді қарықтырды. Жарқ-жұрқ еткен сан алуан түсті нұр саябырсып, қайтадан бұрынғыдай ақ сәулеге айналғанда, келешектің кісісі өз уақытына кері оралды. Машинасынан түсіп, айналасына қарағанда, төңірегінде шашылып жатқан қирандыларды көрді. Адам, жануар не құстың – біреуінің де ізі көрінбейді. Сонда Жердегі тіршілік иелерінің тұқымы тұздай құрып, қырылып қалған ба? Оның қалдырып кеткен бөтелкедегі қанын таба алмағаны ма? Не деген сұмдық!

Бірақ жағдай былай болған еді: Өткен шақта бір кісі бір шөлмек қан мен хат тауып алды. Ол тез арада анти-эпидемиялық агенттікке хабар беріп, мамандар жедел жетті. Шыныдағы қанды асқан мұқияттылықпен зертханаға алып кетті. Бұл қылжақпас біреудің қалжыңы ма, әлде шынымен де келешек кісісінің қаны ма? Бірақ сараптама нәтижесінде бұл қандағы иммундық жүйе өте жетілгенін дәлелденді. Зерттеушілер қан құрамынан індетке төтеп беретін қажетті қорғаныс жасушаларын алып, сәтті тәжірибе жасады. Сөйтіп, вирусқа қарсы күресте жеңіске жетті. Бұл хабарды естіген ғаламшардың бүкіл тұрғыны бөркін аспанға атып, қуанды. Эпидемиядан құтылғанына сенер-сенбесін білмей, бір-бірін құшақтап, құттықтап жатты.  
Ал өткен шаққа саяхаттап келген адамның көз алдында өркениет жарықтың жылдамдығынан да шапшаң көз ілеспес жылдамдықпен қайтадан пайда бола бастады. Көшелер, ғимараттар, саябақтар – бәрі де әуелгідей қалпына келді. Ал өткен шақта «күтпеген келімсек» болып, өз уақытына қайта оралған кісі құдды ештеңе болмағандай, қолын қалтасына салып, қалың нөпірдің арасында кетіп бара жатты.
Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА  
author

Алпамыс Файзолла

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...