Шәрбану БейсеноваАқжамалдың жастыққа басын қойып, қисайғаны сол еді, жотасына ызғырық жел уілдегенде...
Бексұлтан Нұржеке – ұлы. «Сақта, құдай, жалаңнан!»
Редакциядан: «Қазақ әдебиетінің» № 17 санында жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің « Ісің ақ болса – көп сал» деген мақаласын жариялаған болатынбыз. Аталған мақаласында автор жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржеке-ұлы «Әй, дүние-ай» романын жазу барысында «менің «Ұлы көш» романымының кей тұстарына «жиендік» жасады» деп, екі шығармадан өзі байқаған ұқсастықтарды тізіп көрсеткен еді. Араға апта салып Бексұлтан Нұржеке-ұлынан жауап келді. Мархабат, біз екінші тараптың да уәжін жариялауды жөн көрдік.
Дәл осылай айтылатын қазақтың халық әні бар. Әнші ініміз Тілеулес Құрманғалиев айтады. Сірә, 1936, 1937 – жылдардағы қуғын-сүргіннің үрейінен кейін туған ән болар. «Қазақ әдебиеті» гәзетінде жазушы Тұрсынәлі Рыскелдиевтің сізге қатысты мақаласы шығыпты», – деп бір інім телепон соққанда, ойыма бірден осы ән түсті.
Ол мақаланы содан бір апта бұрын Еркін Жаппасов деген гәзет қызметкері телепон арқылы оқып берген. «Басшылар жанымды қоймай асықтырып жатыр, тез таныспасаңыз болмайды, үйіңізге барайын ба, қайда барайын?» – деді. «Телепонмен - ақ оқый бер!» – дедім. Оқыды. «Таныстырғанымды редакторға айтам. Сонан соң сізге хабарласам», – деді, бірақ хабарласқан жоқ. «Е, баспайтын болған ғой», – деп ойлағам.
Жазушылар одағы да, оның гәзеті де жазушылардың ар-намысын қорғауға тійіс. Бірақ ар-намысты Еркін Жаппас сыйақты інілеріміз ақылдаса отырып қорғағаны әділірек болар еді, амал не?!
Бізің жас кезімізде Мұхтар Әуезов Абай жайындағы романын жазып бітірді. Сонан соң оны академик, қазақ тілінің маманы Мәулен Балақаев сынады. Қазақтың тілін бұрмаладың, бұздың, жоқ сөзді пайдаландың деген пікір айтты. Өзінің де, өзгенің де мүдесін қорғаған жоқ, қазақ тілінің қамын жеді. Ешкім өзіне ара түсе қоймасын білген болар, оған Мұхаң өзі жауап берді. Менің есімде «кереғар» деген сөзді өзінің әдейі ойлап тапқанын айтқаны қалыпты. «Төрелігін қалың оқырман қауым бере жатар», – деп, Тұрсынәлі таптап айтса да, жауабын мен де өзім беруге бел будым. Бексұлтан өзін Әуезовке ұқсатыпты десе, Тұрсынәлі дей жатар. «Болмасаң да ұқсап бақ», – деген ғой Абай. Абайды тыңдамағанда, Тұрсынәліні тыңдайын ба?
Жалпы, әңгіме, пөвес бола ма, тарихи шығарма жазған адамның кейіпкері де, оның аты-жөні мен түр-түсі де, тарихи оқыйғаның өткен жері мен мезгілі де – бәрі тарихи шындыққа егіздей ұқсас болуы міндетті. Жазушы сол кез туралы жазылған мұрағат деректерін де, естеліктер мен әңгімелерді де – бәрін пайдалануы керек. Сондықтан «ұқсас», «пайдаланыпты» деген сөздердің кінә емес, жала екенін Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш», Қажым Жұмалиев пен Зейнолла Қабдоловтың «Әдебиет теориясын» оқыған орта мен ақын-жазушылар жақсы білуге тійіс. «Кімнен кім пайдаланды?» Кімнің кітәбі бұрын шықты? Бұған оқырман қауымның көзі жету керек қой», – дей келе Тұрсынәлі мақаласының соңында: «Мен Бексұлтанмен айтысып-тартысып, соттасу ойымда жоқ», – деген қоқанлоқы сыйақты әлденені аңғартады. Алайда кімнің кімдерді сотқа беруіне болатынын тарихи шығарманың табиғатын аз да болса білетін орта өзі де ажыратар деп ойлаймын. Олар ауру адам мен сау адамның да, жала жапқан адам мен жаладан ақталған адамның да ұқсастығы бар екенін көріп-біліп жүрген болар.
Тұрсынәлінің төрт томдық романы шындық пен тарихи деректерге қаншалық ұқсайтын-ұқсамайтынын білмеймін, ал менің романым 95 пайыздай ұқсайды әрі дәл келеді. Тіпті 1986 жылы зорланып қаза болған қыз да әйгілі Желтоқсан құрбаны Ләзәт Асановаға ұқсас. Л. Асанова – менің туған ауылым Ақжазықтың баласы, Үсен болыстың ұрпағы, менің ұрулас қызым. Оны өз атымен алмаған себебім біреу ғана: оның әжесі Шәйі емес. Тек сол жағдай болмаса, қалғанының бәрі – тарихи шындық
Жалпылай алғанда, және, өзімнің өмір тәжірійбеме қарағанда, жала жабатын адам табылса, жаланы пайдаланатын адам да табылады.
Жазушы Тұрсынәліні білетін едім. «Жалын» баспасына келіп, бірнеше кітәбін маған беріп те кеткен. Оның «Ұлы көш» романы төрт томдық көлемді шығарма көрінеді. Оны оқымағаныма кәзір опық жеп отырмын. Оқымаған себебім: оның 1916 - жылғы оқыйғаға арналғанын білмедім. «Ұлы көш» деген – өте мағыналы ат. Ондай ұлы көш тарихта болған. Біздің дәуірімізге дейінгі заманда басталып, біздің дәуіріміздің бас кезінде тоқтаған. «Халықтардың ұлы көші» кезінде сақ, құн бабаларымыз Шығыстан Батысқа қарай қоныс аударған, оны орыс тарихшылары «Великое переселение народов» дейді. Ал 1916 - жылы ондай ұлы көш қазақта бола қойған жоқ. Романын Тұрсынәлінің неге «Ұлы көш» атағанын, оқымаған соң, түсіне алмадым. Менің естіген, мұрағаттан, естеліктерден оқыған деректеріме қарағанда, 1916 – жылғы қазақ пен қырғыздың босқын көші ұлы көш емес, қанды көш, халық қан жылаған көш. Құдайға шүкір, екеуміздің бұл пікіріміз бір-біріне ұқсамайды.
Бексұлтанның романы менің романымнан кейін шықты, сондықтан ол менің романымнан «пайдаланды», онікі менікіне «ұқсайды» деп жыйырмадан асатын мысал келтіріпті. «Ұлы көштің» «Әй дүние-айдан» бұрын шыққаны рас. Ал баяндамашы Нұрлан Қами деген ініміздің: «1916 – жылғы Қарқара көтерілісін... көркем прозада алғаш рет көрнекті жазушымыз Бексұлтан Нұржеке – ұлы осыдан екі жыл бұрын «Әй, дүние – ай!» атты романында ашына бейнелеп еді», – дегені, менің ойымша да, ағаттық болған. Ол өйткені 2006 – жылы жарық көрген Джозеф Эпштейннің «Зависть» деген кітәбін оқымаған болу керек. Оның үстіне, әйгілі Әуезовтің әйгілі «Қыйлы заманын» атамай кетуі де көңілге келетін нәрсе. Ол аз десеңіз, көркем шығармада ол оқыйғаға Нұрлан Оразалин де менен бұрын шығарма арнаған. Ал зерттеулер мен мақалаларды санаған да, бәрін түгендеп оқыған да адам жоқ шығар.
«1916. Қарқара – Албан көтерілісі» деген Сәйдәлім Тәнекеевтің кітәбі 2002 – жылы жарық көрді. Қырғыз зерттеушісі Сұлтан Жантуаровтың «В огненном кольце» деген кітәбі 1968 – жылы жарық көрген. Онда халықтың Қытайға қашуы санамалап тұрып көрсетілген-ді. Ал енді тәуелсіздік алғалы бері өз елімізде де азды-көпті зерттеулер ашаршылық жайында жазылып жатты. Бұрынғы Т. Ырысқұлов пен О. Исаевтың Сталинге жазған хаттарынан және Бесеудің хатынан өзге қазақстандық орыс замандасымыз Валерий Михайловтың ұлы жұт жайындағы мұрағат материалдарын жыйнақтап екі мәрте басылған кітәбінің екінші басылымын мен қызымет жасайтын «Жалын» баспасы басып шығарды. 1990 – жылы «Нәубет» атты жыйнақты да осы баспа шығарды. Алматы обылыстық мұрағатының деректірі Сәуле Боранбаева бастаған бір топ мұрағат қызметкері «Қазақ халқының қасіреті» атты мұрағат материалдарын 2010 – жылы жеке кітәп етіп жариялады.
2006 – жылы сол Сәуле Боранбаева қарындасымыздың басшылығымен мұрағат деректерін жариялайтын «Туған өлке» жұрналында «1916 – жылғы көтеріліске 90 жыл» атты айдармен деректер топтастырылып жарияланды. Сол жылғы 1 – санында Жұмәділ Қарабайұлы деген кісінің (1910 – жылы туған) «Қарқара ошағы» деген деректі шығармасының тарих ғылымының докторы Кеңес Нұрпейісов ағамыздың құптауынан кейін «София мен Анастасия – 1916 – жылғы көтеріліске қатысқан өлеңші орыс қыздары» деген үзіндісі жарияланды. Менің «Әй, дүние – айдағы» Сопыйам – сол орыс қызының бірі. Оның толық аты-жөні – София Алексеевна Вербицкая.
2003 – жылы сол «Туған өлкенің» №1 – санында тарих ғылымдарының докторы Кеңес Нұрпейісов ағамыздың «1916 – жылғы көтеріліс» атты алғысөзімен арап қәріпінен қате оқылып, Далданбаев делініп Дәлденбаев Іргебай ақсақалдың обылыс мұрағатында сақталған «1916 – жылғы көтеріліс туралы естелік» деген жазбасы жарияланды.
Бұл кісі көтерілістің қалай, неден басталғанын – бәрін көрген, бастан-аяқ қатысқан кісі. Көтерілісшілерде он бес шақты ғана мылтық болғанын осы кісі айтады. Ол – белгілі сазгер Бейбіт Дәлденбаев ініміздің атасы.
Қыз-келіншектердің қалай зорланғанын, қазақ пен қырғыздың малын қалмақтардың қалай талап алғанын ол кісінің айтқаны мен менде сақтаулы Самсалы Қожабеков ағамыздың естелігінде жазылғандар және Александр фон Бергтің мемлекеттік мұрағаттағы жазбаша көрсетулері бірдей болғандықтан, мен ол кісінің деректерін романымда батыл пайдаландым. Шынымды айтсам, сол екеуінің дерегінен артық дерек бар деп ойламаймын. Ал Тұрсынәлінің қай дерекке сүйенгенін білмеймін.
Іргебай ақсақал аталмыш естелігінде былай дейді: «Поселкеден қашқан орыстар жолыққан қазақты өлтіріп, Төте деген асудағы жолға шанышқан асудағы (түпнұсқада солай – Б. Н.) ағашқа астын кесіп, аузына тығып, ағашқа байлаған. Қарқарадан Нарынқолға келе жатқан байы жоқ әйелдерді өлтіріп, баласын құшақтатып кеткен («Туған өлке», №1 – 2, 2003 – жыл, 38 – бет). Қалмаққа қатын болған қазақ келіншектерінің:
- Керіліп кереуетте жатушы едік,
Түңлікті түске жақын ашушы едік, –
деп басталатын өлеңдерді де осы Іргебай ақсақалдың естелігінен пайдаландым. Өйткені олар сол кездің шындығын көзбен көріп отырғандай елестетеді.
Төте асуындағы қазақ Қожаш па, басқа ма, орыс үшін бәрібір еді, мен оны Сопыяның күйеуі Қожаш деп алдым. Өйткені одан тарихи шындық тійіттей де өзгермейді. Мұнымен Тұрсынәліден емес, обылыстық мұрағаттан алып пайдаландым.
Албандарға ұзатылған Қалиман әпкем: «Бекетай кітәп жазбақ екен, барам деген жерінің бәрін көрсет!» – деп, Болат құдасына бұйрық беріп, Болат екеуміз Қарқарадан Жалаңашқа дейін Екі Ашаны, Кеңсу (Бас Меркі), Орта Меркі, Шет Меркі, Жайдақбұлақ, Ақтоғай, Ұзынбұлақты аралағанда, не жазарымды білмей, Тұрсынәлінің төрт кітәбін ақтарғам жоқ. Қазақтардың ол кезде қандай тамақ жеп, жарақатына қалай кійіз басатынын білу үшін, ол кітәптәрді ақтарудың еш қажеті болмады. Өйткені мен жасымнан қазақ ауылында соның бәрін біліп өстім.
Жыйырмадай жыл бойы марқұм ағамыз Ұлы Отан соғысының ардагері Әлнұр Мейірбеков пен жазушы ініміз Баққожа Мұқаи бастап, Нарынқол, Кегеннің әкімдері де, жыл сайын жер аралатып, ақсақалдармен жолықтырып зыр жүгіргенде, жазарға түк таппай қайтсын, Тұрсынәліге жүгінсін деген жоқ шығар.
Қазақтың бір-біріне жасайтын қасастығы қашан тыйылатынын мен болжай алмаймын. Ол мүмкін емес.
XVII – ғасырда Тұрсын хан мен Есім хан – екеуі де төре бола тұра Тәшкеннің қазағы мен Түркістанның қазағын соғыстырады. Сол соғыста шапырашты Сүлеймен батыр өзінің туған қайнағасы Айрылмасты жекпе-жекте өлтіреді. Танау атты Тұрсын ханның мергені Сүлейменді атып өлтіреді. Не үшін? Елді Есім емес, Тұрсын бійлеуі үшін. Ал қазаққа ол соғыстың қандай пайдасы тійді? Тұрсын ханды жақтаған Қатаған руын бала-шағасына дейін Есім хан қырды, тұқымын тұздай құртты. Одан, әйтеуір, бір тармақ Шанышқылы ғана қалды. Нәтійжесінде Тәшкен төңірігендегі қазақтар азайды.
XVIIІ – ғасырда қырық жылдан астам қазақ халқы үшін аттан түспей соғысқан Қаракерей Қабанбайға бөлесінен таралған өз тегі Дәулетбай тіл тійгізіп, оған іренжіген Қабанбай Арқаға өкпелеп кетіп, сол жақта Дәулетбаймен татуласпаған күйі дүние салады. Одан біз қандай сабақ алдық?
Тағы сол XVIIІ – ғасырда арғы-бергі тегі таза төреден тараған Әбілқайыр хан күмәнді төрелер Жолбарыс пен Абылайға өмір бойы қырғый қабақ болып, соның салдарынан өмір бойы олармен бірігіп ел қорғамай өтті. Одан қазақ не ұтты?
ХХ – ғасырдың отызыншы жылдарында бұл өрескелдік өз шыңына жетті. «Ана ағамыз ана ағамызды ұстап берді, мына ағамыз ана ағамыздың үстінен арыз жазыпты», – деген қауесеттен де, шындықтан да өрбіп жатқан шырмауықтан әлі шыға алмай келеміз.
ХХ – ғасырдың ортасы ауған кезде өмірге Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы келді. Абайдың алдында жол көрсеткен Дулат ақын бар екенін жазды. Ал кеп бүкіл зыйалы қауым Мұхтардың жағасына жармасты. Дулаттың зар заман ақыны екені, одан үлгі алуға болмайтыны бетке басылды. Амалсыз Әуезов Дулатты Барлас деп өзгертіп құтылды. Сөйтіп өмірде болған Дулат ақынның орнына өмірде болмаған Барлас ақын Абайға үлгі болды. Оның бәрі өмірде болған, өмірден өткен өкініштер.
Бірімен бірі дауласып жатқандарға қарап әлі рахаттанумен келеміз. Шындық үшін солай дауласу орынды сыйақты, демократиялық дұрыс жол тәрізді. Не шындығы жоқ, не қасійеті жоқ бұл неғылған өлмейтін әдіс? Ешкімге ешкімнің жаны ашымайтын, ешкімге ешкім: «Қойсаңшы!» деп айтпайтын бұл қазақ сонда қандай халық? Қашан өзгереміз? Қашан шын мәдениет пен шынайы қасійетке қол жеткіземіз? Осы бір «Шындық үшін шырылдап жүрмін?», – дейтін жалғандыққа қашанғы жол береміз? Елдің, өнердің ертеңін ойлайтын мүдеміз осыған келіп тірелсе, онда жазушы деген аттың да құны құн емес екен-ау деген ойдамын. Қашанғы «қай жеңгенің менікі» бола береміз?
Мұны мен аса ашынып жазып отырғанымды жасыра алмаймын. Тұнығым ылайланғандай, адалым арамданғандай күйзелгенімді біреу түсінер, біреу түсінбес. Бәлкім, ешкім де түсінбес.
1916 – жыл – менің көптен келе жатқан жан азабым.
Менің анам Әзіхан Нұрбекқызы Ешмұхамбет келіні – Байсақал болыс пен Көмекбай бійдің туған немересі, 1972 – жылы 56 жасында қайтыс болды. Кеңес өкіметі мен ауыл белсенділерінің бүкіл жаласы мен бәлесін басынан кешіп өткен бейбақ. «Әй, дүние – ай!» романындағы Шәйінің негізгі прототипі – сол Әзіхан атты 1916 – жылы туған өз шешем. Түрі де, түсі де – бәрі сол. Өз шешемнің бет-бейнесін өзгенің шешесіне қарап жазатындай басыма күн туа қойған жоқ.
Өз атам мен өз әжем 1881 – жылы туып, 1956 – жылы менің он бес жасымда екеуі де бір жылда қайтыс болды. 1916 – жылдың да, 1930, 1932, 1936, 1937 – жылдың бәрін бастан кешкен адамдар. Атамның әкесі Тұрған атты атамызды 1879 – жылы орыс әскері бәйгі атына бола атып өлтіріп, Ешмұхамбет атам өзінің атасы Тілеулі бійдің қолында тәрбиеленген. Өз ата-бабамның ғұмырын мен өзгенің ата-бабасынан көшіріп ала қойатындай мұқтаждыққа ұшыраған жоқпын.
Жалпы, ұқсастық деген өмірде де, кітәпте де болуға тійіс. Қазақ қазаққа ұқсамаса, оның несі қазақ? Алайда бүкіл қазақтың арғы бабасы Арыс болғанмен, кәзіргі қазақ бір кісінің баласы емеспіз. Бүкіл түйе де бір-біріне ұқсағанмен, бәрі бір бураның ботасы емес. Мұны мен аксиомалық ақиқат деп білем. Сондықтан анау анаған ұқсайды, мынау мынаған ұқсайды дегенді мәні бар әңгіме дей алмаймын.
Мен «Ұлы көш» пен «Әй, дүние – айдың» басты ұқсастығын Тұрсынәлінің мақаласын гәзетке басуға даярлаған Еркін Жаппас ініміз де байқамаған деп ойлаймын. Ол – патшаның үйін жарлығы. Соны Тұрсынәлі де, мен де тарихтан ұқсас көшіріп алғанбыз, өйткені екеуміз де сол оқыйғаны жазғанбыз.
Ал енді Тұрсынәлі жазып отырған бірінші ұқсастыққа келейін. Ол былай депті:
«Ұлы көш» романындағы басты кейіпкер Ақтоты мен «Әй, дүние – ай!»
романындағы басты кейіпкері Шәйінің портреті ұқсас – екеуі де – кең қабақ, жазық маңдай, пісте мұрын, жайтаң көз, сүйрік саусақ, сүйкімді ауыз».
Ақтотының бұл бейнесі Тұрсынәлінің қай томдығының қай бетінде екенін білмеймін, ал Шәйінің портреті менің романымның бірінші бетінде-ақ тұр. Ол былай: «Түрі кенет өзгеріп кеткендей, айнаға сәт сайын сүзіле, өзгеше бір өзгеріс іздеп қарайды. Бірақ қанша қарап үңілсе де, жанары жал-жұлт еткен сол байағы қыр мұрын, бидай өңді қыз: «Қайта-қайта неменеге қарай бересің?» – дегендей, айнадан әжуалап күлімсірейді. Бойы да бұрынғыға қарағанда қарыс па, сүйем бе, бірақ бійіктеп қалғандай. Өз байқауынша, айрықша кең қабағы оны өз жасынан ересек қыздай көрсетіп, жұртты үнемі жаңылтады» («Әй, дүние – ай!»,«Жалын» баспасы, 2015,5 – бет).
Ұқсай ма? Әрійне, ұқсайды: екеуі де, кең қабақ, бірі – пісте мұрын, екіншісі – қыр мұрын, екеуі де қыз, екеуі де қазақ, т.с.с.
Тұрсынәлінің қанағаты бар екен, саусаққа дейін ұқстапты да, кілт тоқтапты. Әйтпесе, жалаңаштап қараса, әйел мен әйелдің талай ұқсас жерін табары даусыз еді. Әйткенмен тапқыш екен, 24 түрлі ұқсастық тауыпты. Ол тапқан ұқсастығының бәрі жаңағы көрсеткен ұқсастығындай, кейбірі одан да сорақы. Екі кітәпті салыстыра қараған Еркін Жаппас та мұны аңғармаған ба? Әлде аңғарғысы келмеген бе, белгісіз?
Тұрсынәлі, әйтеуір, менен көшіріп алған дегенді айтпайды, бірақ «ұқсас», «пайдаланды» дегенді қарша боратады. Ал мақаланы басуға дайарлап отыраған Еркін, байқаймын, «Ұлы көшті» де, «Әй, дүние – айды» да оқымақ тұрмақ, беттерін ашып та қарамаған. Бұл мақаланың ар жағында жазушының, Жазушылар одағының, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің ар-намысы, беделі, оның ар жағында адамгершілік, ақиқат, шындық дейтін қасійетті ұғымдар тұр емес пе, сондықтан тым, құрыса, екі кітәпті қолына алып, «ұқсас» пен «пайдаланды» дегендерді бір байқап көрейінші деуі тійіс еді. «Телепон арқылы Бексұлтан ағаға мақаланы оқып бердім, алдынан өттім, енді қай жеңгені менікі, Бексұлтан ағаның да артына шала байлап қойыудың реті келді», – деп ойлаған болу керек. Өйткені осының алдында ғана оны ұрысқам.
Тұрсынәлінің екінші кінәсі мынау: екі романдағы екі әйел де кей жерде екіге жарылып өзімен өзі айтысады.
Тұрсынәлінің романы түгіл, өз романымда Шәйінің өйтетіні қай жерде екені кәзір есімде жоқ. Әдебиет теориясы кейіпкердің өзімен-өзі айтысатын монологы Тұрсынәліге ғана тән дегенді әзірге айта қойған жоқ. Бұл әдіс – жазушының бәріне ортақ әдіс. Ал ол әдісті Тұрсынәлі ғана ойлап тапқан болса, оған патент алуы керек еді. Онда да заң оны құп көрсе.
Үшінші кінә: «Ұлы көш» романындағы Рақымберген деген ұлт сатқыны, «... Әй, дүние-ай» романындағы Рақымбай да сондай кейіпкер», – дейді. Біріншіден, Рақымбай – өмірде болған, тарихи адам. Ал Рақымбергеннің кім екенін мен білмеймін. Екіншіден, Рақымбай – М. Әуезовтің «Қыйлы заман» пөвесіндегі негізгі кейіпкердің бірі. Ол – болыс болған жас жігіт. (М.Әуезов, 2 – том, «Қыйлы заман»,125 – бет,1979 – жыл). Үшіншіден, мен Рақымбайды сатқын адам деген емеспін. Өйткені оның қазаққа жасаған қастандығы да, сатқындағы да жоқ. Кеңес заманында болыс пен молда атаулының бәрі сатқын, жау саналғандықтан, оған ол кезде жақсы баға беру мүмкін емес еді. Ал менің романымда ол жайлы айтылған және оның айтқан сөзі мынау ғана: «Бала бермейміз десек, дейік. Бірақ үкімет әскер шығарып, бейбіт халықты қырып салса, қайтеміз?» («Әй, дүние – ай!», 29 – бет).
Оның осылай дегені тарихи шындық. Ал бұл сөз Рақымбайды сатқын деуге негіз бола алмайды, ондай сақтандыруды кезінде зыйалы алаш азаматтары да айтқан. Солардың айтқаны келді де. Менің ойымша, өз пікірін ашық айтқан адамның бәрін теріс пыйғылды адам санайтын заман өтіп кетті. Шын мәнінде, Рақымбайдың әлгі сөзі – елдің ертеңін ойлаған, халқына қамқор адамның сөзі. Мен мемлекеттік және обылыстық мұрағаттан оның атына айтылған басқа сөзді кездестіргем жоқ.
Тарихи адамның атын өзгертіп Рақымберген деудің де дұрыс-бұрысын айта алмаймын. Егер ол тарихи роман болса, тарихи адам да өз атымен аталуы керек.
Бұл, меніңше, дау деуге татымайтын дау. Өйткені Тұрсынәлі «Қыйлы заманды» оқымаған жазушылар сықылды. Оны оқымай 1916 – жыл жайында шығарма жазу, әрине, ерлік.
Төртінші кінә: орыс кейіпкер екі романда да ұқсас жазылады. Несі, қай жері, қай қылығы ұқсас? Орыс орысқа неге ұқсамауы керек?
Мен, жалпы, «Әй, дүние – айды» жазар алдында маған жала жабушылар болатынын болжағам. Бірақ менің романымды дереккөзі ретінде пайдаланды, ұқсас жазды деп тійісер деген ойда емес, орыстарға жала жапты, олар ондай жауыздық жасауы мүмкін емес деген сарында тійісуі мүмкін деп ойлағам. Сондықтан тарихи оқиғаларға, әсіресе орысқа қатысты жерлерде тек жазба деректерде сақталған нәрсені ғана айтуға ден қойғам.
Романымның бастан – айақ оқиға желісін Самсалы Қожабеков деген ағамыздың естелігі бойынша құрдым. Ол кісі – соғыстан кейінгі жылдары Жәркент аудандық партия кәмитетінің бірінші хатшысы болған, екі мәрте Социалистік Еңбек ері Н. Н. Головацкийді әскери қызметтен шаруашылықты басқаруға алып келген, Жәркент қаласына алғаш Өсек өзенінен су тартқызған адам. 1916 – жылы 8 – 9 жасар бала. Елмен бірге Қытайға қашып, сонда қыстап, 1917 – жылы қайта оралған кісі. Қызылбөрік баласы Серікбай да, оның ағасы Дәулетбай да оған туыс. Серікбайдың әйелі Көкшегірді, Қапез бен оның әкесі Байғабылды, Байғабылдың орыс досы Кобзевті, оның балаларын – бәрін білетін адам. Өзі де, балалары да, туыс інілері де Кобзевтің малын баққан. Орыс қызы Сопыйа да, оның күйеуі Қожаш – бәрі өмірде болған адамдар. Оны Тұрсынәліден көшіріп алуға менде ешқандай мұқтаждық болған емес. Бәрі Самсалы ағаның естелігі бойынша жазылды. Атаман Александровтың өлімі де, оның ұлы ұйымдастырған соғыс та со кісінің өз көзімен көргендері бойынша байандалған. Жалпы, менің өзім де Тұрсынәліге ұқсайтын болуым керек: мен шалбар кійем, ол да шалбар кійеді ұқсайсымыз ғой?
Бесінші және алтыншы кінә: екі романда да жамбасына тұрып қалған оқты емші қылышпен тіліп алады. Аққан қанды тоқтату үшін, екі романда да құрым кійізді күйдіріп басады.
Оқты қылышпен тіліп алудың, жараға кійіз басудың пәтенті қазақта емес, Тұрсынәліде ғана болса, онда оның бұл айтып отырғаны – өте үлкен кінә. Менің романымда бірде-бір қылыш асынған қазақ жоқ. Ал Тұрсынәлінің айтып отырғаны Әубәкір болу керек, мен оның емделуін Әубәкірдің өз естелігінен алып жаздым.
Жетінші кінә: түрмеде Жәмеңкеге у беріп өлтіргені екі романда да айтылады екен. Оның қасында бір батыр болады екен.
2001 – жылы Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу.1730 – 1916» деген шығармасы жарық көрді. Бұл құжаттарды Ілекеңді тергеген тергеуші өртемей сақтап қалған екен. Мен Самсалы ағаның естелігін, Ілекеңнің осы шығармасын және мемлекеттік мұрағат деректерін пайдаландым, менің романым ұқсаса, осындағы деректерге ғана ұқсайды. Бұл кітәпте мынадай бөлімдер бар:
1. Жетісу өлкесін орыс алуы. 2. Ұзынағаш соғысы 1860. 3. Жәркент оязында. 4. 1916 – жыл деректері. 5. Жетісудағы қазақ-қырғыздың көтерілісін басуға өкімет тарапынан қылынған қамдар. 6. Менің есімдегі. 7. Лепсі оязында. 8. Қара бауыр (әңгіме). 9. Соңғы сөз.
Менің романымдағы оқиғалар мен деректерді қайдан пайдаланғаным, олардың қай дерекке ұқсайтыны осы тараулардың атынан-ақ аңғарылып тұрған жоқ па?
Өкінішке қарай, оларды «Ұлы көштің» авторы да, «ҚӘ» гәзетінің қызметкері де оқымаған ғой, оқымаған адам оқымағанын білдіреді де, бүлдіреді де.
Ілекеңнің осы кітәбінде «Жәркент оязында» деген тарауда 1916 – жылғы көтеріліске қатысқан Әубәкір Сұлтанбекұлы мен Алдаберген Қойшыбайұлының естелігі берілген. Әубәкір Қарақол түрмесіндегі қырғынды, Алдаберген Қайқы асуы маңындағы қырғынды өз көзімен көрген, өз басынан кешкен бірден-бір куәгер кісілер. Сондықтан олардан басқаның сөзі ол оқиғаларға куә бола алмайды. Ал Тұрсынәлінің «бір батыр» деп отырғаны осы Әубәкір болу керек еді, оның «көтерілісшілердің бірі» деп отырғаны кім екенін мен білмеймін. Жәмеңкенің де, Ұзақтың да қандай кезде түрмеге түскенін де, түрме ішінде не істегендерін де тек Әубәкір біледі. Мен де тек Әубәкірдің дерегін алдым. Тұрсынәліден ұрлауға да, пайдалануға да, Әубәкірдің естелігін оқығандықтан, мұқтаждығым болған жоқ.
Сегізінші кінә: отбасының көзінше зорлау, үйді өртеу ұқсас дейді. Мұның бәрі мемлекеттік мұрағатта бір емес, бірнеше жерде тәптіштеп айтылған. Кезінде «1916 – жыл» деген жыйнақ шыққан, соның іші толған сондай дерек. Мұрағатта «Қызылбөрік ісі» деген дерек бар. Сонда Асы жайлауынан үрккен Қызылбөріктердің Кеңсуға келіп үй тіккені айтылады, арттарынан жазалаушы әтірет қуып жеткенде, олардың бәрі қарағай ішіне қашып тығылады. Қарағайға кіруге қорққан салдаттар бәрінің үйлерін өртеп жібереді тек бір үйді өртеуге батпайды. Себебі онда қасында енесі бар келіншек босанып қалған екен.
Сол жағдайды салдаттар кәмәндіріне байандағанда, ол оны да өртеңдер деп бұйрық береді. Салдаттар үйдегі үшеуін де тірідей өртеп жібереді. Мен бұл оқыйғаны романыма кіріктіре алмадым. Себебі Шәйінің отбасын өртеп жібергеннен кейін тағы бір өртеп жіберудің қажеті жоқ шығар деп шештім. Өлтіру мен өртеудің алуан түрін оқып отырған маған Тұрсынәлі кітәбінің түкке де қажеті жоқ еді. Оның мұрағатты білмеуіне қарағанда, төрт кітәбін тек елден естігені бойынша бұрқыратып жазған-ау, сірә?! Мұрағатта «Қызылбөрік ісі» жайында М.Тынышбаев пен Т.Бокиннің жазғандары да тұр. Кеңсуда (Үлкен Меркі) 1500 адамның үйі қалай өртелгенін айтады. Соларды оқып отырған маған Тұрсынәлінің үйді өртегені, қызды зорлағаны қаншалықты қажет бола қалды екен деп өзім де аң-таңмын.
Осыны да сөз деп, осыны да пікір деп отырған адамдарға тіпті аң-таңмын.
Құдай – ау, 1916 – жыл қазақтардың атқа мініп шапқаны да ұқсас емес пе? Оны да неге бір кінә етіп жазбаған?
Тоғызыншы кінә: «Босқындардың үңгірге түнеуі» ұқсас.
Өз романымда не жазғанымды ұмытып қалмасам, мен босқындардың үңгірге түнеуін жазған емеспін, тек Тазабек қана Жалаңаш үстінде түнейді.
Ал Көмірші деген жерге босқындар жыйналады, бірақ ол – үңгір емес, тұйық сай. «Жеген тамақтары да екі романда ұқсас» дегенге мен тіпті тәнтімін. Ұқсамас үшін, «лағман жеді» деуге батылым бармаған болу керек.
Мен «ҚӘ» гәзетінде басылған мақаланы оқығам жоқ. Бәлкім, бұл өрескел сөзді Еркін қысқартып тастаған болар деп те ойлап отырмын. Тұрсынәлінің мақаласын Еркін ініміз менің жазғандарымды басып беріп жүрген әйелдің телепонына салып жіберіпті, содан таныстым.
Тұрсынәлінің ұқсастық деп отырғандары ұқсастық дейтіндей ұқсастық екенін гәзет оқырмандары ажырата ма, жоқ па, оған көзім жетпейді. Жазушының да, жұрналшының да көзі жете қоймаған нәрсеге олардың көзі жете қоймас-ау деп шүбәленем.
Ұқсастық іздеген Тұрсынәлі тағы бір үлкен ұқсастықты байқамапты. Ол – қазақ көрген қорлық пен зомбылықтың ұқсастығы. Соның үш-төрт кезеңін өзім айтып берейін.
Біріншісі – 1916 – жыл. Патша бійлеген заман. Әскери жұмысқа бала бермедің деген сылтаумен жазықсыз жандарды патшаның жазалау әтіретінің жазықсыз жандарды айаусыз қырып-жойуы. Қарусыз, бас сауғалап бара жатқан көшті, ақ ту көтеріп бара жатқанына қарамай, бірде-бір адамын аман қалдырмай қыру.
Мұны мен романымда фон Бергтың өз аузымен айттырдым. Өйткені мен аузы күйген адаммын. Кеңес заманында «Өзендер өрнектеген өлке» деген атпен Жетісу өлкесінің тарихын желе жортып қана жазғаным үшін, бірге ас ішіп, бір дастарқанның басында бірге отырған жазушыларым арыз түсіріп, Қазақстан Компартиясы Орталық Кәмитетінің хатшысы З. Камелиденовтің оларды қолдауымен хандар мен бійлерді мадақтады, алашордалықтарды жазды деген желеумен қызметімнен алып, төрт жыл тоғыз ай бойы бір өзім бағып отырған бала-шағам бар, жеті бірдей адамды әйелім еден жуып асыраған. Сондықтан «Жау қайда деме, жар астында. Бөрі қайда деме, бөрік астында» дегенді естен шығармағам. Тәуелсіздік алғаннан кейін де құйрығыма шала ілген. Ұлы жүздің адамдары бірігіп жазған «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» кітәбін шығарды, ол кітәпта орыстарды жамандады, қалмақтың соңғы ханына тіл тійгізді деген жазушы замандастарымның айтқанын қалай ұмытайын? Ол ол ма, ол кітәпті шығарып, мемлекеттің ақшасын жұмсап, мемлекетке аса зор шығын келтірді деп, Қәуіпсіздік кәмійтетіне де арыз түсірген. Оны міністір Алтынбек Сәрсенбаевтың өзі тексеріп, Талдықорған обылысының сол кездегі әкімі С. Тұрсыновтың 15 млн, сол кездегі Панфилов ауданының әкімі 15 млн. теңге ақша аударғанына көзі жеткен соң барып, менің көзімше С.Тоқпақпаевқа телефон соғып жаладан құтқарған. Оның бәрі оңай ұмытыла ма, сондықтан сақтанып-ақ 29 жастағы Александр фон Бергтың 1916 – жылы 26 – өктәбір күні тергеушіге берген жазбаша жауабын (Мемлекеттік мұрағат. Нөмірі 676 – қарар, 44 – 56 – қатар,797 – қор, 46 – іс) өз жанымнан сөз қоспай, мағынасын сақтай отырып аудардым. Біреу жала жаба қалса, көрсетермін деп, бастан айақ көшіріп алдым. Түн ішінде ұйқтап жатқан ауылды шапқаны, ақ ту ұстап көшіп бара жатқан белгісіз болыстың бүкіл көшін түгел қырып салғаны – бәрі фон Бергтың өз сөзі. Ал орыс қызы Сопыйа тек тыңдаушы ғана.
Екінші ұқсастық: 1930 – жылдар. Зорлап ұжымдастырып, малдың бәрін ортаққа алған соң, жан баға алмай қырыла бастаған қазақтар Қытайға қаша бастады. Кеңес үкіметіне қарсылық жасап, қарулы қақтығысқа бармай, бейбіт көшіп бара жатқан қазақтарды кеңес үкіметінің Комәтіреті дейтін қарулы топ қынадай қырды. Әсет ақынды айтыста жеңген Қали ақын да сондай атыстың құрбаны болған. Жәркент шегарасында сол кезде қызмет атқарған, кейін бүкіл Совет одағын басқарған Черненконың да, сол 30 – жылдары Черненкомен бірге шегарада қызметтес болған Головацкийдің де қолы қанды екенін тарихшы інілеріміз кәзір дәлелдеп жатыр.
Үшінші ұқсастық: 1986 – жылғы Желтоқсан көтерілісі. Өз халқымызды өз халқымыздың ұлы басқарсын деген қарусыз жастарды кәзіргі Тәуелсіздік алаңында кеңес әскері қару жұмсап жазалады.
Осы үш кезеңде болған үш жазалаудың ұқсастығын жазғаным үшін айыптамай, анауыма анауы ұқсайды, мынауыма мынауы ұқсайды деудің қандай мемлекеттік, әдебиеттік және мәдениеттік мәні бар?
Ақыры айтқан соң, тағы бір ұқсастықты айта кетейін. Орыс жазушысы Солженицынның Қазақстан жерінің Солтүстік өңіріне қатысты пікірін Тұрсынәлі біле ме екен? Солженицынның және оны жақтаушылардың ойынша, орыс адамының айағы тійген жердің бәрі орыстыкі.1916 – жылғы генерал – губернатор да Солженицын сыйақты ойлаған. Орыстың қаны төгілген жерлерді бұдан былай тек орыстар мекендейтін болсын, ол араға қазақ пен қырғыз қоныстанбасын деген бұйрығын Тұрсынәлі оқымаған ба, бұл ұқсастықты байқамаған ба? Онда таныстырайын.
1916 – жылғы 16 – қазанда генерал – губернатор А.Н.Куропаткиннің бұйрығы бойынша, Текес, Шалкөде, Қарақол және Қарқарадағы қазақтарды жер аударып, ол араға орыстарды орналастыру тапсырылды. Оған жандарал Фоль Баум: «Вся земля, где пролито русское кровь, будет изьято из рода туземцев», – деп жауап қайтарған. Мен бұл бұйрықты романымда Қапездің аузына салдым. 1916 – жылдың ең қәуіпті оқиғасы – осы. Осы негізгі оқыйғасы ұқсамаған «Ұлы көштің» неге өңкей жүн-жұрқасы ыбыр-жыбыры ғана ұқсаған? Ол қәуіпті бұйрық, бүгінгі тілмен айтқанда, қазақ жеріне орыс автономиясын құрудың қамы болатын. Егер сол бұйрық орындалса, кәзір хәліміз қандай болар еді? Онда, 1916 – жылғы Албан көтерілісінен кейін Ресейде 1917 – жылы Ақпан көтерілісі болып, патша тағынан құламаса, сол автономия Қарқара жерінде орнар еді ғой. Ол орнаса, 1991 – жылғы қол жеткен тәуелсіздік соңы Қарабақтағыдай жағдайға тап болмас па еді? Анық ұқсастық іздеген адам осындай ұқсастыққа жармаспай ма? Елдің, ұлттың басына түскен ұқсастықты үлгі етудің орнына «саусағы ұқсайды», «жеген тамағы ұқсайды» деп «дәлелдейді».
Отыз жыл тәуелсіз өмір сүргендегі әдебиет пен мәдениеттің, адамгершілігіміздің көтерілген бійігі, біліміміздің өрлеген деңгейі осы ма?
Адам біреуді сыйлауы үшін, әуелі өзін-өзі сыйлап алуы керек қой. Осыны мен не үшін жазып отырмын, не үшін оны жарыйалап отырмын деп ойлауы керек емес пе? Әлде «Жаптым жала, жақтым күйе» деген де ұлы мақсат па?
Шынымды айтсам, әр «ұқсайды» мен әр «пайдаланды»-ға жауап жаза беруден жалыға бастадым. Ең бастысы, оның кімге қажет екенін түсіне алмай отырмын. Ұққысы келмеген адам қанша ұқтырсаң да ұқпайды. «Ұлы көш» романының төрт томындағы ұқсастық қай бетінде, қай кітәбінде айтылғанын қай оқырман менің романынымның қай бетінен іздеп отырады? Қай бетінде не дегенімді өзге тұрмақ өзім де ұмытып қалдым. Сондықтан ендігі «ұқсастықтарға» жалпылай жауап берейін. Көзі қарақты оқырман қай жауаптың қай жалаға берілгенін өзі де ажырата жатар.
Александр фон Бергтің жауабы жазылған Мемлекеттік мұрағаттың қорында одан өзге де бірталай адамның жауабы берілген, оның ішінде орысы мен қазағы да, ұйғыры мен дүнгені де бар. Соның ішінде 43 жастағы Дмитрий Купрянов деген Жәркенттік орыстың да тергеушіге берген жауабы тіркелген (ҚР Мемлекеттік мұрағаты, 797 – қор, 213 – бет. 1 – тізім). Содан үзінді келтірейін. Ол 1916 – жылдың 11 – ағұсында Қарақол мен Қарқараның жолында көргенін айтады:
«Было много трупов. На горке лежали трупы убитых матерей и двух детей. В пути на Пржевальск (Қарақолды орыстар ол кезде солай атаған – Б.Н.) Был разорванным попка подростка и ребенка. Недалеко от них лежал с разрубленным пополам черепом мальчик лет двенадцатий. Задный проход у него был вырезан, и, судя по запачконной крови, был он в начале изнасилован, а потом у него был вырезан задный проход».
Осыны жылап отырып мұрағаттан оқыған мен осыны Тұрсынәлінің кітәбінен не үшін іздеп жүріп көшіріп алам? Өз бетімше сөйлем құрауға талантым жетпей ме? Құдайсыз адамға айтар сөз де аузыңа түспейді екен.
Не жазарын білмей, Тұрсынәлінің төрт томының бір томынан 5 – 6 сөз, үшінші томынан тағы 4 –5 сөз, тағысын тағы бірер сөйлем іздеп отырған жазушыны Тұрсынәлі де, өзгелер де шынымен көз алдына елестете ала ма екен? Сондай жазушының өмірде болуы мүмкін бе?
Айтуына қарағанда, Тұрсынәлінің менде «ұзында өші, қысқада кегі» жоқ көрінеді. Тек ақ екенін әйгілегісі келіпті. Мейлі. Мен тек бір нәрседен тіксіндім. Баққожа Мұқаи басқарып отырған кезде Тұрсынәлі менің кітәбімнен пайдаланды деп, жазушы Жақсылық Сәмитұлын да кінәлеп, «Парасат» журналына мақала жазып, оған Ж.Сәмитұлы ашына отырып жауап жазған екен. Содан соң өзінің баласымен дос болып жүрген Серік Нұғыманов деген жазушыға да менің «Жол» атты әңгімемді пайдаландың деп жала жауыпты. Ал Серік үлкен адамға қарсы үндемей құтылған көрінеді. Сонан соң оның кітәбін Сәбит Досанов, одан кейін мен пайдаланған екем. Байқап қарасам, біраз жазушыны жазушы қылып отырған Тұрсынәлінің шығармалары көрінеді.
«Дәніккеннен құныққан жаман» деуші еді қазақ. Тұрсынәлі менімен де тоқтай қоймас деп қорқам.
Ілияс Жансүгіров аталмыш кітәбінің 131– бетінде Қытайға қарай босып келе жатқан қазақ пен қырғыздарға қырғыйдай тійіп, екі ортада пайда тауып жүрген қалмақ адамдарын атайды. Солардың ішінде Қарға дегеннің де бар екенін жазады. Ал Самсалы аға өз естелігінде дәл сол Қарға деген қалмақтың інісі Дәулетбайдың қазақ болып кеткенін, болыс Серікбай Қанаевқа аға, оның әйелі Көкшегірге қайнаға екенін айтып, сол Қарға арқылы шегарадан аман-есен өтіп, Қытай жерінде қыстап шыққанын жазады.
Оның бәрі Тұрсынәліден ұрлаған ұқсастық емес, мен пайдаланған дереккөздер. Осындай шындықтар күйзелтпесе, осындай шындықтар тебірентпесе, онда туған халқымның қайғысы мен қасіреті жатпаса, «Әй, дүние-ай!» деп нем бар?
«Қай жерін қалай пайдалансам екен, қай жерін қалай ұқсатсам екен?» – деп, Тұрсынәлінің төрт томдық романын ұрыша тінткілегенше, ұлттық мұрағаттың көне беттеріне телміргенім тәңірім жебейтін қылық емес пе?
Біздің тарихшылардың қолы тіймей жатыр, әйтпесе 1916 – жылы дарға асып патша өкіметі өлтірген қазақ батыры бір ғана Бекболат Әшекеев емес, мемлекеттік мұрағатта олардың аты-жөні жазылған, олар әлденешеу. Әттең, не аруақты сыйлай алмай, не тіріні сыйлай алмай қалдық қой!
Қарқарада болған оқыйға жайында Іргебай ақсақалдың айтқаны мен Александр фон Бергтің жазғаны бірдей болғандықтан, мен Қарқара шайқасын кім басқарғанын, оның немен айақталғанын тек сол кісінің естелігі бойынша байандадым. Ал Тұрсынәлі қалай жазғанын бір құдай білмесе, мен білмеймін. Қапезге шәкірт болған Қаратай – ел арасындағы әңгіменің желісі. Ол Тұрсынәлінің Жолдыбайына ұқсай ма, ұқсамай ма, онда жұмысым жоқ.
Қаратай – халық қасіретінің ең бір айанышты жағдайын көрсететін кейіпкер. Ол – өз ұстазы Қапезден де озатын шәкірт. Ол – елдің де, ел өнерінің де болашағы. Бірақ ол болашақ – сол жылы сөнген болашақ. Мыңдаған Қаратайлардың жазықсыз қырылғанын жоқтап жаздым. Олар – ешқашан орны толмайтын құрбандар. 1916 – жылдың ең басты қасіретінің бірі де сол, оны ешкімнен көшіруге болмайды, ол әркімнің жүрек түкпірінде жатқан мәңгі жоқтау мен мәңгі жылау. Ондай қасійетті сезімді «ұқсайды», «пайдаланды» деген пендешіліктермен былғауға болмайды. Әрине, бұл – менің ойым, Тұрсынәлінікі емес.
«Әсет Найманбай образы мен Қапездің образы ұқсас»деген де сөз боп па? Елінің, ұлтының қамын, өнерінің қасійетін сыйлап өткен, сол үшін өмір кешкен Әсет пен Қапез ұқсас болмаса, кімге кімнің ұқсағанында не қасійет бар? Мақсаты, мүдесі бір адамдар бір-біріне ұқсамағанда, кім бір-біріне ұқсауы керек? Әлде Әсет бір елдің, Қапез басқа елдің азаматы ма?
«Екі кейіпкердің сөз-әрекеті аумайды», – деген де бірдемеге дәлел ме?
«Қатқан тулақты жібітіп жеу» де екі романда ұқсас деп кінәлейді.
Бұл айтып отырған 30 – жылғы аштықты менің атам Ешмұхамбет пен апам Батпан да, шешем Әзіхан да, әкемнің әпкесі Тоқтар да бастарынан кешкен. Тулақ жеген де, тышқан жеген де солар. Ал Тұрсынәлінің ол кезде қайда жүргенін мен білмеймін.
Самсалы ағаның өзі де, әкесі Қожабек те, туысқаны Байғабыл мен оның ұлы Қапез де, Қожабек аға мен Байғабылдың тамыры Кобзев те менің романымның кейіпкерлері, олардың бәрі Самсалы ағаның естелігінде тұр. Ал Кобзевтің Жәркент жаққа барып Кійтіңге орналасқанын ол кісі жазбаған. Оның ол жақтағы өміріне шешемнің әкесі Нұрбектің тамыры Тютавин деген орыстың тағдырын пайдаландым. Теріні пісіріп жеу де, қалқоздың сыйырын сойып алу да со кісінің араласуымен болған жағдай. Тютавинді мен көрдім, бір айағын сылтып басатын кісі еді, Ақжазыққа комбайн айдап жаз сайын келетін. Шешемді «қызым» деп отыратын. Өзі аудан орталығы Көктал ауылында тұратын. Кейін Қоғалы жаққа балалары көшіп барыпты деп естігем. Бір баласы бертінге дейін Көкталда тұрды, автоінспектір болып қызмет атқарды.
Менің кейіпкерлерімнің бәрі осындай, бәрі әлдекімге ұқсайды, аспаннан не жерден шықпайды, шынайы өмірден сүзіліп алынады. Сөйткенде ғана әр кейіпкерімнің өмірі шын өмірге ұқсайды. Кітәпбек те менің Ақжазық ауылымды алғаш құрған адам.
Ең соңғы 24 – кінәге көңіл аударайын. «Еркек пен әйел (қыз) төсектес болған кездегі қыймыл-әрекеті, қылықтары, сезімдері... екі романда да ұқсас суреттеледі», – дейді.
Мен қатын алғалы 55 жыл өтті. Төсектегі қыймыл-әрекетті Тұрсынәліден үйренбей-ақ біліп алғам, құдайға шүкір! «Кімнен кім пайдаланды?» – деп, оның несіне күйінеді? Төсектегі сезімді, қыймыл – әрекеттерді Тұрсынәлі ойлап тапты деген пәтенті болса, оған айтар дауым жоқ.
«Ісің ақ болса, көпке сал», – депті Тұрсынәлі. Оның жалғасы бар: «Ісің қара болса, к..ке сал», – дейді.
«Төрелігін қалың оқырман қауым бере жатар», – деп мақаласын айақтапты Тұрсынәлі. Айтса, айта жатар, айтпаса іштей түсіне жатар. Кезінде М. Әуезовтің «Абай жолы» романын тарихи шығарма емес дегеніне бірде-бір әдебиет сыншысы мен зерттеушісінің жауап қатпағанына Ғабит Мүсіреповтің қатты күйініп мақала жазғаны есімде. Бізде жалаға ара түсу емес, айызы қану – заң. Біреу Тұрсынәліні де оқыйды, біреу мені де оқыйды, соған шүкір деймін.
Егер Тұрсынәлінің теориясына салсақ көртышқан мен екіскватор да бір-біріне ұқсайды. Өйткені екеуі де жер қазады. Қазу жайында қазақтың «Өзгеге ор қазған өзіне көр қазады» деген де сөзі бар. Сөз еместі сөз қылғанымызды 1916 – жылы құрбан болған аталарымыз бен әжелеріміз, сұраусыз сұрапыл қырғынға ұшыраған қазақтың ұл - қыздарының аруағы кешіре көрсін!
Қорыта айтқанда, орыстарда «По себе судишь» деген де сөз бар, тарихи романда тарих пен мұрағатты ақтармай-ақ жаза беретін жазушылар бар екен. 1916 – жылдың оқыйғасын көркем әдебиетте бірінші болып мен жазғам, Бексұлтан менен кейін жазған деп, соны дәлелдеу үшін 24 түрлі ұқсамайтын ұқсастықты тізбелеу – айақтан шалудың айласы. Ол оқыйғаны тұңғыш көркем шығарма етіп жазған – Мұхтар Әуезов, пөвесінің аты – «Қыйлы заман»; ал тұңғыш зерттеу шығармасын жазған – Ілияс Жансүгіров, зерттеуінің аты – «Жетісу». Оны мойындамай таласу – адам алдында – кінә, аруақ алдында – күнә. Кінә де, күнә де адамды үнемі аңдып тұрады. Одан құтылудың бір-ақ жолы бар: білімді болу. Ал ол үшін оқу керек. Әрине, Тұрсынәлі де.
«Қазақ әдебиеті» газеті, №19