Мағаз Разданұлы. Кебенек кигеннің тойы

ӘДЕБИЕТ
4213

Қытайдағы қазақтардың екі ғасырға жуық үздіксіз жалғасқан әдебиет тарихы – тұтас қазақ әдебиетінің айырылмас бір бөлігі. Түрлі қуғын-сүргіндер мен жаугершілік замандарды бастан кеше жүріп, жалпы саны 2 миллионға жеткен ондағы қандастарымыздың мол мәдени мұралары ұлт руханиятында алтын алтын сапты қанжардай жарқырап тұр.

Қытай билеушілері тарапынан жасалған түрлі саясаттың көлеңке жақ бетінде жүріп, соңына өшпес із қалдырған ірі тұлғалар көп. Солардың бірі әрі бірегейі, ақын, жазушы Мағаз Разданұлы. Алдағы уақытта «Мәдениет» порталында Мақаңның 1994 жылы жарық көрген «Ата заман сөйлейді» кітабында жарияланған әңгімелері мен повестерін оқырман қауымға таныстырып отырмақпыз.

Сонымен қатар, қытайдағы қазақ әдебиетінде жарқын ізін қалдырған өзге де ұлы тұлғалардың шығармаларын ұсынатын боламыз.

Ұларбек Дәлейұлы 

Автор туралы

Мағаз Разданұлы 1924 жылы Қытайдың Алтай аймағының Буыршын ауданындағы Дулайты ауылында дүниеге келген. 1940-1944 жылдары өз жері «Жеңісті» мектебінде оқытушы болған, 1947-1957 жылға дейін Қытай жазушылар қоғамы Шинжияң бөлімшесінде істеген. Арада 20 жылдай Қытайдың солақай саясаттың кесірінен қуғынға ұшырайды. 

1979-1981 жылдары Буыршын аудандық мәдениет мекемесінде жалғасты қызмет атқарады. 1981-1982-ші жылға дейін өз ауданының саяси мәслихат кеңесінің орынбасар төрағасы болып жұмыс істей жүріп, осы жылдың қазан айынан зейнетке шығады.

Мағаз Разданұлы сонау 1930 жылдардан бастап Абай, Шәкәрім сынды ұлы даналардың шығармаларынан сусындай жүріп, өмірге терең бойлап, әдебиет әлеміне қадам тастайды. Осылайша ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбектенген Мақаң қаламын ұштай түседі. Оның өлеңдері «Шинжияң газеті», «Ерікті Алтай», «Таң шолпан», «Бірлік» қатарлы газет-журналдарда артынан жарық көрді. 1982 жылы «Асулар толғауы» атты алғашқы өлеңдер жинағы Іле халық баспасынан (Күйтың); 1984 жылы «Уақытқа жауап» атты екінші жинағы Ұлттар баспасынан (Пекин); 1986 жылы «Сары бел» атты өлеңмен жазылған романы халық баспасынан (Үрімжі); 1994 жылы «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме-повестер топтамасы жастар-өрендер баспасынан (Үрімжі) басылып, жеке-жеке кітап болып шығады.

«Автордың отыздай өлеңі, бірнеше әңгімесі мен повестері Қытай тіліне аударылған. Сонымен қатар, жеті шығармасы өлкелік және мемлекеттік жүлделерді қанжығасына байлаған. Бұлардан сырт, Мақаң аймақтық, облыстық, өлкелік әдебиет-көркемөнершілер қоғамы жағынан бірнеше рет «Әйгілі ақын-жазушы», «Қарт майталман» қатарлы даңқ сыйлықтарының иегері болған.

«Алтай ақиықтары» тарихи романы 1998 жылы Үрімжіде жарық көрді.

Бір ұлт әдебиеті үшін өлшеусіз үлес қосқан қадірлі қаламгер 1998 жылы 2 мамырда қайтыс болды.


Кебенек кигеннің тойы

– Жасымды сұрамайсыздар ма?, – деп тамсанып алған Байдар, – былтыр «жүзден асып кеткенсің» деген әлгі Мекебек, биыл қайткенмен он беске шыққан шығармын, – деді именбестен. Сонан соң бірнеше рет жыпылықтап алды да: нақ жасымды өздеріңіз білмесеңіздер, мен қайдан білемін, Андағы кітаптарыңызда жазулы шығар, әйтеуір, қартайдық қой, – деп, салмақты қарсы алдында отырған екі сұрақшыға тастай салды.

– Болмаса туған жылыңызды білмейсіз бе?

– Оны білемін. Апам: «жылың жылқы, қайың бүрлеген қызыл тасқында туғасың» деп талай айтқан.

Екі сұрақшы Байдар ісіндегі анкет бойынша қайта-қайта жыл қайырып және Байдардың өң-әлпетіне қарай отырып, оның жасын жетпістің сегізінде деп тұрақтандырды.

– Келіп шығуыңызды сөйлеңіз!

Сұрақ Байдар үшін өте ұғымсыз болды.

Ол болаты кеткен ажарсыз көзін бірнеше ашып-жұмып, тарғылданған дауысы кірілдеген кеудесінен зорға шыққандай үзіп-үзіп мағынасыз жауап қайтарды.

– Бұл қалай дегеніңіз? Келген кісі есіктен кіріп, шыққанда тағы сол есіктен шықпай ма? Көріп отырсыздар, бағана «багау» (мәлмет, ред.) деп (ол өзгенің бәрін ұмытып қала берсе де, дәл осы «багауды» ұмытқан жоқ болатын) есіктен кірдім, әлі шыққам жоқ қой. Енді шығарда да «багау» деп сол есіктен шығамын емес пе, – деді.

Үмітбай мен Қайратқа Байдар басында жорта жауапқа жатылып алған бір түрлі ғаяр адамдай сезіліп еді. Ол танымдары енді мүлде басқаша түсінікке ауысты. Олар сөйлескен сайын Байдарды тәбиғаттың өзі бір түрлі бүкпесіз шындықтың кені етіп жаратқан, кәперіне ештеңе алмайтын, тұлыбы кең, ерекше заттан құрастырылған жан-ау деп сезе бастады.

– Біз сіздің жас күніңізден бері қалай күнелткеніңізді білгіміз келіп отыр. Әкеңізге, өзіңізге немесе туғандарыңызға дәулет біткен бе, әлде, күндеріңіз жоқшылықпен өтті ме?

– Мәссаған, қайдағы дәулет? Әкем жасымда өліпті. Біз ағайынды екеу болатынбыз. Інім Қайдар бай да емес, кедей де емес, жалғыз арбасы сынып қалса, қайта түзетіп алып өз күнін өзі көретін. Мен көбінше Құйқалақтың үйінде болдым.

– Құйқалақтың үйінде не жұмыс істеуші едіңіз?

– Отын да әкеле саласың, су да құя саласың, көкек туған соң көтерем көтересің. Бір жағынан туатын сиырды аңдып, көтен астырасың, – деп кедейлікке мойындағысы келмегендей Байдар бәрін елеусіз қылып айта салды.

– Онда «өз басы жасында жалшы болған» деп жазамыз ғой.

– Иә. Дегенмен өз басы болмаса Құйқалақтың қатыны жақсы кісі еді, – деп сабақтап қойды әлі толық жіп тағып жетпеген Байдар, тегі көңілінде санасыз бір салыстырма бар тәрізді, ақыры солай деп жазуға разы да болды.

Арықтардың қатарына да, семіздердің қатарына да қосылмайтын, ұзын деуге де, қысқа деуге де болмайтын, «азаматың қайсы» десе мынау дегендей жастау ғана осы екі жігіт Байдар ісінің өкше ізіне түскелі көп болған. Байдар жөнінде аудандағы бопыраған құнсыз қағаздар екі азаматты аз әурелеген жоқ. Көп іздеп жіп ұшын әзер шығарған Үмітбай мен Қайрат Байдарды індете отырып осы жерден кеше ғана тауып, бүгін кездесіп отыр.

Терезесі күнге қараған шағын бөлме онша көңілсіз емес еді. Пеште от маздап тұр, күн нұры қадала қалған әйнектердің қырауы лезде-ақ еріп кетті. Үй ішінде үстел-орындықтан бөгде онша көп бұйым көрінбейді. Ықшам ғана бөлме әрі таза әрі көңілді еді. Тегі осындай жұмыстарға арналып әдейі жасалып қойған сияқты.

Босаға жаққа қойылған үш кісілік арқалы ұзын орындық Байдардың еншісіне тиіпті. Тік отырғаннан жамбастағаны көп, кейде көлбеп, кейде көсіледі. Көмілмелі көксұры тебен шапаны мен сақитан саптамасы көнетоздығын білдірмей Байдар бойына жарасып тұр. Ал малақайы жөнінде бірдеңе деу қиын. Әлде өлшемнен тыс кең тігілген бе, немесе Байдардың басы сонша қушиып кеткен бе, әйтеуір маңдайсыз малақай қазыққа кигізгендей қалтылдап, көңілі қалған бастан ыршып жерге түскісі келгендей еденге қарап тап-тап береді. Қырып тастаған сақал-мұрты тепкілесе кетпейтін ырыстай қайтадан қаптап, тебіндеп келеді екен. Екі ұртының ішіне кіріп, суалып кеткеніне қарағанда отыз тісінің біреуіне де ие болмай қалған болса керек. Отырма қостың етегіндей делдиіп барып, ұш жағы қайта сүйірленген үшкірше мұрны жымырылған еріннің үстінен әдепсіздікпен аттап кетіпті. сақалдан айырылған ұп-ұзын жетім иегі жоғары қарай қайқайып, мұрнымен өбіскелі аз қалыпты. Үлкен бір қабақсоқтаның астында жатқан көздері қырық найзалы үйге түскен күннің сағымындай жылтырайды.

– Сауатыңыз бар ма? – деген сұрау өзімен өзі болып отырған Байдардың ойын кенет бөліп жіберді. Ешнәрсені де түсіне алмаған ол кідіріп барып:

– Сауат деген не? Ондай нәрсе менде жоқ, – деп жымиды Байдар.

Үмітбай мен Қайрат «дәмің қандай» деп әлі пышақ тимеген қарбыздың өзінен сұрағандай, Байдарға берілген сұрақтың дағдылы, жаттанды сарын бойынша қойылып отырғанына өздері ыңғайсызданып қалды. Сондықтан:

– Бала кезіңізде оқу оқып па едіңіз? – деп Байдарға таяқ ұшын ұстата, қайта сұрақ қойды.

– Апам інімді Көпбай молдадан оқытқан. Ол құранды күңірентіп жібереді.

– Өзіңізші?

– Өзім шам жаққан мектептен оқығанмын, – деді Байдар, арнаулы бір мектепті тауысқан адамдай-ақ қомақтанып. Сұрақшылар Байдардың жауабын шынында түсіне алмай қалып: 

– «Шам жаққан мектеп» деген қандай мектеп? – деді.

– Шам жағып қойып іңірде оқитын мектепті білмейсіздер ме? – деді Байдар, толығырақ түсіндіргісі келіп, – малды қоралағаннан кейін қазан түсіргенше ауылдың бар адамы сол мектепте болады емес пе?

– Сол шам жаққан мектептен оқып хат тани алдыңыз ба?

– Ат-арба, қора-қосын деп оқып едік. Қазір қайда, түк те жоқ, қарайып кеттік.

Байдардың қанша оқығысы келсе де бәрібір сауатсыз екені түсінікті болды. Адам еркінен тыс тарихи жағдайлар үшін Байдар шал жауапты ма, әлде Байдар шал үшін қоғамдық құбылыстардың өзі жауапты ма, мұны саралап отыру екі сұрақшының дәл қазір аялдап отыратын ісі емес. Сондықтан істің бетін кезектегі жұмыстың өзіне ғана бұрып:

– Сізді бұрын неше жылға соттаған еді? – деді.

– Мен соттаған дегенді білмеймін. «Қар үш жауғанда қайтасың» деген, қар одан кейін талай жауды. Немене, үкімет өтірік айта ма? Мені қайтарып жіберсе болады, – деп Байдар бұл жолы тіке тартты.

– Бұрын не үшін сотталғаныңызды білмейсіз бе?

– «Соттаған» дегенді білмеймін деп отырмын ғой, білсем өстіп отырамын ба?

– Сіз бұрын үйленгенсіз бе?

– Не дейді, үй болмайтын кісі бола ма? Менің де үйім болған.

– Сондағы әйеліңізбен ажырасып кеттіңіз бе? Немесе әйеліңіз қайтыс болды ма?

– Қалай сұрап отырсыздар? Менің қатын алмағанымды білмейсіздер ме?

– Онда қалай үйленген боласыз?

– Түуу! Мына кісілер түк ұқпайды екен-ау! Үйде інімнің қатыны бар емес пе.

– Онда ағайынды екі адамның ортасында бір әйел болғаны ма?

– Қызық екенсіздер! Оны десеңіздер, апам бар, мен бар, інім бар, інімнің балалары бар, бәріміздің ортамызда баяғы сол бір қатын. Енді ұқтыңыздар ма?

Сұрақ пен жауаптың арасы күнде ренжіскен көршідей барған сайын алшақтап бара жатты. Үмітбай мен Қайрат сөз тарыдай шашылғанымен, бар болса қажетімізді теріп алармыз дегендей қаннен қаперсіз бойын кеңге салып отыр.

– Сіз Құйқалақтың үйінен қай уақытта құтылып шықтыңыз?

– Ұқпайды екенсіздер, мен басынан айтып берейін. Есебі, партия келді деңізші. Сонда Құйқалақтан маған ат, сиыр, қой алып беріп мені оның үйінен шығарып жіберді емес пе? Енді ұқтыңдар ма?

– Ол жасыңыздан бергі еңбекақыңызға алып берген мал ғой.

– Иә, иә...

– Саны қанша еді?

– Оны кім санапты. Торы ат, алабел құнажын, қайқы мүйіз қара ешкі... – деп Байдар шұбырта жөнелгенде жиын саны алты-жеті ірі қара, оншақты ұсақ болып шықты.

– Сонан соң ол малды қайттіңіз?

– Қайтетіні бар? Малды алдым да інімнің үйіне шығып алдым, айтып отырмын ғой, бәріміз бір әйелге қарадық деп. Мінеріңе ат, ішеріңе ас табылғаннан кейін немене деп, Байдар өмірінің ең бір биік шыңын еске алып, еріксіз күліп кетті.

– Ініңіз көшкенде сіз қайда қалдыңыз?

– Мені айтасыз ба? Мен жалғыз қала бердім.

– Кәрі адам жалғыз қалғанда тұрмысыңызда қиыншылық болмады ма?

– Ет-май, ұн-шайды үкімет беріп тұрса, немене қиыншылық болады екен. Жұмысқа да көп шықпайсың, демаласың.

Көйлегін ішігінің сыртынан киіп алғандай Байдардың жүйесіз сөзінен оның сол бір кезде қыстақтың қамдауында жатқан азат, күнәсіз қарт екені зорға дегенде ұғылып болды да, сұрақшылар сөзді тағы да сабақтай түсіп:

– Сонда тұрмысыңызға қарасып тұрған біреу-міреу болды ма? – деді.

– Тәукендікі біздің үйдің жанында емес пе, солар қарайласып тұрды.

– Тәукеннің үйіне неге шығып алмадыңыз?

– Мәссаған! Оның қатыны жоқ тұрса, онда қайтып болады екен?

– Онда кім жәрдемдесті?

– Қызы-шы.

– Тәукеннің қызы сіздің жатқан үйге келіп тұрушы ма еді?

– Келгенде қалай? Күндіз де, түнде де келетін.

«Байдардың осы жас қызбен байланысы бар» деген өсек, сол кезде аяқ астынан бұрқ ете түскенде, тып-тыныш тұрған ел ішіне лезде тараған. Ту баста Байдарды жығып берген кесек дәлелдің өзі де осы болатын.

Әңгіме буынды жеріне енді ғана жеткендей болды да, Үмітбай соны анықтау үшін сұрақты келтесінен қойғысы келіп, – Сіз осы жас қызбен... – дей бергенде,

– Жас қызбен? Қайдағы жас екен? – деп Байдар іліп әкетті, – әбден бойжетіп отырған қыз тұрса, осындайда өтірік бола ма? Көкте Құдай тұр, дұрысын жазу керек емес пе? – деп ежірейген бойы көлбеген орнынан көтеріле бергенде, малақайын шапанының жағасы қағып қалды да, жерге түсіріп жіберді. Тайқия біткен маңдай мен қырып алар қызыл жоқ мүсәпір төбенің бар сыры айпарадай ашылды. Ыстық су құйып жидітіп тастағандай-ақ құйқаның ол жер, бұл жерде қалған қылтандары бастарын құрай алмай, берекесі қашып тұр екен. Бір-біріне аман-сәлем қылуға енді ғана мұрсасы келгендей үрпиісіп түрегелді. Байдардың өзі де енді қайтып малақайын кигісі келмегендей жамбасының астына баса салды.

– Мейлі, ол қыз сіздің айтқаныңыздай-ақ кексе бойжеткен болсын, байланыс жасағаныңыз рас па?

– Менің үйіме ол қыздан басқа ешкім келмесе онымен байланыс жасамай, оның өліп кеткен шешесімен байланыс жасаймын ба, әлде кәрі әкесімен байланыс жасауым керек пе?

– Сіз байланыс дегеннің не екенін түсініп отырсыз ба?

– Түсінбейтін несі бар, байланыс болған соң байланыс емес пе?

– Тоқтаңыз ақсақал, – деді Қайрат. Дойбының жүрісінде аңғалдықпен обалды ұтылып бара жатқан қарсы тарапқа ақкөңілдікпен жанашырлық қылғандай, – сөзді ашалап алайық. Нақ шыныңызды айтыңызшы, ұлы сөзде ұяттық жоқ, байланыс жасау үшін қызбен бір көрпе жамылған жеріңіз болған ба?

– Бір көрпе жамылған деген қайдан шықты? Жоқты айтады екенсіздер, байланысты күндіз көрпесіз-ақ көшеде де жасай бердік. Әрі жүрген бері жүргеннің бәрі біледі, сенбесеңіздер сұраңыздар.

Қайрат пен Үмітбай еріксіз күліп жіберді. Дегенмен заң ісін ойыншық қылуға болмайды. Байдардың бұрынғы ісі де әрбір ұсақ бөлшектерден құралған. Ал оны қайта тұрақтандыруда да мәлім паршалау, құрастыру сатысынан өту керек. Жалп еткізіп итере салуға да, сәулетіне қарап қол тигізбеуге де болмайды. Бәрін де естіп, бәрін де талдау керек.

– Сіз сол қызды «алдап қолға түсірген» делінген. Бұған не дейсіз?

– Алдаған деген не? Алдамай-ақ өзі жақсы көріп тұрған қызды неге алдайды екем. Осы өтірік сөз қайдан шығады? Қане, қалай алдаппын?

– «Ақша беріп алдаған» делінген.

– Өздеріңіз айтыңыздаршы? Сондай жақсы қызға ақша бермей бола ма? – деп Байдар біраз тамсанып алды да, шаршағанына қарамастан кірілдеген дауысымен жүйесіз сөйлемдерді баяу жалғастыра берді.

– Екі өгіздің ақшасы аз ба? Етік те алдық, шапан да алдық, – деді ол, тіпті үстіндегі шапанды сол қыздың тігіп бергеніне, оның өзі асқан шебер екеніне дейін баяндап шықты. – Оны десеңіз, – деді Байдар онан әрі екіленіп, – ақша салған сандықтың кілті сол қыздың қолында болды. Керек десе көгінен де алады, қызылынан да алады, оның бәрін мен санап жүр деді дейсің бе?

– Осы ақшаны берудегі себебіңіз не?

– Неге бермейді екенмін, ел деген біреуге бергенді көре алмайды. Бәйек болып күтіп жүрген ондай қыздан ештеңе аямаса болады. байланыс деген сол емес пе, білмейсіздер ме?

– Сізге шығарылған үкімде «жас қызды...» деп Үмітбай үстел үстінде жатқан қағазға үңіле беріп еді, – Қайдағы жас қыз екен, – деп Байдар шоқ басып алғандай таға да быж ете қалды.

– Мақұл, «жас» деген сөзді қалдырып кетейік, –деді де Үмітбай жалғасты оқыды.

– «... Қызды алдау жолымен қолға түсіріп, көп рет басқыншылық жасаған. Мәселе ашылғаннан кейін қыз намысқа шыдай алмай өзін өлтірген. Байдар адам өліміне себепші болған. Сондықтан 15 жылдық мерзімді қамақ жазасы берілсін» делінген. Ұғып отырсыз ба? Сізге «қызға басқыншылық етті» деген кінә ғана емес, қыздың өліміне себепші болды деген айып та артылып отыр. Сіз осыдан өзіңізді ақтап кете аласыз ба?

«Басқыншылық», «айыптау», «ақтау» деген сөздерге келгенде Байдардың онсызда қақас құлағы тіпті тілазар болып алды. Біреуін де қабылдаған жоқ. Тек «қыздың өлімі» деген сөз ғана оның сезімін дір еткізді. Ол шошығандай селт етіп:

– Ит көтін бермейтін сөз, қыз өлген жоқ! Ол әлі тірі, неге өледі екен? – деп ентіге бастады. Тоғыз жылдың алдындағы сурет Байдардың көз алдына сол қалпында келді. Ол өлімге емес, өтірікке ашынып отырған секілді. Мүмкін, жақсы көретін қызын өлімге қимағандықтан да болар, – Сіздер жаман сөз сөйлеп қылжақтамаңыздар, мені той болып жатқан жерге апарғанда қыз тірі болатын. Ол неге өледі екен? – деп соңғы сөздерін булығып айта алмай қалды.

Сөз қанды оқиға туралы болып отырғанда «той» деген ұғым қалай қабатталып отыр? Осы түсініксіз құбылыс шынында сұрақшылардың назарын өзіне тартып әкетті де, – Сіз бұл жерде той туралы қалай айтып отырсыз? Біз анықтағалы отырған істің «тоймен» ешқандай байланысы жоқ қой, – деді.

– Көп ел жиналыпты. Кімнің тойы екенін мен қайдан білемін. Той болмаса ел жиналып, кернай тартып, өлең айта ма? Сол тойда менің елдің ең алдында тұрғанымды өздеріңіз көрген шығарсыздар, – деді Байдар. Өзі жөніндегі ашық сот жиналысын күні бүгінге дейін «тойға» ұқсатып келе жатқанын жасырмастан, сонда қызды да менің жаныма әкеліп тұрғызбады ма? Қыз «сөйле» дегенде, бетін басып жылап сөйлемей қоймап па еді. Одан кейін қыз қарадан қарап тұрып неге өледі екен?

Шал қиялы қанша шарықтаса да, баяғы сол бір шеңберден шығып кете алмады. Байдарды қыз өлімінің шындығына сендіру де қиын еді. Осыны сезген сұраушы сипаттамаларды салыстырып байқағысы келіп:

– Сіз Суықбай дегенді танисыз ба? – деді.

– Қай Суықбай?

– Шегірдің Суықбайы.

– Шегірдің Суықбайын танымайтын кісі бар ма? Ол әуелі сол Тәукеннің қызын алмақ болған.

– Сөйтіп, Тәукеннің қызын Суықбай неге ала алмады?

– Тәукен «қызымды үйіме күшік күйеу болып кірген кісіге беремін» деп оған бермей қойған. Суықбай оның үйіне күшік күйеу болып кіре ме, жездесі мөр басатын үлкен бастық тұрса, – деді Байдар. Оның түсінігінше сол кезде Суықбайдың жездесінен үлкен ұлық жоқ еді. Ол Суықбайдың жездесін адамдарды жазалай алатын үлкен ұлық деп еститін де, Құдайдан кейінгі осы-ақ шығар деп сезінетін. Сондықтан да оны «мөр басатын бастық» деп атайтын. Қазір сол ұғымы есіне түсті де тіксіне қалды. Ізінше жалтарып, – ондай суайтқа қыз тие ме, – деп сөз аяғын Суықбайға қаратқансыды.

– Суықбайды қалайша суайт дейсіз?

– Оны өздеріңіз әбден білетін шығарсыздар. Қыз тимей қойғаннан кейін онымен өштесіп айтпаған өтірігі жоқ.

– Қандай өтіріктерді айтып еді?

– Адамның ауызы бармайды, – деп Байдар қыз бен өзінің өсекке қосылған жайын енді ғана есіне түсірді. Тәңертеңнен бері осы жөнінде өзіне анықтау жүргізіліп отырғанын сезген де жоқ болатын. Ол қазір өзінше ашуға басып, алдымен сондайларды дүрелеу керек. Оның айтқан өтірігін қайта айтса адамның иманы қырық кез ұшады, – деді.

Байдардың сол қызға деген аталық мейірімі суып көрмеген еді. 

Үй іші жым-жырт. Шалдың еріндері жыбырлап кетті. Сығырайған көздерінен екі тамшы жастың домалап түскенін өзі де сезген жоқ.

 – Тым болмаса тілеуінің ішінде болып батамызды да бере алмадық. Кім біледі, қандай жанға жатжұрт болғанын пақырдың?.. – деп қойды. Осыдан кейін Байдардың өңі татара қалды да, күбірлей бастады, – түу, түуу... – деп екі жағына кезек бұрылып түкіріп-түкіріп жіберді.

Тарихтың айғағындай қарттың кең сарайдай көкірегіне мейірім, қарғыс қатар сиып жатқан сияқты. Осы арқылы өзінің әуресі көп өмірінің қиянаттан тап-таза екенін дәлелдеп отырған тәрізденеді.


* * *

         Сонау алыстағы тау шыңдарының басындағы берекесі қашқан андыз-андыз бұлттар болмаса, басқа өңірлердің аспаны шайдай ашық болатын. Енді ғана тебіндеп келе жатқан жасыл рең жер бетін түгел жаба қойған жоқ. Ағаш бұтақтарының ұштары ұзарғысы келсе, бүршіктері жапырақ жарғысы келіп терісіне симай жапа-тармағай бұртиып келеді. Мамырдың жайлы самалы оларды ақырын ғана тербеп еркелетіп тұр.

«Бейжің» маркалы жеңіл машина Қайдар үйінің алдына келіп тоқтады. Машинадан алдымен түскен Қайрат пен Үмітбай Байдарды өздері сүйеп түсірді. Байдар ана уақтағысынан танымай қалатындай өзгеріпті. Қаракөк сокнадан тігілген қайырма жағалы қаптал шапаны, күлгін пүліспен тыстаған елтірі тымағы, жаурынды жартылай жауып жатқан әппақ жағасы, Байдардың әлі толық жетіліп болмаған күмістей сақалының аз келтелігін білдірмей-ақ жарасып тұр. Орта бойлы, әлі толық семіріп кете қоймаған етженді екі жігіт беттері сарғыш тартқан тарих кітабын қолтығына қысқандай-ақ Байдарды қолтықтап келеді. Байдардың көзі шүу дегенде есік алдында тұрған арбаға түсті. Інісі Қайдардың арбасы осы болар. Бірақ ол ескі арбасына ұқсамайды. Мүмкін, шыт жаңа қайтадан жасатқан шығар... Оны айырып болғанша Байдарды қаумалағандар үйге кіргізіп әкетті.

«Байдар келеді екен» деген хабар ауылға күн ілгері тараса да, келіп болған хабары үй-үйге енді ғана жетіп жатты. Аула іші ұзамай-ақ ат-арбаға, велосипедке лық толды. Қайдардың үш бөлмелі үйін жұрт керіп кетті.

Олар түр келбеті жағынан да, жас жағынан да бір-біріне ұқсамайтын жандар. Таяғына сүйенген ақсақалдар мен әжімді түріне ақ шылауышы жарасқан әжелер де, қамшысын сүйреткен орта жастағылар да, төрт қалталы жігіт-желеңдер де, басына әсем шаршы байлаған сағатты келіншектер де бар. Осылардың арасында Қайдардың бес жасар немересі Болат ерекше қуанышпен жүгіріп, әркімнің ауызына бір қарайды. Байдар бұл немересінің маңдайынан бағана иіскеп, көрімдігін беріп болған.

Дәл бүгінгідей кесек оқиғаны Болат өзі туғалы көрмеген. Әдетте ешкім басын сұқпай кеткен осы мекенге бүгін жұрт неге жиналып жатыр? Келіп отырған қарт мейман қайдан келді, ол өзі кім? Өзін неге ерекше жақсы көреді? Осының бәрі түсініксіз, бәрін де білгісі келеді. Сондықтан да әрбір қимылға, әрбір сөзге қадағалап зер салғысы келеді.

– Өлмеген құл алтын аяқтан су ішеді.

– Өліспеген көріседі.

– Адам бір терінің ішінде неше арып, неше семіреді.

– Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді, – деген сөздердің әр адамның ауызынан бірдей қайталануы Болатты одан әрі таңдандырды... 

Ол далада қандай өмір болып жатқанын білгісі келгендей жүгіріп сыртқа шықты. Аяғынан гөрі таяғының көмегіне көбірек сүйеніп Тәукен қарт келеді екен. Жасында пысық жанның енді міне қайнаған өмірді шетте тұрып күзететін ғана қауқары қалған сияқты. Сұрғыш тартқан қарияның келіп жеткенінше осы болған көрінеді. Болат төбе шашы желкілдеп жүгірген бойы Тәукеннің етегіне орала кетті.

Қарт асықпастан одан:

– Үйлеріңе кім келді? Мынау көп адам не? Не істеп жатырсыңдар? – деп тәптіштеп сұрай бастады. Еркелей күлген Болаттың екі бетінен екі кішкене шұңқыр пайда болды да, басын қисайта тұрып:

– Кебенек кигеннің тойын жасап жатырмыз, – деп тақ-тақ ете түсті. Қабағат разы болған қарт ғасырдың алақаны жаңа өмірдің кекілін баппен ғана сипап өтті.

11.07.1979

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...