Бұл – Таласбектің ерте, бәлки, студенттік кезде жазған әңгімесі. 2011 жылы прозалық шығармалар...
Марат Қабанбай. Тамшылар (әңгіме)
Дүк, дүк, дүк...
Оянып кетті, көзін ашты. Аузы қаңсып жатыр. Таңдайы темір татиды. Әдепкіде түк көрген жоқ. Тас қараңғылық екі иықтан албастыша басыпты. Ұйып қалған қол-аяғын көзге көрінбес ұсақ құмырсқалар тістелеп жатқандай шым-шым етеді.
Дүк, дүк, дүк...
Әр секундқа ілесе шыққан дүкіл ғана тірлік белгісі.
Оң жамбасына әупіріммен аунап түсіп еді, иіс сезді. Қатарындағы жас келіншектің қалың қолаң шашынан елбіреп кеткен етене таныс иіс. Келіншек ұйықтап жатыр. Қолын созып еді, алақанына шаш талдары тиді, Күрсінді. Қара шаштан қайран жоқ - дүкіл тынбады. Бұл не сонда? Сағат десе, ондай жылтыраққа әуестігі жоқ-ты. Бір күн жүрсе, екі күн тоқтап қалатын қоңыраулы сағатты апта бұрын портфельге атып ұрып, жөндеу шеберханасына апарып тастаған.
Оқыс келген ойдан селт етті.
Түйе жүн көрпені серпіп тастап, келіншегіне қарай созылды. Келіншегінің жүрегі ауыратын. Кемінде екі-үш айда бір қалпақтай түсіріп, бетіндегі қызыл ренді жұқартып кететін соқпасы бар еді.
Құлағын келіншегінің жол жақ көкірегіне төсеп, тың тыңдады. Ол сәл созылып, ыңыранса да, оянбады.
Басын көтерген жігіт қос тізесін құшақтап отыр.
Келіншек дін аман. Жүрегі дүкілдемейді де, тарсылдамайды да. Сағатша соғып тұр.
Дүк, дүк, дүк...
Көзі үйренген бе, манағы қараңғылық сан жуылып, сан ілінген ескі пердедей селдіреп қалыпты. Ақ бояумен сырланған ағаш төбе, төбеден өрмекшідей салбыраған шоқпар бас электр шамы, еденге тасталған құрақ көрпе еміс-еміс қылаң ұрады. Таяқ тастам жерде жас келіншек аяқ-табағын, жігіт қағаз-дәптерін қойып жүрген ескі стол, бетіне жабылған арзанқол клеёнка бұлдырайды. Оның төңірегінде қайқы бас, тайпақ орындықтар қаздиып-қаздиып тұр. Барлық зат орнында. Бөтен ешкім жоқ. Ау, ендеше, шырт ұйқыдан оятып, түн ортасында төсек үстіне тік қойған мына дүкіл жердің қай жарығынан естіліп тұр?
Дүк, дүк, дүк...
Перде тасалаған ақ шел терезеге көзі түсті... Терезенің ар жағын алақандай аула алып жатыр. Ауланың кейде ашық, кейде жабық тұратын аласа қақпасы бар. Дыбыс, сыбыс деп үйде бұл қарадай үркіп жатқанда әулекі мас біреу сол сықырлауықты шалқасынан ашып тастап, кіріп кетпесе игі. Екі ай бұрын қораның бұрышында күпәйкесінің етегін басына түріп тастап, қорылға басып жатқан сондай бір пендені әупіріммен оятып, қақпадан шығарып жіберген.
Төсектен аяғын салбыратып еді, жалаңаш балтыры мен санын суық қапты. Қамыс қабырға жалғанда жылылық ұстаушы ма еді, ақшамдағы ұядай пәтер күн ортасы болмай сұп-суық. Кілт еңкейіп, төсек астын сипалап, араздасып қалған ерлі-зайыптыдай екеуі екі жерде қисайып жатқан бәтеңкелерін тауып алды. Қоңылтақ кие салды. Тұра беріп еді, буындары сықыр-сықыр етті. Бұрыш жақтан шошып кеткен бір-екі тышқанның жан ұшырған шиқылы шықты. Үйге түскен ұры құсап, аяғын ұшынан басса да, қиюы қашқан ағаш еден зар жылады. Ауа қармаған қолы қабырғаға тиді. Жарты әлемді алып тұрған орыс пешінің бүйірі екен. Кемір шауып, тамызық ұсақтайтын жаман балтаның жып-жылтыр суық сабы қолына ілікті. Есікке беттеді. Жолай киім ілгіште салақтап тұрған бешпентін иығына ілді.
Ауызғы бөлмеге шығып, сыртқы есікке маңдай тіреді. Екі мәрте нығыта итеріп еді, міз бақпады. Қаршыға тұмсық ілгек есіне түсті. Астынан жұмырығымен періп қалып еді, зыр айналды. Жер астында жеті күн отырып қалғандай сыртқа атып шықты, тереңнен тартып, кеңінен дем алды. Кеңсірік жаратын суық іздеген жігіт танауын жылы ауа ұрды.
Жылы леп жігіт төсіне жібек орамалды деміл-деміл басып тұр.
Өзіне-өзі сенбеді.
Беу дүниенің берекесі қашыпты.
Мына аула кеше, одан арғы күні, тағы-тағы күндері қар жамылып, үй ығын ақ қояндай паналап жатушы еді. Пеште жанған көмір иісі басын зеңгіте бергесін ел орынға отыра сыртқа таза ауа іздеп шығатын. Танауын тартып-тартып жібергенде қардың кәусар, таза иісі қолқа-қолқаны аралап жүре беретін. Әлекедей жаланған саршұнақ аяз құлақ, бет ұшын тістелеп, суық қолын сумаңдатып, қойны-қонышын емін-еркін аралаушы еді.
− Қысқасы, қыс еді.
Қазір ше?
Сол тап-тұйнақтай ақшағырмақ аула қазір шұп-шұбар. Шие ағашының қардан арылған қара бұтақтары түнгі аспанға шым-шытырық шимай салыпты. Жайшылықта ағаш баспалдаққа шыға келсе, қаңылтыр төсеп қойғандай қатыр-құтыр ете қалатын қасат қар ылжырап езіліп жатыр. Кетігінен қыс бойы кесек қар кетпеген ағаш күрек дым алғандай қаралтқым тартып, қора есігін маңдайымен сүзіп тұр.
Баспалдақты былқ-былқ басып түсіп, құбылаға қараған қақпаға беттеді. Мойнын созып, көшеге көз тастап еді, пілте-пілте шашын жұмсақ жел алағай да бұлағай сапырып, тарақтай жөнелді.
Лекіл де лекіл, лекілбай алтын күрек сыпырта соғып тұр...
Дүние ел-сел. Аспан мұқым жоқ. Көкжиек көрінбейді. Күн шықса, төбеден көк қолшатырша айналып тұратын, түн болса, тұңғиықтанып, тереңдеп кететін астам әуе, жұлдыз, ай көрінбейді. Сұп-сұр бұлттардың көкжиекті сыпырған алпы-салпы етегі су-су. Сақылдаған сары аязда дыңылдап туратын заржақ телеграф бағаналары үнсіз. Өздері әрең көрініп, аппақ құлақтары ғана мен мұндалайды. Түстік бетте алты ай қыс бойы бетінен шаңы шығып, көгеріп-сазарып жататын аласа таулар бүгін түнде қарындашпен сызғандай ап-анық: аш адамның бетіндегі тікенек-тікенек сақал секілді қарағайлардың бой-сойы көрініп, биіктей түскен жартас пен шоқылардың арасында жатқан терең сайлар жүлге-жүлге. Бүлкектей жортқан қара ит әр жерді бір шекелей көшені кесіп өтті.
Айхай дүние сыдырта соққан алтын күректің өтінде көктем - перзентке толғатып жатыр.
Дүк, дүк, дүк...
«Ойбай, алтын күрек, шіркін, алтын күрек, ойхой, алтын күрек» деген ойдың жетегінде апалақтап жүріп, мән бермепті - дүкіл үйдің қара көлеңке бұрышынан естіліп тұр екен. Құлағының құрышын жеген манағы дүкіл...
Кері бұрылып, қараңғы бұрышқа қарай салды...
Шатырдағы еріген қар суы бұрыштағы газ жәшігінің жұқа қаңылтыр қақпағына үздіксіз дүк-дүк құлап жатыр... Тамшыға дүкіл қайдан келсін, ол шіркін ежелден түскен жерін сылп-сылп сүйгіш жарамсақ, су бетіне құлаған сайын дүңкілдеп тұрған қаңылтыр қақпақ екен. «Көктемнің көкірегіне жан бітіп, жүрегі дүкілдегі соға бастапты,- деп ойлады жігіт. − Мына дүкіл - бүгін дүниеге келген көктем жүрегінің алғашқы лүпілдері».
Жігіт кеудесін керемет қуаныш биледі. Өзі тәртіппен әдемі қуана білмейді екен, жалма-жан бешпентін апыл-құпыл шешіп, умаждап алды да, сермеп-сермеп, аспандағы бұлтқа қарай лақтырып жіберді. Бешпент әуелеп сала берді, қанатын жайып, құсша қалбақтап қалықтады. Жігіт бостандық алған негрдей аядай аула ішінде ордаңдап, ойқыл-тойқыл қарғып, секірді дейсің, секірді-ай! Сыдырта аққан алтын күрек қол-аяғынан іліп алып, қақпақылдаған күйі бозғылт бұлттың арасынан бір-ақ шығарды. Жігіт бұлттың нар белінен тас құшақтаған күйі жер мен көктің арасында алтыбақан теуіп тұрып, көктем атты алып сәбидің дүниенің төрт бұрышына салып жатқан асырына құмары қанғанша қарады, қарады да шаттықтан жер-дүниені жаңғырта айқайға басты. Шаттықтың бір емес, қырық түрлі себебі бар; атың өшкір қыс-құда желтоқсан, ақпан, қаңтар бойы бұған тізесін батырып бақты ғой. Терезе әйнегінің дұрыс бітелмеген қиығынан, қапталмаған есіктің жапсарынан аяз ақ жылан буға айналып, сумаңдап кіреді де, аяққа шырмауықша оратылатын. Жалмауыз пеш көмейіне шелек-шелек көмір түссе, обалы, кәне, маздай жанып, аядай бөлмені оңай-ақ моншаға айналдырушы еді. Амал не, қабырғасы буылған қамыстан қаланған пәтер таңға таман аңыраған қора қалпын айнымай табады. Жігіт пен келіншекті ондайда түйе жүн көрпе мен өз денелерінің жылуы ғана құтқаратын.
Қуырдақтың көкесі қар қалыңдап жауған күні басталады. Келіншегі жұмыстан келе шелек-шелек көмір тасып, зыр қақса, бел шешпеген жігіт кетік тіс ағаш күрекпен ауладағы көбік қарды күрейді. Кіл судырлап сапырылған ұлпа күректің ернеу-ернеуінен асып төгіліп, мамықтай шашылып, ит рәсуәсін шығарады. Қойнынан бу, қонышынан қар бұрқырап, өлдім-талдым дегенде ауланы күреп бітірсе, үй иелерінің күрек, сыпырғы тимеген ат шаптырым қорасы келсең кел деп дайын тұр, оны жайғаса, күрегі қызыл көз шал мен ақ бас кемпірдің әжетханаға барар жолын тазалап, бақша ішінде жылмаңдап жүретіні тағы ақиқат.
Қырсығы шаш-етектен келген сол қыңыр қысты жүрегі соға бастаған мына көктем, алтын күрек көктем құйрыққа теуіп, ауладан айдап шығып, ақ бас таудың сауырынан сыпырып түсіріп, кішкене қаланың көшелеріне табан тіретпей, әйда, алыс-алыс қырға тырқыратып қуып барады. Кәне, масайрамай көр, бешпентті лақтырып, ордаңдап секіргеннен секіріп, аспанға атып шығып, орай да борай бұлттың нар беліне жіңішке білегіңді артып, арлы-берлі тербетіле сыңсып ән салмай көр...
Жігіт мұның бірін істеген жоқ.
Жеті-сегіз жыл бұрын желігіп жүрген бозбала кезінде аспанға атылып шығар еді, егер шыға алса, әй, шығып та қалуы ықтимал, ұят-сұятты қолды-аяғы жерге тимей лыпылдап келіп қалған көктем жолына садақа деп, басынан үш айналдырып қияр еді, қияр еді де... сыңсытып әнін салып берер еді. Ал қазір... атама. Қазір жігіт есеп біледі, екі жыл бұрын оқу бітіріп келген, жә деген семья басы. Аудандағы дардай мекемеде жазық та жылтыр бет столға ие. Саман шашын қыс алған белім меңгерушісі келер жылы көп кергімей пенсияға шыға қалса, ол жылтыр бет стол кішігірім кабинетінде айналып қалуы мүмкін.
Ол үшін ақырын жүріп, анық басқан жөн.
Қала шетінен әтеш сыбызғылатты.
Таң жақын.
Үш-төрт сағаттан соң келіншегі екеуі түннен қалған сорпаны жылытып, соғып алады. Сонсоң біреу қуып келе жатқаннан қатты қаланың екі шетіне қарай шоқайлары тарсылдап, етек-жеңдері желбіреп, тарта жөнеледі. Содан кабинетке алқын-жұлқын кіре жұмыс мықтының, жағасына жармасады. Ол итжығыс жағалас былай күндері сегіз сағатқа созылса, ай, тоқсан, жыл аяғында он, он екі сағатқа жетіп жығылады. Сол салбурын жүйке соғысына төтеп беру үшін мына қауға бастың тың болуы қажет. Ендеше, алақандай ауланы таптап сенделмей, келіншегінің қасына жата қалып, қорылдап тұрып ұйқы қандыруы керек. Ұйқы қанбаса, әлгі жұмыс жұлымыр қас қарайғанша теуіп-теуіп тезекті шығарады, ал әлден тезегі шығып, көңі бұрқырай бастаған жас қызметкерге кім болашақта үміт артып, сенім көрсетеді.
Болу керек, толу керек...
Бешпентін қаусырынып, үйге қарай жөнеді.
Баспалдаққа оң аяғын салып тұрып, маңайына шаршап қарады. Алтын күрек үдей түскен бе, шие бұтағына жалғыз қолымен жармасқан қу жапырақ желбірей ызыңдап, мұңлы сыр шертеді. Ауланын шығыс жағын алған аласа қораның төбесінен қар сырғып қулап еді, іштегі көп тауыққа қожайын қызыл әтеш шошып оянды ма, қытқылдап, қанатын шапыр-шұпыр қағып жіберді. Шақырған жоқ. Шақыратын уақытты дәл есептей алмай қалса керек. Одан басқа дыбыс жоқ.
Дүк, дүк, дүк...
Газ жәшігінің төңірегінде ғана көктемнің кішкене жүрегі талмай соғады...
Жігіт баспалдаққа салған оң аяғын тартып алды.
Мына дүкілді қайтеді - жігітті қинаған ой осы. Көп дүкіл онсыз да қашқан мазаға қамшы үстіне қамшы. Пәтер береді деген сыбыс естілгелі жұмысқа ерте кетіп, үйге кеш келіп, кек жұлын болып, көзге мейлінше түсіп-ақ жүр. Кейде шаруасы бітпей қалса, есепшотын қолтыққа қысатын да, қобыраған қағазды папкіге салып, үйге ала қайтатын. Аядай бөлмеде сарт-сұрт соғылған шот пен қалам сықырының дуэті түннің бір уағына баратын.
Аяғын сүйрете басып, газ жәшігінің қасына барды. Пышақ қырындай жұқа қаңылтыр қақпаққа қолын соза бергені мұң екен, титімдей оқ ішін көктеп өтті. Ішін басқан күйі бүгіле беріп, кейін секіріп түсті. Келесі оқ тағы инедей қадалды. «Дүк!» деген дыбысты естігенде барып жеңіл күрсінді. Оқ емес, қақпаққа сып-сып құлаған тамшыдан шашыраған сірке су екен.
Бешпент өңірін сол қолымен қаусыра беріп, ілгері ұмтылып қалды да, оң қолының сұқ саусағымен газ қақпағын іліп алды, кері қайырып тастады.
Дүкіл өшті.
Шатырдан құлаған тамшылар жәшік түбінде шөгіп, баттасып қалған қоқым-соқымға борп-борп түсіп жатыр.
Мең-зең тыныштық.
Жер тарта қалған аяғын әрең алып, ауыз үйге беттеді. Сатымен жоғары көтеріле бергенде мана өзі сүйен кеткен балтаның шошайған сабы балтырын сүйкемесі бар ма. Бәтеңкенің моғал тұмсығымен нұқып жіберіп еді, сабы бұлаңдай ойнап барып газ жәшігінің түбіне жер бауырлап жата қалды. Аспанға қарады. Бозғылт бұлттар қатып-қатып тұр. Тамайын-тамайын деп, желіні жер сызады. Көкжиекке көзі ауырғанша төсілді. Қос бүйірін таянған қара көк таулар ауысып-алмасқан ала-көбең шақта оң, солға сезілер-сезілместей теңселіп тұр екен.
Есікті ашып, үйге бас сұға бергенде уақытты жаңа есептеп біткен қызыл әтеш қышқырып тұрып шақырып салды.
Бешпентін сылбыр ілді. Бәтеңкелерін шешіп, құлағынан көтеріп алды да, төрге озды. Жым-жырт... Мина қойған сапердей қос бәтеңкені пеш астына сыбыс шығармай жытырып жатып, есінеп жіберді. Құлақ салды. Дүкіл жоқ. Тышқан да шиқылдамайды. Іштегі ауа ауыр ма, тынысы тарылды. Төсек жаққа көз тастап еді, қараңғыға көзі үйренген-ау, тез айырды - қолын екі жаққа тастай салған келіншегі жастық үстіне шашылған қолаң шашынын, шымқай қара толқындарына тас батып кетіпті. Төсекте жары емес, келіншегінің есепсіз үлкейтілген фотосы жатқандай іш тартты.
Төсек шетіне құйрық баса беріп, дереу оң жамбасына күрт құлады, пельмен құлағын әйелінің көкірегіне басты.
Дүкіл түгіл лүпіл жоқ. Келіншегінің жүрегі тоқтап қалыпты.