Жат жерге ауған жұрт«Үркіншілік жылдары» аталып кеткен сонау бір кезде Шығыс Түркістан ж...
Маржан ӘБІШ. Нұрғали Ораздың "Түнгі жалғыздығы" хақында...
Қазір қазақ прозасында жалғыздық идеясымен жазылған бірнеше шығармаларды іріктеп, қолға алып көрдік. Нұрғали Ораздың «Түнгі жалғыздық» атты шағын әңгімесі көзіме түсті. Шығарманы оқығаннан кейінгі оқырмандық ойды тарқатып көрсек...
Бұл әңгіменің негізгі кейіпкері адам емес. Жануар да емес: Жалғыздық. Басқа шығармалардағы кейіпкерлер сықылды жүреді, жүгіреді, күледі, қамығады, бастысы сезіне алады. Нұрғали Ораздың аталған әңгімесінен адам кейіпіндегі жалғыздықтың бүгінгі қоғамға, қала тұрғындарына деген көзқарасын байқадық. Әлқисса...
«Түнмен бірге ере келген Тыныштықтың жетегінде Жалғыздық бар еді». Тыныштық пен Жалғыздыққа жан бітіріп, адамзаттың сезімдік құбылысына арналған әңгіме осылай басталады. А.Чеховтың қысқалық концепциясына келетін шығармадан ұзын-сонар баяндау мен түсініксіз оқиғаларды кездестірмедік. Әңгіме мазмұны кейіптеу арқылы жасалған екеу (Тыныштық пен Жалғыздық) мен тірі кейіпкерлер: әнші келіншек, мас адам және қарт кісі арасында өрбиді. Жазушының «бала-жалғыздығы» портретсіз емес: «Ол өзі бір қол-аяғы шидей, басы қазандай, бадырақ көз, арық балаға ұқсайтын-ды». Осы тектес түс мотиві мен әңгіме ішіндегі әңгіме тәсілдері маңызды рөл ойнамаса да түрлі-түстілік өң беріп тұрғандай.
Автордың өз стилі бар: оқиғаның қашан бітерін немесе қалай жалғасын табарын болжап біле алмайсыз. Кез келген тұстан бұрылып кетіп, яки тоқтай қалады да қайта сол оқиғаға ың-шыңсыз оралмақ. Осыдан кейін құрылысы күрделі жанрдың әдіс-тәсілін еркін меңгергенімен қоса қысқалыққа, дәлдікке апарар жолды жақсы біледі-ау деп ойладық.
Әсірелеу, сарказм, гипербола секілді көркемдік компоненттерді көп қолданбаса да кейіптеу мен диалогты сәтті ойнатқан. Әнші келіншектің терезеден көз салып тұрған Жалғыздыққа айтқан сөздері жалғыз жанның ішкі мұң мен зарынан хабар беріп тұрғандай:
– Мүмкін, сен сол кездің өзінде-ақ мені торуылдап жүрген боларсың?!
Автор жалғыздықты адам қылып жүргізгенімен, сөйлетпейді: ым-ишарамен ғана шектеген. («Жалғыздық болса, қайта-қайта басын шайқады»). Жалғыздыққа тиесілі сөздерді өз атынан баяндап, шығарманың басты тетігін өзі ұстап отыр. Бәлкім, бұл авторлық ұстанымға саятын шығар. Бірақ, оқырманға әсерлі болуы үшін диалог үстінде Жалғыздыққа адамзаттың айыбын айтқызуға болар еді... Әйтпесе Жалғыздық шығармаға үнсіз кіріп, үнсіз кеткендей күй кешіп тұр. Кейіпкерлерге есім қоюда да айтарлықтай философиялық астар таба алмадық.
Автордың сөз қолданысында кейіптеудің жұрнақтары жиі байқалады. Қимылсыз терекке адамдық бейне салып тұруы сөзімізге дәлел. («Тротуардың жиегіндегі қара ағаштардың бірде-бір жапырағы жоқ, сидиған-сидиған бұтақтарын көкке қарап жайып, Алла тағаладан медет тілеп, жалбарынып тұрған сияқты...»). Оқиғалар тізбегін баяу бере отырып, әңгіменің идеясы мен автор сөзін мазмұннан тыс қалдырмайды. Мәселен, «Бірақ олар Жалғыздықтың не екенін біле ме екен...» деген сауалдың күллі әлем жұртшылығына бағытталған автордың жан айқайы екенін Сіз сездіңіз бе, оқырман?... Ал шығарманың нүктесін қойған «Көше кезіп, әркімнің жүзіне бір жаутаңдап қарап жүрген Жалғыздықты ол да танымады...» сөйлемінен жалғыздықтың қазіргі адам танымындағы маңызы һәм рөлін нәзік иіріммен астарлап жеткізіп тұрғанын ше?...
Әлемдік деңгейдегі рухани мәселені қаузаған туынды мазмұнындағы автор жұмбағын шешуге ұмтылуымыз қалыпты әдеби үдеріс секілді. Яғни әңгіме психологиялық паралелизмнің ерекше көрінісіне ие. Біз мұны үштік тұлғасында былай тарқаттық: орта жастар шамасындағы ән айтқан келіншектің жалғыздығы – әлеуметтік жалғыздық, көше бойындағы мас адамның жалғыздығы – рухани жалғыздық, ал қарт кісінің жалғыздығы – саналы түрде болатын жалғыздық.
P.S.: Жалпылық мәндегі жалғыздықтың ғұмыры тым ұзақ. Ол – қылқалам ұстаған суретшінің салынбаған суреті, ақынның айтар мәңгілік жыры мен жазушының жазар мәңгілік сөзі. Жалғыздық концепциясын тануға және оны халыққа насихаттауда психологтар мен философтардың ғана емес, «ардың ісімен» айналысып жүрген қаламгерлердің де үлесі бар. Тіпті, сіз ойламаған дәрежедегі адамзат руханиятына арналған өлшеусіз еңбек болуы да мүмкін. Шығармашылықта ұлтқа бөлінбейтін және адамзаттық мәселеге қозғау салар әдебиетіміз болса, жер бетіндегі ең бақытты халық біз болар едік...