Маржан Ершу: «Ертегітерапия - өмірдің поэзиясы, болашақтың фантастикасы...»

ӘДЕБИЕТ
5175

Пьер Огюст Ренуар. Террасадағы апалы-сіңілі

- Маржан Аманқосқызы , жақында «Кітапхана педагогикасы :Ертегітерапия» әдістемелік кітабыңыз жарық көрген еді. Ертегітерапия бұл күнде еліміздің оқу - тәрбие саласына таныс болғанмен, кең қолданысқа енген жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылған  бұл еңбектің мән-маңызы жоғары деп ойлаймыз. Ертегітерапия туралы ұлттық тәрбиеге негізделген тұңғыш әдістемелік құрал еліміздегі балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының кітапханашыларына, педагогикалық сала мамандары мен студенттеріне және көпшілік оқырман қауымға  арналып отыр екен. Осы кітабыңыз туралы түсіндіріп айта кетсеңіз.

 - 21 ғасыр ғылым мен техниканың шарықтап дамыған ғасыры. Дегенмен жаңа ғасырдың жетістіктерімен қоса, өз қиыншылықтары да жыл өткен сайын көбейе түсуде.Әлеуметтік - экономикалық дағдарыс, табиғат заңдарының тепе-теңдігінің сақтала бермеуі салдарынан рухани құндылықтардың тоқырауы, материалдық құндылықтардың алға шығуы болашақ ұрпақ тәрбиесіне әсер етпей қоймайды. Сондықтан да қазіргі кезеңде бала тәрбиесін рухани тұрғыда дамыту өзекті мәселеге айналды. Жас ұрпақ тәрбиесін жаңаша жүргізу, рухани адамгершілігін жетілдіру барысындағы шаралар қолға алынып, кеңінен зерттелуде.  

Қазіргі баланың ұғымы басқа. Талап-түсінігі басқашалау, себебі интернет олардың миына кіріп алған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына Елорда мектептерінің оқушылары жие келеді. Оларға арнап кітап оқу шаралары жүргізіледі. Сонда байқағаным, балалар ертегіге құмар. Ертегі мына өмірдің поэзиясы, болашақтың фантастикасы. Ертегітерапия – психологиялық, педагогикалық бағытта жүргізілетін шығармашылық үрдіс. Ұлттық тәрбие негізіне бағытталған дүниені мейлінше кеңірек қолданысқа енгізу – болашақ ұрпақ тәрбиесіне игі әсері тигізері сөзсіз. Осы әдістемелік еңбекте ертегі терапиясын дамытудың педагогикалық әдіс-тәсілдері этнопедагогика мен ойшыл, ағартушы-ғалымдар еңбегінің аясында өрбіп, рухани дамытудың жолдары көрсетіледі. Ертегітерапия – адамның ақыл-ойы рухани байлығының ғажайыбын жүзеге асырудың тәсілі болып табылады. Тәрбие құралы саналар ертегітерапияның қамтитын аудиториясы үлкен болғандықтан, оны тек балаларға арналған жоба деп қарастырмаған жөн. Ертегілерді көптеген атақты психологтар мен педагогтар, психотерапевттер өз зерттеу еңбектерінде қолданып, ертегілердің адам дамуы және қоғамды ізгілендіру үшін пайдалы тұстары көп екендігін айтады. Ертегі жанры халқымыздың өте көне замандарынан бері жалғасып келеді. Ең алғаш қазақ ертегілерін жинап, жинақтақтап Радлов, Потанин, Шоқан Уәлиханов, Әубәкір Диваев және даланың философтары атанған жырауларымыз екенін білеміз. Баланың ой-өрісін, қиялын дамытуда ертегілердің рөлі зор. Бала естіген немесе оқыған ертегісінің мазмұнына мән береді , оны өз ойымен қабылдап, жеткізуге тырысады. Кейіпкерлердің қилы іс-әрекеттері, таңғажайып көріністер, теңеу, оқиғалардың әдемі тілмен бейнеленуі баланы қызықтырып қана қоймай, ойлау жүйесіне ықпал етеді. Мәселен, ертегімен жұмыс жасаудың формалары көптеп саналады, ертегітерапияның мынандай мақсаттары бар.

- Ертегідегі қиял мен өмірдегі қиялды ұштастыру,

- Қоршаған орта мен адам арасындағы қарым-қатынасты ұғындыру

- Өткен заман мен бүгінгі заман арасында жалғасқан ұлттық таным мен құндылықтарды зерделеу

- Адам болмысын тану, 

- Ертегі арқылы білім беру , тәрбиелеу .

Ертегі-сиқырлы сөз. Сиқырлы сөз бұл өзгерістің басы. Ертегітерапияның мақсаты адамның табиғаты мен қоршаған ортаны тану және ізгілендіру, имандылыққа үндеу, жылы сөз бен мейірімділік арқылы бала жанын тыныштандыру, сөз арқылы емдеу болып табылады. 

Ертегітерапиялық сабақтар барысында балалар уақыт пен кеңістік жайлы, табиғат пен адам байланысы туралы алғашқы түсініктері қалыптасады. Ертегідегі оқиғалар бала санасына көшеді. Қиял-ғажайып оқиғалар немесе мейірімділік пен қатыгездік, жақсылық пен жамандық туралы сөз болғанда, ең алдымен баланың жүрегінен өтеді. Бала айналаны ақылымен емес, жүрегімен таниды.Жақсы мен жаман кейіпкердің арақатынасы арқылы баланың өзіндік көзқарасы қалыптасады. Ертегілер балаға батылдық пен күш береді. Эмоциясын да шығара алады. Жақсылық, мейірімділік туралы ертегілер баланың жүрегіне жылулық сыйласа, қаталдық пен жауыздық қаһармандары баланы суық жандылыққа, әлсіздікке, қорқақтыққа тәрбиелейді. Баланың ең сезімтал мүшесі жүрек болғандықтан оқыта отырып, тәрбиелеу емес, тәрбиелей отырып білім берудің құндылығын дамыту міндеті бүгінде зор міндетке айналып отыр.Тәрбие білім ақпараттары сияқты ми арқылы берілмейді, ол адамға жан-жүйке, жүрек, генетикалық код арқылы келеді. Ұлы Абай: «Адамды махаббат арқылы тәрбиелеу керек. Махаббат әуелі адамның адамдығы. Ғақыл, ғылым деген нәрселермен бірге талап, ұғым, білім махаббаттан шығады. Қашан бала ғылымды махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» деген. Ыбырай Алтынсарин «ықыласпен көңілге тоқу» деп бала жанының ең бірінші жүрегімен сезінер сезімі екенін айтқан. Пьер Огюст Ренуар. Кітап оқып отырған ару-Ертегітерапия басқа елдер тәжірибесінде бар ма? Бұндай ой басыңа қайдан келді? Бұл бәрімізді қызықтыратын сұрақ. 

 - Ертегітерапия - бұл тұлға дамуының экликалық әдісі, психология, педагогика, психотерапия, мәдениеттану мен философия, әдебиет пен логиканың жинақталған синтезі. Ертегітерапия - халық ауыз әдебиеті үлгілерімен үндесіп, фантазиялармен байытылған шығармашылық әдіс. Ертегітерапия жан-жақты білім беру мен тәрбиелеу үрдісінің озық үлгісі болып табылады. Бүгінде ертегітерапия Батыс елдерінде, Ресей мектептерінің іс- тәжірибелерінде методикалық әрі шығармашылық әдіс ретінде кеңінен қолданылуда. Бізде де ертегілердің мәні мен маңызын салмақтап, ертегітерапия әдісін дамытушы ұстаздар аз болса да бар.

Пьер Огюст Ренуар. Қос ару- «Жан тұрмысы өркендеу үшін, яғни ойы, ақылы кеңейіп, құлқы түзеліп, тілі баю үшін жас балаға ертегі тым қымбат нәрсе»,- деп М.Жұмабаев айтқандай, ертегінің бала тәрбиесінде алар орны ерекше. Қазір кітап оқу мәселесі қоғамдағы күрделі мәселеге айналып барады. Ертегітерапия жобасының баланы кітап оқуға тәрбиелеуде, кітапқа жақындатуда үлесі қандай болмақ? 

- Жиырма бірінші ғасырда адамзат тіршілігі өзгеріп, технология мен энергетиканың және қарым - қатынастың жаңа түрлері пайда болуда. Бұл ғасыр адам мінезі мен ішкі мәдениетінің өзгеруін, қоршаған ортаға көзқарасының жаңаруын, жаңаша ойлауды талап етеді. «Адам санасы өзі үшін емес, адам санасы коэволюциялық даму үшін» қызмет атқаруы керек болады. Ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде адамзат баласы бұрын-соңды болмаған ғаламат техникалық күш пен материалдық байлыққа ие болып, жер шары ғана емес, ғарыш биігіне қол созардай дәрежеге жетті.

Адамдардың осы тұста материалдық байлыққа құштар болуы себебінен, адамның рухы, жан дүниесі, ішкі табиғи әлемі, сенімдерінің әлсіреуіне әкеліп соғуда. Дүниеқұмарлық пен қатыгездік, эгоизм мен іштарлық ауруы күшейіп рухы әлсізді жазылмастай халге жеткізеді. Мұның соңы экологиялық апаттарға әкеліп соғуы бек мүмкін. Өркениеттің бұл дағдарысынан шығу үшін адамзат  қоғамы табиғатқа қамқор боларлық гуманистік ноосфералық  ой-сана қалыптастыру керек. Ол үшін әр ұлттың өзіне тән тарихи-мәдени мұралары мен рухани қазынасын жаңғырту екендігі белгілі. Цивилизацияның күшті дамыған тұсында адамдардың табиғи сезімдері сусыз қалған гүлдей қурай береді. Балалар тұрмақ, үлкендердің өзі кітаптан алыстай береді. «Кітап-білім бұлағы» десек, ертегітерапияның бүгінгі күнде қажеттігі сөзсіз. Ұлттың рухани иммунитеті – рухани байлықтың аса маңызды ажырамас бір бөлігі  болса, рухани иммунитет жанға азық болар жақсы кітаптан дариды. Адамға денсаулық  өте қажет. Денсаулықты сақтайтын қорғаушы күш иммунитет  деп аталады. Егер баланың сана-сезімі,  дүние танымы дұрыс бағытта дамысын десек, оның  ішкі жан дүниесінің иммунитетін яғни рухани иммунитетін күшейтуге тура келеді. Ертегілер, соның ішінде өз халқының төл ертегілері баланың бойында рухани иммунитетті қалыптастырудың алғашқы сатысы болып табылады. «Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын», - деген екен Бауыржан Момышұлы. Әр баланың да ең алғашқы досы-ертегі. Бесік жырынан бастап ауыз әдебиетінің құнарымен әжесі мен анасы ауызынан естілетін әуезді әнмен, әсерлі ертегі әңгімемен өскен баланың көркемдік әлемі ерекше болып қалыптасатыны ғасырлар бойғы қазақ тарихында дәлелденген жарқын мысал. Бауыржан Момышұлының да уайым қылып қылғаны осы жайт. Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін түсіну, әдемі шешен сөйлей білу, көркем ойлай білу қасиеті даритыны сөзсіз. Сондықтан тәрбие ісінде, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда ертегітерапияның алатын рөлі зор. Ертегілерді батыстың атақты психолог-психотерапевттері А. Менегетти , Э. Фромм, Э. Берн, Р. Гарднер, Б. Беттельхейм өз еңбектерінде кеңінен қолданған. Поляк педагогы Януш Корчак  өз еңбегінде: баланың рухани дүниеге  көтерілу қажеттігі туралы айтады. Бұл баланың дүниені тануы , қоршаған ортаны ақыл-ойымен, жүрегімен тануы, сезінуі, қабылдауы емес пе?! Пьер Огюст Ренуар. Шабындықта-Ертегіге балалар құмар. Балалық деген ұғымның өзі ертегінің синонимі тәрізді. Сенің ойыңша «Ертегітерапия» жобасын оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы кітап оқыту процесіне айтарлықтай әсер етуге болады ма?

 - Ертегі – көркем әдебиетке баулу, баланы тәрбиелеуге арналса, ертегітерапиясы сол тәрбие арқылы баланы жөнге салу, онын көзқарасын бағдарлау және ішкі әлемінен хабардар болу және рухани әлемін байыту жанын емдеу тәсілдері болып табылады. Балалық - адам өмірінің тәтті кезеңі, қайталанбайтын шақ. Балалықтың қалай өткені, оның қандай ортада тәрбиеленгені, жылылық пен суықтықты қалай сезінгені оның болашақта қандай адам болып шығатына әсер етпей қоймайды. Айналасындағы ортаға байланысты баланың мінез-құлқы қалыптасады. Баланың ақылы мен жүрегіне кітап арқылы ғана, соның ішінде ертегілерді тыңдау арқылы  ғана жарық сәуле енеді. Бала жаны ертегіге құмар болатыны содан. Ертегі – бала жанын қозғаушы сиқырлы кілт тәрізді. Мәселен, фантастикалық образға толы көрініс қиялының дамуына әсер етсе, мәнерлі айтылған метафора ойлауы мен әдемі сөйлеуіне ықпалын тигізеді. Ертегі оқиғаларына елтіген бала образдармен ойлай бастайды. Найзайдың жарқылын, аттың шабысын, бұлақтың сыңғырын, таулардың биіктігін өз қиялында сурет қылып сала бастайды. Жанды образдар миды жетілдіреді. Балаға үнемі ертегі оқи беріп, құлағын шаршатпау да керек. Сөзге сөзді көбейтіп, балаға көп нәрсе айта беруге да болмайды. Арасында балаға көру, сезіну, ойлау мүмкіндігін беру де керек. Бала іштей ойланғанда, ми талшықтарындағы сигналдар арқылы ертегіде естіген оқиғаларды, көріністерді қабылдап, өңдейді. Бұл нерв энергиясының ой деген құбылысы бала да осылайша қалыптасады. Бала көркем суретті сөзді емес, тек құр сөзді ғана қабылдаса, ми клеткалары тез шаршайды, оның болашақта кітап оқуына ынтасы болмайды. Баланың ойлау қабілетін дамытуда ертегілер ежелден көмекші құрал болған. Ертегітерапия баланың ой – санасына, бала тілімен, бала табиғатына тән әдіс-тәсілдермен жеткізілуі керек. Бала ертегіні тыңдап, әсерлену арқылы өзінше ой қорытады және түрлі шығармашылық қабілетінің ашылуына мүмкіндік алады. Ертегілердің жазылуының көне тәртібі бар. Ертегілердегі  басты кейіпкерлердің барлық кедергілерден өтіп, соңында мұратына жетуі, баланың ертеңге деген және өзіне деген сенімін ұлғайтып, өмірдің нұрлы, жақсы жақтарын көруіне, табиғаттың сырлары мен ғажайыптарына қызығушылығын тануына жол ашады. Педагогикалық тұрғыдан қарағанда ертегітерапияның қозғаушы күшімен түрлі ойыншықтар, ең тамаша анимациялық картиналар, бояулар мен суреттердің өзі теңесе алмайды. Рухани жаңғыру кезеңінде «Ертегітерапияны» тек мектепте ғана емес, балалар кітапханасының оқу-тәрбие саласына енгізу арқылы, бала санасын жетілдіру, кітап әлеміне қызықтыру ең абзал міндеттердің бірі болмақ. Пьер Огюст Ренуар. Кітап сүйген арулар- «Ертегітерапияны» қолдаушылар бар ма? «Ертегі және Ертегітерапия» деген тақырыпты жазуыңа қандай себеп түрткі болды? 

- 2002 жылы Астанадан ауылға барғанымда, бір күні Нұрсұлтан деген кішкентай інім мектептен көңілсіздеу оралды. Сондағы айтқаны: Бірге оқитын балаларға менің апам ақын деп мақтанып ем, балалар, «ақын екенін білеміз ғой, бірақ өлеңдерін түсінбейміз, бізге қызық емес» деп айтты. Біздің кластың балаларын қызықтыратындай ертегі таба алмайсың ба дегені. Кішкентай інімнің сөзі мені ойға жетеледі. Өз сөзімен айтқанда, ініме қызық сыйлайыншы деп ертегілер туралы ойлана бастадым. « Ит пен бала туралы ертегі», «Құдыретті қобыз туралы ертегі», «Терістік жел мен бала туралы ертегі», «Ақшабақ ару мен Шортан батыр туралы ертегі», « Терезе туралы ертегі», «Балта туралы ертегі» т.б ертегілер жаздым. Өлеңмен жазылған ертегілер болды. Бұл ертегілерім  2004 жылы шыққан «Шырақ» атты кітабыма енді. 2008 жылы Астана Білім департаментіне қарасты Кадрлар біліктілігін артыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Майя Керімбаева менің ертегілерімді оқып ұнатқанын айтты: «Бұл күнде еуропалық педагогтар ертегілердің мән - маңызын айтып, ертегі терапиясы туралы сөз қозғап, енгізіп жатыр. Ресей  мектепке «Ертегітерапиясын» енгізді. Осы Астананың өзінде орыс кластарының мұғалімдері «Сказкотерапия» әдістемесін жабылып жазып жатыр. Ал қазақтар әлі қозғала қойған жоқ, әдістемелік құрал жасау керек тездетіп, оқу-тәрбие жүйесіне ертегітерапияны енгізу керек. Сен осыны қолға алсаң қайтеді» деген еді. Менің тағы да жазам деп жүрген дүниелерім болғасын, бұған аса мән бере қоймағам. Сол жылы сынақ ретінде Астанадағы «Ер Төстік» балабақшасы менің бір ертегімді сахналайтын болды. Қала баласы сиыр мен ботаны жете білмесе де, итті жақсы білетін шығар деп, «Ит пен бала туралы ертегімді» ұсынған ем. Балабақшаның тәрбиешілері мен балалар ертегіні қысқартып сахналық қойылым әзірледі. Нәтижесінде, «бұл ертегі балаға өте ауыр, итті аяп балалар жылап қалды, сенің ертегілерің балабақшаға емес, мектеп оқушыларына арналған» десті. Бұл өте жауапты жұмыс екен. Содан кейін  ертегітерапиясы туралы ойлана бастадым.ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаева менің ойымды бірден қолдады. Өзі педагог адам. Үмітхан апай басшылыққа келе сала «Балалар кітапханасын»ашты. Елорда мектептерімен кітапхана арасындағы жақсы байланыс жолға қойылды. Осылайша «Балалар кітапханасына»  лайықтап жазылған әдістемелік құралымыз, жас оқырмандарымызға арналған жаңа жоба, бұл: «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия» кітабымыз дүниеге келді. Қазір бұл еңбегімізді кітапханашылар мен педагог мамандар қолдап, оң бағасын беруде.

-Әңгімеңізге рахмет.

Маржан ЕРШУақын, филология ғылымдарының кандидаты

Сұхбаттасқан: Анар Қабдуллина

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...