Садеқ Һедаят - ирандық жазушы, аудармашы Одет көктемнің алғашқы гүліндей балғын, үлбіреген нәзі...
Маржан ЕРШУ: « Сәл нәрсеге көңілім босап, жылай беретінмін жалғыздықта...»
-Маржан, 15 сәуір «Ғашықтар күнімен» тұспа тұс келген туған күнің құтты болсын! Оқырмандарыңды қуантып, көктеммен бірге жарқ етіп келген жеке мерекеңе орай, бізге біраз шығармашылық есеп беріп қойсаң...
-Рахмет, Анар. Есеп деген жақсы ғой.
-Еуразия Жазушылар Одағының мүшесісің. Шетелмен берік əдеби байланысы бар санаулы қаламгерлердің бірісің. Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың 640 беттік (!) " Бейкүнә музей" романын аударып, елді елең еткіздің. Расында, романдағы махаббат хикаяты мынау жалған дүниенің өзіндей тылсым да терең, меңдеген жан жарасының өзіндей қиын да дауасыз. Ыстамбұлдық бай отбасының жалғыз мұрагері мен қараша отбасынан шыққан Пүсін сүйіспеншілігін əсерлі суреттеген автор бұл қатпарлы шығармасында адам жанының құпияларын бүге-шігесіне дейін зерттейтіні шын. Менің білгім келетіні, сен неліктен бұл романның атын жүз сексен градусқа өзгертіп, "Сезім музейі" деп атадың?
- Романның тақырыбы мені ұзақ уақыт ойландырды. Тікелей аударма «Бейкүнә музей» деген сөз біздің тілімізде құлаққа әдемі естілмейді әрі түсініксіздеу. «Саф музей» немесе «Пәк музей» деген сөздер де көңіліме қонбады. Әлемдегі тұрғызылған музейлердің бәрі сол жерде жинақталған жәдігерге деген құрметтен, ынта-ықыластан, махаббаттан туған. Яғни, сезімнен туған. Қазақта «сезімсіз, сезімі өлген» деген сөздер бар. Памук - психолог, бұл шығармасында осы заман келбетін, қоғам дамуындағы адамдардың материалдық игіліктерге құмартуы, адам бойындағы жағымсыз мінездердің тез өріс алуы, тіпті күндердің күнінде махаббат деген аяулы сезім де музейде калады -ау, бір замандардағы қылыш, дулыға сияқты деген үлкен ой айтып отырғандай емес пе?! Сондықтан «Сезім музейі» деп атадым, бұл жаңа сөз. Баспа кітаптан шығарда айтыстар та болды романның тақырыбы үшін. Бірақ мен өз дәлелдеріммен жеңіп шықтым. Бұл кітап мені шаршатты. Бұл кітаптан кейін жеті-сегіз айдай өз өзіме келе алмай мазасыздықты кештім. Сәл нәрсеге көңілім босап, жылай беретінмін жалғыздықта. Себебі , ішімнен сыртқа Кемал, Пүсін және басқа кейіпкерлерді шығаруым керек болды. Орхан Памуктың өзі де бұл романы туралы : «Сезім музейі» ең алдымен, махаббат туралы роман. Махаббат-шығарманың тұздығы. «Сезім музейін» музей сезімін түсіндіру үшін емес, махаббат сезімін ұғындыру үшін жаздым. Бұл романда махаббат деген ұлы сезімді психологиялық, мәдени-антропологиялық тұрғыдан түсіндіріп жаздым. Махаббатты жеңіл-желпі баяндағым келмеді. Мысалы: «Мен саған ғашықпын, көргенше асықпын» деген сөз сияқты. Махаббаттың сүйініші мен қуанышын ғана емес, қайғы-қасіретін мен жан азабын да сезіндіргім келді. Махаббат адамның дәрежесіне, өресіне, жынысына, ішкі мәдениетіне, мемлекетіне, тіпті дініне қарай бөлінеді»,-деп жазған .
-Сонда роман сезім яки махаббат турасында ма, жоқ əлде олай емес пе? Меніңше, бұл əйел мен ер-азаматтың арасындағы махаббат хикаяты деуге келмейтін сияқты. Рас, ер адамның əйелге деген махаббаты бар. Кемал бейнесі Шығыс жырларындағы Мəжнүнді еске түсіреді. Жалпы, сен өзің бұл кітапты қалай бағаладың?
- Шығармалары әлемнің алпыстан астам тілдеріне аударылып, өз заманының аса танымал жазушысы болса да, Орхан Памук : «Бұл күнде маған ой мен жалғыздық жар болды. Мен махаббат пен саяси көзқарасымның кесірінен жалғызбын» дейді екен. Памуктың махаббаты биік махаббат, әдебиетке деген махаббат деп ойлаймын. Бұл кітаптың бір сиқыры бар. Оқиғаға бай. Орхан Памук көрместі көретін, сезбесті сезетін жазушы. Өткен шақ пен осы шақты байланыстырып, болашаққа болжау жасай алатын қасиеті қаламгердің фантазиясының ұшқырлығынан, жадының мықтылығынан хабар береді. Осы романнан кейін маған бір ой келді. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр. Тоқсаныншы жылдардың басында адамдар қандай бәтеңке киді, қандай музыка тыңдады, қалай сөйлейтін еді, жан дүниесі қандай еді ? Біздің әдебиетте осындай детальдар жетіспей жатыр. Памук осындай фактілерді қалтарыста қалдырмай, жан бітірген. Шетелдік басылымдар дәл байқағандай, «Памуктың сырлы әлемінен шыққыңыз келмей қалатыны» рас. Оқиға Себилдің қып-қызыл дүние-дүкен ішінен «Jenny Colon»-нің сөмкесін көруінен басталады. Осы қып-қызыл дүниеге қызығушылығы оның бар бақытын, тәп-тәтті армандарын быт-шыт қылады. Сол сөмкеге қызықпағанда ол Кемалмен бақытты өмір сүрер ме еді?! Сумканы сүйіктісіне сатып алмақ болған Кемал дүкеннен Пүсінді көріп есінен тана ғашық болды. Бітті! Жоқ. Біткен жоқ. Әңгіме осы жерден оттай лауламай ма? Оң жақтағы қыз Себилдің ар-ұятын ысырып қойып, ғашығына деген сезімі, махаббаты үшін Кемалдың бар азабына-мазағына төзуі де бір қасіреттей. Себилдің сорына қарай Кемал Пүсінді ұмыта алмайды. Кемал шынында да ғасырлар қойнауында қап қойған Мәжнүнді еске түсіреді. Оның осы Мәжнүндігінің арқасында «Сезім музейі» өмірге келмеді ме?! Оның жанын тек Пүсін ғана толтыра алады. Ал Пүсін Ләйләдай сезімге құл емес. Жаңа заманның жаңашыл заманауи бойжеткені. Романда махаббат пен қасіретті арқалап жүрген кейіпкерлер баршылық. Кемалдың әкесі Мумтаздың құпия сырлары ше? Оның сүйікті ғашығы жас қыздың обыр ауруынан өлуі. Оны періштедей қыз еді дейді, мүмкін ол қыз мазасыз, жауапсыз махаббатына қол жеткізе алмаған соң , қайғы-азаптың теңізіне батып кетіп, шыға алмай қалды ма?! Бұл суреттер де адам жанының айқайлап айта алмайтын терең сезімдерінен хабар береді. Пүсінге ессіз ғашық болатын жасыл көзді бизнесмен Тахир бейдің де азабы бар өзіндік. Кім бақытты? Бақыт деген не өзі ? Орхан Памук бақыт сөзіне анықтаманы романның алғашқы тарауында айтып өтеді. «Е, ол менің ең бақытты сәттерім екен!»
- Роман этнографиялық тұрғыда, Түрік елі туралы сан алуан деректерді жайып салады. Бір жағынан, сонысымен де қызықты сияқты. Бір қызығы, Түркияда дəл осындай музей, шынымен де, бар болып шықты. Негізін қалаған - Орхан Памуктің өзі! "Жарнама деп осыны айт!" деп, таң қалмасқа шараң жоқ. Біздің қаламгерлер осындай креативті қадамға бара алар ма еді, қалай ойлайсың? Жалпы, қазіргі əдебиеттің бағыты туралы ойыңды бөлісе отырсаң...
-Батыс басылымдары «Памуктың романдары бұл күнде роман оқылмайды деген түсінікті жойды» деген. Қызығы сол, Орхан Памуктың романдары қай елде болмасын қызығушылық тудырып, оқылу жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр . Расында Памуктың Музейді ойлап табу оны кітаппен байланыстыру идеясы тіпті қиял ғажайып ертегі сюжетіне ұқсап кететіндей. Бүгінгі заманның таңғажайып ертегісі сынды. Памукте жағымсыз кейіпкер жоқ. Ол кейіпкерлерін бетін қызартып ұялтып, жазаламайды. Бәрін де жақсы көреді. Кейіпкерлерін сан қырынан ашып суреттейді. Осындай болмаңдар не осыдан үлгі алыңдар деп ұрандамайды. «Адамдар да әр түрлі, талғам да, мінез де әр түрлі. Қайтесің бұл адамның бары осы, ақылының жеткен жері осы енді» дейтіндей. Мысалы: Пүсінді «Тарық бейдің қызы екені осы қылығынан-ақ көрінбей ме?» - дейді, бар қатты айтқаны осы. Немесе Ыстамбулға жарнамаға түсу үшін келген немістің аршыған жұмыртқадай аппақ, аспан түстес көгілдір көзді, алтын шашты сұлу манекеншісіне бірде бір түріктің жігіті ғашық болмайды. Бұл мүмкін емес қой. Ал Памук кітабында мүмкін қылады. Еркек біткеннің бәрі қарлығаш қас, қараторы түрік сұлуы Пүсінге ғашық боп, соңынан жүгіріп жүр. Өз ұлтын сүю, түрік қызын құрметтеу ұғымы өте биік Памукта. Біздің қаламгерлер де жақсы жазады. Неге екені белгісіз, бізде жақсы кітапқа жарнама оңбай тұр ғой. Жақсы шығарма авторды емес, автор шығармасын сүйрейтін заман келе ме деп қауіптенем. Ойлы оқырман да азайып барады жыл сайын. Уралаған жасанды пиарлар көркемдіктің келбетін айқындай алмайды ғой.
- Маржан, сен поэзияға да, прозаға да қалам тартқан талант иесісің. Аударма жанрына қалай келдің? Алдағы шығармашылық жоспарың қандай? Өзіңді тағы қандай жанрда байқап көргің келер еді?
- Менің аудармаға келуімнің өзі қызық. 2003 жылы «Атырау ақын-жазушыларының 100 томдығы» шықты. 58-томына «Нарын» деген атпен менің өлеңдерімді шығарыпты. Кітабым шықты деп алақайлап қуансам, кітапты қолыма алып парақтағанда , жүрегім қысылып жерге құлап түстім. Өлеңдерімнің сөздерін ауыстырып, өңін кетіріп, бар бояуынан айырыпты редколлегия мүшелері. Бұл кітап мемлекет қаржысына шыққан кітап қой. Республиканың кітапханаларына таратылған. Бұл кітапта бүлдірілген өлеңдер бұрынғы кітаптарымда, баспасөз бетінде жарық көрген ғой бұрын. Атыраудағы кейбір шенеуніктер мен қалам ұстаған қауымның бір парасы «біресе әкесі, біресе қызы ,осы Атырауда Ершуовтардан басқа ақын жоқ па » деп шүйлігіп жүретін әуелден. Құлату деген, іштен шалу деген осындай болады екен. Бірақ бұл кітап менің жігерімді құм қыла алмады ғой. Авторлық құқық туралы әңгімені кейінге ысырдым да, шығармашылыққа шындап кірістім. Нәтижесінде 2004 жылы «Айек» деген «Шырақ» деген кітабымды шығардым. Осы кітабым арқылы мен қазақ поэзиясына жаңалық әкелген едім. Бірақ сол кезде, маған таңғалғаны ма, білмеймін, ақын-жазушы қауымы жақ ашпай қалды. Бұл жағдай мені іштей сындырып күйретіп жіберді. Сондай құлазып жүргенімде, бір композитор әніме сөз жазып берші деді. Жазайын дедім. Қолыма қалам алсам, бір шумақ түгіл бір жол сөз жаза алмай қиналдым. Өлең менен кетті-ау дедім. Бұрын өлең жазбаған, қалам ұстамаған адамдай селсоқпын. Жырсыз, көңілсіз күндер өтіп жатты. Қайтейін енді, кейде өз-өзімнен «Айта-айта Алтайды, Жамал апам да қартайды» дегендей, мен де мына күйіммен «Шырақ -Шырақ» деп қартаятын шығармын деп күліп қоям. Бір күні кітапханаға барсам, түріктің қызы мен жігітін кездестірдім. Таныса келсек, олар Астанадағы қазақ-түрік лицейінің мұғалімдері екен. Олар мені лицейге оқушылармен кездесу үшін поэзия сағатына шақырды. Көңілім соқпаса да бардым. Кеш соңында түрік ақындарының кітабын сыйлады. «Мүмкін түрік ақындарын қазақ тіліне аударарсыз?» деп қояды. Мен ішімнен «Қайдағы аударма? Қайдағы өлең? Менің тіпті де ештеңе жаза алмайтынымды бұл қасқалар сезе ме екен?!» деп мұңайдым. Бірақ бұл кітапқа қатты қызықтым. Не жазады екен, қалай жазады екен деп. Жаһыт Сытхы Таранжының өлеңдеріндегі ой мен сезім ағыны, рух биіктігі жүрегімді қозғап өтті. Сөйтіп, түрік поэзиясындағы түркілік сарын мені екінші рет өлеңге алып келді. Өзімді сатира, драма жанрында сынап көрдім, қолымнан келеді екен. Бұл жанрлар да мені қызықтырады. Қолыңа қалам алып жаза беру де қызық емес сияқты маған қазір, алатын қаламақың болмаған соң...
- Дəл қазір не оқып жүрсің?
-Бүгінде елімізде кітапхана ісінде кітапханалық педагогика саласы да дамып келеді. Педагогикалық міндет кітапхана ісіндегі маңызды міндеттердің біріне айнала бастады. Қазір педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваның «Кітапхана педагогикасы» деген кітабын оқып жүрмін. Маған осы салада жазылған дүниелер ұнайды.
- Кітаптың қағаз нұсқасы мен электронды нұсқасының қайсысын оқисың?
-Қағаз нұсқасы ұнайды, кейде электрон нұсқасын да оқимын.
-Болашақта электронды кітаптар қағаз нұсқасын толық алмастырады деп ойлайсың ба?
-Мүмкін. Кітап та жоғалып кетпейді.
- Оқырманың кім?
-Менің оқырманым санаулы болуы да мүмкін. Сапалы да болуы мүмкін.
-Жасөспірімдер мен балаларды қандай шығармаларың қызықтыра алады деп ойлайсың?
-Қазіргі баланың ұғымы басқа. Талап-түсінігі басқашалау, себебі интернет олардың миына кіріп алған. ҚР Ұлттық академиялық кітапханаға Астана мектептерінің оқушылары жие келеді. Оларға арнап кітап оқу шаралары жүргізіледі. Сонда байқағаным, балалар ертегіге құмар. Ертегі мына өмірдің поэзиясы, болашақтың фантастикасы. Мағжан Жұмабаев еңбегінде жын-шайтан, дию, пері сияқты қорқынышты ертегілер баланың санасына зиян, ертегінің де ертегісі бар, кейбір ертегілер баланы бұзудан басқаға жарамайды деген ғой. Балаларға арнап жазу қиын. Біраз ертегі жаздым ертеректе халық ертегілерінің сарынымен. Қазір кітапханаға арнап «Ертегітерапия» атты ғылыми әдістемелік жазып жүрмін. Ертегітерапия –психологиялық, педагогикалық бағытта жүргізілетін шығармашылық үрдіс. Ұлттық тәрбие негізіне бағытталған дүниенің әрине көпшілікке берері бар болар.
-Маржан, бүгін Ғашықтар күні мерекесі әрі сенің туған күнің ! Сөзіміздің басын махаббатпен бастап ек, сөз түйінін де махаббатпен аяқтасақ. Ақыннан бір өлең.
- Таудай үміттім,
Тарыдай үгіттің.
Жүрегім-уысында
Үміт пен күдіктің.
Таңым тарылып,
Тұман жарығым.
Жасыммен бүркедім
Үнсіздік қалыбын.
Бозарып бұлт өңі,
Күлкімді іркеді.
Жүректің ішінде
Жасаулы жұрты едім.
Жанарым жұмылмай,
Түнімде ой бақтым.
Үрдің қызындай
Ашылмас жұмбақпын.
Гүлдей реңім,
Көзбен күлемін.
Айғызы қайғының
Ақ қағаз-жүрегім.
Азабы , соры не?
Бәрінен жеріне.
Сырымды желге айттым
Жел мұңды біле ме?!
Жалғыз ой. Жалғыздың,
Сыңары сол шығар.
Бойымда қан қызды
Көмілдім! Аршып ал!..
- Мағыналы сұхбатың үшін рахмет!
Сұхбаттасқан: Анар Кабдуллина