Маржан Ершудің "Жүрегім" жыр кітабының тұсаукесері өтеді

ӘДЕБИЕТ
2571

4 наурыз күні Бишкектегі  Манас және  Шыңғыс Айтматов атындағы Ұлттық академиясында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі, Халықаралық Түркісой ұйымы, Қазақстан мен Қырғызстан Жазушылар Одағы, Манас және Ш.Айтматов Ұлттық Академиясы, сол сияқты, Атырау облыстық Әкімдігінің қолдауымен ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың жуырда қырғыз тіліне аударылған «Жүрегім» атты жыр кітабының тұсаукесері өтеді.

Қырғыздың белгілі ақыны Алтынай Темирова аударған бұл лирикалық жинаққа белгілі ақынның қалың оқырманға жақсы танылған жырлары кіріп отыр. Назарларыңызға Маржан ақынның бірнеше лирикалық өлеңдерін ұсынамыз.

                      ЖҮРЕГІМ
Бір жапырақ ет секілді,
Қып-қызыл оттай жүрегім.
Сенде Тағдырым,
Махаббат,
Өрлігім.
Ізгілік тілегім
Ақын-жүрекпен
Өмір сүремін.
Өзіңсің Қожам да, Ием де!
Тоңам ба, күйем бе?
Талса да білегім,
Тоқтама жүрегім.
Ақын-жүрекпен
Өмір сүремін.
Сүріндім, құладым,
Кімдерге ұнамай,
Кімге ұнадым?!
Тірлік  дегеннің
Тоқтамас сынағы.
Өзіңді тыңдасын
Көзім мен құлағым.
О, менің кішкентай жүрегім!
Киелім!
Өлең боп өріліп,
Өлең боп төгіліп
Қиын сәттерде
Мені сүйедің!..
Жүрегім - реңім, лебім... 

ТҮС

Түнде түс көрдім.
Хауыздың шетінде отырған екенбіз.
Ең таза , тұнықта екеуміз.
Суда ашылар гүлге ұқсас екенбіз
Су дауысындай ән салдық екеуміз.
Рахат сезімнің құшағында екенбіз
Өмірдің ғажайып нүктесі - екеуміз.
Тәтті түстерден оянар ма екенбіз
Үніміз, күлкіміз егіздей екеуміз.
Кеңістік, Жерден де хабарсыз екенбіз
Қиялмен ұшамыз көкте де екеуміз.
Кенет...
басталды басқа әуен,
Суға аққан ып-ыстық жас көрем.
Ішімізге судың салқындығы кірді,
Көзімізде судың тереңдігі тұрды.
Ақылды жанға ұқсас екенбіз,
Осы біз қандаймыз? Қайтейік екеуміз?!
Судай тереңбіз,
Судай салқынбыз екеуміз,
Өң түңіл , түсте де
Сағынып жүреді екенбіз...
               

 ҚҰСА
  Қара түн!
Қабағыма қара мұң ілген,
Көзімнен сырғып барасың.
Тарғыл тастар-ай!
  Табаным күйген
Тар мекеніңде қаласың.
Жұлдыз сырғанайды.
  Қансырай жаңбыр...
Жүректің тырнап жарасын.
Жанардан аққан тамшыдай тағдыр
Қып-қызыл оттай жанасың.
Қарашық қаңғып...
  Қаңтарылған ой,
Қақсыған қара қазандай.
Көк кезіп жерде аңтарылдым ғой
Арманды жырды жаза алмай.
Қамсыз қара түн!
  Кірпігіңді қақпа!
Құсамды саған ақтарам.
Арғымақ ойлар жүгеніңді сақта
Алысқа мен де аттанам.
Таң қалармысың таңдайды қағып,
Жанары жасыл тағыдай әлем.
Қызыл тілімнің қаймағын жағып
Қанымнан өндірем, Өлең!

              ТАБИҒАТЫМ
  Кеудем – от
Көзім – жалын.
Сезінбеймін жел ызғарын.
Өзегімді өртей өтіп
Тепкілеші теңіз–дарын.
Табиғатпен егіз жаным,
Әзір аман!
  Сезім,
  Халім...
Асқартаулар ұғыңдаршы
Айтылмаған сөзім барын.
Үмітіме үкі тағып,
Келем таңды күтіп алып.
Пейілімді ағартады
Ай бетінің сүті тамып.
Аямасын бағын Құдай,
Жоғалмаспын қағынғыдай.
Ақша бұлтқа оранамын
Анам берген жамылғыдай.
Түн. Мінезін құбылтады.
Түс көріппін бүгін тағы.
Қыдыр Атам аян беріп
Құс жолымен қыдыртады.
Ұнатамын сұрапылды,
Табам содан мұратымды.
Көсегемді көгерте гөр,
Жасаған–ай Рахымды.
Қара жерде қалы кілем,
Тозаңданса қағып ілем.
Өлеңімді көкке жазам
  Жұлдыздардың жарығымен.

КҮЗГІ ЖАПЫРАҚ

Терезеңнен қарадың ба көшеге,
Жаңбыр жауған бүгін және кеше де.
Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,
Ақ жүрегін сұр асфальтқа төсеген.
Жанарынан жасын емес, мұң тамған,
Тұла бойы сағынышпен қымтанған.
Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,
Қауырсындай қанатынан сыр тамған.
Өкпек желге әлсіз басын иіп құр,
Ұмсынғандай аңсай ма екен биіктік?!
Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,
Тұла бойға бар мінезі сыйып тұр?
Қабақ тіктеп, айналаға қараған,
Кеудесінен бір үзік ән тараған.
Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,
Тіршілік боп қалықтап тұр ауада?..

ӨМІРДІҢ БАЛЫ

Сол күнді,
сосын сені сағындым,
Көргім келеді тағы.
Күлкің де бөлек жан ең ғой,
Көңілдің бағы.
Көктемдей жылы үнің бар,
Ериді көзімнің қары.
Көнетін жақсы-жаманға
Мен де бір жақсының нары.
Жібектей жұмсақ шашыңды
Сипайды сәуірдің таңы.
Өртейді ыстық демің,
Өзіңсің – өмірдің балы.

МАХАМБЕТ

Ей, Махамбет!
Сені күтіп көп мекен,
Жайық бойы малға қоныс от па екен?
Ақындарға ықыласпен қарайтын
Бүгінгінің ықыласы жоқ па екен?!

Жайық бойы қыбырлаған мал ма екен?
Еділ бойы сыбырлаған тал ма екен?!
Иір бұтақ біткен шығар еменге,
Өз көзіңмен көріп қайтшы, Жан Көкем!

Баяғыдай сарай да жоқ сары ала,
Жәңгір де жоқ жол тосатын жағада.
Исатайды басшы қылып ал-дағы,
Исі қазақ ауылдарын арала.

Аралаңдар сан отауды, сан үйді,
Тану қиын кейінгі ұрпақ-сәбиді.
Бірақ олар, Алла атымен ант етем,
Бабаларын сақалынан таниды.

Шақырып ал ел есі мен ер есін,
Содан кейін ақ батаңды бересің.
Қой үстіне ұя салса дейтұғын
Армандаған заманымды көресің.

Кешір, баба, білгенімді жаңадан,
Ойын емес ұрпақтарың қалаған.
Нарында да болып жатыр жарылыс,
Күкірт исі күллі әлемге тараған.

Далаң осы –
Өзің барда зар шеккен,
Заманалар одан бері қанша өткен.
Бұлтқа қарап ыңырсиды әлі де
Бұйра құмдар Нарындағы нар шөккен.

Әулие атам!
Қай кезде де ойлысың,
Еске түсіп Ордадағы кей мүсін.
Исатайдың қақ алдында жарылған
Баяғының зеңбірегі деймісің?!

Киелім-ау!
Кеңеселік кәне, бір,
Күдігімді күл татыған деме құр.
Игілікке пайдаланып жатсақ та,
Иесіздік орнататын пәле бұл.

Маңғаз Маха!
Көріп тұрып төбеңді,
Осы арадан аяқтаймын өлеңді.
Заманыңа жауап беріп кетіп ең,
Заманыма жауаптымын мен енді...

Маржан Ершу

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...