Елбасы кітапханасы қазақтың ұлы ақыны, дана ойшылы, сазгер, ағартушы, қоғам қайраткері, қазақ жазба...
Меңдібек Лұқпанов. Қала шамы сенің күлкің секілді...
* * *
Қалқатай-ау, өкпеліміз біз кімге?
Кінәсі жоқ көктемнің һәм күздің де.
Кінәсі жоқ сарғайған хат, іздердің...
Күнәсі көп үміт жібін үздің бе?!
Үздің білем, оған жасты төкпеп ем,
«Сен де үздің бе?..» деп сұрама тек менен.
Қайырылмай кеткен анау жылдардай,
Кеткен едің.
Кеткен едік.
Кеткен ем...
Содан бері өкінішім қалды үдеп,
Жанардан жас, жүректен қан тамды кеп.
Жетім ойлар санамда жүр сандалып,
Жетім қыздың жанарындай жәудіреп.
Түн – сырласым, құрдасымдай тең көрем,
Хатымды оқып қойған жалғыз сол дер ем.
Гүлдің тілін түсінгенмен жердегі,
Түннің тілін түсінбейсің сен деген.
...Жазылған хат, оқылар жыр...
бекер ғой.
Еңді жаның, еңді бағың бөтен ғой.
Отқа қимай отыр едім хатымды...
...Қарашада құс қайтады екен ғой.
* * *
Тағы да түн.
Мазасыз ой не түрлі,
Сені ойлатқан, мені оятқан мұң деймін.
Қала шамы сенің күлкің секілді,
Мені алдайды.
Неге алдайды?!
Білмеймін...
Неге алдайды шамдары анау көшенiң,
Бағыттардан, қамыттардан шаршаған.
Сол шамдарда жасырулы неше ерін,
Сол шамдарға алданды екен қанша адам?!
Қанша жанның көтере алмай күнәсін,
Сөнеді олар, өледі олар ақырын.
Кетпей қойды көз алдымнан бір асыл,
Жетпей қойды ақылым.
Түнге сіңген бір бейнемен тілдесем,
Шамдарынан сан іздедім неше үйдің.
Сылқ-сылқ еткен сұлудай шам күлмесе,
Сен мұңайып қалды ма деп шошимын.
Кенет, кенет...
Шамы сөнді қаланың,
Кетер сәтім бар ғажаптан безініп.
Кірпігіне хаттың жазып жауабын,
Ал сен кеттің көз іліп.
Қайырлы түн!!!
* * *
Өз ойларымнан өртенсе, от болып жаным,
Қызуы жанды күйдірер.
Шоқ болған шақта кеттіндер жоқ болып бәрің,
Күлге айналамын сүйген жер.
Өз ойларымнан таппадым өзімді неге,
Жылдардай жылжып жоғалған.
Мені де бір жан ойлаудан көз ілмеді ме?
Сезілмеді ме ол маған?..
Аспанға кетем, о жақта бәрі де мұңсыз,
Жерге мен сыймай қашқанмын.
Содан соң шексіз қараймын әлемге үнсіз,
Жанарыменен аспанның.
Өз ойларымда бәрі жат, сыйқы да бөтен.
Сімірем шердің сырасын.
Ауыр ойлардан арылмай ұйқыға кетем,
Маңдайға қашап күнәсін.
Өз ойларымда жалғанның жыртық көйлегі,
Жамауын қолмен жасырған.
Оятшы келіп ақырын үркітпей мені,
Ғасырым, сипап басымнан,
Асылым, сипап шашымнан.
СӘТ
Мына жолдың қай жерден бітетінін де білмедім,
Мына жолдан кейін кімнің күтетінін де білмедім.
Мына автобус қай тұстан тоқтайтынын да білмедім,
Тоқтай қалса кімнің іздеп, жоқтайтынын да білмедім.
Мына әуен қашаннан ойнап тұрғанын да білмедім,
Мені қанша сұлудың ойлап тұрғанын да білмедім.
Мына аялдама қашанғы жалғызсырарын да білмедім,
Қашанғы түннен көз ілмей қалғып шығарын да білмедім.
Мына шамдар қай кезде сөнетінін де білмедім,
Шамсыз да адам жанары көретінін де білмедім.
Мына үйлер қай жылы құлайтынын да білмедім,
Кімге ұнамай, кімдерге ұнайтынын да білмедім.
Мына дүкен қай кезде жабылатынын да білмедім,
Сұлу саусақты сөрелер сағынатынын да білмедім.
Сатушы қыз үйге қашан қайтатынын да білмедім,
Кімге қанша алғанын айтатынын да білмедім.
Мына есікті қашанғы қағатынымды да білмедім,
Қашанғы өшімді ұрғылап алатынымды да білмедім.
Мына жастыққа қанша жас төгілгенін де білмедім,
Бетін басып қанша ару егілгенін де білмедім.
Сені ойлауды қалайша қоя алатынымды да білмедім,
Сен кірген түстен мен қалай ояна алатынымды да білмедім.
Бәрін білемін деуші едім, білмейді екем соны ұқтым,
Жетімсіреткен жанымды жетім ойлардан қорықтым.
* * *
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?
Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.
Түсіне алмай жатқанда ел есі кетіп,
Түсіндіре алмайды ештеңені.
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?
Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.
Көшеде жібі үзілген өткен шақтың,
Көңілсіз кестелері.
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?
Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.
Қолын бұлғап қия алмай баяғыда,
Ақпанның ақша бұлты көшкен еді.
Бәрібір көктем бізге кеш келеді.
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?
Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.
Жыл айналып келгенше жесір көктем,
Оты талай ошақтың өшкен еді.
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?
Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.
Жығылып жұдырығым жерге тисе,
Анамның «айналайыны» күш береді.
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?
Осы жұрт сол көктемнен сескенеді.
Сабағы көктем жетпей үзілген гүл,
Салады сені, сәулем, еске үнемі.
Көктем неге Жайыққа кеш келеді?..
ЖАН ДАУЫС
Еліктіріп ерте күннен қойды аңыз,
Жас баладай желігіп кеп іздеген.
Құдай жайлы құбылмалы ойдамыз.
Қызығында, біз деген.
Сәтті аңсап, шақты іздеп көмескі,
Ойы орамды, сөзі сұлу – алданыш.
Күңіреніп көп ішінен көп есті,
Күбірлейді жан дауыс.
Бір бейбақты көргендей боп бүкіл ел,
Бүйірінен түрткілейді бір шыбық.
Талабың мен талантыңа түкірер,
Таразыда тең түспейтін тіршілік.
Жан дауысын, жан рахатын жаныштап,
Құтыла алмай құрбан болған құлқынан.
Пайғамбардың пейілінен алыстап,
Періліккке ұмтылған.
Көңілі оның қалықтайды көкте шын,
Тоспағанмен жортып жүрген жолың бақ.
Ақын деген – өкпешіл ғой, өкпесін,
Жүретұғын қолына ап.
Сөзі ұмтылып, тас талқан боп талабы,
Құшаққа ыстық қойын дәптер ұмтылған.
Жалғанның кеп жағасынан алады,
Ол о баста жыртылған!
Жан дауысы жанды ауыртып жылайды,
Сөз естілсе өлең, өмір хақында әр.
Сосын, сосын кінәлайді Құдайды,
Солай, солай...
...жоғалады ақындар.
...Өлең болып оралады ақындар!
СӘБИГЕ СҮЙСІНУ
Намазында әкенің, азанында ананың,
Таңдауымен Тәңірдің сен бұйырдың, қарағым.
Сәбиіме сүйсіндім, Тәңірімнен кешірім..!
Атың сенің – Әдилә! Әкең қойған есімің.
Әлдилеген үмітім, арман болған аңсарым,
Жарқыраған шуағым, жадыраған жан сәнім.
Әлсін-әлсін жымию, үзік-үзік тынысы,
Күлімдеген ұйқысы, оқыс жасар бір ісі.
Жан жұбатар күлкісі, жан сүйсінтер қылығы,
Саусағының қимылы, ерінінің жыбыры.
Жүзіндегі жылулық, алақаны аялы,
Мойыныңа асылып, тар құшағын жаяды.
Алаңдатар айқайы, жүрек қозғар жылауы,
Қар жаудырған қалауы, сан соқтырған сұрауы.
Еміс-еміс есі бар, бұралаңдау жолы бар,
Еңбектейді ермегі, жетекке ерер қолы бар.
Дүрс-дүрс еткен жүрегі, жалт-жұлт еткен жанары,
Санқ-санқ еткен дауысы, қалт-құлт еткен қадамы.
Қардай аппақ көңілі, балдай тәтті сөздері,
...Кеше ғана сәби ең, бүгін қалай өзгердің?!
Кешер ғұмыр келісті, жар болсын деп Жаратқан,
Дұғасымен әкенің, анасының таң атқан.
Сөзі сұлу сүйкімдім, көзі көркем көріктім...
Саған сүйсіне беруге Тәңірімнен қорықтым.
Меңдібек ЛҰҚПАНОВ – 1995 жылы 10 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің түлегі. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы. Өлеңдері түрлі басылымдарда, ұжымдық жинақтарда жарияланған.