ФИЛОСОФИЯ МА, ӘЛДЕ ӘДЕБИЕТ ПЕ?Жақшаның ішіндегі әдебиетЖақын арада жарияланған бір мәтінінде, дәліре...
«Жазылған» жəне «жазылмаған» теориялар
Платон б.з.д. 428-427 жж. Афинада дүниеге келген. Оның шын аты - Аристокл, Платон - оның лақап аты, кейбір нұсқаларда бұл атты оның қуатты денесіне қарап берген десе, басқа мəліметтер бойынша оның көсілмелі денесі мен кең маңдайына қатысты осылай атап кеткен деп көрсетіледі ("платос" грекше толықтық, кеңдік дегенді білдіреді). Əкесі Кодр патшаның ұрпағы болған, анасы өзінің Солонмен туыстас болғанын мақтаныш санаған. Платон жастайынан саяси өмірдің керемет перспективасын шынайы сезінуге мүмкіндік алды. Туылуы, білім алуы, жеке қасиеттері оны бір бағытта жылжытуға септігін тигізді. Аталған барлық биографиялық мəліметтер мəнді болып табылады, өйткені оның ойлау жүйесінен орын алды.
Аристотельдің айтуы бойынша, Платон алдымен Кратилдың (Гераклиттің жолын жалғастырушы) шəкірті болған, кейіннен ғана Сократты ұстаз еткен (бұл ұстазбен кездесу 20 жас шамасында орын алды). Платон алғашында басқа да жастар секілді философияны өмірлік мақсаты ету үшін емес, өзін саяси өмірге даярлау мақсатында Сократтың жолын жалғастырғаны белгілі. Алайда, оқиға барысы Платонның өмірінің мəнін мүлдем басқа бағытқа бұрып жіберді.
Платонның саяси өмірге тікелей араласуы ең алғаш б.з.д. 404-403 жж. басталды. Ол кезде билік басына аристократия келген болатын жəне оның екі туысы – Хармид пен Критий олигархтық билікте басты рөлдерді иеленді. Алайда, сөз жоқ, бұл ауыр тəжірибе болды; Платон үнемі сенім білдіріп отырған адамдардың өзіне жасаған озбырлығы жəне қастық əрекеттерінен қатты түңілді.
399 жылы Сократтың кінəсіз өлім жазасына кесілуі Афинаның тəжірибелік саясатынан Платонның көңілін толықтай қалдырды. Негізінде, бұл іске билікке жаңадан келген демократтар жауапты болатын. Осылайша, Платон надандық үстемдік ететін саясаттан өзін алыс ұстауды ұйғарды.
399 жылдан кейін Платон Сократтың басқа да шəкірттерімен қосылып Мегаруға кетеді, ол жерде шəкірттерді Евклид қабылдайды, алайда Платон бұл жерде ұзақ тұрақтамайды.
388 жылы 40 жасқа келгенде Платон Италияға келеді. Мұның алдында ол Египет пен Киренде болды, бірақ ол жерлердегі саяхаттары туралы ол өзінің өмірбаянында (VII хат ) баяндамайды. Оның хатынан біз Италияда кезінде оның пифагордың жолын жалғастырушылармен, оның ішінде Архитпен танысқанын білдік. Осыдан кейін ол тиран Дионисий I шақыруымен Сицилия, Сиракузаға жөнеледі. Оның тиран Дионисийді басқарушы-философ идеалына сендіру ниеті оның саяхатқа шығардың алдында жазған «Горгий» диалогында көрініс табады. Алайда, көп ұзамай тиран жəне оның сарайы маңындағыларымен қарымқатынасы бір-біріне деген жек көру сезіміне айналды да («Горгийде» көрсетілген ұстанымдарға тікелей дəлел ретінде), керісінше тиранның туысы Дионмен арасында достық жəне өзара түсіністік қатынасы орнады. Ол кезде Платон алдыңғыдай сенімді шəкірт жəне таққа отыратын философ табуға ниеттенген жоқ. Оның үстіне Дионисийді ыза кернеп Платонды Эгиндегі спарталық елшіге құл ретінде сатып жіберді. Мүмкін барлығы оңай болар ма еді: Афинамен соғыс жүргізіп жатқан Эгинде қамауға алынған Платон өзіне деген қарым-қатынастың салдарынан өзін құл ретінде сезінді. Бірақ, бақытына орай, тез арада оны Киреннен шыққан Анникерид босатып алды.
Афинаға қайтқаннан кейін Платон Академияның негізін салады (қаһарман Академнің құрметіне ашылған паркте), бұл туралы ол өзінің «Менон» диалогында баяндаған. Академия қысқа ғана уақытта бекітіліп, көптеген жастарды жəне дарынды адамдарды жинай бастады.
Б.з.д. 367 ж қайтадан Сицилияға жөнеледі, ол кезде бұл елде Дионисий I қайтыс болған соң оның ұлы Дионисий II билік құрып жатқан еді жəне Дионның айтуы бойынша Дионисийдің ұлы əкесіне қарағанда Платонның жобаларына жақсы көңіл бөледі. Алайда, баласы да əкесінен ары асқан жоқ. Ол Дионды қастандық жасады деп айыптап, жер аудартып жібереді, ал Платонды тұтқынға алу жазасы күтіп тұрды. Алайда, Дионисий əскери даярлық жұмыстарына көп уақыт бөлуіне байланысты, ақыр аяғында Платонды отанына қайтаруды ұйғарады.
361 жылы Сицилияға үшінші сапарын жасады. Афинада Платон қашып жүрген Дионды кездестіреді, ол арқылы Дионисийдің шақыртуын алуға қол жеткізеді. Тиран өзінің танымын кеңейтіп, даналыққа жету үшін қайтадан сарайда философ ұстауға ниет білдіреді. Платон Сиракузада орнығып қалу үшін Дионмен бірге барады. Алайда, оны тиранға деген соқыр сенімі үшін қайтадан жаза күтіп тұрды, тіпті өмірінен айырылуы мүмкін еді. Архит пен тарантиндердің арқасында Платон аман қалды. 357 жылы билік басына Дион келеді, алайда ол Сиракузаларды ұзақ басқара алмады, 353 жылы ол қастандықпен өлтірілді.
360 жылы Платон Афинаға оралды жəне өмірінің соңына дейін Академиядан кеткен жоқ. Ол б.з.д. 347 жылы қайтыс болды.
Платонның шығармалары бізге дейін Трасилл грамматикасымен реттелген түрде өзіне сай толықтықпен жетті, оның шығармалары келесідей тоғыз тетралогия бойынша топтастырылуы мүмкін:
1. Евтифрон, Сократ Апологиясы, Критон, Федон.
2. Кратил, Теэтет, Софист, Саясаткер.
3. Парменид, Филеб, Пир, Федр.
4. Алкивиад I, Алкивиад II, Гиппарх, Көңілдестер (Бақталастар).
5. Феаг, Хармид, Лахет, Лисид.
6. Евтидем, Протагор, Горгий, Менон.
7. Гиппий Кіші, Гиппий Үлкен, Ион, Менексен.
8. Клитофонт, Мемлекет, Тимей, Критий.
9. Минос, Заңдар, Эпиномид, Хаттар.
Осы шығармалардың интерпретациясы мен бағалануы көптеген күрделі мəселелердің шоғырын жасады, оны «платондық сұрақ» деп атап кетті.
Түпнұсқалылық мəселесі жəне шығармашылықтың дамуы
Алғашқы мəселе мынада: барлық 36 шығармасы түпнұсқа жəне шынайы болып табыла ма, егер барлығы болмаса, онда қай шығармасы түпнұсқадан алынған?
Өткен ғасырдың сыны осы мəселемен көп бас қатырды, барлық диалогтардың түпнұсқалылығына күмəн келтіре отырып, тіпті гиперсыни экстремизмге дейін жетті. Кейіннен бұл проблема өзінің өзектілігі мен ашықтылығын жоғалтты, бүгінгі күні Платонның барлық диалогтарын түпнұсқа деп есептеу үрдісі орын алып отыр.
Екінші мəселе шығармаларының хронологиясына байланысты. Əңгіме эрудиция мəселесі төңірегінде болып отырған жоқ, платондық ойдың бірте-бірте, өзін-өзі сынау жəне түзеу процесі арқылы дами түскендігі жайлы болып отыр. Өткен ғасырдың аяғынан бастап, стилеметрия өлшемінің (яғни, түрлі кезеңдердегі еңбектеріне стилистикалық сипаттама беру) арқасында, белгілі бір мөлшерде бұл сұраққа жауап табуға мүмкіндік туды.
Егер Платонның анықталған соңғы шығармасы «Заңдардан» келіп шығатын болсақ, онда оның стилистикалық сипаттамаларын мұқият тексергеннен кейін Платонның басқа да шығармаларын одан алдыңғы шығармаларының стилистикалық сипаттамаларының шектестігіне қарай кезеңдеуге болады.
Онда соңғы кезеңде жазылған шығармаларға келесі диалогтарды жатқызуға болады: "Тэетет", "Парменид", "Софист", "Саясаткер", "Филеб", "Тимей", "Критий", "Заңдар". Осылайша, «Мемлекет» Платон шығармашылығының бел ортасына жататындығын анықтаймыз, оның алдында «Федон» мен "Той", бұлардан бұрын - "Федр". Сонымен қатар, жетілу кезеңіне тəн, яғни жігіттік кезінде жазған еңбектермен салыстырғанда шамалы төлтума мəнде жазылған диалогтар тобын анықтауға да болады. "Горгий", Италияға жасаған алғашқы саяхатының алдында жазылған, ал "Менон" – содан кейінгі шығармасы. Осы жетілу кезеңіне "Кратил" еңбегі кіреді."Протагор" диалогы, шығармашылығының алғашқы кезеңінің жарқын аяқтамасы болып табылатын еңбек. Басқа диалогтарының басым бөлігі жігіттік кездің шығармалары болып табылады, оларда сократтық проблематика мұқият талқыға салынады. Олардың ішінде кейбіреулері ересек жаста берілуі мүмкін. Не болса да, ең мəнді метафизикалық диалогтары өмірінің соңғы кезеңінде жазылған шығармашылық өнімдері ("Парменид", "Софист", "Саясаткер", "Филеб") болып табылады. Осы еңбектеріне қарап платондық ойды сенімді түрде қайта құруға болады.
Платонның рухани дамуы этикалық-саяси проблематикаға тəн зерттемеден басталды, бұл позицияны Сократ ұстанған. Кейіннен Платон физис философиясының кейбір онто-космологиялық сəттерін қалпына келтіру қажеттілігін ұйғарды. Алайда, ол бұл істі күтпеген жерден шынайы революциялық бейнеде жасап шықты, Платонның өзі бұл ісін «екінші навигация» деп атады.
Өзге бір болмыстың ашылуы жəне оның категориалды түрде өңделуі мəңгілік мəселелердің бүкіл бір топтамасын тексеруге алып келді де, жаңа мəселелер топтамасы пайда болды, оларды Платон тіпті өмірінің соңына дейін тереңдетіп отырды.
"Жазылған" жəне "жазылмаған" теориялар
Соңғы онжылдықта алғашқы орынға үшінші - "жазылмаған теориялар" мəселесі шықты, бұл «платондық сұрақты» күрделендірді. Көптеген ғалымдардың ойынша, платондық сұрақтың дұрыс қойылуы мен антика тарихындағы платонизмнің мəнін түсіну осы мəселенің шешіміне тікелей байланысты.
Ежелгі дереккөздер бойынша, Платон Академия қабырғасында сабақ жүргізген кезеңінде «Игіліктің айналасында» атты курс жүргізген жəне оларды жазбаша түрде көргісі келмеген. Бұл сабақта соңғы жоғарғы шындық, шекті негіздемелер мен алғашқы ұстанымдар туралы əңгіме болған, Платон сабақ өту барысында шəкірттеріне қатал тəрбие беру əдістерін қолданған. Ұстаз осындай қатал бақылаудың арқасында осы соңғы негіздемелер туралы білімді жазып отырып, басқаларға беруге тыйым салды, тек ауызша түрде ғана айтуға рұқсат берді.
Платон өзінің "VII Хатында" жазады: "Бұл білім басқаларға ұқсап, біреуден басқаға берілмеуі қажет, тек қана осы мəселе төңірегіндегі ұзақ тартыстардан кейін бірден оянған ұшқын тəрізді өзін өзі түсінетін жан пайда болады... Бұл білімді тек қана бірігіп өмір сүру арқылы ғана үйренуге болады, біріге отырып ұзақ уақыт бойы мұқият тексергеннен кейін шындық пен жалғанға көз жеткізеді.
Бір атауды, анықтаманы, сезімдер мен бейнелерді басқасына жанастыру əдісі арқылы, оларды сынай келе шынайы түрде салыстырып көріңіз, сол кезде əрбір затты интеллектуалды интуициямен тану мүмкіндігі туады, бұл көп мөлшерде адам күшін талап етеді". Осы мəселе төңірегіндегі Платонның шешімі үзілді-кесілді: "Бұл туралы мен ешнəрсе жазған жоқпын жəне ешқашан жазбаймын".
Алайда, Платонға ассистент болып жүрген кейбір шəкірттері, бірдіекілі деректерді жазып алып отырған, осылайша жазбалар бізге дейін жетті. Платон оларды зиянкес жəне пайдасыз деп кінəлады, əйткенмен кейбір шəкірттерін дəрісті жақсы түсінеді деп мойындап отырды.
Платонды түсіну үшін біз ауызша дəстүр арқылы тараған осы ауызекі айтылған доктриналарын есепке алмасақ болмайды. Зерттеушілердің айтуынша, кейбір мағынасы бұлыңғыр, түсініксіз болып келетін диалогтары осындай ауызша мəтіндерден алынған.
Дж. Реале және Д. Антисери
"Батыс философиясы: бастауынан бүгінге дейін"
Қазақ тіліне аударған: филос. ғ. д. Т. Х. Ғабитов