Келде-мұнара туралы мен алғаш рет кітапқа әбден құныққан, жаңа бір өмірдің есігін ашып, әлем, тіршіл...
Мұхтар Мағауин. Талапай
1985 жылдың алғашқы айларында қазақ жазушыларына бұрын-соңды болмаған зорлық жасалды. Одақтың бес жүз мүшесі түгел қамтылмағанымен, кемі бірер жүз қаламгер тұрмыстық, түптеп келгенде рухани қысымға айналған қиянат көріп еді. Алайда, арада екі-үш жыл өтпей, бəрі де ұмытылған. Мен соңында, қызық үшін біраз кісіден сұрап едім. Ең алдымен, айрықша жапа шеккен ағайындар естен шығарыпты. Кейбірімен, тіпті, əжептəуір дəрежесі бар үлкендерімен əңгімелескенде, естеріне əрең түсіргендей, бей-жай тұрып, иə, сондай бірдеңе, өтті, кетті десті. Ешқандай реніш те, өкпе де жоқ. Орнымен болған, əдепкі бір іс есепті. Ешқайсы кейіс білдірмеді. Қайран қалып едім. Исалмас көнбістік емес, құлдық сана. Ойлап тұрсам, ұмыта алмаған жалғыз мен екем. Дəп осы жолы ешқандай жапа шекпеген, қалауын алған кісі. Енді, арада аз-кем демейік, тура отыз бес жыл өткенде осы бір ерекше жағдаятты қағаз бетіне түсіру керегіне ден қойдым. Жазатын басқа ештеңе табылмағаннан емес. Қажетті қаншама тақырып анталап тұр. Ал мынау – өкімет-зорлықпен қатар, кез келген көлденең, көпе-көрнеу қорлық, төбеден ұрған таяқтың бəрін құп алатын, жасқаншақ, кемшін сананың көрінісі. Рас, болған іске шара жоқ, бірақ көңілде зəредей дық қалмай, осының бəрі заңды, табиғи құбылыс саналып, көп ұзамай мүлде ұмытылуы – шетін жағдай еді.
Сонымен, аталмыш оқиғаның жалпы сұлбасы.
Олжас Сүлейменовтің тұсы. Жазушылар одағы жиырма сегіз пəтерлік үлкен үй салғызып жатты. Баспана мəселесі барлық жұртта, барлық жағдайда аса мəнді кілтипан екенін айтып жату артық. Бұрын да, қазір де. Оның ішінде біз ғұмыр кешкен, жалдамалы жөндем пəтердің өзі қат, совет дəуірінде. Алайда, қаламгер қауымның Сталин заманында қалыптасқан ерекше артықшылығы бар еді. Айдаудан, атудан қалғандарға жақсы жағдай жасалды. Мол қаламақы, көп тиражды басылымдар, арнайы шығармашылық жайлары. Сонымен қатар, тұрғын үй, яғни, тиесілі пəтер мəселесі. Басқа жұрт сияқты он жылдап кезекте зарықпайсың. Тіпті, төртбес жыл, одан да ұзағырақ созылып кеткен жағдайдың өзінде үмітсіз емес, ақыр түбі баспаналы боларың анық. Біздің қатарымызда, Одақ төңірегіне келе сала, алғашқы, əлде келесі жылы пəтерге қолы жеткен жігіттер болды. Мəселен, арындары қатты Əбіш пен Асқар дегендей. Менің өзім жинақтап келгенде үш жылға толмай үйлі болдым. Мұншама молшылықтың бір себебі – атаулы Одақпен қатар, жазушылар қауымына тиесілі Əдеби қор деген бар. Литфонд. Орталық, үлкен мекеме – Мəскеуде, ал республикаларда тиесілі, əйткенмен өзінше дербес тармақтары жұмыс жасады. Аса бай ұйым. Бай болатыны – көзі тірі жазарман атаулының баспадан шыққан кітабына тиесілі қаламақының он бір пайызына қарайлас мол ақша Литфонд қорына түседі. Сіздің үлесіңізден тыс, бірақ белгілі мөлшерде сізге де қарасты. Одақтық көлемде қыруар қаржы, жүз мың, тіпті, миллиондап саналса керек. Бұл ақшаға Мəскеу түбінде, Қырым мен Қара теңіз, Балтық бойында, уақыт оза келе жекелеген республикалар шегінде, жыл он екі ай бойы ашық, əлденеше шығармашылық үй салынған. Қажетті жағдайда тегін, немесе жеңілдетілген жолдама, атаулы қаржылай көмек өз алдына. Сонымен қатар, барлық жерде жазушыларға арналған көп пəтерлі үйлер. Мен Одақ төңірегіне келген кезде Алматыда мұндай екі үй бар екен. Тек осы арнайы пəтерлер ғана емес. Қаламгерлер есебіне мемлекет тарабынан жылына пəленбай жүз шаршы метр, жекелей алғанда тағы əлденеше үй бөлініп беруге тиіс. Осыған қоса, жаңа пəтер алған жазушының бұрнағы үйі де келесі кезектегі қаламгерге бұйырмақ. Арнайы қаулы бар. Тағы бір кереметі – кез келген отбасына тиесілі, əр адамға тоғыз шаршы метрден есептелетін жалпы кеңістік үстіне, жазушының жұмыс жағдайы үшін тағы жиырма шаршы метр үстеме. Қазіргі күнімізбен қарағанда, ертегілік оқиға. Есіркегеннен емес. Сөз құдіретін бағалаған, идеологияға айрықша мəн берген империялық саясат. Жəне, анығын айту керек, əдебиеттің, мəдениеттің өсіп-өркендеуі үшін. Бүгінгі шалағай, шолақ белсенділер совет (совет емес, «кеңес») өкіметі өстіп, қаламгер қауымды сатып алды, деседі. Қазіргі егемен өкіметтің де дəп осылай «сатып алып» жатқанын көрмедік. Біздің əріптестер аузы майланбай-ақ малай кебінде, жəне егемен билігіңіз өткенмен салыстырғанда, кенеусіз мадаққа кеңірдегінен батқан. Иə, ол заманда да ресми идеологияның ұраншылары болды. Бірақ мына бүгінгідей жадағай жағыну, жалпош құлдық жоқ. Қалам ұстаған қауымның əлдебір тайғақ бөлшегі ғана. Көпшілік жұрт өнерге, ұлт мəдениетіне риясыз еңбек етті, тіршілік ахуалы тəуір болғаннан соң, сапалы жұмыс жасады, дəп осы кезеңде қазақта əлемдік деңгейдегі «Абай жолы» дүниеге келді, «Өмір мектебінің» Бірінші кітабы жазылды, бұдан соңғы жылдарда менің тұстастарым қазақ прозасы мен поэзиясын одан əрмен дамытып, қаншама классикалық туындылар қалыптанды. Осының бəрі – қазақы рухтың көрінісі ғана емес, қалам ұстаған қауымның тұрмыстық жақсы жағдайының нəтижесі болатын.
Хош. Қотанымызға қайтып оралайық. Өкімет-зорлық дедік. Шын мəнісінде, өкімет емес, жекелеген бір жебірлер. Бүгінгімен салыстырғанда, жебір де емес, отырған орнын пайдаланып, өзінің азғантай пайдасы, көтермелі кеудесі үшін жойдасыз қиянатқа жол ашқан, мансапты, санасыз бір кісілер.
Сонымен, Қазақстан жазушыларының тек өздері ғана тұратын көппəтерлі екі үй болды дедік. Тым ұзамай, үшінші, төртінші үйлер салынып, бесінші үйдің межесі белгіленді. Мына қисынсыз дау – ақыр түбінде ең соңғы болып қалған осы бесінші үйден шығып еді. Қаланың қақ ортасы, ол кезде ауасы кең, төңірегі тыныш шаршы – Құрманғазы көшесінің Сейфуллин көшесімен қиылысар тұсына тақаған, төрт қабат, үш далан, жиырма сегіз пəтерлік үлкен ғимарат. Ол кезде аса сирек төрт бөлмелік – алтау болса керек, үш бөлмелі – жиырма шақты, жəне бір бөлмелік, екі бөлмелік шағын пəтерлер бар. Бəрі де кеңіс, ұтымды құрылым, сол заман үшін өзгеше.
Меншікті ғимаратымыз салынып бітті. Бүгін-ертең Жазушылар одағының иелігіне өтуге тиіс. Арнайы комиссия құрылып, кімдерге қандай үй тиетіні белгіленді. Бұл жаңа үйге көшкен жұрт түгелге жуық бұрнадан пəтерлі, айтқанымыздай, олардың босаған қонысына тағы соншама адам келуі керек, бұл келгендердің біразы тағы баспаналы, яғни көбіне үйі жоқ жастарға тиесілі – жинақтап айтқанда, Жазушылар одағының төңірегінде жүрген жүз қаралы отбасы қоныс тойын тойламақ. Барлығы да келер аптада, асса оншақты күнде көшеміз деп, буынып-түйіне бастайды. Көпшілігі дайын, əп десе көтерілгелі отыр.
Міне, дəл осы кезде күтпеген бомба жарылады. Көзге көрініп, қолмен ұсталмайтын, қағаз жүзіндегі, бірақ бүлдіргіш, ғаламат жарылыс. Жазушылар қауымына толайымен тиесілі деп отырған ғимаратымыздағы қаншама пəтердің жарымынан артық, үштен екісі – бізден тыс екен. Кешелі-бүгін емес, шамамен осыдан екі-үш ай бұрын шешілген мəселе. Ешқандай қисынсыз, бірақ нақты жүзеге асқалы тұрған керемет. Мал иесі, қашанда дегбірінен айрылмайтын Олжас қолма-қол тексертіп, кеселдің түп тамырын айқындайды. Бұл үйге мол ақшаны, əдеттегіше, орталық Литфонд берген. Əуелгі қырық пайызы құрылыс басталмай тұрғанда төленген екен. Қалған ақшасы – үйлеріміз біржола бітуге тақағанда. Немесе, соңғы бір кезең, қабылдап аларда. Бұл ақша да пəшкі-пəшкісімен Мəскеудегі орталықта тұр, шешім шығарылған, қалаған уақытыңызда аударылуға тиіс. Кілтипан осы арадан басталады. Құрылыс міндетін көтеріп алған Горсовет – Қалалық совет, бүгінгі тілге көшірсек, мэрия, əкімшілік, межелі уақытына алты ай қалғанда тиесілі қағазын түсіреді. Осылай да осылай, біз шартты міндетімізді атқарып бітуге жақынбыз, пəлен айдың пəленіне дейін қажетті, мұншама ақшасын банкке құясыздар, деп. Əдепкі шаруа. Мəскеуге телефон шаласыз, немесе, анығы – рəсімді қатынас, содан он күн өтпей, бəрі орнына келмек. Оп-оңай. Алайда, ақыры насырға шапқан қырсыққа айналыпты.
Біздің Əдеби қор директоры – Екейбай Қашағанов дейтін кісі. Осыдан бірер жыл бұрын келген. Зейнет жасына дейін бірнеше обылыста əрқилы басшы, көбіне Атқару комитетінің төрағасы қызметінде отырған. Соңғы мансабы – Семейден екен. Біздің жазармандар, ойбай, əдебиетке, өнерге қамқор, ерекше жан деп дабылдатып жататын. Ауызекі ғана емес, баспасөз бетінде де. Біздің жұрттың жаман бір ғадеті – əкім атаулыны мадақтауға құмар. Түймедейін түйедей қылады, жасамағанын жасатып жібереді. Осылайша көтермелей берсек, шынымен-ақ қамқор, сүйемелші болып кетер деп ойлайды. Күні бүгінге жалғасқан кесірлі тəсіл. Елбасынан бастап, кейінгі қаншама əкім, министрді осылай бұздық – жасамаған, ойға алмаған, тіпті, қарсы бағыттағы барлық ісін игілікке санап, қисынсыз мадақтай берген соң, оң ниетінің өзін қайтып алады (мəселен, қазақ көшіне əу бастан қарсы болып, мейлінше тежеген, ақыры біржола тоқтатып тынған Назарбаевты басқасымен қатар, дəп осы тарапта желеу еткен жарамсақ əрекетіміз). Бəлкім, Қашағанов та əлдебір кездесу, əдеби, мəдени шараларды тəуір өткерген шығар, ерекше қамқорлығы емес, міндетті қызметі. Нəтижесінде, байырғы партократтарды пенсиядан соң да жылы бір жерге тығатын əдетпен, əдебиетке тілектес еді, Жазушылар одағына жанассын деп, Литфондыға ұсынған екен. Əрине, қабыл алынады. Бұрнада жиырма-отыз жыл бойы өктем билікте отырған Қашағанов, енді Одақ құрамындағы жаңа қызметінде төтенше мінез көрсете бастайды. Анығы – үйреншікті əдеті. Жазарман жұрттың бəрі өзіне тікелей бағынышты, сұрамшақ, кіріптар қауым сияқты. Олжаспен де жүрдім-бардым, астам сөйлеседі. Бұрнағы партократ көсем үшін Жазушылар одағының төрағасы деген кім. Сөйтіп, екі арада ренішті əңгіме болады. Олжас оп-оңай орнына қойып берсе керек. Қарт коммунист үшін үлкен реніш. Бұрын көрмеген сұмдық. Бірақ амал жоқ, ішіне түйіп қана қойса керек.
Содан... Жазушылардың жаңа үйіне қарыздар ақшаны тезірек өткізу туралы қатынас қағаз келгенде... ешкімге айтпай, көрсетпей, темір сейфіне салып, берік бекітіпті. Ешқандай жауап жоқ. Ол жақтан борыш ақшамыз қайда деген сұрау жəне жоқ. Екі-үш ай, тиесілі төлемнің уақыты өткеннен соң... Əдеби қор, яғни жазушылар тарабынан жетіспей қалған қыруар қаражат Горсовет атынан жабылады. Яғни, салынып жатқан үйдің басым бөлігі – қалабасы Нұрқадиловтің толық ғұзырына көшті деген сөз.
Көпе-көрнеу жағдаят. Мəселе Олжаспен қайшыласып қалған партократтың финанс қағазын тығып қойған ақымақшылығында емес. Керісінше, ақылдың асуы. Күні бұрын ойластырған арамдық. Қашағанов, сөз жоқ, Нұрқадиловпен алдын-ала келісіп қойған. Егер əрекет біржақты, Литфонд тарабынан ғана болса, Горсовет қайыра сұрау салмас па. Ешқандай күмəнсіз. Екі жақты келісім. Ал сөйтемін, маған не істейсің? Қолыңнан келсе қырып ал!..
Олжас əуелде Нұрқадиловпен сөйлеседі. Кішірейіп, алдына барып емес, өкіметтік телефонмен. Қысқа, əрі қатаң жауап. Сізге қатынас қағаз жібергеміз. Жауапсыз қалды. Ақшасын уақытында төлей алмадыңдар. Құрылыс тоқтап тұрмайды. Сондықтан, сендердің борыштарыңды жабуға мəжбүр болдық. Енді өзіміз салған жаңа үйдің үштен екі бөлігі бізге тиесілі!.. Күтпеген хабарға таң қалған жəне мейлінше ширыққан Олжекең енді Қашағановты алдына шақыртады. Борыш ақша туралы. Қатынас қағаз келгені рас па? Жоқ деп айта алмаған. Онда осы қазір менің қолыма жетсін. Барлық жағдайдан жақсы хабардар Қашағанов, тəрізі, бетін біржола анықтау үшін ала келіпті. Осыдан алты ай бұрын... Неге бізге жетпеген, неге төленбеген?.. Нақты қандай жауап болғаны белгісіз. Олжас астамсыған партократ шалды сақалсыз тұқыл иегіне қарамастан сілкілеп алады, бірақ сабап тастасаң да ешқандай пайдасы жоқ. Сүйектен өткізе жерлеп, сол күні Одақ төңірегінен қуыпты.
Енді өзін кенже ұлындай еркелетіп ұстайтын Дінмұхамед Қонаевтың қабылына барады. Солай да солай. Біздің жазушылар салғызған, тізбектей келгенде кемі жетпіс отбасын қамтитын, үлкеніміз бен кішіміз жаппай күтіп отырған үй қолды болып бара жатыр... Димекең сабырмен, сол сəтінде іс мəнісін анықтайды да, енді ешқандай шара жоқ, депті. Көлденең ақша құйылған, барлық қағазы бекіп кеткен, есесіне жаңа бір үй саларсыңдар, оған дейін мемлекет тарабынан жекелеген пəтерлер бөлінеді, өтіп кеткен істі кері қайыру мүмкін емес, депті.
Амал не, барға қанағат ету керек. Пəтер мəселесі қайта қаралып, жаңаша бөлінеді. Жаңаша болғанда, бұрнағы тізім, тек үштен екісі қысқарған. Төрт бөлмелі, абажадай алты пəтердің екеуі ғана қалады. Үш бөлмелі кеңіс үйлердің үштен бірі ғана. Бір бөлме, екі бөлмені есептеп жатқан ешкім жоқ, жартысынан артығы бізге тиген. Сонымен, қаншама жазарман қан-қақсап, үмітін үзіп, қалған азғана ақжолтай тиесілі құжаттарын толтырып, Горсоветке өткізіпті. Бес күннен соң төтенше шешім айтылды дейді. Мына ұсынған кісілеріңіз – бəрі де жайлы, кең пəтерде тұрады екен, ешқайсының жаңадан үй алуына қисын жоқ... Неге десеңіз... Бұрын кісі басы тоғыз шаршы метр еді ғой, енді, кейінде шыққан қаулы бойынша... алты мен тоғыздың аралығы, яғни тірі жан басына [өлген орыстың бір табыты əрең сиятын] алты шаршы жетіп жатыр. Сонда... бұрын тұрған пəтерлерінің өзі артыққа шықпақ, ал жаңаның ешқандай жөні жоқ... Бас айналған азғана дағдарыстан соң біздің кəсіподақ өкілдері алты балалы жазушыны алға шығармақ болыпты. Яғни біз – Мұхтар Мағауин. Алты баласы бар, өзімен, əйелімен сегіз жан. Заң бойынша, жазушы атаулыға тиесілі жиырма шаршы метр тағы бар. Горсоветте отырған ғұзырлы өкіл шот қақпай-ақ, ауызша шығарып береді: жиырма шаршы, оған алты шаршыдан жеті кісі – жиыны алпыс екі квадрат метр. Жеті емес, сегіз кісі, отағасын есепке қоспадыңыз, жаңағы жиырма шаршы – жалпы есептің сыртында, баяғыда Сталин қол қойған, əлі күнге күшін жоймаған қаулыда солай... дейді біздің кəсіподақ. “Жарайды, қисынсыз болса да қосайық, – дейді, Нұрқадиловтің кісісі кеңшілік жасап. – Қырық сегіз жəне жиырма – алпыс сегіз квадрат. Бұл многодетный писəтеліңіздің қазіргі тұрған үйі – жетпіс екі квадрат. Немене, астынан су шықты ма?..” Шындығында, жаңа рəсім бойынша, əуелгі тоғыз шаршы мүлде жойылмаған, енді қалай есептеу – қазаншының еркіне қарап тұр. Ең басты аргументінің өзі талқан болған біздің кісілер салбырап кейін қайтыпты. Олжас бұл жолы қарқылдап күлді дейді. Содан соң... нендей шара қолданды, кімге, не айтты – белгісіз, арада жүрек күпті тағы бір жеті өткенде қала басшысы, бүгінгіше айтқанда əкім, Еуропаша мэр – құдіретті Нұрқадилов қалған жұрттың бəрінің документі қабылдансын дейтін жарлық береді. Кім екенімізді таныды, тəубасына түсірдік деп, соншама кеңшілік жасаған.
Сыртта қалған, пəтерін жаңарта алмаған, бірталайы мүлде баспанасыз алпыс-жетпіс қаламгер қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті. Үлкенді-кішілі əйел заты көз жастарына ерік беріпті, отағасылары дүниеден түңіліп, кейбірі мүлде жүнжіп кетті дейді, жүйкесі жұқа біреулер инфаркт алған, немесе соған жақындап қайтқан, əйтеуір кісі өлімі жоқ, уақыт оза келе əрқайсы əртүрлі жағдайда ескілі, жаңалы басқа үйлерге кірді, сол сəтінде, тіпті, одан көп бұрын қисынсыз қысас көмескі тартады, ақыры, жаңа айтқанымыздай, табиғи, заңды жағдаят ретінде мүлде ұмытылады.
Əрине, аяқ астынан шығынға ұшыраған Олжас үшін кейіген, алып тұрған үйлерінен айрылған ағайындарға жан ашыған кірбең соңында біз де көңіл делбедік. Жойдасыз қатерден аман өткен, ең бастысы – кеңге шыққан мəре-сəре балалар үшін сүйінген жайдары жүз, қуанышты көңілмен, бұдан соң аз-кем емес, толық жиырма жыл тұрған, қаншама жаңа шығармалар жазылып, үпір-шүпір балаларымыз аяқтанған құтты мекен – Құрманғазы атамның еңселі көшесіндегі 90-нөмірлі үй, екінші қабат, төртінші пəтерге келіп кірдік. 1985 жыл, 8 март екен.
Бізбен қатар тағы қаншама жұрт көшіп жатыр. Көбісі бейтаныс. Ертеңіне, əлде келесі аптада білдік, арғы далан, бізден тартып алынған төрт бөлмелі төрт пəтердің ортаңғысына қала бастығы Нұрқадилов Заманбек те келіп кірген екен. Яғни, оның да еңбегі өтелді деген сөз. Əуел бастан-ақ Жазушылар одағының Литфонд бастығы Қашағановпен арадағы ұтымды келісім нəтижесі. Бірақ бұл пəтер алпауыт əкімге онша құтты болмады. Ақыры, өзімен өзі алысып жүріп, рас, басқа бір жай – қымбат коттеджде қайғылы қазаға ұшырағаны белгілі. Жеке басының ерлік хикаясы көп. Біріккен үлкен обылыстың орталығын Талдықорғанға көшірмей, Алматыда қалдырған қырсығы, қарауындағы халқынан əлдебір күмəнді қор үшін таза алтын – сырға, сақина жинатқаны, Төтенше жағдай министрі бола тұрып, апат аймақтарына аттап баспай, үйде жататыны, төмендегі жұртпен дөкір қатынасы – қайсы бір хикметін санап тауысарсыз. Соның бəріне, əсіресе, кейінде қисапсыз шығынға түскен Талдықорған мəселесіне де көне берген Назарбаевтың мемлекеттік санасы қаншалық дəрежеде? Ақыры, астана Ақмолаға ауысқанда, өзі басқарып отырған министрлікті жылы орнынан қозғамаймын, Алматыда қала берем деген талап қояды. Əйтпесе, отставкаға кетпек доңайбат. Дəп осы арада, президент досының да төзімі сарқылыпты. Кетсең – кет! – деген. “Ал онда, мə!..” Қолма-қол ғарыз жазып береді. Ғұзырлы досы сарт еткізіп бұрыштама соғыпты. Кетті. Көп ғажайыптың соңғы түйіні. Ел-жұрт естімеген тағы қаншама кереметі бар екен? Ал Жазушылардың меншікті үйін талапайға салғаны – біз астарын нақты таныған ең жеңіл хикаясы дер едім. Біздің жұрттың ұғымында, қандай себеп, жағдаймен болса да, Назарбаевпен келіспеген пенденің бəрі əулиеге парапар. Осындай темір логика бойынша, Заманбек Нұрқадилов қайрауы кетілген алмас қылыш болды да шықты.
Нұрқадиловтің авантюрасы негізінде үйсіз қалған ағайындар, жасы бар, жасамысы бар, көп ұзамай-ақ зорлық пен зəбірді ұмытып кетті дедім. Сондай-ақ, бұл Нұрқадиловтің тіршілігінде қандай адам болғанын да. Ғұзырлы министр, қолы ұзын əкім кезінде ойына келгенін істеп, жалпы жұртты ғана емес, өзін жарылқап отырған Назарбаевты ғана емес, борышты мемлекеттік қызметін де ойыншық қылғаны, ақыры, мүлде күтпеген, өзі тілеп алған отставкадан соң саяси қайраткер танылып, Қазақстанда орыстектілер қысымға ұшырап, қудаланып жатыр деп, алпауыт көршіні ашық интервенцияға шақырған арандатқыш мəлімдемелері... қайсы бірін айтып тауысарсың. Түптің түбі біздің ақкөңіл, аңқау, парықсыз жұртымыз үшін əділет жолындағы күрескер, аңыз қаhарманға айналған. Күні бүгінгеше жоқтап біте алмай жатырмыз. Бірақ бұл – біз қалам тартпайтын басқа бір əңгіменің тақырыбы.
(Осы арада дəйектей кету қажет сияқты. Біздің ешқашан Нұрқадиловпен жанасымыз, көріс, қатынасымыз болмады. Бақыты аспанда, билігі шарықтап тұрған Алып тұлға, біздің бар-жоғымызды да білмесе керек, білсе – ергежейлі, елеусіз біреу. Тек Алпыс жылдығымыз Қазақстан шегінде кеңінен аталып жатқан кезде ғана аппаратындағы əлдекімдер есіне салған тəрізді. Драма театрында өткен, министр Алтынбек Сəрсенбаев арнап келген, республика президенті құттықтау жолдаған салтанатты кешке өзі қатыспай, орынбасар, əлде бөлім бастығы шенеунігін жіберіпті. Шапан, бірер ауыз тілек. Қалыпты рəсім жөні. Алайда, бар ықыластың соңы емес екен. Жиын мен тойдан соң, арада екіүш күн өткенде əлде көмекші, əлде секретарь қызы телефон шалады: Заманбек Қалабаевич сізді ертең сағат пəленде əкімшілікте қабылдауға шақырады, деп. Нақпа-нақ осылай. Кінəлі жауапқа талап еткендей. «Менің уақытым жоқ, бара алмаймын,» – дедім. «Мұндай болмайды! – деді шошып кеткен қызымыз, əлде келіншек қатқыл үнмен. – Өзі айтты, күтіп отыр. Мұндай болмайды!..» «Неге болмайды, – дедім жайымен. – Егер шақырғанға барғым келмесе. Мен қабылына сұранғам жоқ. Солай деп айтарсыз...» Осымен бар əңгіме бітті. Істің мəн-жағдайы түсінікті еді. Кеше арнайы келіп, топ алдында құттықтауды өз бойына шақ көрмеді. Енді кеңсесіне алғызып, кекірейіп отырып, жаттанды екі ауыз сөз айтып, бес-он тиын бірдеңесін қыстырып, мені өмір бойғы борыштар қылып қоймақ. «Омай!» – деген мұндайда бұрынғы қазақ. Омай, шіркін, тапқан екен арзан олжасын!..)
Біз еске алып отырған, ел тағдыры емес, жеке бір кісілердің тіршілік кебіне қатысты, бірақ адамгершілікке шет, жойдасыз зорлық жөнінде жəне осыған орай, бейқам жұртымыздың кері кеткен мінезі мен тауансыз, исалмас ғадеті туралы хикая – бүгінгі жаппай талапай көріністерімен салыстырғанда, тым елеусіз, мəнсіз əңгіме ретінде танылса керек. Бірақ көңілде кірне қалмасын деп, сыртқа шығардық.
12.Х.2019,
Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ.
(Мұхтар Мағауин, Толық жинақ,
XXV том, 2020, Силвер Сприң, АҚШ.)