Абай және символизм (герменевтикалық эссе)

ӘДЕБИЕТ
2534

Символ Адамның түсі сияқты,

Оянды да ақиқатты тапты.

Ақын, Джон Китс

ХХ ғасырдың мәтіндер тынысы, мелдектеген ой ағысы, Шығыстық жауһари туынды – хакім Абайдың «Ескендір» поэмасы. Ақының үлкен философиялық тұжырымын, поэтикалық қуатын көлемді шығармалардағы бояулары арқылы кең ақуымда қарастырғанда ғана айтар ойдың тереңіне дендеп үңілуге мүмкіндік тумақ. Бұрынғы қазақ ақындары көбіне-көп көлемді поэма, дастандар арқылы кең танылды. Ақының атағынан бұрын поэмасы танымал болған шығармалар да көп. Ілияс Жансүгіровтың «Құлағар», «Күйші» поэмасы, Мағжан Жұмабаевтың «Қойлыбайдың қобызы», «Қорқыт» поэмасы, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» дастаны т.б.с Осы туындылардың алдында «Ескендір», «Масғұт» секілді ұлы поэмалардың оқырманға салған сара сүрлеуі жатты.

Ұлы реалист ақын Абай мен символизмнің қандай байланысы бар деген сұрақ тууы заңды. Абай қазақ жазба әдебиетінің классикалық үлгісі, стиль мен жаңа формалардың эталоны болды. Абай әлбетте реалист ақын. Алайда, Абай шығармасында символизм де бар екені белгілі. Егер бұл пікір қате деп танысаңыз, «Ескендір» поэмасын, қалай танимыз, қалай талдау жасаймыз? Осы сауалға жауап бермес бұрын, әуелі Абайың «Ескендір» поэмасы жайлы бірер ой...

Әдебиетті және әдеби туындыгердің шығармасынан тыс, азаматтық және саяси ұстанымын безбенге салумен қатар тұлғалық сипатын бағалайтын ұғым-түсініктер бар. Бұрын да, қазір де Абайдың отаршыл Патша үкіметіне ұстанған саясатын саралап келеді. Абай сол үкіметтің құрамында болды. Тағыдыр-талайына сол замана тап келді. Сол жүйенің бір бөлгі ретінде ел ісінен де шет қалған жоқ, би-болыс болып билік те қылды. Бірақ өзінің «Қара сөзінде» айтқандай, оның да баянсыздығын, қоршылығын көрді. 

Тіпті қазір Абайды ашық әрі қатаң сынаушылар табылып жатады. «Ол Патша үкіметіне қаршы шықпады, бұқпантайлады» деген уәжін алға тартады. Әлбетте, әкесі аға-сұлтан Құнанбай патшадан шен алған адам. Бірақ Абай әке ұстанымын құптады ма? М.Әуезовтың «Абай жолы» осы сауалға жауап берген секілді.  Мейілі, оны көркем шығарма, көркем шындық деп қабылдайық. Бірақ ақынның, Батыс пен Шығыстың күллі озғын өнерін, мәдениетін бойына сіңіргенде, саясат ілімі тыс қала ма? Әрине Абай бәрін жақсы түсінді. 

Отарлық езгі оның да жанына батты. Бірақ ол туған халқын ғылым-білім, ағарту саласында жетіле беруін көздеді. Өнер шашты. Ізбасарларын сайлады...

Ал ақын ретінде, азамат ретінде озбар, жауыз патшаны,  – әрине Ақ Патшаға деген наразылығын «Ескендір патша» арқылы қатаң сыңға алды деп есептейміз. «Тоқтаусыз даңғой» патшаның жетер жерін, шарықтау шегіннің нендей болатынын көрсетті. Ескендір патша арқылы күллі билеуші, қанаушы, езушілерді шенеді. Ол тек Ескендір мен ақ Патша ғана емес. Күллі адамзатқа ортақ мәселе шексіз билік жүйесін зар-күйіне жеткізіп айтты. Хакімнің бұл шығармасында тек патшалар ғана емес тоймысыз, нәпсі құмар адамды осындай терең символикалық сюжеттер арқылы тұспалдайды. Символизм қазаққа жаңалық та, жат та емес. Қазақ бір нәрсені сүйсе де, күйсе де тура әрі жайдақ айтпайды. Көркем символикалар, теңеулер арқылы жеткіздеді. 

Ислам сопылық философиясындағы және Шығыс шайырларына тән символизм – қазаққа етене жақын. Символизмінің ерекшелігі – ол үнемі жаңа. Себебі әр ғасырдағы ұғым-түсініктерге сай символика өз мәнін жоғалтай құлбыла түседі. Символизмнен адам өз өресінің бойы жеткен жерінен ой қортып, тұжырым жасай алуымен ерекше. Осындай ләззатты Абайда татып көрді. Һәм өз оқырмандарына да ұсынды. 

«Көңілдегі көрікті ой мен символға иланғандай, еш нәрсеге құлай сенбеген едім. Символдың көркем де көрікті бейнесі – бұрыннан болсын-болмасын әдемі» дейді ағылшын ақыны Джон Китс. Расында, символизм сарындағы туынды оқырман қалай талдаса да қиялына қанат бітірмек.

Қайыра айтсақ, Абай отарлаушы Патша үкіметіне деген наразылыған, күйінішін Ескендір патшаны шенеу арқылы жеткізді. Күллі адамзат баласының мамыражай тірлігін ойрандаған озбыр, жауыз патшалардың «жаназасын» Абай осы поэмасымен шығарып еді...

Бақытбек ҚАДЫР

author

Абай

КОМПОЗИТОР

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...