Бір ойды бір ой түртіп өтеді. Бір нәрсе бір нәрсеге сөзсіз себеп болып жатады. Күні кеше ғана ақында...
Нейролингвистикалық бағдарламалар дәуірі: Абай өлеңдерін жаңа қырынан интерпретациялау мүмкіндіктері
Қазіргі кезде жаһандану үдерісі мен ІТ-технологиялардың көз ілестірмей дамуы адамның психо-эмоционалдық және ақыл-ой өрісіндегі өзгерістерді тек қана когнитивтік ақылдың көмегімен шешуге немесе түсіндіруге болмайтындығын дәледеуде. Сондықтан мұндай күрделі мәселелердің мәніне үңілу үшін адамның жүйке жүйесінің түрлі элементтеріндегі өте нәзік, білінер-білінбес дене тітіркенуін байқай алу және онымен тығыз байланыста әрекет етудің маңыздылығы белгілі болып отыр. Өйткені адамның дене мүшелері субъект тәжірибесінің терең құрылымына бойлауға мүмкіндік беретін тұңғиықтағы нейролингвистикалық паттерндер мен үдерістердің көрінісі болып табылады. Барлық тірі жандыларда когнитивтік ақыл болмағанымен, қоршаған ортада үндесім табу және тіршілік ету үшін соматикалық ақылдың бар екенін білеміз. Соматикалық ақыл – дененің ішіндегі ақыл, егер біз одан ажырамасақ, «өз денемізде» өмір сүреміз. Абай мұны былайша айтады:
Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.
Батыста Үшінші ұрпақтың нейролингвистикалық бағдарламасы деп аталатын тұжырымдама бойынша, адам денесі бастағы миға тәуелді қарапайым машина ғана емес, «Ми денеде де бар. Денеде бірнеше «ми» бар. Бұл маңызды жаңалық «нейролингвистикалық бағдарламалаудың нейро-аспектілерімен» байланысты [1, 120]. Денедегі «мидың» бір түрі энтероми немесе энтеро (энтеронның көне грек тіліндегі мағынасы – ішек) жүйке жүйесі деп аталады. Бұл жүйенің 100 миллион нейроны бар. Заманауи неврология мәліметі бойынша, іш қуысындағы асқазан мен оның айналасындағы басқа асқорыту органдары мысықтың миындай күрделі болып келетіндігі анықталған. Сондықтан оны адам денесінің «екінші миы» деп те атайды. Адамның асқазандағы миынан басқа тағы бір ақыл орталығы бар, ол – жүрек; жүрек адамның қанын айналдырушы «сорғы» ғана емес, ақпаратты өздігінен өңдеу қабілетіне ие өзінің қызметтік «миы» бар орталық екендігі анықталған. Жүректің белсенділігі мидың қызметіне, тіпті дененің өмірлік маңызы бар бүкіл ағзаларға қуатты әсер етеді. Ол адамның жан-дүниесіне де өзінің «иелігін» жүргізіп, адам өмірінің сапасына айтарлықтай септігін тигізеді. Сонымен қатар жүректің күрделі «сұлбасы» мидан тәуелсіз тұрып та әрекет ете алатындығы анықталған: трансплантацияланған жүрек донордың мінез-құлқы мен әдетін сақтап қалатындығы және тауықтың жүрегі денеден тыс 25 жыл тәуелсіз өмір сүргендігін т.б. көптеген мысал келтіруге болады. Жүректің жүйке жүйесінде сенсорлық аксон деп аталатын 40 мың нейрон бар. HeartMath (жүректің реттеуі) теориясын негіздеушілердің пікірінше, «Жүрек дененің бірігіп әрекет ететін көптеген жүйелерін түйістіретін маңызды торап ретінде дене, ақыл, эмоция және рухты өзара байланыстырып, коммуникациялық желіге кіргізетін бірегей нүкте болып табылады [1, 126]. Аристотельдің де жүрек – интеллект орталығы, ал қозғалыс пен сезім – дененің өмірлік қуатының орталығы деп есептегені белгілі. Ендеше Абайдың неліктен жүрекке аса мән бергендігі енді түсінікті бола бастаған тәрізді.
Абай поэзиясының сарабдал зерттеушісі, академик Р. Сыздықова «... ақын өлеңдерінде бейтарап мағыналы жүрек ... сөзі өте жиі қолданылып (жүрек – 156 рет әрі ... тура мағынасынан гөрі ауыспалы мағынада (жүрек – «адамның өзі, ішкі дүниесі, қасиеті», сөз – «поэзия, ой-пікір») келген» [2, 372] деген мәлімет келтіреді.
Сөздің ауыспалы мағынада қолданылуы айтар ойға ассоциативтік мән дарытып, көркемдік сипат беру мақсатынан туындайтыны белгілі. «Ал оны дамытуға қарапайым өлеңнен басталған поэзия үлкен ықпал етті. Ол (ассоциация) адамзатты өз руластарымен қайғысын да, қуанышын да бөлісу үшін ғана емес немесе ұрыс-керісті басу үшін емес, рух тазарту мақсатында символикалық деңгейде сөйлесуге мүмкіндік беріп келеді [3, 117-118] Сондықтан да Абай өлеңдерінде жүрек – «адамның өзі, ішкі дүниесі, қасиеті» ретінде символикалық дәрежеге көтерілгені сөзсіз.
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған
Толғауы тоқсан қызыл тіл
Сөйлеймін десең өзің біл.
Бұл шумақтағы жүрек сөзі нормативтік грамматика тұрғысынан «жүректі тербеп» ретінде болуы керек еді, алайда Абай аккузативтің орнына аблатив қолдану арқылы «жүрек» сөзін тар мағынадан босатып, бүкіл денені билеп, қуалап кететін құдіретті жүйенің бастауы ретінде, жоғарыда сөз еткеніміздей, батыс ғалымдарының айтып отырған денедегі маңызды «ми» рөлін атқаратындығын айқындап көрсетіп отыр.
Абайдың «Толық адамының» концептуалды бейнесін танытатын:
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек, – деген өлеңінен ақыл мен жүректің ортақ ымырасына бағына отырып әрекет етудің қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз.
Соңғы кезде әлемнің тілдік моделін жасақтауға маңызды үлес қосатын парадигма ретінде Фрегенің жағдайды концептуализациялау деген ұғымы лингвистикада орын ала бастады. «Концептуалды құрылым деген термин шындық пен оның тілдегі көрінісі арасындағы байланыстың кейбір еркіндігін баса көрсете алатын құрылым» [4, 17-18].
Абайша айтқанда,
Жүректе айна жоқ болса,
Сөз болмайды өңгесі!
Ұлы Ақынның өлеңдерінде жүрек соматизмі өзіндік автономияға ие, «ми» орталығы ретінде қабылдағанын байқаймыз. Мысалы,
Жүрегім, ойбай, соқпа енді!
Бола берме тым күлкі немесе
Сорлы жүрек мұнша ауыр
Неге қатты соқтығар? – мұндағы тілдік тұрғыдан жүректі қаратпа сөз ретінде қолданғаны әрі сөйлемдерді лепті және сұраулы ретінде құруы дәлел бола алады.
Абайдың Әбдірахман ауырып жатқанда жазған өлеңдерінде жүрек соматизмі өте жиі қолданылады:
Қорқытпай орнықтыр
Шошынған жүректі.
Шын жүрек елжіреп...
...Жүрегім суылдап,
Алладан тілеймін. «Әбдірахман науқастанып жатқанда»
Жүректің сөзін сөйле, тіл...
... Жас жүрегім қозғалса,
Бір аллаға тілегім.
Ол, қарағым, оңалса,
Тыншыр еді жүрегім. «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат»
Кешегі өткен ер Әбіш
Елден бір асқан еректі.
Жүрегі жылы, бойы құрыш,
Туысы жаннан бөлекті.
...Боямасыз ақ көңіл,
Кірлетпей кетті жүректі. «Әбдірахман өлгенде»
Тәкаппар, жалған онда жоқ,
Айнымас жүрек, күлкің бал. «Әбдірахман өліміне»
Алайда, Әбдірахман қайтыс болғаннан кейінгі жұбату өлеңдерінде жүрек сөзі жанама субъектілердің анықтауышы ретінде «... арыстан жүректі Аплатон, Сократ» бір рет қана қолданылған. Бұдан Абайдың «толық адам», «ақыл, жүрек, қайрат» үштігі, «мені» мен «менікі» тұжырымдарының қаншалықты кең әрі терең екендігін байқауға болады.
HeartMath теориясы бойынша жүрек мимен және ағзамен негізгі төрт жолмен тілдеседі екен, соның бірі электромагниттік өріс арқылы энергетикалық жолмен тілдесу [1, 126]. Бұл сигналды дененің кез келген бөлігінен байқауға болады және ол бізді қоршаған кеңістікте жайылып қалықтап тұрады. Әбдірахманның науқастанып жатқан кезінде жүрек соматизмінің жиі қолданылуы баласына электромагниттік өріс арқылы ауруына шипа тілеген әкенің дұғасындағы кодтық сөз деуге де болады; ал қайтыс болған соң ұлының анасының атынан жоқтау жазғанда, «Бенде өлмейді арманнан, Мінеки, мен де өлмедім» деп өзіне сабыр, Әбдірахманның жарына тоқтау айту барысында мүлдем қолданылмауы, HeartMath теориясында көрсетілгендей, жүректің «диалогы» биохимиялық жолмен жүзеге асу барысында стресс гормондарын тежейтін нейротрансмиттерлердің қызметі жүрек соматизмін ұмыт қалдыруынан көрініс тапқан. Үкілеген үміті – Әбдірахманынан айрылған әкенің жүрегі ауырмады емес, қан жылады. Mұң-зары жоқтау болып шыққанда (іштегі ойдың жарыққа шығу үдерісінде) жүрек сөзін әдейі қалдырып кетіп отырды; жүрекке одан әрі салмақ түсірудің қажет емес екенін білді. Мұны Абайдың «ақыл, қайрат, жүректі қатар ұстаған» ұлылығының бір ғана көрінісі деуге болады.
Сонымен қатар Абайдың махаббат, ғашықтық тақырыбына жазылған өлеңдерінде «жүрек» соматизмінің қолданысы шектеулі екендігін байқадық. Және аталған соматизм көбінесе жоғарыда айтылғандай, Әбдірахманның ауырып жатқан кезіндегі жазылған өлеңдерінен бөлек, көбінесе ұлағат сипатындағы өлеңдерінде, қимыл-қозғалыс, әрекетке тән етістіктермен тіркесіп жұмсалғандығы да назаp ayдарады.
Н. Хомскийдің ойларынан бастау алған соматикалық синтаксис жайындағы идеясын еске алсақ, біз басқа да репрезентативтік жүйелерді өзімізді қоршаған әлемнің моделін жасау үшін қалай қолдансақ, өз денемізді де солай пайдаға асыра аламыз. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың Әбдірахманға қатысты өлеңдеріндегі дұға-тілегінде жүрек соматизмінің жиі, ал жоқтау өлеңдерінде көп қолданылмауын физикалық метафора ретінде қабылдауға болады; Ұлы Хакім «Өлмейтұғын артына сөз қалдыру» үшін және өзіне соған сай ментальдік жағдай туғызу үшін жүректегі аһ ұрған мұң-зарды тұншықтыра отырып, «Толық адам» концепциясын жасап шықты. «Өз жүрегім толғасын», «Жүрегіңмен тыңдамай, Құлағыңмен қармарсың» дей отырып,
Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге,
Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?! – мәңгілік мәні бар сұрақтарын артына қалдырды. Бұл Абайдың нейролингвистикалық бағдарламалау дәуірінде жаңа қырынан танылуға тиісті құпияларының бірі деп білеміз.
Әдебиеттер:
- Дилтс Р. НЛП-2: поколение Next – Спб.: Питер, 2010. – 252 c.
- Сыздықова Р. Абай шығармаларының тiлi. Лексикасы мен грамматикасы: Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: Елшежірe», 2014. – 384 б.
- Глазунова О.И. Синергетика творчества: Опыт анализа художественного текста. – М.: Книжный дом «ЛИБРОКОМ», 2012. – 344 с.
- Падучева Е.В. Динамические модели в семантике лексики. – М.: Языки славянской культуры, 2004. – 608 c.
Нұрзия Әбдікәрімқызы,
Филология ғылымының кандидаты, «Тұран-Астана» университетінің доценті