Күні кеше Бақытжан Бұқарбай жетекшілік ететін AmalBooks баспасынан Ахмет сұлтан Кенесары хан ұлының...
Қайырбек Шағыр. Жұлдыздың бәрі қашан жерге келген...
Жердегі «жұлдыздар»
Жұлдыздың бәрі қашан жерге келген,
Өшкен бе шын жұлдыздар зерделерден?
Жасанды, жалған әуен, әуезеге,
Елжіреп, естен танып ел неге ерген?
Ессіздік етегін кең жайғаны анық,
Қашқанмен құтыларсың қайда барып.
«Аймын» деп танысады құмалақтар
Домалақ екендігін пайдаланып.
Жақсылар топ-тобымен көкке кетті,
Оларды жерде кімдер өкпелетті?
Кімдердің орнын кімдер басып алды,
Әлемді кімдер билеп-төстемекші?
Хас өнер енді көзден таса қалар.
Бір күнде жұлдыз деген атақ алар,
Табынған микрофонға «мықты» әншілер,
Шөлдеген шапалаққа асабалар.
Өңшең бір өлерменге қарай-қарай,
Жыртықты шоқпытпенен жамай-жамай.
Өнердің санадағы эталонын
Төңкеріп алыппыз ғой абайламай.
Мазасыз әлем
«Тағдыр есікті осылай қағады»
Бетховен, 5-симфония
Дүрс-дүрс-дүрс...
Есіктер ғой қағылған.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Пойыздар ғой ағылған.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Оқтан қашқан аң шығар.
Тырс-тырс-тырс...
Көзден аққан тамшылар.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Қалың жылқы қаптады.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Сарбаздар ғой саптағы.
Гүрс-гүрс-гүрс...
Жарылуда бомбалар.
Гүрс-гүрс-гүрс...
Мылтық үні, ол да бар.
Арс-арс-арс...
Қапқан ит қой етектен.
Мырс-мырс-мырс...
Күлкілер ғой кекеткен.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Соғылуда көліктер.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Көмілуде өліктер.
Дүрс-дүрс-дүрс...
Жапырақ қой құлаған.
Ол дыбысты естімейді бір адам.
Тарсыл-гүрсіл естілсе де не түрлі,
Оның бізге қатысы жоқ секілді.
Тас төбеңнен біреу қойып қалғанша,
Отырасың бүркеп алып бетіңді.
Қолын бұлғап шақырса да заңғарлар,
Қол созымға кеп тұрса да армандар.
Тағдыр келіп өз есігін қаққанша,
Ұйқысынан оянбайтын жандар бар.
Мәңгілік қала Алматы – Алаштың бағы!
Алматы қаласы, «Қазақстан» қонақ үйі, 5 шілде, 1984 жыл
(Бала кезімде бір кітаптың мұқабасына
осылай жазыппын)
Қала дегенді көрмеген «қараңғы» шағым,
Қиялмен жасап алғашқы қадамды шағын
Кітапқа жазып алыс бір армандарымды,
Алматыда да боп қайтқан адам құсадым.
Қиялдауменен күн өтті, жаңарды жылым,
Турист боп алғаш аттадым табалдырығын.
Ақынды көрсе арбайтын Алатау менен
Алматы сонда салған-ау маған құрығын.
Абитуриент боп келдім аңқылдап жазда,
Шаппаса бағың, бабыңмен талпынған аз ба?
ҚазМУ-ден құлап, қол бұлғап далама қайттым,
Ұқсап бір отқа қанаты шарпылған қазға.
Студент емес, көшеңде керзі етікпенен
Солдат боп енді келем деп мен де күтпем ем.
Алматы мені сынадың, шынықтырдың да,
Есейіп қайттым едәуір ержетіп сенен.
Ауылда жүріп өзіңді сағына бердім,
Жығылған тоймас күреске, тағы да келдім.
Телмірттің жетім бұрышқа, жаймабазарға,
Сонда да сенен безбеген бағы бар ердің.
Заманға қарсы ту етіп арды ұстағанмын,
Арманым ылғи жетелеп алға ұшқан әр күн.
Кітабын оқып, өздерін көре алмай қалған,
Ақындарды іздеп Кеңсайға барғыштағанмын.
Жұмыссыз, үйсіз, көңілсіз жатқанда налып,
Жанашыр жандар құшағын ашқандары анық.
Жоғалтып алғаш өзіңде сүйген аруды,
Көшеңді кездім көзімнен жас парлап ағып.
Алматы, кешір, ауылға жүрегім бейім,
Сонда да сенсіз мен өмір сүре білмейім.
Сынай да жүріп төріңнен орын ұсындың,
Жар тауып сенде көшімді түзедім кейін.
Әлі де талай ауылдан шайыр қаптаған,
Келеді балаң жырларын дайындап саған.
Қаланың алтын тәжіндей – «Қазақстанды»
Парфенон, Колизейлерге айырбастаман!
Алатауың тұр аялай қарап шыңдары,
Өркениеттің, өнердің ғажап құндағы,
Алмасы және алмадай арулары көп,
Мәңгілік қала Алматы – Алаштың бағы!
Беу, Төлеген...
Беу, Төлеген, қазақтың Төлегені,
Сенің сүрген ғасырың өлең еді.
Тебіреніс топырағына тамған тамшы -
Тамаша бір өлең боп өнер еді.
Мына біздің ғасырда барлығы бар,
Малды қылар біреуді, жарлы қылар.
Тек ақынның бағасы төмен бүгін,
Аздығынан адамның арлыны ұғар.
Тобырға өлең емес, қарын қайғы,
Саналар ойсыздықтан арылмайды.
«Адам қолы жасаған ұяттардан»
Жүрегі ақынның да жарылмайды.
Шайырға марапат пен шапан да арман,
Қалмай жүрсе болғаны қатарлардан.
Шығады сапарларға сағынбай-ақ,
Сағынбай оралады сапарлардан.
Таспен атқан талайды аспен атып,
Алдық біз ел байлығын көп тонатып.
Жаңа ғасыр жүр бүгін Маңғыстауда,
Мұнаралар басынан оқ боратып.
Сол мұң-зар – домбыраның пернесінде,
Соғыстар – жаңа тарих зердесінде.
Аңсаумен нұрлы күнді талай тұтқын
Нақақтан күйіп жатыр жер бетінде.
Ұқтырып сағыныштың ғаламатын,
Қайта бір асқақтатар адам атын.
Өзіңдей ақын керек, ақын керек,
Жамау боп жыртықтарға жамалатын.
Беу, Төлеген, мәңгілік тау Төлеген,
Қазаққа бәрі бүгін жау, Төлеген.
Ұлы ақындар жырына тұнып қалған,
Рух қана әзірге сау, Төлеген!
Қоңыз
Жағар кезде кешкі қала оттарын,
Әрі-бері жиі өтетін соқпағым.
Қоңыз кетіп барады екен бір күні,
Басып кетіп жүрмейін деп тоқтадым.
Жыбырлаған жәндіктің бұл жердегі,
Өлмеу үшін ризық қой тергені.
Кенет мені қағып өтіп әлдекім,
«Ғафу ет» деп айтқысы да келмеді.
Бұрылмастан ұзай берді, саспады,
Бара ма екен ойлап ол да ақшаны?
Қоңыз тірлік кешіп жүріп өздері,
Қоңыз құрлы көрмейтіні-ай басқаны!
Жерорта теңізінде
Не нужен мне берег турецкий...
(М. Исаковский)
Талай жыл өтпесе де текке мүлде,
Алысқа сапар шеккім кеп менің де,
Жерорта теңізіне келіп тұрмын,
Жер ортасы жасына жеткенімде.
Ақ теңіз*, болмаса да төріңде еншім,
Түркінің тағдырындай көрінгенсің.
Бағзыда Каспийменен, Аралменен,
Ортақ бір ұлы судан** бөлінгенсің.
Естісем түрік қыздың гөзәл үнін,
Өзгермей бабалардың сөзі әлі жүр.
Кеткендер мың жыл бұрын Сыр бойынан,
Жүргізді жарты әлемге өз әмірін.
Таусылмас тарихың бар көне дастан,
Жүз мыңдап тереңіңе кеме батқан.
Қайықты Шелли*** мінген дауыл бұзып,
Жағада өлең аңқып дене жатқан.
Күмістей балығыңды шолпытасың,
Тұңғиық тереңіңмен қорқытасың.
Толқыма, жер ортасы, сен толқысаң,
Дүбірлі дүниені толқытасың.
Бір-бірін туыс ұлттың бағалауы,
Бауыр деп, керек екен ағалауы.
Тұранның кіндігінде біз жүрсек те,
Түріктің керек екен жағалауы.
* Жерорта теңізін түріктер Ақ теңіз деп атайды
**Мезозой дәуіріндегі Тетис мұхиты
*** Жерорта теңізінде қаза болған ағылшын ақыны
Ыстамбұл
Екі құрлықты түйістірген,
Екі теңізді сүйістірген,
Жүз кеме жүзіп кірген –
Босфордың жағасында.
Кешегі көшпенділер,
Айбыны сескендірер,
Қадірін жеткен білер –
Ыстамбұл қаласында.
Табиғат берген көрік,
Тарихи керуенге еріп,
Көнені көзбен көріп,
Қолыңмен ұстағандай.
Жауын батырған терең,
Неше батырлар менен,
Императорлар менен,
Сұлтандар өткен қала.
Себеп жоқ өкінер еш,
Заманның көшіне ілес.
Константинополь емес,
Бұл қала – басқа қала.
Бұл қала – жол торабы,
Келетін мол қонағы.
Аспанға қол созады,
Мыңдаған мұнаралар.
Шаштары – Қара теңіз,
Жүздері – Мәрмәр теңіз,
Белдері – Босфор деңіз.
Ыстамбұл арулары.
Қиялды қалықтатар,
Шабытты шарықтатар,
Аман бол, алып шаһар,
Тағы да жолыққанша!
Сұлулық туралы ой
О, Сұлулық, табиғаттың перзенті,
Сыр дайын тұр, жырлайын бір бері келші.
Сені көрдім қыз жүзінен бүгін мен
Кірпіктері – күн шапағы түрілген.
Қарашығы – күннің өзі нұр шашқан.
Көзқарасы аспани бір сырды ашқан.
Өңі де оның қызаруға тым бейім,
Батарында өртенетін күндейін,
Шығыс болып, Батыс болып алмасқан,
Жүрегіңде мың сезім бар арбасқан.
Оның жанын жат ниеттер жатса алдап,
Қияларға үркіп ұшар қасқалдақ.
Ол жыласа жаңбыр болып жылайды,
Ал күлгені ашылған гүл шырайлы.
Құштарлығы табиғатқа құлайды,
Өзі және табиғатты құрайды...
О, Сұлулық, көрдім тағы бір қызды,
Алғашқысы тәрізді ол да күн жүзді.
Ойлан, бірақ, берер болсаң батаңды,
Өңіндегі бояуы оның жасанды.
Қалыптасқан сұлулықтың қашанғы
«Озық туған», жаңа түрі бас алды.
Сезімдер көп, «әз үндер» көп жасанды.
Еліктірер тек ойсыз бен масаңды.
Қызыл бояу, жасыл бояу, көк бояу,
Шын табиғи түрге жетер жоқ бояу.
Ұнамай тұр табиғаттың түрі деп,
Пенделерге ерік берсе құдірет
Таң нұрына сары бояу жағар ма ек,
Күнді кешке тым қызартып бағар ма ек,
Болашаққа қолды сілтей салар ма ек,
Ұрпағымыз қайта жуып алар деп?
Е г е р ...
(Редьярд Киплингтің өлеңі, орыс тіліне С. Маршак аударған)
Ақыл-естен айрылғанда айнала,
Сабыр сақтап қала берсең жай ғана.
Өзіңе-өзің сене білсең, жан досың
Кеткенде де сенен теріс айнала.
Аптықпасаң, аңсап күткен кезде сен,
Алдағанға алдап жауап бермесең.
Әуре қылса, әулиемін демей-ақ,
Ыза-кектің жетегіне ермесең.
Құмарлыққа тізгін беріп қоймасаң,
Сәтсіздікте жігеріңді жоймасаң.
Ал табысқа мастанбасаң, бұлардың
Түпкі мәні бір екенін ойласаң.
Сөзіңді аңдып тор құрғанда аярлық,
Мойымауға болса сенде даярлық.
Еңбегіңнің күлі көкке ұшқанда,
Күш таба алсаң қайта қанат жаярлық.
Барыңды алып ең сүйікті қорыңнан,
Бәске тігу келер болса қолыңнан.
Ұтылсаң да, бәрін қайта бастасаң,
Өкінбесең, тайынбасаң жолыңнан.
Жан-жүйеңді ширықтырып қашанда,
Билей алсаң асулардан асарда.
Жылдар өте азайғанда хал-шамаң,
Тек қайратың: «Шыда, - десе, - бас алға!».
Хан қасында арнап көпке сөзіңді,
Көп ішінде ұстай білсең өзіңді.
Болсаң егер жат пікірін сыйлайтын,
Қауесетке бас шұлғымас, төзімді.
Сапар шексең жетер жердің арасын,
Секундтармен өлшей білсең – данасың.
Сонда, ұлым, бар игілік сенікі.
Ең бастысы, шын Адам боп қаласың!
Қабанбай батыр
(толғау)
Ерлерін ел жадынан тұрған өшпей,
Қоя ма аңыз етпей, жырлап өтпей.
Болған ғой Алашта да талай алып,
Робин Гуд, Гераклдай, Гильгамештей!
Сөз етсем жаугершілік заман жайын,
Тұлғасы мызғымайтын қамалдайын.
Айтар ем алыптардың алыбы деп,
Қазақтың Қаракерей Қабанбайын.
Ер туса, ерлік қылмай жата алған ба,
Айналды ол ел-жұртынан бата алғанда,
Туыстың кегін қуған Ерасылдан,
Қазақ деп белін буған қаһарманға.
Содан соң өтті өмірі ат жалында,
Қайран жер кетпесін деп жат қолында.
Жоңғарлар жайлап алған атажұрттың,
Мұң-зары өртеп ішін жатты оның да.
Шаппады ол Байжігітім, Найманым деп,
Баурайын Барқытбелдің жайладым деп.
Үш жүздің баласы үшін, ұлтым үшін,
Аттанды, қылышымды қайрадым деп.
Әскердің бола білді басты адамы,
Батырлар халқын жауға тастамады.
Бөгенбай, Наурызбай мен Баян, Барақ,
Байғозы, Жәнібек һәм басқалары.
Шыңғожа, Бердіқожа, Малайсары,
Еспембет, Қойгелді мен Сатай тағы.
Батырын баяғының есіңе алсаң,
Мақтаныш көңіліңді масайтады.
Болды олар Абылайдай ханға серік,
Шайқасты адалдық пен арға сеніп.
Қалмақпен жекпе-жекте жан шыдатпай,
Боялып қалды талай қанға шерік.
Ойратты, торғауытты, бәрін қоса,
Ағызып дұшпанының қанын жоса,
Қабанбай Қубас атпен баспай өткен
Қазақта қалмағандай адыр-жота.
Жүрегі жау дегенде түршіккен бе,
Жіберер қаһарланса құртып демде.
Тартысты ол тоқымдай да жерді бермей,
Қоқанмен, қырғызбен де, шүршітпен де.
Жетісу оған куә, Түркістан да,
Қашты жау ол тұстан да, бұл тұстан да.
Жеңді олар Аңырақай, Бұлантыда,
Аягөз, Алакөлде қырқысқанда.
Шорғада, Маңырақта қаптап тағы,
Жау шапты, ер намысын таптатпады.
Шағанда, Қоңырәулие үңгірінде,
Арқаға қалмақ қолын аттатпады.
Қайтадан атажұртын қазақ жайлап,
Жауынан біржолата тазарды аймақ.
Атанды хан батыры, Дарабозы,
Рулы ел ұрандады «Қабанбайлап!».
Елге арнап аманатын, үлгі сөзін,
Дертіне кәріліктің қылды төзім.
Соңғы рет жекпе-жекке қарт Қабанбай,
Шықты да, ат үстінде жұмды көзін.
Болғаны сондай ердің – халық бағы,
Ерлігін ел жырлаудан жалықпады.
Адамзат тарихынан орын алған,
Алаштың жасай берсін алыптары!
ҚР Жазушылар одағының мүшесі