Нұрбек Мырзабекұлы. Ең үлкен қателік

ӘДЕБИЕТ
3147

Роберт Раушенберг. Атаусыз. 1955 жыл

Есімнен шықпайсыз…

Сізбен қарым-қатынаста әділетсіздік жасаппын ғой. Ақымақ басым-ай… Сол үшін өзімді үнемі жазғырамын. Бәлкім солай болуы керек болған шығар. Өйткені сенің биіктігіңді енді сездім. Рас, мен саған лайық емес едім. Сен ең жақсысына лайықсың ғой! Есіңізде шығар әнебір жағдайдан соң сізге хабарласып, бөліскен кезімде "Әлі ештеңе түсінбеппін өмірден" деп едім ғой, "Ооо, міне, міне, енді ақыл кіріп келеді" дегенсіз, күліп едік. Рас ақыл кірмепті әлі маған. Ақыл кірсе сендей асылдан айырылып қалар ма едім? Әділетсіздік жасар ма едім? Сіз тұрған биікке ұмтылар едім ғой? Осынша биікке көтеріп мақтауға лайық емеспін дейтініңді білем, бірақ бәрібір мен араласқан, сөйлескен қаншама адамнан сіз бір саты жоғары тұрсыз.

Қызық…? Біздің арамызда "уау" дей қоятын махаббат тарихы болмады. Бірақ көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын сезімнің бір тал ұшығы жіпсіз байлап тұрған еді. Менің ақымақтығымнан үзілді де кетті. Мүмкін мені кінәлайтын шығарсыз, мүмкін кіналамайсыз (кінәламайтын сияқтысыз, жай ғана адами қателік ретінде көз жұма қарайтындайсыз? Маған солай көрінеді) қалай болғанда да менікі мүлдем дұрыс емес еді.

Одан соң тырысып көргендей болдық. Алдындағыдай болмады. Енді қазір сол күндерді сағынудамын. Қызық…? Сол бір қоштасу әңгімелерінен соң кеудем қатты қысылды. Өмірімде бірінші рет солай ауырды. Дәл бір үлкен трактор дала төсін жыртып жатқандай кеуденің дәл ортасын белгісіз бір нәрсе тырмалап жатты. Мен бұл жағдайда түсіне алмадым. Жоқ еш жерім ауырған жоқ. Көңіл күйде қалыпты сияқты. Бірақ анау жанның түкпірінен белгісіз бірнәрсе тепкіленіп жатты. Шынын айтсам үйленем деп үйленбей қалған кезімде олай ауырмаған, қиналмаған едім. Сіз ше? Қандай сезім бастан кештіңіз екен? Сыр білдірмедіңіз. Менде оны сыртқа білдіргем жоқ. Жымиып тұрған маскамды киіп алып тіршілік деген айдынға сүңгіп кеттім. 

Алғашқы көрген кезім есімде. Кофеханаға кірген сәтімде бірден көзіме түстіңіз. Қоңыр үстелде кофе. Жасыл матамен қапталған орындықта отырған алқызыл түсті көйлек киіп, хиджап оранған сіз кітап оқып отырдыңыз. Мені байқағанда жоқ шығарсыз? Капучиноға заказ бердім де, жарықтық инста әлеміне сүңгіп, ауық ауық сіз жаққа көз салып қойып отырдым. Жұмысқа баруым керек екені есіме түсіп, кофемді іше сала шығып кеттім. Сосын жиі келетінді шығардым. Кездесіп қала ма деген үміттің шуағы алып келетін. Танысып алуым керек еді сол кезде деп жер тепкілеп қоям арасында. Және кофеханаға келіп кітап оқуды әдет қылып алдым. 

Екінші рет көргенімде тағы дәл солай алдыңызға кофе қойып, кітап оқып отырдыңыз. Бұл жолы жасыл түсті көйлекте едіңіз. Аққұба жүзің кітапқа үңіліп, сүйріктей саусақтарың кітап бетін парақтаған сайын нұрлана түскендей көріндіңіз. Бір рет басыңызды көтеріп айналаға қарағанда көзіңізден өткірлік пен мейірім ұшқыны байқалып, риза боп отырғаның сезілді. Кітап оқып отырған орамалдағы ару… Суретші болсам ғажап картина салар едім. Эстетикалық ләззат сыйлайтын кофехананың өзіндік атмосферасымен жылы түстердің үйлесімділігі кітап оқып отырған сіздің тартымды бейнеңізді аша түскендей. 

Роберт Раушенберг. Жылқымен коллаж. 1957 жыл

Джек Лондонның "Мартин Иденін" оқып отыр екенсің. Жанарым жарқ ете түсті. Сүйікті жазушым ғой. Бағана отырғанда әдейі сол қатардан, жақын жерге отырып алғам ғой. Қалай әңгімеге тартамын деп отырған мен үшін тақырып табыла кеткендей. 

 -Ооо Мартин Иден,- байқамай айтып қойсамда даусым қаттырақ шығып кетті. Жалт етіп қарадыңыз да, күлімдедіңіз:

- Ооо, Періштелердің өлімі. Қайдан алдыңыз? Таппай жүрген едім

- Алматыдан аяқ тоздырып жүріп тауып алған ем

 Дүкен атауын айттым. Қолма қол жазып алып, Рахмет дедіңіз. Жымиғанда бетіңізде әдемі шұқыр пайда болып, дидарыңызға сән береді екен. Әдебиет туралы әңгіме өрбіте кеттік:

— Кітап оқуды ұнататыныңыз байқалып тұр. Сүйікті ақын, сүйікті жазушыңыз кім?

— Әлі нақты мынау деп тоқтағам жоқ. Бұрын оқиғасын қызық етіп жазған жазушылар ғана ұнайтын, кейін ешкім ұнамай, бәрін сынап-мінеп оқи бастадым, кейін "мынаның бәрін қалай-қалай дәл айтады-ей" деп оқи бастадым, кейін астарына мықты идея тастап жазатындарды оқи бастадым, кейін әлем әдебиеті қызық бола бастады.

Өлеңін түгел жаттап алған ақыным жоқ, бір ақынның бүкіл өлеңін талғамсыз жақсы көру — фанат болу сияқты. Ал мен ешкімге фанат емеспін. Бірақ оқығанда елең еткізетін ақындар бар, біраз бар.

Сіздің ше?

— Бір кездер болған Д.Исабековпен ауырған, Бауыржанмен, Тәкенмен, Сайынмен, Ілияспен тағы басқалармен.

Б.Момышұлы, Т.Әлімқұлов, І.Есенберлин, Джек Лондон, Проспер Мериме т.б. тізуге болады. Негізгілері осылар. Әрқайсының өз орны бар. Нодар Думбадзені оқып, қызығып жүр едім, кейін бір оқиға естіп оқымай кеттім.

Ақындардан көп танылмаған А.Ыбраев, С.Әбдуғалиев, Т.Нарманов, Т.Жұмаш, Ә.Ботпановтарды бағалаймын. Бірақ бүкіл өлеңдері шедевр деп айтпаймын.

— Оооһ, Ботпанов. Мықтыыы

— Менің кеудем - менің ұлы мешітім...

— Жап-жас, иә?

— Жасыңыз нешеде құпия болмаса?

— 24-те

— Мен 28-демін

— Сізден кіші, менен үлкен кезде жазып тастаған екен

— Иәәә, Артығалидың 16 жасында жазғандарын оқып, шалқаңнан түсесің.

— Бірақ ақындарға адам ретінде қарамаймын мен. Шын ақындарға ғана

— Адамдар сияр табытқа,

Ақындар бірақ сыймайды

— Дөп

— Артығалидің айтып кеткені

— Осы Артығалимен ең бірінші рет Әмірхан Балқыбектің естелігін оқып танысқам, оған дейін білмеппін, одан кейін де білмес ем-ау, еш жерден, ешкімнен естімедім, бүгін сіз айттыңыз. Рақмет.

— Оқасы жоқ. Көп адам, көп оқырман білмейтіні мені таңдандырады. Тіпті қазақ тілі, әдебиеті мұғалімімін дейтін жандар осы мен айтқан ақындарды естіп, аузын ашып, көзін жұмады. Бұндай таланттар неге танымал емес, қызық?

— Қызық түгі де жоқ. Біздегі "зиялы" қауымның аузына аты түскендер ғана танымал көбіне. Солар біреуді айтса, адамдар ол кім екен деп қызығып оқиды не мен де оны білем деу үшін оқиды.

— Рас сияқты. Айтпақшы есімім Нұрлан. Есіміңіз кім?

— Арай

Екеумізде күліп жібердік. Әдетте адамдар бірінші аты-жөнін біліп танысып бастаушы еді. Біз бірден әдебиеттен бастадық. Сөйтіп әдебиет төңірегінде біраз әңгіме айтып тарқастық. Телефон номір алмасып арасында хабарласып тұрдық. Махаббат жөнінде де пікір алмасып, өз ойымызды бөлістік. Шынайы махаббат қалайтынынызды, ғашық болғыңыз келетінін айтқансыз. Мен сөйлесіп жүрген адамым болғандықтан, кездесуге шақыруға батылым бармады. Адалдық деген басты өмірлік ұстанымым еді ғой. Жазып жүрген өлеңдеріммен бөлістім. Жақсы пікір білдірдіңіз. "Болашақта кітабыңыз шыққанда, тұсаукесер жасағанда есігіңізді теуіп кірем" дегенсіз. Мені шын бағалаған, маған шын сенген едіңіз. Шын бағалай алған, мен туралы жоғары пікір білдірген жан едің. 

Роберт Раушенберг. Quattro Mani IV. 1966 жыл

 Маған батылдығыңыз, еркіндігіңіз, өзгеше ойлау қабілетіңіз ұнайтын. Сарказммен сөйлеуші едіңіз. Аккаунтыңыз да "Атаман қыз" деп жазылып тұрды. 

— Атаман қыз дегенді оқып жігіттер безіп кетпей ме?

— Сол үшін ғой, брат,- деп жауап бердің. Брат деп сөйлесетінімізді байқап қалған біреу "Қазақша атау жоқ па? Қазақша атасаңдаршы" дегенде:

— Брат деген қазақтың сөзі. Бір аттың күші бар дегенді білдіреді, - деп ақталғанбыз. Біздің бұлай сөйлесуіміз еркелету, сыйластық, құрметтің бір белгісі сияқты көрінген.

 Біздің әңгіме аз болса да мәнге толы еді. Кез келген тақырыпта сөйлесе алар едік. Өз ойымыз, пікіріміз бар-тұғын. Амадасуымызда қызық еді.

— Арайсыз ба?- деп "Қалайсыз" дегенді өзгертіп айтар ем.

— Араймын. Әлем нұрлансын, - деп жауап қатар едің.

Күздің сол уақытында қатты ауырып қалдым. Менің ауырғанымды білген сәттегі сіздің жанашыр хабарламаларыңыз жанды жылытушы еді. Қайта қайта хабарласып, жағдайымды сұрап, анализдер тапсыруымды, дәрігерге қаралуымды өтініп, дауыстық хабарламадағы өлімсіреген даусымды естіп ұрсып қоя бергеніңді қалай ұмытайын? Жанашырлық аз мына әлемде сендегі мейірім жаныма азық болғандай, тез жазылғандай күй кештім. Сонда да "Өзіңізді күтіңіз" деп жиі айтушы едің.

Тағы да бір сол кофеханада жолыққанда ауыл туралы әңгіме өрбіттік. Сол жерде болатыныңызды біліп, кофе ішуге дәл сол уақытта бардым. Карамель қосылған латте ұнатушы едің.

— Ауыл туралы ән естісем жылағым келеді. Неге екен?

— Қалада өстіңіз бе? Ауылда ма?

— Қалада. Туғаннан қаладамын

— Жүрек түкпірінде ауылды аңсау бар шығар

— Ауыл ұнайды, жиі болмаса да барып тұрамын. Ауыл туралы ән есту аянышты ма сондай бірдеңе. Немесе ауылда өсіп, қалаға кеткендерге қызғанышпен қараймын. Сағынатын ауылдары бар деп.

— Сыртқа қуғын, түсініксіз, қатты, қатігез көрінгенмен жұмсақ әрі нәзіксіз

— Тас қараңғыда қап-қара көзілдірік тағып алған адамнан не көргеніңді айт деп сұрағандағы сандырағы мына айтқаныңыз?- деп жымидың.

— Мүмкін. Жан дүниеңізде басқа адамсыз. Мен сізді аса танымаймын ғой, бірақ менің ойымдағы образыңыз. Экстравертсіз, сангвиниксіз.

— Мен туралы ойыңыз және шындық. Екеуі екі түрлі боп шығуы да мүмкін

— Мүмкін

Одан соң ауылдағы қызықтар туралы әңгімелеп бердім. Бір сәт үнсіздіктен соң мынадай қызық сұрақ қойғаның есімде қалыпты:

— Ылғи өзіңнің кез келген сәтте өліп кетуің мүмкін деген ой жақсы ой ма?

— Жақсы деп ойлаймын, санаң сергек болады. Өлмейтіндей жүргеннен жақсы

— Ылғи сол ойда жүру мына өмірді сүреңсіз етпей ме? Тасташ бәрін, бәрібір өліп қаласың

— Қалай қабылдағанға байланысты шығар. Бәрібір өлем ғой жан қалауымен өмір сүрейін немесе бәрібір өлем ғой, керегі жоқ

— Жан қалауымен өмір сүруді көп адам тән қалауын қанағаттандыру деп түсіне ме? Меніңше көп адам жаны не қалайтынына тіпті мән бермейді

— Ия ол да бар. Жан қалауымен дегенді нәпсі қалауы деп түсінетіндер де бар

— Бірақ солардың ішінде ең бақытсызы бүкіл өмірін байлық жинау үшін өткізетіндер сияқты. Қайта нәпсі қалауына еріп кеткендер құрметтірек көрінеді салыстырмалы түрде

— Мүмкін. Жан қалауымен деген өз принциптарыңмен, болмысыңмен және нәпсімен жан қалауын толық хақысын беріп өмір сүру

— Тым идеалдандырып жібердіңіз

— Қиялимын. Кейде принцип бұзылатын, нәпсінің хақысын артық беретін, жан қалауына көңіл бөлмейтін сәттер болады. Өмір ғой. Бұл қалыпты жағдай

— Қоғам сызып берген заңдылықтардан шығып кетуге қорқып өмір сүретіндер мүлде қызықсыз

— Яғни?

— Қияли болғанда тұрған ештеңе жоқ

— Рас па?

— Әлбетте

— Иәәә, бірақ көбі түсінбейді, интроверттігім сол себепті шығар. Идеал махаббатқа, идеал өмірге ұмтыламын, қиялдаймын

— Идеалда да нақты ереже жоқ сияқты, идеалды нәрсені әр адам әртүрлі құрастырады, демек, өзің бейнесін жасап алған идеалға ұмтылу ақымақтық емес

— Ия нақты ереже жоқ, Ислам, шариғат, құндылықтар негізінде өзің жасайсың. Мен сені әдемі ақ бұлттан жасап алғанмын…

Негізі қателіктің басы менің тәкаппарлыққа ұқсас әлде принципшілдігімнен туындаған жауаптан басталған. Аз хабарласатындығыма реніш білдіргенде "Біз бір бірімізді толық танымаймыз. Әлі ешқандай келісім жоқ. Ештеңеге міндетті емеспіз" дегенмін. Ойлап қарасам ол маған ақ көңіл, ақ ниетпен келген екен. Менікі кеудеден кері итеру болып тұрғандай әрекет. Одан соң аз сөйлестік. Кейін үйленуге дайындалып жатқанымды айтып, сөйлесуді доғардық. "Ооо бұл қуанышты жаңалық қой. Жумайсыз ба? Бақытты болуыңызды тілеймін. Өзіңізді түсінетін, бағалайтын адамды тапқаныңыз жақсы болған" деп қала бердің. Шын мәнінде мені дәл сендей ешкім түсініп, бағалаған емес. 

Бірақ үйлену әрекетім сәтсіз аяқталды. Жаныма батқасын хабарластым. Жұбаттың да, түсіне алдың да. Оны да қатты кінәламай ақтауға тырыстың. Жүрегің кең екенін аңғарттың. 

Роберт Раушенберг. Orrey. 1990 жыл

Айтысып қалғанымыз есіме түскені. Ішіміз пысты ма, сәті кеп қалды ма әйтеуір сөз қағысып қалғанымыз да бір қызық сәт екен. Бір танымал әннің сөзін бұрмалап, мақамына ұқсатып сөз саптадық. Толық есімде де қалмапты. Қалғаны:

— Арманыңды ойлап жиі алдайсың ба?

Стамбул-ай деп қиялдайсың ба?

Хабарласады деп күтіп жүрмін ғой,

Сағынбайсың ба, сүйе алмайсың ба?


— Сөйлесіп жүрген сағаттар қайда? 

Ондай күн ертең тағы тумай ма? 

От души айтқан әңгімелерді 

Ұмыт дейсіз бе? 

Ұмыту қайдааа?


— Көңілім сен деп жайланатынды,

Жүрегім саған байланатынды,

Өзіме қымбат санап жүрмін ғой,

Аспанға жазып қойған атыңды


—Аппақ көңілді қия алмайсың ба?

Жақсы көрем деп жиі алдайсың ба?

Ақкөңіл, адал жүрегім бар ғой,

Сол жүрегімнен ұялмайсың ба?

Кейін хабарсыз кеттің. Нөмірің ауысып кеткені белгілі болды. Көп уақыт өткесін байланысқа шықтың. Күйеуге шығайын деп жатқаныңды айттың. Сөйтіп бақыт тілеп мен қоштасып қала бердім. Бұл жағдай жаныма батқаны сонша аккаунтымды өшіріп, хабарсыз кеттім. Кейін іздегеніңді білдім. Ұлы махаббатқа ұласуы керек болған сезімді сөйтіп тұншықтырдым. Біздегі әңгіме, сұхбаттасулар таза, адал, кіршіксіз көңілге құрылған-ды. Ешқандай асып-тасқан, күйіп-жанған сезімде емес. Бірақ соның өзі мен үшін бағалы әрі сол сезімнен де биік көрінеді маған. Менің өмірімде сен сияқты жанның жарқ еткен жарық жұлдыздай өте шыққанының өзіне ризамын. Қолыңдағы бардың, бардың ғана емес көзге көрініп тұрған бақты көре біліп, бағалай білуге үйреткен сабақ сияқты сенің жолыққаның. Бұйыртпаған тағдырды ма, бұйыртпаған өзімді кінәлайын ба? Әуелде сендегі көңілді, бағалай алғаның мен мені шынайы түсінгеніңді, кіршіксіз көңіліңді мен бағалай алсамшы?! Арасында өкініш кеп бір мазалап, сағыныш кеп бір жазаласа да сенімен аз болса да сұхбаттас болғаныма қуанамын. "Алтынды жезге айырбастаған адам - есалаң" депсің бір жазбаңда. Рас шығар. Сені бағалап, ұстап қала алмауым - менің өмірдегі ең үлкен қателіктерімнің бірі деп білемін. Қош!

Нұрбек Мырзабекұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...