Нұргүл ОҚАШЕВА: О, мен қанша Күнәмнан арылдым екен?!

ӘДЕБИЕТ
3395

***

Өлтірмеді Мені Мұң емдемеді,
«Періште» деп сенгенім «пенде» ме еді?!
Өзегіме Өрт қойып өзгелердей,
Өкіндіріп кеттің ғой Сен де мені...

Сатқындығын Сезімнің бір ұқтырып,
Ессіз шақты еске сап...ұмыттырып...
Сүйреп келе жатырмын "сүйегімді",
Күйреп келе жатырмын күліп тұрып...

Бірін-бірі адамдар сатады, ақтап,
Әлем үнсіз Күнәға батады аппақ.
Менің жеңілісіме күле қарап,
Ағаштар тұр қолдарын шапалақтап.

Алыстады Ардақтым "сенем" деген,
Сол күн теріс айналды Әлем менен.
Мен тағы да ең адал Жалғыздықты,
Жалғыз өзім қарсы алдым...Өлеңменен...

***

Аша алмай сырын іштегі Өлеңге күліп,
Сен жаққа қарай береді елеңдеп Үміт.
Нағыз биіктің қол жетпес боларын білдім,
Тамсанып қарап Тұлғаңа төменде тұрып...

Сағынышыма тұтқын қып бұла бағымды,
Жаңбырмен бірге қосылып жылағанымды
ақтара алмай, амалсыз, солқылдап тұрып,
Төсіне түнде Өлеңнің құлағанымды...

Күйігі болсаң күйінген шағымның, Өртен,
Осылай бәрін күл етші бағымның көркем.
О, Мен қанша тірліктің Сауабын жинап,
О, Мен қанша Күнәмнан арылдым екен?!

Шын күйреп тұрып бола ма жойылмауға да,
(Төзімің тағы Сыр бермей тойынды-ау жаңа).
...Махаббат деген - Қайғы да, Қуаныш та емес,
Өзіңнің әлсіздігіңді мойындау ғана!..

***

Меңдей түскен дертімді Сен емдесең...
Сені сүйген сәт сайын Өлең кешем.
Мен ұмытар едім ғой бәрін-бәрін,
"Сәлем" десең...

"Сәлеміммен Сезімім жетші" десін,
Көңілдегі бір Күйім көп түлесін...
Сен сыйлаған бақытты көтере алмай,
Ауысып кетсін Есім.

Ұнап сөзің... сене алмай жылап Сезім,
Сағыныш та сарқылып, құлап Төзім.
 ...Мына Әлемді жетеді өзгертуге,
Бір-ақ сөзің...

***

Сағындырдың...
Сенделттің...
"Ермек еттің"...
Арманыма алданып Мен де кеттім...
Күйім осы күйінген. Сенесің бе?
Сенсіз өмір сүре алмас халге жеттім.

Айырбастап сезімге бар ақылды,
Жабырқатты жанымды "жара" түрлі.
Сен Мен үшін Әлемсің, тұтас Әлем,
Бәлкім, Әлем Сен үшін жаратылды.

Алып-ұшқан бір күйді кешіп ішкі,
Арадағы бұза алмай бекіністі...
Аспан-Жердің сыймайсың ортасына,
Сезбейсің ғой Сен соны... Өкінішті...

***

Тым болмаса сыйламадың тәтті үміт,
Содан маған жолықпады бақ күліп...
...Қадірі жоқ сезімімді сен үшін,
Кеттім кеше көшелерге лақтырып...

Көз жасымды құрғатшы кел, жел-құрбым,
Дауасына айнал бір сәт дертімнің!
...Менде соңғы үміт бар-тын... соңғы үміт,
Оны да өзің үнсіздікпен өлтірдің...

Бәріне де даяр ем ғой кеше мен...
Тартысты да, таяқ жеді пешенем...
...ӨЗІМДІ -ӨЗІМ таба алмай келемін,
Сезімдерім қаңғып жүрген көшеден...

***

Өшті бәрі.
Сен де сөнші енді Үміт?!
Жүрмін тағы жылап жиі, кем күліп.
Жалғандағы жалғыз ғана "Жебеушім",
Кетіп қалды...
Келемін деп сендіріп...

Мен о баста-ақ кететінін білгенмін,
Кімге обалы сенген, сүйген күндердің?
"Рас кетті ме?"
Сұрақ қойып арманға,
Үмітіме үміт артып үлгердім...

Сүйген жүрек жабығар көп, жылар көп,
Өткен күндер көңілде тұр мұнар боп.
Кетіп қалды Ол.
Сеніп жүрмін - сол жаман,
"Оралатын шығар" деп...

***

Ессіз сүйіп, сүйсінген кезім де өтті,
Жылап...өксіп...өкпелеп...талып...күліп...
Тамшы-бақыт татырмай сезім кетті,
Бәрі жалған екенін тағы ұқтырып...

Сезімімнің күл-парша сынықтары,
Жүрегіме қадалды алданғанда ар.
Бүгін бәрі өзгеше, ұмыт бәрі,
Махаббатқа сенбесем таң қалмаңдар!

Сезім солай күйдіріп "қош" айтады,
Әз жанымның қалады жыр - емі боп.
...Саусақтарын ағаштар шошайтады,
Ақын келе жатыр деп жүрегі жоқ...

***

Сезіміңмен жарыстырып ой күшін,
Сағынышқа бола алмады көрік күз.
...Тағдыр деген төрешінің бәйге үшін,
Бәске тіккен ойыншықтары едік біз...

Мен жеңілдім.
Жалғыз досым - мұң ғана.
Мендік жайды түсінеді қайдан, кім?
Құдай саған бәрін беріп, бір ғана,
Сезім бермей қойғанына қайранмын!

Содан шығар сағына да алмадың,
Сағынышқа мендей, бәлкім, сенбедің.
Өртенбедің, дерт ембедің, жанбадың,
Кездесуге алып-ұшып келмедің.

Ақылыңның тыңдадың да "жарлығын",
Сезіміме сыйлап кеттің қаяу, сыз,
Мен кешетін жапырақтың барлығын,
Басып, жаншып, таптап өттің аяусыз.

Көре тұра құстардың да қайтқанын,
"Қош" демедің, қандай жансың еті өлген?!
Аппақ қарға арманыңды айтпадың,
Періштелер қанатымен көтерген.

Сүйіп тұрып қарсы шықпау егеске,
Қандай күйік жүректегі от сөнген.
Бәрі өзімнің қателігім емес пе,
Махаббатта әділдік бар деп сенген.

...Жеңдің солай. Алдамшы арман, шақ қайда?
(Керек шығар жер-жаһанға жар салу).
...Қабырғаңа қара тастай батпай ма,
Сол жеңісті жалғыз өзің қарсы алу?.. 

***

Мен оған жазамын хаттар көп,
Білсем де оқылмай қаларын.
Жолымды есінде сақтар деп,
Ол кеткен көшемен барамын...

Ән салам сағыныш жайында,
Махаббат туралы ертегі
айтады Ол берілмей уайымға,
Дәл мендей сүймейді дерт Оны.

Иесі Мезгіл мен Күн, Айдың,
Жердің де соғатын Жүрегі Ол.
Қимастық жайлы айтып жылаймын,
Сыйластық жайлы айтып күледі Ол.

Ол айтқан сөздердің бәрі - Мұң,
Мен айтқан сөздердің кім Емі?
Мен Оны әлем деп таныдым,
Ол мені Өлең деп біледі.

Амалсыз айтамын Жат әнді,
Жақынбыз - арамыз айшылық.
...Сен үшін көтерем бокалды,
Сен жеңдің Қарама-қайшылық!..
Құттықтаймын!!!!

***

Оған жетер жан жоқ, білем, ғаламда,
О, Құдайым!
Жаратар ма ең мінсіз ғып?!
Жолайрықта жолыққанда адамға,
Неге, неге көп сөйлейді үнсіздік?

Қара түстің бәрін түгел жеңеді,
Оның ойы ақ сәуледей елестеп...
Жанында оның айқайлағым келеді,
Адалдықтың бәрі аппақ емес деп...

Оның сөзі сенер едім шүбәсіз,
Бір ақ сәуле тамып кетсе қараға.
Кешір Құдай, пенделер бар күнәсіз,
Күнәдан пәк періштелер ғана ма?

Мынау әлем таң қалмаймын күйресе,
Оны бөліп алсам бір сәт, бір күннен.
Күйем, жанам, кешіп келем күй неше,
..Кешір, өмір, оны сүріп жүрмін мен...

***

Дүние айқайласам маған керең,
Үміт те үздіктіріп кетеді алдай...
Салмағын сағыныштың саған деген,
Қараша көшіп кетті көтере алмай...

Қараша көшіп кетті қарайламай,
Сағындым.
Келбетіне мәңгі үздіктім.
Мен ерте білмегенмін қалай ғана-ай,
Ең адал дос екенін жалғыздықтың?

Кім мәңгі?
Өшер бәрі көңілімнен,
Мезгілдің шеңберінде өлшенбей мұң...
Көшесің Сен де бір күн өмірімнен,
Жоқ! Сенбеймін!


***

"Қараша, көшесің бе?"
...Қойдым ба ауыр сұрақ?..
Сезімнің көшесінде,
Қалам ба қайыр сұрап?

Бейбақтың бірімін ғой,
Бақытсыз шағым - үстем.
Мен әлі тірімін ғой,
Сап-сары сағынышпен.

Қараша - Жаным емі,
Күрсінткен түндерге мұң.
Кетпеші,
әлі Оны,
Сағынып үлгермедім.

Кетпеші,
Ол да мені,
Сағынып қалар бір күн!..
...Шашылған жолда өлеңі,
Жапырақ... хабар мүмкін. 

author

Нұргүл Оқашева

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...