Қабыл Әбдірахманұлы. Сипат (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
4019

Поль Сезанн. Қызыл күртешелі жігіт

«Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас» дегендей, зейнетақы қорының белгілі бір мөлшерден асқанын пайдалану туралы заң – тағы  да барды жарылқады. Бұл заң қара бұқарадан айналып өтті. Оппозиционерше тілді кәлимаға келтіріп айтсақ: бандит билік – өзінің «мүсәпір- фраероктарын» жарылқамады. Үкіметтің маңындағылар өздерінің жағдайын жасап алды.  60 000 тг жалақы алатын охран мен 600 000-1 000 000 тг жалақы алатын үкіметтіің маңындағылар салыстыруға келе ме? Сол, барлар үйлі болды. Емделетін де солар. Квартирадан квартираға көшіп жүретін «қаңбақ шалдың» балалары бұл тізімге ілікпеді. Емделуге қаржы таппай отырғандар – көзі жер шұқуымен қалды. Зейнет ақы қорын пайдалану туралы заң жарылқаған танысым қуанышын бөлісуге шақырды.

Жаңадан салынған, жоғары шағын ауданның биік үйінің бір пәтерін алыпты. Аварлық ақын, Расул Гамзатовтың «данышпан шалдарының», не Есенғалидың «ақын шалдарының», не бүгінгінің ұры-қарысы «жемқор шалдардың»  ертең орнын басатын, жасы 40 пен 45-тің ар жақ-бер жағындағы бірсыпыра ет-жақын, жекжат-жұрағаттың басы қосылыпты. Жезөкшінің дәмін татқан, ұрлықпен, арақпен, насыбаймен сарауыз кезінен ауызданған ділі бұзық-сұйықта, жасынан кітап кемірген принципшіл философтар, дала даналығын бойына сіңірген, құлағы түрік қазақы адамдар жиналған кіші-гі-рім отырыс екен.

«Жаңа жыл құтты болсын, үй құтты болсын!» деген ақжарма тосттар айтылып жатыр.

-Ал, Робинзон! «Әу» деп жібер, - деді  үй иесі. 

Робинзоны» несі екен?..., аңшы шығар деген ой жылт ете қалды. Робинзон дегені төрдегі қонақтың оң тізесін баса отырған, көп жуылған көйлектей көнере бастаған кісі екен.

Робинзон мырс ете, өзгелердей қолына рюмке ұстамаған күйі сөз бастады.

-Робинзоннан бастайын. «Орыстың сорпасы» қойылған дастархан басында, намазхан отыруы керек пе? Отырмауы керек пе? Шариғи жол отырма дейді. Орталарыңда отырып дастарханнан ауыз тимесем, «қуыс үйден құр шықпамыз» тағы бар. Осындай отырыстарда өз алдымды «П» әріптендіріп шанышқы қасықпен бөліп, ырымдаймын. Соған байланысты, қалжыңы жарасатындар мені елден бөлініп қалған «Робинзон» атандырған - деді. Сонда мұнафих деген осы ма? – деген ой тағы жылт ете қалды. Мұнафих атандырғаннан, Робинзон атандырған лайық қой деп, іштен мұсылмандық танытқан бір үн күңк ете қалды.  Жүзіне бажайлап қарадым. «Кім десең, о дең дегенді» байсалды жүзі ұқтыра айтып тұр екен. «Көңіл күркесінің тазалығынан үстіндегі көк көйлегі хабар бергендей. Иә, солай. Жүзі де, киген көйлегі де «дұрыс адам» деп куәлік бергесін «Робинзон» аты үйлесе кетті. Сонда да Мұнафих елесі осы кісіні айналсоқтап барып есіктен шығып, дәл желке тұсындағы терезеден қайта кіріп, түбінде мен сені иелеймін деп серт беріп, елес төбеде буға айналып кетті. Терминатордағы «сынап адам» жүрісті айнымалы мұнафих елесінен қатты шошыдым. Біз негізі бәрін байқаймыз. Байқағанымызбен айылымызды жимаймыз. Қайырын тілейік.

- Алланың нығметіне бөленіп, үйлі болып жатырсың. «Аңқылдаған ақ көңіл жансың» деп сөз бастап ұзақтау сөйледі. Сөз соңында, кеңдеу жерге шығайын деп бетін сипап, рұқсат сұрады да екінші бір бөлмеге өтуге жастығын қолтықтап, дастарханды жағалай отырғандардың сыртын орап бара жатты. Қашанғы шай ішілсін. Көңілді ортадан бөлініп менде Робинзон отырған бөлмеге өтіп алдым. Робинзон төрде телефонына шұқшиып отыр.

Етек жақта 3-4 жігіт қызу әңгімелесіп отыр. Сұйығымыз осылар.

-Кейде сондай жағдайлар болады, жайшылықта көтере алмайтыныңды, қапылыста көтеріп кетеді екенсің, - деді кеудесі шкафтай, свитірін жеңіне дейін түрініп алған сом білекті жігіт ағасы.

Поль Сезанн. Италияндық жас ару

Жігіт ағасының күрек тісінің бірінің орны  опырайып тұр. Опырайған тістің орны: «Талай төбелесті көргенбіз, талай тойдың соңын топалаңға айналдырғанбыз»  деп сөйлеп тұр екен. Бір қызығы, жігіт аузын ашса болды-ақ күрек түсінің орны жарысып сөйлейді. Неғылған қапылыс деп құлақ түре қалдым. « Бізде бір жігіт жұмыс жасады. Сол айтады: «Гараждан темір ұрлап шығу керек болды. Төрт жігіт болып әзер көтеріп дуалға жақындата бергенде охран бұрышты айнала шыға келді. Түн іші. Бізді байқамады. Қасымыздағы екі жігіт тапырақтай қашып, заборға асылып әрі аунап кетті. Охран келіп қалмасын деп екеулеп ұрлық темірімізді забордан асыра жітіріп жібердік. Сол темірді дуалдың арғы жағынан екеулеп орнынан қозғай алмадық»-дейді. 

Ай, баукеспелерім–ай дедім, іштей. Осы біздің ұрлығымыз қалмайды, шетелдіктердің сенбейтініндей бар. Ерсайда 300-400 мың жалақымен жұмыс жасайтын жұмысшылар – болмашы ғана 10-15 кило мыс, алюмини ұрлап шығарамыз деп жүргенде охранға тұтылып, жұмыстан қуылғанын еститін едік. Ұсталмағаны қанша?...

-Қапылыстағы күш қайдан келетін күш екен, ә?.Баяғыда бір тойда 30-жігітпен жалғыз өзім төбелескенімде сондай күшті бойымнан байқағанмын, - деді егіз күрек тісінінің сыңарын төбелесте берген сом білекті жігіт.

Малдасқұрып отырған күйі, алға қарай еміне түсті.Аузын ашса болды тісінің үңірейген орны «талай төбелесті көргенбіз-ді» қайталай береді.

-Ұрғаныңды құлаттың ба? – деді қасындағы сыралғы аласа бойлы жігіт ағасы.

- «Екі ит, бір иттің пірі» дегеніміз төбелеске арнайы дайындалғандарға жүрмейді. 5-6-сын шықшыттан, иектің астынан періп айдап  құлаттым. Жұрт оқып құтырып жүрсе мен турник, штанга,груша мен айналысып құтырып жүрген кезім. «Сағын сындырғың келсе тұмсықтан, қалдырғың келсе қуықтан..» көне көз шалдардың сарынымен  әнге басайын. Біреуі пышақ сермеп шыға келмесі бар ма? Шап бердім. Босаң екен. Пышақтың жүзінен қармай ұстадым. Точно жағы сынды, лепшамен жақтан екі алдырып, қуықтан теуіп құлаттым. Ойбайлап жатып қалды. Біреуі ойбайласа, оны қашады деген.Қасқыр аулаған адам емеспін.Қасқырды көзбе-көз көргенім жоқ. «Қасқырда қас қылмайды жолдасына»-ны қаңсылап, қасындағыларының берекесін алып үрейлендірмейтіндіігі  деп түсінемін. Қаны шып-шып тамшылаған алақанды,көйлекті айырып жіберіп, «құндақтаулы баладай» орап алдым. Анасы сүйенген шарбақтан қаданы суырып алдым да айдадым ғой. Түре қудым. Бөріктірдім. Сәл болмағанда кетіп едім деп оң алақанына қарады. Қолы күректей дейтін аса үлкен емес, білезігін томпақтау көрдім. Сыралғы достары сазарып қалды. Бұл шындықты амалсыз мойындау сазаруы еді. Точно болса точно шығар...

Жұрт тым-тырыс. Үнсіздіктің де өз тілі болады екен. Үнсіздік: «Ой, айналайын жарайсың» деді. Онысын отырғандардың бәрі естіді десем бекер болмас.

Құлағы түрік Робинзон сөзге араласты. Ескі кітаптардың куәлік беруінше деді, көзілдірігін пластмасса қабына (футляр) салып жатып...Пайғамбарымыздың сахабасының бірі Омар хаттап мүшіріктермен шайқаста қалқанын қолдан түсіріп алады. Шайқас бір қамал үшін болып жатса керек. Сол қамалдың қақпасын жұлып алып, қалқан орнына ұстаған ғой. Шайқас біткен соң сегіз адам сол қақпаны орнынан қозғай алмаған. Жанталаста сондай күш пайда болатын сыңайлы»-деді. Аңыз-әпсана тыңдағысы келіп отырған рай танылмағасын, Робинзон телефонға қайта шұқшиды. Ақылдылығы жүзінен байқалып тұратын сөйлеушіні – аналардың  тыңдағысы келмеген райы: «Молда, сенде ақыл бар, жүрек жоқ» дегенін естіген соң екеуімізде ыңғайсызданып қалдық. Ұялған тек тұрмас. Робинзонның телефон ұстаған қолынан болмашы діріл жүгіріп өтті.

Төменгі жақтағы отырғандырдың әңгіме ауаны әрі шалқып, бері шалқып «Бозжыраға» одан асып ақындар мен сазгерлерге, әншілерге, зайыбын «күнім, періштем»-деп жүргенде мойнына мінгізіп алғандарға ауысты. Осы жерде түк жазығы жоқ, олардың жеке басына сын айтылды. Ит терісін басына қаптап, адам алғысыз етті. Не сын дейсіз ғой? Мысалы, біреуі өзінен өзі батпанға толып жүреді-мыс, бірі қатты сөйлейді-міс. Бір сазгеріміз қатынқұмар екен. Бірі шариғат рұқсат бергенімен, салт рұқсат бергенімен, ағайындары ұлықсат рұқсат бермейтін жерден үйленген атаның ұрпағы-мыс. Ол «қырғыз-қазақ» атанған атадан тарайды екен. Қазіргі еркектердің дені әйелдердің қол баласына айналыпты-мыс. Өзбек болып еркектер кір жуып, бауырсақ пісіреді-міс. Сондай, сағы сынған кірме еркектің бірі әйелінің іш киімін жуып, онысын «кір жаятын» жіпке жұрт көзінше  ілдіріп жүреді-міс. Алда бақыр-ай...Пенделік көре алмаушылық бықсыманы айтып басыңды ауыртып неғылайын. Ірі қабасын айтайын. Негізі әңгіме, «билік бірдеме десе, бірдеме-деп қалатын» оппозициялық қалыппен өрбіді. Канторда бас шұлғи сөйлеп, осындай ортада айдаладағы мосағаш-мұнараша кекірейіп отырып алып, әңгімемен тыңдарманды қайытып, қайқайып кеп жібереміз...Орыстың С-500-інше түрік құлақпыз. Бір қызығы, үйде басқа, түзде басқа сөйлейміз. Екі оқымысты келіп әңгіме бағытын аудырмағанда, «қайдан келдім?» күйге түсіп отырған түрік құлақ Робинзонмен менің ішім пыса бастағаны анық. Теледидар, газет, фейсбуктан танымал, «сөз сауған» ауылдың екі тумасы, отырар-отырмастан әңгімені кезек-кезек өңгеріп әкете берді. Харизм дегеніміз осы-ау. Сталинге көңілі толмаған Троцкийдей болып:

 -Әй-й, бір насыбай атысып қайтайық, - деді свитерін түрініп алған жігіт. «Әй-й» дегенді екпін мен айтты. «Әй-й» дегені оқығандардың әңгімесін қатықсыз көжеге теңегені. Жақындаса-ақ темір екеш темірдің өзі қалтырап қоя беретін темірші-ұстадай қарулы жігіттер ылғи ұрлық-қарлықты, төбелесті, қатынға барған сұйық жүрістіні, құмар ойынды, шаруа жайын, құрылыс, машина жайын әңгіме ететін. Әңгіме әлеуметтене бастаған соң, сыртқа шығуға ыңғайланды. Болмаса осы отырған жерінде-ақ насыбай атысып, ортадан жарған баклашкіге құм салып шырт-шырт түкірісіп отыра беретінді. Поэзия, математика, ғылымға тақырып аунағасын біздің қол емес дегенін «әйй,бірі-ін» айтып, біздерге сыртын беріп, тай жеген бөрідей, жонымен күліп, сырт киімдерін жүре киіп, күрек тісінің бірін төбелесте берген шкаф-кеуде жігіттің ізімен сыртқа беттеді. Етек жақ ойылғанымен, тыңдар құлақ әліде жетерлік еді. Екі оқымыстыға ілесіп 3-4 кісі еркектерге қосылған болатын.

Осы арада, өзі де көзі де жоқ Асқар Жұмаділдаевтің сөзіне тақырып еру болды-ау деймін. Асекең үйдепті-бүйдепті көбейді.

Менің шамалауымша, қоғам – ұлттық моральдан әбден зәрезап болған. Іздейтіні жаһандық гуманизм. Ана би былай депті десең, жастар құлағын басып отыра қалатындай деңгейге жеткен. Тик-токшылардың айтқаны болып тұр. Ұлттық құндылықтардың көрігін қыздыратын «кузнеці» манадан бері оңдырмай жаман кейіпкерге айналдырғымыз келіп отырған әйел заты. Отағасылық келбеті қалмаған, әйелінің іш-киімін жұрттың көзінше «кір жаятын арқанға» ілдіріп жүретіндердің қыздары екібастан тікбақай болып келеді. Ұлттық құндылықпен тікбақай келін сірә санаспайды. Мырзамыз тікбақай келіннің қас-қабағын бағады. Қас-қабақ жан тыныштығын ойлайды. Қас-қабақ өзімен өзі болуды қалайды. Осыларды бағып жүрген «ыспатың бар ма?» деп сұрай беретін ахи ағайын ізіне ерткісі келіп, салтпен алакөз болғансиды. Олардікі де жалаң уағыз. Мораль оқу.  Мораль сіңімді болуы үшін қақсай беру – дұрыс емес. Асекеңді әз әулие тану, технократияның біздің топырақта рауандап таңы атуға жақындығының белгісі...

Түрі қазақ деуден гөрі түрікпенге келіңкірейтін, көзінде бөтелкенің түбіндей болған үлкен көзілдірігі бар «сөз сауған» ауылдың тумасы. Асекеңде жәйіне қарап жүрмейді. Өткенде: «Бәріміз поэзияға барғанды ұнатамыз. Математикаға бармаймыз. Математика ауыр, поэзия жеңіл депті»

-Технократ болуымыз керек ғой, - деді төрдегі телефонға шұқшия беретін кісі сөзге араласып..

Жұқа еріні көп сөзді жинақты екенін, әйел тәріздес жүзі ғұмыры үлкен бастық бола алмайтынын айғайлап айтып тұрған екінші бір зиялы сөзге араласты.

-Тілдің құнарлылығын сақтау үшін бұл тұжырым дұрыс, - деді.

Шамасы екі зиялы бұл тақырыпта көп дауласатын болуы керек. Ақ көңілмен барын төгіп отыр.. Математик ғалымның айтқандарын теріске шығара беретіін үлкен көзілдірік таққан оқымыстының шамына тие:

-Тілдік қор практикамен қалыптасады. Сөздік қорда қол өнер, зергерлік, ұсталық, ғылым бәрі қабысып жатады. Тілдік қорымызда бұралқы сөздер жүр. Бұралқы сөздер неге жүреді? Әрине практикалық қолдануға әлсіз болғандықтан солай болады. «Мәймөңке» атауын алайық. Бұл қайқы ағаш ине. Мәймөңкелеме дегені мәймөңкенің атқарар функциясына байланысты тілдік, сөздік қорымызға енген. Қазір ыңғайтөкке қарата айтылады. Тіл практикасында моданы жоққа шығара алмайсың.

-Солай-ақ болсын, көке, технократияға ауыстық делік. Тіліміз төтеп бере ала ма? Ызгон-пызгон, шатун-патун, шантүй-мантүй болып быт-шыт болып кетеді. Поэзия оңай болса, мен әлемді табындырар едім.Тақпақтап сөйлеу қанымызда бар.Тақпақ пен поэзияны шатыстырмау керек. Математика ауыр емес. Әдебиет пен музыкаға көп баратынымызды мансұқтамауымыз керек.

Осыы тұста құлағы түрік, телефонға шұқшия беретін(үй иесі Робинзон атайтын) кекесінмен мырс етті.

«Ай, балалар-ай, менің бір түсінбейтінім бар. Сендер аяқ астындағыны көрмейсіңдер. Қайдағы бір болмайтын іске бастарыңды қатырып дауласасыңдар. Ертеде, аузын артына соғып ұйықтайтын ит туралы ол «өтті, өтті, иісті көлде қыстады» - деген жұмбақ айтатынбыз.

Поль Сезанн. Марна жағалауы

Мен әңгімені боқ-су туралы айтайын деді. (Сөзге иіс ілесіп жүреме кім білсін? Жағымсыз иіс үй-ішін алып кеткендей болды) Олжаның маңы 30, 31 «А», 31 «Б», 32«А,Б,В» шағын аудандарының боқ-суы улы көл «Қошқар ата» көліне құйылып жатыр. Налогтың қасында 4 насос күні-түні айдап тұр. Соны қайта өңдеп, қайыра айдап қаланы желектендіріп гүл етуге болады ғой. Тыңайтқыш керек емес. Биологилық саябақты суландыру кезінде солай жоспарланған. Зілзаладан кейін қалпына келген Ташкент шығынды сумен гүлденген. Қазір көміп жатырған улы көлге тегін дүние рәсуа болып жатыр. Шығын аз кетеді. Осыны қолға алса, қала 3 жылда желекке оранады. Ресей жауынды жер. Асфальттары дөңес болып келеді. Біздің асфальт ойда, ағашты төбесінен қаратып отырғызады. Жаңбыр суы ағашқа кетпейді. 

Соған да бас керек пе? - деді. Отырғандар тағы тым-тырыс.Тағы да ыңғайсыздық.

-Анық нәрсе ме? – деп  сұрадым.

-Анық. ел солай айтады. Білетіндер шығынын да есептеп қойған. Құлақ түрік болуы керек. Телефонды айналдыра бергенше, бір уақ ел не айтатынына да көңіл бөлу керек. Ел айтады: «Бастықтар 1-2 водавоз ұстайды, суландыруға соны жалдайды. Ақшаның көзі. Айнала ел қалай жасап жатыр басын ауыртпайды» деп.

-Ойланатын жағдай, -деді көзілдірікті оқымысты.

Ойлан, ойлан, - деді қарсыласы.

-Шикізат базасы болып отыра бергеннен, ұқсатуымыз керек болар...

Жапон мектебі балдырғандарды қабылдарда – жоғары оқу орнын бітіргенше, қолына ұстаған қаламсаптың басқа нұсқасын жасап шығару шартымен қабылдайды екен. Студент мамандық алғанша өнертапқыш атануға міндеттенеді. Өнертапқыш тілдік қордағы сөздерді синтездеу арқылы жаңа сөз жасайды. Жасампаздық дегеніміз осы.

-Біз солай айтамыз. Сол жапоның кіші дәретіңді сол заматта өңдеп беретін аппарат ойлап тапқанына 60 жыл болды, - деді құлағы түрік Робинзон.

-Айтарың бар ма? – деді  академиктің жақтасы.

Байқаймын сіздер әдебиеттегі жасампаздық өзінен өзі келеді деп түсінетін сияқтысыңдар, -деді құлағы түрік, телефонға шұқшия беретін қонақ.

Поль Сезанн. Пианинодағы қыз

Қоғамдағы бетбұрыс әдебиетке жаңалық әкеледі, -деді  академиктің жақтасы.

-Мен әдебиетіңде өздерің айтып отырған академиктің де жақтасы емеспін. Елдің жақтасымын. Өмірдің жақтасымын. Мысалы, «арақ тұрған жерде отырмауым тиіс» десем шариғаттың жақтасына айналамын. Өздеріңмен бірге отыруды рәуаятқа сыйғызып жүрген мені келеке етесіңдер. Мен елден естігенімді істеймін,- деді мұнафықты өзіне қош көрмесе де, сол тайпаға жататын қонақ.

Осы сөзінен кейін, оған жанама атауды лайық көрмедім. Шынымен елдің жақтасы ғой. Мұнафық атауы өзінен өзі сәйкессіз болып шықты. Бұл жерде қонақты атымен атауыма да болар еді. Мені осындай ой тұмандығымен бүркеп тастаған моральге толы ой ағысы еді. Ағыстың ыңғайымен бола берейін деп шештім де, оның азан шақырып қойған атымен атамауды жөн көрдім.

-Постмодернизм жасампаздық емес пе? - деді бөтелкенің түбіндей болған үлкен көзілдірік таққан оқымысты. Осы кезде «елдің жақтасымын» деп отырған адам сөзге араласты. Қазіргі талапты жастардың туындыларын оқуға дайындық керек сияқты. Ойлау логикасы бөлек. Оқырман ретінде айызың қанып, тұщына алмайсың. Маңайлатпай мінез көрсетіп теріс айнала береді. Бүгінгінің жазуына, пост-модернизм туралы ой толғам айтқандардан ұққаным: Өнер - өнер үшін жасалады. Ал, енді ұқпағаным: Мүмкін өрем жетпегені, өнер жазу өнері болсын, басқа өнер түрлері болсын, алғы шарт аксиомалар негізге алынуы керек емес пе?! Мен бұл жерде бір ақын ініміздің "кеңістіктер жазықтыққа жұтылды" деген жыр жолына байланысты Әл-Фарабидің "біз - әлемнің бір тербелгеннен соңғы жай-күйін сипаттаймыз" деген қағидатын назарға алып, төмендегі ойым мен бөліскім келді. Әлем жаралғанда тілдік қорымызды қалыптастырушы негіздер жаратылды ғой. Әңгіме кеңістік туралы болған екен, қал-қадірімше өрбітейін. Дерексіз сын есім дейміз бе? Білмеймін...Әуелі сызық жаратылған. Мейлі ол түзу болсын, қисық болсын. Алайда, сол жай сызық қоғамның тұтынуына жарамсыз болды. Ақыл-ой иелері сол жай сызықты қалыптады. Жай сызыққа бағыт, солдан оңға қарай өседі деп ұйғарды. Одан соң бастапқы нүкте ұғымын енгізді. Жай сызық ұғымын осылай қалыптап түзу ұғымын қалыптастырды. Осы түзу теңдеуі арқылы адамзат игілікке қол жеткізді. Одан бері қарай келейік. Таудың қотыр тасын адамзат игілігіне пайдалана бастады. Бірақ, бұдан анағұрлым эстетикалық талғамға сай ғимараттар тұрғызу мүмкін болмады. Ақыл-ой көмекке келіп жабайы тастарды қалыптайтын қалыптар шығарды. Стандартты тастар арқылы 10-20 қабатты үйлер тұрғызылды. Бұл жерде қалыптаудың алғы шарт аксиоматикасы негізге алынады. Постмодернизм құрылыста да қолданылады. Келе ішіндегі жарбай түйедей көріністі құрылыстарды постмодернизмге ұқсатамын. Постмодернизм – галстукке қылғынып тұрған жасалма әдебиеттен халыққа жақын. Жалтылдақ киім әртіспен балаға, жылтырақ сөз адресатпен аудандық газетке жарасқан демекші, бірыңғай жиіркенішті уағыздан құтқарушы - постмодернизм екені даусыз. Еркін ойлылық, ішкі жан-дүниенің боямасыз берілуі өнерді көріктендіреді. Менің түсінбейтінім: әуелгі қалыптың негізге алынбауы. Менің әкемнің аты Пәленкес. Яғни, Пәленше Пәленкесұлы. Ал, соны Пәленкес Пәленшеұлы деп жазса әуелгі қалып бұзылады ғой. Бұл Құдай адамды емес, адам құдайды жаратқан деп жазғанмен бірдей. Үлкен жарылыс болды. Тығыздығы орасан зор нүктеден әлем кеңістігі, уақыт жаралды деген болжамдар айтылғанымен Әл-фараби болсын, басқа философтар болсын әуелгі бір тербелістен кейінгі әлем туралы айтысады. Логикасыз өнер болса да әуелгі қалыптаудың шекпенін шешкенімізден не ұтамыз? Қалыптаусыз жай сызықты пайдаланып адымыңды аша алмайсың. "Көрші", "Кеще" әңгімелерін оқыдым. Бір демде оқылып, проблеманы қаузағанымен көркемдік деңгейін айта алмаймын. Ішкі жан-дүние, психологиялық тебіреніс берілмеген екен. Сонымен қатар, "Кещедегі кейіпкердің есімі де жұқпай тұр....Поэзиямен музыканы жақын көріп жүр. Поэзияға қарағанда музыка математикаға жақын.Әл-фараби айтады: «Дөңгелекті белгілі бір заңдылықпен әр жерінен тесіп үрлегіш аспаппен үрлесең музыка пайда болады. Ал сол тесіктерді әркелкі етіп, заңдылық сақтамай тессең шуыл пайда болады», - дейді. Соңғы кезде өлеңдерде, өлшем не заңдылық сақталмаған дегенді айтысады.

-Кімдер айтысады, –деді жүзі қуқыл тарта дем жетпегендей болып отырған көзілдірікті оқымысты.

-Кім айтсын, ел айтады. «Самал» тобындағы балалардың әкесі Жөке айтады-деп кейістік танытты.

Олар айта береді дегенді бөтелкенің түбіндей болған үлкен көзілдірігі светтің жарығымен шағылысып тұрып айтып қалғанымен  өзі айта алмай құмығып қалды.

-Ет не болды екен, - деді отырғандардың бірі сағатына қарап есінеп.

-Постмодернизмнің көкесі тамақтың маңында болып жатыр, өндірісі жоқ елге шет ел зиянды тағамдарын тықпалап болды. 

«Өзіңнен тумай – ұл болмас »,- деді елдің жақтасы.

Шынымен сола-а-а-й деп терең күрсінді, жұқа ерінді оқымысты. Әйелдерге ұқсап таусыла күрсінеді екен...

Мен баяғы етектегі бір табақтық жігіттерді ойша іздедім...

Қабыл Әбдірахманұлы,

жазушы-математик

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...