Оның әдебиет туралы түсінігі, танымы, пайымы бөлек. Кей пікірлеріне келіспеуіңіз де мүмкін. Әрине, б...
Өтен Ахмет Жауынгер (Әңгіме)
Бұл екеуінің арасынан қандай ғана алакөт сұмырайдың өтіп кеткенін кім біліпті, әйтеуір, олар сәл нәрсеге бола өзара ит пен мысық сияқты ырылдасады да қалады. Неге бұлай? Түсінсем бұйырмасын. Дегенмен, сырт байқауым, Ералы тарапынан пәлендей көзге ұрарлық жазық жоқ, білем. Өз пайымдауымша, ол қой аузынан шөп алмас дейтін момындарға жатады. Үйткені мен оның Мұзафардан басқа біреудің бетіне жел болып тигенін көрген де, естіген де емеспін. Ал Мұзафар бастық тым шамшыл, мазасыз жан. Отырса опақ, тұрса сопақ деп Ералыға орынсыз тиісіп, жазықсыз жанына бір тыныштық бермейді. Кісіні жасқап жасытқаннан жанына ләззат алатын бір пәлекет. «Опасыз сатқын» дейме-ау, қит етсе болды, болмашыдан ілік тауып небір құсық сөздерді Ералының басына үйіп-төгіп тастайды.
Бұлардың арасында қыз дауы бар дейін десең, ондай жастағы адамдар емес. Бақ дауы бар еді деуге, екеуі де қара күшін сауған қатардағы қарапайым шахтер. Рас, Мұзафар звено жетекші, егер оны дәреже дейтін болсақ.
Күн сайын үш кенші Мұзафар, Ералы және мен жер астынан забой қазамыз. Қазамыз дегенге, көзіңе кетпен мен күрек елестеп жүрмесін. Біздің қазуымыз басқашалау. Бұрғы деген балғамыз болады. Оған резеңке түтікпен сығымдалған ауа келіп тұрады. Сығымдалған ауа күші салмағы екі пұттық ауыр бұрғыны ұршықша шыр айналдырғанда, басындағы алмас ұшы жер астының меңіреу жартасына тас кенеше қадалып, қадалған жерін бұрқыратып тесе бастайды.
Жалпы жер астында забойшы атқарар жұмыс шаш етектен. Темір жол төсейміз, арық қазамыз, әйтпесе забойды су басып кетеді. Су, ауа құбырларын бір-біріне жалғаймыз. Соның ішінде мызғымас меңіреу тасқа бұрғы салғаннан қиыны да қызықтысы да жоқ. Кеншінің кеншілік өнерін сынайтын құралы осы алмас бұрғы. Кім бұрғы тілін жақсы білсе, жұмыста сол адамның мерейі үстем болып жүреді.
Мұзафар екеуміз қатарласып тұра қалғанда, оны да, мені де қайрайтын күш – іш егес бәсеке ғой. Үйткені забойда барлығы жиырма бес шпур тесіледі. Тең бөлгенде кісі басына он екіден. Бірақ біз дара біреу, яғни жиырма бесінші шпур үшін бәсекеге түсеміз. Осы артық жиырма бесінші шпурды кім бұрын тесіп шықса, бүгін жұмыста сол озады.
Шынымды айтсам, кәсіптік училищеден кейін буыным әлі қатып болмаған мен сияқты жас адамға забой жұмысы алғашқыда оңай соқпады. Қатар тұра қалғанда, Мұзафарға ілесу қайда, ол маған шаңын да көрсетпей кететін. Сондайда ол мені кекетіп-мұқатып, намысыма тиіп айтпайтыны болмаушы еді. Кейде шыдамым үзілердей халге жеткізеді, ондайда Ералы басу айтып тоқтатады: «Саспа бала, әліптің артын бақ, шыда», деп жыламсыраған мені өзінше жұбатып қоятын.
Осы күні ойласам, сабыр мен төзімділік адамды мұратына жеткізеді деген сөзде жан бар екен. Міне, мен де енді Мұзафарлармен терезем тең шахтермін. Кейде ол озса, кей күні одан мен озып кетемін.
Бүгін ә дегенде Мұзафар алға шықты: мен бес шпур тескенше, ол жетеуін тесіп тастады. Қимылы тым шұғыл. Тіпті бұрғысына май құйып баптап алуға да уақыт бөлер емес, Сірә, бүгін кеуде бойы оза шауып, мені біржолата жасытып алмақ ниеті бар. Ералы ағам айтатындай, мұндайда адамға ең керегі сабыр ғой. Мен асықпай бұрғымды майлап, сүңгінің алмас ұшын ауыстырып салдым. Сол, сол-ақ екен, бұрғымның жұмыстағы әуені өзгеріп сала берді, ұшындағы шыр айналған болат сүңгі көк тасқа бауырға түскен пышақтай қадалды. Әне-міне дегенше Мұзафарды қуып жетіп, басып озуға айналдым.
Менің таяп қалған тықырымды сезген Мұзафар сасқалақтай бастады. Қырсыққанда қымыран іриді емес пе, майланбағаннан бабы кеткен бұрғысы бір тұрып, бір жүріп өңешіне қыл түскендей қақала берді, қатарынан үш бірдей сүңгіні сындырды. Төртінші сүңгі шпур ішінде қалып қойып, не әрі жүрмей, не бері шықпай Мұзафардың ит сілікпесін шығарды. Әбден діңкелеген ол:
-Ах, шешеңді! -деп жүрмей қалған бұрғының көк темірін теуіп-теуіп жіберді. – Егер темір болмай ағаш болғаныңда тісіммен қаршылдатып шайнап тастар ем!.. Жә, құрысын, құрып қалсын! Жаңа жерден тесемін. Анадайда арық қазып жатқан Ералыға қарап айқай салды.
-Әй, жаңа сүңгі әкел!
-Сүңгі жоқ, - деді Ералы.
-Қайдан тапсаң, одан тап, бол тез!
-Жоқты жерден қазам ба, запастың бәрін сындырып бітірдің.
-А, не дейсің? – Мұзафардың қолында сүңгі темірдің жарты метрдей сынығы, сонымен салып қалардай болып Ералының қасына ентелей жетіп барды.
Екеуара ұрыс-керіс басталды да кетті.
-Мұзеке,- дедім мен жанжалды тез басқым келіп. - Шпурдың қалғандарын мен-ақ тесермін. Оған бола күйгелектенбей-ақ қойыңыз.
-Өй, сен не білесің?- деді Мұзафар менің бетіме алара бір қарап алып. - Бұл,- деді сосын Ералыға қолын шошайтып. - Опасыз сатқын... Неғып тұрсың-ей, жарбиып? Тез бар да қоймадан сүңгі әкел!
Ералы лә деместен Мұзафардың жұмсаған жағына кете барды.
-Кісіні жазықсыз неге жәбірлейсіз?- дедім Мұзафардың бетіне жек көре қарап. Ол менен мұндай батыл мінез күтпеді ме, жүзін менен жасқана тайдырып әкетті.
-Жаман адамға аяушылық жасауға болмайды, - деді күңкілдеп.
-Ералы ағай жаман адам емес.
-Жаудың тұтқынында болған. Жақсы адам болса, жан сауғаламас еді, қасық қаны қалғанша шайқасар еді...
Мен Ералы туралы соғыстан кейін біраз жыл «отырып келген» дегенді еститінмін. Ұрлық жасады ма, басқадай тәртіп бұзды ма, әйтеуір, аз уақыт
адасса адасқан шығар дейтінмін де қоятынмын. Адам болған соң қателеспей тұра ма...
Жеті жүз метр жер астында қос тастың үстінен көлденең қойылған тақтайға құйрық қойып Ералы екеуміз қатар отырмыз. Мұзафар забойдың дәрі күшімен қиратылған тастарын тиейтін вагон керек болып, алмасым бастығын іздеп кеткен. Ералы темекі тартпайды, мен де. Жұмыс арасындағы осынау аз уақыт қол боста ол да, мен де үнсізбіз. Ералыны қайдам, ал мені оның басындағы құпия сырды білсем деген құмарлық ой жеңіп барады. Ақыры шыдай алмадым.
-Ереке, сізді тұтқында болған дей ме?
Ол қатты таңданған пішінде бетіме ажырая қарады.
-Болдым.
-Қалайша?..
-Кәдімгідей. Бірақ оны қайтесің, бәрібір түсінбейсің.
-Неге? Мүмкін түсінермін.
-Әй, қайдам-ау.- Ол кеудесін кере қатты күрсініп салды. –Менің тұтқында болғанымның айыбы бәріне ап-айқын, ал оның ар жағында не жатыр, ешкімге керек емес.
-Олай демеңізші, Ереке. Менің білгім келеді.
-Сен жассың, Мұратбек, соғысты көрген жоқсың.
Арада тағы бірауық үнсіздік орнады.
-Сен өзі кеудеңде зердең бар жігітке ұқсайсың.- деген Ералы кенет бір жөтеліп қойып, сөйлеп кетті.- Бұл бір кезегі келгенше, жасыра тұрсам ба деген жан сырым еді. Бірақ саған айтайын.
-Тәптіштеп жататыны жоқ, Мұзафар екеуміз бір ауылданбыз. Мен майданға аттанғанда, ол бір әшмөңке шайды түгел қайнатып, бір-ақ қотарып ішіп, денсаулығын «жарамсыз» етіп қалып қойды.
Майданда менің жолым болмады. Қоршауға түстім. Қасымдағы өзім құралыптас Виктор Разумов деген бір орыс жауынгерімен екеулеп амалын тауып, қоршаудан шығып кеттік. Содан бір қыс, бір жаз бойы мұз жастанып, қар төсенген партизан қатарында жүріп соғыстық жаумен. Виктор нағыз жаужүрек шебер барлаушы болып алды. Бірде ол екеуміз тапсырма орындап жүргенде, білініп қалып, жау қолына түсетіндей жағдайға келдік. Мен Викторға, сен құтыл, дедім де, өзім жау жолын жалғыз бөгеп ұрыс салып қала бердім. Үйткені Виктордың немістердің қолына тірідей де, өлідей де түсуіне болмайтын еді... Ұзын сөздің қысқасы, мен осы шайқаста қатты жараланыппын. Ес жисам, тұтқындар лагерінде жатыр екем.
Миллиондардың басын жұтып, жазықсыз мыңдардың тағдырын тәлкекке салған қанқұйлы соғыс аяқталып, мен де елге оралдым. Елге келіп бұрынғы үйреншікті жұмысым – шахтама тұрып алдым. Мұзафар да аман-есен екен. Үйленіпті. Келіншегі Әсемкүл атына заты сай қазақ әйелінің төресі ме дедім. Көзге ұрар аса сұлу болмаса да, көңілге бір ұяласа қайтып шықпастай сүйкімді-ақ. Кісіге дауыс көтере сөйлеу, тіксіну, өтірік көлгірсуі жоқ. Шілде айында, таң алдында соғатын Арқаның қоңыр самалындай бір жайсаң мінез. Не айтса да аңқау баладай бар жүрегімен сөйлейді.
Неге екенін қайдам, ә дегеннен Әсемкүл екеуміздің арамызда түсндіруге келмейтін бір жұмбақ сыр орнады. Басқа жұрт аңғармайтын, көзге көрінбейтін елеусіз нәрсенің өзінен біз әдетте бір-бірімізге деген өзара ықылас белгісін байқатып қалуға тырысатынбыз. Мәселеңки, дастарқан басында оның кесе ұстаған қолына қолым тиіп кетсе де заматында жүрегім бұлқып кетіп, шала ұйқы болған тентек баладай көпке шейін тынши алмай қалатынмын.
Әсемкүл шахтада жер астына түсетін кеншілерге шам беруші болып істейді. Соның ұқыпты қолының арқасы білем, менің шамым үнемі бабында, қайыс бауы берік, жарық шашқыш. Кеншілер қызығып, сенің шамың құдды прожектор сияқты десетін. Бұл сөздер маған майдай жақса да, үндемей құтылам. Әсемкүлмен арадағы құпия сырымыз ашылып қала ма деп қорқамын.
Әсемкүлдің жібектей есілген жұмсақ жайлы мінезі, тіл ұшынан тасырлап емес, арғы көмейден шығар биязы қоңыр үні, толықша кеудесін тік ұстап, қауырсындай жеңіл қалқып жүргені – бүкіл жаратылыс болмысымен түгел ұнайды маған. Алайда бұл өзі қандай ұнату? Алғашқыда мен ол жағына пәлендей мән бермесем керек. Әрі кетсе достың досты, ағаның қарындасты жақсы көргеніндей күйдемін деп жүріппін. Әйтеуір, қалай болғанда да өзімді осы ойға қайтсем сендіргім келетін.
Ал Әсемкүл маған қай қылығым үшін іш тартады? Ол жағы маған мүлде беймәлім еді. Рас, партизандық ауыр өмірім, бастан кешкен басқа да қиын күндерім жайында кейде шай үстінде аздап сыр шертіп те қоюшы едім. Ер адамның бастан кешірген қиын-қыстау күндерінің шым-шытырық хикаясы қашан да нәзік жанды әйел жүрегіне әсер етпей тұрмайды ғой... Мұзафар болса, қашаннан шырт етпе, күдікшіл жан. Әсемкүлдің ажарын, жүріс-тұрысын, тіпті жарқылдап күлгеніне дейін қызғанатын. Оның басқа адамға көз тастап қарағанын да, екі-үш ауыз тіл қатысып сөйлескенін де ішіне у түскендей тыжырына қабылдаушы еді. Мұндайда Әсемкүлге қайта-қайта тықақтап: Аузыңдаы жап, шыбын кіріп кетпесін, балтырыңды жалтыратпа, қызығып, қозып кетіп жүрерміз, деп орынды-орынсыз тиісіп, Әсемкүлді жазықсыздан – жазықсыз аяусыз жәбірлеумен болар еді.
Әдеттегідей ойымда ештеңе жоқ, дос көңілмен бір келгенімде, Әсемкүл үйінде жалғыз екен. Мұзафар осы маңда деген соң, мен оны күтіп әрі отырдым, бері отырдым. Ол кешікті. Әсемкүл болса үй шаруасының қамымен алдымнан олай бір, былай бір өтіп кетіп жүр. Байқаймын, әлгінде амандық-саулық айтысқаннан кейін ол да, мен де тілдесуден қашатын сияқтымыз. Ол маған, мен оған қарамауға тырысамыз. Ал уақыт өтіп болар емес. Бір кезде қалай болғанын өзім де байқамадым:
-Жарайды, мен кетейін,- дедім тілім байланғандай әзер сөйлеп.- Осы үйге соңғы келгенім болсын бұл менің.
Жанымнан қиыстап өте берген Әсемкүл қалт тоқтап, көз шарасы жасқа тола басын кеудеме әнтек сүйеді де:
-Келмесең, келмей-ақ қойшы, - деді ақырын. Соғыстың адам айтқысыз небір сойқанына шыдаған кеудемдегі тас жүрегім майдай еріп жүре бергені.
Дел-сал күйде Әсемкүлді бауырыма тартып, жібектей есілген қолаң шашынан құшырлана иіскедім...
-Қозы Көрпеш, Баяндай-ау,
Бір молада өлсем-ай... Шыңылтыр тарғыл дауыс төбемізден бір-бір шелек мұздай суды құйды да жіберді.- Ә, солай ма еді, жүзі қаралар.– Ақ-қараны ашып жатпастан Мұзафар бетімізге баттита-баттита қара күйені жақты да салды.
Бұдан әрі үнсіз қалуымның жөні жоқ еді.
-Сенің алдыңда жалбарынып ақталардай күнәм жоқ, - деп мен де ашығына кеттім. Әсемкүлді жақсы көретінімді, оның да мені ұнататынын, ол үшін екеуміздің де ерікті екенімізді бір демде үйіп-төгіп айтып салдым.
-Жөн, жөн, - деді Мұзафар. - Еріктімін де... Бірақ есіңде болсын, қойнымдағы адал қатынымды кез-келген алаяққа арамдатып қояр жайым жоқ, білдің бе?!
Әсемкіл де есін жиып:
-Мұзеке-ау, ашу дұшпан, ақыл дос, - деп бірдеме айтпаққа оқтала беріп еді, Мұзафар «Қысқарт!» деп бақырып, сөйлетпей тастады.
-Білесің бе, сұр жылан?- деді сосын бойын буған ызадан тілі күрмеле ысылдап.- Бұл кеше жау алдында тізесі қалтырап қолын көтерсе, бүгін адал азаматтың қойнындағы қатынына арамзалықпен қол салды.
Әсемкүл ыршып түсті:
-Ол маған артық сөз айтқан жоқ. Мен өзім жақсы керем оны.
-Солай де... Ендеше, бәлем, асықпаңдар. Осыдан мен сендердің көздеріңе көк шыбын үймелетпесем, Мұзафар болмай кетейін...
Қойшы, сүйтіп іс насырға шапты да, «жаудың тұтқынында болған, ол аздай біреудің сүттей ұйыған үлгілі семьясын бұзды» деген айыппен алты жылды арқалап Сібір қайдасың деп кете бардым...
-Ей, інім-ай,- деді Ералы терең бір күрсініп қойып, - мына бас не көрмеген бас дейсің. Қайтейін, маңдайға жазғаны сол болса...-Момындығым, тыңғылықты ісім ұнады ма, түрменің қарауыл бастығы кәрі солдат Михаилдың маған ала бөтен іш тарта қарайтынын сезетінмін. Ретін тауып кейде ол маған тойдырып тамақ ішкізіп қояды. Кейде мені моншаға ала барып арқасын жуғызады. Жуынып-шайынып алып, шақпақ қантпен шекеміз терлеп отырып шай ішетінбіз. Сондай мажырасын үстінде сөзден сөз шығып, мен бірде оған бастан кешкендерімді айттым.
-Слушай азамат, мынауың рас болса, дереу Қорғаныс министрлігіне арыз жазу керек, - деді Михайл қолындағы шай күрешкесін үстелге қоя салып. - Тек, байқа, ішінде бір өтірігі болмасын.
Сонымен, Михаилдың ақылымен Қорғаныс министрлігіне хат жазылды. Бірақ, неге екенін қайдам, жүрегім жақсылықтан дәмеленсе де, салқын санам тым селқос. Түк өзгеріс болмайтындай көрінеді. Уақыт өтіп жатыр. Хат жайында ұмыта да бастаған едім. Қарауыл бастығы шақырады деген соң келсем, Михаил мені көре сала: «Биле!» - дегені ғой. Кенет өн бойым әлсізденіп иіп кетті. Анадай орындыққа зорға жетіп отырдым.
Михаил қолындағы қағаздан керекті деген жерлерінен теріп, дауыстап оқи бастады.
-«Ералы Қыпшақбаевтың Белорус жерінде партизан қатарында болғаны анықталды. Жаудың қару-жарақ қоймалары мен соғыс жабдықтары туралы дерек-картаны қолға түсіріп, соны алып шығу кезінде серігі Виктор Разумов екеуі қоршауға түсіп қалады да, Разумов картамен ұзап кеткенше, Қыпшақбаев жау алдынан оқ боратып жалғыз бөгеген...Тапсырмадан қайтып оралмаған оны отрядтағылар өлдіге санаған...»
Салдыр-күлдір дауыстан арадағы әңгіме үзілді. Вагондарды көгендеулі қозыдай жетектеп, электровоз келіп тұр. Мұзафар бізге анадайдан жұдырық түйіп айқайлап қояды:
-Мен жүрейін жұмысты ойлап, шырылдап. Сендер отырыңдар іштерің кепкенше әңгіме соғып бөсіп...
Мұзафар составты әдеттегі ақкөздігіне басып жын қуғандай айдаған болар, екі-үш вагон рельс табанынан тайып кетіпті.
-Саспаңдар, қазір, - деді Ералы. Сүйтті де өзі вагонның доңғалақ тайған жағынан барып жақтауға арқасын тіреп, төменгі ернеуден қос қолдай ұстады да, Мұзафар екеумізге демеп жіберіңдер деп ымдады, біз демеген кезде, ол «һауп-һа» деп бір тонналық темірді жұлқи көтеріп қалғанда, вагон доңғалағы жерден отыз сантиметрдей көтеріле беріп сарт етіп рельс табанына қона кетті.
-Фашистердің жұмысын істеп үйренген ғой, - деп жақтырмай күңкілдеген Мұзафар сырт айналды...
Бұл күні де, бұдан кейін де көпке дейін Ералымен тағы бір кең отырып сөйлесудің еш реті келмей-ақ қойды. Оңаша болмаса, ол сырт көзінше сыр ашпайды. Ал менің күн өткен сайын беті жартылай ғана ашылған жұмбақ сырдың құпиясын түгел білсем-ау дегегн құмарлығым шегіне жеткендей еді.
х х х
Кино басталуына әлі ертелеу еді. Уақыт өткізуге ермек болсын деп, театрдың мәрмәр басқышына құйрық қойып жайғасып алдым да, газет оқуға кірістім.
-Мұратбекпісің? – Дәл жанымда Ералы тұр. Қасында жасы он-он екілер шамасында талдырмаш келген қара көз, бұйра шаш, сұлуша көрікті ер бала бар.
-Сіз ше, Ереке, сіз де кино көруге келдіңіз бе? – деппін сасқанымнан.
-Жоқ. Күн жексенбі болғасын Әсемкүлдің басына барған едік, - деп келе жатты да, менің түк түсінбей тұрғанымды байқап,- Уақытың болса, жүр, сыра ішіп қайталық. Шөлімізді баса отырсақ, әңгімеге де орын табылар,- деп жымиды.
«Кино қайда қашар» деген оймен, мен бірден келісе кеттім.
Ералы қасындағы бұйра шашты сүйкімді ұлға:
-Жантілеужан, айналайын, - деді мейірлене қарап, - сен енді үй жаққа бара бер, мен де көп кешікпеспін.
Жантілеу қара көзі шоқша жайнап әкесіне жалт етіп бір қарады да, бізден үн-түнсіз бөлініп, ұзай берді.
Ресторанның кең залының төріне қарай озыңқырап барып жайғастық. Даяшы қызға айтып сыра, шампан алдырдық.
-Қорғаныс министрлігінен хат алдым дедім бе, өткен жолы,- деген Ералы менің мақұлдауымды күтпестен бірден әңгімеге көшті.- Түрмеден мезгілінен бұрын босанып, қуанышым қойныма сыймай елге тартып кеттім. Елге келген соң, Әсемкүлдің жағдайын сұрастырып білсем, байынан ажырасқан, Жезқазған -Қарсақпай темір жолы бойында Қумола деген шағын бекетте тұрады деп естідім. Мен дереу Әсемкүлді іздеп жолға шықтым.
Жезқазған -Қарсақпай темір жолы кезінде ағылшындар салған тар табан ескі жол. Пойызы шелтеңдеген кішкентай әрі жүрісі де шабан. Ойға қарай құлдырай жөнелгенмен, өрге келгенде ысылдап-пысылдап тез болдырып қалады. Жезқазғаннан күн сәскеде шыққан едік, Қумола қарасын түс ауа әрең көрсетті.
Мен мінген вагон стрелка жанынан ақырын жылжып жайлап өтіп бара жатты. Постыда – үстінде гүлді сатин көйлек, басында ақ жібек орамал, қолына қызыл жалаушасын ұстап, тығыршықтай бәденді келіншек тұр. Тіп-тік бітімі, кербезденіп тұрысы көзіме оттай басылды. «Әсемкүл!», деп қуана дауыстап жібергенімді білемін... Көзімді ашсам, жол жиегінде Әсемкүлдің алдында жатырмын. Құлаған кезімде шекем жараланған екен, Әсемкүл басындағы орамалының ұшымен жара аузынан сыздықтаған қанды сүртіп алып отыр. Ес жиғаныма қуанғаны болар, бетіме төне қарап жымия күлді. Жер бетінде бақыт деген бар болса, ол маған осы сәт Әсемкүлдің үстімнен төнген нұрлы көзі, шырын ерні, торғын ақ тамағы, ыстық демі болып көрінді. Әсемкүлдің ашық далада көп жүріп, бойына дала иісін көп жинаған солқылдаған балғын денесін бауырыма бар құшырыммен қатты қыстым...
Сол бір алыс қалған қимас сәт қайта айналып соққандай Ералы көзін жұмып аз-кем үнсіз отырып қалды да, кенет қайта серпіліп:
-Оу, ішіп-жеп отырайықтағы, құрғақ сөз ас болмайды ғой,- деп бөтелкеге қол созды. – Тез ішіп қоймасаң, қанша мақтағанмен, шампаныңда қадір қалмайды.
Аздап шампан алып, артынан мандарин жеп шөл бастық.
-Бірақ қайтейін, біздің жұбайлық бақытымыз ұзаққа бармады, - деді Ералы үзілген әңгімесіне қайта оралып.- Небәрі бір-ақ жыл бірге отасып тұрдық. Сол бір жыл, есіме алсам, өмірдің сұрқай күзі, қаһарын шашқан аязды қысы болмағандай, шексіз жаз болып көрінеді маған.
-Ажарасып кеттіңіздер ме? Менің ерсілеу сұрағыма Ералы мән бермеді.
-Бізді ажал болмаса, адам баласы айыра алушы ма еді, - деді бастапқы байсалды қалпын өзгертпей,- баладан кетті ғой. Жаңа өзің көрдің баламды, Жантілеуді. Соны менің қолыма тапсырды да, өзі жүріп кетті мәңгілік сапарға... Кесер жасап, баланы алып тастайық деген дәрігер сөзіне көнбеді ғой. «Сүйіктіме жар болып, бала тауып беріп бауырын жылыта алмасам, жер басып жүрмей-ақ қойдым», деп бет қаратты ма. Иә, ол сондай адам еді, Мұратбек.
Неге екенін қайдам, көптен бері толғантып жүрген ойымды мен де осы жерде айтып салдым:
-Ереке, - дедім батылданып, - Ереке, сіз неге Мұзафардың орынсыз айқайына үндемей көне бересіз?
-Мұзафар... Ол үшін менің партизан қатарындағы еңбегімнен жау тұтқынында болған «айыбымның» салмағы басым... Жә. Жақында Виктор Разумов досымнан хат алдым. Ол қазір соғыс мұражайында қызмет істейтін көрінеді. «Партизандық өмірімізден кітап жазып жүрмін. Қарулас достарымның адал есімдерін халыққа жеткізу – азаматтық парызым деп білемін», деп жазыпты маған.
Біз рестораннан шыққанда, манағыдай емес, күн ыстығы қайтып, Арқаның жанға жайлы қоңыр желі есіп тұрды.
-Жарайды, інішек, - деді Ералы жайдарылана түсіп,- менің жағдайымның жай-жапсарын білгің келіп еді, білдің. Менің қазір ендігі арманым, арым тапталмаса екен. Әкесінің шын қандай адам болғанын Жантілеуім біліп өтсе екен. Осыған жетсем, қиындық көрдім, болмадым, толмадым деп уайым жемес ем ешуақыт.
Менімен қол беріп жылы қоштасқан ол өз жөнімен көше бойлап тез-тез ұзап бара жатты...
х х х
Тағы бір қыс өтіп, жаз шыққан. Ел болып әдеттегідей Ұлы жеңістің кезекті мейрамына қызу дайындықтар жүргізіліп жатты. Біздің шахта ғимараттары да әктелді. Жолдар қыстайғы күл-қоқыстан тазартылды. Алаңқайдағы гүлзарда қызыл, жасыл үлбіреп көктемнің алғашқы гүлі бүр жарды.
Осындай шуақты күндердің бірінде Ералы жұмыстан кешікті. Біз оны әуелі біраз уақыт сыртта күттік. Шахта астына түсіп, забойға келген соң да, келіп қалмас па екен деп артымызға қарағыштап қойып жүрдік. Ақыры күдер үздік те жұмысқа кірістік. Мұзафар ашулы. «Біреу жүреді қыдырып, сен болсаң мынау әлдекім үшін жан қинайсың», деп күңкілдеп қояды.
Ералы біз забойды үйілген тау жынысынан тазартып бола бергенде, бір жарым сағаттай кешігіп келді.
-Өй, ішіп алғанбысың, қайдан жүрсің?- деген Мұзафар сөзін ол құлағына да ілген жоқ.
-Бүгін маған барлық жол ашық. Менің пропускім бар. Міне! – деп оң қолын алға соза түюлі жұдырығын жазып кеп жіберді. Әлдене маңайына күміс сәуле шашыратып жарқ ете түсті... Ералының күсті алақанында орден... Жауынгер Даңқы ордені жатыр еді.
-Военком шақыртқан соң барғам, осыны берді, - дейді Ералы күлімдеп.
Мен көзіммен Ералыны іздедім. Ойым: «Көрдің бе азаматты, жығыл аяғына!», демекшімін. Сүйтсем, ол жылжып кетіпті. Семіз құйрығы бұлтыңдап анадай жер ұзап барады. Артынан біреу қуғандай, қайырылып қарар емес.
Ералы орденін жұмыс кәстөмінің жан қалтасына сұға салды да, маған қарап қулана көз қысты:
-Кетсе – барсын. Біз екеуміз бүгін тау қопар десе, қопарып тастаймыз. Солай емес пе, Мұратбек?!
Мен үнсіз бас изеп келісе кеттім.
Өтен Ахмет