Қадырқұлов Нұртілеу: Мен сəттердің құшағында қалғыдым

ӘДЕБИЕТ
5415
Қадырқұлов Нұртілеу: Мен сəттердің құшағында қалғыдымҚадырқұлов Нұртілеу – Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Мәстексай ауылында дүниеге келген. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Филология» факультетінің 2 курс студенті. Республикалық VІІ «Мен жастарға сенемін!» жастар форумы «Поэзия» аталымының Гран-При иегері. Автордың дербес парақшасына өтіңіз

Ойкезбе

Серуеннен қайтпады Ойым. Қаңғырып,
Адаспауға өзін-өзі нандырып.
Жолықты ма жолай бөтен, жат ғалам,
Маңайына толды ма екен сан Күдік?!.

Серуенге кеткен еді Ой алдап,
Аяусызға аянышпен аялдап.
Енді жүрек қандай күшке бойұсынып,
Енді жүрек қандай түске боялмақ?!

Сол шіркінді жетпей дəрмен тұсауға,
Түні бойғы арпалыспен түс ауған.
Бірақ, ойсыз қайғы ұшына қонбаймын,
Бірақ, ойсыз Ай құшуға ұша алман!

Шарла!
Шарла!
Ой, жаһанның шарла ішін!
Күшің келсе, күпірлікке бармашы.
Осы күнгі жасап жүрген күнəлар -
Кеше ойлаған Ойларымның жалғасы.

Бу

Мен сəттердің құшағында қалғыдым,
...кешкен шағың шошындырды оқыстан.
Кеше ме... əлде, 
ол болмаса арғы күн
Бәзбіреуге жанарыңның оты ұшқан.

Өз кінəсі. Мейлі, сезім сорласын,
Мен жауапты сендегі көз жасына.
Ертеңдері...
қай шақтарда болмасын,
Көрінгенге "мендегіні" тасыма.

Сенім жеңді.
Сезім басым.
Ұтты үміт.
Білсең егер, бір құрсақтан бақ пен ар.
Теже бəрін. Уақытты қой күттіріп,
Тоқта біраз. Мен қалғыған сəтте қал!

Салқын

Шоқтардай шашырап,
Шыдамсыз сөнген шаттығым,
Ал, үміт баса алмай аптығын,
Жанымнан алыстап кеткен Ол.
Маңымнан алыстап кетті де Ол,
Мені сол қайтадан тапты мұң.

Күн бойы аңдыған
Түн келіп, жасайды торуыл,
Сарсаң ой - сабырдың соры бұл.
Барлығын еңсере тұрайын,
Мен Түнмен теңселе тұрайын,
Сен мені салқындық болып ұр!

Сенделген сол сұлба...
Мен күйін сүргенмін соқырдың,
Сен - өлең. Сезіммен оқылдың.
Келгендей жазамды өтеуге,
Жасалған орындық екеуге.
Өзіммен өзім боп отырмын.

Бар ма еді біреуің?
Сезімнің ұқпадым мен сырын.
...Сен құдды санада тұтанған,
Шегіліп бітпейтін шер-шылым.

Кешегі өткен күн
сияқты таңдағы түсім бір...
Сен жансыз бейнесің. Мүсін. Гүл.
(Орындық екеуге арналған)
Бір өзім отырмын дедім ғой,
Кел, бəрін асықпай түсіндір!

***

Жаңбыр күту... болмаса, тамшы тосу.
Елеңдеген кейпімді жасырайын,
Көп күттірмей күркіре, жаушы тосын.

Жарысыңдар, тамшылар, жарысыңдар!
Кел бағыттап дəл мені, мен ғой күткен,
Жерге асығып аспандай алысымнан.

Төгіліңдер, су-моншақ, төгіліңдер!
Мұң сылғанын көрейін аспанның да,
Тылсым барын сезейін көк үнінде.

Күрсінісі көгімнің көшер бойға...
Екпініне ғашықпын шекті білмес,
Мен аңсаған сол нағыз нөсер қайда?!

Малмандай бір су болып жаурайыншы.
Салтанатсыз түрдегі өлең оқып,
Буға айналып бұлттарды баурайыншы.

Көз тастап ем құстарға барлық ұшқан,
Не себептен айтпады жауын барын,
Жер бауырлап ұшатын қарлығаштар?!

***

 Үйлесім ғой!
 Бейнеңе ар таңылған,
 Табысқандай Күн мен таң.
 Сұлулықты сіңіріп жан-тамырға,
 Үнсіз қалу гүлге тəн.

 Бұл махаббат
 жайылған сан тарамға,
 Күбірлейді күллі ұлық.
 Тəңір оны тарту етіп ғаламға,
 Сыйлай салған гүл қылып.

 Жанарым көп үздігеді гүлге сол,
 Ығыстырып бар маңды.
 Сеземін ғой...
 Саф сезіммен үндес Ол,
 ...алдарқаттым арманды.

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...