Әйгілі Канн кинофестивалінің сарапшыларын тәнті етіп, жюри төрайымы Кейт Бланшеттің актриса Самал Ес...
Данияр Саламат: Киношниктер мен кинематографистер
Қиянаттың үлкені – өнерге жасалған қиянат. Қасіреттің үлкені - рухы жасыған әлеумет. Өнер қиянат көрсе, руханият өркендемейді. Рухани азықтан қағылған ел – барынан қағылады.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы талқысына мен «Талақ» атты туындымды ұсынған едім. Биағамның – Бейімбет Майлиннің «Әже» және «Талақ» атты әңгімелерінің негізінде осыдан бес жыл бұрын жазып шықтым. 37 беттен тұратын киносценариімді қолтығыма қысып, телмеңдеп «биік табалдырықтарға» ұмсынып, «емен есіктерді» қағып жүргенде, тағы бес жыл өтті. Бес жыл үміттің жетегінде жүріп, сценарийді дамытып, түртнектеп, тынбай іздендім. Әуелде менде ғажап сенім болды. Қолтығыма Бейімбет Майлиннің шығармасы ізімен жазылған киносценариді емес, Биағаңның өзін қолтығынан демеп төрге оздырып бара жатқандай шабытты едім. Биағаңның ғажап туындылары бойынша қағаз бетіне түскен сценарийдің жолы тақтайдай жазық, аспандай ашық болатынына сұмдық сенімді едім. Оған мынадай сабаудай себептерім болды:
1.Сол жазып шыққан жылы-ақ киносценариімді«Қазақфильмдегі» көркемдік кеңес қарап, Д.Исабеков, С. Нарымбетов, С. Елубай, Н.Санжар ағаларым қуана қуаттап, актуальділігін анықтап, қажеттігін жіліктеп, ақжол тілеген еді.
2.Осы уақытқа дейін Бейімбеттің шығармалары негізінде Мәдениет министрлігі шырай беріп, бір де бір толықметражды фильм түсірілмепті. Енді түсірмегенде қай кезде түсірмек? Бар ел өзінің таңдаулы классик жазушыларының шығармаларын екі-үш қайтара түсіріп, киноға айналдырып, шығармаға жаңа түр беріп, әлемге насихаттап жатты. Біз неге барымызды бүгіп, бишара қалып танытамыз? Ал, Майлиннің бұл екі әңгімесі сойқан кинематографияға сай еді. Заманның райы, дәуірдің демі, ұлттың қасіреті, мұңы, түрлі характерлер, ұлтқа ғана тән типтік образдар, сол типтік образдарға тән қызықты да қасіретті, оригиналды әрекеттер мен ситуациялар – бәрі-бәрі тұнып тұр ғой! Сұранып тұр ғой? Қалай түсірмейсің? Ұят емес пе?
3.Б. Майлиннің дүниесіне күмән келтіру – күнә! Оған дәлел – қаны мен терін араластырып жазған жауһар шығармалары! 2005 жылы өткен үш аса ірі үш (Канн, Берлин, Венеция) кинофестивалдердің бірі – Берлин кинофестивалінде «Туйдың үйлену тойы» деген фильм (реж. Ван Чуанан) бас жүлдені – «Алтын аюды» жеңіп алды. Сол фильмнің сюжеті Бейімбеттің «Күлпаш» әңгімесіне ғажап ұқсас еді. Тіпті, көшіріп алғандай... Сонда өкінген едім, біз төбеміздегіні көрмей, «ұйықтап» жүргенде Биағамның әңгімесінің сюжеті әлдебіреуге телініп, басқа жұрттың бағын жандырып, қолдан сусып кетті-ау деп... Қуанышым да болды, өйткені, әлемді дүркіретіп, әлемнің рухани игілігіне асып жатқан дүниенің нобайын Биағам баяғыда шимайлап тастаған деп... «Алтын шыққан жерді белден қаз», мен Биағаңа сүйеніп жазған «Талақ» киносценарийі сол өкініштің орынын толтыруға деген ұмтылыс еді: Биағаң бізді әлемдік аренаға ұлттық таныммен алып шығуға әлдеқашан дайын еді, ал біз... (38 жылы қырықтың бел ортасына жеткізбей өмірін үзгенімізбен қоймай, енді өлмейтін шығармасын қолдан тұншықтырдық).
Осы дәлелдер де жеткілікті болар?
Сонымен, сарсаңмен бес жыл өтті. «Қазақфильмді» бауырына басып етпеттей жатқан, «табалдырығы қол жетпес биік», «емен есігі құздай берік» Мұхамедиұлының дәуірі өткендей болған. Өткен жылы «Ұлттық киноны қолдау орталығы» құрылды. Үміткер сценарийлерді жинап, алғашқы питчингі де өтті. Алғашқысына «Талағымды» сүйреп әуре болғам жоқ, ол кезде Мұхамедиұлы әлі министр: «Қазақфильмді» дымсыз қоя беріп, қоржыны қаржыға толы Орталықты өзі құрып, адамын өзі сайлап, «құйрығын өкшесімен басып» отырған еді. Сосын ол да кетті. Жаңа министр – Ақтоты Рахметоллақызы келді. Ол кісінің алқауымен Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы өзгерді. Эксперттік кеңес құрамы да жартылай жаңарды. Жаңа басшы (Гүлнар Сәрсенова) келе сала енді бәрі ашық, тамаша, әділ болады деп ұрандатты. Питчинг онлайн өтеді деді. Сан жұрт кірпік қақпай қарап отырады деді.
Сеніп қалдық. (Сенбегенде де, «Қазақфильмді» қауқарынан айырған, қайда барасың?)
Екінші питчингіне жатпай дайындалып, қостық «Талақты».
Питчиг те өтті. Қалай өтетінін өткендегі жазбамызда түсіндірдік біраз.
Ұлттық киноның жыртысын жыртып қазақша ұсындық жобаны. Сценарийімізді алдын-ала орысшаға аудартып алған. Питчинг алаңына көтерілгеннен көңіл құлазып сала берді. Самсап отырған эксперт кеңесі мүшелерінен тіл түсінетін адам екеу-үшеуден аспайды екен. Ұлттық киноның жалауын көтеріп жүрген мастерлер: Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсыновтар іріктеу кезіндегі әділетсіздіктерге төзбей өз еркілерімен эксперттік кеңес мүшеліктерінен бас тартты деп естігенбіз, орындары үңірейіп тұр. Сөйледік сонда да. Сөйлеу қиын болды, «анау түсінбеді-ау», «мынау түсінбеді-ау», «мен кімге айтып жатырмын» деген ойлар жүйкені қажап, дегбірді алды. Бір-екі сұрақ қойылған болды. Бар ынтаммен екі-үш жауап бергендей болдым. «Жартасқа барып, айқайды салғандай» сахнадан түстік.
Тұнған белгісіздік. Қалай қорғағаныңды да білмейсің, олардың ойында не бар екенін де білмейсің, жетістігіңді де білмейсің, кемшілігіңді де білмейсің... Питчингтен соңғы іріктелген киножобаларды ВАК құзырына аттандырады деген, оған жіберілген-жіберілмегеніңді де білмейсің...
Содан сан ай, сан сарсаңнан кейін жеңімпаздардың , «Ұлтық киноны қолдау орталығының» қаржылай қолдауына ие болған фильмдердің тізімі жарияланды. Ішінде «Талақ» жоқ болып шықты. Бейімбет Майлиннің шығармасы - мен пақырдың сценарийін министрлік пен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы «ұлттық кино мәртебесіне лайықты емес» деп тауыпты! Пах! Браво! Биағамның кітабы мен сценарийді бауырға басып, есеңгіреп, бүк түсіп жаттық та қалдық... Не үшін? Не себепті? Қалайша? Сұрайтын адам таппайсыз! Қап-қара түрің ұнамады ма, жалбыраған шашың ұнамады ма, сөлбірейген пошымың ұнамады ма, бір Құдай білсін... Міне, «ашық», «әділ», «онлайн» «теңдесіз» питчингтің сиқы!
Енді не істемек керек?
Сәл шегініс жасайық.
Питчинг өтерден бұрын, эксперттік кеңес мүшелерінің шеті сетінемей тұрып, Ұлттық киноны қолдау орталығы үміткерлерді жиып өткізген бір жиында «Қазақфильм» АҚ Төрағасының орынбасары Қанат Төребай: «Эксперт кеңесі мүшелерінің ішінде қазақ тіліндегі киносценарийді оқып, түсіне алатын төрт-ақ адам бар, қазақ тіліндегі киносценарийлерге қалай баға беріп, іріктемексіздер?»-деген ащы сұрақ қойды. Біразымыздың көкейіміздегі сұрақ еді бұл. Бұл кезде Орталық төрайымы Гүлнар Сәрсенова сыртқа шығып бара жатқан еді. Жауапты эксперттік кеңес мүшесі - Ермек Тұрсынов берді: «Осы мәселе мені де ойландырады, негізі, ағылшын тілінен бұрын, әуелі осы елде кино түсіремін, бағалаймын деген адам қазақ тілін үйренуі керек!» -деді. Соның алдында ғана Оралық Төрайымы Гүлнар Сәрсенова «ағылшын тілін білуіміз керек, ағылшынша сөйлейтін маман дайындауымыз керек»- деп біраз көсілген-тін. Ерекеңе ол ауыр тисе керек.
Артынша-ақ Сатыбалды Нарымбетов пен Ермек Тұрсынов эксперттік кеңестен шығатынын мәлімдеді. Әрине, оған ұлттық дүниеге деген салғырттықпен қоса, басқа да әділетсіздіктер себеп болғаны анық. Осы кезден бастап-ақ ұлттық киноның шын жанашырларын, шын мамандарды экспертік құрамнан енді көрмейтінімізді ұққанбыз.
Енді осы әділетсіздікке жол берген кім?
Бұл әділетсіздіктің үзік-үзік, әбден түтілген, ұйпаланған, жүз үзіліп, жүз түйілген жібін қуаласаңыз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басында отырған А. Райымқұловаға барып тіреледі.
А.Райымқұлова министр тағына отырғаннан-ақ үлкен үмітпен қарағанымыз рас. Кинода болып жатқан берекесіздікті реттейді деген үмітпен өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетіне «Қазақ киносның (шешілмей жатқан) төрт түйіні» деген проблемалық мақала жарияладық. Осы болып жатқан берекесіздіктер ушығып кетпес үшін алдын-ала айттық.
Ішінде жаңа министрге қаратып айтқан ізгі тілегіміз бен базынамыз да болды. Министрлік тарапынан тырс еткен жан болмады. Сосын, осы Ұттық киноны қолдау орталығында өткен екінші питчинг аяқталмай жатып «Ұлттық кино жайлы» атты жазбамызды жарияладық. Түрлі сайттар көшіріп басып жатты. Оны да министрге қарата айттық. Министрлік тырс етпеді тағы. (Әлде, менсінбеді...) «Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» болды. Есесіне ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бақылауындағы басқармалар, мен орталықтарда сыбайлас жемқорлық лаңы өршіп кетті. Әуелі спорт және денешынықтыру комитетінің төрағасы С. Сәпиевтің орынбасары ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды. Артынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басшысы Гүлнар Сәрсенова ірі көлемде пара алды деген күдікпен қолға түсті. Киелі мекен, алыптардың табанының ізі жатқан қарашаңырақ «Қазақфильм» нәпақасынан қағылып, сан қызметкер қысқарып ол кетті... (Басқа басқа «Қазақфильмді» тұншықтыруға болмайтынын, онда үлкен база, шын киноның парқын білетін, ажырата алатын мол тәжиірбесі бар кино мамандары шоғырланғанын, енді Ұлттық киноны қолдау орталығыны құзіретін осы «Қазақфильмге» беру керек екенін өткен жазбамызда баса айттық.)
Соңғы тізімі министр Ақтоты Рахметоллақызының алдына барып (ВАК) бекітілетін мына Ұлттық киноны қолдау орталығының қорытындысы тіпті шалқадан түсірді. «Шөп» те жүр ішінде, «шөңге» де жүр! Тек, ұлттық кинематография жоқ! Негізі, министрлікке киношник пен кинематографистің екі бөлек әлем екенін жай құлаққағыс қылсам деймін. Ол үшін ұлы кино теоретигі, кинорежиссер Р. Брессонның «Заметки о кинематографе» мен А. Тарковскийдің «Запечатленное время»шығармаларын бір шолып шықса жеткілікті болар еді. Басқалай түсіндіріп, енді бекер әуре болғым келмейді...
Енді оларға (министрлікке) қандай талап дейсіздер ғой?
Талап жоқ ешқандай... Өйткені олардың қолдарынан келетіні - осы! Соңын күтеміз тек... Бүк түсіп, жата тұрамын әзірге... Қазақ руханиятының алтын діңгегі – Биағамның шығармасын бауырға басып...