Қасым Аманжоловтың «Дариға қызы» кім?

ӘДЕБИЕТ
16144

Қасым АМАНЖОЛОВТЫҢ «Дариға, сол қыз!» деген өлеңі бар. Екінші Дүниежүзілік соғыстан соң жазылған. Бар-жоғы – 6 шумақ. Мұндай лирикалық образдар қазақтың аймаңдай ақындарының біразында кездеседі. Бірақ, Қасымның осы өлеңі өзіне дейінгі қазақ поэзиясында болмаған құбылыс деп бағаланған. Қасым Сақыпжамалды сүйді. Ал, дариға қыз кім? Дауылпаз ақын неліктен сұрапыл соғыстың, қан майданның ішінде жүріп, «Дариға, сол қызды» іздеді?

Осы алты шумақтан тұратын шығармасын ақын шартты түрде үш (І,ІІ,ІІІ) бөлімге бөлген. Шағын өлең болса да, асықпай зер салып оқысақ, әр бөлімде соғыстың басы, орта тұсы және соңы классикалық үлгіде суреттеледі. Ал, бұл өлеңнің ерекше құрылысы мен сюжеті бізге дейін де талданған. Мәселен, ақын Ертай Ашықбаев: «Бізге дейінгілер де талай мақалаларға өзек еткен «Дариға, сол қыздың» біртіндеп тарқата берерлік осындай жүйелі иірімдері жетерлік. Формасы әскери киімдей жинақы, мінсіз, соған орай эмоциялық қуаты да мартен пешінің жалынындай өткір, оған қоса психологиялық дәні де әбден толысқан бұл өлеңнің махаббаттың тозбайтын шежіресінің бір алтын парағы болып қала беретіндігі де сондықтан шығар», – деген екен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Қасым іздеген Дариға, сол қыз» атты мақаласында.

Ендеше, біздің де Дариға қыз жайлы өз айтарымыз бар.

Алдымен, бұл туынды ақынның өмірге құштарлығын, өмірдің мәнін білуге, құпиясын тануға деген жан қалауын байқататынын айтқан жөн. Өйткені, «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз» деп, өзінің білгісі, көргісі келгенін қызға, аруға теңеген болуы ықтимал.

Әдебиеттен хабары бар адамдар немесе өлеңге жаны жақын жандар: «Қасым соғысқа аттанарда Дариға есімді қызға қатты ғашық болып, онымен тілдесе алмаған. Сондықтан, соғыста жүріп сол сұлуды аңсайды. Елге аман қайтып, соны көргісі келеді. Өз қызының есімін Дариға деп қоюы да осы жағдаймен байланысты» деген болжамдар айтады. Жалпы, бұл өлең хақында түрлі пайымдар бар. Осыдан-ақ, Қасымның ақындық қуатын, поэзиясының тереңдігін, тағдырының өте күрделі екендігін көреміз. Енді, біздің болжамға оралайық. Сонымен, Қасым «дариға қыз» деп кімді іздеді? Пайымдауымызша, бұл сұраққа жауапты ақынның басқа шығармаларынан қарастыру керек секілді. Бұл, әрине, жеке пікіріміз. Келісу, келіспеу – әркімнің өз еркі.

Енді қараңыз. Қасым туған жерінен жас кезінде кетіп, қайтып келмеген. Яғни, туған жерге деген сағыныш оның жүрегінің түпкірінде қайнап жатты деген сөз. Еңсесін тіктеп, енді Қарқаралысына келмекші болып жүргенде, соғысқа аттанады. Кез келген адамда «соғыстан қайтпай қалуым мүмкін» деген үрей болары сөзсіз. Осындай туған жеріне, даласына деген үлкен сағыныштан «Дариға, сол қыз» өлеңі туған болуы мүмкін.

Неге десеңіз, Қасымның «Туған жер» атты өлеңінде «Уа, дариға, алтын бесік туған жер!» деп егіле жырлайды. Міне, оның кіндік қаны тамған топырағына сағынышы қандай болған. Яғни, сұрапыл соғыста жүрген әр тірі жан иесі туған жерін, даласын аңсары анық.

Ал, Қасым өзінің бар жанымен құрмет тұтқан түсінігін «Дариға» деп қастерлеген. Солай атаған. Оны жоғарыда айтқан «Туған жер» өлеңінде ақын өзі бізге емеурін етіп тұрғандай. Мұндай шығармашылық құпиясына сөз арасында аздап бағыт-бағдар беру хакім Абайда да кездеседі. Демек, Қасым соғыста жүріп, қазақтың даласын, туған, өскен жерін аңсады. Оның сұлулығын, көркемдігін Дариға сұлуға теңеді. Сол қазақтың байтақ та асқақ даласында бұлғақтап өскен, өне бойына жусан иісі сіңген қазақтың дариға сұлуларының теңіздей тұңғиық жанарына көшкен Отан-Анасының, жусан аңқыған дариға мекенінің келбетін көргісі келген болуы мүмкін.

Өз басым сұрапыл соғыста жүріп, қыз ойламас едім. Туған жерімді, ауылымды, Отанымды ойлар едім. Өйткені, соғысқа әр солдат сол Отан-Анасын, ел іргесін қорғау үшін барады емес пе?

Ал, егер туған даласын сағынғанын Дариға қызға теңеп, жұмбақтамай, тікелей жазғанында мұндай жаңа формадағы өлең қазақ поэзиясында құбылыс болмас еді. Өйткені, туған жерін, Отанын жырламайтын ақын жоқ. Оны Қасымша Дариға қызға теңеп, астарлап жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл өлеңнің табиғатын Бекен Ыбырайым: «Дариға, сол қыз!» өлеңі ырғағымен, заман шындығын, лирикалық кейіпкердің тебіренісін бейнелеу ерекшелігімен сол кезеңде айрықша жаңалық ретінде сүйсіндірді. Әр тармағы он буыннан тұратын өлең ол тұста өте сирек ұшырасатын.


Бұл ырғақтың тамыры сонау ерте дәуірдегі эпоста, жыраулар поэзиясында жатқанымен, 20 жылдардағы өлеңдерде ішінара ұшырасқанымен, Қасымға дейінгі және бертінгі қазақ поэзиясында бәлендей кеңінен қолданыла қойылған жоқ», – деп дөп басқан екен.

Оның үстіне хас сұлуға, аймаңдай қызға теңеп жазған өлең оқырманның қызығушылығын оятып, қашан да елдің назарында, жастардың аузында болары анық. Сондай құпиялылығымен де, бұл классикалық туынды әлі күнге дейін жан-жақты жазылып, зерделеніп келеді.

Оған қоса, бұл өлең әрі ән түрінде орындалалды. Алты шумақтан тұрса да, басы-аяғы бар, тұтас бір дәуірдің шындығын көтерген астары терең туынды – бұл.

Тәкен Әлімқұлов: «Терең сезім, менменсіз іңкәрлік, шалқыған арман оның «Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!» деп келетін әйгілі өлеңіне ұласады. Сөзіне әні сай, әніне сөзі сай осынау махаббат гимні – әсершіл ақын жанының жаңғырығы. Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім неғылса да» атты өлеңімен, оған Сыдық Мұхамеджанов жазған әнмен қапталдасарлық бұл шығарма Қасым лирикасының да, музыкасының да шыңына жатады» деп баға берген. Бұл аталған өлеңнің қатардағы шығарма еместігіне дәлел.

Ал, біздің айтпағымыз – осы. Көзімізге осылай көрінді, көңілімізге осылай жетті Қасымның Дариғасы. Танымымызда Қасым жалындата жырлап, әлемді шарлап іздеген Дариға сол қызы – туған жері, байтақ Отаны. Ол, ең болмаса, қазақтың бір Дариға сұлуын кездестіріп, соның жәудір көзіне сіңген байтақ даласының суретін көргісі келді.

Сонымен қатар, бұл өлең Қасым өмірден өткен соң да, өз миссиясын атқаруын тоқтатқан жоқ деп есептейміз. Өйткені, Қасым туған жерін соғыстан аман келсе де, көре алмады. Бұйырмады. Демек, бұл туынды Қасымның қатал тадырының бір белгісіндей. Қасым өмірден өтсе де, оның домбырасында шертілмей қалған сол бір күйі шарқ ұра «Дариға, сол қыз» деп, егіле сарнап, туған жерін, Қарқаралысын, Дариға даласын іздейтіндей…

Жәлел ШАЛҚАР

author

Ертай Ашықбаев

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...