(ЖОЛТАЙ ӘЛМАШҰЛЫНЫҢ «ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ ТҮНІ» КІТАБЫН ОҚЫҒАНДА)Дәуір икемдігіне қарай мәде­...
Қауанова Шырын. Қираған қиял (шынайы оқиғалар негізінде)
Әлем халқы тарихта орын алған соғыстармен, елеулі оқиғалармен жақсы таныс. Бүгінде кез-келген адам жаңа дәуірдің басындағы 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болған оқиғаны көзіне түйір-түйір жас алып, баяндап бере алуы мүмкін. Алайда өткен ғасырдан бері соғыстан арыла алмаған Ауғанстан мемлекетін еске түсіретіндер жоқтың қасы. Ортақ планетамызда мекен етушілер Жердің бір қиырында әлі күнге дейін жүріп жатқан ішкі соғыстардан бейхабар болуы ықтимал. Бәлкім ауғанстандық досым Борхануддин Муради болмағанда, менің де бұл оқиғаға назар аударатыным неғайбыл.
2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі Нью-Йорк пен Вашингтондағы оқиға Б.Мурадидің мемлекетін ғана емес, бүкіл әлемдік жағдайды күрт өзгеріске ұшыратқаны мәлім. Лаңкестік жауапкершіліктің жүгі Талибандарды паналаған ең ірі халықаралық ультрарадикалды «Әл-Каида» ұйымының басшысы Усама бен Ладен мен оның жақтастарына артылды. Талибандарды тасалаған Усама бен Ладенге Америка Президенті Дж.Буш қанша сұрау салғанымен, талебтер оны беруден бас тартты. Міне АҚШ әскерінің Ауғанстанға кіруіне бірден-бір себеп осы болды. Бұл соғыс ауғанстандықтар үшін алғашқы емес кезекті соғыс еді...
Борхануддин МУРАДИ: БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМ СОҒЫСПЕН ӨТКЕНДІКТЕН МЕН ЕШҚАШАН ӨЛІМНЕН ҚОРЫҚПАДЫМ...
Бір сәтке өзіңіздің балалық шағыңызды көз алдыңызға елестетіп көріңізші!? Сіз алты-жеті жасыңызда не істеп жүрдіңіз? Әлбетте, достарыңызбен далада емін-еркін ойын ойнап, асыр салып жүгірдіңіз ата-анаңызды дайындап берген барды жоқ киімін киіп, мұнтаздай болып мектеп табалдырығын аттадыңыз, білім алдыңыз. Егер Сіз 2001 жылы мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршін болсаңыз алғашқы қоңыраудың үнін естігеніңіз, әліппені қолға алып әріптер үйренгеніңіз, түрлі-түсті беттердің арасынан өлеңдер жаттағаныңыз есіңізде болар?! Тәтті балалық шақты сезіну бақыты әлемнің басқа бұрышында өмір сүрген сіздің құрдасыңызға, тіптен оның отбасына да бұйырмаған екен. Олай деуіме себеп Бурханның (Борхануддин) әңгімесі. Досымның әңгімесін тыңдау және оны қағазға түсіру мен үшін оңайға соқпады. Бір адамның, жо-жооооқ..! Адамның ғана емес, тұтастай мемлекеттің тағдыры туралы әңгімені қозғау өте ауыр. Әсіресе әңгіме саяси мәселелерге келіп тірелгенде Бурханның ғана емес, әлемнің басқа елдерінде тұратын азаматтардың, тіпті менің де тілімнің байланатыны жасырын емес. Бурхан кез-келген адаммен мемлекеті жайында сыр ақтарып, ашылып сөйлесе бермейді. Ол көзілдірігін шығарып, көзін уқалап қайта тақса,демек айтатын сөзін әбден сүзгіден өткізіп сөйлеуге әзірленіп отыр деп жобалайтынмын. Біз оны үнемі сабырлы қалпында көрдік, көріп те келеміз. Достары болып әзілдеп қанша жерден ашуын шақырсақ та, сабаздың сабазы ешқашан ашуға бой алдырмайтын.
Жеке басым Бурханды 2014 жылдан бастап танимын. Түркияның студенттер қаласы саналған Денизліге 2014 жылы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен бардық. 1992 жылы құрылған Памуккале (Мақта қамал) деп аталатын жоғары оқу орнында 70 мыңға жуық студент білім алады. Мыңдарды құшағына алған Эгей аймағының таңдаулысы Памуккале университеті – біз үшін ыстық ұя саналады. Әлемнің әр бұрышынан барған шетелдік студенттер жыл сайын немесе әр семестрде сол «ыстық ұя» альмаматерде бас қосады. Бурхан Түркияға бізден бір жыл бұрын ерте барған. Ол Отанына кеш оралатындардың немесе мүлдем оралмайтындардың қатарында.Мен оның Түркия елінде не себепті қалғанын кеш түсіндім...
Бурхан, мен және өзге де шетелдік достармен таныстығымыз PADAM (шетелдіктерге түрік тілін үйрететін орталық) тіл курсында басталды. Аустралия құрлығын есептемегенде барлық материктің жастарын осы PADAM-нан кездестіруге болады. Жергілікті адамдар, студенттер PADAM-ның не екенін, қайда екенін біле бермейтін. Мәселен, менімен тарих бөлімінде оқыған студенттер университет қабырғасында орналасқан орталықтан мүлдем бейхабар деуге болады. Тек шеттен келген тіл үйренушілер мен Тілдер бөлімінің оқытушылары ғана геолокацияның қайда екенін жақсы білетін.
Барлығымызға ортақ міндет – ол түрік тілін тез арада жылдам меңгеру. PADAM қарапайым тіл үйрететінорталық қана емес, түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын біріктіретінмәдени қарашаңырақ. Орталық университет кампусының шағын ғана ауданын алып тұрса да, біз сияқты алыстан келген жастар ол жерге барудан бас тартқан емес .
Сол кездегі орталықтың мүдірі Мұстафа Сарыджа мырза мен жары Нуртен Сарыджа ханымды, таңғысағат 8:45-тен 15:00-ке дейін жалықпастан тіл үйреткен ұстаздарымыз Шериф Кутлыдааг, Ведат Өздемир, Ертан Кушчу, Бедри Сарыджа және Хава Ергюрдерді ерекше құрметтеймін. Падамда жанды, шынайы әрі естеқаларлық қызықты дәрістер сыйлаған ұстаздарыма әлі күнге дейін ризашылығымды білдіремін!
PADAM-дағы дәрістер ешқашан аудиторияның ішінде шектелмейтін, апта соңында бізді үнемі тосын сыйлар күтіп тұратын. Денизлідегі тарихи орындарға саяхат, концерт, театр, пикник т.б. шаралар аптамыздың мәнді аяқталуына және жаңа аптаны тамаша көңіл-күймен қарсы алуға ерекше әсер ететін. Бірақ, мен айтқан кереметтей әсер барлығына бірдей жетті ме, барлығы тамаша көңіл-күйде болды ма деген сұрақ кейіннен естелік суреттерге қарап отырыпойыма оралды?! Отанын тастауға мәжбүр болып, саяси жағдайларға байланысты Шығыс Түркістаннан, Сириядан, Ауғанстаннан, Ираннан және Африканың бірқатар елдерінен келген жасөспірімдер мен үлкендердің біразы дәл біздей көңіл көтере алмағаны анық. Сол топтың бары немесе жоғы аса қатты біліне қоймайтын. Кейбірінің даусын естімей де кете бардық?! Бірақ, оларды мазалаған ойлар меніштегі сөздері көз жанарларында жазылып тұрды. Әрбір тірі пендеге үреймен қарайтын Сирияның жасөспірім балаларының сол кездегі көздері әлі есімде. Иә, олардың ешқандай күнәсі жоқ, тағдырлары үшін жауаптылардан есеп сұрауға шаралары да жоқ. Мүмкін,олар әлемнің есігін айқара ашып «Соғыс үшін біз кінәлі емеспіз, бізді жазғырмаңдар! Біз де адамбыз» деп айғайлағылары келген болар. Орталықтың әр дәрісханасындағы Шам елінен келген тағдырлыларының ары қарайғы пешенелеріне не жазылды екен?!
Сириялықтардың барлығы айналадағылардан зәбір көрген момын деп айта алмаймын. Араларында Түрік елінде жүріп жергілікті халыққа бұзақылық көрсеткендері де бар. Қоғамның оларға деген көзқарасының оң болмай тұрғанына бұл да бір себепдеп ойлаймын. Денизлі халқы алғаш рет 2014-те шетелдік босқындармен бетпе-бет келді. Бұл жолы олар қонақжайлылық танытатындай саяхаттаушы қонақтарды қабылдап отырмағандықтарын түсінді. Жергілікті халық Түркияның аймағына босқындарды кіргізбеуге байланысты Үкіметке наразылықтарын ашық түрде жеткізді. Әлеуметтік желілерде, әсіресе Facebook платформасында қарсылық танытқан халықтың пікірлері толассызданып жатты. Қоғамдық орындарда, базарларда сириялықтардың күннен-күнге қаптап бара жатқаны туралы әңгімелер қызу талқыға түсетін. Көшенің әрбір бұрыштарында, шайханаларда, тіпті аудиторияларда бұл мәселелер күннің өзекті тақырыбына айналғаны мені де қатты алаңдататын. Бұрын-соңды босқындардан таза болған алаңсыз қалалар ендігі кезекте жетім мен жесірлері топталған сириялықтардың құтты мекеніне айналды. Біз сияқты сырттан барғандар, жергілікті халық пен босқындарды шатастырып та алады.
Алғашында олар тілді үйренгенге дейін жұрттың не айтып жатқанын елеп-ескеріп мән бермейтін, бірақ көзқарастарынан бәрін ұғатын. Әрине, халықтың бәрі бірдей жақтыртпады деп айтуға келмейді. Бірақ, басым көпшілігі жоғарыдағы ойларынан ажырамады. Оларға толеранттылық танытып көмектескендер де, қарғыс жаудырып қуғандар кездесті.
Мұстафа мырза мен Нуртен ханым Падамға келген сан түрлі тағдырлыларға қол ұшын беріп, олардың бәрімен жекелей жұмыс жүргізіп, көңілдерін бөлді. Мүдір бей концерт өтетін кезде түрлі шараға бір отбасындай қатысуымызға баса назар аударатын. Бурхан досымыз дасол шаралардың белсенді қатысушысы болды деп айтуға әбден болады. Алғашқы жылында ұлттық би билесе, кейінгі жылдарда танымал ақындардың түрікше жырларын оқып, қойылымдарында басты кейіпкерлердің рөлін сомдады. Мақсатынан мүдірмей, тілді өзгелерге қарағанда тез меңгеріп университет қабырғасындағы оқуын бастаған Бурхан түріктер үшін çalışkan öğrenci/еңбекқор студент/еді.
2015 жылы жазғы демалысымда Денизліге қайтадан бардым. Бүкіл Денизліні түгендеп болған соң, Бурханмен жолықтым. Ол жазғы оқуына барып, одан қалса жұмыс істеп жүр екен. Инженерлік факультеттің студенті болу оңай емес. Менімен бірге күзгі семестрде оқуға келген досымыз күні-түні оқыса да, емтиханнан 100 баллдың 4-еуін ғана жинады. Біздің есеппен ол «екі» деген баға. Оқудан қатты қиналып жүрген Бурханның да жағдайы да аса мәз емес. Не оқудан, не махаббаттан жолы болмай жүргеніне сол кезде куә болдым. Кітаптардан басын алмай, қарыз сабақтарын жазда оқып отырған түрі бар. Ол жетпегендей медициналық факультетке түспедім деп қапаланғаны бар ма?! Бурханды үнемі университеттің кітапханасынан табатын болдым. Кітапханаға кіріп барсам ішінде жыбырлап кітапқа үңіліп отырған адам көп, көбі Бурханмен тағдырлас сияқты. Кітаптарды ақтарып, компьютердің пернетақталарын тарсылдатып басып отырған қаралардың саны жетіп артылады. Көзіммен сүзіп досымның қайда отырғанын тауып алдым. Өзіне қарай бет алдым. Теріс қарап бірдеме оқып отыр. Таяй бере телефонына қоңырау шалдым. Ол телефонының экранына қарап ойланып отыр екен. Арқасынан тарс еткізіп ақ жейдесінің үстінен шапалақпен бір ұрдым. Бурханның арқасынан шыққан шапалақтың даусы кітапхананың біраз бөлігіне жетіп үлгерді. Байғұс Бурхан шошып селк ете түсті. Ел қарап тұрса да, міз бақпадым. Өкінуге тым кеш екенін білемін. Бурханға қарап «менің –қоңырауыма жауап беруге неге ойланып отырсың? Ал саған жаза дедім. Мен емес, менің орныма Бурхан кітапханадағылардан ыңғайсызданып, кешірім сұрағандай басын изеді ме түсініксіздеу, маған қарап «жүр, жүр сыртқа шығып шай ішейік», - деп ертіп шықты. Ректораттағы кітапханадан шығып, 100 метрлік жердегі Ай кафеге бардық. 100 адым жүргенше мен оның есін шығарумен болдым. Түрлі сұрақтар қойдым. Неге біздің еркелігімізге ашуланбайтынын сұрадым. Еліне неге қайтпай жүргенін, барлық ауғанстандық жастардың неліктен Түркияда жүргендерін қайталап сұрай бердім?! Себебі маған жұмбақ досымның өмірі, отбасы, мемлекеті туралы білу қызықты еді...Жауап бермеуі де мені алаңдататын.
Ол әдеттегідей «бошвер» қайтесің деумен әңгімені жабуға тырысты. Ешкіммен бұл тақырыптарда сөйлескісі келмейтінін айтты. Ай кафеден тамақ ішуге зауқымыз болмады, тек шәй ішіп екі жаққа тарқастық. Мен де біржолата сұрақ қоюды доғардым. Кездесіп қалған жағдайда тек күнделікті қал-жағдайымызды білісіп тұрдық.
2 жылдан кейін...
Осылайша уақыт та зымырап өте берді. Көзді ашып жұмғанша 4 жылдық білімімді аяқтап, магистратураға оқуға түстім. Магистратураның екінші семестрінде Памуккалеге қайтадан оқуға бардым. Сабақтарым өте ауыр болды. Түркиялық мұғалімдер мені түріктермен қатар көрді. Бірден түрік тілінде ғылыми мақалалар жазу, баяндау ауыр екенін ешкім елеп ескермеді. Жеңілдіктердің болмайтынын ұстаздарым әу баста айтып қойған еді. Аптаның 4 күнінде докторанттармен қосылып сабақ оқып, ғылыми еңбектерді бірге талдадық. Әрине, ішінде Османлы қолжазбаларымен жұмыс істеу қиынға соқты. Арабша, парсыша жаза алатындар мәтіндерді оп-оңай оқып, еш қиналмастан аудара беретін. Осы тұста Бурханның маған көп көмегі тиді. Османлыжа мәтіндерді аударуда алдына жан салмай, өзінің оқуының ақсап жатқанын пысқырмастан көмектесе жөнелді.
Менің магистратура оқыған жылдары мүлдем уақытым болмады. Уақытым болмады дегенге қарағанда оны тиімді жоспарлы түрде жұмсадым дегенім дұрыс шығар. Шыны керек, Түркиядағы әр күнімді мәнді әрі мағыналы етіп өткізуге тырыстым. Тарихи орындарға саяхат жасаудан жалықпадым, қаланың музей, кітапханаларына міндетті түрде барып отырдым, түрлі жиындарға қатыстым. Саяси мәселелерін де тыңдап, сүзгіден өткізіп отыратынмын.
Енді мен Бурхан үшін емес, Бурхан мен үшін алаңдайтын болды. Досының көз алдында із-түссіз жоғалып бара жатқанын сезді. Себебі өзімен кездесулер де сиреп кетті. Отырып бұрынғыдай әңгімелесу бір сәтке тоқтап қалды.
Бір күні оны инженерлік факультеттің жанынан кездестіріп қалдым. Шаштары бұрынғыдан сиреген, көзілдірігінің әйнегі қалыңдаған Бурхан кәдімгі оқымыстының рөлінде.
Өй Бурхан, мына оқуың біте ме, бітпей ме?! – деп дауыстадым. Ол жымиып күліп қарап «менің қолымда емес қой" - деді. Сенің қолыңда емес болса, мұғаліміңнің қолында емес болса, сонда кімнің қолында өзі деп одан әрі жанды тұсынан салып кеп жібердім. Ол ашуланбайды, оның аты – Бурхан. Жер айналып ортасына түссе де Бурхан сабырлылық танытатынына жүз пайыз сенімдімін.
Сосын мен Бурханға қарап:
- Бурхан мен сен туралы жазамын көресің әлі!
Бурхан аң –таң...
- ...
- Сенің мынау түрің жазуға келіп тұр. Сен екеуміз диалог құрып сөйлесейік. Еш қысылма мен де адаммын. Мен сені тыңдаймын. Тіпті атыңды басқа атпен жазамын.
Ол сәл ойланды. Тағы қарсы болар-ау деп ойладым.
- Әй, Бурхан сен туралы қазақтар оқиды, сен туралы Қазақстан білетін болады...
- Сен үшін осының бәрі маңызды ма?
- Сенің өмірің мен үшін маңызды.
- Онда менің атымды өзгертпейсің!
- Әрине, егер келіссең ертең не арғы күні бастайық!
- Көндірдің-ау мені...
- Мүмкін...
- Саған қалай білмеймін, бірақ бұл ауыр тиюуі мүмкін.
- Солай-ақ болсын!
2 күн өткен соң...
Бурханды тыңдап отырған сәтте көзіме жас үйіріліп, өз-өзімнен қызық әрі ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Тіпті көз жасымды қайда жасырарымды білмедім. Бұл тақырыпты бірінші болып қозғаған мен. Сондықтан Бурханның алдында шыт алып жылауға еш хақым жоқ еді. Барынша сабыр сақтауға бел буып, сулы көзімнен жас шығармадым.
Бурхан мен сені тыңдауға әзірмін, бәрі қалай басталды соған тоқталсаң...
НАТО әскері мемлекетіме 2001 жылы басып кірді.
Далалы, таулы жерлерді есептемегенде әрбір ауған отбасының үйінде терең қазылған окоптар міндетті түрде болатын. Окоп біздің шағын жан сақтайтын баспанамыз еді. Біз қалқалаушы баспананы жаңадан қазбадық, ол бұрыннан бар бола-тұғын. Сол үйреншікті жасырын орынымызға соғыс жағдайларына байланысты оралып отырдық. Менің отбасым және жақындарымыз үнемі соғысқа сақадай сай болдық. Себебі соғыстың күні, сағаты, жылы алдын ала белгіленбейтін. Біздің әрбір күніміз соғыспен арпалысуға жұмсалатын.
Бәрі есімде... Сірә, алты-жетілер шамасындамын. Көзімнің алдында болған оқиғаларды санадан өшіру мүмкін емес. Әйелдер мен кішкентай балалар құран кітаптарын ұстап сол окоптардың ішінде «Бісміллә» деп дұға етіп отыратын. Ол жерден ешкім шықпайтын. Тар алаңшадағы ойынсыз, күлкісіз, кейде тамақсыз өмірді елестетші?! Ересек балалар бізге қорған болуға тырысатын, олар тамақ тасу үшін сыртқа немесе көршілердің үйлеріне шыға алатын. Бірақ олар да 12-15 жас шамасындағы балалар еді. Соғыстың салдарынан бәріміз ерте есейдік. Есейгіміз келмесе де ойын баласы болуды тоқтатуға мәжбүр едік. Басқа амал жоқ...
Отбасың Ауғанстанның қай аймағында тұрады?
Мен Ауғанстанның Түркіменстан аумағымен шекаралас Фарьяб уәлаятына қарасты Маймана қаласы, Пештункут ауданының Галмури ауылында дүниеге келдім. Менің әкем Галмури ауылының үлкені еді. Үлкен дегенде кәрісі емес арбабы(парсы тілінде ауыл басшысы), әрі «Джунбиш» деп аталатын қазіргі جنبش ملی اسلامی افغانستان Ауғанстан ұлттық ислам қозғалысы партиясының белсенді мүшесі болды. Әскери шені - генерал полковник(ډگرجنرال). Ол арасында соғысқа байланысты көп уақытқа созылмайтын жиындар өткізіп тұратын. Әкемді ауылда барлығы тыңдады. Оған қатысты бір оқиғаны кейінірек айтып берермін. Жалпы біз көп ағайындымыз. Сырт елдердерде үш ағайынды жүрміз, қалғаны Ауғанстанда.
НАТО қай бағытты ұстанды?
Мемлекет өз ішінде талибандармен ортақ келісімге келе алмады, азамат соғысы өршігеннің үстіне өрши берді. НАТО әскері мемлекет жағында соғысқанымен, бірақ өз мүддесін бірінші кезекке қойды. Сол жылдары Ауғанстанның халқы бір жерде тұрақтай алмады. Сыртқа қоныс аударушылардан бөлек ішкі қоныс аударулар да жиілеп кеткен еді. Бұл жағдай 2001 жылға дейін де және кейін де жалғаса берді. Елдің батыс пен солтүстік жағындағылар шекаралас Иранға, оңтүстігіндегілер Пәкістан мен Тәжікстанға қашып кетіп жатты. Біз ең алдымен ауылдан-қалаға, қаладан-ауылға, ауылдан-ауылға, тағы да басқа ауылға тағысымен тағы кете бердік. Жиыны сегіз-тоғыз ауылды тасалаған шығармыз.
Осы оқиғалар орын алғанда қандай да бір дайындықтар болды ма?
Бейбіт елдерде тұрып жатқан он екі жасар бала мен Ауғанстанның он екі жасар жас жеткіншегінің өмірін салыстыруға мүлдем келмейді. Олар үшін жақсы жағдай жасалған. Ата-аналар балаларын сабақтан тыс уақыттарында өнер, музыка, сурет, спорт түрлерімен шұғылдануларына мүмкіндік береді.
Он екі жасар Бурханды есіме алсам...қорқыныш сезімі өлген балалық шағымды көремін. Қолыма суық қару алып, алғаш қолдануын үйренгенім, достарыммен соғысқа жаттыққаным бұл – ауған баласы үшін классикалық тірлік болатын.
Саған ауыр тиген жағдай ?
Хижра жыл санауы бойынша 1382 жылдың қысында әкемнің туған ағасының ұлы Талибандардың қолынан қаза тапты. Қаза бәріміздің көз алдымызда орын алды. Құдды фильмдегідей. Сен мұндай оқиғаларды тек экшн-фильмдерден ғана көрген боларсың! Оның қып-қызыл қанды денесі үйдің дәл ортасында еді. Неге екенін білмеймін, ағамның сол күнгі денесін қаннан мен тазалап жудым. Сырттағы қолайсыздықтарға байланысты оның мәйітін екі күн үйде ұстауға тура келді. Ең өкініштісі ақтық сапарға да дұрыс шығара алмағанымыз. Қаза әулетіміздің қабырғасын қайыстырып, ұнжырғасын түсірді. Талибандарды қарғаудан басқа амалымыз қалмады деп ойладық...Ең ауыр тиген осы еді...
Мұның соңы не болды? Үнемі жердің астында жасырындыңдар ма?
Сол күннен кейін әкем қорқынышты адамға айналды. Ашу, ыза, кек адамды қалай өзгертетініне тағы бір мәрте куә болғандаймыз. Біз үшін бұл қалыпты жағдай, сезім де баяғыдай әйткенмен бұл оқиға әкеме ерекше әсер еткені анық. Жерлеуден кейін ес жиып, ашуға мінген әкем арбаб маңайына әскер жинақтай бастады. Бір жамандықтың болатыны сезілсе де, қандай түрі болатынын ешкім болжап байыбына бара алмады.
Арада қанша күн өтті есімде жоқ. Шағын ауылдың тас-талқаны шығарылды. Талибандар мекен еткен ауыл – радикалды топ мүшелері әкемнің әскерінің қолынан қаза тапты. Айтуға ауыр әрине, бірақ естуімше сол күні зорлық-зомбылық іс-әрекеттері көрініс тапқан-мыс. Ызақор әкем асты-үстіне шыққан бейберекет жерде әскерлеріне еркіндік беріп, ойран-асыр салуларына бұйрық берген. Қарғыс атқыр бұл соғыс менің мемлекетімнен біржолға кетпеді...
Осымен бәрі аяқталды ма?...Бурханның әкесі «Қанға - қан, жанға – жан» кек алу принципі толықтай орындалды деп есептеді. Бірақ жеңіс кімдердің тарапында? Белгісіз! Олар үшін жеңіс пен жеңіліс деген не? Жауап жоқ! Жеңісі мен жеңілісі айқындалмаса бұл қандай соғыс деген сұрақ туындайды. Мәртебесі биік жаһандық жиындарда Ауғанстан түйткілі әлі күнге дейін «тоңы жібімей келе жатқан» негізгі тақырып ретінде күн тәртібінен түскен емес. Ауғанстан мәселесі үнемі талқыланады, шешу жолдары ұсынылады. Бірақ өзгеріс жоқ!
Санасы санға, ойы онға бөлінген мемлекеттің мәселесі тек соғыс қана емес...
ЖАЛҒАСЫ БАР
Қауанова Шырын Әділқызы