Стивен Кинг. Тірі қалу

ӘДЕБИЕТ
3934

      Американдық көрнекті жазушы, 1947 жылы туған.

Әдебиеттің триллер, фантастика, мистика, драма, тағы басқа жанрларында кең танылған. 

Ерте ме, кеш пе кез-келген студент-дәрігердің басында: «Жарақатты соққыдан болатын зардаптың ауыртпалығына пациент қанша уақытқа шейін шыдай алуы мүмкін?» - деген сұрақ тумай қоймайды. Оған әр оқытушы әрқалай жауап берсе де, айналып келгенде, бәрінің де уәжі: «Пациент өмір үшін қаншалықты күресе алады?» - деген басқа бір ортақ сұраққа кеп тірелер еді. 

    26 қаңтар.

    Толқын айдап жағалауға шығып қалғаныма екі күн болды. Бүгін таңертең аралды қарап шықтым. Арал дегенім артықтау ма, білмеймін, әйтеуір, ені жүз тоқсан қадам, ең жалпақ жерінен өлшегенде де ұзындығы бір басынан екінші басына дейін бар болғаны екі жүз алпыс жеті қадам екен. Сосын тағы бір байқағаным - мұнда адамға тамақ боларлықтай ешқандай талғажау жоқ.

    Менің атым  Ричард Пайн. Мынау менің күнделігім. Егер мені тауып алғандай болса (қашан?), мен оны оп – оңай құртып жібере саламын. Сіріңкеден тапшылық жоқ. Сіріңке мен героин, шүкір, баршылық. Осының анаусы мен мынаусы үшін де бұл жерге тап болудың, әсілі, керегі жоқ еді, ха – ха... Сонымен, жазуға кіріспекпін. Қалай да уақыт өткізуге ермек қой. 

    Бар шындықты жасырмай түптеп айтсам деймін, - неге өйтпеске? Уақыт жетіп артылады! Ендеше, мен Ричард Пинцетти, сөзімді Нью-Иорктің Кішкентай Италиясында туыппыннан бастайын. Менің әкем мұнда кәрі Еуропадан келген. Өзім оташы болуды армандадым. Әкем сен жындысың деп күлетін де, сосын мені тағы бір стақан шарап әкелуге жұмсайтын. Ол қырық алты жасында рактан өлді. Әкемнің өліміне мен қатты қуандым. 

    Мектепте футбол ойнадым. Бұрын-соңды осында оқығандар ішіндегі ең жақсы футболшы, шайтан алғыр, мен болдым-ау деймін, қорғаныс шебінде жүріп. Соңғы екі жыл бойы қала құрамасының сапында да ойнағам. Футболды бәрібір жек көрдім. Алайда сен итальян тегінен екенсің және колледжге барады екенсің, спорт сенің жалғыз мүмкіндігің. Мен де еріксіз ойнай жүріп, спорттық білімімді ұштадым.

      Құрдастарым колледжде академиялық білім алып жатқанда, мен доп қуалаумен болдым. Болашақ дәрігер дейді-ау мені де біреу. Оқу бітіруіме алты апта қалғанда әкем көз жұмған. Керемет жағдай. Енді ше, дипломымды алу үшін сахнаға шыққанда, төменде отырған семіз шошқаны көруге құмартты ғой дейсіңдер ме мені. Қалай ойлайсыңдар, балыққа қол шатыр керек пе? 

Мен студенттер ұйымына кірдім. Пинцетти деген біреу мүше боп кірген соң, қайбір жақсы ұйым болсын, дегенмен, соншалық мағынасыз, түгі жоқ деп те айтпас едім. 

      Мен мұны неге жазып отырмын. Өйткені қызығы жоқ емес. Жоқ, бұл сөзімді қайтарып алдым. Қызықтың нағыз өзі. Жартас басында ұлы дәрігер Пайн, үстінде пижама дамбал, футбол жейдесі, бір басынан түкірген түкірігі екінші басына былш ете қалатын алақандай аралда өз жеке бас өмірінің шежіресін жазып отырса, қалайша қызық болмайды. Оның үстіне ашпын! Жә, ол маңызды емес. Осы алған бетімнен қайтпаймын, ойға алғанымды қайтсем де жазып шығамын. Құрып кеткенде ас ішу жайын жиі ойламауыма көмектеседі ғой. 

    Мен тегімді Пайн деп медицина колледжіне бармай тұрып-ақ өзгертіп алғанмын. Шешем жүрегімді пәршаладың деді ренжіп. Қайдағы жүрек? Әкем өлген күннің ертеңінде-ақ ол біздің орамның ең шетінде тұратын бақалшы еврейдің қасынан қылмыңдап шықпай қойды емес пе. Өз тегін құрмет тұтатын адам ретінде аты-жөнін Штейнбруннер дегенге оп-оңай алмастыра салып тым асығыстық жасады- ау деп ойлаймын.

      Менің жалғыз арманым оташы болу еді. Мектептегі кезімнен. Сол уақыттың өзінде-ақ әр ойынның алдында қолғап киіп, артынан қолымды жуатынмын.Оташы болғың келсе, қол күтіміне мұқият қарауға тиіссің. Кейбір құрдастарым сол үшін мені мазақ қылатын, шөженің қиысың дейтін. Мен олармен төбелесіп көргем жоқ. Өйткені футболдың өзінде де қауіпті тұстары жеткілікті болатын. Дегенмен, басқаша сылтаулар да табылмай тұрмайды ғой. Әсіресе, өзі еңгезердей, топас, беті безеу-безеу Хоу Плоцки деген мені жиі мазалаушы еді. Азын-аулақ ақшасыз емеспін. Біреулермен біліспін, біреулермен жақын қарым-қатынасым бар дегендей. Көшеде олай-бұлай қаңғалақтап көп жүретін адамға бұл - өте қажет. Кез-келген сүмелек қалай өлетінін біледі. Егер сен мені түсінген болсаң, әңгіме бұл жерде өз басыңды қалай аман алып қалуда болып отыр. Мен де мектептегі Рикки Брацци деген ең күшті жігітке Хоу Плоцкидің аузын жаптырту үшін он доллар бердім. Оның әрбір тісі үшін бір доллардан төлеймін, - дедім ақшаны қолына ұстатып тұрып. Ол маған қағазға оралған оның үш тісін әкеп берді. Хоуды төпелеу оған да оңай соқпаса керек, екі саусағын жаралап - апты, егер осыны мен істесем ғой, қолым не болар еді. Енді түсіндіңдер ме... 

    Медицина колледжіндегі  басқалар жұлым-жұлымы шығып, кафеде жұртқа тамақ тасып, енді біреулері галстук сатып, еден жуып, қара тер боп жүргенде, мен кәдімгідей рахат өмір сүрдім. Футбол, баскетбол тотализаторлары, құмарпаздық ойындар. Ескі достарыммен де бұрынғы жақсы қарым-қатынасымды үзгем жоқ. Қысқасы, колледждегі жағдайым жаман болмады. Әйтсе де нағыз жолым ашылғаны - тәжірибеден өткен кезім дер едім.

    Мен Нью-Йорктің үлкен әскери емханаларының біріне тап болдым да, әуелде тек рецепт бланктерімен жұмыс істедім. Жүз данадан тұратын бумасын достарымның біріне сатамын, ал ол мен әкеп берген үлгімен қырық, әлде елудей дәрігер қолының көшірмесін жасап басады да, көшеге шығып әр данасын он – жиырма доллардан сатады, ақымақтар қашан да, қайда да жеткілікті ғой, талап алып кететін.

    Көп ұзамай дәрі-дәрмектер сақталатын қойманың дұрыс бақыланбайтынына көзім жетті. Қоймаға қанша дәрі-дәрмек түсіп, қаншасы кетіп жатады, ешкімнің шаруасы жоқ. Есірткіні қос қолдап қармап, тасып жүргендер бар. Бірақ мен емеспін. Мен қашан да сақпын. Мені қапыда басу мүмкін емес. Әрине, әбден есіріп, сақтықты ұмытып кетсем керек, бақ тайды. Жә, аяғыма әлі-ақ қайта тұрармын. Ылғи да солай болып келді ғой. 

      Әзірге осымен доғарайын. Қолым шаршады, қарындашым да мұқалды. Нге екенін білмеймін, мазасыздана да беремін. Көп ұзамай біреу-міреу келіп мені алып кетсе екен.

    27 қаңтар.

     Қайықты өткен түні ағыс алып кетті де, аралдың солтүстік мүйісінен он футтай жерде суға батты. Қайдан арқан тапсам екен? Қайық рифке соғылғасын, су түбі швейцар ірімшігіне ұқсады да қалды. Ондағы қажетті дегендерімнің бәрін, әйтеуір, шығарып үлгердім-ау. Төрт галлон су. Іс тігу құралдарын. Дәрі-дәрмек қобдишасын. Басында кеме журналына арналған, қазір менің осы жазбаларымды түсіріп отырған дәптерді де. Күлесің бе, жылайсың ба. Ішінде бір шайнам тамағы жоқ құтқару қайығы дегенді естіп пе едің? Айтпақшы, екі пышағым бар, бірі өтпейді, екіншісі қылпып тұр, қасық пен айыр буданы және бар. Мен бұларды бүгін кешкі тамағымды ішкенде пайдаланбақпын. Жартасты қуырып жегенде, ха-ха... Несі бар, қарындашымды ұштап алдым, ол да жаман емес. 

    Осы бір құс саңғырығымен былғанған жартастар арасынан аман шықсам, бірінші кезекте ісім көлік компаниясымен болады, мен оны сотқа берем. Тек сол үшін ғана өмір сүруге болады ғой. Ал менің өмір сүргім келеді. Сондықтан бұл жерден қалай да кетуге тиіспін. Бұл жағынан басқаша ойлап, қам жемей-ақ қойыңдар. Мен бұл жерден қайтсем де аман шығамын. 

    (кейінірек)

      Мүліктерімнің тізімін жасағанда, Нью-Йорктің көше бағасымен есептегенде, үш жүз елу мың доллар болатын салмағы тура екі кило таза героиным барын ұмытып кетіппін. Ал бұл жерде оның көк тиындық құны жоқ. Қалайша мұны қызық емес дерсің, ха-ха...

    28 қаңтар .

    Тамағымды іштім, егер осы жегенім тамақ деуге татыса. Арал ортасындағы жартастардың біріне шағала кеп қонған. Жартастар ию-қию, құс саңырығымен әбден былғанғаны болмаса, тау шоқысына ұқсайды деуге болады. Тауып алған қайрақ тас қолымның ыңғайына келе кетті, батылым жеткен жерге дейін бұқпантайлап құсқа таядым. Ол жартас жиегіне шоқиып қонып алған, өзінің мөлдір қара көзімен маған қарап қояды. Қарнымның шұрқыры қалай үркітіп жібермегеніне таңмын.

    Күшімнің бар жеткенінше шөкелеген тасым құстың бүйірінен тиді. Шағала шаңқ ете қап, ұшып кетпек еді, мен оның оң қанатын сындырып жіберіппін. Мен қуа жөнелдім, құс секеңдеп қаша жөнелді. Аппақ ақ қауырсындарын қып-қызыл қан жауып кеткенін байқадым. Соның өзінде ол маған көрешекті көрсетті. Ортадағы жартастың қарсы жағына шыққанымда, аяғым тас қуысына кіріп кетіп, енді болмағанда тобығымды шығарып ала жаздадым. 

      Құс біртіндеп шаршай бастады да, мен оны аралдың шығыс бетінде ақыры қолға түсірдім. Шағала суға жетіп, жүзіп кеткісі келіп-ақ еді. Мен құйрығынан ұстай алғанымда, ол қайырыла беріп, тұмсығымен оңдырмай бір шоқыды. Олай болса дедім де, бір қолыммен аяғынан ұстап, екінші қолыммен мойнын бұрап тастадым. Мойын сүйегінің күтірі мені жан рахатына бөледі. Мырза, міне, асыңыз дайын, ха-ха... 

    Мен оны «лагеріме» апардым. Жүнін жұлып, мүшелеп, бұтарламас бұрын, оның тұмсығы сойып кеткен қолымның жарасына иод жақтым. Құстарда микроб дегенің құж-құж, ал қазір маған ешқандай инфекцияның керегі жоқ. 

      Шағалаға өкпем жоқ. Өкінішке қарай, мен оны пісіре алмадым. Бүкіл аралдан не бір тал шөпшек, не толқын айдап әкелген жалғыз тақтай табылсайшы, қайық болса, су астында қалды. Сондықтан шикілей жеуіме тура келген. Асқазаным ұнатпай, сол сәтте-ақ сыртқа шығарып тастамақ еді, мен оған, сені түсінемін, бірақ ондай кірпияздығыңа жол бере алмаймын дедім. Қашан жүрегім айнығаны басылғанша, кері қайт, тыныштал деумен болдым дігерлеп. Осылай ету маған ылғи да көмектеседі.

 Көзіңе елестетші, осы бір көк жасықтың кесірінен тобығымды шығарып ала жаздағаным аздай, ол мені тұмсығымен оңдырмай шоқып та алды емес пе. Ертең осындайдың тағы біреуін ұстасам, алдымен оны біразға дейін жақсылап тұрып қинайтын шығармын. Ал мынаның жанын тез алған өзім, өлімін тездетіп. Жазу жазып отырып-ақ, мен оның аяғым астында домалап жатқан кесілген басын көремін. Өлім келгенін білдіріп қара көздері бозарып кетсе де, маған қарап мысқылдайтын сияқты ма, қалай.

    Қызық, шағалаларда шөкімдей де болса ми бар ма екен? 

Оны жеуге бола ма екен? 

      29 қаңтар.

    Бүгін ас-су жоқ. Бір шағала күжірейген жартасқа жақындау кеп қонған, мен оған алға қарай дәл көздеп «пас» беремін дегенше, ол ұшты да кетті, ха-ха... Сақалым өсе бастады. Қатты қышиды.Егер шағала қайтып келсе, мен оны ұстап алсам, өлтірмес бұрын әуелі көзін ойып тастаймын. 

    Ескертіп қояиын, шебер оташы болғаныма қарамастан олар менің тәжірибе өткізуіме тыйым салды. Қызық, бәрі де сондаймен айналысады, алайда іштерінен біреуі ұстала қалса, қалғандары шетінен ақылман боп шыға келеді. Сонда менің қандай көңіл-күйде болғанымды білсең ғой. 

    Тәжірибеші кезімде көргендерім мен бастан кешкендерім арқасында керемет пысып, өзім де көп ұзамай Парк Авенюден шағын фирма ашып алдым. Қайсыбір «әріптестерім» сияқты бай әкемнің немесе ағайындас қамқоршымның қолдауына сүйенгенім жоқ. Менің жаңа орындағы тәжірибем аяқталғанда, әкемнің кедей-кепшіктерге арналған бейітте жатқанына тоғыз жыл болған. Ал шешем менің қолымнан лицензиямды алып қоярдан бір жыл бұрын көз жұмған еді. 

    Қиындықтар қабаттасқан нағыз жексұрын кез. Мен Ист-Сайдтағы кемі бір оншақты фармацевпен, екі үлкен дәрі-дәрмек жеткізушімен, жиырмадай дәрігермен істес болдым. Мен пациенттерімді соларға жіберемін, олар өздерінікін маған жібереді. Мен ота жасаймын да, жан азабын басатын арнайы дәрілер жазып беремін. Отаның бәрі, әлбетте, соншалық қажетті болғандықтан жасалмайды, бірақ аурудың өзі өтініп сұрап тұрғасын, қайтерсің. Шынында, алдыма келгендердің ішінде рецепт бланкасына қарап: «Бұның маған керегі жоқ», деп айтқан бір де бір ауруды кездестірген жоқпын. Мысалы, 1970 жылы асқазан безіне ота жасадым дейін, менің кеңесім бойынша әлгі адам бес, тіпті он жыл бойы жан азабын басатын дәрі-дәрмекті тоқтаусыз қабылдай береді. Ара-тұра осындай арам қулыққа да барып қойып жүрдім. Түсінемісің, мұндай істе мен жалғыз емеспін. Мұндай іске олардың көбінің еті өліп кеткен. Кейде шағын отаның өзінен де пациент мазасыздыққа ұрынып, ұйқысы қашады. Тәбет үшін деп берген әлдебір дәруменнен кейін, мысалы либриумнан соң, жүйкесі жұқара бастайды. Бәленің бетін қайтару оп-оңай. Түкіргенмен бірдей. Оны мен бермесем, олар бәрібір басқалардан алар еді ғой.

    Ілік тауып салық қызметі Лоуэнтальды -топас өгізді, қырына алады. Бес жылға сотталасың деп қорқытқасын шірік неме оншақты адамның аты-жөнін көрсетіп, сатып жібереді. Олар мені сыртымнан біраз бақылап жүрді де, ұстады, қылмысымның жазасы бес жылдан да асып кеткендей екен. Бірнеше іс, соның ішінде қолдан жасалатын жалған рецепт бланкалары да бар. О бәлені де қоймай жалғастырып жүргенмін ғой, нанға жағылатын майдан кім қашушы еді.

    Қайтейін, білетін біреулерімді жалғанған жіп ұшынан тартып көрдім. Бір екеуін жемдеріңе деп қасқырлардың аузына тастадым. Шынымды айтсам, солардың қайсысын да пәлендей ұната қоймайтынмын. 

      Құдайым-ау, мен керемет ашпын ғой. 

    30 қаңтар.

    Шағалалар көрінбейді. Көкөніс тасушылардың арбасындағы «Бүгін қызанақ жоқ» деген жазу еске түседі. Мен кеудеме жеткенше суға кіріп, қолымда өткір пышақ, шақырайған күн астында бір орында қозғалмастан төрт сағат тұрдым. Екі рет есім ауып қала жаздадым, алайда қашан өзіме-өзім келгенше, санай бердім де, жан сақтадым. Осы уақыт ішінде бір де бір балық көзіме түссейші. Ең болмаса бір соқыр шабақ. 

    31 қаңтар.

    Тағы бір шағала ұстадым, біріншісін қалай өлтірсем, оны да тап солай өлтірдім. Басында жоспарлағанымдай жанын қинап отыруға тым аш едім. Сондықтан боршаладым да жеп алдым. Сосын боғын сығып түсіріп, шек-қарындарын да қылғыттым. Бойыңа күш-қуатың орала бастағанын сезіну біртүрлі қызық. Алдында ғана қатты қорқып кеткем-ді. Өйткені ортадағы дәу жартастың көлеңкесінде жатқанымда құлағыма біреулердің дауыстары келе бастағандай болды ма. Шешемнің. Әкемнің. Бұрынғы әйелімнің. Бәрінен бұрын Сайгонда маған героин сатқан әнебір жексұрын қытайлықтың. Ол сөйлегенде еріндері шылп-шылп ететін, сірә, тілінің ұшы кесілгендіктен сүйтетін болуы керек. 

      "Ау, болсайшы", -деген оның әлдебір қуыстан шыққан даусын естимін. Бір кішкентай ғана мысқалын татып көр.Тамақты да, қарныңның ашқанын да ұмытасың.Оның сондай керемет қасиеті бар...» Мен бұрын қайдағы-жайдағыны аузыма алған емеспін,тіпті ұйқы дәрісін де. 

    Лоуэнталь өзіне-өзі қол салып, өмірмен қоштасқан, айтқан жоқ па едім? Арам өгіз. Бұрын өзінің кабинеті болған жерде асылып өлді. Сүйтіп ол менің топшылауым бойынша, әлем тіршілігі үшін үлкен жақсылық жасады.

      Мен қайтадан тәжірибелік нақты жұмыспен айналысатын дәрігер болғым келді. Жөн біледі деген бір-екеудің тамырын басып ем, мәселені шешуге болады, бірақ өте көп ақша керек десті. Сенің өз ойлағаныңнан да көп ақша, дегенді қосып қойды. Сейфімде қырық мың долларым жатқан. Бақытымды сынап көру үшін соны құрбандыққа шалу керек-ау, әсілі, деген ой келді маған. Содан кейін екі есе, тіпті үш есе етіп көбейтіп алуға болады емес пе. 

    Мен Ронни Ханеллимен кездесуге бардым. Ол екеуміз колледжде бірге футбол ойнағанбыз. Оның кенже інісіне интернатқа орналасу керек болғанда, мен едім көмектескен. Ронни заңгерлікке оқыды, қалай күлмессің. Бәріміз бірге өскен орамда балалар оны Ронни-Басбұзар деп атаушы еді.Ол ойынның, шайбалы хоккейі бар, допты хоккейі бар, барлық түріне төрешілік жасайтын. Егер оның ысқырығы ұнамаса, сенің қалауың онша көп емес, не аузыңа қақпақ қоясың, не тырнағыңды кеміресің. Пуэрторикандықтар оны Ронни-Макароншы деп кемсітетін. Ол соған қатты ызаланатын. Со бала мектепке барды, одан заң колледжіне түсті, қорғаушылық сынақтан да сүрінбей өтті, ақырында біздің орамдағы бардың тура қарсысынан кеңсе ашып алды. Көзімді жұмсам болды, сүттей аппақ «Континенталын» мініп біздің көшемен зулатып өтіп бара жатқанын көремін. Қаладағы ең ірі іскер адам болды. 

   Ронни мен үшін бірдеңе таппай қоймасын жақсы білдім. «Бұл қауіпті, - деді ол. – Алайда ештеңеден тарықпауға қол жеткізе аласың. Егер күйіп кетердей болсаң, мен сені екі жігітпен таныстырып қоямын, біреуі «мемлекеттік уәкіл». Ол екі есімді атады: бірі – Генри Ли Цу еңгезердей қытайлық, екіншісі Солом Нго – вьетнамдық. Қытайлықтың ауық-ауық өнер көрсететіні бар, яғни пластикалық қалташаларды туалет тазартатын ұнтақтармен, крахмалмен, тағы сондайлармен толтырып қояды. Ронни айтқан еді, бұл «өнерін» қоймаса, түбі бір күні басы кесіледі деп. 

    1 ақпан.

    Ұшақ ұшып өтті. Аралдың дәл үстінен. Мен жартасқа шығып, белгі бермек боп жанталасып-ақ бақтым. Аяғым алғашқы құсымды өлтіретін күнгі қуысқа, тура тағы дәл сол жерден шалынды да, ақыры тобығымды сындырып тындым. Бір емес екі жерінен. Ауырғаны сондай, кеудемнен жаным шыға жаздады. Шыңғыра айғайлап, қолымды қанша ербеңдетсем де, денемді ұстай алмай, басым тасқа соғыла құлап, есімнен танып қалдым. Есім кіргенде, қас қарайып кетіпті. Басымның жарақатынан біраз қан ағыпты. Тобығым ісіп, машинаның дөңгелегіндей боп күмпиіп тұр, ол аздай, күн күйдіріп ілбіреген терілерім удай ашып, қол тигізбейді. Егер күн астында енді бір сағат жатсам, денемнің сау-тамтығы қалмайды екен-ау деп үрейлене ойлап қойдым. 

    Осында сүйретіліп жетіп, түннің қалған уақытын суықтан қалшылдап, жарақаттарым сыздап, оған өкінішім қосылып, қорсылдап жылаумен өткіздім. Тура оң жақ самайым үстінен түскен жарақатқа дезинфекция жасап, қолымнан келгенше жақсылап таңып қойған болдым. Ептеп бас терім жыртылған, миым шайқалған, бар болғаны сол-ақ. Бірақ тобығым... Екі жерден оңбай сынған, әлде, үш жерден бе екен.

    Бұл түріммен қалай құс ауламақпын? 

    «Каллас» жолаушы кемесінен аман қалғандарды іздейтін арнаулы ұшақ болуы керек қой. 

    О, Құдай, тобығымның сырқырауын көремісің. 

    2 ақпан.

      Аралдың түстік жағынан, қайық батқан тұсқа жақындау жерден, белгі орнаттым. Оған бір күн уақытым кетті, рас, ара-арасында көлеңкеге жатып, демалып- ап та жүрдім. Десем де екі рет есімнен танып құладым. Өз шамалауымша, салмағымның жиырма бес фунтын жоғалттым-ау деймін, негізінен денемнің сусыздануынан. Есесіне, қазір отырған жерімнен күндіз жазып қойған әріптерім айқын көрінедіі. Қара жартас, аппақ ақ құмның саясында биіктігі төрт фут болатын әріптермен КӨМЕКТЕСІҢДЕР деген жазу оқылады. Келесі ұшақ мені міндетті түрде көруге тиіс.

      Келесі жолы ұшып келетін ұшақ болса, әрине. 

    Аяғым үздіксіз сырқырайды. Ісігі де ұлғайып барады, сынған жерлерінің айналасында бір жаман алашұбар дақтар пайда болды. Олардың да көлемі өсе түсетіндей. Көйлегіммен тартып байлағанда, ауырғаны ептеп басылған сияқтанса да, сірә, ұйықтай алмаспын, оның орнына естен танып жататын шығармын. 

      Мен, бәлкім, аяғымды кесуге тура келе ме деп те ойлай бастадым.

      3 ақпан.

    Тобығымның ісігі ұлғая түсті, шұбар дақтардың көлемі де өсіп барады. Егер ота керек болса, оны жасай алатыныма кәмілмін. Өткір пышағымды залалсыздандыру үшін қажетті сіріңкем, іс құралдарынан ине-жібім де бар. Көйлегімді пәршалап жыртып орау жасаймын. 

    Менің екі кило «ауырғанды басатыным» да бар ғой, әрине, дімкасты жандар үшін жазып беретіндерімдей емес. Егер, қолдары жетсе, олар мұндайды сөзсіз қуана-қуана қолданар еді. Бәстесуге бармын. Көкшулан шашты егде әйелдердің бәрі көңілдерін көтеретінін білсе, дезодранттың өзін иіскеуге бар. Күмәніңіз болмасын!

    4 ақпан.

    Аяғымды кесуге ұйғардым. Төрт күн қатарынан нәр сызғам жоқ. Егер, бұдан әрі кешіксем, ота үстінде аштық пен жарақат соққысынан есім ауып, қансырап өлуім мүмкін. Жағдайым осындай, қаншалықты адам төзгісіз десем де, менің әлі де өмір сүргім келеді. Анатомия сабағында Мокридждің айтқандарын ұмытқам жоқ. Біз оны кәрі Моки дейтінбіз. Ерте ме, кеш пе, -дейтін ол, - кез-келген студент-дәрігердің басында жарақатты соққыдан пайда болатын зардапты ауыртпалыққа пациент қанша уақытқа дейін шыдай алуы мүмкін деген сұрақ тумай қоймайды. Сосын анатомиялық кестелердің үстінен саусақтарын шыртылдатып, бауырды, бүйректі, жүректі, қара бауырды, ішек-қарынды біртіндеп көрсете бастар еді. Мырзалар, -дейді сөзін жалғастырып, -қашан болмасын жауабы: Пациент өмір үшін қаншалықты күресе алады, деген қайтарма сұрақ туғызады. 

    Отаны ойдағыдай жасап шығатыныма сенемін.

    Шын айтамын. Мен мұны, сондай-ақ, болмай қоймасты кешіктіре түсу үшін де жазып отырмын. Расында, осында қалай тап болғаным туралы әңгімемді әлі аяқтаған да жоқпын. Сондықтан, ота сәтсіз өтуі мүмкін-ау дегенді де ескеріп, біржола аяқтап қойғаным дұрыс шығар. Бар болғаны бірнеше минут, күн болса әлі кешкіре қойған жоқ, оның үстіне менің сағатым таңертеңгі тоғыздан тоғыз-ақ минут өтті деп көрсетіп тұр, ха!

    Мен Сайгонға турист деген атпен ұшып шыққам. Қызық, ә? Әрі ұят. Никсон ашқан соғыстың кесіріне қарамастан бұл елге әлі де мыңдаған адам келіп-кетіп жатады. Қалай десек те, қираған машиналардың қаңқасы мен қораздардың төбелесін көргісі келетіндер қашан да табылады екен.

    Қытай досым берген тауарды Нгоға тапсырғанымда, ол осы жолғысының сапасы өте жоғары екен деп мақтау айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұдан төрт ай бұрын Ли Цу кезекті «нөмірін» жасаса керек, көп ұзамай әйелі «аспанға ұшып» кетіпті, «Опель» машинасының от алғышын бұрай бергенде, ұшыпты да кетіпті. Содан бері оның әлгіндей «өнері» сап тыйылса керек.

      Мен Сайгонда үш аптадай бөгеліп, қайтарымда «Каллас» туристік кемесінен тапсырыспен орын алғам-ды, ол мені Сан – Францискоға жеткізіп салуы керек. Бірінші каютама тауарымды алып өту ешқандай қиындық туғызған жоқ. Нго ақша беріп, сатып алып қойған екі кеденші шамаданыма жай көз жүгіртті де қойды. Тауар пакетте еді, олар оған дұрыстап қараған да жоқ. 

    "Американдық кеденнен өту әлдеқайда қиын болады, - деген Нго, - Бірақ ол енді сенің өз мәселең».

    Тауарымды американ кедені арқылы өткізу менің ойымда да жоқ. Ронни Ханелли сүңгуірші жалдап қойған, ол үш мың доллар үшін аса қиын бір жұмыс орындауы керек. Мен онымен Сан-Францискодағы (шамасы, осыдан екі күн бұрын) «Отель Сент-Реджис» деген түнгі баспанада кездесуге тиіс болатынмын. Жоспар былай, тауар герметикалық бәңкеге салынады, оған хронометраж және қызыл бояулы қалбыр бекітіледі. Кеме докқа кірген бойда бәңкені дереу жақтау сыртына лақтыруым керек. 

    Аспаз ба, стюард па, аңғарымпаз, әлде түсінігі кем, әйтеуір, көп сөйлемейтін, аузына берік болса болды, ауызбастырыққа ақшасын төлеп, сондайдың бірін пайдаланбақшы едім, «Каллас» суға батып кетті.

      Неге, қалай болғанын білмеймін. Толқын тұрған, алайда кемеміз мығым, шайқалғанға сыр беретін еместей еді. Айдың жиырма төртінші күні, кешкі сағат сегіздердің кезінде кеменің астыңғы қабатында жарылыс болды. Мен бұл кезде каютамда едім. «Каллас» дереу сол жағына қарай қисая бастады. 

    Адамдар ойбайлап олай-бұлай сенделіп кетті. Бардағы бөтелкелер сөрелерінен домалап құлап, еденге соғылып быт-шыты шығып жатты. Төменгі қабаттан біреу келді теңселе басып. Көйлегі өртеніп кеткен, денесі қып-қызыл. Дыбыс күшейткіштен хабар жетті, круиз басталар алдында үйретілген нұсқау бойынша әркім өзіне белгіленген қайыққа барып орналасулары керек. Жөн-жосықсыз сенделген жолаушыларда ес жоқ. Олардың көбі нұсқау өткізген шараға қатыспаған. Мен көрініп қана қойғам жоқ, ерте келіп, алдыңғы қатарға отырып алып, бәрін көріп, бәрін өз құлағыммен естіп алған едім. Әрдайым солай, басым амандығына қатыстыға қашан да өте мұқиятпын. 

      Каютама келіп, героин пакеттерді қалталарыма тең бөліп салып алдым. Содан кейін нөмірі сегізінші құтқарушы қайыққа қарай бет алдым. Жоғарғы палубаға көтерілгенімше, тағы екі жарылыс болып, онсыз да бір жамбастап қалған кеме онан сайын шоңқая түсті. 

    Жоғарыда ию-қию, бей-берекет. Дәл қасымнан қолтығында кішкентай баласы, қисық, тайғанақ палубаның үстімен қиралаңдай бажылдап, бір әйел жүгіріп өткен. Сол бетінде барып, жақтау шетіндегі тіреуішке соғылды да, кеме сыртына ұшып кетті. Ұшып бара жатып ауада сальто жасап екі рет айналды, үшіншісін жасай бергенде, мен одан көз жазып қалдым.

    Аппақ ақ киімді біреу, беті мен қолын күйік шалып ілбіреп кеткен, ана затқа бір, мына затқа бір соғылып, шыр-шыр етеді: «КӨМЕКТЕСІҢДЕРШІ! МЕН ТҮК КӨРМЕЙ ҚАЛДЫМ! КӨМЕКТЕСІҢДЕРШІ! МЕН ТҮК КӨРМЕЙ ҚАЛДЫМ!»

    Адамдарды жаппай үрей билеп алды, ол жолаушылардан жұқпалы аурудай командаға да тарап үлгерді. Айта кетуім керек, бірінші жарылыс пен «Калластың» суға батып кеткен аралығында бар болғаны жиырма минуттай ғана уақыт өтті білем. Құтқарғыш қайықтың кейбірінің төңірегінде адамдар үйме-жүйме боп, орынға таласып, ойбайласа шыңғырып жатса, кейбірі мүлде бос еді. Менікі де сондай бос қайықтың бірі боп шықты. Менімен қатарласа қан-сөлсіз көнектей бетін безеу басқан бір қарапайым моряк та қайыққа жеткен. «Кел, мына бір шайтан алғыр астауды суға түсірейік, - деді ол көзі алақ-жұлақ етіп. – Сабынсауыт жылпылдап қазір-ақ су түбін қабады». 

    Құтқарғыш қайықты суға түсіру механизмі өте қарапайым, алайда шыжбалаңдаған әлгі әңгүдік өз жағын ғана ағытқандықтан қайық төмен қарай алты футтай сырғып барып, салбырап тұрып қалды, жаманы – арты шошайып, тұмсығы екі фут төменде тұр. 

         Ол жанұшыра айғалай бастағанда, мен көмекке ұмтылғам. Ол түйінді шешуін шешкен-ақ еді, алайда қолы арқан арасында қалып қойып, зырылдаған арқан алақан терісін етімен қоса күл-пәршасын шығарды да жіберді, ол теңізге құлап кетті.

    Мен арқан сатыны түсіріп, өзім де сонымен төмен түстім де, қайықты ілініп тұрған арқан ұшынан босатып алып, есе жөнелдім. Кезінде құмарлық рахатым үшін қайық ессем, қазір ажалдан аман қалу үшін жанталасуыма тура келгені. Өйткені біраз жер тез ұзап кетпесем, «Каллас» суға батқан кезде иірімімен мен мінген қайықты да бірге ала кетуі сөзсіз. 

    Айтқандай, бес минуттан кейін кемені теңіз жұтып қойды. Мен иірімді тұстан шығып үлгере алмадым. Сонда да ескекке бар күшімді салумен болдым, жылжи алмасам да ең болмаса бір орнымда қалайын деп. «Каллас» суға батқанда, тұмсығындағы сүйенішке жармасып, ойбайлап улап-шулап тұрған әлі де біраз адам бар еді. Бишаралар-ай, айнымаған маймылдар. 

    Жел күшейе түсті. Ескегімнің бірін жұлып әкетті, екіншісін сақтап қалдым, әйтеуір. Сол түні мен түс көріп жатқан адамдай едім. Әуелі қайық ішіне жиналған суды сыртқа төгумен болдым, сосын ескекті қолыма алып, қашан кезекті толқын бетіме кеп шапшығанша есе бердім, есе бердім.

    Айдың жиырма төртінші күні таңатар алдында желке тұсымдағы толқындар үлкейіп, жиілей бастады. Қайық алға қарай зымырай жөнелді. Қорқынышты сұмдығы да, қан қыздырған қуанышы да қабаттасқан бұл бір қызық сәт еді. Кенет аяғым астындағы тақтайлар шытырлап сөгіле бастады да, бірақ суға кетіп үлгермеді, қайықты осынау жақпар тастар үйіндісінің үстіне толқын теуіп шығарып тастады. Мен қазір қайда екенімді де білмеймін, қайбір навигатормын, ондайдан түйсігім жоқ, ха-ха!

      Бірақ не істеу керегін білемін. Соңғы мүмкіндігімнің бұдан да ойдағыдай боп өтеріне сенемін. Ылғи да солай болып келді ғой. Қазір протез дегеніңнің небір ыңғайлы түрлерін шығарып жатыр. Демек, бір аяқпен де тәп-тәуір өмір сүруге болады.

    Өзім ойлағандай жақсы оташымын ба, білетін уақыт жетті. Жолың болсын, жігітім. 

      5 ақпан.

    Жасадым.

    Мені, әрине, бәрінен бұрын ауырғаны мазалайды. Ауырғанына шыдаймын-ау, аштық пен ауырғаны қосылып, әлсіреген денем көтере алмай, аяқтаймын дегенше, есімнен танып құлап қаламын ба деп қорқамын. 

    Героин жақсы көмектесті. 

      Пакеттердің бірін аштым да, жалпақ тасқа себілген екі шымшымын мұрныммен қорсылдатып сорып-сорып алдым. Әуелі оң танауыммен, сосын сол танауыммен. Бір ғажайып суық ішіме түсті де, өн бойымды басымнан аяғыма дейін сірестіріп жібергендей болды. Мен героинды күнделіктегі жазуымды аяқтай салысымен қабылдағам. Уақыт тоғыз сағат қырық бес минутты көрсеткен. Бәрін ұмыттым. Бұ пәленің соншалықты кереметтігін бұрын қалай білмегем. Неге оны осы уақытқа дейін жек көріп келгенмін. Ауырғаны, қинағаны, үрей – бәрі жым-жылас, жайбарақатпын, жаным жайланған, бір таусылмас рахат сезім.

    Осындай көтеріңкі көңіл күйінде жүріп ота жасап шықтым. 

    Дегенмен, ауырғаны білінбей қалмады, әсіресе, отаны бастаған кезімде. Бірақ мен оған, қалай десем екен, иә, сырт адамдай, басқа біреудің басында болып жатқандай қарадым. Басқаша айтсам, мазалады да, қызықтырды да. Түсінемісің? Егер, сен, бұрын-соңды морфи тектес күштісін қабылдап көрген болсаң, әрине, түсінесің. Ол ауырғаныңды басып қана қоймайды, санаңды да түбірімен өзгертіп жібереді. Бәрі анық, жайбарақат. Адамдардың оған не үшін отыратынын мен жақсы түсінемін, мұндайды ешқашан татып көрмегендердің «отырады» дегені, әлбетте, тым асыра сілтегендікке жатады. 

    Орта тұсына таман ауырғаны қайта біліне бастады. Есім ауып кетуіне шақ қалып тұрдым. Ақ ұнтақ салынған пакетке мөлиіп қарай бердім, дегенмен, жігерімді қайрап, сырт айналуға күшім жетті. Егер, тағы қабылдасам, есім ауып кеткендей болсам, қансырап қалармын деп қауіптендім. Жүзден бастап кейін қарай санауға кірістім. 

       Қан көп кетіп қалса, жаның мұрын ұшына келді дей бер. Оташы ретінде бұл жағдай маған жақсы таныс. Сондықтан бір де бір тамшысы сыртқа төгілмеуі керек. Ауруханадағы ота кезінде пациент жоғалтқан қанның орнын толтыруға болады. Қазір менің ондай мүмкіндігім жоқ. Менің жоғалтқаным, ота аяқталғанда аяғым астындағы құм қап-қара боп кетті, ағзаларымның ішкі мүмкіндіктері есебінен ғана толыға алады. Ал менің қолымда қазір жабдықтарым да, құралдарым да жоқ. 

      Мен ота жасауға сағат тура он екіден қырық бес минут өткенде кірісіп, сағат бірден елу минут өткенде аяқтадым да, дереу героинның кезекті дозасын қабылдадым. Әлбетте, алғашқымдағыдан көбіректеуін. Ешқандай ауру да, қиналу да жоқ, бір тұманды ұйықтың ішіне ендім де, сағат беске дейін сол жерде болдым. Оянсам, күн кешкіріп көкжиекке келіп қапты, қиялай түскен жалқын сәуле қарсы алдымдағы су бетін белбеулеп алтын жалатқандай жарқыратып жіберген. Мен бұрын-соңды тап мынадай сұлулықты көрмеппін... жаным қиналып ауырғаны осынау ғажайып қас-қағым сәттің өтеуіне ғана болғаны ма. Бір сағаттан кейін, көңілімді кешкі арайдың бар керемет қызығына әбден тойдыру үшін, тағы бір мәрте қабылдадым.

      Қараңғы түскеннен кейін, мен...

      Мен...

    Тоқтай тұр. Төрт күн қатарынан тамақ ішкен жоқпын деп айттым емес пе мен саған? Бойымнан құрып бара жатқан әл-қуаттың орнын тек өз ағзаларым ғана толтыра алады демедім бе? Оның үстіне аман қалу-қалмауың аман қалсам дейтін ішкі қуатыңа байланысты болады деп те қайта-қайта ескерттім емес пе? Өмір үшін жанталаса алсаң ғана дедім ғой. Менің орнымда сен болсаң да осыны істер едің деп, өтірік айтқым келмейді.Біріншіден, сен сөз жоқ, оташы емессің. Тіпті ампутациядан хабарың болған күннің өзінде, сен бәрібір бүлдірер едің де, ақыры қансырап жатып өлер едің. Жарайды, ота мен жарақат соққысынан аман өттің дейік, тозығы жеткен түсінік-ұғымдармен тығындалған басыңа маған келгендей жарқын ой саған бәрібір келмес еді. Қойдым. Ешкім білмей-ақ қойсын. Осы аралдан кетер алдындағы менің ең соңғы жұмысым, күнделігімнің көзін құрту болатынын ескертіп қойғым келеді.

      Мен өте сақ адаммын. 

    Тамағымды жемес бұрын, қолымды мұқият тазартып жудым. 

    7 ақпан.

    Аяғымның кесілген жері қатты ауырады, ауық-ауық естен тандырардай сыздайды. Алайда жазыла бастағандықтың белгісі саналатын тері астының қышуы одан да жаман. Мен бұрынғы пациенттерімнің тері астының қышуынан көрген азаптары туралы сарнап айтатын арыздарын есіме алдым. Сонда мен ертең жақсы боп кетеді деуші едім, бұ не деген қорқақтар, заржақтар, шешелерінің етегіне оралып, шыға алмай жүрген аяншақ ездер ғой деп ішімнен мырс-мырс күлетінмін. Оларды қазір ғана түсініп отырмын. Молақ аяқтың басындағы орауын алып тастап, жұп-жұмсақ еттің қуыс-қуысына саусақтарымды тығып жіберіп, құм бетіне сорғалаған қанына қарамастан, қотырларын қасып түсіріп тастасам – ау деп бірнеше рет оқталдым. Бәріне дайынмын, бәрін істеймін, тек мынау жан шыдатпас қышудан құтылсам болғаны деп ойладым. 

      Мұндай минуттарда жүзден бастап кері санап, героин иіскейтін болдым.

      Неше рет қабылдағанымды білмеймін, әйтеуір, отадан кейін ылғи да ағаш сияқты сіресіп қалатынымды байқаймын. Аштықтың үнін өшіреді. Тамақ ішу жайы есімде еміс-еміс қана қылаң береді. Яғни қарным кейде ақырын шұрр ете қалады. Ондайға көңіл бөліп те жатпаймын. Бірақ, олай ету дұрыс емес. Героинда калория жоқ. Мен олай-бұлай еңбектеп қуатымның қауқарын байқап көремін. Құрып барады.

    Құдайым-ай, сенейінші, жоқ, әлде... тағы бір ота жасауым керек пе. 

      (кейінірек)

      Арал үстінен тағы бір ұшақ ұшып өтті. Одан бірдеңе болады деуге тым биіктен көрінді. Артында қалған ақ жолақ ізі демесең. Сонда да қолымды бұлғап-ақ бақтым. Қолымды бұлғап, айғайды салдым. Ол көрінбей кеткен соң, өкіріп тұрып жыладым. 

      Қас қарайды, айнала-маңайдан түк көрінбейді. Тамақ. Мен тамақтың түр-түрі жайында ойлана бастадым. Сарымсақты нан. Ұлулар. Су шаяны. Семіз қой қабырғасы. Қақталған балапан тауық. Торттың үлкен кесегі, сосын қолдан жасалған балмұздақ. Семга, қақталған сиыр еті, ананас, жуа жапырақтарымен. Жуа тұздығы бар, қарылған картоп үстінен салынған француздық қуырдақ, тәттілігі өз саусағыңды өзің қоса жеп қойғандайсың.

    Жүз, тоқсан тоғыз, тоқсан сегіз, тоқсан жеті, тоқсан алты, тоқсан бес, тоқсан төрт... 

      О Құдайым, құдайым-ай, құдайым... 

    8 ақпан

    Бүгін жартасқа тағы бір шағала келіп қонды. Үлкен, семіз. Мен лагерім атап кеткен жерде, молақ аяғымды тас үстіне қойып, жартас көлеңкесінде отырғам. Шағалаға көзім түскен бойда, Павлов иті құсап, аузымның сілекейі шұбырып қоя берді. Жас баладай езуімнен сілекейімді ағызып отырдым да қойдым. Шарасыз жас баладай. 

      Қолыма ыңғайлы келген қомақтылау қайрақ тас алып, құсқа қарай жылжи бастадым. Осыдан бірдеңе шығатынына үмітім жоқ. Бірақ тәуекел жасауға да тиіспін. Егер, ұстасам, мынадай бетпақ, семіз құстың арқасында екінші ота жасау ойымды белгісіз бір мерзімдерге кейін шегере тұруыма болар еді. Еңбектеп келемін. Молақ аяғым тасқа соғылып қалғанда, ауырғаны бүкіл денемді жайлап өтеді. Мына құс қашан ұшып кетеді деп те күткендеймін. 

      Ұшуға асығар емес. Әскеріне сап түзетіп жатқан әлдебір авиация генералы құсап, кеудесін керіп, олай-былай кердеңдейді. Ара-арасында түймедей түйілген жексұрын көзімен маған кенет қарай қалады, мен қалт тоқтаймын да, қимылдамауға тырысып, іштей кері санауымды бастап, ол кердеңдеп қайта жүріп кеткенше, санауымды тоқтатпаймын. Ол ұшқысы келгендей қанатын жая бастаса болды, денем тас боп мұздап қоя береді. Езуімнен аққан сілекейде тоқтам жоқ. Шарасыз жас баладаймын.

      Құсқа қарай бұқпантайлап қанша уақыт еңбектегенімді білмеймін. Бір сағат? Әлде, екі? Жақындаған сайын соғұрлым жүрегім соғысы жиілеп, шағаласы құрғыр да сондай тартымды боп көрінеді. Ол мені әдейі мазақ қып жүр, ұмтылар тұсқа келгенде, ұшып кетеді деп те ойлаймын. Қол-аяғым дірілдей бастады. Аузым кеуіп кетті. Молақ аяғым жанымды кеудемнен жұлып алардай сыздайды. Ломкам басталды ма деген де жаман ой келеді. Қалай тез? Героин қабылдай бастағаныма әлі бір апта да болған жоқ?!

    Жә, ол маңызды емес. Мен оған мұқтажбын. Ол менде әлі де көп, өте көп. Кейін, Штаттарға оралған соң, емделу курсынан өтуім керек болса, Калифорниядағы ең жақсы клиниканы таңдаймын да, қуана-қуана жатамын. Демек, бұл қазір мен үшін мәселе емес, солай ғой? 

      Ұмтылатындай тұсқа жақындап келсем де, таспен ұруға асықпадым. Неге екенін білмеймін, тасым мүлт кетеді деген жасық ой көкейімде тұрды да алды. Әлде де жақындай түскенім абзал деймін. Қолымда тас, басымды кекжитіп, еңбектей жылжып келемін, онсыз да әлсіз денемді ауырлатып денемді тер жауып кетті. Тістерім шіри бастаған, бұрын айтпап па едім? Егер, мен ырымшыл адам болсам, бұған себеп, менің оны жеп...

    Тағы тоқтадым. Бұған дейінгі шағалалармен салыстырғанда, ең жақын жердемін. Бірақ әлі де бір шешімге келе алар емеспін. Алақанымдағы тасты қыса-қыса саусақтарымды ауырттым, бірақ лақтыруға дәтім барар емес. Өйткені, егер мүлт кетсем, алда мені не күтетінін өте жақсы білемін ғой. 

    Бүкіл тауарды түгел пайдаланып қойсам да мейлі, түкірдім. Олар мені бәрібір ұстай алмайды. Қалған жерде майға жүзген ірімшіктей боп рахат өмір сүремін. Ұзақ, өте ұзақ ғұмыр кешемін.

    Қолымда тасым, дәл жанына дейін баратын ба едім, егер, ол ақыры, жартастан сырғып кетпегенде. Жақын барып, өз қолыммен буындырып өлтірер ме едім. Ал ол қанатын жайып, ұшты да кетті. Мен айғайды сап, тіземді тірей шоқиып, бойымдағы бар күшіммен қолымдағы тасты артынан көздеп жіберіп кеп қалдым. Тигіздім! 

    Шаңқ ете қалған шағала жартастың қарсы бетіне қарай құлады. Бірдеңені былдырлап, әрі күле жүріп, молақ аяғымның ауырғанын сезбестен, төбеге шықтым да, арғы ойына қарай құлдай бастадым. Тепе-теңдігімді жоғалтып, басымды соғып та алдым. Асықтай боп ісіп кеткеніне қарамастан мен оны басында байқамаппын да. Ол сәтте мен құстан басқа, оны ұстасам дегеннен басқа ештеңе ойлағам жоқ. Тура қанаты астынан дәл тигізу, не деген керемет жеңіс! 

Шағала сынған қанатын сүйретіп, ақсаңдай басып жиекке қарай ұмтылды. Бауыр тұсы қан-қан. Артынан түсіп, қолымнан келгенше тезірек қимылдауға тырысам, бірақ ол менен гөрі жылдамырақ қимылдайды. Мүгедектердің бәсекесі! Ха-ха! Мен оны ендігі ұстап та алатын едім, арамыз жақындап-ақ қалған-ды, әттең, қолым. Қолымның маған керек болатын жері көп қой. Десем де, қанша сақ қимылдағаныма қарамастан, жағаға жеткенімізде, алақандарым жырым-жырым еді. Ол аздай, тастың қырына тигізіп, сағатымды да сындырып алдым.

    Шағала суға жетіп шылп етті, мен есім шыға айғайлап, қолымды соза тап бергем. Қолымда бірнеше тал құйрық қауырсыны қалды. Сол екпінмен құлап, еріксіз су жұтып, тұншығып та қала жаздадым. 

    Ары жылжыдым. Тіпті құс артынан ілесіп жүзбек те болдым. Аяғымның кесілген жеріне таңылған орауы шешіліп кетті, Мен бата бастадым. Әупірімдеп жағаға шықтым, жарам сыздап жанымды қоярға жер таппай безілдеймін, шайтан алғыр жаман құсты қарғап-сілеп аузыма келгенді айтып балағаттап та қоямын, әбден қажып қуаты біткен денемді игере алмай қалш-қалш етемін. Құс болса су бетінде қалтқыдай қылтылдайды, ақырын біртіндеп ұзай түседі. Тіпті мен оған кері қайт деп жалындым да ғой деймін. Сол қалпымен рифке жеткенше, ол өліп те қалды білем. 

      Қандай әділетсіздік. 

      Лагеріме қайтып оралғанымша бір сағат уақытым кетті. Дозасын үлкейтіп героин қабылдадым, сонда да шағалаға деген ашуым көпке дейін тарқаған жоқ. Мен оны ұстай алмайды екем, ендеше неге мені әжуалайды. Неге бірден ұшып кете салмайды?

      9 ақпан.

    Мен өзімнің сол аяғыма ота жасадым да, санымның молақ басын шалбарымның шүберегімен таңып тастадым. Ота кезінде езуімнен аққан сілекей бір тыйылған жоқ. Шұбырды да тұрды. Тура шағаланы көргендегідей, босқа шұбырды да тұрды. Бірақ мен өзімді кешке шейін шыдай тұруға мәжбүрледім. Жүзден бастап кейін қарай санай бастадым... Жиырма, әлде отыз рет. Ха! Ха! 

    Ал сосын...

    Мен іштей сөзімді өзіме арнап қайталай бердім: Қуырылған салқын ет. Қуырылған салқын ет. Қуырылған салқын ет. 

      11 ақпан (?)

    Соңғы екі күн бойы толассыз жауын. Қатты жел. Орталық жартастың басынан бірнеше қойтасты орнынан жылжыта алған едім, ін пайда болды да, ішіне кіріп алдым. Қолыма бір кішкентай өрмекші іліне кеткені, ол қашам дегенше, екі саусағым арасына қыстырылып қалған күйінде, аузыма әкеп жұта салдым. Семіз, дәмді екен. Жоғарыдағы дәу тас құлап кетіп, басып қалмай ма деп те ойладым. Ә, мәйлі. 

    Дауылды тас іннің ішінде жатып өткізгем. Жаңбыр екі күн емес, үш күн жауды ма екен. Бір-ақ күн жаууы да мүмкін-ау. Алайда маған қараңғылық екі рет ауысқан сияқты болғандай еді. Маған ес жоғалтқаным ұнайды. Ауырғанды да, қышығанды да сезбейсің. Аман қалатынымды білемін. Менің басымдағыдай сұмдықтарды адам баласы жайдан-жай көре салмауы керек шығар. 

    Бала кезімде шіркеуге баратынмын, қыртпыш священник тозақ пен адамдардың күнәсі туралы әңгімені жиі айтатын. Өйткені сүйікті тақырыбы ғой. Ауыр күнәдан тазару мүмкін емес. Оның көзқарасының басты түйіні осы еді. Өткен түні ол менің түсіме кірді. Хэйли әкейдің үстінде қара шапан, танауы астында қырбық мұрты жыбырлап, қолын шошайтып: «Ұят емес пе саған, Ричард Пинцетти,.. ауыр күнәға баттың... қарғыс алған баласың... мәңгі қарғыс алғансың...»

    Мен оған қарап қарқылдап тұрып күлдім. Егер, мынау тозақ болмаса, тозағың қайсы сондағы? Жалғыз ғана ауыр күнә – ол сенің өз еркіңмен берілген кезің. 

    Уақытымның тең жартысын героинның ықпалында өткіземін. Қалған жартысында жарамның ауырғанын, қотырымның қышығанын сезіп, қиналамын. Және бұл бәлекеттер сыз әсерімен күшейе де түседі екен. 

      Бірақ мен берілмеймін. Ант етейін. Қайтсем де берілмеймін. Осы көрген азаптарымның бәрі босқа кетуі тиіс емес қой. 

    12 ақпан.

    Күн ашылды, шуақты күн. Қазір ғой менің достарым бір жерде қызыл сөзді сапырып гуілдесіп отыр. 

      Мен үшін сәтті күн болды, егер, бұл аралда да ондайдың болуы мүмкін-ау деп есептесек. Ауа райы бұзылып тұрғанда басталған безгегім, байқаймын, басылған сияқты. Інімнен қалш-қалш етіп сүйретіліп шыққанда, әлсіз едім, ыстық құмда екі-үш сағаттай аунап жатқан соң, кәдуілгідей ширап, өзімді адам сияқты сезініп қалдым.

    Аралдың оңтүстік жағалауына дейін еңбектеп бардым, толқын шығарып тастаған бірнеше ағаш, сосын өзім мінген қайықтың бірнеше тақтайын жинап алдым. Кейбірін шылау басып кетіпті. Мен оларды қырып, жеп алдым. Сұмдық жиіркенішті. Синтетикадан жасалған пердені жегенмен бірдей. Соған қарамастан бұл күні мен өзімді бірсыдырғы жақсы сезіндім. 

    Ағаштарды судан алысырақ сүйреп әкеп, кепсін деп бір жерге үйіп қойдым. Су өтпейтін қорапқа салынған сіріңкелерімді тастамай жүргем. Егер мені іздеп қалғандай болса, белгі беріп алау жағу үшін. Ондайдың реті келмесе, ас дайындаймын. Ал қазір ұйықтағалы отырмын

      13 ақпан.

      Шаян тауып алдым. Өлтіріп, отқа қақтап жедім. Бүгінгі кеште мен Құдайдың барына сендім десем болады.

    14 ақп

      Бүгін таңертең байқадым, менің көмекке шақырып жазған жазуларым бар қой тастардың көбін су шайып кетіпті. Дауыл басылған... үш күн бұрын? Шынымен, осы күндерде басым айналып түк сезбегенмін бе? Дозаны азайтсам ба, ойланбай болмас. Өстіп басым айналып түк сезбей жүргенде, дәл жанымнан кеме өтіп кетсе ше? 

      Мен әріптерді қайта орналастырдым, бұл жұмыс менің бір күн уақытымды алды, қазір сілікпем шыға қатты шаршап отырмын. Алғаш шаян ұстаған жерімнен тағы барып іздегем, ештеңе таппадым. Тастан әріп жасап жүріп қолымды жаралап алған едім, шаршағаныма қарамастан, иод жағып залалсыздандырып қойдым. Мен қолдарымның күтімін ұмытпауым керек. Ешқандай қиындықтарға қарамастан. 

    15 ақп

    Жартас басына шағала қонды.Мен ұмтылатындай жерге жетемін дегенше, қайта ұшып кетті. Мен оны ойша тозаққа аттандырдым, өмір бақи Хэйли әкенің көзін үздіксіз шоқып отыруы үшін.

    Ха! Ха!

      Ха! Ха!

      Ха

    17 ақп (?)

    Оң аяғымды тіземе дейін кесуін кесіп алдым, бірақ көп қан жоғалттым. 

      Героинға қарамастан ауырғаны үдеп барады. Менің орнымда әйеншектеу біреу болса, жарақат ұшығуынан ендігі баяғыда өліп қалар ма еді. Сұраққа сұрақпен жауап беруіме мархабат етіңіз: Пациент өмір үшін қаншалықты күресе алады? Пациент қаншалықты құштарлықпен өмір сүргісі келеді?

    Қолдарым қалтырайды. Егер, қолдарымнан әл кетсе, мені құрыды дей беріңдер. Алайда қолдарым менің үмітімді үзуге тиісті емес. Өйтуге құқылары жоқ. Мен қолдарымды өмір бойы аялап күттім. Олай болса, менен сырт айналамыз дегенді қойсын. Әйтпесе, өкінетін болады.

    Бір тәуірі мен аш емеспін. Қайықтан қалған тақтайдың біреуі ортасынан қақ бөлінген. Бір басы үшкір. Мен оған шаныштым... Сілекейлерім шұбырып, мазам кетсе де шыдадым. Содан кейін ет... туралы ойладым... ірі-ірі етіп туралған, мангалда шыжғырылып жатыр... Лонг Айленде Уилл Хаммерсмиттің үлкен ауласы болды, шошқаны тұтасымен үйіткендей де мүмкіндігі бар еді. Кешкі алакеугімде тепсеңде отырып, қолымызда шарап толы бір-бір стақан, оташылық кәсіп, гольф туралы, тағы бірдеңелер төңірегінде әңгіме соғатынбыз. Желпінген желмен бірге үйітіліп жатқан шошқа етінің жұпар иісі танауымызды қытықтайтын. Қуырылған шошқа етінің жұпар иісі, шайтан алғыр. 

    Ақп (?)

      Екінші аяғымды да тіземе дейін кесіп алдым. Күні бойы қалғыдым да жүрдім. «Доктор, осы отаны жасау соншалықты қажет пе еді?» Ха-ха. Қолдарым шалдан жаман селкілдейді. Мен қолдарымды жек көремін. Тырнақтарымның асты қан-қан. Оңбағандар. Медицина колледжіндегі ашық қарны жарқырап тұратын тұлып есіңде ме? Мен соған ұқсап қалдым-ау деймін. Бірақ мен ештеңесіне де қарағым келмейді. Мейлі, қалай айналдырсаң да. Ол жерде Дом көкенің не айтқандарын ұмытқам жоқ. Көше бұрышында бізге жақындап келіп, үстінде клубқа киетін пенжагі, билеп-билеп алады. Біз оған сұрақ қоямыз: ана бикешпен өткізген түнің қалай болды? Дом жауап береді, олай да емес, былай да емес, ештеңе ұқпайсың. Қайран Дом. Өзімнің көшемде, ескі достарымның ортасында қала беруім керек еді ғой. 

    Дұрыс емделіп, жақсы протездерге мінсем, су жаңа боп шығатыныма сенемін. Мен қайтып барамын, сосын оларға: «Міне, қай жерде болғанымды біліңдер», деймін.

    Хахаха!

    23 ақпан (?)

  Өлі балық тауып алдым. Борсып, сасып кеткен. Сонда да жеп қойдым. Құсқым келген, бірақ ондайға жол берем бе. Мен өлмеймін. Кешкі арай қандай әйбат еді.

    Ақпан

    Батылым барар емес, бірақ мен оны істеуім керек. Алайда, сан етімдегі күре тамырдың қанын тоқтата аламын ба? Бұл жерде ол тура үңірейген ін сияқты тым жуан.

    Бәрібір соны істеуім керек. Қалай да. Санымның кесілетін тұстарын белгілеп қойдым. Ең етті жерінен. Міне, осы қолымдағы қарындашпен сыздым.

      Сілекейім шұбырғаны тыйылса жақсы болар еді.

    Ақ

      Сен... еңбегің сіңді... тынығу... бүгін... кешікпеййй... тұрасың да барасың...  "Макдональдсқа"... екі жұмыр ет... тұздық... салат... тұздалған қияр... жуа... бәлішпен... құнжыт дәні себілген... 

    Ля... ляля... трааляля...

    Ақпа

      Бүгін мен су бетінен шағылысқан түрімді көрдім. Көн терімен қапталған қубас. Қызық, есімнен адасқан жоқпын ба? Солай-ау. Мен құбыжыққа, азғынға айналдым. Кіндіктен төмен түгім қалған жоқ. Кеудеге бекітілген қубас, шынтақтың көмегімен құм үстінде сүйретіліп жүр. Нағыз құбыжық. Шаян. Мүшеленген шаян. Айтпақшы, оларды қазір солай деп те атайды-ау деймін. Эй, жігітім, бақытсыз теңіз шаянына берер центің жоқ па? 

      Хахахаха

    Адам дегеніміз, ол не жесе, соның өзі деседі. Шынымен солай болса, онда несі бар, МЕН ТҮК ТЕ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚПЫН! О Құдайым, жарақатты соққы, жарақатты соққы, ЕШҚАНДАЙ ДА ЖАРАҚАТТЫ СОҚҚЫ ДЕГЕН АТЫМЕН ЖОҚ.  

    ХА

    Ақ/40?

    Түсімде әкемді көрдім. Ол ішіп алғанда, ағылшынша бір сөз айтуға да тілі келмей қалатын. Негізі, айтатындай да ештеңесі болмайтын. Алжасқан топас. Сендей алжыған топастың үйінен кеткеніме мен қатты қуанғам, әкетайым. Осындай қадамға баратынымды алдын-ала білгенмін. Ақыры кеттім ғой, солай емес пе? Қолыммен жорғалап.

      Қолдарым үшін кесетін де түк қалған жоқ. Кеше құлақтарымды кесіп алғанмын.

      Сол қолым оң қолымды жуады, ал сенің сол қолың оң қолыңның не істейтінін білмей-ақ қойсын, бір, екі, үш, төрт, бес, көжек шықты серуендеп 

    хахаха.

      Ана қолыңнан мына қолыңның не айырмашылығы бар. Ет жақсы тамақ, о Құдайым, сен қашан да мейірімдісің, рахмет. 

    Саусақтың дәмі кәдуілгі саусақтың дәмі, бәлендей ештеңесі жоқ... 

                                                                           Аударған Өтен Ахмет


author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...